Кітаптың өткен жолғы беттерінде  жоғарыдағы тақырыппен берілген осы тарауын, ары қарай  ауданымыздың өткен ғасырдың  60-шы жылдарынан бергі  өсіп-дамуы   жағдайы  деректерін көрсету арқылы  жалғастырамыз. Оны баяндауды жаңаша  формада, яғни , сол жылдары  ауданның бірінші басшысы болған азаматтардың  өз қызметтерін  атқарған уақыттарына ыңғайлап,   сол  кезеңдегі   аудан көлемінде жүргізілген  жұмыстар ауқымын көрсету арқылы беріп отырмын.  Ал,  сол азаматтардың  өмірбаяндарын алдағы уақыттарда жеке беретін боламын.

    *     *     *    *    *

Ақсудың таулары тарих, даласы дастан

۞ Өткен ғасырдың 60-шы жылдары басынан Ақсу ауданы өмірінде де келелі өзгерістер, экономикасының өркендеуінде үлкен бетбұрыс, оңды шаралар атқарыла басталды. Соғыстан кейінгі жылдардың қиыншылықтарынан, тапшылығынан өткен халықтың әл-ауқаты біршама жақсарып, еңселері көтерілді. Алдағы жарқын болашаққа — «коммунизмге» сенімдері мол болған олар, сол мақсатта аянбай еңбек етті. Көпшілік, әсіресе жастар тарапынан оқуға, білімге құштарлық артып, үлкен ұмтылыс жасалды. Мәдениет пен өнерге жақсы көніл бөліне басталды. Еліміздің билік саласында реформалар жүргізіліп жатты. Бір мезеттегі партия ұйымдарын өндіріс салаларына бөлу, территориялық-ауылшаруашылық басқармаларын құрып, оларды партия органдарынан жоғары қою және ауылшаруашылық өндірісін өркендететін қуатты әкімшілік — басқару орнына айналдыру тәжрибесі сәтті болмады. 1964 жылы министрліктер, біріктірілген облыс, аудандар қайтадан бұрынғы қалпына келтіріледі.

Тоқтарбек Кәрібжанов


Тұрсын Махметов

Сол жылдары ауданды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде есімдері ел ішінде құрметпен аталатын МАХМЕТОВ  ТҰРСЫН және КӘРІБЖАНОВ  ТОҚТАРБЕК  басқарды. Олармен бірге, әріптестері ретінде аупарткомның екінші хатшылары Бәтима Сақауова, Сулеймен Кыбыраев, үшінші хатшысы Халел Иманалиев, аудандық атқару комитетінің төрағалары Ғазез Ұрмұрзин, Өмірбек Жампейісов, орынбасарлары–Ғафу Шүйіншалиев, Әбсемет Кенжебаев, аудандық комсомол комитетінң бірінші хатшысы– К.Сламжанов, Асылмұрат Тұрғанбеков сынды азаматтар қызмет атқарды.

 

Осы тұстағы аудан өміріндегі ең айтулы да, аса маңызды оқиға — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1964ж. 30 мамырдағы Жарлығымен (қол қойғандар: Президиум төрағасы И.Шәріпов, хатшысы Б.Рамазанова) аудан орталығының Ақсу ауылынан Абакумовка (Тасбекет) ауылына көшірілуі болды. Осы шараның аудан үшін көп тиімділігі болды. Біріншіден, Ақсу ауылындағы үйлер, әкімшілік пен әлеуметтік мекемелері ғимараттары тозған, өзі «ұзын  транспорт жолынан»  сырт қалған мекен еді. Оның үстіне,  осы жылдың қысында қар қалың түсіп, көктем ерте шығып, күн күрт жылынып Ақсу ауылы қар суы апатына ұшырады. Көптеген үйлер құлап, кейбір отбасылар үйсіз, мекемелер кеңсесіз қалды. Екіншіден, жаңа аудан орталығы болғандықтан поселкені қала үлгісінде жобалап, әлеуметтік, әкімшілік объектілерін жаңадан салуға өкімет тарапынан көп көмек алуға мүмкіндік туды. Оның үстіне, осы тұста сол Абакумов ауылында жаңадан қуатты қант зауыты салынып жатқан. Соған байланысты көптеген әлеуметтік бағыттағы ғимараттар, тұрғын үйлер салумен, т.б. күрделі құрылыстармен айналысып жатқан кәсіпорындардың қуаты жаңа орталық қажеттілігіне барынша пайдаланылды. Соның нәтижесінде, Жансүгіров поселкесі бүгінде облыстағы аудан орталықтарының ішіндегі сәнді, әдемілерінің бірі болып саналады Және де жаңа орталық Алматы-Өскемен автомобиль жолының үстіне орналасқандықтан халықтың жан-жаққа қатынасуына, халық шаруашылығы жүктерін елдің әр түкпіріне тасымалдауға аса қолайлы еді. Осы автомобиль жолы Алажиде, Молалы станциялары арқылы ауданды Түрксіб теміржолымен тікелей байланыстыратын. Ауданды орталықтан басқару да әлдеқайда оңайлатылды. Аудан орталығына  ИЛЬЯС ЖАНСҮГІРОВТЫҢ  есімі берілді.

Ақсу қант зауыты

Сол Ақсу қант зауытының іске қосылуы — мыңға жуық жұмыс орындарының ашылып, аудан тұрғындарының саны өсуіне, тұрмыстық — әлеуметтік жағдайларының күрт жақсарып, мәдениетінің өріс алуына ерекше әсер етті. Көп қабатты үйлер, көптеген әлеуметтік маңызды ғимараттар салынып, қала үлгісіндегі жаңа кент бой көтерді. Оның аумағында орналасқан барлық тұрғын үйлер, ғимараттарға ауызсу, жылу, канализация жүйелеріне қосылды. . Құрылыс жұмыстарының көлемінің молаюына байланысты ауданда жылжымалы-механикаландырылған №16 және №100 құрылыс колонналары, жөндеу — құрылыс участогы, екі автокәсіпорын, «Сельхозхимия» мекемелері ашылды. Зауытты қант қызылшасы шикізатымен қамтамасыз ететін бірнеше жаңа кеңшарлар құрылды. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дами бастады.

