Құрметті оқырмандар!

 Таяуда сайт оқырманымен болған  өзара пікір алмасу кезінде өткен Кеңес дәуірінің бастапқы  кезеңінде Жетісу өңірі Ақсу жерінде орын алған,  «Бөрібай көтерілісі" деп  аталған  өкіметке қарсы үлкен ел толқуы  жөнінде сөз болған еді. Ол оқиға себептері мен салдарынан бүгінге дейін қалың бұқараның,  әсіресе  кейінгі ұрпақтың  мүлдем хабарсыз екендігі, аудан тарихының «ақтаңдағы» деп айтылған еді. 

Енді, сол олқылықтың орнын толтыру мақсатына бағытталған еңбектердің бастамасы ретінде  Жемісбек Толымбековтың деректік -зерттеулік мақаласы жарияланып отыр.

 

 

Бүйен—Ақсу ауданындағы ірі көтеріліс

Жемісбек Толымбеков

 

 Бүйен-Ақсу ауданындағы көтерілісті «Бөрібай көтерілісі» деп халық атаған. Себебі, көтеріліске шыққан халық жаппай «Бөрібайлап» Матай елінің ұранын шақырған. ҚРПА – 141- қ, 17 — т, 471 — іс, 142, 150, 151, 157, 164, 165, 180, 209, 288, 291, 292, 302, 305 папкаларына сүйеніп, бұл көтерілісті кеңінен айтуға болады.

 Үш Матай елінің «Бөрібай» көтерілісі туралы Қазақстанның басшысы Голощекин 1931 жылы желтоқсан айында Сталинге жазған мәліметінде Қазақстанда болған көтерілістердің ең ірісіне жатқызыпты.

ОГПУ-дің  мұрағатында «Бөрібай көтерілісі»  жайында көптеген мәліметтер сақталған. ОГПУ-дің уәкілі Шаперников: «Бүйен-Ақсу ауданының байлары 1930 жылы 27 наурызда кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде бас көтерді. Бандылар бір мезгілде үш бағытта: Арасан, Абакумовка, Ақсуға шабуыл жасады. Абакумовканы 200 адамнан тұратын көтерісшілер сағат 2-де басып алды», — деп жеткізіпті. Аңғарсаңыз, «байлар», «бандылар» деп көрсетеді. «Жаппай халық» деп жазбайды. Көтеріліссшілер Абакумовкадан қолдарына түсірген жарамды жылқыларды ауыстырып мініп, оларға біраз орыс-казактары қосылып, аудан орталығы Ақсуға қарай бет алыпты.

 Арасанға көтерісшілер таң шапағы арайланып атып келе жатқанында басып кіріпті. Келген бетте ауылдық кеңестің төрағасын, аудандық атқару комитетінің уәкілін және тағы басқа кеңес қызметкерлерін тұтқындапты. Тұрғындар түгел ауыл ортасындағы алаңға жиналыпты. Жиында кеңес өкіметінің жүргізіп жатқан саясаты, зорлық әдістері, шолақ белсенділер жүгенсіздігі, бас көтертпес салықтар, асыра сілтеулер тілге тиек етіліпті. Көтерісшілер: «Тығыз топтасып, жабыла атқа қонып, бір жеңнен қол шығарып, күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы тұруға жұмылайық», — дегенге келіпті. Орталарынан орыс-казагі мен қазағы бар 40 адам жасақ шығарып, Қапалға аттаныпты.

 

 

 Көтерісшілердің негізгі бөлігі 1930 жылы 27 наурызда таң ата аудан орталығы Ақсуға кіріпті. Олар 300 адамнан екі жасаққа бөлініпті. Жанбаев Егеубек, Қылиев Бейсетбай, Қырбасов Қали, Қырбасов Қалит, Қырбасов Мәди, Сарыбасов Арнай, Сарыбасов Жабықбай, Сарыбасов Ғаділ, Сарыбасов Ғабдолла, Сарыбасов Ғадым, Сарыбасов Есімхан, Нүсіпов Шатырбай, Шатырбаев Ғали, Қылиев Қалдыбай басты ұйымдастурушылар және дем берушілер болыпты. Жалпы жасақты басқару бұрынғы уезд басқарушысы Жанбаев Егеубекке жүктеліп, бірінші жасақты Сарыбасов Арнай, ал екінші жасақты Шатырбаев Ғали басқарыпты. Екі жасақта қарудан 20 винтовка, 100-ге тарта аңшы мылтығы, қалғаны аша, балта, сойылдар ғана болыпты.

