Сайт кітабының ауданымыздың өсіп-даму жылдарына арналған осы тарауының  бүгінгі парағында 19-шы ғасырдағы қазақ жерінің Ресейдің қол астында болған кездерінен бастап, 20+шы ғасырдың ортасына дейінгі мерзімде  Жетісу өңіріндегі әкімшілік-аумақтық  құрылымдардың пайда болуы,  олардың өзгерулері және 1930 жылы  жеке аумақтық дәрежеге ие болған ауданымыздың дамуы  туралы  деректер  қысқаша ресми  және тізбекті (хроникалық) түрде беріліп отыр...

Ақсудың таулары — тарих, даласы — дастан 

     Қазіргі Ақсу ауданы аумағында әкімшілік-аумақтың құрылымдардың  пайда болуы барлық жердегідей сияқты ХІХ-шы ғасырдың орта шенінде Қазақ елінің Ресейге қосылып, Жетісу өлкесінде шекаралық шептердің белгіленуімен байланысты болды. Ресей мемлекетінде 1822 ж. қабылданған «Сібір қазақтары туралы» жарғыға сәйкес қазақ жері тұрғындары болыстарға бөлініп, оны мұрагерлік құқын иеленген сұлтандар басқарды. Әр болысқа бір немесе бірнеше рудың ауылдары бағынды. Ауыл сайын 50-70-тей отбасы болды. Ал болыстар округтерге бірікті. Осылайша Жетісудағы болыстар 1831 ж. Омбы облысының құрамындағы Аягөз (1860 жылдан Сергиополь) округіне бағынды. 1854 ж. 19 мамырда Семей облысының құрамында Қапал округі ұйымдастырылып, шекаралық аумақ ретінде оны Батыс Сібір генерал – губернаторы басқарғанымен, жергілікті билік тізгіні Ұлы жүз қазақтарының қолында қалды. 1856 ж. 3 қарашада Ұлы жүз қазақтарының приставтығы Алатау округіне айналып (орталығы Верный бекінісі), оның құрамына Қапал округінің оңтүстік бөлігі (Қаратал мен Іле өзені аралығындағы аумақ), Заилийск, Күнгей және Теріскей Алатау аудандары енді.

  Патша өкіметі 1867-68 ж. әкімшілік – аумақтық реформа жүргізіп, ішкі Ресейдегі әкімшілік әдіспен бірдей басқару жүйесін енгізуге, ұлттық аристократияны биліктен аластатып, қоғамның рулық-қауымдық негіздерін әлсіретуге тырысты. 1867 ж. 11 шілдеде Түркістан генерал – губернаторлығы (орталығы – Ташкент қаласы) құрылып, оның құрамына Жетісу облысы да  енді. Ол  Тарбағатайдың оңтүстігіндегі Семей облысының жерінен, бұрынғы Алатау округінен құралды. Округ өз ішінен 5 әкімшілік – аумақтық бөлікке: Верный, Қапал, Ыстықкөл, Сергиополь және Тоқмақ уездеріне бөлінді. Уезд орталықтарына айналған 5 әскери бекініс пен станицаларға «уездік қала» деген статус берілді. Өзін-өзі басқару құқын иеленген казак-орыс станицалары дербес әкімшілік-жүйесін сақтап қалды. «Қарашекпендер» (орыс және украин қоныстанушылары) отырықшы селоларға орнығып, қазақтар мен қырғыздар көшпелі ауылдар (болыстар) қатарын құрады. Старшындар басқаратын әр ауылда – 100-200, болыста 1000—2000 үйлер болды

     Патшалық Ресейдің отарлау саясаты күшейе түсіп, 1863-83 ж. Жетісуда казак-орыстардың тағы да 29 мекені пайда болды. Жергілікті қазақтардың қарулы қарсылығы басылған соң өлкеге орыс, украин келімсектері де ағыла бастады.

