Сайтымыздың  аудан тарихына арналған тарауында бұрынырақ  жарияланған «Жердің аты-тарихтың хаты»  деген мақалада, қазіргі  Есеболатов  ауылдық округі аумағында ерте замандарда тұрғызылған биік мұнара болғандығы, ондай құрылыстардың «Дың» деп аталатыны және оның  ауыл округі орталығы — „Діңгек“ ауылының атауына негіз болды саналатыны айтылған болатын. Бүгін сол қысқа деректерді толықтыру мақсатында  ұсынылған мақаланы өткен ғасырдан сақталған  мазар суретімен қоса беріп отырмыз.

   Қабыл алыңыздар!  Және де басқа да  оқырмандардан  осындай құндылықтағы  танымдық еңбектерді тосамыз.

 

Діңгек мазары  (Таным)

 1898 жылы Николай Николаевич Пантусов Жетісуды аралағанда „Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу“, Тәнеке (Нұралы) батыр, Шоқан Уәлихановтың мазарларымен қатар Діңгек мазарында мұқият тексеріп, география қоғамына жазып қалдырыпты.       

Діңгек мазары.1898 жылы Н.Пантусов суретке басқан Сол жақта ақ киімде отырған Н.Пантусов

 Мәліметтерде: «Діңгек мазары» Абакумов мекеніне (выселкесіне) 12-15 шақырымдай орналасқан. Бұл мазар «дың» конструкциялық формасымен даланың жақпар жалпақ тасынан өріп тұрғызылған. Жергілікті қазақтар «Діңгек» деп атап кеткен. Жақпар тастарды бір-біріне ашытылған илем сылақпен отырғызған. Мазар көзге айдаладан жолаушыларға жақсы көрінеді. Өйткені, жазықтағы дөңес үстіне салынған әмбе биік. Мазарға қалай болса солай ешкім бара алмайды. Себебі, жан-жағында қалың өсімдік шөптер мен ну ағаштар өседі. Атпен ғана баратын жолы бар. Жерден жоғары тік көтерілген мазардың астыңғы іргесі элипс дөңгелек түрде, ал үсті сүйірленіп күмбезденген. Қорымның биіктігі 18 аршын (метр), енінің бір жағы 7 (жеті), екінші жағы 6 (алты) аршын, ішкі ені 4 (төрт) аршын. Едені таспен қаланған. Оңтүстік-батыс жағында мазарға кіретін есік орны өріліп шығарылған. Мазардың батыс жақ қабырғасында ішіне жарық түсетін кішкене терезе тесік жасалған. Қорымның сыртқы маңайында әртүрлі кішкене шүперектер байланған жіңішке шыбықтар жерге қадалған. Бұл сыйнып, дұға-құран бағыштап келгендерден қалған белгілер. Мазардың оңтүстік және батыс жағында бірнеше қадам жерде зираттар жатыр. Олардың қорғандары қазақтардың қорғанына ұқсамайды. Тұрғызылған сиқы бойынша қалмақтардың мазарына ұқсап тұр», — деп жазылған. Н.Пантусов мазардың жан-жағындағы орналасқан зираттарға байланысты Діңгек мазары жоңғар-қалмақтікі деген ой түйген.

    Тарихқа сүйенсек, ол жерді жоңғар мен қазақ соғысында жоңғардың торғауыттары иеленіп тұрғаны әйгілі. Н.Пантусовтың келтіргені сол заманда жерленген жоңғарлардың зираттары да болуы мүмкін ғой. В.Рубрук: «Бай көшпенділер дыңнан қайтыс болғандарына там тұрғызған», — деп жазғанына қарағанда әмбе орыс зерттеушісі В.Радлов Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлудың мазарын жоңғар-қалмақтардікі дегені қазақ ғылымына қиындықтар келтіріп, қазақ ғалымдары ол мазар қазақтікі екенін зорға дәлелдеген болатын. Діңгек мазары кімдікі екені әзірге белгісіз. Ел айтуында: «Хан қызынікі», — деседі. Мұндай құрылысты қазақтар: «Дың, діңгек, кесене, үй тас», — деп атаған. Діңгек мазары архитектурасы бойынша, таудың етегіне салынуына қарағанда, ғұн дәуіріне жатады. Ғылым негізіне сүйенер болсақ, мазардың өлшемдері: көлемі мен ені де ғұн заманына апарып тірейді. Мазарды тұрғызған шеберлер қазақ үйдің нобайын құрылысқа алғандары аңғарылып-ақ тұр. Діңгек мазарына байланысты, сол жердегі елді мекен кеңес дәуірінде «Діңгек» деп те аталды. Қазір Нұрсұлтан Есеболатов атындағы ауыл. Діңгек мазарының тұрғызылған конструкциясын Н.Пантусов Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу мазарымен салыстырып, екеуі бір-біріне сәйкес, аумайтындығын дәлелдеген. Тек айырмасы Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу мазарының алдында бірнеше балбал тастар болғандығын атап өтеді. Діңгек мазарында ондай балбал тастың болмағандығын келтіреді. Мұнымен қоса кіші жүздің ханы Әбілқайыр ханның мазары да осы Діңгек мазарындай болғандығы және «дың» тастардан тұрғызылғандығы ғылымда айтылған.

 Ақсу өзенінің бас жағында дыңнан соғылған Ордабайдың кесенесі болған. Ол мазардың ішінде тік тұрғызылған мүсін тас болыпты. Ордабай мазарының сырт нобайы Діңгек және Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу мазарымен бірдей болғандығын, әдейі іздеп барып зерттеген Шоқан Уәлиханов жазып кеткен.

 Тегі «дың» мазар құрылыстары ерте дәуір мәдениетіне жатқызылатыны ғылыми тұжырымдалған. Діңгек мазары сақталып қалмағандығы, әрине, өкінішті. Сақталғанда Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу мазарындай, үлкен ұлттық мұраға айналар еді. Діңгек мазары заматында көш жерден жолаушыны, ғалымды, әскери басшыларды өзіне еріксіз тартыпты. Кісілер оған соқпай кетпепті. ХІХ ғасырда бұл мазарға орыс ғалымдары мен зерттеушілерінің ықыласы артқаны шындық. Солардың бірі Н.Пантусов және Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болғаны анық.

  Жемісбек Толымбеков