Құрметті осы мақаланы оқушылар!

Мақала алдында, Сіздерге осы сайттағы  ауылдық округтері туралы  жарияланған ( алда жарияланатын) деректік мақалалар «авторлық емес» екенін ескертеміз! Олар, ауданымыздың 80-жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл округтерінен  жинақталған материалдарды негізге алып,  бүгінгі ауыл мамандарының толықтыруларымен  құрастырылып отыр.

  Осыған орай, егер мақала деректерінде қателіктер кетіп жатса, оны жедел түзеуге дайынбыз!  Ал, оған жеке бір адамдардың есімдері (лайықты саналатын болса) әртүрлі себептермен кірмеген болса, сол жөніндегі кінә қоюшылықты (претензияларды) сайт иелері өзіне еш қабылдамайды!  Бірақ, соның өзінде, мақалаға ондай азаматтар туралы деректерді  қосымша енгізіп, оны толықтыруға әбден болады. Яғни, солай қажет деп санасаңыздар,  деректер жазбасын (ауылға сіңірген еңбектерін, марапаттарын көрсетіп), ауыл округі әкімдігі мамандары  арқылы, немесе осы сайттағы  эл.адреске тікелей жіберулеріңізге болады!

Егінсу ауылдық округі, Ақсу ауданы

 

  Ауылдық округі құрамына  Егінсу ауылы мен  Құмтөбе темір жол разъезі кіреді.  Жер  көлемі — 0,9 мың шаршы шақырым.  Халық саны- 700-ге жуық.  Округ  орталығы -  Егінсу ауылы.

 Округте  1 орта мектеп, «Күншуақ» балабақшасы, ауылдық кітапхана, учаскелік полиция пункті, ауылдық фельдшерлік пункт, малдәрігерлік пункт және  2 сауда дүкені халыққа қызмет етеді.

  Пайдаланылып жүрген ауыл шаруашылық жері 31,0 мың га, негізінен жайылым болып келеді.   Мал  шаруашылығы  бойынша   ірі  қара,  жылқы,  қой-ешкі  және  құстар өсірумен айналысады.

 

Құмды дала. Табиғат көріністері

  Егінсу ауылы ауданның солтүстік-батысында, аудан орталығынан  97 шақырым жерде Құрөзек өзенінің жағалауында орналасқан. Егінсу аумағы шөл, шөлейтті болып келеді. Климаты континенталды, жазы ыстық, қысы суық, аязды келеді, қар қалың түспейді. Көктем айларында қар суы кең жайылып, ояң жерлерде шабындық шалғын шөптің қаулап өсуіне жағдай туады. Шағыл-шағыл құм арасы құрғақшылыққа төзімді сексеуіл, тораңғы, жиде, шеңгел, жыңғыл сияқты бұтақты ағаштарға бай. Жазық жерлер мен ойдым-ойдым саздауыт ойпаттар еркек шөп, теріскен, ран, көкпек, изен-жусан, көк шалғынды...

  Солай дегенмен шағыл-шағыл жалаңбас құм төбешіктер қыс айларында ашық жататындықтан мал отарлауға қолайлы. Даласы елік, ақ бөкен, қара құйрық, жабайы шошқа, қоян, сары шұнақ, тағы басқа аңдарға, қырғауыл, шіл, қаз-үйрек сияқты құстарға бай. Сондықтан ел арасында “бұта түбі — бір асым ет” деген мақал қалған. Ертеде бұл жерлерде құлан, жолбарыс болғанын аңыз етеді. Бәрі жойылып біткен.

Құмды дала. Табиғат көріністері

 

  Егінсу ауылының іргесі 1930 жылы Түрксіб салынған кезде қаланып, теміржол бекеті болып қалыптасқан. Сібірден ағаш тасылып, жұмысшылар станса кеңсесін, 3 жатақ үй, су жинайтын мұнара салады. 1929 жылы  қамыс зауыты құрылып, ол 1937 жылға  дейін жұмыс жасады, директоры Керімқұл Есеболатов болған.

