Құрметті осы мақаланы оқушылар!

Мақала алдында, Сіздерге осы сайттағы  ауылдық округтері туралы  жарияланған ( алда жарияланатын) деректік мақалалар «авторлық емес» екенін ескертеміз! Олар, ауданымыздың 80-жылдығы мерекесі қарсаңында ауыл округтерінен  жинақталған материалдарды негізге алып,  бүгінгі ауыл мамандарының толықтыруларымен  құрастырылып отыр.

  Осыған орай, егер мақала деректерінде қателіктер кетіп жатса, оны жедел түзеуге дайынбыз!  Ал, оған жеке бір адамдардың есімдері әртүрлі себептермен кірмеген болса, сол жөніндегі кінә қоюшылықты (претензияларды) сайт иелері өзіне еш қабылдамайды!  Бірақ, соның өзінде, мақалаға ондай азаматтар туралы деректерді (лайықты саналатын болса)  қосымша енгізіп, оны толықтыруға әбден болады. Яғни, солай қажет деп санасаңыздар,  деректер жазбасын (ауылға сіңірген еңбектерін, марапаттарын көрсетіп), ауыл округі әкімдігі мамандары  арқылы, немесе осы сайттағы  эл.адреске тікелей жіберулеріңізге болады!

 

Көкөзек ауылы, Ақсу ауданы 

 

Көкөзек ауылы Ақсу ауданы  Жансүгіров ауылдық округінің құрамына кіреді. Ол аудан орталығы — Жансүгіров ауылының солтүстігінде. одан 7 шақырым жерде орналасқан. Жалпы халық саны – 950 адам.

Ауылда Қ.Терібаев атындағы орта мектеп, Мәдениет  үйі, ауылдық кітапхана, ауылдық дәрігерлік  амбулатория және 4 сауда  орындары халыққа қызмет етеді.

   

  1930 жылы осы жерде 30-35 үйден «Мойын серік» деген атпен артель болып құрылып,  оны Шәріпов Молдахмет басқарады. 1934 жылы Украинадан малдар әкелініп, үй басына бір сиыр, үш қойдан өсіру үшін  бөлінеді. Нәтижесінде, 3-4 жыл ішінде ірі қара 2-3 мыңдай болып өсіп, олар 1938 жылы орталыққа жиналып, қой, сиыр фермалары құрылады. 1938 жылы МТС құрылып, тракторлар келе бастайды. 40-шы жылдары ұжымшар аудан бойынша алдыңғы қатарда болып, оған Сталин аты берілді. 1940-50 жылдары ұжымшарды Жаншабаев Қожахан, Сарсенбаев Сыдықбай деген азаматтар басқарады. Соғыс жылдарында майданға ауылдың 80 азаматы аттанып, олардың жартысы елге оралмады.

1950 жылы бес ұжымшар бірігіп, Чапаев атындағы ұжымшарға айналады, оның басқармасы болып  Жидебаев Бәкей сайланады. Содан соң, шаруашылық іріленіп, үш бөлімшеге бөлінді. Бастауыш партия ұйымының хатшылары болып  Бармақов  Әбікен, Мұратова Мадина және Майлин Рахымжан қызмет атқарады. 1960 жылдардан  ұжымшардың дәулеті молайып, облыс, республика аймағында үздіктер қатарында болады. Шаруашылық жетістіктері бағаланып, Бәкей Жидебаев  Қазақ ССР–і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады, бірнеше орден, медальдармен марапатталады.

1963 жылы көптеген ұжымшарлар «Шоқан» кеңшарына бірігіп, 1965 жылы қайта бөлінеді. Көкөзек ауылында Ақсу тәжірибе шаруашылығы құрылып, оған Шора Бектасов, одан кейін, 1980-95 жылдары Әлжанов, Б. Қиқымов , Ж. Шырғайбаев , Ә. Дүйсенбаев және А. Жиенбаевтар  басшылық етеді.

Шаруашылықта өз міндетіне сай егістіктерде дақылдар өнімділігін арттыру мақсатында ғылыми — тәжрибелік жүмыстар жүргізіліп, жаңа технологиялар, озық әдістер енгізіліп жатты. Сүт–товарлы фермасының жұмысы да үлгілік дәрежеде болды. Ауыл келбеті жақсарып, 3 қабатты мектеп ғимараты, 300 орындықты Мәдениет үйі салынды, 6 көше асфальттанды. 1995 жылы  шаруашылық таратылады.

Ауылдан шыққан белгілі адамдар:

Қуат Терібаев — тұйғын ақынАйтыскер ақын ретінде республикалық, облыстық сайыстардың  жүлдегері. Ақын есімі ауылдағы орта мектепке және Мәдениет үйіне берілген.