Осы жылдары көрші Қапал ауданының жартысы Ақсу ауданына қосылып, ол едәуір іріленді

1964ж. Ойтоған ауылында алғашқы рет Ілияс ақынның туғанына 70 жыл толу мерейтойы үлкен деңгейде мерекелік шара ретінде аталып өтіп, оған Ілиястың сүйікті жары ФАТИМА ҒАБИТОВА  балаларымен, атақты қазақ қаламгерлері Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов бастаған көптеген ақын-жазушылар қатысты. Осы жылы «Діңгек» ауылында тұңғыш рет ауыл спортшыларының аудандық І-ші спартакиадасы өткізілді.

1967ж. сирек кездесетін оқиға–ауылдық жерде, Ақсу ауылында арнаулы орта оқу орны-Ақсу құрылыс техникумы ашылып, құрылысшы мамандар дайындала басталды. Оның өзі оқушы-студенттер күшімен ауылдарда құрылыс жұмыстары ауқымын арттыруға, ауылшаруашылық жұмыстарын атқаруға және аудан мәдениетінің өсуіне көп септігін тигізді.

 

Сүлеймен Қыбыраев

۞ Ауданды 1970-73жж. оған дейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған ҚЫБЫРАЕВ СҮЛЕЙМЕН басқарды. Оны аудан тұрғындары және әріптестері іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, талап қойғыш басшы, адамгершілігі мол азамат ретінде бағалап, еске алады. Онымен бірге аупарткомның екінші хатшысы болып Төлеутай Әзімханов, хатшысы-Майнұр Қоңырбаева, бөлім меңгерушілері- Зейнеп-Ғабиден Исмаилов, Бейсебек Қорғанбаев, Рашид Дәулетұлы Сүлейменов, Сымжан Қалабаев, аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы-Владимир Федорович Костин, оның орынбасарлары болып-Ғалымбек Сейілханұлы Омарханов, Қойшан Ибрагимқызы Құдайбергенова еңбек етті. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Зура Дүйсенқызы Молдабаева болды.

Осы жылдары ауданда ауылшаруашылығын жұмыстарын механикаландыруға  үлкен бетбұрыс жасалады, әсіресе қант қызылшасын өсірудегі ең ауыр жұмыстары –оны қолмен суарудың орнына жаңбырлатқыш агрегаттарды қолдану, жиын-терін жұмыстарында комбайндарды пайдалану жүзеге асырыла бастады. «Қосағаш», «Жаңақоғам» шаруашылықтары аймағында бірнеше артезиан құдықтары қазылып, пайдалануға берілді.

С.Қыбыраевтың тікелей бастамасы және басшылығымен республика көлемінде алғашқы тәжрибе ретінде ауданның қызылша өсіретін жеті шаруашылығында жаз айларында жұмыс істейтін мектеп оқушыларының еңбек және демалыс лагерлерін құру қолға алынып, олардың жалпы саны 24-ке жетті. Олар қызылша плантацияларының жанына орналастырылып, әрқайсысында спорт алаңдары, жазғы кинотеатр, демалыс бөлмелері жабдықталды. Лагерь үйлерін салуға қаражат әрбір шаруашылықтар есебінен бөлініп, ал оған керекті төсек-орындар, басқа да жабдықтар мен азық-түліктерге, мұғалімдер мен тәрбиешілердің еңбек ақыларына қаражат облыстық кәсіподақ ұйымының есебінен жұмсалып отырды. Оларда екі мыңға тарта оқушылар демалып, тынықты және 1.5 мың гектарға дейін қант қызылшасы егістіктерін күтіп баптап отырды. Олардың жұмыс тәжрибесі деректі кинофильмге түсіріліп, бүкіл Кеңес Одағына озық тәжірибе ретінде насихаттады. 1972ж. «Діңгек» кеңшарындағы «Орленок» лагеріне ұлтымыздың мақтанышы, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың келуі аудан өміріндегі үлкен оқиға болды.

Ауданда салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қомақты жұмыстар атқарылды. Барлық шаруашылықтарда бие байланып, дайындалған өнімдері аудан орталығында жаңадан ашылған «Қымызханаға» өткізіліп отырылды. Шаруашылықтарда,  өндіріс, оқу орындарында көркемөнерпаздар ұжымдары тұрақты жұмыс істеді, жыл сайын көркемөнерпаздардың аудандық байқаулары өткізіліп, «әжелер», «оқу озаттарының» слеттері сияқты тәрбиелік шаралар, спорт жарыстары тұрақты өтіп тұрды.

 

         Мәжен              Өнербеков 

 

 

۞ 1973-76жж. аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы  ӨНЕРБЕКОВ  МӘЖЕН  болды. Осы жылдары да аудан экономикасы тұрақты түрде алға дами берді. М.Өнербеков қызметінде адал, еңбекқор, іскер, көпшілікке сыйлы басшы-азамат болды. Ауданның басшы – кадрларына, мамандарына әділдік және сенімділік көрсете біліп, олардың негізгі құрамы сақталып, қызметтерін атқара берді. Орталық саябақтың негізі қаланып, әртүрлі ағаштар отырғызылды және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына биік обелиск орнатылды. Аудандық мәдениет үйі жаңа салынған екі қабатты ғимаратқа орналасты.

 

 

   

Ғалым  Тұрғамбаев

  ۞  Ауданды 1976-85жж. аупарткомның бірінші хатшысы болып  ТҰРҒАМБАЕВ  ҒАЛЫМ   басқарды. Осы жылдары оның жанында аупарткомның екінші хатшылары Қажымұхан Есімханов, Олег Михайлович Медведев, хатшылары Мәриям Айтбайқызы Байқанова, Роза Оспанқызы Кәрібжанова, Жангелді Заманбеков,  бөлімдер меңгерушілері Ж.Б.Жексембинов, М.Б.Самихов, Қ.Қ.Жазылбекова, С.Ш.Қалабаев, А.С.Сеңкібаева бірлесе қызмет атқарды. Аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағалары Евгений Иванович Шелепанов, Василий Иванович Осипов, олардың орынбасарлары Ғалымбек Сейілханұлы Омарханов, Зура Молдабаева, Манат Әбдрахманова, Жанаш Жарылғапов, Әйкен Садуақасов, ауылшаруашылық басқармасының бастығы Жомартқали Баясылұлы Жексембинов, Асқар Жазылбеков, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылары Қазила Шоқпарбаева, Асқар Жазылбеков, Қасымхан Сауранбаев болды.