  1946—1956 жылдары Қытайдан Қорғас кедені арқылы Егінсуға қойлар әкелініп, осы жерден эшалондарға тиеліп, Семейдің ет комбинатына жіберіліп отырған. Егінсу бөлімшесінің басшылығы Жаркентте болған. Қытайдан қой алу тоқтаған соң, 1956 жылдан  бастап бөлімше мал азығын дайындаумен айналысып, Байкал жағалауы аймағындағы Мәскеуге қарайтын кеңшарларға тайланған шөптерді вагонға тиеп жіберіп тұрған. Шағындау мал өсіретін 50-60 жұмысшы ұстаған. 1976 жылы  Мәскеудің «Скотоимпорт» бірлестігінің бұйрығымен Егінсу ауылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы министірлігі қарамағына берілді.

  Сол уақыттан бастап ұжым Егінсу қой шаруашылығы болып аталды. Кеңшарда 18 мың бас қой, 200 ірі қара және 150 жылқы өсірілді. 1983 жылы  30 мың бас қой-ешкі, 1 мың  ірі қара, 600 жылқы болды. Жұмысшылар саны 300-ге жетті. Үйлер салынып, ауыл көркейіп үлкейді.

  1956—1976 жылдары  шаруашылықты Мәскеу арқылы тағайындалған Мичугин Н.И, Кузьмин Н.Ф, ФименовН.А, Морозов В.М. басқарды. 1976 – 1996 жылдары  Ысқақов Ғ.А, Рахимов А.Т. Нұрашев С.Н, Төлеуов С.Д, Қойбағаров Р.Ж. директор болды.

Қойбағаров Ж, Шотбаев Ж, Жанкөтов Н, Ахметжанов К, Құсмолданов Т, Махметов Н, Ақбұзанов Б, Жапабаев Б, Биболдинов Т, Маубасов С, Дулатбаев Н, Ертұраров Ж, Упенов Ж, Мұхметов О, Дауытбеков М. алдыңғы қатарлы шопандар болды. 1984 жылы  аға шопан Құрманғалиев Д. әр жүз саулықтан 160 қозы ергізіп, «Құрмет белгісі» ордені мен сыйға «Волга» автокөлігін  алды.  Байтұрғанов Бөгембай, Чернобровин Михаил, Ержікенов Ғали, Абдрахманов Қожахмет, Аханов Төлеубай, Ахметжанов Жаңабай, Қазыкенов Уәли, Лекеров Мұрат – озат механизаторлар. 1996 жылы жекешелендіруге байланысты кеңшар тарап, онда жұмыс істеген еңбеккерлер жеке үлестерін алып, шаруа қожалықтарына айналды.

  Түрксіб теміржолының ірге тасын қаласқан алғашқы теміржолшылар Каметов Аманжол, Рахимберлинов Әубәкір -Ленин және «Қызыл Ту» ордендерімен, Тұрысбеков Былшық — Ленин орденімен марапатталған. Биболатов Сейтқали, Серікбаев Қалқай, Елшімбаев Есіркеп, Рыскелдинов Емберген, Қуатов Сейсембай, Орақбаев Қасен, Жақаев Садақбай, Ошақбаев Қанабек, Толықбаев Тұлымбай, Смаилов Айт, Қалиев Шалқарбай, Чабдарбаев Қабдолда, Тұрлыбеков Рамазан, т.б. зейнеткерлікке шыққанша теміржолда жемісті еңбек етті. Теміржолшылар, еңбек ардагерлері Утетляев Базарғали, Берлікенов Мұхаметкәрім, Қожахметов Асылбек, Мадығалиев Қожахан, Бейсембеков Садуақас, Көпбаев Дүсембі, Жұмағалиев Хасен, Тілесов Бақыш, Молдағұмарова Ұлтай, Екейбаева Қатипа, Акишев Күнболат, Еменов Нұрмұхамет, Еменова Ментай, Ерболғанов Райхан, Есхожанов Алға, Бекенов Болат, Қанғайбаева Мантай, т.б. да абыройлы еңбек етіп, елдің құрметіне ие болды.

