Құрметті  оқырмандар!   Сайтымыздың «Ескерткіштер — өткеніміздің белгісі» атты тарауында 25 қазан күнгі  берілген мақалада  аудан аумағындағы көне және соңғы ғасырда арнайы қойылған ескерткіштер туралы қысқаша  шолу жасап, олар туралы деректердің  толықтырыла  беретінін айтқан болатынбыз.  Міне, бүгін сол мақалада тізбекке енбеген Тәнеке батыр мазары  туралы Жемісбек Толымбековтың  аудандық «Ақсу өңірі» газеті газетінде жарияланған мақаласын беріп отырмын.

Тәнеке батыр мазары

 

  Франция мемлекетінің ұлттық Париж кітапханасынан Николай Пантусовтың өз қолымен орысша жазған Жетісудің Қопалы уезі туралы деректі құжаттары интернет арқылы алынды. Хаттама құжаттарындағы маңыздысы Тәнеке батырдың мазары мен елі Матай, Сарыұлы Бөрібай батырдың өмірге келуі туралы мәліметтер. 1898 жылы Николай Пантусов: «Халыққа белгілі Жетісудың Тәнеке батыр Досетұлының мазары Қапал қаласы мен Арасан станицасы пошта жолының ортасына таман, Қапалдан Арасанға бара жатқандағы жолдың оң жағында орналасқан», — деп жазыпты. Бұл қазіргі Тәнеке батыр кесенесі, гранит тасынан белгі қойылып, темір қоршаумен қоршалып тұрған, Баянжүрек тауының өкпе тұсындағы қорым. Н.Пантусов Тәнеке батыр жерленген жерге 1898 жылы, 18 шілде күні барыпты. Қорымды сол күні толық суретке түсіріп алған екен.

 

Тәнеке батыр мазары

Суретте Тәнеке батыр қабырының үстінде үлкен қорған мазар тұр. Мазардың үстіңгі жабылған қасбеті баланың бесігі іспетті. Мазардың биіктігі қазіргіше үш қабатты үйге тең. Мазарға кіретін есік, кішкене терезе анық көрінеді. Астыңғы қабат қабырғасы қалың, одан бір кірпіш екінші қабат қабырғасы жұқа, үшінші қабаттың екінші қабаттан бір кірпіш қабырғасы тағы жұқа тұрғызылғаны көрінеді. Тәнеке батыр мазарының артқы жағына таман төбесінде ай орныққан, қазақ үй тәрізді қорғанда Тәнеке батырдың серігі әмбе әйелінің ағасы Алпысбай деген жерленіпті.    Үшінші қорған Тәнеке батыр мазарының алдына таман орналасқан. Ол қорған 1893 жылы қайтыс болған, Тәнеке батырдың ұлы Әбибектікі екен. Тәнеке батыр 77 жасында, мамыр айында, 1884 жылы өмірден өтіпті. Мазары 1885 жылы тұрғызылыпты. Н.Пантусовтың құжат- деректері бойынша Тәнеке батырдың өмір сүрген жылдары қазір нақтыланды.

 

  Тәнеке батыр қорымында саны белгісіз, көптеген туыстары мен ағайындары да жерленіпті. Қорым топырақтан жасалған кірпіштермен үлкен көлемде, кісі бойына биік қаланып, төрт бұрышты болып заматында қоршалыпты. Кірпіш қоршауының тұғыры (фундаменті) жақпар тастардан қалап жасапты. Тәнеке батыр қорымының қасында суы мұздай, таза бастау, бұлақ бар. Ол «Тәнеке бастауы» деп аталады. Тәнеке батыр мазары пошта жолына жақын болғандықтан рухына сыйынатындар легі өте көп болыпты. Олар бастаудан су ішіп, тынығып, қайта сапарларын жалғастырыпты. Тәнеке батырдың шыққан ататегі: Сары (Тәуке ханның елшісі болған) — Бөрібай батыр – Қыдыралы би – Досет (Дос би) – Қалқабай би, Тәнеке (Нұралы) — жақшадағы азан шақырып қойылған есімі, Бартай батыр.

 

  Тәнеке батырдың он екі әйелі болыпты. Ырыс есімді әйелінен: Есімбек болыс, Разбек, Мұса, Қожабек болыс; Керім есімді әйелінен Таби; Рупая есімді әйелінен Әбибек; Ұлбай (Жансүйер) есімді әйелінен Қасен, Асыман тараған.

  Тәнеке батырдың інісі Бартай Рүстем төре қырғынында мерт болады. Зираты Үштөбедегі «Найман сүйекте». Оның жесір қалған әйелі Дәметерді Тәнеке батыр алып, одан Әуелбек, Әділбек, Нәдірбек туады. Қазақтар Тәнекені әулиенің бірі деп санаған. Бала көтермеген әйелдер келіп мазарына түнесе, тілегі қабыл болып, бала көтерген. Тәнеке батырдың мазарына халық ағыл-тегіл, ұдайы келіп, түнеп жатқан. Бірі малын сойып, жақсылық тілеу тілесе, енді бірі құрбан шалып, дұғасын бағыштап, рухы қолдап жүргеніне ниет жасаған. Қиянат көріп немесе өмірден түңіліп қиналғандар Тәнеке батыр мазарына келіп зиярат етсе, нәубәт ауырлықтарынан арылған.

 

Тәнеке батыр басына қойылған жаңа ескерткіш

  Тәнеке батырға немере болып келетін Қалқабайдың ұлы Маман 1891 жылы Тәнеке батырдың мазарына келіп, құрбандық малын сойып, құран-дұғасын бағыштап, тілеу тілейді. Тілеуінде бір атадан тараған Қалқабай мен Тәнекенің ұрпақтары ауызбірлікте болуын, өз кіндігінен тараған ұрпақтары болыстыққа сайлануын қалапты. Тілегі қабыл болғаны тарих айқындап берді. Сарыұлы Бөрібай батырдың өмірге жаралуы туралы Н.Пантусов: «Бөрібайдың анасы сәуегей болған. Ұзақ мерзім ұл бала көтермей жүреді. Бір күні түс көреді. Түсінде: «Бөрі арланының бауыры мен етін же! Сонда ұлды боласың! Баланың есімін «Бөрібай» деп қой. Бөрі арланындай (господин волков) қаһарлы «батыр», еліңе «мырза» болады», — деген Қызыр ата аян беріпті. Бөрібайдың анасы Қызыр атаның айтқандарын толық орындайды.

 

  Қызыр атаның аяны дәл келеді. Бөрібайдың есімі исі Матай елі мен Орта жүздің ұранына айналған. «Бөрібай» деп ұрандаса болды, ел дүрлігіп, жиылып, бірігіп шыға келеді», — деп жазады. Н.Пантусовтың деректері Ресейдің географиялық қоғамында дәріпті хатталыпты. Яғни, протоколданған. Сондықтан нақты дәйекке жатады. Қасиетті аталар қорымын арда тұтып, ұқыпты қарағанның орнына, қалай болса, солай мал жіберіп, таптатып, ойрандалуда. Тәнеке батыр мазарында топталып сиырлар жатқанын көрдік. Тәнеке батыр бастауын Тәнеке батырдың Қожабегінің ұрпағы Гүлжан Мұқатайқызы маңайын тазартып, темір қоршаумен қоршатып, су шығатын бұлақ көзін ашып, мәрмәр таспен әдемі қалаттырып кетіп еді. Оның қоршауын малдар сүйкеніп бұзып, жан-жағын лайсаңға айналдыруда. Әруақтарды мазалау қазаққа тән қасиет емес еді ғой.

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ

01 Қыркүйек 2016 жыл