 

     

 

1882 ж. 8 мамырда Жетісу облысы Дала генерал – губернаторлығының (орталығы – Омбы қаласы) қарамағына берілді. 1891 ж. 25 наурыздағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы» Ережеге сәйкес өлкенің әкімшілік-аумақтық құрылымы көптеген өзгеріске ұшырады. Приставтар басқаратын әкімшілік учаскелер құрылды. Жаңа «Ереже» бойынша әкімшілік ауылдар рулық қауымдар бойынша емес, жерді серіктесе (ортақ) пайдаланатын шаңырақ иелерінен құралуға тиіс еді. Мұның өзі жергілікті қазақтардың отырықшылық тұрмысқа бейімделуіне ықпал етті.

     1897 ж. 26 желтоқсандағы арнаулы жарлықпен Жетісу облысы қайтадан Түркістан генерал – губернаторлығының қарамағына берілді. 1906 ж. облыста қоныстандыру басқармасы құрылды. Бұл отаршыл мекеме қазақ халқынан ғасырлар бойы жайлаған атақоныстарын – нулы да сулы, құнарлы жерлерді тартып алу және оларға станицалар мен «қарашекпендердің» село-хуторларын, помещиктік усадьбаларын орналастыру арқылы столыпиндік реформаны жүзеге асыруға кірісті. Сөйтіп, 1905-12 ж. аралығында ғана Алматы, Жаркент және Лепсі уездерінде келімсектердің 86 жаңа елді мекендері пайда болды.

     1917 ж. Ақпан және Қазан төңкерістеріне дейін Жетісудың әкімшілік-аумақтық құрылымында айтарлықтай өзгерістер бола қойған жоқ. 1918 ж. наурызында Кеңес өкіметі орнады. 1918 ж. 30 сәуірінде Ташкентте өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің 5-съезінде Ресей Федерациясы құрамындағы Түркістан АКСР-інің құрылғандығы жарияланып, оның құрамына Жетісу облысы да енді. Осы жылдың 26 мамырынан Жетісу облысының жұмысшы, шаруа мен қызыл әскер депутаттары Кеңесінің атқару комитеті іске кірісіп, жаңа әкімшілік-аумақтық  құрылымның төменгі буыны ретінде қалаларда, ауылдар мен селоларда, станицаларда тиісті Кеңестер (жергілікті биліктің жаңа органдары) құрылды. Соған байланысты казак-орыс станицалары әкімшілік дербестігінен айырылып, олардың иеленіп келген жер телімдері социалистік (ортақ) меншікке алынды.

  1920 ж. 26 тамызда БОАК пен РКФСР Халкомкеңнің«Қазақ Автономиялық Кеңестік социалистік республикасын құру туралы» декреті қабылданды. Осы жылдың 4-12 қазанында өткен республикалық Құрылтай съезінде қазақтар қоныстанған Түркістан АКСР-індегі облыстарды, соның ішінде Жетісу өлкесін Қазақстанға қосу жөнінде мәселе қойылды. Осы кезде облыста 7 әкімшілік-аумақтық бөлік – Алматы (22 болыс), Жаркент (8 болыс), Қарақол (8), Лепсі (19), Нарын (7), Пішпек (10), Талдықорған (15) уездері болды. 1922 ж. 25 сәуірде Қапал уезі «Талдықорған уезі» деп аталып, орталығы Гавриловка селосына (қазіргі Талдықорған қаласына) көшірілді.  

 

1924 ж. 14 қазанда 11-шақырылған БОАК-нің 2-сессиясы Орта Азия республикалары мен Қазақстанның жерін ұлттық межелеу туралы қаулы қабылдауына байланысты Жетісу облысы таратылып, оның солтүстігіндегі Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған уездері Қазақ АКСР-інің құрамына еніп, солардың негізінде Жетісу губерниясы құрылды. Губернияда 5 әкімшілік-аумақтық бөлік – Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған және Шу уездері болды.

  Қазақ АКСР Кеңестерінің 6-съезі қабылдаған арнаулы қаулыға (3.4.1927) сәйкес 1929 жылдың 19 шілдесінен Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласынан Алматыға көшті.

