Ақсу ауылдық округі,  Ақсу ауданы

   Ауылдық округі құрамына  Ақсу, Қазақстан,  Өнім,  Бәйтерек,  Көкжайдақ  және  Шолақөзек  елді мекендері кіреді. Округ орталығы -Ақсу ауылында  орналасқан.  Жер көлемі - 1,9 мың шаршы шақырым.  Халық саны - 2,5 мыңдай. Отбасы саны — 535. Зейнеткерлер саны — 152.  Оралмандар отбасы — 30. Тылда еңбек еткен ардагерлер саны -22. 24- «Алтын алқа», 22- «Күміс алқа»  атағына  иегер аналар бар.

 Округ ауылдарында  2 орта  және 2 бастауыш мектептер,  2 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік пункт,  тарихи-өлкетану  мұражайы, кітапхана, мәдениет үйі, «Қазақтелеком»  байланыс  бөлімшесі,  учаскелік  полиция  пункті,  бір мал дәрігерлік пункт, көптеген сауда орындары бар.

Округте 150-ден аса шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Пайдаланып жүрген ауылшаруашылық жері — 8838 га, оның ішінде егістігі - 1388 га. Мал  шаруашылығы  бойынша   ірі  қара,  жылқы,  қой-ешкі  және  құстар өсірумен айналысады

 

Ақсу өзені


Табиғат көрінісі

Ақсу ауылы аудан орталығынан солтүстікке қарай 25 шақырым жерде Жетісудің бір өзені болып саналатын Ақсу өзені бойында орналасқан.  Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік сілемдерінде, тауалды жазығының құрғақ агроклиматтық белдемінде жатыр. Басын мұзды таулардан алатын Ақсу өзені дүлдүл ақынымыз айтқандай « қатты ағынмен, ақиланған ашумен, арқырай» қатты екпінмен келіп, ауыл маңына келгенде жайыла, сабырлана ағады. Содан барып Балқаш көліне жете жығылады. Осы өңір жазық, ашық жерге орналасқандықтан ауа райы жазда ыстық, қыста суық болса да, табиғаты халықтың тұрмыс құруына, шаруашылықпен айналысуына жайлы.

    Ауылдың іргесі 19-шы ғасырдың екінші жартысында қаланған. Алғашында «Әбдіре пошта бекеті» болады. Маманұлы Тұрысбек өткел аузында базар, сауда дүкендерін ашады.

1930 жылы 17 желтоқсанда Ақсу ауданы құрылғанда Ақсу елді мекені — аудан орталығы болды. 1964 жылы аудан орталығы қазіргі Жансүгіров ауылына ауысты. Яғни, осы сайт кітабының басты тарауларында әңгіме етілген Ақсу ауданының сол кезеңге дейінгі тарихы, өсіп дамуы, болып өткен барлық саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғалар Ақсу ауылымен тікелей байланысты болды.  (Оларды қайталау қажеттілігі жоқ).

   Солай десе де, Ақсу ауылының өзіндік өсіп дамуында сіңірген үлкен еңбектерімен ел есінде қалған, ұрпақтары күні бүгінге дейін құрмет тұтатын, Кеңес үкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысқан, жергілікті жерден алғашқы аудандық кеңеске депутат болған, Ақсу және басқа да бірнеше ауылдық кеңестерінің төрайымы болған Түменбаева  Үріпжамал, ауданнан алғаш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болған Айтова Шалипан, КОКП-ның ХVІ съезінің делегаты болған Өрік Рахымова және комсомолдың белсенді жетекшісі, ұзақ жылдар Ақсу ауылдық Кеңесінің төрайымы болған Балшықбаева Күнғали сияқты азамат-апайларды жеке атау қажеттілігі бар.

Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арналған ескерткішті ашу салтанатында. Ақсу ауылы, 1980ж

  1941-45жылдары Ұлы Отан соғысына Ақсу ауылынан 2004 азамат аттанып,  олардың жартысынан көбі қан майданнан оралмай қалды. Ауданнан шыққан екі Кеңес Одағы Батырының бірі– СИХЫМОВ  ЕСМҰРАТ осы ауылда дүниеге келген. Соғыста қаза болғандарды мәңгілік есте қалдыру мақсатында 1980 жылы орталық алаңда үлкен ескерткіштік кешен салынып, жан-жағы ерекше безендіріліп, оған 185 боздақтардың есімі енгізілді. Оның ашылуы аудан көлемінде үлкен мерекелік шара ретінде өткізіліп, ұрпақтар кездесуіне айналды. Кешен  облыстағы тарихи ескерткіштер тізіміне алынды.  Ауылда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан, сол мақсатта қаза тапқан, аға ұрпақ өкілдеріне қойылған тағы бір ескерткіш бар.

 1941 жылы Ақсу өзенінің солтүстік жағалауына аудандағы алғашқы «Комсомол» МТС-і келіп орнайды. Ол жерге ауылшаруашылық техникалары топтастырылып, әлі де ұсақ шаруашылықтардың жер игерулеріне тікелей көмек көрсетілді. Көптеп механизаторлар дайындала бастайды. 1960 жылдан «Казсельхозтехника» болып аталған мекеме 90-шы жылдардың аяғына дейін жұмыс істеді. Елді мекен де сол атауға ие болып,  тек 2010 жылы жаңадан «Бәйтерек» ауылы атанды. Мекеменің басшылары болып Ғаббас Ахметжанов, Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Үсен Итаев және Қазбек Қапаров, Сайлаубек Келбұғанов,  Нұрсейіт Жапаров, Ұшпай Тлепов және кейіннен аудан әкімі болған БАЙБОЛОВ  ҚАЛИМОЛДА сынды азаматтар қызмет атқарды. Мекеменің соңғы жылдарында ерелі еңбек еткендер қатарында Қ.Артықбеков,  К.Байдалин, Т.Әділбеков, М.Нұқышовтардың есімдері аталады.

1964 жылы аудан орталығы көшірілгеннен кейін Ақсу ауылы бірнеше бөлімшелерден біріккен «Жаңақоғам» кеңшарының орталығы болды. Бірнеше елді мекендерді біріктіретін Ақсу ауылдық Кеңесі құрылып, оның құрамына «Қосағаш» кеңшары да өз бөлімшелерімен кіреді. «Жаңақоғам» кеңшарын М.С.Осокин, Ш.Рахымбаев, К.Майсаранов  сынды азаматтар басқарды.

С.Серпербаев және А.Зияданов


«Жаңақоғам» кеңшары ұжымы мамандары

1978 жылы тамыз айында «Жаңақоғам» кеңшарының директоры болып Зияданов Амантай, оның алдында, мамыр айында партия комитетінің хатшысы болып Серпербаев Серікбек сайланды. Сол уақытқа дейін артта қалып келе жатқан шаруашылық болып саналатын «Жаңақоғам» кеңшарының экономикасын нығайтуда үлкен жұмыстар жасалып, аз жылдың ішінде ол озықтар қатарына қосылды. Барлық салада жаңа технологиялар, озық тәжрибелер кеңінен енгізіліп, қой шаруашылығын өз төлі есебінен дамытуда, қант қызылшасын өндіруде кеңшар жылдар бойы үздіктер қатарында болды.

Қайша Немеребаева

Шаруашылықтың экономикасын нығайтуда қант қызылшасын өсірумен айналысқан Қ.Немеребаева, М.Байғалиев, Т. Рахметова, Ж. Байгереев,  С.Мөңкеев, К.Орманов, А. Мазақов, Н.Ақаналиева;  шопандар: Қ. Әбілқақов, Ү.Мақұлжанова, ағайынды Икрамовтар, Сабырбаевтар және Мейінбековтар: механизаторлар Ж. Бидахметов , Ш.Таласбаев Т. Смагулов, М. Таласбаев  және басқа көптеген еңбек озаттарының қосқан үлестері ерекше болды. Қант қызылшасы звено жетекшісі болған, республикадық деңгейде рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Қайша Немеребаева бірнеше ордендермен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол қоғамдық жұмыста да белсенді, қазір ауылдық әйелдер кеңесінің төрағасы. «Көп балалы ана» медалінің иесі, кезінде бірнеше рет ауылдық, аудандық Кеңестері депутаты, еңбек озаты болған Сейтова Айтжамал қазіргі кезде — ауылдың ардақты анасы.

