Ақсу ауданының табиғаты

 

Туған жер, жерұйығым- Жетісуым,

Аралап Асан атам тіккен туын.

Жоны қар, қоңы қоңыр, бауыры бұлақ,

Қазақтар қоныс қылған қанша буын.

                      Ақын Сара Тастанбекқызы

 

Ауданның жер бедері,  табиғаты,  климаты,  өзен- таулары, өсімдік- жануарлары

 

Ауданның аумақтарын ерекшеліктеріне қарай сипаттасақ, оның жерінің оңтүстік- шығысын Жетісу Алатауының Қоңыртау, Қайрақкөл, Желдіқарағай таулары, солтүстік, солтүстік- шығыс және батыс бөлігін Тораңғықұм, Кемерқұм, Сымбатқұм, Күшікжал және Жалқұм шағылды алқабы  алып жатыр.

Ең биік жері- Солтүстік Жетісу Алатауы сілемінде (4075 м). Климаты тым континентті. Қысы суық, қаңтар айының орташа температурасы 10-15 С, жазы ыстық, шілдеде 20-23 С. Жауын шашынның жылдық мөлшері 250- 300 мм.

Гранит, мрамор,  Ілдерсай барий кен орындары бар. Топырағының басым бөлігі сұр, бозғылт сұр болып келеді. Аудан аумағында «Лепсі» қорықшасы (33 мың га) орналасқан.

Ауданның  солтүстік өңірі  (Ақсу, Басқан, Қаракөз, Ойтоған ауылдары) жазда жауыны аз, ыстық, қысы қатал болып келеді. Терістіктен соғатын “Ебі” мен “Сайқан” суық ауа толқындары әсерінен 30-40 градусқа дейін аяз болады.

Табиғат көрінісі

 

Солтүстік батыс, Батыс бөлігі (Матай, Құрақсу, Егінсу, Алажиде, Молалы аумағы) шөл, шөлейтті болып келеді. Шағыл-шағыл құм арасы құрғақшылыққа төзімді сексеуіл, тораңғы, жиде, шеңгел, жыңғыл сияқты бұтақты ағаштарға бай. Жазық жерлер мен ойдым-ойдым саздауыт ойпаттар еркек шөп, теріскен, ран, көкпек, изен-жусан, көк шалғынды. Көктем айларында қар суы кең жайылып, ояң жерлерде шабындық шөптің қаулап өсуіне жағдай туады.

Аймақтың қысы суық, аязды келеді, қар қалың түспейді, жазы ыстық, көктем, күз айларында құм үйірген қара құйын соққанда кейде көз аштырмайды. Солай дегенмен шағыл-шағыл жалаңбас құм төбешіктер қыс айларында ашық жататындықтан мал отарлауға қолайлы.

Даласы елік, ақ бөкен, қара құйрық, жабайы шошқа, қоян, сары шұнақ, тағы басқа аңдарға, қырғауыл, шіл, қаз-үйрек сияқты құстарға бай. Сондықтан ел арасында “бұта түбі-бір асым ет” деген мақал қалған. Ертеде бұл жерлерде құлан, жолбарыс болғанын аңыз етеді. Бәрі жойылып біткен. Тек “Басқан” мен “Ойтоған”   ауылдары арасында “Жолбарыс соққан” деген жер аты ғана ескерткішке қалған.

Құрақсу құмдары

 

Ауданның орталық бөлігі Қаратал ауданынан шығысқа қарай 100 шақырым шамасында созылып жатқан Қаратаудың солтүстік бөктерін алып жатыр. Бөктерді бойлап атақты “Жібек жолы” өтеді. Бұл өңірдің жері жазық, климаты қоңыржай. Жауын негізінен көктем, күз айларында жауады.

Басын Алатау мұздықтарынан алатын Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен сияқты ірі өзендер мен қатар суы мол Қызылағаш бұлағы, Ақешкі су қоймасы арқасында бұл  өңір судан тапшылық көрмейді.

Қаратау сілемдері. Ақсу ауданы

 

Аудан орталығы — Жансүгіров ауылының оңтүстік іргесінде қасиетті Қаратау ұзын керуендей шұбалып жатыр. Бұл таудың күңгейі мен теріскейі бірдей малға қоныс, өсімдігі құнарлы. Сай – сайында неше түрлі жемістермен қатар, беткейлерінде жергілікті ел тамаққа пайдаланатын тау сарымсағы бар. Жыраларынан шағын бұлақ-жылғалар сылдырап ағып жатады. 