     1928 ж. КСРО-ның өзге республикалары сияқты Қазақстанда да бес буынды басқару сатысы (орталық-губерния-уезд-болыс-ауыл-село) жойылып, төрт буынды басқару жүйесі (орталық-округ-район-ауыл-село) енгізілді. Соның нәтижесінде Жетісу губерниясы таратылып, бұрынғы Алматы, Жаркент болыстарынан, Лепсі уезінің жартысынан, Шу ауданынан Алматы округі (орталығы – Алматы қаласы) құрылды. Оның аумағында 21 аудан құрылды. Оның құрамына Бөрібаев (Басқан а.), Бүйен-Ақсу (Ақсу а.)  аудандары да кірді.

     Түркісіб темір жолын салып, іске қосуға байланысты өлкеде ірі өнеркәсіп ошақтары, темір жол стансалары салынып, олардың төңірегінде жаңа қалалар мен жұмысшы кенттері пайда болды. Қазақ ОАК Президиумының қаулысымен (3.11.1930) округтер жойылып, бұрынғы Алматы округінің құрамындағы аудандар ірілендірілді; Бүйен-Ақсу, Бөрібаев, Сарқан ауданының жартысыАқсу ауданы  болып қайта құрылды.

    Ұлы Отан соғысы кезінде (1941-45) Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуеті жедел арттырылып, қарқынды дамыды. Оған КСРО-ның оккупацияланған аудандарынан ірі зауыт-фабрикалардың, әр түрлі ұлт өкілдерінің, депортацияға ұшыраған халықтардың үдере көшіп келуі тікелей әсер етті. Осындай себептермен облыстың солтүстік бөлігінде (1944 ж.) Талдықорған облысы құрылып, оның құрамына Ақсу, Алакөл, Андреев, Бөрлітөбе, Гвардия, Қапал, Қаратал, Панфилов, Сарқан, Талдықорған аудандары енді. 1957 ж. экономиканы аудандастыру кезінде әкімшілік-аумақтық бірліктерді ірілендіру мақсатымен Талдықорған облысы таратылып, Алматы облысының құзырына өтті. 1967 ж. желтоқсанда Жетісу өлкесінің бұрынғы әкімшілік бөлінісі қайтадан қалпына келтіріліп, Алматы облысының солтүстік бөлігіндегі аудандар негізінде Талдықорған облысы тағы да бөлініп шықты.

     

ХХ- шы ғасырдың 90-шы жылдары Кеңестер Одағының кеңістігіне, күллі әлемнің саяси-физикалық картасына түбірлі өзгерістер, түбегейлі экономикалық-әлеуметтік, идеологиялық бетбұрыс алып келген күрт реформалар кезеңі болды. Қазақстанның ішкі саясатында жаңа саяси-қоғамдық жүйе қалыптастырудың алғашқы қадамдары жасалып, 1990 ж. 25 қазанда «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы, 1991 ж. 10 желтоқсанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын өзгерту туралы» заң қабылданды. Әсіресе, дербестік жолын таңдап, құқықтық-демократиялық мемлекет құруға талпынған егемен елдің өмірінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның, сондай-ақ азат елдің өмірінде алғашқы Ата Заңы – «Қазақстан Республикасының Конституциясының» (28.1.1993) қабылдануы аса маңызды тарихи уақиға болды. Бұл құқықтық құжаттар мемлекеттік құрылыстың негіздерін айқындап берді. 1992 жылдан бастап халық депутаттары Кеңестерінің атқару комитеттері қызметтерін доғарып, жергілікті атқарушылық және өкім жүргізушілік билік әкімшілік (әкімият) басшыларына, ал өкілдік билік жергілікті (обл., ауд., қалалық) мәслихаттарға берілді. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңына (8.12.1993) сәйкес мынандай: ауыл (село), кент, ауылдық (селолық) округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс ретінде сатыланатын әкімшілік-аумақтық бірліктері енгізілді. 1997 ж. 22 сәуірдегі ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-территориялық құрылымын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығымен таратылған Талдықорған облысының жер аумағы Алматы облысына (орталығы – Алматы қаласы) қосылып, шекарасы өзгерді.