 

«Жаңақоғам» кеңшарының көркемөнерпаздары

   Ұжымда атқарылған партиялық-ұйымдастыру жұмыстары, өткізілетін әлеуметтік-мәдени шаралар деңгейі аудан, облыс көлемінде үлгілік дәрежеге көтерілді. Осы жылдары ауылдың келбеті ерекше өзгерді. Жаңадан үлкен сауда орны, кеңшар кеңсесі, монша, автобекет салынып, тұрмыстық қызмет көрсету, балабақша, мәдениет үйі ғимараттары жаңаша жөндеуден өткізілді. Орталық көшелер толық асфальттанып, жарықтар орнатылды, үгіт-насихат құралдарымен әдемі безендірілді. Малшылар қыстақтарында оларға жан-жақты қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған моншалары мен шопандар үйі салынды, барлық мал қыстақтарына электр жарығы тартылды. Үлкен жем дайындау зауыты салынды. Ауыл мәдениетін көтеруде, салауатты өмір салтын қалыптастыруда қомақты жұмыстар атқарылды. Совхоздың көркемөнерпаздар ұжымы, «Ақсу әуендері» ансамблі, шағын ауыл театры көптеген жылдар аудандық байқаулардың тұрақты жеңімпазы болып отырды. Концерттік бағдарламасы республикалық теледидардан берілді. Өнерпаздар қатарында Құмарқан және Күнсағила Нұрқановтар, Сәуле Шайхина, Аспандияр Оспанов, Серік Арапов, Гүлбарам Мәдиева, Жанат Тұралықов, Қуаныш Омаров, Балтабек Нұрғалиев, бала әнші Нұрлан Серпербаев белсенділік көрсетті.

Ауылдың ескі мәдениет үйі және ертеректе Күнғали Балшықбаева бастаған комсомолдар күшімен «бес жұлдыз» формасында отырғызылған, кейіннен күтімсіз қалған демалыс саябағы күрделі жөндеуден өткізілді. Саябақтың ішкі жолдары реттеліп, жарықтар орнатылды, статуялар қойылып, аудан көлемінде айтарлықтай үлкен мәдениет орталығына айналды. Мәдениет үйінің іші талантты суретші, Ленинградтағы сурет Академиясын бітіріп, сол жерде жұмыс істеуге қалған, ақсулық Латиф Қазбековтың суреттерімен әдемі безендірілді.

Ескі Мамания мектебінің суреті


Тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты. Ақсу ауылы

 

Ақсу ауылында І.Жансүгіровтың туғанына 100 жыл толуы торқалы тойы қарсаңында мұражай ашылды. Ол да А.Зияданов пен С.Серпербаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, бұрынғы Мамания мектебінің Қарағаштан көшіріліп, әкелініп салынған, талай жылдар мектеп-интернаттың, кейіннен құрылыс техникумының оқу сыныптары болған ғимарат қайта жөндеуден өткізілді. Оның мұражай болып қалыптасуына, мұрағаттардың жинақталуына белгілі мұғалім, алғашқы директоры Кеңсаба Омаров көп еңбек сіңірді. Одан кейін тарихи-өлкетану деңгейіне көтерілген мұражай, қазір облыстық мәдениет басқармасының есебінде. Оның алғашқы меңгерушілері болып Далабай Дүбірбаев пен  Оралхан Көбетов өызмет атқарса, қазіргі тандағысы — Ардақ Құмарова.

