Өткен жолғы парағымызда айтқандай, ардақты ағамыз Қалилаханов Тәңірбергеннің   Ақсу елі мен жеріне арнаған, оның кейінгі ұрпағына, бүгінгі басшыларына аманат ретінде етіп тапсырып кеткен «БАБАЛАР ЖОЛЫМЕН» атты ғылыми-зерттеу еңбегін  жариялап отырмын. 

Бұл мақала, қысқа болса да, Ақсу өңірінің тарихы мен жағрапиясы туралы танымдық деректерді  біршама молайтатыны анық. 

БАБАЛАР ЖОЛЫМЕН

Автордан:

Осы деректі ұсыныстарымды толықтыратын ғылыми зерттеу еңбектерімді құрап, кітап қылып шығарып, сол деректерге сүйеніп аудан территориясында туристік тұрақтар ашуға аудан жұртшылығын жұмылдыруды ұйымдастырып басқаруды Ақсу басшыларына аманат етіп тапсырамын!

                                                                  Автор – Қалилаханов Тәңірберген

                                                                 Жазылуы: 1999 жыл, 9 қырқүйек

                                         /1999 жылдың тоғызыншы жұлдызы, қыркүйек айы/

 

« Аксу – ак сут каймагы,

Алтын булак аймагы».

Туризм – түсім

ЖЕЛІСІ БАР – ЖЕТІ БҰЛАҚ

   «Желі» — Қазақ халқы ұғымында «өмір арқауы». Желі арқанға қозы көгендеп, қой өсірген, құлын байлап, қымыз ішкен қазақ халқы, жер жемістері де, желі тартқан соң өсетінін білген. Бұған «Кодекс Куманикустегі» ертедегі  құмай қыпшақтардың «көк лағым көгенде жатып семірер» деп қауынды жұмбақтағының айқын мысалы. Өйткені, желі арқанға көгенделген қозы мен байланған құлын – ол желінің басына келіп, иіп беретін енелерінің емшектерін еміп өссе, қауын өз желісінде жатып, жер емшегін еміп өседі, піседі.

   Жер бетіндегі жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аңдардың да жер емшегін еміп өмір сүрер желі – арқаны бар. Олар – өзен, сулар. Қазақ халқының «ырыстың қасында болғанша, судың басында бол» -дейтіні содан.

   Сондай өмір желілерінің бірі – ақсу, кәдімгі, жер дүлділі. Ілияс Жансүгіровтың «Ағынды менің Ақсуым, арқырап әлі атарсын» дегені Ақсу өзені.

Жоңғар тауының жотасынан бастау алатын бұл өзеннің арна-желісі тастақтарды тарпып, жазықтарды жарып өтіп, құмдауыттарды құнартып барып Балхаш көлін байытып жатады.

    Желі арқанға көгенделген қозылардай, қазіргі Ақсу ауданына қарасты елді мекендердің барлығы осы «желіні» жағалауларына орналасқан.  Аудан еңбекшілері бұрынғы көшпенділік өмірін өзгертіп жаппай отырықшыландыруға көшкен жылдарында тоқсан тоғыз артель, тоз-серіктестер осы өзен арқылы жер емшегін еміп өмір сүруді, шаруаларын нығайтты. Атап айтқанда, егін салып, мал өсіруді өркендетуге қажетті техникасы бар социалистік типтегі ірі шаруашылықтарға айналды. Қоралары малға, қамбалары астыққа толды, еңбекке жарамды адамдары жұмыссыз қалмады. Жаппай орта білім алу міндетті Заң болып, ауыл балалары түгелдей оқуға тартылды. Әрбір елді мекенде мектеп, клуб, кітапханалар салынып, мәдениет жұмыстары қанат жайды. Ауыл шаруашылығы салаларын білімді агрономдар мен малмандар басқарды. Ақырында аса қуатты қант зауытын салып, қызылшаны өз қолдарымен өсіріп, қантты өз зауытынан алды.

