Осы сайт кітабында «ЖЕРДІҢ АТЫ-ТАРИХТЫҢ ХАТЫ» деген тақырыппен берілген мақалада, аудан аумағында «РАЙ» есімімен аталған 2 жер бар екені көрсетілген болатын. Соның біріншісі — Құрақсу өңіріндегі қызыл құмның ортасындағы  әйел  есімімен аталатын көл. Көлдің ыстық суының  емдік қасиеті  болғандықтан, оған соңғы жылдары жаз айларында жан-жақтан  адамдар көптеп келетін болды. Ол жеке әңгіме...
   Қазір,  Рай көлі  атауына негіз болған Рай есімді анамыз туралы  сол сайт жарияланымына түскен пікір-түсініктемені қолдағы бар фотолармен  толықтырып,  мақала  ретінде  қайта жариялап отырмыз.

 

Рай анамыз туралы

 

Рай көлі. Ақсу ауданы

"Рас, Ақсу телінде Рай атауында екі жер бар, Қызылқайың мен Құрақсуда. Рай ана туралы қысқа келтірейін. Өйткені, «Неизведанный Қазақстан»  көрсетілімінде Рай ананы  Райхан деп соқты. Және Ұлы Отан соғысы (1941-45 ж.ж.) кезінде болған деп келтірді.

Бабеке батыр мен Рай анаҚонысбайдан Бабеке — батыр, әулие.
«Орта жүз Ой-Найманнан Төлегетай,
Матай, Кенже туысым, елім Сақай.
Ұраным сиынатын Ер Тоқпанбет,
Ұрпағы Бабекеде батыр сондай.
Найманға Үйсінменен олжа салған,
Кетеме талапты ерге бақыт қонбай» — демекші,

Бабекеге Ер Тоқпанбеттің баласы Айтқожа би арқылы дарыпты. Бабеке халықта «қос көк атты әулие» аталған дара тұлға. Жорыққа мінетін жүйрік қос көк аттарына байланысты Бабекені ел солай атапты. Бабекенің ат жарысы бәйгеге қосатын Көкдауыл деген жүйрік аты болыпты. Бабекенің дауысы зор болып, айқайы алыстан жетіп, қырымнан естіліпті. Бабекенің қос көк аттары жау шабарда немесе бір қауып төнген жағдайларда иесіне оқыранып, кісінеу арқылы белгі білдіріп тұрыпты. Бабеке батыр қос көк атын жел тимесін, әмбе тіл-көзден амалдап, арнайы жасалған қазақ киіз үйдің ішінде күтіп ұстапты. Жауға шапса қос көк ат жұбын жазбай қатар шауып, Бабеке батыр еш тоқтаусыз, аттарын шаршатпай, алма-кезек ауыстыра мініп, жауларын оңай түсіріпті. Қос көк ат жайылымда жайылғанда да жұптарын жазбапты.
Бабеке батырдың зираты Сарқан суының Ақсу өзеніне құятын тұсындағы биік төбе үстінде тұр. Еңбек ауылына жақын. Зират қабырғасының қалыңдығы бір метрден астам. Қазір мұжылып орны қалды. Бабеке Қаракерейді билеген Жәңгір төренің «бәйгемді ат шаптырмай бер» деген өктемдігіне дес бермеген намыскер. Лепсі өзенінің алқабында «Бабеке тобылғылары» деген жер атауы аталыпты. Құрақсуда Бабеке батырдың тобылғысы сақталған. Жазушы, ақын  МҰҚАШЕВ Құдаштың  «Жалғыз тораңғы» атаулы повестінде осы Бабеке батырдың тораңғысы сиапаталады. Бабеке әділетті жақтаған жан. Парасатты ақыл иесі.

Келгенше орта жасқа көрмей бала,
Қонысбай құса шеккен, көңіл қала.
«Қу бас» деп, өтіп қалжың құрдастардың,
Рахымын тәңір бермей, болған нала.
«Тәу» етіп, Тұңғатқа ол сиынады,
Түс көрді, өтінеді, қиылады.
Уа, Тұңғат, атам едің дуа қонған,
Кіндігімнен нәресте бұйырмады.
Жайы жоқ ұрпағымның аза қылар,
Сені ме, мазақ қылған арамзалар.
Тілеуіңді берейін ақылға көн,
Керейде үлкен тәуіп Шағанға бар.
Деп Тұңғат Қонысбайға аян берді,
Шағанды іздеуменен талай жерді.
Қонысбай білместікпен шолып көрді,
Мінгені тұйғын тұлпар қара керді.
Тауына Тарбағатай ілігеді,
Болжамы, бет алысы түзік еді.
Кез болып, ізгі ниет қарияға,
Шаған тәуіп хақында жөн біледі.
Шағанға шалың бас боп әкеледі,
Мал арнап, қазан, ошақ көтереді.
Шырақшыға арнайы жолыққан соң,
Қонысбай әулиеге үш түнеді.
Берейін балам саған тілеуіңді,
Қорғаштап жау-дұшпаннан жүр еліңді.
Тұңғыштың есімін қой Бабеке деп,
Өзіңдей батыр туар тегеурінді.
Еңгезердей артынан төрт ұл ерер,
Беймаза құса қылма жүрегіңді.
Деп Шаған үш күндей түсіне енді,
Қонысбай ер доғарды күрсінгенді.
Рақымы тигеннен соң жар боп тәңір,
Бұрыңғы қажыр, қайрат, күшіне енді.
Аяны Тұңғат ата шындық болды,
Шаған бергені рас, ырыздық оңды.
Бабеке, Бүтінбай, Елемес,Жарты,
Сәрсенбі, Қонысбайға бақыт қонды.