Көтерісшілер: «Кеңес өкіметі жойылсын! Коммунистерді, комсомолецтерді соғыңдар! Салықтар доғарылсын! Тұқым қоры жиналмасын!» — деген наразылықтар танытыпты. ОГПУ тыңшысы, коммунист Исахметов: «Бәріміз Алаш ұрпағымыз! Бір тудың астына жиналып көтерілейік!» — деп көтерісшілер «Бөрібайлап» ұран тастағандарын жеткізіпті. Ақ тумен Ақсуға басып кірген көтерісшілер бірден кеңес өкіметі қызметкерлерін іздестіріпті. Жалпы саны 23 кеңес қызметкерлерін тұтқындапты. Кеңсе мекемелерінің есіктерін бұзып, ондағы құжаттарды далаға шығарып өртепті. Тыңшылар материалдарын да жойыпты. Байланыс телеграфты істен шығарыпты. Түрмеде қамалғандарды босатыпты. Кооператив дүкенін бұзып, тауарын көтерісшілер үлесіп алыпты. Қақтығыста аудандық партия комитетінің хатшысы Ғазиз Ибрагимов, колхоз төрағасы Тарасов, тағы бір кеңсе қызметкері өліпті. Көтерісшілер Ақсуды көтерілістің орталық штабына айналдырыпты.

 

 Кеңес өкіметінің ОГПУ органдары шұғыл қимылға көшіп, 27 наурыз күнгі кешінде Ақсудағы көтерілісті басуға 25 жауынгерден тұратын, 7 винтовка қалғандары аңшы мылтығымен, оқ-дәрісі мол, қаруланған жазалаушы отрядты суыт жөнелтіпті. Жазалаушы отряд 28-ші наурыз күні Ақсуға бір шақырымдай жерде көтерісшілермен кез болып қалады. Қым-қиғаш атыс басталып, жазалаушы отряд қоршауға түседі. Түн қараңғысында жазалаушы отряд ебін тауып, қоршау қыспағынан сытылып шығып, Сарқанға жетіпті. Жазалаушы отрядтан Сарқан комсомолының хатшысы ғана жараланыпты. Қалғандары дін аман, ал көтерісшілер жағынан он адам мерт болыпты. Көтерісшілердің штаб басшылары «кеңес өкіметімен тіл табысуға болар» деген ниетпен 28-ші наурыз күні Сарқанға араларынан екі адам елші жіберіп: «Кеңестіктер қан төгілмесін десе, билікті халыққа тапсырсын», — деген ұсыныс жасапты. Елші болып барған екі адамның кімдер және тағдырлары не болғаны белгісіз қалыпты. Осы кезде таудағы Лепсіден пулемет және толық оқ-дәрі мылтықтарымен қаруланған қызыл әскер отряды көтерісшілердің үлкен шоғырына тап кезігіп, 15 адамды мерт қылып, 76 адамды тұтқынға түсіреді. Қашқандарын әскери отряд қуып жүріп, толық жойыпты.

 