Осы өмір қазір өзгерді. Оның себептерін жетпістегі қарттардан бастап, жеті жастағы балаларға дейін біледі. Соның салдарынан шаруашылық шайқалып, ауыл адамдары азып-тоза бастады. Бұрын негізінен ауыл шаруашылығына сүйенген аграрлы ауданда базарға шығаратын өнеркәсіп өнімдері жоқ болғандықтан оның үстіне мал басының азайып, егіс көлемінің кемуіне байланысты сауда-саттық жұмыстары тоқырап ақша кірісі азайды. Бюджет толық орындалмайтын болды. Ақыры, осының бәрі аудан халқының тұрмыс халінің төмендеуіне әкеліп соқты.

   «Жер жаннаты» атанған Жетісудың ортасынан ойып орын алып отырған Ақсу ауданына шектес түстігіндегі бұрынға Қапал ауданы мен терістігіндегі Борлытөбе аудандары келіп бірігіп, басына бас, малына мал қосылып, өмір желісінің жемістерін жейтін ауыздар көбейіп тұрған тұста Ақсудың тасқыны тартылмай, арнасынан асып төгілуіне көмектесер көзі ашылмай жатқан бұлақтар қайда, жоқ па? Бар! Аудан азаматтары соларды тауып көздерін аша білсе, ол бұлақтар Ақсуды арнасынан асырып қана қоймай, халық қаражаты болып, ауданның атағын шығаратын  Алтын бұлақтары болар еді.

Бұл арада айтқалы отырғанымыз қазіргі заманда көптеген елдердің халықаралық туризм түсімдерінен табыс тауып отырғандары мәлім.

    Соларды туристік орындар ашып табысатың күрделі көздерін ашамыз десе, Ақсулықтардың жерінде көміліп жатқан Жеті бұлақтың көздері бар. Олар – аттары әлемге әйгілі қазақ хандары мен аруақты аталарынан туғандарында кіндік қандары тамған, дүниеден өткендердің сүйектері жерленген қасиетті тұрақ топырақтар. Қысқаша тізіп шықсақ, олар мыналар:   

  1. Төле би төңірегі,
  2. Арслан хан аймағы,
  3. Темірланның тас бесігі,
  4. Жошы ханның қоймасы,
  5. Тоқа темір ханның тамы,
  6. Көктен Тәуіптің көлі.

 Осы қасиетті хандар мен аруақты аталардың әрқайсысын қысқаша таныстырсақ, мынадай:

 

                               Біріншісі, Төле би төңірегі

Бұл «кісі қайсыбір тарихшылардың қате жорамалдап жүргеніндей қарлығаш ұясын бұзбаймын» деп қашпай отырып, Жоңғар басқыншыларының қолына түскен – «Қарлығаш би» емес, кәдімгі Абылайды бала күнінде жау қолынан жасырып өсірген, кейін жігіт болғанда астына «Шалқұйрық тұлпар» мінгізіп жауынгер еткен. Ақырында, жасында жауларынан жасырып өсіру үшін «Сабалақ» деп жорта атаған Абылайдың төре нәсілді ұл екенін айтып, Орта жүздің ханы сайлатқан. Сол Абылай ханның елшісі болып, қалмақ қолынана ту басшысы – Шырышқа барып келіссөз жүргізген Төле би. Ол – үйсін, жаныс руынан емес. Жақсылық руынан шыққан адам. Оның ұрпақтары- тасыбайлар қазір өзінің сүйегі жерленген «Ақ ешкі» тау сілемінің төңірегінде тұрып жатыр. Қазақ пен қалмақтардың қан майданда қарсыласып жатқан тұсында қаза болғаан Төле бидің бала күнінен баулып асырап, адам қылған әкесіндей болған Төле бидің сүйегін түйеге артып әкеліп, тау биігінің төбесіне шығарып жерлеген және тас моласын өз қолымен қалап қайтқан жолында қалмақ қолынан тутқыны болған Аблайдың адамгершілік  биік қасиеттері тұсындағы қазақтың адал жүрек ақындары жыр-дастандарында көрсетіп тарихи дерекетер қалдырып кеткендері мәлім.

Сондай-ақ, бала күнінде айран ұйытып, Абылайға ас берген «анасы» Төле бидің бәйбішесінің сүйегі де сол жердегі Қара молада жатыр.

Екінші.  Арслан хан аймағы.

