Ақсу ауданы аумағындағы ескерткіштер

И. Жансүгіровтің ескерткіштері

Аудан орталығындағы мүсіні

   Оның алғашқысы 1964 ж. қойылды. Ескерткіш 1984ж. ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында  аудан басшыларының бастамасымен (аупарткомның бірінші хатшысы Ғ.Тұрғамбаев, ауатком төрағасы В.И.Осипов) аудан орталығындағы басты алаңға орнатылады.  Жаңа мүсін арнайы тапсырыспен  Мәскеу қаласында жасалып, әкелінді. Оның ірге тасы граниттен қаланды.

   2003ж. ақынның осы мүсіні қайтадан орталық алаңның төріндегі биік тұғырға қондырылды.

 

 
І.Жансүгіровтың туған жері – «Кіндікқоңырдағы» ескерткіші.

 

Гипстен жасалған І.Жансүгіровтың мүсіні 1966 жылдан Ойтоған ауылындағы клубтың алдында тұрған болатын. 1994ж. ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан, ауыл басшыларының бастамасымен (аудан әкімі–С.Тәжиев, шаруашылық директоры– Б.Жұмағалиев, ауылы округі әкімі–Е.Қожабеков) Қызылтаң-Матай жолының бойында, ауылдан 8 шақырым жердегі Ілияс ақынның туған жері–«Кіндікқоңырда» ескерткіш орнату ұйғарылды.  Ол  биіктігі 3 метрден астам  қобызға ұқсас сұр гранит жақпартастан  жасалып, 1994ж. мамыр айында орнатылды.

Ал, 2014 жылы ауданның жаңа әкімі Е.Далбағаевтың ұсыныс-бастамасымен ескерткіш Ақсу-Ойтоған ауылдары арасындағы күре жолдың ортасына әкелініп, қайта орнатылды, жан-жағы қоршалып, ағаштар отырғызылды.

Ақын Сара ескерткіштері

 

 

Елдің асыл да ақын қызына тағылым етіп 3 жердеаудан орталығы- Жансүгіров ауылындағы Ақын-Сара атындағы жастар орталығының алдында, Көшкентал ауылында (1972ж.) және  туған жері-Ақын Сара ауылында  қойылған.

 

 

Ақын Сара кесенесі

    1993ж ақынның туғанына 115 жыл толуына байланысты бұрынғы Қапал (қазіргі Ескелді) ауданы аумағына қарасты “Қарашоқы” қорымында салынды. Биіктігі 10 метр, табиғи тастан қаланған күмбезі бар. Ақын Сараның жерленген орнын 1979ж. жергілікті мәдениет қызметкерлері  анықтаған. Кесене ЮНЕСКО- ның тізіміне енгізілген, республикалық дәрежедегі ескерткіштер қатарына жатады.

Көне заман  қорғандары

Халық аңызы бойынша  ауданымыздың  Жансүгіров, Бүйен, Басқан ауылдары аумағындағы және Үштөбе, Бейсенбі аталатын қорғандар  халық мұрасы санатына жатады.  ХҮІІІ-ғасырдағы жоңғарлармен  қақтығыс  жылдары  Қабанбай және Шонай батырлардың   жауынгерлері  қорғандардың мұнарасынан бір-біріне отпен белгі беріп, жау қолы қанша, қай жерде, қалай соғысып жатқанын хабарлап тұрған. Бүйен қорғанынан  су тартқан құбырлар орны табылған.

Тас таңбалары

Ақсу ауданына  жататын  Көпірлі, Сайынбөлек жайлауларына баратын жол жағалауындағы жақпар тастарда көне жазулар мен суреттер  кездеседі.  Бұл тас таңбаларын  ақын І.Жансүгіров зерттей бастаған, бірақ қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты жұмыстарын аяқтай алмаған. Тас таңбалары арнайы ғылыми зерттеуді қажет етеді.

 

 

 

 

«Қосбатыр»  кесенесі

Қарашілік елді мекенінінің солтүстік-батысында орналасқан «Қосбатыр» кесенесі  қазақ жерін, елін, жоңғар шапқыншылығынан қорғаған Шоңай батырдың балалары Назар мен Нартайлақ  батырлар басына орнатылған.

Тәнеке батыр мазары

 Тәнеке батыр Досетұлының мазары Қапал  мен Арасан арасындағы  жолдың ортасына таман, Баянжүрек тауының өкпе тұсындағы қорымда орналасқан. Қазіргі Тәнеке батыр кесенесі, гранит тасынан белгі қойылып, темір қоршаумен қоршалған, Осы тарихи орын туралы осы сайт кітабы бетінде жеке мақала бар.

Көтен тәуіп кесенесі

   1994ж. бой көтерді. “Өлі риза болмай, тірі байымайды”- деп, дана халқымыз айтқандай көріпкелдігімен аты шыққан Найман атаның Матай руынан шыққан Байғотанұлы Көтен тәуіп әулие бабамыздың басына кесене орнатуға сол кездегі «Алтынарық» ұжымының төрағасы Жанат Тойшыбеков ұйымдастырушы болды. Ауылдық кеңестің төрағасы Әсет Садуақасов екеуі ауыл жиынын өткізіп, ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болады. Құрылыс аудандық сәулетші Нұрлан Мырзековтың жасаған жобасы бойынша ұжым прорабы Жетпісбай Тілеужановтың жетекшілігімен жүргізілді. Кесененің  арнайы шырақшысы бар.

