Құрметті  оқырмандар!  Сайтымның басты мақсат-бағдарының бірі  — Ақсу өңірінің тарихына арналғандықтан, онда осы жердің тумасы, жыр дүлділі Ілияс Жансүгіров және  «Мамания» мектебі туралы мақалалар жиі жарияланатыны түсінікті, бүгінге дейін біршамасы болды да. Ал, олар туралы әңгімелер бір тарихи мерзімге келіп тоғысатындықтан,  сол Ілиястың  осы мектепте оқығаны-оқымағаны туралы сауалдар туып жатады  және ол жөніндегі  пікірлер екі түрлі болып келеді. Біздің өзімізге қай деректің дұрыстығы нақты белгісіз болғандығынан және де авторлардың жазбалары өзгеріссіз жариялануы тиіс саналатындықтан,  сол керағар  екі пікір  әрдайым «соқтығысып» жатады. 

  Осыған орай, Сіздердің назарларыңызға өңіріміз тарихын жете білушілердің бірі, әдебиетші және  тарих зерттеушісі Жемісбек Толымбековтің  қолымда бар,  төмендегі тақырыптағы мақаласын жариялап  отырмын.

 

Ілияс және «Мамания» мектебі.

 

Ілияс «Мамания» мектебінде оқыған ба ?

 

Ілияс Жансүгіров

 

  Ілияс Жансүгіровтың қобызшы Молықбай Байсақұлы, Жансүгірдің ағасы Берсүгірдің қалауымен, азан шақырып қойған есімі Қызырілияс екенін ең алғаш «Алатау» газетіне 12.10.2007 жылы жазған едім. «Істің көзін ашып, соңына түс» демекші, «Өткен күнде белгі бар» атаулы кітабында Қажет Андас, Мақпал Андас Ілиястың өз қолтаңбасымен Шаһкерім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» кітабының сыртына «Қызырілияс» деп арабша жазғанымен дәлелдеп берді. Біләл Сүлеевтің өтінішімен Ілияс Жансүгіров «Қызырілияс» емес, есімін қысқартып Ілияс аталыпты. Бұл — бір.

 

«Қалқаман – Мамыр» кітабындағы «Қызырілияс» есімі сол шындықтың бізге жеткен белгісі

 

  Екінші, «надан ештеңені айырмайды» демекші, Жансүгірді ағасы Берсүгірдің баласы қылып, Жансүгір Берсүгірұлы деп жазылып жүр. Бұл да ағаттық. Жансүгір мен Берсүгірдің әкесінің есімі – Сайлыбай. Сайлыбай шежіреде Өтестен үш ағайынды болып таралады.

 Үшінші, халықтың мұқтажын, ішкі сырын, жүрек тілегін дәлелдей біліп, салмақтап, анық өлшейтін таразы баспасөзде «Мамания» мектебі жайында жазылса болды, «Ілияс сонда оқыған» деп келтіреді. Арыға сермемей-ақ, осы жуырда 2017 жылы Астана қаласынан шыққан Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «АЛАШ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚ ИДЕЯСЫ» атты Алаш қозғалысы жəне Алаш Орда үкіметінің 100-жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тəжірибелік конференция материалдары жинағындағы «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ МАМАНИЯ МЕКТЕБІНІҢ ТАРИХЫ» атаулы тамаша баяндамада да Ілиясты «Мамания» мектебінде оқыды депті.

 

«Мамания» мектебінің макет — сызбасы

 

 Ілияс Жансүгіров бастапқыда қайда, қалай оқығанын келтірейін. Шатасу Ілиястың әнші Майраға «Мамания» мектебінде «қоштасу» барысында өлең оқып айтты деп жазғандардан болғанға ұқсайды. Әнші Майра Уәлиқызы Барлыбек Сыртановтың шақыртуымен Жетісудағы Ақсу өлкесінде болғаны рас. Бір жыл елді аралап, өнерін көрсетіп, «Мамания» мектебінде көркемөнерпаздар үйірмесін де құрдырады. Майра еліне қайтарында онымен қоштасуға өнерлі жас Ілиясты Қасен молда Сүттігеннен дайындап, Қарағашқа әкеледі. Ілиястың Майраға айтатын өлеңін Қасен молда шығаруға көмектесіп, бағдармен талай жерін түзеп беріп, көпшілік алдында әуездеп домбырамен айтуға дайындап, жаттатырып қояды. Тегі Барлыбек Сыртановтың барлық құжаттарда өз қолымен сойын (фамилиясын) бір «т» арқылы жазғанына сенбей, екі «тт» жазып жүргендерге не дерсің? Сонда «сыры таң» сөзі «сырттан» сөзіне айналып кете берді.

 «Мамания» мектебінде, Қарағашта Мұхаметше деген имам болған. Ал, Қасен Тұрысбектің өзі қалап әкелген молдасы. Зираты Талдықорғандағы Шайқорғанда жатыр. Қасен Сүттігендегі мектепте дәріс берген. Ілияс содан оқуын жалғаған. Себебі, ең басында Ілияс өз әкесі Жансүгірден сауатын ашқан. Ілияс Жансүгіровтің өз қолымен арабша жазған «Өмірбаянында (ҚРОММ, 1368-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 28-20 пп.)»: «Шуу дегенде Әліпбиді әкем өзі оқытты. Иманшарт, Әптиек, Құранға түсірді. Менен басқа кісі оқытқан кісі емес», — деп деректеп береді.

 

Ілиястың «Өмірбаяны» жазылған қолжазба

 

   Қасен молдаға оқуға барғаны туралы Ілияс Жансүгіров: «Бұхара «Шәріптен» оқып шыққан Қасен молда деген шала қазақ (ноғай) молда «Сүттіген» деген жердегі Тұрысбек ауылында имам екен. Мені осы Қасен молдаға әкем әкеп бергені, жаңылмасам, 1910 жылдың мөлшері. 15-16-ның бірінде шығармын. Мұнда бір ай жарымдай-ақ оқыдым. Тұрған орным келіспей, ауырып, ауылға кеттім. Оқығаным құран – «Шәротсала» деген арабтың намаз жайын үйрететін кітапшасы еді. Олар кейін жаңа мектеп салып, төңірекке едәуір білім-оқу таратуға ошақ болды. Матайдан шыққан бірқатар оқыған жігіттер осылардың мектебінен шықты. 1912 жылы күзде «Қыли» мектебіндегі ноғай мұғалімге оқуға кірдім. (Ескерту: Ноғай мұғалімнің есімі көрсетілмепті). Оның сабағы – құран, оқу, жазу, есеп, татарша кітаптарды оқыту болды. «Жәдидті» төрт жарым ай оқыдым. Оқи алмай кеттім. Одан кейін әкем аяғымды шырмады», — деп дәйекті жазады.

 

Ілиястың «Қыли» мектебінде оқып жүргенде пайдаланған әптиек

 

  Сонымен Ілиястің Алматыға мұғалімдік оқуға барғанынша бастапқы оқығаны — өз әкесі Жансүгір, Сүттігендегі Қасен молда, Бөрте елінің «Қыли» мектебі. Мұғалімі ноғай нәсілінен. Бар болғаны осылар ғана. Ешқандай «Мамания» мектебінде оқығанын жазбайды. Еш жерде айтпайды да. Сондықтан «Ілияс Жансүгіров «Мамания» мектебінде оқыды» деп жазғандар, айтқандар шындыққа жатпайды. Өтірік — көзсіз көбелектей, өрге басып өршімейтін болса екен демекпін.

    Жемісбек Толымбеков