Бұл Ш.Уәлихановтың тарихи мәні бағалы «Перстень Аблайхана» атты мақаласы арқылы әлемге әйгілі болған Шыңғыс ханның «Жақаған би» құрметтеген құдасы, Сарық атайдың қорғаны. Ол Төлеге тайдан «Мәңгі хан, Құбылай хан, Құлағұ хан, Арық Бұғы атты төрт ұл туып Естібике-Жезетек»  ана атанған қызының және Қозы Көрпеш атты ұлының туған жері – Күренбелдің терістік жақ етегіндегі қапал кентінің ортасында тұр. Бұл кәдімгі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» дастанындағы тауда аң аулап жүріп құдаласатын Қарабайдың қасындағы Сарыбай. Олар өздерінің дәуірлеп тұрған  замандары «байлар» емес, Қарақ атай, Сарық атай деген аталық атауларын сәл бұзып айтқандар «Қара Қытай, Сары Қытай» деп те лақабы тараған адамдар. Осындағы «Қарақ атай, екінші Түрік қағанаты тарихындағы «Қара қанның» ұрпағы болуына байланысты «Баргуджин» яғни Бүркіт тұқымынан, атап айтқанда, «Құмай текті ана» атанған Елтеріс қағанның тоқалының ұрпағымын деп династиялық билік үшін күресте Баян сұлудың әкесі – Қарасбайды қуып, Арқаға аударып жібергеннен кейін етектегі қойлық қалашығынан таудағы құнарлы қонысқа келіп, орын тепкен соң «Арслан хан» атанған -  Сарыбайдың жұрты.

Күреңбел —   жер жаннаты Жетісудың төріне төселген масаты кілемдейкөз тартатын көрікті жер. Сондықтан да бұл жер бұрын хандардың қонысы болса, кейін байлардың қонысы болған.

Ел қайда Қалқабайдың алты ұлындай,

Саялы – салықн белдің салқынындай.

Ақтасты, Баянжүрек, Күренбелде,

Көк үйлер дәулетінің артуын ай!

Құдай-ай, үш ұйықтаса кім ойлаған,

Дөсеттің болады деп арты мұндай?! – деп. І.Жансүгіровтың жырға қосқанындай, бұл жерге қызыққан Ресей патшасы әкімдерінің Қапалды – уездік орталығы етіп таңдап алуы да тегін болмаса керек. Осы төңіректе тұңғыш волостной правитель болған орыс әскерінің «Хорунжи» шеніндегі Тәнекенін де сүйегі осы жердегі «түлкінің кезеңінде» жерленген.

Арслан ханның тасқа түсірген таңбасы бар Баян жүрек тауының түстік жағындағы  — «Мұзбұлақ» бойына тұңғыш рет келіп көрген Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тау самалына салқындап, көк шалғында көсіліп, қарағайдың түбінде бірнеше сағат тынығуы да тегін емес-ті.

Осындай тарихи да терең, табиғаты да әсем Арслан хан аймағын туристік тұраққа айналдырса Еуропаның Швециясынан артық болмаса кем емес қазақтың қасиетті жеріне қарай ат басын бұрып, ағылып келіп жататын туристер де аз болмас еді. Қапалдықтардың да қалталары қалыңдап, табыстары тасқындай берер еді.

 

Үшінші. «Темірланның тас бесігі»

Бұл дүние жүзі тарихшыларын таң қалдырарлық жаңалық, өйткені, ол дүние жүзі халықтарына мәлім атақты  Әмір Темір, қазақша аты «Ақсақ Темірдің туғанында кіндік қаны тамған жеріндегі құндақта жатқан тұңғыш «Тас бесігі». Ол жаңа туған жас нәрестеге Терістік жақтан соққан ызғардың лебін тигізбей, Түстік жақтан күлімдеп қарайтын күнге қарап тұрған жартастың табиғаттың өзі ыңғайлап қойған ық жағындағы бір бесіктің орнындай шағын ғана алаңша. Тарих деректері бойынша қатыгез адамның тепкен аяғының өкшесінен мертіккен екі қабат ананың ішінде жатып, мертігіп, ақсақ болып туғандығын – Ақсақ Темір деп ат қойылған баланың анасы да көп ұзамай қайтыс болса керек. Өйткені, әлгі Бесік Тастың қасында ертеде тастан қаланып тұрғызылған шағын мола тұр. Сол бір қиын қыстау күндерде іштен мертігіп туған. Оның үстіне анасынан да айрылып уызға жарымай қалған жас нәрестеге жанашыр болған жақын адамдардың да жайлы баспанасы болмағандықтанда шырқырап жылап жатқан нәрестені әлгі жартастың ығына жатқызып асыраған ғой. Сол «Тастың» жанынан жүріп өткен адамдар, оның ығында бөлеулі жатқан баланы көре беретіндігінен, сол жердің сазды табиғатына қарай – «Бала сазы» десетін болған.