         Ақсу қант зауыты. Қызылша қабылдау алаңы

Осы жылдары ауданның барлық саласында оңды өзгерістер молынан болды. Әр жұмыс саласы бойынша басқару штабтары құрылып, басшы-мамандардың тікелей жауапкершіліктері арттырылды. Аудан егіншілігінің басты дақылы болып саналатын қант қызылшасы өнімділігін көтеру мақсатында жүйелі түрде ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Оны өндірудің жаңа технологияларын енгізу мақсатында семинар-кеңестер көптеп өткізілді, нәтижесінде оны себудің, суарудың, жинаудың ұтымды әдістері кеңінен енгізілді. Жаңа маркалы, жоғары өнімді техникалар алынып, қол жұмыстары мүмкіндігінше механикаландырылды. 1978 ж. қант қызылшасын өндірудің аудандық жоспары алғаш рет орындалды. Оның өнімділігі жыл сайын өсіп, қант зауытына 200 мың тоннаға дейін тәтті түбір өткізіліп отыруға қол жеткізілді. Ақсу қант зауытының жұмысы жақсарып, сапалық көрсеткіштері жақсы көтерілді. Оның негізгісі болып табылатын қант шығымдылығы 6-7 пайыздан 10-12 пайызға дейін өсті. Зауыттың жылу-энергия орталығы қайта жасалып, сұйық отынды пайдалануға көшірілді.    Қант зауыты өз саласында Одақ көлемінде үздіктер қатарына қосылды.

               Д.Қонаевтың Ақсу ауданына келуі

Мал шаруашылығында еңбек етушілер арасында малшылар топтары құрылып, олар саяси, мәдени-көпшілік, тұрмыстық қызмет көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің ұтымды әдісі болып қалыптасты. Осыған негізделіп үгіт-насихат залдары, моншалары бар малшылар үйлері салынды. Сүт-товарлы фермалары жұмысына қатаң бақылау қойылды. Жемшөп дайындаудың озық технологиялары енгізілді. 1983 жылы аудан СОКП Орталық Комитеті мен ССРО Министрлер Кеңесінің Қызыл туына ие болды.

Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны өсіп, жаңа мектептер, көптеген әлеуметтік маңызы бар ғимараттар, халықтық құрылыс әдісімен орталық базар, Діңгек суқоймасы салынды. Азаматтық қорғаныс құрылымдарын пайдалану арқылы аудан орталығындағы, елді мекендер арасындағы көптеген жолдар жөнделді. Жансүгіров поселкесінің орталық алаңы жаңаша өзгертіліп, В.И.Лениннің ескерткіші, І.Жансүгіровтың мүсіні, сағат мұнарасы қойылды. Аупартком ғимараты кеңейтілді.

                     Ақсу аупарткомының ғимараты

Осы жылдары партиялық-ұйымдастыру, саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарының ұтымды әдістері енгізіліп, олардың нәтижелігі артты. Бастауыш партия ұйымдарына «Сенбілік шығулар» ұйымдастырылып, оларға практикалық көмек көрсету құралына айналды. Әр айдың 13-күні әр ауылда тұрғындар жиналысы өткізіліп, қоғамдық тәртіп сақталу жағдайы талқыланып отырды. Әр онкүндікте малшылар топтарының жиналыстары өткізіліп отырды. Малшыларға барлық қажетті заттармен жабдықталған автопоездар шығып тұрды. Әр шаруашылықта көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысы жанданып, олардың жыл сайын аудандық байқаулары өткізіліп отырылды, ал өз кезегінде аудандық көркемөнерпаздар облыстық байқаулардың тұрақты жеңімпазы болып отырды. 1984ж. «Қоқты» жерінде І.Жансүгіровтің 90 жылдығы ерекше салтанатпен, театрландырылған көріністермен жоғарғы ұйымдастыру деңгейінде өткізілді. Шопандар слеттері, «Қызыл керуен», «Қысты шығарып салу», т.б. мерекелер де өткізіліп отырылды.

     Наурыз Қылышбаев

 ۞  ҚЫЛЫШБАЕВ  НАУРЫЗДЫҢ Ақсу аупарткомның бірінші хатшысы болып қызмет еткен 1985 (қазан айы) -1992жж. ауданның экономикасы, әлеуметтік, жағдайы жаңа даму сатысына көтерілді. Ауданның басшылық қызметінде онымен әріптес болып аупарткомның екінші хатшылары Татьяна Андреевна Ткаченко, Владимир Георгиевич Сачков, Серікбек  Серпербаев (алдында партиялық-ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған); үшінші хатшысы Сәбит Бейсебекұлы Қорғанбаев; бөлім меңгерушілері С.Ш.Қалабаев, Ж.Сахметов, А.С.Сеңкібаева, С.Қалибеков, Ж.Молдағалиев, Ж. Тойшыбеков; аудандық атқару комитетінің төрағалары В.И.Осипов, А.В.Павлий; олардың орынбасарлары М.Абдрахманова, Р.Разбаев, Д.Қуатбеков; аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы А.Жазылбеков, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылары болып Қ.Шоқпаров, Л. Сүлейменова қызмет атқарды.

                                 Егістік алаңында

Осы жылдар елімізде қайта құру, жариялалық саясатының, демократиялық процесстердің басталып, еліміздің егемендікке қол жеткізген кезеңімен тұспа-тұс келді. Яғни партиялық-ұйымдастыру, саяси-көпшілік ауқымды жұмыстары да осы мақсаттарға бағытталды. Аудан шаруашылықтарында, кәсіпорындарында шаруашылық есеп, арендалық, отбасылық-мердігерлік әдістерді кеңінен енгізу мақсатында экономикалық оқулар, семинарлар тұрақты түрде өткізіліп отырды. Материалдық ынталандыру мен соңғы еңбек нәтижесі өздерінің еңбегіне, іскерлігіне, жауапкершілігіне байланысты екенін жақсы түсінген еңбеккерлер барлық салада тұрақты түрде жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды. Қой шаруашылығында қойды ерте қоздату, төлдерін бөліп бағу-жемдеу, жемшөп саласында көпжылдық шөптердің үлесін арттыру сияқты озық әдістер кеңінен қолданылды. Қант қызылшасының түсімділігі тұрақты түрде жоғары болып, мемлекетке тапсыру жоспары жыл сайын орындалып отырды. Осы жылдары қызылша алқабында жұмыс істеуге  Талдықорған қаласынан адам күшінен көмек алу тоқтатылды. 1987 жылы СОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің Қызыл туын екінші рет жеңіп алған аудан еңбеккерлерінің мерейі ерекше артты. 1986-90 жылдары бесжылдық жоспар ауданның барлық салалары бойынша толық орындалды.