 Сол әскери жазалаушы отряд Абакумовкаға жетеді. Онда көтерісшілер болмай шығады. Енді әскери жазалаушы отряд Ақсуға бет алады. Ақсуға тақағанда тұтқындағы 23 кеңес қызметкерлерінің 8-і атылатыны туралы шешім шығарылғанын біреу жеткізеді. Әскери жазалаушы отряд күндізгі сағат 10-да Ақсуға жан-жақтан пулемет, винтовкадан оқ жаудырып, баса көктеп кіреді. Аттарына мініп үлгерген көтерісшілер Ақсу, Бүйен, Лепсі өзендері бойына қашып, Балқаш көлі бағытында құм-құмға сіңіп, Ақдала, Қамауға дейін кетіпті. Сол қақтығыста көтерісшілерден 18 адам мерт болыпты. Қаша алмай, атсыз жаяу қалғандары ұсталыпты. Ақсуда кеңес мекемелері қайта жанданып, телеграфты жөнге келтіріп, жағдайды түзеуге кірісіпті. Ұсталғандарды тексеру, тіңту, тергеу, тұтқындау, айыптау, ату басталып, қашқан көтерісшілердің арттарынан іздестіру, ұстау, жазалау жұмыстары жедел бастау алыпты. Қашқан көтерісшілерді құм, жыңғыл, тау, шатқал, өзен бойларынан іздеуге қызылдар орталық арқылы жиі барлаушы ұшақ (самолет) қолданыпты. Солардың тыңшылық барлауымен ОГПУ басшылары жазалау отрядтарын көтерісшілер тығылған жерлерге бағыттап отырыпты.

 Жазалаушы отряд бастығы Кречко: «Ақсудан 50 шақырымдай қашықтағы Орақдалада Ақсудан қашқан 400-дей көтерісшілер жасағы жортуылдап жүр. Мақсаттары шекара арқылы Қытайға асу. Басшылары Жанбаев Егеубек, Сәрекенов Сары, Қылиев Қалдыбай», — деп тыңшылар арқылы анықтағандарын жоғарыға баяндапты. Құрама отрядтар командирі Таритус пен әскери комиссар Орымбаев Кречкоға Обалиннің отрядын қосып алып, оларға соққы беруін талап етіпті. Және оларға Қызылағаш, Ақсу, Балқаш ОГПУ отрядтарынан көмек бірілетіні жеткізіліпті.

 

1930 жылы 25–ші сәуірде Мәскеуге Қазақстан ОГПУ-нің бастығы Даниловский: «Қылиев Қалдыбай бастаған көтерісшілер белсенді іс-әрекеттер жасауға қабылетсіз. Естерін жинап алып, Қытайға аспақ. Сартаев Ортай бастаған көтерісшілер Ақкөл маңайынан табылды. Қылиев Қалдыбай басқаратын топпен бірікпек. Бұл көтерісшілерге қарсы әр қайсысы 30 жауынгерлерден тұратын Ковалевский, Звягинцев, Көлбаев басқаратын коммунистік отрядтар жіберілді. Қалған топтарды іздестіру шаралары жүріп жатыр. Оларды жою чекистік шаралармен жүзеге асырылады», — деп мәліметтесе, 27 сәуір күні Мәскеуге Даниловский: «25 сәуір күні ОГПУ отряды Қылиев Қалдыбай бастаған көтерісшілерді қуу кезінде Үшкөл маңында 8-і өлді. Қылиев Қалдыбай да мерт болып, оның орнын Қылиев Бейсетбай басты. Отыз алты отбасы мен 5000 мал қолға түсті. Көтеріслісшілердің көбі Балқаш пен Қаратал өзені мен құмдарға сіңіп бөлінді», — деп мәліметтепті.

30 сәуір күні Мәскеуге Даниловский: «Қылиев Бейсетбай бастаған көтерісшілердің ыдырау қарқыны күшейе түсуде. Көтерісшілердің қалдықтары 80 адамнан тұрады. Мойынқұм, Балқаш көлі, Қаратал өзені арасындағы құмдарда орныққан. Осы топта Ортай Сартаев бар. Оларды біржолата жою жұмыстары одан ары жүргізілуде. Керейқұм мен Сарықұмда Үсенов Әмірхан, Көшербаев Әбдүлқадыр бастаған 37 көтерілісшілер ұсталды», — деп мәліметтепті.

Мәскеуге 7 мамырда Даниловский: «Бүйен-Ақсу ауданында көтерісшілерге дем беруші және ұйымдастырушылары Қылиев Бейсетбай, Нүсіпов Шатырбай бастаған 24 адам ұсталды. Белсенді басшылардың бірі Ортай Сартаев әлі жасырынып жүр»,— деп мәлімет беріпті. Ортай Сартаев бастаған қалған көтерісшілер 7 мамыр күні Қытайға аспақшы болғандарында жойылыпты.