1997 ж. 23 мамырдағы ҚР Президентінің «Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-территориялық құрылымындағы өзгерістер туралы» жарлығына сәйкес облыстың алты ауданы, оның ішінде Қапал ауданы да (оның алдында Бөрлітөбе ауданы ) таратылып, олардың бірнеше ауылдық округтері Ақсу ауданына қосылды. 2001 ж. 14 сәуірдегі ҚР Президентінің Жарлығымен Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілді.

( Бұл деректер «Жетісу энциклопедиясы» кітабынан ықшамдалынып алынды.  «Арыс» баспасы.  Алматы.  2004ж.)

Сонымен осы және басқа  деректерге сүйенсек, 1867—1920 ж. Ақсу, Қапал өңіріндегі 14 болыс елі Жетісу облысының Қапал уезі қарамағында болады.

1917 ж. Ақпан және Қазан төңкерістері, 1918 ж. Кеңес өкіметінің орнауы, одан ары азамат соғысының басталуы Ресейге қарасты барлық аймақтар сияқты, Ақсу өңіріне де күрделі өзгерістер, үлкен ауыртпашылықтар әкелді. Ақтар мен қызылдардың өзара шайқасы себептерін, саясатын терең түсінбеген жергілікті қазақ халқы үлкен дағдарысқа ұшырады, жазықсыздан қырылды. «Ұлы Жібек жолында» бейғам, бейбіт өмір сүріп жатқан Ақсу халқы да «қызылдар» мен «ақтардың» кезек-кезек жеңістері мен жеңілістеріне байланысты қанды шайқастың бел ортасында қалды. Ауылдар екі жақты тонауға ұшырады, «ақтар» да, «қызылдар» да қарусыз шаруалардың күш-көлігін, азық-түлігін тартып алып отырды.

Сібірді тастап қашқан атаман Анненковтың ақ әскері Ақсуды бекініске айналдырмақ болады, оған  Орынбор армиясынан қалған қалдығымен атаман Дутов әскері келіп қосылады. Гавриловка (Талдықорған)  – Ақсу – Сергиополь (Аякөз) арасы сапырылысқан әскерге толды. Содан тек 1920 ж. наурыз-сәуір айларында ақтар түбегейлі талқандалып, қалған әскерлері атамандарымен жан сауғалап Қытайға қашып кетті.

Азамат соғысы аяқталғаннан кейін әскери төңкерістік комитеттің шешімімен бұрынғы Гавриловка мекені атауы – Талдықорған, Абакумовка – Шавровка, Покровка – Қаракөз, Покатиловка – Басқан болып өзгертілді. Осы жылы Түркстан республикасы Кеңестерінің ІХ-съезі шешімдері негізінде Жетісуда да жер-су реформасы жүргізіліп, «Қосшы» одақтары құрыла бастады. Мұның өзі төңкеріс жылдарында өз  жерінен безіп, тау-тасқа сіңіп, құм ішіне тығылып қашқан елге тыныштық әкелгендей болды.

1926 ж. мәліметтер бойынша Ақсу аумағында 60-қа жуық одақтар,  бір болыс, алты ауылдық кеңес, Қапал  аумағында он ауылдық кеңес құрылды. 1927-28 жылдары ауыл шаруашылық артельдері құрылып,олар соқа-тырмалармен, сеялка, молотилка, шөп шабатын машиналармен, керекті құрал-саймандармен жабдықталды.  1928 жылы Алматы округі құрылғанда оның ішіндегі Бөрібай ауданына –Лепсі уезі, Көктерек, Басқан мен Ақсу жерінің бір жартысы, Бүйен-Ақсу ауданына –Ақсу жерінің қалған бөлігі мен Қапал өңірі кіреді.

1927-29 ж. Түрксіб теміржол құрылысына Ақсу өңірі халқыда да белсене араласты. Осы орайда терең ойлы ғалым, білгір инженер  МҰХАМЕТЖАН ТЫНЫШПАЕВтың  еңбегі ерекше аталады. Ол Түрксіб жолының қалың құм ішінен тартылып, қазіргі Матай, Лепсі, Молалы, т.б. стансалардың орнауына  үлкен себепкер болды.