Аудан бойынша «Тұрғын үй- 91», «Денсаулық», «Мектеп», «Жемшөп-белок», «Қамқорлық» сияқты әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар қабылданып, жүзеге асулары қамтамасыз етілді. Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны одан сайын артты. Бірнеше жаңа мектептер салынып, ауданның орта және орталау мектептерінің бәрі толығынан типті ғимараттарға орналастырылды. Көптеген ауылдық емханалар іске қосылды. Сол сияқты, ауданның барлық шаруашылықтар орталықтарына асфальт жолдар салынуына қол жеткізілді. (Қызылту ауылы жолынан басқа).

Аудан орталығы–Жансүгіров поселкесін абаттандыру, сәнді жақсарту мақсатында айтарлықтай жұмыстар жасалды. Жаңадан аудандық поликлиника ғимараты, үлкен кондитерлік цех, ардагерлерге арналған «Ілтипат» дүкені, автобус аялдамалары салынып, пионерлер үйі, саз мектебі іске қосылды. Аудан паркі — саябағы уақыт талабына сай қайта жөнделді, ондағы жұмыстар «халықтық құрылыс» әдісі бойынша мекемелердің, тұрғындардың белсене үлес қосуымен атқарылды. Соның нәтижесінде, саябақ ішінде жазғы кинотеатр, би алаңы, балалар темір жолы мен ойын алаңдары, жазғы кафе, қымызханалар, суға түсу бассейні, шымдары тасылып, қолмен қаланған футбол алаңы, жүгіру жолы, садақ ату тирі жасалды. Парктің айналасы әсемденіп безендірілді. Осындай әдіспен қант зауыты маңынан үлкен стадион салынып, оған Сихымов батырымыз есімі беріліп, жанында сауна-моншасы бар «Батыр» спорт залы салынды. Спорттық кешендер мен алаңдар барлық ауылдарда салынды, ауылдық спартакиадалар тұрақты өткізіліп отырылды. Ауыл жастарының бірінші облыстық спартакиадасы біздің ауданымызда өткізілді.

Осы жылдары «Күзгі жәрмеңке», ауылшаруашылығы жетістіктерінің көрмесі, ақын-жазушылардың мерейтойлары, т.б. салтанатты шерулер дүркірей өтіп жатты. Барлық шаруашылықтарда дерлік жастар орталықтары (ғимараттар), спорт алаңдары, сауна-моншалар салынды, ал жай моншалар малшылар қыстақтарының басым көпшілігіне жетті. Аудан көлемінде атақты айтыс ақынымыз Қуат Терібаевтың 100 жылдығы ерекше аталып өтіп, соған дайындық шеңберінде Көкөзек ауылында оның есімі берілген Мәдениет үйі іске қосылды және басына кесене отырғызылды.

Алғашқы рет мерейтой ретінде ауданның 60-жылдығы облыстық деңгейде аталып өткізілді. Екі күнге белгіленген мереке бағдарламасы бойынша паркте қазақ үйлер тігіліп, қонақастары берілді. Өнеркәсіп және азық-түлік тауарларын сатудан жәрмеңке, ұлттық қолөнер көрмесі өткізілді. Шаруашылықтар арасындағы социалистік жарыстың жылдық қортындылары шығарылды. Аудандық лоторея ойыны өткізіліп, бас ұтысқа УАЗ автомашинасы қойылды. Сағабүйен ауылында арнайы жасалған жаңа ипподромда ат бәйгесі өткізілді. Өткізілген ақындардың айтыс сайысы республикалық деңгейдегі алғашқыларының бірі болды. Мемлекеттік мейрамдар орталық алаңда театрландырылған көріністермен, спорттық-аэробикалық бағдарламалармен мәнді де сәнді болып өткізіліп отырылды. Екі-үш күндік бағдарламамен аудандық спартакиадалар, сол сияқты сушылар, малшылар, сауыншылар, әйелдер слеттері жыл сайын өткізіліп отырды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімшесі, жергілікті ақын-жазушылардың АҚҚҰС бірлестігі, азаматтық «Азат» қозғалысының аудандық ұйымы құрылды. 1990-92 ж.ж. аудандық «Ақсу ажары» телестудиясы құрылып жұмыс істеді. Ол күн сайын аудан өмірі мен жаңалықтарын теледидар арқылы насихаттаудың ұтымды түріне айналды, жаңа бейнефильмдер көрсетіліп тұрды.

Аудандық партия ұйымының ұйымдастыру-партиялық жұмысы және кадрлармен жұмысы облыс деңгейінде үлгілік-базалық дәрежеге өсіп, тәжірибе алмасу орталығына айналды. Бірнеше облыстық семинарлар, «дөңгелек столдар» өткізіліп, Одақтық, республикалық басты партия басылымдарында арнайы мақалалар жарияланып, жеке кітапшалар шықты. Бюро отырыстарында, Пленумдарда коммунистердің, басшылардың жеке есептері тыңдалып, мінездемелері бекітіліп отырды. Мекемелер басшыларын, партия ұйымдары хатшыларын, қоғамдық ұйымдар жетекшілерін конкурстық негізде сайлау жүйелі түрде жүргізілді. Партия қатарында жоқ адамдарды басшылық қызметтерге тағайындау тәжрибесі алғашқы рет біздің ауданда қолға алынды. Бастауыш партия ұйымдарының талқылау-ұсыныстарымен жастар қатарынан жариялалық түрде кадрлар резерві дайындалды. Оларды мықты басшылар жанында тәжрибеден өткізу, олардың өздерін «уақытша алмастыру», қоғамдық-саяси жұмыстарға араластыру әдістері арқылы методикалық-практикалық тұрғыдан оқып-өсулеріне тиісті жағдайлар жасалды. Олардың соңғы лебі бүгінде де ауданда басшы жауапты қызметтер атқарады.