Содан бері алты жүз алпыс алты /666 ж./ жыл өткен екен. Бұл алты ғасырдан аса өткен замандарда тарихтың талай толқын көштері жүріп өткеніне қарамай, сол қоныс күні бүгінге дейін баяғысынша «Бала сазы» болып аталуда. Бұл болжамымызға арқау болатын табан тірер дерек – әлгі «Бесік тастың» өзі. Өйткені, Ақсақ Темір жатқан табанында /1333/ бір мың үш жүз отыз үш» деген цифр мен араб әрпімен «Темірлан» деп жазылған, тасқа ойылған таңбалар бар.

Әмір Темірдің аса ірі қолбасшы, көреген Құрақан болғаны. Қазақтың тұңғыш астрологі Ұлықбектен бастап Шахрух Бабыр жанға дейін аса ірі мемлекет қайраткерлері болғаны мәлім.

Сондай-ақ ұрпақтарының «Ұлы молдалар» династиясы атымен бірнеше ғасыр Үндістандай ұлы халықты басқарып келгендерінде жұртқа мәлім. Оның сүйегі Самарқанда жатқаны да мәлім. Алайда, оның «Бала- сазындағы» тасбесігін туристік тұраққа айналдыру қажет. Өйткені, адамның туған жері – Алтын бесік.

Алғашқы кірі тамған, кіндік кесіп,

Күн күліп, жұлдыз жанып, Ай аялап,

Келгенде Кен Дүниеге ашқан есік.

Ежелден ер есімі ел есінде,

Бет-бейне белгісі бар денесінде.

Ұлт қана ұлы адамын ұмытпайды,

Тарихтың тар жол – тайғақ белесінде.

Оның туған жеріндегі тұнып тұрған табиғат көріністерімен қоса жанындағы Арасан курорты Халықаралық туристік база болуға сұранып тұр.

 

Төртінші. Жошы ханның жұрты.

Жошы хан Қазақ халқына етене жақын хандардың Аруақты Атасы. Әлемге әйгілі Алтын Орда, Ақ Орда хандарын, солардың ішінен Батыс елдерін бағындырып, Балқанға дейін барып қайтқан Бату ханның туған өлкесі екені тарихқа мәлім. Ол екінші  Түрік қағанаты заманынан қалыптасып қалған қазақ жасақтарының «Он Қарын» басқарып тұрған тұсындағы жүргізген жауынгерлік жорықтары көп болғандығына байланысты «Жорықшы Жоочі» атанған. Сондағы қолбасшылық қызметтерінде тапқырлығы мен көрегендік қасиеттеріне байланысты және жеке басының ел сүйсінер ерліктеріне байланысты «Ер Төстік» атанып, артқыларына аңыз, әңгіме болып қалған Қахарман хан.

Сол Жошы ханның да туған жері – Жетісу. Оның: Орда хан, Бату хан, Береке хан сықылды батыр ұлдарының туғандарында кіндік қандары тамған қасиетті жұрты – қазіргі Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінің іргесінде, шығыс жақ бетіндегі «ГЭС» ауылынан теріс жағындағы Ақсу арнасынан Батыс жақтағысында жатыр. Сол жұрттың мәңгілік куәгері ретінде осы күнге дейін құламай тұрған тасмола бар. Ол «Есене бейіті» деп аталады. Кәдімгі Төлеге тайдан төрт ұл туып, «Естібике анамыз» атанған Сырғалы Энидей бұл «Ес ене» де «Жошы ханнан жоғарыда аталған Қазақ хандарын туған  — «Есті ене» деп  танылған аруақты ана. Оның үлкен ұлы – Орда ханды көрген француз, атақты саясаткер Гильом Рубрук өзінің оныншы ғасырдың орта шенінде Қазақ жеріне келіп қайтқан сапарында «Здесь живет Ордунад Бату...» деп күнделік сапарнамасына жазып кеткен.