1928 ж. 27 тамызда Қазақстан Орталық атқару Комитеті ірі байларды тәркілеу туралы қаулы шығарады. Аталмыш қаулы ел басына өлшеусіз қасірет әкелді. Барлық байларға бір ғана өлшеммен, бір ғана көзқараспен қарау салдарынан талайы күнәсіз жер аударылып, талайы тап жауы ретінде жойылды. Олардың өзін-өзі қорғау құқы болмады. Бір ғана мысал:  қазақ жеріндегі  алғашқы мектепті ашып, халықтың санасын оятқан МАМАН  Қалқабайұлы  әулеті сондай саясаттан  түгелдей зардап шекті. Асыра сілтеуші, шолақ белсенділер халқымыздың мәдени мұраларын қиратты, кітаптар өртеліп, мешіттер жойылды.    «Байлардың құйыршықтары»  деген айдармен кедей шаруалар да қысымға түсті, байлармен бірге жер аударылып, түрмеге жабылғандар да  болды. Қорлыққа шыдай алмағандар елін, жерін тастап, Алатау асып, Қытайға үдере көшуге мәжбүр болды. Шұбырай көшіп бара жатқан момын, қараңғы жұртты тоқтатып түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу орнына, тосыннан келіп, оқ атқан «қызылдар» отряды неше жүз адамды тау беткейінде, сай ішінде (кейін ол “Солдатсай” атанған) жусатып салған оқиға ел ішінде әлі айтылады.  Отряд  командирі көп жылдар дәріптеліп келген Курносов деген болды.  Жергілікті жерлердегі шолақ белсенділер де ұжымдастыру тәртіптерін өрескел бұзып, елдің мал-мүлкін тартып алып, орталықтандырды. «Мал да, жан да ортақ» болады деген қауесет, теріс сөздерден қауыптенген жұрт ішінде наразылық туады. 1930 жылы асыра сілтеушілікке қарсы Қопа, Сүттіген, Беспай ауылдарында «қызылдарға» қарсы, тарихта «Бөрібай көтерілісі»  болып аталған қарулы наразылық басталады. Оны Өмірбек, Тұрсын, Мұқан деген өжет адамдар басқарды. Олар Ақсу ауылын, тағы бірнеше елді мекенді айлап өз ықпалдарында  ұстап тұрды. Көтеріліс кезінде аудан басшысы Ғазиз Ибрагимов, большевиктер Тарасов, Қабланбек Бұланов атылады. (Олардың Ақсу ауылындағы қабірі басында кейіннен ескерткіш қойылды.)  Ақтар кетіп, большевиктердің орнығуы халыққа тиімді болғанымен, олардың саясатының, іс-әрекеттерінің мәнін бұрмалаған белсенділердің кесірінен оларға қарсылық толқулар дүйім-дүйім болып тұрды. Бірақ кінәлары. оқиғалардың ақ-қарасы анықталмастан көтерілісшілер ұсталынып жазаланды.

     Бүгінгі  Ақсу ауданы  Алматы округінің құрамында  1930 жылы желтоқсанның 17-ші жұлдызында шаңырақ көтерді. Оған Бүйен-Ақсу, Бөрібай және Сарқан аудандарының жартысы кірді. Орталығы — Ақсу ауылы болды.

* 1931 ж. деректер бойынша аудан алғаш құрылғанда 21 ауылдық  Кеңес, оларға қарасты 100 ұжымшарда 7653 үй,  3782 гектар суармалы егістік жерлері, 63830 адам болған. Ол кездегі күш-көлік 11 мың арба, 22 мың жылқы, түйе, өгіздер еді. Осы жылы ауданда 53,7 мың га. жерге егін егілді. Одан ары ұжымшарлар он-онбестен біріктіріліп, алғашқы Бұлан, Бүйен-Ақсу, Үштөбе кеңшарлары пайда болды.

