Бұған дейін сайт кітабының осы арнайы  тарауында аудан тарихына байланысты біраз танымдылық деректер берілген болатын. Соны толықтыру мақсатында ауданның жеке  әкімшілік  болып  құрылған  алғашқы  кезеңінен (1930жыл) бастап,  осы мерзімге дейін аупарткомның 1-ші хатшысы,  аудан  әкімі  қызметтерінде  болып,  ауданды  басқарған  бірінші басшылар  туралы  деректер  жеке беріліп отыр.

Ақсу ауданының бірінші басшысы болған азаматтар

I.  1930—1960 жылдары
 Ғ.Ибрагимов (1930), М.Жылысбаев (1930-31), Нұрсейітов (1932), Нәдіров (1932), Бердалиев (1932), Н.Өмірзақов (1933-34. 1936), Хамитов (1935), Жұмағұлов (1937), Мәмбет Мұхамедияров (1938-40), Әнуар Несіпбеков (1941-44), Исабай Сариев (1945-50), Айтмұханбет Мансұров (1951-58), Ахметхан Айтбаев (1959-60).
II.

НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВ  (1907—1947)

1907 жылы  Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Үкірші ауылында кедей шаруаның әулетінде дүниеге келді.

1918-26ж. Жаркент қаласындағы мектеп-интернатта оқыған. 1926—1927 ж.ж. Алматыдағы  губерниялық  партия-кеңес мектебінде, 1930—1933 ж.ж. Ташкент қаласындағы В.И.Ленин атындағы коммунистік университетінде оқыған.

1926 жылы 19 жасында Компартияның  қатарына  өткен  ол, Жетісу өңірінде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өзгерістерге белсене араласады. 1926—1927 ж.ж. Алматыдағы губерниялық партия-кеңес мектебінде оқып аяқтағаннан кейін, Жаркент уезінің Ақтоғай болыстық қосшы ұйымын және болыстық атқару комитетін басқарды.

1928 жылы жаңадан ұйымдасқан Еңбекшіқазақ аудандық комсомол комитетінің жетекшісі  болып  сайланды.  1930 жылы  Алматыға шақырылып, округтік  бақылау  комиссиясында  жауапты қызмет істейді. Көп кешікпей  Ташкент қаласындағы В.И.Ленин атындағы коммунистік университетке оқуға түседі.  1933 жылдың бас кезінде қызметінен босатылған қанқұйлы  Голощекиннің орнына республика басшылығына Л.И.Мирзоян келісімен  Н.Өмірзақовқа  Алматы  облыстық  комитетінің жанынан құрылған көшпелі шаруаларды отырықшыландыру секторын басқаруды тапсырады.  Н.Өмірзақов өзіне тапсырылған осы жауапты міндетті абыроймен орындауға бар күшін сарқа жұмсады. Білімі жетілген басшы, ел басқару ісінде айтарлықтай тәжірибе жинаған жігерлі жас 1934—1937ж.жАлматы облысының Ақсу және Еңбекшіқазақ аудандарын іскерлікпен басқарды. Н.Өмірзақов 1937 жылғы шілдеде болған Қазақстан коммунистік (большевиктер) партиясының бірінші съезінде оның Орталық Комитетіне мүше болып, ал бірнеше айдан кейін Орталық Комитеттің бюро мүшесі болып сайланды. 1937 жылғы 28 қазандағы Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің V сессиясының қаулысымен Қазақ ССР-ы Орталық Атқару Комите¬тінің Төрағасы болып сайланды... Сол жылғы желтоқсанда Н.Өмірзақов КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, ал 1938 жылғы қаңтарда КСРО Жоғарғы Советі Президиумы Төрағасының орынбасары болып сайланды.

Алайда, Н.Өмірзақов бұл аса жауапты қызметте көп болған жоқ. 1938 жылы ол Мәскеуге шақырылып, ондағы социалистік егіншілік академиясында оқиды. Алайда, оған “халық жауларымен”, ең алдымен Левон Исаевич Мирзоянмен тығыз байланыста, әрі пікірлес болды деген домалақ арыздар НКВД органдарына көптеп түсе бастады. Осыған байланысты Нұрбапа 1939 жылы “із жасырып” Башқұрт АССР-інің шалғайда¬ғы бір совхозына директор болып кетті. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған жағдайда ол Ресейдің оңтүстік аймақтары саналатын Ставрополь және Краснодар өлкелеріне болады.  1945 жылы Өзбекстанға ауысқан Н.Өмірзақов өмірінің соңына дейін осы елдің Егіншілік және мал шаруашылығы министрлігі мен Орталық партия Комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады. Ол 1947 жылғы 20 мамырда қызмет бабында қайғылы қазаға ұшырады.
Қазір Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жамбыл ауылындағы мектепке Өмірзақовтың аты беріліп, мұражай ашылған, ескерткіш-бюст орнатылған.