Жошы ханның осы жұртының тоңірегінде ертеде өткен қырғын-сүргін жаугершілік жорықтар  қалдырған тарих іздері көп. Солардың ішіндегі көзге түсетіндері – Үштөбе.

Бұлар ертедегі құмай қыпшақтардың дәстүрі – халық қадірлеген адамдарын жерлегенде, бастарына биік қорған төбелер үйетін салтымен үшеуі де қолдан тұрғызылған төбелер. Ертеректе бұл төбелерде ескі Түрік үлгісінде тас тақтаға жазылған жазуларды көрген адамдар да болған. Сондай-ақ, осы жұртта «Орда атасы» болып қалған – Орда Есеннің басына тұрғызылған зәулім күмбездің ішінде тас мүсін тұрғанын көрген Шоқан Уәлиханов та өз күнделіктеріне жазып қалдырған. Ол күмбез  қазіргі Ақсу ауданы орталығынан терістікке жүргенде «жеті шақырым жерде Ақсудан бөлініп шыққан тармағы – «Көк өзектің» бойында тұрғандықтан жергілікті халық бұл жерді – «Ордабай – Көк өзек» деп атайды. Шөлі шүйгін, суы мол Жошы ханның бұл жұрты қашан да құтты қоныс болған. «Ақтабан шұбырынды» заманында Шона, Нартайлақ, Назар батырлар бұл жерден қалмақтарды қуып шығарғанынан кейін келіп қоныстанған Қыдыралы руының Маман-Тұрысбек сықылды адамдары байып, «Қарағаш» қыстауында Медресе ашқан, сол ашылған Медресенің жүз жылдығын жуырда аудан еңбекшілері атап өтіп мерекеледі.

 

Бесінші. Құйық ханның қоймасы

Бұл жерде Құйық ханның қоймасынан бұрын оның тағдырына байланысты құпияларына да тоқталмай кету қиын. Өйткені, ол – Шыңғыс ханнан кейінгі екінші хан – Үкітайдың ұлы. Жоғарыда сөз болған саяхатшы Плано Карпини жазбаларында ол – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Оққодай деп аталған. Басқа тарихи деректерде – Ұғадай, қырғыздардың «Манасында» Көкетай ханның қайын атасы болған адам. Ол да жорықтарға қатысқан жауынгер – Мыңбасы болғандығын жазған басқа ұлттардың тарихшыларының бірі «Мұңлұқ», екіншісі «Мұңлы атеке» деп те сәл өзгертіп жазған.

Ол да Жетісуда туып, өсіп Найманның Қаракерейінің руларының төресі – «Ағадай» атақты Бексұлтан төренің арғы атасы ретінде Қаракерей руларының Аламан бәйгелерге ат қосқандарында «Ата-дайлап» шақыратын ұрандарына айналған аруақты адам. Құйық ханның қоймасы сөз болған жерде ол қоймадағы қазыналар осы «Атадайдан» қалған қазына екенін есте сақтаған жөн. Біз Құйық хан деп отырған кісіні басқа тарихшылардың «Күйік хан» деп жазғандары мәлім. Бұл онша орынды ат емес. Өйткені, қазақ жаңа туған нәрестеге «Күйік» деп ат қоймаса керек. Әке атадай өлгеннен кейін, әкесінің орнына хан болып сайланған рәсіміне қатынасқан Пл.Карпини: «Он умен – умен, хитер — хитер» — говорят люди» — деп жазған. Бұл сөздердің қазақшасы: «ақылдының ақылдысы, қудың қуы» екені күмәнсіз. Сондай-ақ оныңхан сайланғанынан кейін «Кенхан» деген лақап атқа ие болғаны да «Ақылға дихан — кен» еді» дейтін қазақтың «құйма құлақты – зерек жастарға айтатын сөздерімен мағыналас екені байқалады».

