Аудан гербісі — әкімшілік-аумақтық бөлініс ретінде ауданның дәстүрлі ерекшеліктерін бейнелеген, оның әлеуметтік – тарихи жолын даралау мақсатында жасалған айырымдық белгі, рәміздік мәндегі таңба. 

Ақсу ауданы гербісін дайындау, аудандық Мәслихаттың хатшысы ретінде менің, С.Серпербаевтың  бастамаммен қолға алынған болатын. Арнайы жұмысшы тобы құрылып, гербтің алғашқы жобасы дайындалды. Жоба авторы жергілікті суретші Бұқарбаев Камалбек. Жоба жөнінде мамандардың, белсенділердің  ұсыныс-пікірлері жинақталды, талқыланды. Аудан гербінің  соңғы нұсқасы 2004 жылғы 20 ақпанда аудандық Мәслихаттың 6-шы сессиясында бекітілді.

 

Ақсу ауданының гербі

 

Аудан гербісі  елімізде осы жүйеде қалыптасқан негізгі бейнелеу түрі -шеңбер түрінде қалыптастырылды. Шеңбер және оның көк, сары жолақтармен  айқындалуы – ашық аспанды, күнді, күн шуағына бөленген аудан халқының ынтымағын,  береке- бірлігін білдіреді. Таңба ішінің жоғары  жағында тау шыңдары,  төменірек су толқындарының  бейнеленуі — ауданымыздың  жағрафиялық аймағы биік тау мұздақтарынан басталып, Балқаш көліне дейін созылып  жататынын көрсетеді. Су  толқындардың көбірек көрсетілуі – ауданымыздың  атауына негіз болған Ақсу және  басқа да өзендерді, жалпы су молшылығын ерекшелейді.  Аудан табиғатында  өзіндік  ортасы мен орны бар қыранның бейнеленуі және оның көкке қарай самғай көтерілуі-аудан халқының  әр кезде де табыстар биігіне өрлей беретін мақсаткерлігін көрсетеді...

Гербінің  ортасында қосарлана  бейнеленген кітап  парақтары мен домбыра – мол ұлттық  рухани байлығымызды, ғылым, өнер және  мәдениет  саласының барынша дамығанын,  тарих  бетінде  өшпес  іздерін  қалдырған  халқымыздың көптеген танымал тұлғалары шыққан  өңір  екенін білдіреді.   Шеңбер  ішінің  екі жағын  көмкерген  бидай масақтары аудан  экономикасының  негізгі саласы – ауыл шаруашылығы екенін айқындайды. Сонымен бірге, сол масақтардың дәндері,  ауданымыздың төл дақылы – қант қызылшасының  түбірлерін де бейнелеп тұр. Гербінің төмен жағын мемлекеттік  туымыздың  түсіндей ленталық жолақ көмкереді. Онда ауданымыздың атауы анық оқылады. Екі қапталындағы ою— бір жағынан ұлттық өрнек болса, екіншіден, аудан  тұрғындарының негізінен қазақ ұлты екенін білдіреді.

Бекітілген шешімге сәйкес, герб аудан аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелерде , мектептерде, кәсіпорындарда,  саяси-қоғамдық, салтанатты шаралар өтетін орындарда пайдаланылады.