Сол жылдары аупартком бөлімдерінде С.Несіпбеков, Ә.Қанабеков, Б. Иманқұлов, А.Мәстекбаева А.Оңғарбаева, К.Сақалбаев, З.Г.Перова, А.Ла, А.Хизиров, С.Нарышевар қызмет етті. Сол сияқты, ерлі-зайыпты Сайлаубай Тәңірбергенов пен Күлән Әбдірахманова бірі шофер, екіншісі жалпы бөлімнің маманы ретінде 25 жылдай аупарткомда үздіксіз еңбек етіп, құрметпен зейнеткерлікке шыққан. Ұзақ жылдар үздіксіз қызмет атқарған техникалық қызметкерлер Т.Құсмолдина, Р.Садыкова, Дәуітовтердің еcімдері де құрметпен аталады.

       Сағатбек Тәжиев

 ۞ 1991 жылы елімізде мемлекеттік биліктің жаңа үлгісі — әкімдіктер құрылды. Ауданның тұңғыш әкімі болып  ТӘЖИЕВ  САҒАТБЕК  тағайындалды. Ол уақыт кеңестік шаруашылық жүргізу әдістері тұралаған, ел өміріне нарық талаптары жаңадан еніп, адамдардың кеңестік дәуір ахуалынан, тәртіп-заңдарынан, психологиясынан арылуы қиын болып жатқан кез болатын. Ауданымыз ауыл шаруашылығы бағытында болғандықтан шаруашылықтарды жекешелендіру, тарату саясатын жүргізуге тура келді. Шаруашылықтарда «бартерлік» әдіс кеңінен жайылып, олар кедейлене бастады. Барлық салада экономикалық көрсеткіштер төмендей берді. Сондықтан, халықтың әлеуметтік–экономикалық жағдайын күйреттпеу, көңіл-күйін түсірмеу- басты басты назарға алынды. Астық пен қант қызылшасының егіс көлемін кемітпеуге, мал басын аман сақтауға күш салынды. Франциядан қант қызылшасын күтіп баптауға түрлі заманауи техникалар алып келінді... Ақсу қант зауытына жылына 80–120 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өткізу қамтамасыз етілді. Сонымен бірге, ауданда ауқымды мәдени іс–шаралар да өткізіліп отырды.

1994ж. І.Жансүгіровтің 100 жылдық, Ақын Сараның 115 жылдық мерейлі тойлары республикалық деңгейде атап өтілді. Ақсу қант зауытының клубына Ақын Сара есімі беріліп, оның алаңында Мәскеуде арнайы жасалған биік мүсіні орнатылды. Ақынның есімі Қосағаш ауылына да беріліп, алматылық сәулетшілер қолымен жасалған мүсіні қойылды. Ауданда алғашқы мешіттер ашыла бастады.

 С.Тәжиевтің әкімшіліктегі әріптестері болып бірінші орынбасары Қалимолда Байболов, орынбасарлары Қасымхан Сауранбаев, Бағжан Айманбетов, аппарат жетекшісі Асқар Дүйсембайұлы Исаев, бөлім меңгерушісі Болат Иманқұлов бірлесе қызмет атқарды. Ауылшаруашылығы басқармасында басшылықты Е.Рахманов, Б.Жұмағалиев, Ж.Заманбеков жүргізді. Осы кезеңде құрылып, кейіннен таралып кеткен халық депутаттарының аудандық Кеңесіне жетекшілікті Сәбит Бейсебекұлы Қорғанбаев атқарды. Қазақстан Жастар одағының аудандық бөлімінің жетекшісі Күляйхан  Дәулетбекова болды.

 

   Қалимолда Байболов

۞  1995ж. аяғында аудан басшылығы тізгінін әкім болып тағайындалған  БАЙБОЛОВ  ҚАЛИМОЛДА

алып, 2002ж. дейін қызмет атқарды. Онымен бірге бірінші орынбасарлары болып Асылмұрат Тұрғанбеков, Жанат Тойшыбеков, Серікбек Серпербаев, орынбасарлары болып Жанна Байғалиқызы Мырзақасымова, Орал Сердалықызы Исанова, Аман Бабағалиұлы Балғабаев, аппарат жетекшісі Асқар Дүйсенбайұлы Исаев, бөлім меңгерушілері Ж.Молдағалиев, К. Дәулетбекова, Б.Иманқұлов қызмет атқарды. Аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Ж.Заманбеков болды.

      Н.Назарбаевтың Ақсу                   ауданында болуы

Қ.Байболовтың басшылық кезеңі халықтың нарықтың қатаң талаптарына бейімделуіне байланысты болған ең қиын шағына және жаңа облыс орталығынан (Алматы қаласы) шалғайда, көмектен сырт қалып, аудан экономикасының құлдырауының төменгі шегіне жеткен уақытпен сәйкес келді. 1996-97жж. облыстың Қапал және Бөрлітөбе аудандары таратылып, олардың 9 поселкелік, ауылдық округтері Ақсу ауданына қосылып. ауданның жер көлемі ерекше ұлғайды. Шаруашылықтардың соңғылары тарап, ондаған-жүздеген жеке ұсақ шаруашылықтарға айналды. Бұрынғы негізгі қорларынан, техникалардан құр қалған олардың көпшілігі жеке бастың қамымен кетті. Ауылдардағы әлеуметтік, мәдениет ғимараттары да үлестерге бөлініп немесе қарыздар есебіне таратылды, иесіз қалғандықтан бұзылды. Оларды сақтап қалу мүмкіндігі аз болды. Коммуналдық шаруашылық мекемесі жұмысы мүлдем тоқтады. Сондықтан, көп қабатты үйлер жылусыз қалып, тұрғындары оны тастап кетті, аяғы олардың толық бұзылуына соқтырды. Ауылдар бірнеше жылдар төлемдік қабілеті жоқ болғандықтан электр жарығынсыз отырды. Жалақылар тек заттай төленді. Ауданның бюджет қызметкерлерінің жалақылары, зейнет ақылар айлап кешіктіріліп төленіп отырды. Мекемелер мен кәсіпорындардан бюджетке тиісті салықтарын, төлемдерін жинау күрделі және басты жұмысқа айналды. Табыс көзінен айырылып, жұмыссыздық, кедейшілік жағдайына жеткен отбасылар болды. Міне, осы уақыттағы аудан, ауыл әкімшіліктерінің басты міндеті – халықтың күйзелісін мүмкіндігінше жеңілдету, күнкөріс жолын табуға қолқабыс жасау еді. Аудан мекемелері, басшы-белсенділері жағдайы аса төмен отбасыларын жеке қамқорлықтарына алып, көмек көрсетуге жұмылдырылды.