Енді сол Құйық ханның қоймасына келсек, ол – Лепсі өзенінің Мұқаншы сазына құятын «Тоғыз тарау» деп аталған Аяқкөлге жақындау Батыс жақ тұсында тұрған «Қызыл қорған» дейтін қызыл кірпіштен салынған ескі қорғанның ішінде – жер астындағы құпия қойма. Оны елуінші жылдарда қазіргі Антон ГЭС-ін салып, Лепсі суын жаңа арнаға салмақшы болған механизаторлар қоймадағы қазына – мүліктерді қиратып, қайтадан сол бульдозермен көме салған. Сонда бульдозердің тұмсығымен домаланып сыртқа шығып қалған қысбөшкеге толы Қытайда шығарылған металл ақшаларды сол жұмыстарды басқарып жүрген Новоселев деген инженер Антоновка селосында тұратын өз үйіне алып кеткен. Осы жұмыстарға өзі қатысқан Ақсу ауданы, бұрынғы «Қосағаш» совхозының механизаторы болған – Молдағбас Андабаевтың деректі материалдары Талдықорған облыстық және республикалық газеттерде «Жеті ғасыр жер жасырған сыр» деген тақырыппен мақалам жариялаған.

 

Алтыншы. Тоқанның Тамы

Бұл Шоқан Уәлихановтың он сегізінші ғасырдың елуінші жылдарында Қашғарияға барған әйгілі сапарында «Тазыкиряй Туглуг Темір Бугра хан» деген кітаптан оқып ашқан тарихи құндылығы аса зор деректі жазбаларындағы Есенбұға ханның тағына отырған ұлы Тұғлық Темірдің тамы, яғни, жерленген зираты. Осы сықылды Құйық ханның жерленген зиратында қазақтар «Ақтам» дейді. Өйткені, бұрын жерден көшпей отыратын жатақ Ханзуларды – «Табгачтар» деп атайтын көшпенді қазақтар солар сияқты қолмен қалап, кірпіштен тұрғызылған үйлерді – «Тао» демей, «Там» деп атап кеткен.

Ал Шоқан Уәлихановтың ашқан деректеріне келсек, Тоқа Темірдің тағдырында таңғажайып жағдайлар болғанын көреміз. Атап айтқанда, бала Абылайды жауларынан жасырып алып келіп, асырап, ақыры хан сайлатқан Төле би сияқты Есенбұға ханның Әмірі Тастемір Есенбұға ханнан жүкті болып, басқа адамға тиіп кеткен Меңлі қатынды іздеп барып Құлжа қаласында туған Тұғлық Темірді өлген әкесі Есенбұға ханның тағына отырғызады. Осы Шоқанның жазбаларындағы Тастемірді,  Орта Азия тарихшылары «Әмір болатшы» деген.

Бұл арада бала Абылайға ақыл үйретип, адам қылған Төле би сықылды, жетім бала Тұғлықты тәрбиелеген Болатшы Тастемірдің де тарихи маңызы зор рөл атқарғаны аңғарылады.

Атап айтқанда, ол – Қазақ хандары өздерін баяғы Елтеріс қағанның Тоқалы Айман-Найман-Құмай Құс қатын билеген заманнан бергі сөздерін «моқалмыз, тоқалмыз» деп атайтындары сықылды Тұғлық Темірді сен «Моқалсын», мен «Мұжықпын» деп лақап таратқан. Сонда, мұндағы «Моқал» да, «Мұжық» та басында мүйізі жоқ тоқал сиырды еске түсіреді. Оның үстіне өздерінен бұрын өткен Қазақ хандары Шыңғыс хан, ол өзін «Моқалмын» десе, Ақсақ Темір өзін «Тоқалмын» дегендерін есте ұстап, өздері мекендеп тұрған Жетісуді Моғалстан атандырған. Сондықтан да, Тұғлық Темір хандық құрып тұрған тұсы – он алтыншы ғасырда Өзбек хандығынан бөлініп көшіп келген қазақтар Моғалстаннан Жетісуға келіп Қазақ хандығының шаңырағын көтерген. Қазақ халқының өз атымен хандық құрып, дербес мемлекет болуына қойнын ашып, қолайлы, қоныс берген Моғалстанның ханы Тұғлық Темір мен оның өкіл әкесі «Мұжық би» — Тас Темірдің сүйектері де Ақсу аймағында -  Кенжыра төңірегінде қазақтар «Тоқа темір» деп тілдерінің жеңіл жағына бұра салған.