Құсмолдин Баянды– Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагеріҰлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ақсу ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы және Қызылағаш мектептерінде мұғалім болып еңбек етеді. 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1949 жылдан аудандық партия комитетінің саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі болады. Кейіннен Чапаев атындағы ұжымшардың партком хатшысы, №135 кәсіптік-техникалық училище директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болады. «Қызыл жұлдыз» және басқа да жауынгерлік ордендермен, медальдармен марапатталған. Жансүгіров ауылындағы бір көшеге есімі берілген.

 Дүйсекенов Нүсіпбек — соғыс және еңбек ардагері. 1917 ж. Көкөзек ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, 100–шы атқыштар  бригадасы құрамында аты аңызға  айналған шығыстың батыр қызы  Мәншүк Мәметова және  жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықовпен майдандас болған. Шайқастардағы ерліктері  үшін 15 орден, медальдармен марапатталған. Ауылға оралған соң Чапаев  атындағы ұжымшарда есепші, «Басқан», «Кеңғарын», «Шолақөзек» ұжымшарларында басқарма болып, құрметті еңбек демалысына  шыққан.

Исабаев Исатай – Суретші. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер. 1000-ға жуық графиканың және бейнелеу жұмыстарының авторы.Шығармашылық еңбектері халықаралық көрмелерге қойылып, түрлі жүлделерге ие болған. 100-ден астам кітапты көркем безендірген, «Тарлан» сыйлығының лауреаты.

Мейірманов Қапыш — соғыс және еңбек ардагері. 1926 жылы Көкөзек ауылында туған. 1945 жылы әскерге аттанып, Румыния жерінде соғысқа қатысқан. Бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған. Чапаев атындағы ұжымшарда жұмысшы және зейнеткерлікке шыққанға дейін веттехник болып жұмыс істеді. Ауылдық, аудандық Кеңестерге депутат болған. Жұбайы — Жайнақбаева Ұлжалғас екеуі 13 бала тәрбиелеп өсірді    

Телғозин Дүйсенбек - 1922жылы Көкөзек ауылында туған. Ұлы Отан соғысында Панфилов атқыштар дивизиясы құрамында болған. Соғысты Берлинде аяқтаған.

 Шарипов Нәбимұрат–Талдықорған облыстық туберкулез ауруханасының бас дәрігері болған:

Әбішев Жұмахан– жоғарғы санатты дәрігер-кардиолог;

Лепесбаев Әділхан Кенжеханұлы – полковник, Астана қаласындағы әскери бөлімде дәрігер болған;

 Бекішов Берік Көбетайұлы –полковник, прокуратура қызметкері:    

 Берікбаев Мырзабек–Алматы қаласындағы технологиялық институттың кафедра меңгерушісі:

Ауған соғысына қатысқан Айнақұлов Болатты, Чернобыльдегі атом электр станциясын қалпына келтіруге қатысқан Мұқашев Жетпісбайды ауыл халқы сыйлайды.

 

Ауыл экономикасын көтеруде ерекше еңбектері сіңген еңбек озаттары: Тұрысбеков Тұрлыбек — «Даңқ» орденінің иегері; Демекеев Шермұхан, Үкібаев Әлмұханбет, Оразбаев Сәкен және Мұсағалиев Ысқақ — «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегерлері; Мұқашев Абдыкәрім — қант қызылшасы звеносының жетекшісі ретінде әр гектардан  350–400 цт өнім алуды қамтамасыз етіп  отырды және т.б.

 Жайнақбаева Ұлжалғас,  Қошқарова Жұмаш,  Бейісбекова Бижамал, Баянова Абуғайша, Ризабекова Айтбала, Набирахимова Тілек, Нұрсұлтанова Нұриха және Жайлаубаева Сайлау — көп бала тәрбиелеп өсірген,  "Алтын алқалы" аналар.

 

Ауылдағы Қуат Терібаев атындағы орта мектеп туралы деректер жеке беріледі.

 Көкөзек ауылындағы 1994 жылдан қараусыз қалған Мәдениет үйі 2008 жылы қайта ашылып, оған 3 штат бірлігі;  2009 жылы  ауылдық кітапхана ашылып, 2 штат бірлігі берілді.  

 Қазіргі уақытта Мәдениет үйінің директоры -Рахымбеков Сарқытбек,  көркемдік жетекшісі — Қалшаева Мадина, музыкалық жетекшісі —   Жұмагелдин Еламан.

 Ауылдық кітапханада бұрынырақ Мұсанова Күлпан мен Алдабергенова Кенжегүл  қызмет жасаған. Қазіргі уақытта  кітапханашы  Бапышева  Зульфия  өз оқырмандарына қызмет көрсетуде. Кітапханада кітап қоры — 5197 дана, оның ішінде мемлекеттік тілде —  2751дана. Оқырман саны -917.  Кітапханада  жоспар бойынша  іс –шаралар өткізіліп тұрады.