 Тыңшы Бәрібаевтың мағұлыматымен ОГПУ-дің уәкілі Жаперников: «№ 6 ауылдан 25 шақырымдай жерде Смағұлов және Жылқыбаев Қасымның бастауымен 2 винтовка және аңшы мылтықтарымен қаруланған 300-ге тарта қазақ көтерісшілері жасағы бар», — деп жоғарыға хабарлапты. Оларға қарсы 130 қарулы әскериден тұратын отряд шығарылыпты. Қарулы қақтығыс болып, ақыры немен біткені белгісіз.

 Жазалаушы әскери отрядтардың басшылары Лавров, Аболин, Оботин, Сайадамбаев, Николаенко, Иванцов, Смирнов, Кречко, Ковалев, Ковалевский, Звягинцев, Көлбаев дегендер болып, барлығы Талдықорған ОГПУ-ден құрама отрядтың басшысы болып тағайындалған Тарутиске бағыныпты. Бұл отрядтарға қосымша «Бөрібай» көтерілісіне қарсы Талдықорғанда қазақ ұлттық дивизия — 155 жауынгер, атты әскер — 119 жауынгер, жаяу әскер – 36 жауынгер, маневрлік топ 1-ші, 2-ші взводы – 50 жауынгер, коммунистік отряд атты әскері – 58 жауынгер, Қапалда косомол отряды мен жаяу әскер 30 жауынгер, Қызылағашта Алматы ұйымының жаяу әскері (комотряд) – 170 жауынгер, Сарқанда комотряд – 70 жауынгер, Ақсуда комотряд – 60 жауынгерден шоғырлана құрылып, Алакөл мен Андреевкада 53 адамнан еріктілер отряды жасақталыпты. Бұған қоса Лепсі шекарасынан сақадай сай қаруланған бір взвод Сарқанға әкелініпті.

 

 Алматыға әскери отрядтың басшысы Оботин: «Ақсу өзенінің солтүстік, Қаратал өзенінің оңтүстік жағалауында топтасып жүрген көтерісшілерге соққы беруге рұқсат берсеңіздер екен», — деп сұрапты. Көтерісшілердің текке қарап жатпағаны, аш болмау үшін әрекеттерге барғандықтары айқындалады. Көтерісшілердің бір тобы Романовка селосына шабуыл жасап, астық алмақ болған істері іске аспай қалыпты.

 Бүйен-Ақсу ауданы Арасан, Абакумовка, Ақсудан басталған «Бөрібай» көтерілісі кең қанат жайыпты. Қызылағаш, Қапал, Үшкөл, Құндақбай, Арал, Ақадыр, Ақешкі, Қопа, Баянжүрек, Көшкентал, Бақалы елді мекендеріндегі халық жаппай көтеріліске шығыпты. Оларды № 14 ауылдық кеңестің бұрынғы төрағасы, комсомол мүшесі болған, астық жинау науқанында жоғарыдан берілген міндеттемені орындамағаны үшін қызметінен босатылған Анықбаев Бейсембай, бұрынғы жауапты кеңес қызметкері, болыстық революциялық комитеттің төрағасы Бисембаев Егемұра, Баламұқов Ерғали, Таскенбаев Қиясбек, Сексенбаев Мұхамедия ұйымдастырыпты. Оларға Ақсуды басып алып, одан қашқан Исақов Жүсіпбек пен Шатырбаев Ғали келіп қосылыпты. Жасақтарының саны 500 адамнан тұрыпты. Ақешкі ауылында 1930 жылы 28 наурызда  № 11, 12, 15 ауылдардың тұрғындары бас қосып, ол көтерісшілерге Жолбосынов Мұқаш, Қапалдың белсендісі Жанбақов Иманқұл, Ақатбаев Қауыпбек басшы болыпты. Басты басқарушылыққа Ақатбаев Қауыпбек тағайындалыпты. Қопада көтерісшілер саны 400-ге жетіпті. Оларға Бисенбай, Манап деген азаматтар басшы болыпты. Баянжүректе Қыдыралы, Құлшан руының азаматтары көтеріліпті. Оларға Тәнекеев Қожабек, Сыртанов Сейітхан, Тасыбаев дегендер басшы болыпты. Ақадырдағы 300-ден астам көтерісшілерге Маманбаев, Қырымбетов, Төлемісов деген азаматтар басшы болыпты. Көшкенталдағы көтерісшілерге ағайынды Шаталиндер мен Петр Черных басшы болыпты.