*  Алайда, осы 1930 жылдың 1-ші қаңтарындағы партия Орталық Комитетінің қабылдаған  «Коллективтендіру ісінің қарқыны және колхоз құрылысына мемлекеттік шаралары туралы» қаулысы мен И.Сталиннің «Табыстан бас айналу» атты мақаласы негізінде партияның солақай, асыра сілтеу саясаты жүргізілді. Ол  бүткіл қазақ халқына ауыр нәубет әкелді. Оның үстіне,  сол кездегі  Республика басшысы болған Голощекиннің  « бай-кулактармен, ұлтшылдармен күресу» деп бағытталған және «кіші төңкеріс» аталған қылмыстық әрекеттері қылмыстық әрекеттері қазақ даласының  момын бұқарасының қабырғасын  одан ары күйретіп жіберді.  Жиналған астық өнімдерінің 80 пайызы орталыққа  өткізіліп, қалғаны тұқымға деп зорлықпен тартып алынды. Малдар ішкі Ресейге жіберілді. Бар малынан, астығынан айырылған, егін салуға төселмеген қазақ елі жаппай аштыққа ұшырады.  Шамасы келгендері тағы да  Қытайға, көрші елдерге ауа қашты. Кете алмағандар қырылып, жұтқа ұшырады. Ашаршылықтан кейінгі деректер бойынша аудан есебіндегі 63830 адам саны 37800-ге кеміген. Яғни, 26 мың адам аштан өліп, не шетке қашып,  қолдан жасалған апат құрбаны болды. (Алматы облыстық архиві, 685 қор. 4 тіркеу, 76 іс).   Әрине  осындай  күйзелістер  Ақсу өңірін де шайпап өткені түсінікті.

   * «Мың өліп, мың тірілген» қайран халық қайта тұрып, бой көтереді. 1932 ж. ақпан айында ауыл жұмысы тек қолмен, күш-көлікпен атқарылатын ұжымшарлардың жерін жыртып, егінін салуға көмек көрсету мақсатында орталықтандырылған Ақсу МТС-і іске қосылды. Оған алғашқы  3 темір доңғалақты трактор, соқалар тырмасымен, 5 полуторка машина әкелінді.  1933 ж. осы МТС-қа тағы 5 трактор, 1 астық ұшырғыш агрегат, 7 полуторка берілді. Ішкі Жетісудан бидай, сұлы, арпа, тары тұқымдары жеткізіліп, ел еңсесін көтере бастады. Жергілікті қазақтар техника тетігін үйрене бастады. 1936 ж. қарашада Көкөзек МТС-і,  1941 ж. Комсомол МТС-і, Қапалда Ақешкі МТС-і құрылды. Бұл халық шаруашылығын жаңаша дамытуға үлкен көмек болды.

* 1930 ж. БКП(б) Орталық Комитетінің арнайы қаулысына сай елімізде денсаулық сақтау мекемелерін көбейту мен оның жұмысын жақсарту мақсатында Ақсу ауылында алғашқы дәрігерлік пункт ащылды. Сол жылы аудандық қаржы бөлімі құрылды.

1931 ж. Түрксібтің Матай стансасында 3 паровоз депосы пайдалануға берілді.

   * 1934 ж. аудандық партия ұйымының саясатын бұқараға насихаттайтын, үгіт-түсінік шараларын жүргізетін идеология ошақтары – «Қызыл отаулар» ұйымдастырылады. Ақсу МТС-і жанынан аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Ақсу өңірі») газетінің бірінші саны жарық көріп, Ақсу, Қапал, Матай ауылдарына таратылды.

  * 1935 ж. Ақсу МТС-іне шөп шабатын 6 шалғы әкелінді. Ауылдарда, ұжымшарларда мал басының саны көбейіп, оларға қажетті қоралар құрылыстары қолға алынды. Осы жылы бір топ ақсулықтар еліміздің тұңғыш наградасы – «Қазақстанның  15 жылдығы» төс белгісімен марапатталды.