Қаратау сілемдері. Ақсу ауданы

  

  Қаратаудан оңтүстікке қарай ары аттаған соң кең Сымтас, Ақадыр жазықтары көсіліп жатыр. Одан әрі –Баянжүрек. Жоңғар Алатауы мен Қасқарау таулы аңғары ортасында “Қос уыстай” болып жатқан бұл тау құрылымы жағынан шынында да жүрекке ұқсайды.      Қапал ауылынан күн шығыс бетте он шақырымдай жерден ірге көтеретін бұл таудың тасы “Рысбек” бейіті тұсынан бастап, “Ақтасты қора” қыстауынан 2-3 шақырымдай ұзап шыққанға дейін қара қорым тас та, одан әрі “Бүйен” өзеніне дейін оңы мен солында аса құнды қызыл гранит болып келеді.

Алты ай қыста бұл жерде қар жатпайды, аяқты малы тегістей жайылыммен шығады. Ақпан, қаңтар айларының өзінде бөктердегі бетегесі бөріктей  болып, қобырап жатады. Күнгей бетінің шөбі астынан көктеп көгеріп тұрады.  Беткей – беткейі толы арша мен қой-ешкінің ашырқана сүйсініп жейтін жерік отының бірі- қышқыл қылша керегедей болып биік өседі.

 

Баян Жүрек тауы,  Ақсу ауданы   

 

 «Баянжүректен» аттаған соң, тағы бір жазық — “Күреңбел” бел жазып жатыр. Ол  шығысында “Салқынбелден” басталып, батысында сонау “Жалаулы”, одан әрі ұлан-ғайыр кең жазыққа  ұштасады. Оңтүстіктен солтүстікке  қарай еңістеле келіп, Баянжүрек тауына тіреледі. Батысында Қапал, шығысында Бүйен өзенімен шектеледі Бел ортасында Қапал, оның батысында “Көшкентал”, шығысында “Баласаз” ауылдары. Бұл маңның климаты – қоңыржай. Жазы салқын. Қысында қатты аяз сирек болады. 

 

Күреңбел тауы,  Ақсу ауданы 

  

Ауданның оңтүстігінде кереге қорғанындай Ұлы Жоңғар Алатауы шекара шебіне шейін құлаш жайып жатыр.  Алатау баурайы “Альпінің көк шалғыны” дейтін балғын балауса. Шыңдарына қарай жарыса өскен қарағай мен шыршасы, үйір-үйір үйеңкі мен ырғай, емен, шынарлар,  қынай бел қайыңдар, бұраң бел сәмбі тал, шетен мен долана, бал татыған алмасы мен шиесі, тіл үйірген қара қарақат. Беткейлерінде түс киіздің өрнегіндей тұтасқан аршасы. Жазаң беткейлерінде ат тұяғын бояғандай дейтін қой бүлдірген, сайларында таң қурай, тауық көз сияқты уылжыған жемісі бар. Сай-жыраларында тікенді раушан, таушымылдық, шұғының гүлі, шырыш, зерек пен бүрген.

 Қоянкөз, Көпірлі, Қарасырық, Ақшұнақ жайлауларында марал-елік, шыңдарында топ-тобымен шұбырған тау теке мен арқар, еліктер. Алатаудың қарлы басында тау барысы, сілеусін, аю мен жабайы шошқа, қызыл түлкі мен сирек те болса, қара түлкі кездеседі. Тарғыл тасында құлжа, марал жайылады. Одан әрі ақбас шыңда қабыланға кездесесің. Қыран-құстан: бүркіт, лашын, қаршыға, тұйғын, ителгі, сұңқарлармен қатар, ұлар, кекілік, шіл, сияқты ұсақ құстары өріп жүреді.

Тау шыңдарында

 

 

ЖАЙЛАУЛАР

ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

 

 Баянжүрек, Суықсай, Арасаным,
  Жаз секілді кезінде қарашаның.
      Күшікарал, Баласаз, Күреңбелдер,

Өтті менің өзіңде бала шағым.

         Сарытау мен Салқынбел, Шағанбұғы,
   Жүрегімнің сендерде тамам мұңы.

 Екібілек, Бақалы, Қоянкөз шың
Атамакан, ұмытпа, балам, мұны.

           Бір басымнан жоқ шағым бағым безген,
             Ырыс-дәулет, бақыт та табылды өзгең...
       Қызылауыз, Жындысай, Шөлжотада,
               Болмайды жұт, алты ай қыс сағым кезген.

    Бауырсақтай торсиған Сайымбөлек,
       Кеңжайдақ пен Тесіктас жайың бөлек.
Жақсылықпен тұрасың тілеу тілеп,
   Күнім басқа дәл қазір айым да ерек.

  Көк жайлаудың Қарасаз нақ төрісің,
  Саған жетсем толады баққа өрісім.
          Көкпар тартып, қыз қуып, той тойладым,

Сылаң қаққан мініп ап ат перісін.