Қапалға шабуыл № 15 ауылдан, 28-ші наурыз күні екі жерден бастау алыпты. Оны басқарғандар Тастеміров Асқан және есімі Баялы деген азамат екен. Көтерісшілер егін егуге келген төрт аудандық атқару комитетінің уәкілдерін тұтқындап,  бұл саясатқа қарсы екендерін білдіріпті. Елді жаппай жазалаудан құтқару үшін Балқашқа қарай көшіріпті. Тұтқын болған уәкілдер ебін тауып қашыпты. Жазалаушы отряд көтерісшілермен 4-ші сәуір күні Қапалдың солтүстік батысында айқасыпты. Көтерісшілердің 14-і қолға түсіп, 6-ы кескілескен ұрыста қаза тауыпты. Осы ұрыста Мұқаш Жолбосынов басынан қылышпен жараланып, өлімші халде болыпты. Жазалаушы отрядқа көмекке арнайы самолет орталықтан жіберіліпті. Көтерілісшілердің екінші басшысы Жанбақовпен бірге 47 адам тұтқындалыпты. Көтеріліске қатысқан 200 белсенділердің тізімі жасалыпты.

 

Отряд бастығы хабарламасына сүйеніп Иванцов: «Көтерісшілер Қапал-Арасаннан ары 45 шақырым Сарқан асуы бойында, саны 500 адам. Жиырма бес әскериден тұратын Смирнов отряды 31-ші наурыз күні Арасанды алды. Көтерісшілер онда болмай шықты. Жаяу қалған жүзден астам адамдар өздері келіп берілді. Солардың көрсетуімен көтерілістің 20 белсендісі қолға түсті. Көтерісшілер Сарқанға шабуыл жасамақ болған. Олардың барлығын  сырттан басқарып отырған белгілі бай, Алашордашыл Тұрысбеков Тәңірберген. Ол Қытай шекарасынан бері 300 қаруланған жасақпен көтерісшілерге көмекке келмек», — деп жоғарыға баяндапты.

 

 1930 жылы, 2 сәуір күні таңғы сағат 5-те жазалаушы отряд Қызылағашты шабуылдапты. Қақтығыста жазалаушылар жағынан 3 әскери адам мен шекарашы Поскребушев ғана жараланып, ал көтерісшілер жағынан өлгендер мен жараланғандары барын жергілікті ОГПУ басшысы Тарутис пен әскери комиссар Орымбаев Талдықорғаннан Алматыдағы ОГПУ басшысы Волленберге және өлкелік партия комитетінің басшысы Рошальға жедел хатпен құпия түрде баяндапты. Қызылағаштағы көтерісшілер саны 700 адамға жетіп, әр 10 адамның 5-нің қарулары болыпты. Қиратылған Қызылағашта 4 белсенді мен 17 адам тұтқынға алынып, 300 адам өздері келіп беріліпті. Қызылағаштан қашып шыққан 160 көтерілісшілер тау шатқалдарына барып тығылыпты. Оларды атты әскер дивизия эскадроны қуғындап, үздіксіз құртумен болыпты. Қызылағашта кеңес өкіметі бұрынғы басқару апаратын қалпына келтіріп, халықты колхозға кіргізуді күштеп жүргізіпті. Самолетпен халық шоғырланған жерлерге үндеу қағаздар таратылыпты.

 

 Алматыға 7 сәуір күні ОГПУ бастығы Даниловский: «Бүйен-Ақсу ауданындағы Қызылағаш, Ақешкі, Сарқан, Қапал, Арасандағы саны 1500-ге жететін көтерісшілер жойылды. Өлгендері 161 адам. Ақсу операциясында 40 адам өлді. Қызылағашта 10 адам өлді. Ақешкіде 6 адам өлді. Қапалда 22 адам өлді. Талдықорғанда қашпақ болған бір адам өлді. Тұтқынға 509 көтерілісші түсті. Оның 193-і Сарқан түбінде, Қапалда 41-і, Қызылағашта 21-і, Талдықорғанда 14-і, Баласазда 120-ы, 16-ы кедей-шаруалары түрмеден босатылды», — деп құпия негізінде мәліметтепті.