НЕСІПБЕКОВ  ӘНУАР

1905ж. Семей өңірінде туған. Семей қаласындағы партия мектебінде оқып шығады.

1930-34жж. Шұбартау ауданы жұмысшы-шаруа инспекциясында жұмыс істейді. 1936ж. Алматы қаласындағы Қазақ коммунистік журналистика институтының 3-ші курсынан Алматы қаласының Сталин аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырылып, оның 3-ші хатшысы(1937-38) болады. Нарынқол аупарткомының 3-ші, 2-ші хатшысы(1938-40), Ақсу аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы (1941-45), Талдықорған облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, Алакөл, Бөрлітөбе аудандық партия комитеттерінің 1-ші хатшысы (19.45-51), Ақсу аупарткомында қызметкер, аудандық қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі (1960-77) қызметтерін атқарды.

«Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдардің иегері. Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қаз. КП-ның бірнеше съездерінің делегаты болған.

МАНСҰРОВ  АЙТМҰХАМЕТ  КӨПЕЖАНҰЛЫ

1917ж. Семей облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтын бітірген.

1945 жылдан  Сарқан  аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1951 жылдан Ақсу, Панфилов, Жамбыл аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болды.

Ұлы  Отан соғысының ардагері.  Ленин, Октябрь Революциясы, «Ұлы Отан Соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Бірнеше партия съездеріне делегат болып қатысқан. Екі рет Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.

МАХМЕТОВ  ТҰРСЫН

1927ж. Көкшетау облысында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік университетін және Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.

Еңбек жолын 1944ж. «Сұлукөл» ұжымшарында есепші болып бастаған. Алматы облысы Кеген ауданында мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу ісі бөлімінің меңгерушісі (1948-53), осы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, «Ұзын-Бұлақ» мал асылдандыру кеңшарының директоры (1953-57), Кеген аупарткомының екінші хатшысы (1959-60), Ақсу аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы (1961-67) болады. Одан кейін Киров аупарткомының 1-ші хатшысы, Семей облысы «Қаракөл» мал асылдандыру кеңшарының директоры, ауылшаруашылығы қызметкерлерінің Семей облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды (1974-81).

1971ж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше рет облыстық партия комитетінің, ККП Орталық Комитеті тексеру комиссиясының мүшесі болған. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, сегіз медальмен марапатталған.

КӘРІБЖАНОВ  ТОҚТАРБЕК (1929—2009)

1929 ж Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында дүниеге келген. Қапал педагогикалық училищесін, Қазақтың ауылшаруашылығы институтын және Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

1945-48жж. Қапал аудандық қаржы бөлімінің инспекторы және аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болады. 1951ж. әскер қатарына алынып, сол кезде партия қатарына өтеді. Содан кейін партия, кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарады. 1960 жылдан бастап Қапал, Кеген, Нарынқол аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болады. Ақсу аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы (1963-64), содан кейін Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығы, облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы, Алматы облыстық Кеңесі атқару комитетінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1999 жылдан зейнеткеркелікте болып, 2009 жылы қайтыс болды

«Еңбек Қызыл Ту» және екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, оннан астам медальдармен, Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған. Алматы облысының Құрметті азаматы.

ҚЫБЫРАЕВ СҮЛЕЙМЕН

1928ж. бұрынғы Бөрлітөбе  ауданында туған. ҚазМУ-дің экономика факультетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

«Көпбірлік» ұжымшарында балықшы болады (1942-43). Бөрлітөбе аудандық қаржы бөлімінде, Сталин атындағы ұжымшардың, Қаратал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің, Үштөбе МТС-нің бухгалтері болып жұмыстар атқарады (1943-52). Қаратал аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, осы ауданның аупарткомының нұсқаушысы болды (1954-64). Ақсу аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, аудандық комитетінің 2-ші және 1-ші хатшысы(1968-73) болып, 1973 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облыстық орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болды.

«Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.

 ӨНЕРБЕКОВ  МӘЖЕН

1929ж. Алакөл ауданы, Үшарал қаласында туған. Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген.

Бөрлітөбе, Алакөл аудандары шаруашылықтарында агроном, аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы болады (1953-60). Алакөл аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы (1961-73), Ақсу аудандық партия комитетінің 1-ші  хатшысы (1973-76) қызметтерін атқарады.. Талдықорған облыстық кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы, Кербұлақ аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы болып (1977-89), 1989ж. зейнеткерлікке шықты. Содан кейін де, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы мекемесінде қызметте болды.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және КССР Жоғарғы Кеңесінің, ВЦСПС-тің Құрмет грамоталарымен марапатталған.   Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы

ТҰРҒАМБАЕВ  ҒАЛЫМ

1938ж.  дүниеге келген. Алматы жоғары партия мектебін, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.