          Шатқал-шатқал маң далам, сайын далам,
     Тым ыстық-ау төбең мен сайың маған.
 Бүркітті мен Қасқарау, Зәуресайда,
          Мәңгі жайлар жылқым да, қойым да аман.

          ...Сал күреңмен Қыдыр жүр жұртты кезіп,
Барады әне қиырдан түрткі безіп.
      Сылдар қағып сынаптай Бүйен жатыр,
   Малта тасын Қораның құрт қып езіп.

 

 

Алатау басын су көздерінің мәңгілік ресурстары болып табылатын  мұздықтар басып жатады. Оның бауырынан Ақсу өңіріне құлай ағатын Ақсу, Басқан, Сарқан, Бүйен, Қарасу сияқты күретамыр өзендері және басқа да 50-ге тарта ірілі-ұсақты су көздері бастау алады.

Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейіндегі қазаншұңқырда Аболин мұздығы орналасқан. Ол Бүйен өзенінің жоғарғы бөлігінде.  Климаттың біртіндеп өзгеруіне байланысты мұздық кішірейе келіп, үшке бөлінген. Жалпы аумағы 4,6 шаршы шақырым. Мұздықтың теңіз деңгейінен ең биік жері- Аболин шыңы (4051 м). Орташа қалыңдығы 90 метр. Көлемі 0,36 текше шақырым.  Мұздық 1958 жылы Орта Азияны зерттеуші ғалым Р.И.Аболиннің есімімен аталады. 

 

Тау шыңдары

                             

Ақсу өзені

 

Ақсу өзені  — Жетісу Алатауының 4000 метр биіктігіндегі мұздықтардан бастау алып,  Балқаш көліне құяды. Ұзынды-қысқалы 132 саласы бар. Ұзындығы — 316 шақырым. Су жинайтын алабы — 5040 шаршы шақырым. Жылдық орташа су ағыны Жансүгіров ауылының тұсында — 11,2 текше м/с.

 

Ақсу өзені. Ақсу ауданы

 

Өзен жоғары ағысында тау аралық Қапал аңғарын кесіп өтіп, жазыққа шыққан соң көптеген саяз тармақтар мен арналарға бөлініп кетеді. Төменгі ағысында тарамдар, өзектер, көлдер мен батпақтар құрай отырып, Балқаш маңы жазығын кесіп өтеді. Өзен алабының мұз құрсану аумағы — 139, көлемі — 0,77 шақырым болатын 162 мұздық бар.

Негізгі салалары: Сарқан, Қожамберлі өзендері. 1930 жылдарға дейін Ақсу өзені Балқаш көліне құятын, кейіннен суын ауылшаруашылығы мақсатына көптеп пайдалануға байланысты Балқашқа жетпей, Құдымбай құмдарына сіңіп кетеді. Суы көктем мен жазда тасиды, осы кезде жылдық ағындысының 80 пайызы өтеді. Суы тұщы, минеральдар 0,2- 1,5 г/л аралығында. Минералдары химиялық құрамы жағынан гидрокорбанат класының кальций және магний тобына жатады. Суы егін, мал суаруға және техникалық қажеттіліктерге пайдаланылады.

 

Бүйен өзені

Бүйен өзені  — Аболин мұздығынан бастау алады. Ұзындығы 120 шақырым. Су жиналатын алабы 1200 шаршы  шақырым. Жылдық орташа су ағыны Сағабүйен ауылының тұсында 4,05 текше м/с. Суы тұщы (150-200 мг/л).

 

Бүйен өзені. Ақсу ауданы

 

Жазықта өзен арнасынан тартылған 15-ке жуық  каналдармен  егістік,  бау-бақша жерлері суарылады. 1940 жылы Ақсу ауданының егіс алқаптарын суару мақсатында  Бүйен суару жүйесі салынған. Оған Алатаудан шыққан Үлкен Бүйен, Орта Бүйен, Кіші Бүйен, Мұзбұлақ, Зәуре, Бүркітті және Салқынбел сияқты бұлақтардан су құйылады. Құрамында 3 бас тоған, 33,1 шақырымға созылған каналдары мен арықтары, 4 гидротехникалық қондырғысы бар.

 

Басқан өзені

 

Басқан өзені  — Сарқан және Ақсу аудандары арқылы өтеді.  Үлкен және Кіші Басқан өзендерінен құралады. Ұзындығы 137 шақырым, су жиналатын алабы — 2,7 мың шаршы шақырым.

 

Басқан өзені. Ақсу ауданы

 

Бастауын теңіз деңгейінен 4000 метр биіктегі Жетісу  Алатауының орталық бөлігіндегі мұздықтардан алып, таулы шатқалдардан  сарқырай  ағып  өтеді де,  жазыққа  шыға баяулайды. Өзенде еріген мұздықтардан жиналған түрі жақсы байқалады, арнасындағы түрлі тасынды тау бөктеріне шөгеді. Төменгі жылғасы Аралқұм құмына сіңіп кетеді.