 

 Жоғарыға ОГПУ: «Бүйен-Ақсу ауданынан 1300 адам кеңес өкіметінің зорлық-зомбылық саясатына наразы болып, Балқашқа қарай кеткен. Оларға соққы беру операциясын жүзеге асыру керек», — деп рұқсат сұрапты. Бүйен-Ақсу атқару комитетінің төрағасы Даксин астық дайындау жұмысында еңбек етіп жүрген шаруаларды құм арасынан сексеуіл әкелуге зорлап жібертіпті. Кеңес өкіметі уәкілдері ойларына келгендерін істепті. Салғырт астық салығын шамаға қарамастан салыпты. Жазалаушы отрядтарға Тарутис пен Орымбаев: «Көтерісшілер күштерін, ұяларын біржолата, жылдамдата жойыңдар», — деген бұйрық беріпті.

 Қытайға асып кетуді «Бөрібай» көтерілісіне қатысқан қазақтар Сарышұға шатқалында шындап ойластырыпты. Құлжа мен Шәуешекке төрт адам делегат жіберіпті. 1930 жылы 4-ші сәуірде Қытайға жасырын аспақшы болған 33 адамды қызылдар қолға түсіріпті. Қытай асуға жол көрсетуші Бақсы деген тұтқындалыпты. Бұрынғы аудандық атқару комитетінің мүшесі, № 11 ауылды «Бөрібай» көтерілісіне бастаған Бұқа Жайпақов ұсталып, түрмеге жабылыпты. ОГПУ қызметкерлері барлық жағдайды Мәскеу, Ташкент, Алматы, Семей ОГПУ-ларына жедел хатпен кезектен тыс құпия хабарлап отырыпты. 1930 жылғы 6 сәуір күнгі мәліметте: «Найзағара шатқалымен 600 –ден астам көтерілісші қазақтар Қытайға өту мақсатымен кетті», — делінеді. Оларды комотряд Жоңғар Алатауының соңғы асуында қоршауға алып, 620 адам мен әртүрлі 50 мылтық, көптеген малды қолға түсіріпті. Берілуден бас тартқан 60 адамды атып тастапты. Он екі адам қашып құтылыпты. Ұсталғандарды Қапалға жеткізіпті. Ақсу өзені маңында, Адансай бұлағынан оңтүстікке қарай 15-20 шақырымдай жерде жазалаушылар көтерісшілердің жалпы соғыс қимылдарына басшылық етуші № 19 ауылдың тұрғыны Омаров Тұрсынды қолға түсірмек болғандарында, ол ұстатпай, ақыры Қытайға асып кетіпті.

 

 Бақалыда Смағұлов басқарған 80 көтерісшілер жазалаушы отрядтың қоршауынан сытылып шығып, Степановка бағытына қарай қашыпты. Көтерісшілерден 55 адам тұтқынға түсіпті. Смағұлов пен Жылқыбаев бастаған 80 көтерісшілерді Сарқаннан жіберілген комотряд жойып жіберіпті. Ұсталғандар арасында орыстар да көп болып, ОГПУ көптен іздеп қолдарына түсіре алмай жүрген бұрынғы партия мүшесі, елді «Бөрібай» көтерілісіне үгіттегендердің белсендісі Басұрманов Жартыбай да тұтқындалыпты.

 Қызылдар сақтықпен басып алған жерлерінде бір қаруланған взводты тәжірибелі басшысымен қорғануға қалдырып отырыпты.  Бүйен-Ақсу ауданында «Бөрібай» көтерілісіне қатысқандар жаппай жазаланып, белсенділерінің барлығы 1930 жылы, 25-26 маусымда РСФСР ҚІК 58-2 бабымен ату жазасына кесіліпті. Толық тізімді ҚР ҚКД мәліметімен шығарылған «Азалы кітап», 8 томынан табуға болады.