Еңбек жолын 1957ж. Панфилов механикаландырылған орман шаруашылығында жұмысшы болудан бастады. Содан кейін Панфилов ауданындағы Талды ауылдық Кеңесінде хатшы, төрағасы (1957-64), Киров атындағы ұжымшар партия ұйымының хатшысы, ұжымшар төрағасының орынбасары, «Басши» жылқы зауытының директоры (1964-73) болды. Одан кейін Қазақстан Компартиясы Панфилов, Ақсу (1976-85) және Киров (1985-86) аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет жасады. 1986-99жж. өзі ұйымдастырған «Алтынемел» Ұлттық табиғат паркінің бас директоры болады. 1999 жылдан зейнеткер.

«Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған. СОКП ХХV-съезінің делегаты. Алматы облысының және Ақсу, Көксу, Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы.

ҚЫЛЫШБАЕВ  НАУРЫЗ

1941ж. Қаратал ауданында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген.

1958ж. орта мектепті аяқтап, «1-Май» ұжымшарында жұмыс істейді, бастауыш комсомол ұйымның хатшысы болады. Институтты бітіргеннен кейін бір жыл мамандығы бойынща Қаратал
қой кеңшарында жұмыс істеп, Қаратал аудандық және Талдықор-ған облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы (1966-73),
Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Қаратал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Андреев аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды (1973-85). Содан кейін Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары аудандық Кеңесінің төрағасы (1985-91), Көксу ауданының әкімі (1992-98) болды. 1998 жылдан Талдықорған аймақтық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, 2005 жылдан Алматы облысы жұмылдыру жағдайы, азаматтық қорғаныс, табиғи апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. Қазірде облыстың саяси–қоғамдық, көпшілік жұмыстарына белсене араласады. Бірнеше тәрбиелік маңызы бар, шежірелік  кітаптардың авторы және құрастырушысы.

«Құрмет белгісі» орденімен, көптеген Құрмет грамоталармен марапатталған. Алматы облысының және Ақсу, Көксу , Қаратал аудандарының Құрметті азаматы.

ТӘЖИЕВ  САҒАТБЕК  АРЫНҰЛЫ

1949 ж. Сарқан ауданында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Алматы халықшаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1966 ж. Молалы стансасында байланыс монтері болып бастайды. «Красный Октябрь» кеңшарында спорт нұсқаушысы, комсомол комитетінің хатшысы, Сарқан аудандық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі болады. Содан кейін «Көкөзек» кеңшарының партком хатшысы, Сарқан аупарткомының бөлім меңгерушісі, аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, агроөнеркәсіп бірлестігі Кеңесінің төрағасы, Талдықорған облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Гвардия және Кербұлак аудандық партия комитеттерінің 2-ші хатшысы қызметтерін атқарды (1973-91). 1992 ж. Ақсу ауданының әкімі болып тағайындалып, 1995 ж. Республика Парламентінің Сенатына депутат болып сайланды. Депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан бірнеше жыл Сенат аппаратының Парламентаралық байланыстар және хаттама бөлімінің және жалпы бөлімдерінің меңгерушісі болды. Қазір зейнеткерлікте.

«Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Тыңға-50 жыл», «ҚР Конституциясына-10 жыл», «ҚР Парламентіне-10 жыл» медальдарының иегері. ҚР Сенатының, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамоталарымен және «Алтын  Барыс» төсбелгісі мен Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 БАЙБОЛОВ  ҚАЛИМОЛДА

1950ж. Ақсу ауданы Есеболатов ауылында дүниеге келген. Талдықорған индустриалды-педагогикалық техникумын. Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтін инженер-механик мамандығы бойынша бітірген... №135 кәсіптік-техникалық училищесінде мастер (1971-73), Ақсу ауданының «Діңгек» совхозында машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, шаруашылықтың бас инженері болады (1973-86). Адандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің директоры, Ш.Уәлиханов атындағы кеңшарының директоры, Ақсу ауданы әкімінің бірінші орынбасары (1986-96), Ақсу ауданы әкімі (1996—2001) қызметтерін атқарады. Содан кейін Талғар ауданы әкімінің бірінші орынбасары және ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Қазір зейнеткерлікте.

Бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Алматы облысының және Ақсу, Талғар  аудандарының Құрметті азаматы.