Қазақтардың «Қол орны құр жатпас» дейтіндері сияқты, сол қасиетті  хан аруақты атамыздың ұрпақтары да бар. Олар: Тоқалар, Тас Темірлер, Болатшылар Сақайлар т.б. ұсақ ру-аталар.

 

Жетінші. Көктен Тәуіп көлі

Бұл бүгінгі ұрпақтардың «әулие атамыз» деп ас беріп, басына мазар тұрғызып, құран оқып, құрметтеп жүрген Көтен Тәуіп көлі тарих деректеріне үңілер болсақ бұл бабамыздың тағдырында да жұмбақты сырлар бар: мысалы, жоғарыда сөз болған саяхатшы Плано Карпини бұл бабамызды: «Сыновья Оккодай Каана: Угадай, Коктен, Хиренен» деп жазған. Оның осы дерегінің бір дұрыс, бір бұрыс жері бар. Атап атйқанда, бұл бабамыздың ол тұстағы «Көктен» болғаны дұрыстыққа жақын. Өйткені, тарихи деректерде «шаман», «Монгольский  волхв» деп жазылған бабамыздың өз заманындағы бақсы-балгер – «Көріпкелдігіне байланысты табиғатқа табынып, Көк Тәңірінің кереметтеріне бас иетін адамдар» бұл кісі Көктен түскен» деп қасиетін қадірлеуі мүмкін.

Ал, «Көтен Тәуіп» кейінде, бұрынғы «Көктеннің» сәл бұзылып айтылып кеткен түрі болса керек.

Плано Карпини дерегінің бұрыс жеріне келсек, бабамыз «Оккодайдың» ұлы емес, оған бағынышты «қолбаласы сияқты» ел сыйлаған Ер болған. Сондықтан да «Манас» жырын «Ер Кокче» деп атаған. Оның үстіне, Шыңғыс ханда сайлаған Құрылтайда; найман, жалайыр, татар, «Көктырнақ»-Ханзу халықтарының бәрінің ішіндегі дуалы ауызды, қасиетті кісі саналып, таққа отырған ханға «Шын құсы» деген лақап ат беріп, қолына наймандардың тоғыз құйрықты туын ұстатып, бата берген кісі – осы бабамыз екенін де дәлелдейтін тарихи деректер де бар.

Осы арада Венгрияда тұратын қазақ тұқымды ғалымдардың: Біздің бабаларымыз Бату ханның тұсында Көтен ханның жерінен келген Шортан деген Рудан екенбіз дейтін деректі сөздерін де ескерген жөн. Өйткені Көктен бабамыздың сүйегі жатқан жерінде Балхаш көлі мен Лепсі өзені шалқып жатыр. Ал, «Шортан» тегі де суда өсетін балық қой. Ендеше, сол балық өсетін Балхаш – Көктен Тәуіптің қолы емес пе. Сол көлді жақын арада келіп көргенінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Балқаштай көліміз тұрғанда, Қырғыздың ыстық көліне несіне барамыз?» деді.

Тағы да, есте болары жаңадан салынған бабамыздың мазары қазірдің өзінде туристердің келіп көруіне әзір тұр. Ол жалғыз да емес, жанында, Қара Бәйтек, Қра Күшік сықылды ру басылары мен Төлебай батырдың ескерткіш тастары тұр.

Тегінде, осы бабамыздың Шыңғыс ханға ұстатқан тоғыз құйрықты туын Мазарының төбесіне қойып, Төле бидің Абылайға ұстатқан Ала байрағын Ақ ешкідегі тасбейітінің төбесіне тігіп қойса, Ақсудың түстігі де, терістігі де – Қазақ хандарының ту тіккен жері болғанын әлемге әйгілер еді.