   Кадрлар тәрбиелеу жұмыстарының дұрыс жолға қою нәтижесінде шаруашылықта қызмет істеген көптеген азаматтар, мамандар ауданның, басқа шаруашылықтардың басшылығына көтерілді. Солардың ішінде Серікбек Серпербаев, Жанат Тойшыбековаудан әкімінің бірінші орынбасарлары, Қ.Әбілқасымов, С.Шоқаев-кеңшар директорлары, Д.Жексембеков, М.Қалиасқаров, О.Көбетов, Ә.Жәнібековтер— ауыл әкімдері дәрежелеріне дейін өсті. Сонымен бірге партия комитетінің хатшысы болған Б.Ибрагимов, кәсіподақ ұйымының төрағалары Е.Әзімбаев, Т.Құдайбергенов, бас мамандар А.Рысбеков, Ж.Қалықбаев, А.Әбілғапаров, Қ.Жәнібеков, Н.Рымқұлова, Б.Баймұханов, С.Бисаметов, бөлімше меңгерушілері Ж.Темірбеков, Т.Немеребаев, А.Мазақов, К.Мусин, А.Кәрімов, т.б. шаруашылықтың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан азаматтар.

  «Жаңақоғам» кеңшарының өркендеуіне үлкен үлес қосқан маман ретінде Болтаев Серіктің есімі аталады. 1966 жылы  жоғарғы оқу орнын бітірісімен есеп қызметкері жұмысына араласып кеткен ол, соңғы жылдарға дейін шаруашылықта абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ол тек білгір, беделді маман болып қана қойған жоқ, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ұзақ жылдар цехтық партия ұйымының хатшысы, насихатшы, халықтық бақылау тобының жетекшісі ретінде атқарған жұмысы облыс деңгейінде бағаланып, озық тәжірибесі газет басылымдары, үгіт плакаттары арқылы насихатталды. С.Болтаевтың есімі ауданның «Құрмет кітабына» енгізілген.

  «Жаңақоғам» кеңшары нарық қатыныстарына байланысты ауылшаруашылығында болған құрылымдық өзгерістерде жеке шаруа қожалықтарға тарамай,  көпке дейін ұжымдық қалпын сақтап, кейіннен ғана «Ақсу», одан «Қабырғатал Өнім» ауыл шаруашылығы кооперативіне айналды. Оған 30 жылдан аса басшылық жасап келе жатқан Амантай Зияданов тек аудан емес, облыс, республика көлемінде танымал азамат. Ел Президенті Н.Назарбаевпен талай рет жүздесіп, пікірлескен.

Ақсу ауылының белсенділері  1982 жыл

  Осы жерде әр жылдары Ақсу ауылдық Кеңесінің төрағасы болған К.Балшықбаева, Н.Қыстаубаев, Т.Ахметова, К.Байдалин, Д.Жексембеков және ұзақ жылдар хатшылық жұмыс атқарған А.Иманқұловтың есімдері құрметпен аталады.

  Ақсуда 90-шы жылдарға дейін аудандық дәрежесі болған екі аурухана жұмыс істеп келді (біреуі тері-венерологиялық). Олардың бас және аға дәрігерлері болып Т.Закарин, Қ.Тлеукенов, Қ.Қайырбеков, Б.Бимолдина, Н.Шәріпов, Б.Сабалақова, С.Сәрсенбаев, Б.Байсадықовтар жұмыс істеді. 1999 жылдан ауыл емханасының бас дәрігері болып Үсен Ахметов абыройлы қызмет атқаруда (марқұм болды). Қазіргі уақыттағы мекеме басшысы — Дінмухан Иманжанов.

  1990 жылға дейін аудандық жол жөндеу және жөндеу-құрылыс учаскелік мекемелері жұмыс істеп келді. Біріншісін С. Нұрпейісов, С. Шурегеев және Ә.Біләлов, ал екіншісін С.Маралов, А. Жалбаев, А.Айтқожин басқарды.