Ауданның негізгі кәсіпорны–Ақсу қант зауытының жұмысы 1996-97жж. тоқтап қалды. Үлкен күш-жігер соның талан-таражға түспеуіне, сақталуына жұмсалып, оған айлар бойы жұмысшылардан, аудан белсенділерінен күзетшілік қойылды. Ал, оны қайта іске қосу үлкен саяси-әлеуметтік мәселе болды. Мәселен, 1998 жылы осы мақсатта аудандық бюджет мекемелері қызметкерлерінен бір айлық жалақылары көлемінде қарыз-көмек алынып, Қытайдан арзан болғандықтан нашар сортты болса да тұқым алынып, шаруаларға таратылды. Шаруалар арасында үлкен түсіндіру-ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, қант қызылшасын үй жанындағы бақшаларға дейін себілуге барылды. Жанар-жағар майлар қарыздарға алынды. Ал қант зауытын науқанға жөндеп-дайындауға қаржылар сол кездегі облыс басшылары С.Ә.Үмбетовтың, З.Қ. Нұрқаділовтың тікелей көмегімен банкілер арқылы бөлінді. Қант зауытына коммуналдық мекеме ретінде аудан әкімдігі тікелей қадағалау жасады. Соның нәтижесінде, 1998 жылғы өңдеу науқанында зауыт қайта іске қосылып, еңбеккерлердің келешекке деген үмітіне, сеніміне үлкен әсер етті. Содан кейін біраз жылдар қант зауытының жұмысы тұрақты болды. Қызылағаш ауылында 1400 га егістік массиві жан-жақты дайындалып, ол 2002 ж. толық игерілді. Ақсу өзені бойындағы ертеректе жұмыс істеген ГЭС-тің қайта салу жұмысы басталды.

  «Қапал-Арасан» шипажайы

Осы жылдары экономикалық-әлеуметтік саладағы қиыншылықтарға қарамастан елдің еңсесін түсірмеу мақсатында ұйымдастыру, мәдени-көпшілік жұмыстар еш толастаған жоқ. Тұрғындармен кездесулер өткізу, аудан басшысының жылдық есеп беруі жүйелі түрде өткізіліп отырылды. Аудандық көркемөнерпаздар байқауы, спартакиада, спорттық турнирлер-жарыстар үздіксіз өтіп отырды. 2000 жылы ауданның 70 жылдығы, 1999 жылы Мамания мектебінің 100 жылдығы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған облыстық мерекелік шаралар ретінде өткізілді. Арасан ауылындағы «Қапал-Арасан» шипажайының ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, бүгінгі күн талабына сай жасалып іске қосылды.

 

 

۞ Ауданға 2001ж. тамыз айында әкім болып  МӘНІЗОРОВ  БАҒДАТ  САЙЛАНБАЙҰЛЫ  тағайындалып, 2004ж. басына дейін жұмыс істеді. Оның «командалық» әріптестері, әкім орынбасарлары Серік Жексейітұлы Төлеуов, Аман Бабағалиұлы Балғабаев, Қайрат Айтбекұлы, аппарат жетекшісі Амандос Ақышұлы Сабырбаев, бөлім меңгерушілері О.Исанова, Б.Иманқұлов, С. Нұрахметов, Г.Жандосова, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Ж. Молдағалиев болды.

    Бағдат Мәнізоров

Б.С.Мәнізоров Ақсу қант зауыты жұмысын өз бақылауына алып, оның жұмысының тұрақтану

                         Субүршек

ына еңбек сіңірді. Ауданның орталық алаңы жаңаша безендірілді, биік тұғырға Ілияс ақынымыздың мүсіні көшіріліп, оның орнына келешек ескерткіштің белгітасы қойылды. Алаңда гүлзарлар өсірілді. Субүркек (фонтан) жасалып, айнала шамшырақтар қойылып, көпшіліктің демалыс орнына айналды. Сағабүйен ауылында ашаршылық жылдары қайтыс болған жетім балаларды еске сақтау мақсатында ескерткіш қойылды (демеушісі, белгілі кәсіпкер-Еркежан Әкімова). 2003ж. ауданымызда алғаш рет облыстық «Ілияс оқулары» өткізіліп, Жетісудың жас балауса ақындарының өнер байқауының бастамасы болды.

 

 

۞ 2004ж. ақпан айында ауданның жаңа әкімі болып  АЙТЖАНОВ  АЯН  АЙТЖАНҰЛЫ тағайындалды. Онымен бірге жауапты қызмет атқарған азаматтар – әкім орынбасарлары Әскербек Тұрарбекұлы Дүйсембаев, Ермек Амантайұлы Алпысов, Қайрат Жәнібекұлы Кәрбозин, аппарат жетекшісі Берік Тынышбаев, бөлім меңгерушілері С.Нұрахметов, Е.Есенов.

        Аян Айтжанов


                    Ақсу ауданы белсенділері  2007ж

А.Айтжановтың аудан басшылығында болған үш жыл ішінде жыл сайын басшысы ауысып, еңбеккерлер арасында алаңдатушылық, реніштік туғызып отырған Ақсу қант зауытының жұмысын тұрақтандыруға көп көңіл бөлінді. Оның қасында МТС құрылды. Қапал ауылындағы май зауыты қайтадан іске қосылды. Асфальт зауыты іске қосылып, Жансүгіров поселкесінің бірнеше көшелері асфальттанды. Аудан орталығындағы ауыз су құбырлары жүйесінің 11 шақырымы қайта жасалды. Қапал, Қызылағаш, Ақын Сара, Қарасу ауылдарында су жүйелері жөндеуден өтті. 2005 ж. «Тұрғын үй» Бағдарламасы негізінде аудан орталығында жаңа 10 үй пайдалануға беріліп, еңбек және соғыс ардагерлерінен, мұғалімдер мен дәрігерлерден иелерін тапты. 1993 ж. өртеніп кеткен аудандық  мәдениет үйі қайтадан салынып пайдалануға берілуі аудан жұртшылығының ризашылығын туғызды. Мәдениет үйі жанындағы ескірген демалыс алаңы қайта реттеліп, шыршалар және басқа ағаштар отырғызылып баққа айналды, ардагерлер аллеясы жасалып, олардың құрметіне обелиск орнатылды. Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 15 жылдығын мерекелеу шаралары шкңберінде жаңа ескерткіш қойылды. Орталық алаң қайтадан жөнделді. Иесіз қалған ескі ғимарат қайта жөнделіп, жаңа үлгідегі спорт мектебі ашылды және санэпидстанса ұжымы жаңа қонысқа көшті. Қапал ауылында Ақын-Сара музейі күрделі жөндеуден өткізіліп, Ф.Ғабитоваға арналған музей іске қосылды.