Суы тау етегіндегі егістікті суаруға жұмсалады. Басқаннан 10-ға жуық суару каналдары тартылған, 12,3 мың га. жерді суғаруға пайдаланылады.

 

Қызылағаш өзені 

  Қызылағаш өзені  —  Ақсу ауданының жерімен ағады.  Жетісу Алатауының  батыс сілемі — Қаратау тауларынан  басталып, Молалы темір жол стансасының солтүстік батысындағы 25 шақырым жердегі Үшкөл  көліне құяды. Жоғарғы арнасы тар, тау шатқалымен ағады, Аңғары кең, тік жарлы,  ұзындығы 117 шақырым.  Күреңбел  (Қорымбел) қонысы  аумағында  арнасы  біршама кеңейеді, жағалауы  жарқабақты  келген. Орта ағысы жонды-белесті, сайлы-жыралы өңірмен өтеді.  Мұндағы  жағалауы  жарлауытты.  Қызылағаш  бөгенінен  төменде арнасы кеңейеді, алабы  жазық  жермен  өтеді.  Жер  асты,  жауын-шашын суларымен толығады.  Жалпы  ұзындығы — 190 шақырым болатын 140 саласы бар және алабында шағын 8 көл орналасқан.

 

Қызылағаш өзені. Ақсу ауданы

 

Ірі салалары: Мұзбұлақ, Біртоған,  Қапал, Ақтұма,  Шыңбұлақ. Сондай-ақ,  Қызылағаш бөгенінен  төменде  Егінсу,  Ақешкі  және Құрөзек тарамдарына ажыратылады. Су жиналатын  алқабы — 2430 шақырым.  Жылдық  орташа су, Қызылағаш ауылы тұсында — 2,16 м³/с.  Суының булануы жоғары,  құрамында  органикалық  заттар бар.  Суы  егістікке, жайылмасы шабындық және жоғарғы алабы мал жайылымына пайдаланылады. 

 

Ақешкі өзені

 

Ақешкі өзені -  Ақсу ауданы жерімен ағады, Қызылағаш өзенінің сол саласы. Жетісу Алатауының сілемдерінің бірі, Ошағанды тауынан басталып, Үшқара тауы етегіндегі құмға жете бере тартылып қалады.  Ұзындығы — 92 шақырым. Су жинайтын алабы — 847 шаршы  шақырым.  Төменгі сағасы қараша-сәуір айлары аралығында қатады. Ауыз суға жарамды, негізінен бау-бақша суаруға пайдаланылады. Жылдық орташа ағыны — 0,43 м/с.  Өзенде  1978 жылы Ақешкі су қоймасы іске қосылды. Оның ұзындығы — 2,2 шақырым, судың сиымдылығы — 4,6 млн.текше м. 8 гидротехникалық қондырғы мен 1 бас тоғаны бар, 462 га жерді суарады.

 

Құрақсу көлдер жүйесі

Құрақсу  көлдер  жүйесі – Ақсу ауданы аумағында,  Ақсу  өзені сағаларының екі жағында (Балқаш көлі бассейні), Құрақсу каналынан бастап, оның сағаларына дейінгі аралықта бірнеше шақырымға созылып жатыр. Көлдер көктемгі  су  тасу  кезінде өзенмен байланысы болып, төмен түскен құм төбелердің аралықтарынан жəне Ақсу өзенінің ескі арналарынан суға толады.

Құрақсу  көлдер  жүйесіне  Рай көлдері, Баклан көлі, Сарыкөл жəне Қоқышкөл  кіреді.  Қазіргі  кезде Баклан көлдерінің жартысы арқылы өзен арнасы өтеді.  Барлық көлдер тұйық жəне ағыссыз, өзеннің сол жəне оң жағалауынан шамамен 2-3-тен 5-6 км-ге дейінгі қашықтықта орналасқан.

Рай көлдерінің бірі.  Ақсу ауданы

  2010 жылы Құрақсу көлдер жүйесіне  жүргізілген зерттеулердің нəтижесі көрсеткендей, мұнда тұқытəрізділер, жайынтəрізділер, тұқытістəрізділер жəне алабұғатəрізділер отрядтарына жататын, 4 тұқымдасқа біріктірілген, 10 түрлі балықтың  (тыран,  ақмарқа,  мөңке,  ақ амур, сазан, амур шабағы, каспий қаракөзі, жайын, медака, балқаш алабұғасы, көксерке) өкілдері мекендейтіні анықталды.  Ихтиофаунаның  басым  бөлігін  каспий қаракөзі, сазан жəне көксерке балықтары құрайды.

 

 

Ақсу ауданы табиғат көріністерінен