Ақсу құрылыс техникумының мұғалімдері, 1972 жыл

Осы ауылда 1967 жылы  Ақсу құрылыс техникумы ашылып, «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша «техник-құрылысшы» мамандары дайындалды. Техникум 1973 жылы аудан орталығына, ал 1977 жылы облыс орталығына көшірілді. Осы мерзімде бір мыңға жуық мамандар дайындалып, олар бүгін еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Техникум оқушыларынан құрылған отряд-бригадалар арқылы ауданның елді мекендерінде көптеген құрылыс нысандары, тұрғын үйлер салынды, ауылшаруашылық науқандық жұмыстарға көп көмек көрсетілді. Ауданда осындай арнаулы орта білім ошағының болуы сол кезеңде тұрғындар, жастар арасындағы мәдени-көпшілік, өнер, спорт жұмыстарының жандануына көп септігін тигізді. Техникум директорлары болып Қ.Шүленбаев, О. Шалғынбаев, Ә. Кәрімбаев, С. Сұрақбаев; оқу ісінің меңгерушілері болып Е.Орысбаев, М.Әлсейітов, С.Серпербаевтар қызмет атқарды. Осы  және кейінгі жылдары техникумда Р.Ниязов, Х.Рахматуллина, Е.Бисерова, И.Шалғынбаев, Ж.Юсупов, Ұ.Хасенов, Е.Жиенбаев, С.Қорғанбаев, А.Қалиева,  Н.Ақпанова, Ә.Маралов,  М.Айғалиев, т.б. азаматтар ұстаздық қызмет атқарды. 

Ақсу ауылында ұзақ жылдар Ақсу сегіз жылдық мектеп-интернаты оқушыларды тәрбиелеу, оқыту жұмыстарын жүргізді. Оған Е.Жақсылықов, Н.Иманғалиев, Ж.Бейсебаев, Сұлтанбек Мамырбеков, Жаркент Барманбеков, Саяқ Бейсекенов, Ескермес Әбсейтов, Ерғали Төлегенов және Есіркеген Орысбаевтар басшылық етті. Мектепте Далабай Дүбірбаев, Науқан Әкімбаев, Күляш Тұяқбаева, Айсара Нақышева, Дәмен Тұрысбекова, Мұхашбек Жұмабеков, Сәулежан Толғанбаева, Клара Ниязбекова, Зарлық Ұлдаханова, Гүлажар Тлеукеева, т.б. ұстаздар абыройлы қызмет атқарды.  Кейіннен ол Мамания мектебіне қосылды.

   

Ақсу ауылы ұзақ жылдар аудан орталығы болғандықтан, осы мектептен білім алып, есімдері еліміз көлемінде танылған ғылым қайраткерлері, өнер адамдары, спортшылар, еңбек озаттары, партия, кеңес органдарында, әкімдіктерде басшылық қызмет атқарған және атқарып жүрген азаматтар өте көп. Олардың бәрінің тізбегін беру мүмкін емес. Көпшілігінің есімі бұрындары шығарылған «Мамания» кітабында берілген және де аудан аумағында қызмет атқарып жүрген азаматтар өз салалары, мекемелері бойынша осы сайт мақалаларында да  аталады.

 

  Қазіргі уақытта, ауыл округінде екі,  Мамания және Абай орта мектебі, Шолақөзек ауылында бастауыш мектеп бар.(Олар туралы деректер кейіннен жеке берілетін болады).

 

Ақын Сара ауылы

 

    1930 жылы Ақсу ауданы құрылғанда Жайпақ ауылдық Кеңесіне қарасты 5 ұжымшар құрылып, орталығы Шолақөзек ауылы болды. Олар  -Шолақөзек (ұжымшар төрағасы Толыбаев Тәнеке 17 жыл басқарды), Екпінді (Қалабаев Нүкіш), Жайылма (Жиенбаев Оспан), Комсомол (Жалбағаев Жағалбай), Көкжайдақ (Есбатыров Мәжен) ұжымшарлары. 1950ж. бұлар іріленіп, Киров атындағы ұжымшар болып қайта құрылды, төрағасы болып Есбатыров Мәжен сайланады. Ол ұжымды аяғына тұрғызып, әлді шаруашылықтар қатарына жеткізеді. 

   Мәжен Есбатыров 1911жылы туған.  Ұлы Отан соғысының ардагері. Осы ұжымшарды 1950-60 жылдары  басқарады. Одан кейін Ақсуда «Межколхозстрой» мекемесін басқарды, Құрақсу ұжымшары төрағасының орынбасары болады. 1971 жылы зейнеткерлікке шығады.