* 1937-38 ж. қазақтың білімділері қатты қуғынға түсті. Ақсу өңірінің алғашқы ағартушылары, мектеп директоры Қанапия Махмутов, Сағабүйен ауылында жетім балалар үйін салдырған Жақып Майлин, Жетісу облысында білім бөлімін басқарған Мейірман Ермектасов сияқты көптеген азаматтар жазықсыздан  «халық жаулары» атанып, “итжеккенге” айдалды. Олардың ішінде тірі қайтқаны жоқ, тек М.Ермектасов қана барар жолда жолдастарының көмегімен қашып, «арғы бетке» асып кетеді де, ол жақтағы қазақ ауданында мектептер ашып, оқулықтар шығарады. 1938 жылы ардақты ақынымыз Ілияс Жансүгіров те атылады.

 * 1939 ж. Ақсу МТС-індегі  74 трактор ( олардың  ішінде 62-ХТЗ және СТЗ, 4- «Универсал», 8-ЧТЗ  маркалы ) ауданның 20 ұжымшарларына т қызметтер көрсетті. Көкөзек МТС-індегі тракторлардың саны  42-ге жетіп   13 ұжымшардың дала жұмыстарын атқарды. Аудан МТС-тарына өкіметтен барлығы 40 ( оның ішінде 11- «Сталинец» ),  29- «Коммунар» астық оратын комбайндар, 15 астық бастыратын «Молотилка» агрегаттары берілді.   Тасбекетте ши зауыты салынып, онда 45 жұмысшы, май зауытында 18 адам еңбек етті. Алғашқы жылы олар 61 мың сомның ши өнімін және 52,4 мың сомның майын шығарды.

* 1939 ж. Холкин-Гол соғысына біздің ауданнан 17 адам қатысады.

  1940 ж. дайындалған деректер бойынша  ауданның Ұлы Отан соғысы алдындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы былай сипатталады: «...аудан көлемі 10 мың шаршы шақырымды құраған. Халық саны 19733 адам болған. Ауданда 16 ауылдық кеңес, 55 ұжымшар болды. Ақсу және Көкөзек МТС-тары жұмыс істеді. Ауданның ұжымшарларына бекітіліп берген жер көлемі 457643 га., оның ішінде жыртуға жарайтыны — 61 мың га., шабындық-50 мың га., жайылым – 250 мың га болды. Осы жылы аудан бойынша жаздық бидай- 10,9 мың;  сұлы-2,8 мың;  арпа-207,  тары-3,2 мың., күнбағыс-300, көк сағыз- 325, картоп- 88 , бау-бақша- 71 гектар жерге себілді. Қоғамдық секторда 1155 жылқы, 8772  ірі қара, 19501  қой-ешкі, 163  шошқа , 220  түйе  болды.  Өнеркәсіп орындары ретінде ши және май зауыттары,  Амангелді атындағы артель жұмыс істеді. Ауданда 18 диірмен, етік және киім тігу, кілем тоқу цехтары болды, кірпіш пен  торф дайындалды.  Барлық мектеп саны – 43, оның ішінде орта- 2, орталау-8, бастауыш-33.  15 ұжымшарда мектеп болмаған. Оқушылар саны – 3512.   Денсаулық сақтау саласын  30 төсектік 1 аурухана,  әйелдер босанатын үй, 3 амбулатория, 4 фельдшерлік және 2 акушерлік пункттер, 21 балалар яслиі, 240 балалық балалар үйі, 27 балалар алаңы құрады.   Мәдениет саласында клуб, колхоз-совхоз театры, кинотеатр, жылжымалы киноқондырғыш, 3 қызыл бұрыш, 17 оқу үйлері, 230 нүктелік радио торабы  жұмыс істеді. 3000 басылымы бар “Ленин жолы” атты аудандық газет шығарылып тұрды.    Аудандық тұтынушылар қоғамы 6-сельпоға, 58- сауда нүктесіне, 1- аудандық дүкенге қызмет көрсетті.   Аудандағы жол ұзындығы 427 шақырымды құрады, оның ішінде жақсартылғаны 36 шақырым. Автомашиналар саны-64, оның ішінде “ЗИС”-16, “ГАЗ”-42, “М-1” (жеңіл) – 1.   Аудандық партия ұйымы 500 коммунисі бар 46 бастауыш партия ұйымдары мен 11 кандидаттық топтардан құрылды.  2240 мүшесі бар 40 комсомол ұйымдары болды.»