Ақсу ауданы спорт мектебінің ғимараты

2006ж. облыс орталығында өткізілген «Ақсу ауданы күндері» ерекше дайындығымен, мазмұндылығымен, сәнділігімен көпшілік көңілінен шықты. Мемлекеттік тілді меңгерудің 2005 ж. облыстық байқауында «ең үздік әкімдік» номинациясы бойынша ауданымыз бірінші орынды алды. Бірінші және жүлделі орындар ауданымызға облыста өткізілген ауыл өнімдері жәрмеңкелері, қымызханалар байқауларында да берілді. Облыстық «Ілияс оқулары» ауданымызда өтуі жалғастырылып, оның басты жеңімпаздары үнемі Ақсу ауданы мектептерінің оқушылары болып келді.

 

 

Әскербек Дүйсембаев

۞ 2008 жылдың наурыз айында облыс әкімі С. Ә.Үмбетовтың ұсынысымен және аудандық мәслихаттың сессиясында депутаттардың бірауыздан қолдап дауыс беруімен аудан әкімі болып ДҮЙСЕМБАЕВ   ӘСКЕРБЕК ТҰРАРБЕКҰЛЫ  тағайындалды.
Ә.Дүйсембаевтың бүткіл еңбек және қызмет жолы негізінен Ақсу ауданымен тікелей байланысты болды. Институт бітіріп келісімен шаруашылық маманы болып жұмысын бастаған ол, аз уақыт ішінде өзінің еңбекқорлық, ұйымдастырушылық және іскерлік қасиеттерімен қарапайым жұмысшылар мен аудан басшылары арасында беделге ие болады. Сондықтан, оған үлкен сенім артылып, 27 жасында шаруашылық басшылығына тағайындалады. Содан кейін де қызмет барысында өсіп, қөрші аудандарда басшылық деңгейінде қызмет атқарып және қоғамда нарық қатынастары қалыптасу кезеңінде Талдықорған қаласында ірі өңдеу кәсіпорындарын басқарып, үлкен тәжрибе жинақтайды. Соңғы жылдары Ақсу ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып, аудандағы қалыптасқан жағдайды жете білуі, өзінің жаңа бірінші басшылық міндеттерін, күнделікті іс қам-қарекетін еш кідіріссіз жалғастырып кетуге мүмкіндік берді. Соңғы, 2008—2010жж. ақсулықтар үшiн әлемдiк және елімізде қалыптасқан экономикалық қиыншылықтарға қарамастан , аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайын одан ары дамытуда атқарылған қарымды iс-шаралардың, қажырлы еңбектiң мерзімі болды. Өткен, 2010ж. ауданымыздың Қызылағаш, Егінсу ауылдарында орын алған су апатының салдарын жою, оны қалпына келтіруге бағытталған шараларда ауданның барлық халқы мен басшы-маман азаматтарының үлкен жауапкершілік деңгейінде еңбек ете алатындықтары тағы бір айқындады берді және де өзара түсіністігі, ынтымақтығы одан ары нығыздалды (Ол туралы жеке тарауда толығынан айтылады). Осындай бiр мақсатқа жұмылған берекелi жұмыстар нәтижесiнде аудан тұрмысы жаңа деңгейге көтеріле алды.

Ауылшаруашылығы саласында мемлекет тарапынан берілген көмектердің нәтижесінде оңды бетбұрыстар жасалды. 2-мал асылдандыру, 5-тұқым шаруашылықтары ұйымдастырылды. Егістіктерде тамшылатып суару технологиясы енгізіле бастады. Қапал ауылында «нолдік» теқнологиясы бойынша 5 мың га күздік бидай себілді. Суықсай ауылында мал бордақылау және тауарлық сүт өндіру кешені салынуда. Ауданда 6 мал сою алаңдары іске қосылды және қатары көбейе береді. Аудан шаруалары Талдықорған, Алматы қалаларында өтетін ауылшаруашыпығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне тұрақты қатысып отырады, 2010 жылы 140 млн теңге өнімдері сатылды. Ондай жәрмеңкелер ауданның өз орталығында және Қапал, Матай ауылдарында да ұйымдастырылды.

        Ақсу ауданы Ақын-Сара атындағы жастар                                          орталығы

Ауданда дағдарысқа қарсы бағытталған «Жол картасы» бағдарламасының мүмкіндігі ұтымды пайдаланылып, онда белгіленген шараларының нақты жүзеге асырылуы көптеген салалардың дамуына соны серпін берді. Соңғы үш жыл ішінде аудан бойынша 16 орта және негізгі мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, 18 елді мекенде мектепке дейінгі балаларға арналған шағын орталықтар ашылды. 2008ж. М.Маметова атындағы орта мектеп жаңадан салынған 180 орындық ғимаратқа орнықты. 2010ж. Жансүгіров поселкесіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін коррекциялық орталығы күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимаратқа көшіріліп, жұмысқа қажет жаңа үлгідегі барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Аудан бойынша бұрын жекешелендіріліп кеткен балабақша ғимараттары мемлекет иелігіне қайтарыла бастады. «Балапан» бағдарламасы бойынша Жансүгіров, Матай поселкелеріндегі, Егінсу, Қызылағаш ауылдарындағы балабақшалар күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Әр жыл сайын ҰБТ нәтижелері жақсарып келеді, оның нәтижесі бойынша аудан 2010 ж. облыста 3-ші орын деңгейінде көрінді.