  Шаруашылық 1958 жылы  Ақсуға ауылына қосылып, 1960 жылы қайтадан бөлінеді, оны Сарыбаев Омар басқарды. 1962 жылы Киров ұжымшары Қаракөз кеңшарына қосылады. Одан 1963 жылы қайтадан бөлініп, өз алдына «Қосағаш» кеңшары құрылды, оның директорлығына Социалистік Еңбек Ері Пак Николай Васиьевич тағайындалды, партия ұйымының хатшылығына Омаров Рақымжан сайланды. Одан кейін, 1970-95 жылдары кеңшардың директорлары болып Ә.Жиенбаев, Т.Тоғанбаев, Ж.Егінбаев, Б.Омаров, Қ.Орысбаев, Қ.Әбілқасымов, С.Шоқаев; партия ұйымының хатшылары болып Р.Омаров, Т.Сердалин, К.Бимолдин, Ж.Имансыдықов, Қ.Сауранбаев, Ғ.Қашағанов, М. Қосжановтар  қызмет атқарды.

  1988 ж. Қосағаш кеңшары аумағында халық саны көбейіп, алғаш рет жеке ауылдық Кеңес ашылды. Оның бірінші төрағасы болып Бөлегенов Кәрібек, одан кейін Тәнекенов Сатыбалды, Бақанчинов Ахат, Орысбаев Қырықбай қызмет атқарды. 1995ж. Кеңес қайтадан Ақсу ауылдық Кеңесіне қосылды.

«Қосағаш» кеңшарының жағдайы 198о жылдың басынан экономикалық, әлеуметтік жағынан әлдеқайда жақсарды. Тұңғыш рет 500 га қант қызылшасының әр гектарынан 350 цн өнім алуға қол жеткізілді. Кеңшар алғаш рет мемлекеттік жоспарларын барлық түрінен асыра орындап, Қазақстан КП Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Кеңшарды алдыңғы қатарға жеткізуге экономикалық жаңа тәсілдерді енгізіп, жалпы халықты жұмылдыра білген білгір басшы, кеңшар директоры Жанайдар Егінбаев еді. Шаруашылықтың бастауыш партия ұйымының хатшысы Ж.Имансыдықов, кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Тәнекенов болды. Еңбекшілерге толық жағдайлар жасалды. Шаруашылықтың экономикасын нығайтуға қант қызылшасының звено жетекшілері – Ж.Хасенов, С.Шәкенов, Т. Жексенбеков, Б. Әбдікенова,  К. Қалиақпарова; сушылар– Р.Сарқытов, Е.Сауранбаев, С.Тұтқышбаев; механизаторлар- Е.Әбілмажин, Н.Ордабаев, С.Сағымбеков, Ә.Жұмағалиев; сауыншылар – К.Хасенова, Б. Жанатбаева, Ү.Сатылғанова; шопандар– А.Ынтықбаев, Қ.Байдалин, Т.Ахметжанов Төлеутай, К.Шерубаев; жылқышы – С.Жексембеков;  жүргізушілер– Ш.Иманбеков, Т.Маусымбаев, Н.Иманбаев және т.б. көптеген азаматтар өздерінің қомақты үлестерін қосты.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, жаңа типті тұрғын үйлер, мал баздары, моншасымен шопандар үйілері көптеп салынып, мәдени-көпшілік жұмыстары тұрақты жүргізілді. Көшелерге тас төселіп, орталық көше асфальттанды. 1995ж. кеңшар таратылып, 3 өндірістік кооперативке, одан ары 26 шаруа қожалықтарына бөлінді. Бұрынғы Қосағаш кеншарының бөлімшесі болған Көкжайдақ ауылына 1993 жылы Ақын Сара есімі беріліп, ол Шолақөзек ауылымен бірге Ақсу ауылдық округінің әкімшілік–аумақтық басқару қарамағына кірді.

 Ақын Сара елді мекенінде бір орта мектеп және ауылдық амбулатория жұмыс істейді

Бұл ауыл елі атақты ақын Ақын Сараны, оның айтыстағы ұстазы Толғанбай Мырзағұлұлын, қобызшы Молықбайды және  Социалистік Еңбек ері Оңалдинов Нұрлан, академик Жүрімбек Сыдықов, соғыс және еңбек ардагері Андабаев Молдағабас, есімі белгілі қаламгерлер Қанипа Бұғыбаева, Сағымболат Тінтаев, Сабыржан Намазшамов, Сағыныш Намазшамова сияқты азаматтарын мақтан етеді.