* 1941-45 ж. Ұлы Отан соғысына Ақсу ауданынан  6104 азамат майданға аттанып, олардың 3395-і ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Нұрсұлтан Есеболатов пен Есмұрат Сиқымов Кеңес Одағының Батыры атанды.  4237 адам түрлі мемлекеттік, жауынгерлік  орден, медальдармен марапатталды...  I-ші және II-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен – 32 адам, «Қызыл Жұлдыз» орденімен – 67, «Ұлы Отан соғысы» орденімен – 983 адам марапатталды. Еңбек армиясына /ФЗО/ 3,5 мың адам тартылды. 1942-46 жылдары Сталинград қаласын қалпына келтіруге қатысқан атақты қазақстандық 88 комсомол қыздардың қатарында ақсулық Қанымбике Мырзатаева мен Қаншайым Батыршина болды. Соғыс жылдары ауылдардың жағдайы қиын болды, ауылдағы жас баладан еңкейген қарияларға дейін күндіз-түні даладан табылып, егін өсірді, мал бақты. Өз қиыншылыұтарына қарамастан ауыл өнімдері майданға жөнелтілді, әскерлерге күш-көліктен  бастап, шұлыққа дейін  жіберіліп отырылды. Астықты  Ақсудан 90 шақырымдағы Молалы стансасына өгіз, ат жегілген көліктермен әйелдер мен балалар тасыды

  * 1944 ж. Талдықорған облысы құрылып, оған Ақсу ауданы да кіреді.

   *  Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары ауданда 12 кеңшар жұмыс істеді. Барлық жерде стахановшылар қозғалысы өріс алды. 1946-56 ж. ерен  еңбектері үшін 113 адам «стахановшы», 1948-49 ж. Оңалдинов Нұрлан, Сүйеубаев Отызбек,  Тынымбай Балтабаев, Жанбаев Құрманбай, Нұрсейітов Наужан сияқты еңбек озаттары Социалистік Еңбек Ері атанды.  Кейіннен олардың қатары Адлер Оттомен толықты.

 * 1956 ж. Ақсу өзеніне бөгет салынып,  шаруашылықтар егіндіктеріне су бөлінсе, екінші жағынан ГЭС құрылысы басталды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1956 ж. 26 сәуірдегі Жарлығына сәйкес елімізде жаппай басталған тың игеру жұмыстарына белсене қатысқан ауданның 499 ауыл еңбеккерлері «Тыңды игергені үшін» медалімен марапатталды.

* 1959 ж.  республикалық байқауда аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған өнерпаздар ұжымы лауреат атанып, “Ақсу халық театры” атағын алуы  аудан өнерінің шыққан бір үлкен биігі  болды.

 * 1960 жылы ауданда алғашқы автотранспорт кәсіпорны ашылды. Шаруашылықтарда жеке МТМ-лар салынып, ауылшаруашылығы техникаларының түрлері мен сандары көбейді. Бұрынғы шағын курстың орнына 1960 ж. механизаторлар училищесі ашылып, ауылшаруашылығы мамандарын дайындаумен айналыса бастады.

   Ауданның алғашқы құрылған кезеңінен бастап осы мерзімге дейін аупарткомның 1-ші хатшысы болып, ауданды басқарған басшылар: Ғ.Ибрагимов (1930), М.Жылысбаев (1930-31), Нұрсейітов (1932), Нәдіров (1932) Бердалиев (1932), Н.Өмірзақов (1933-34. 1936), Хамитов  (1935),   Жұмағұлов (1937), М.Мұхамедияров (1938-40), Ә.Несіпбеков (1941-44), И.Сариев (1945-50), А.Мансұров (1951-58), А.Айтбаев (1951-60).

 

ЖАЛҒАСЫ БАР....