    Денсаулық сақтау саласы бойынша 2008-10 жж. мемлекеттік «100 аурухана, 100 мектеп» Бағдарламасына сәйкес Матай

ауылдық ауруханасы, Суықсай ауылдық емханасы, Қазақстан, Сагакүрес, Ақтоған, Егінсу ауылдарында жаңадан медициналық ғимараттар салынды. Орталық аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп, Сағабүйен, Арасан, Қопа, Еңбек, Ащыбулақ ауылдарында медициналық мекемелер іске қосылып, заман талабына сай жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен, жедел-жәрдем көліктерімен толығымен қамтамасыз етілді.Ауданда жаңадан ашылған халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық прокуратура, МАИ ұжымдары да күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимараттарға орнықты. Сол сияқты, «Ардагерлер үйі» ғимараты қолданысқа беріліп, жаңа «Ақ Нар» мейрамханасы өз қызметін бастады. Ал, 2011ж. Кеңгарын, Қарасу орталау мектептерінің жаңа ғимараттары салынып, Қапал ауылында балабақша пайдалануға берілмекші және өнер мектебі ашылмақшы.

Жансүгіров поселкесінде жалпы ұзындығы 15,4 шақырым болатын 26 көше толығымен жөндеуден өткізіліп, жаңадан асфальт жолдар салынды. Матай, Ойтоған, Қаракөз, Есеболатов, Қызылағаш, Сағабүйен, Қапал, Алтынарық, Ақсу елді мекендерінің көшелері жөндеуден өткізілді, алғашқы бағдаршам орнатылды Жансүгіров–Арасан, Сағабүйен-Қызылту, Кеңжыра, Ақын Сара, Егінсу ауылдарының кірме жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жансүгіров поселкесінің ауыз су жүйелерін жаңғырту арқылы ескі тозығы жеткен трубалар ауыстырылып, кәріз құбырларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол сияқты, Қызылағаш, Егінсу ауылдарында да жаңа таза ауыз су жүйелері іске қосылды.

Ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтiк инфрақұрылым, елді-мекендері абаттандыру жұмыстарында батыл да оңды бетбұрыстар жасалды. Жаңадан «Ақсу-Көркейту» коммуналдық қызмет атқаратын шаруашылық құрылып, оннан аса қажетті техникалармен жабдықталуы, осы салада жылдар бойы қордаланған проблемаларды шешуге мүмкіндік берді.

«Ақ-Нар» мейрамханасы Жансүгіров ауылы

Бұрыннан иесіз, бос қалған үйлерді коммуналдық меншікке алу, оларды жөндеуден өткізіп барып, әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған санаттағы азаматтарға, бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне, жас мамандарға беру жұмыстары қолға алынды. Көп жылдар бойы шешімін таппаған Жансүгіров поселкесінің бұрынғы қант зауытына қарасты, иесіз қалған электр жүйелері күрделі жөндеуден өткізіліп, электр жүйесі мекемесіне өткізіліп берілді. Ауданымыздың ұзақ жылдар электр жарығынсыз қалған Үлгілі ауылына, оның жүйелері қайтадан тартылып, тұрғындары электр жарығына ие болды. Аудан орталығында соңғы екі жылда 100-ден аса көше бағаналарына жарықтар орнатылды, ондай жұмыс 5 елді мекенде де атқарылды.

               Батырлар аллеясы Жансүгіров ауылы

Жансүгіров поселкесінің Орталық және Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің  саябақтары "қайтадан абаттандырылуда. Орталық саябақта тұрғындардың демалуына мақсатталған ғимараттар мен алаңқайлар салу ұйымдатырылуда, ал соңғысына ауданымыздан шыққан 2 Кеңес Одағыны Батыры мен 6 Социалистік Еңбек Ерінің мүсіндері арнайы постаменттерге қойылды. Ауылдарды абаттандыру мақсатында атқарылған жұмыстар ауқымы молайып, тек арнайы бөлінген қаржыға ғана 50 мыңнан аса ағаш түптері орнатылды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әр ауыл округінде 20 мың түп саялы ағаш отырғызу бастамасы аудан тұрғындары тарапынан қолдау тауып, қолға алынды.

                       Мейрам күндеріндегі жарыс

Аудан әкімі Ә.Дүйсембаевтың тікелей басшылығы нәтижесінде мәдениет саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Оңтайландыру кезінде жабылып қалған мәдениет үйлері және кітапханалар қайта ашылып, халыққка мәдени- рухани қызмет көрсету бағытында ауыл, поселке округтерінде 22 мәдениет, клуб үйлері мен 21 кітапхана, 2 мұражай қызмет көрсетуде. Қапалдағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, халық көңілінен шықса, аудан орталығындағы «Ақын Сара» клубы үйі қайта жаңғыртылып, ауданның «Жастар орталығына» айналды. Ауданда өткізіліп жатқан мерекелік, жастар форумы, салауаттыққа бағытталған, т.б мәдени шаралар ауқымы да, сапалық деңгейі де артуда. Халық биі «Қаражорғаны» насихаттау, үйрету нәтижесінде ол кең қолдау тауып, орталық алаңда 1,5 мыңға жуық жастар бір мерзімде билеп шығып, көпшілікті тәнті етті. Көркемөнерпаздар, КВН, «Ақсудың қос жұлдызы» байқауларын өткізу жүйеге айналды. Солардың нәтижесінде 2010 жылы облыс орталығында өтетін дәстүрлі «Аудандардың мәдени күндерін» өткізу нәтижесі бойынша, аудан Бас жүлдеге ие болып, сыйлыққа УАЗ автокөлігін алды. Ауданның тарихында ерекше орын алатын Ақсу халық театры қайта ашылды. Жансүгіров поселкесіндегі Е.Сихимов атындағы орталық стадион бүгінгі күн талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, жабдықталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру бағытында  атқарылған жұмыстар нәтижесінде аудан бойынша мемлекеттік тілдегі құжаттар айналымы 100 пайызға жеткізіліп, 2010 жылы аудан «Ең үздік әкімдік» дипломымен марапатталды.  2011 жылы ауданның 80 -жылдығы облыстық-республикалық деңгейде  мерекеленуі жоғары дәрежеде бағаланды. (Оған дайындық кезеңінде атқарылған жұмыстар ауқымы  мен өткізілу шаралары — жеке  әңгіме тақырыбы болады)

 

۞ 2013 жылдың  шілде айында  ауданның жаңа әкімі болып  Әділбек Егеубекұлы Далбағаев сайланды. Содан бергі кезеңдегі  аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы туралы талдау-әңгіме де алдағы уақыттың еншісінде...