Күйші Молықбай


Толғанбай ақын Мырзағұлұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Намазшамова Сағыныш


Сыдықов Жүрімбек

1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысына екі ауылдан 75 адам соғысқа аттанса, қайтып оралмағаны — 37 боздақ. Ауыл тұрғыны Шерубаев Саят-Ауған соғысының ардагері. Сол Ауған жерінде интернационалдық міндетін өтеу кезінде қаза тапқан «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Қапсаланов Асылбектің атына бір көше берілген.

 

Шолақөзек ауылы

  Тарихи  анықтамалар бойынша 1930 жылы Шолақөзек ұжымшарында 51 үй, 134 адам болған. Оның негізін қалап, он жеті жыл басшылық жасаған Толыбаев Тәнеке еді. Ұжымға сауатты басшылық жасау арқылы, егістік жерді ұлғайтып, мал санын өсіріп, ауыр жылдарда ауылдастарын аштыққа ұрындырмайды. Сауатын әкесінен ашып, молдалардан оқыған ол, ел басқара жүріп 1936 жылы Шолақөзекте түймештен еңселі екі бөлмелі ғимарат тұрғызып, алғашқы бастауыш мектеп ашады (директоры–Жақыпұлы Нұрсеит) және ол 1950 жылы жетіжылдық мектепке айналды. Ол «Ерен еңбегі үшін», «Тыңды игергені үшін» медальдарымен, бірнеше Құрмет Грамоталарымен марапатталды.

Оңалдинов Нұрлан. Социалистік Еңбек Ері

Ұжымшардың аға шопаны Оңалдинов Нұрлан қой шаруашылығын өркендетудегі жоғары көрсеткіші үшін аудан көлемінде алғашқы Социалистік Еңбек Ері атанды. Шолақөзек жерінде басқа да зиялы азаматтар өсіп-өнді, елге танымал болды. Олар: Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түскен, мерген Серікбаев Нұрахмет, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі қаламгер Мұхаметшин Сейтмухамет, аудан көлемінде Алматы жоғарғы партия мектебінің алғашқы түлегі болған Азанбеков Әділхан, «Комсомол» МТС–нің механизаторлар дайындайтын курсының мұғалімі, ұзақ жылдар цехтық партия ұйымының хатшысы болған Темірханов Елемес, ұжымшардың есепшісі болған Жиенбаев Рамазан, бригадирі болған Жиенбаев Әмірбек және Байдалин Кеңесбек, Жұмәділов Нүкетай, Нұрғалиев Төлеуғали, Есмұқашев Арғын, Құрақбаев Бекетай, Жақанбаева Дәнетай, Дарханбаев Жақанбай, Оңғарбеков Бекен, Танекенов Сатыбалды сынды азаматтар болды.

 

Ақсу ауылдық кітапханасы

   Кітапхана  ауыл әкімшілігі  ғимаратындаңда  орналасқан.  Жалпы алаңы — 72 шаршы метр . Кітапханашы-  Әсел Райымқулова. Білімі – жоғары, мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі .  Кітап қоры – 25769 дана, оның мемлекеттік  тілдегісі — 13585  дана. Оқырман саны — 835, оның ішінде балалар-  286. Оырман келімі — 11183, оның ішінде балалар — 4034 . Кітапхана  ісі номенклатурасы бойынша 13 қүжатпен, 13 бағытта жұмыс жүргізіледі . Ауылда қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жыл бойына арналған жоспар бойынша іс – шаралар өткізілуде .

Ақсу ауылдық кітапханасы. Өткізілудегі шаралар


Ақсу ауылдық кітапханасы. Өткізілудегі шаралар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақсу ауылдық кітапханасы. Өткізілудегі шаралар


Ақсу ауылдық кітапханасы. Өткізілудегі шаралар