МӘНІЗОРОВ  БАҒДАТ  САЙЛАНБАЙҰЛЫ 

1962ж. Көксу ауданы Куйбышев  колхозында өмірге келген. 1983 жылы Қазақтың физкультура институтын және 2002 жылы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын  1983 жылы бокс жаттықтырушысы болып бастайды. 1984 -1985 ж.ж. Талдықорған қаласындағы Тау-кен-тұрмыстық комбинатында қоймашы болады. 1985—1993ж.ж. Кировск аудандық тұтынушылар ұйымында,  «Заготпункт» дүкенінде дайындаушы жұмыстарын атқарады. 1993—1999ж.ж. Кировск  ауданы базарының, облыстық біріккен базарларының Бас директоры және «Шаған» Сауда үйі» ЖШС-нің Президенті болып қызмет атқарған.

1999ж. тамызынан Алматы облысы Көксу ауданы Әкімінің бірінші орынбасары, 2001 жылдың 12 қаңтарынан бастап аудан Әкімі қызметінде болады. 2001—2004 жылдары  Алматы облысы Ақсу ауданы әкімі қызметін атқарды.  2004—2007ж.ж. Қазақстан тұтынушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, 2008—2017 ж.ж. Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі қызметінде  болды.  2017 жылғы 30 маусымында Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып тағайындалды

2007 жылы Алматы қаласы Мәслихатының депутаттығына сайланған. «Құрмет» орденімен және Үкіметтің көптеген мерекелік медалдарымен марапатталған. “ҚР спортының құрметті қызметкері”.  Алматы облысы Ақсу және Көксу аудандарының Құрметті азаматы

АЙТЖАНОВ  АЯН  АЙТЖАНҰЛЫ 

1947ж. Кеген ауданында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік–құрылыс институтын, агроөнеркәсіп бизнесі академиясын (экономист-менеджер) бітірген.

Еңбек жолын 1969ж. Шымкент облысы Леңгер ауданында кеңшар құрылыс шебері ретінде бастады, аға прорабы болды. ж.ж. Талғар ауданының Шеңгелді шаруашылығының, Алматы және Қапшағай мал бордақылау кеңшарларының, Қаскелең ауданының «Каменский» мемлекеттік мал асылдандыру зауытының аға прорабы болды (1971-84). «Қазақ ет, сүт өнімдері құрылысы» механикаландырылған колоннасының және «Алматы тағам өнімдері құрылысы» өндірістік комбинатының бастығы (1984-86), Қаскелең ауданы халық депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы, Қаскелең ауданы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқарады (1986-98). Алматы облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасын (998-2004) басқарды. 2004—2008ж.ж. Ақсу ауданының әкімі, содан кейін Райымбек ауданының әкімі болды. Қазір зейнеткерлікте.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Алматы облысының және Ақсу, Қарасай аудандарының Құрметті азаматы.

ДҮЙСЕМБАЕВ   ӘСКЕРБЕК   ТҰРАРБЕКҰЛЫ

1957ж. Ақсу ауданы Молалы стансасында  туған. Көксу ауданының Мұсабек Сеңгірбаев атындағы орта мектебін, Қазақтың ауыл-шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірген...

Еңбек жолын 1979ж. Алакөл ауданының «Сарықұм» қой кеңшарында агроном болып бастайды. Ақсу ауданындағы І.Жансүгіров атындағы ұжымшар мен Қосағаш кеңшарында агроном, бас агроном болады (1980-85), Ақсу ауданындағы Қазақ ВАСХНИЛ институтының тәжірибе шаруашылығын басқарды (1985-89). Алакөл ауданы ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, Ақсу ауданы Ленин атындағы кеңшар директоры (1989-94), Талдықорған қаласындағы «Береке» агрофирмасының директоры, «Ақсу» АҚ директорының орынбасары және директоры қызметтерін, «Меруерт», «Айгерім» ЖШС-і директоры болып жұмыс істеді(1994—2003). Содан кейін Алматы облыстық аумақтық басқармасының экономикалық талдау бөлімінің бастығы, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды (2003-08). 2008—2013 ж.ж.  Ақсу ауданы әкімі болды. Содан кейін Алматы облыстық еңбек инспекциясының басшысы болады. 2015 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

Бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған.  Ақсу  ауданының Құрметті азаматы.

2013 жылдың  шілде  айынан  аудан  Әкімі  болып  ДАЛБАҒАЕВ  ӘДІЛБЕК  ЕГЕУБЕКҰЛЫ  қызмет атқарып  келеді.  Ол  туралы  және  соңғы  жылдары  аудан  көлемінде  атқарылудағы  жұмыстар  ауқымы  жеке  әңгімеленетін  болады.