 Бүгіндері  Егінсу ауылдық округінде Егінсу станциясы мекемесі, ШЧ-32 мекемесі, ПЧ-44, СЧ, ЧЧ; Ірілендірген Ақтоғай жол дистанциясы және вагон дөңгелектерін  тексеру (ВЧД-25) мекемелері жұмыс істейді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ауылдағы «Өтебай» шаруа қожалығының басшысы (Үпі Берік Жұмақанұлы)  2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 10млн теңге көлемінде несие алып, мал басын көбейтіп отыр.

 

 

 

Егінсу ауылдық округінің кеңсесі. Ақсу ауданы

 Егінсу ауылдық кеңесінің төрағалары болып Әбуов Қ.А, Каметаев С.А. (1980-87), Даниқұлова А.Н. (1987-91), Мақсұтов А.А. (1991-93), Орақбаев К.К.(1993-94 ) қызмет істеді.  Егінсу ауылының алғашқы әкімі А.Н.Дәниқұлова (1994-96), одан кейін Т.Ж.Өскембаев (1996—2001) , Б.Д.Құрманғалиева болды. 2002 ж. ауыл әкімі болып тағайындалды.

  2011 жылдың  қыркүйек айынан ауыл әкіміҚрықбаев Дәулет Мұхаметкәрімұлы. Ол 1972 жылы туған. Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін «экономист-менеджер»  мамандығы бойынша бітірген.

Ауыл әкімдігінде бүгінгі таңда бас маман-іс жүргізуші Н.Нұрболатқызы, салық инспекторы Т.Ерболғанова, бас маман-мал дәрігері С.Долдаева жұмыс істейді. 

 

Егінсу ауылдық округінің әкімі Қрықбаев Дәулет Мұхаметкәрімұлі. Ақсу ауданы


Егінсу ауылдық округінің әкімдігінің қызметкерлері. Ақсу ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Округте Егінсу орта мектебі бар (Ол туралы деректер жеке беріледі).

2010 жылдың қыркүйек айынан бастап  75 орындық  «Күншуақ»  балабақшасы іске қосылды. Балабақша меңгерушісі болып  Дасербаева Гүлнәр Серікбайқызы еңбек етуде.

Ауылдық медициналық пункт жұмыс істейді. Оның жаңа ғимараты  2010 жылы салынды. Бүгінгі күнге медициналық пункт меңгерушісі болып Самбеталинова Светлана Сакеновна, мед.бикесі болып Анықбаева Назира Жалбасқызы қызмет етуде.

Егінсу ауылындағы медициналық пункт. Ақсу ауданы


Егінсу ауылындағы медициналық пункті қызметкерлері. Ақсу ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Егінсу ауылындағы медициналық пунктінде. Ақсу ауданы


Егінсу ауылындағы медициналық пунктінде. Ақсу ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Егінсу ауылындағы пошта ғимараты. Ақсу ауданы

2010 жылы салынып, қолданысқа берілмей қалған пошта ғимаратына, 2014 жылы ауыл азаматы Жақаев Егінбай Садақбайұлы оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, іске қосып берді.

Ауылда бір мешіт бар.

 

 

 

 

 

Егінсу ауылындағы мешіт. Ақсу ауданы


Егінсу ауылындағы мешіттің ашылуы. Ақсу ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Егінсу ауылдық кітапханасы; 1974 жылдан 1999 жылға дейін Нұрсейітова Калима Наужанқызы ауылдық кітапхана меңгерушісі болып қызмет етті. 2005 – 2007 жылдар аралығында Исижанова Орал кітапхана меңгерушісі қызметін атқарды.

2008 жылдан бүгінгі күнге дейін ауылдық  кітапхана кітапханашысы қызметін Дәулеткелді Кәмшат Дәулеткелдіқызы атқарып келеді.

2017 жыл кітап қоры 6056 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде – 5024 дана, оқырман саны -548, оқырман келімі -5327, кітап берілімі -13858 дана. Жылдық жоспар бойынша іс- шаралар өткізіліп , кітап көрмелері , дөңгелек үстел, әдеби кештер ұйымдастырылып , халыққа қызмет көрсетеді.

Егінсу ауылдық кітапханасы ғимараты. Ақсу ауданы


Егінсу ауылдық кітапханасышы Кәмшат Дәулеткелді.  Ақсу ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ауыл округінде өткізілген көпшілік шаралардан көріністер