 

 Қуғын-сүргіндер құрбандарына арналған ескерткіш

   2003ж. аудан орталығы Жансүгіров поселкасындағы орталық алаңда кешегі өткен дәуірде жазықсыз жазаланып, қуғын-сүргінге ұшырағандардың қасиетті де, қайғылы тағдырын есте сақтау мақсатында ескерткіш орнату ұйымдастырылды. 2006ж. Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына және Республика тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында ескерткіш тұғырына жаңа обелиск қойылды, алаңы абаттандырылды. Барлық дайындық және ұйымдастыру жұмыстары аудан әкімі А.Айтжановтың тікелей басшылығымен жүргізілді.

 Ашаршылық құрбандарына арналған тас белгі

Қазақ халқының тағы бір қасіреті-1932-33жж. қолдан жасалған ашаршылық кезінде ауданның Сағабүйен ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген 97 жеткіншек те құрбан болады. Сол зұлматты есте сақтау мақсатында 2002ж. сол  балалар үйі орналасқан жерге белгітас қойылып, қоршалды. Ол аудан көлемінде үлкен тағылымды шара ретінде өткізілді. Белгітас қоюдың барлық дайындық және құрылыс жұмыстарын жасаған-аудандағы белгілі кәсіпкер, “Темірлан” шаруа қожалығының төрайымы болған, марқұм Еркежан Әкімова болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған аудан орталығындағы ескерткіш   

   

 

Ұлы Жеңістің 30 жылдығына  арналып, «асар» үлгісімен — аудан халқының қаржылық көмегімен аудан орталығы — Жансүгіров поселкесінде салынды. Орталық саябақтың төрінде орналасқан үш қабырғалы биік, зәулім ескерткіш тұрғындардың, жастардың мереке және басқа күндерде де  гүл шоқтарын қойып, бейбіт өмір сыйлаған, соғыстан қайтпаған аға ұрпаққа қошамет көрсететін орны.

 Аудан орталығындағы Батырлар аллеясы

 1970 жылдары  аудан орталығы-Жансүгіров кентінің орталық алаңы мен аудандық Мәдениет үйінің арасындағы алаңшықта  демалыс аллеясының негізі қаланған болатын. Содан жылдар өткен сайын өз уақытының талаптары — жағдайына қарай, ол орын  жүйелі түрде жөнделіп, реттеліп, абаттандырылып отырылды. Ортасында субүршек жасалды.

 2005 жылы сол кездегі аудан әкімі А.Айтжановтың ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған тағы бір обелиск қойылды. 

 2011 жылы ауданның 80-жылдығын мерекелеу шараларына дайындық жұмыстары ауқымында, аллеяда үлкен көлемдегі  безендіру жұмыстары атқарылды (аудан әкімі Ә. Дүйсенбаев, мәслихат хатшысы С.Серпербаев). Субүршекті айналдыра шеңбер түрінде постаменттер қойылып, оларға ауданның 2 — Кеңес одағының Батырлары және  6 — Социалистік Еңбек Ерлерінің мүсіндері орнатылды. Радиалды түрде жаяуларға арналған жолдар жасалып, демалыс  орындықтары қойылды. Бүткіл алаң  бақ (парк) гүлдерімен безендірілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2014 жылы (аудан әкімі Ә. Далбағаев)  осы аллея, орталық алаң  қасындағы Әкімшіліктер , Мәдениет үйі ғимараттары мен «Арбат» бойы бәрін қамтитын  қоршаулармен біріктіріліп және безендіру жұмыстары жүргізіліп,  үлкен және әдемі кешенге айналды, халықтың демалыс орны болып қалыптасты.

 

Ақсу ауылындағы  Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған кешенді ескерткіш

 Ақсу ауылындағы орталық алаңда Ұлы Жеңістің 35 жылдығына арналып, 1980ж. салынды. Кешен шеңбер үлгісінде, үлкен көлемде, жерден биіктетіліп салынған. Оның қабырғаларына майданда қаза тапқан 185 ауыл боздақтарының  есімдері қашалып жазылған мәрмәр тас кесектері қойылған. Ескерткіштің жан-жағына қуатты жарық шамдар орнатылып, үлкен бақ өсірілді. Оның құрылыс жұмыстары «Жаңақоғам» кеңшарының (директоры- А.Зияданов, партком хатшысы-С.Серпербаев) күшімен атқарылды. Кешеннің ашылуы облыс  деңгейінде ұрпақтар кездесуінің салтанатты мерекесі ретінде болып өтті. Кешен облыстық ескерткіштер тізіміне алынған.

 

 

Сағабүйен ауылында орналасқан

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш

 

Қуат Терібаевтің ескерткіші

Ауданымыздың  атақты айтыс ақыны Қуат Терібаевтың ескерткіші  оның  туғанына 100 жыл толу мерекесін өткізу шаралары аясында  туған Көкөзек ауылында,   өзінің  есімі берілген Мәдениет үйі  алдында қойылған.

 «Қызылағаш су апаты» құрбандарына арналған ескерткіш

Ескерткіш,  2000 жылы су апатына ұшыраған Қызылағаш ауылын қайтадан қалпына келтіру жұмыстары аумағында қойылды.

                   

 

  Құрметті оқырмандар!   Бұл мақалада аудан аумағында орналасқан ескерткіштер  әлі де   толығынан берілмей отырғанын айтуға тура келеді. Сондықтан,   алдағы уақытта кітаптың осы тарауы әлі де толықтырылып, реттелетін болады...