Рай көлі жанында

Бабеке Қалмақ жаугершілігінен түсірген өзінің күңі Рай анаға адал қызмет еңбегі үшін, әмбе бойында үлкен қасиеті барын біліп, күңдіктен босатып, енші бөліп, қыстауын тұрақты мекен етуге сыйлап, «елге менің атақ-даңқым емес, сенің есімін шығады» деп батасын беріпті. Бабеке батырдың берген батасы оң болып, Бабекенің Құрақсу құмындағы бұрынғы қыстауы қазір Рай ана есімімен аталады. Бұрынғылар «Рай көлі» деп атайтын еді, енді «Тұздылы көл» деп аталып жүр.

Ақсу өзені қасында Рай тұзы,
Шипалы емге дауа, құнар ызы.
Бұл күнде қастерлі деп аталады,
Рай ана есімі ол қалмақ қызы.
Жаугерлік қалмақ-қазақ ұрысында,
Аянбай екі жақта қырысуда.
Ауылды қазақ түгел шауып салды,
Бір тірі жан қалдырмай құрым шуда.
Бабеке қол басқарған қыр асады,
Жердің бетін кешқұрым қар басады.
Таң ата жауды жеңіп келе жатса,
Қар үстінде із жатыр тандасады.
«Не пәле» деп жігіттер бөгелісіп,
Бабеке жүрді алдымен ізге түсіп.
Бел асып, қырған ауыл таяғанда,
Тағы екі із шықты үлкен, кішік.
Ауылдың маңайында үлкен жар тас,
Соған кеп тығылыпты бір әйел жас.
Қойнында екі бала тоназыған,
Бозарған, түр мен түсі, аш, жалаң бас.
Батырға шошып қарап қалтырайды,
Жалынып, өз тілінде айтып жайды.
Тағылы әйел, бала түсінгені,
«Өлімге қимаса» деп жан сұрайды.
Бабеке өлтірмеді, алып жүрді,
Әкелді қыстауына қауым көрді.
Әйел күң, балаларды құл жасады,
Ныспысы жау қалмақтың, жауым деді.
Бақтырып, жаман-жәутік малға салды,
Көрінді іске еп әйел байсалды.
Көктемде ел жайлауға көшкен кезде,
Олар жұртқа тасталды құм байқалды.
«Қара» деп, қалды мал көшке ілеспес,
Болғанда жанашыры ешкім бүйтпес.
Күң, құлдар амалсыздан қала берді,
Тек қана бір-ақ Тәңір жар тілектес.
Күз түсе қыстауға ел оралады,
Бәрі де көз сенбестен таң қалады.
Бас аман, көштен қалған малы семіз,
Күң тірі, құлдар өлген ең жаманы.
Бабеке жөн сұрайды күң алдырып,
Малдарды қағып, бақтық біз қаңғырып.
Қасқырдан малға шапқан қорғаймыз деп,
Мерт болды, екі ұлым құрбандылық.
Деп әйел жасын іркіп, ағын айтты,
Бабеке көңіл айтып, райдан қайтты.
Беремін мен басыңа бостандық деп,
Әйелге оңды қарап ниет артты.
Өң кірді, әйел неткен шырай еді,
Есімін сұрағанда, ол — Рай деді.
Мәңгілік осы қыстау мекен болсын,
Ықыласы Бабеке құлай берді.
Рай ана сол мекеннен тұз табады,
Қазақты кен көзімен суғарады.
Қайырым елге тарап, аты шығып,
Еңбегі өрістейді құт қадамды.
Рай ана қасиетті атанады,
Осылай қалмақ қызы ақталады.
Қазір де зираты бар, ол темірден,
«Тәу» еткендер сауығып аттанады.

                         Рай көлі жанында

Рай ананың бұрындар сексеуілден тұрғызылған зираты сонда еді. 2007 жылы Құрақсу ауылының әкімі, елі Қайнар, Солтабаев Жабықбайұлы Әділжан мырза аудан әкімі Аян Айтжанның ұйғаруымен Рай ана зиратын жаңғыртып темірден жасатып, қазақ үйдің сүйегі іспетті мазар қойылды. Темір зиратты тұрғызғандар Құрақсу ауылының тұрғындары: Нүсіпбай Дәрменбеков, Бақыт Қатарбеков, Серік Дулатов, Қайрат Садуов, Дәулет деген азаматтар. Рай ана сол қыстауда қаратікен тұзын аршып тауып, ол «Рай көлі» аталып, қазіргі кезде жаз маусымында емдік дәруіне көпшілік барып түсіп, маңайы жабайы курортқа айналуда. «Рай көлі» туралы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Н.Б.Рахманованың «Балқаш ойысындағы Рай көлінің емдік шипажайлық рекреацияны дамытудағы маңызы» деген тақырыпта жазған материалы «Жаңа әлемдегі жастар және ғылым» атты жас ғалымдардың және студенттердің 2009 жылы өткізілген Республикалық конференциясында үздіктер қатарынан орын алды.

Жаралды осылай сап Бабеке ер,
Батамен дегендейін ер көгерер.
Бабекеден алты ұл мен екі қыз,
Демекші бала басын мол бере бер.
Бабекенің кіндігінен Шөжімбай батыр, Жақсыбай, Боқтыбай батыр, Егізбай, Байғозы батыр, Қырғызбай батыр тарайды. Шөжімбай батырдың зираты Мұжық би мен Мырзағұл, Байжан зираттарының екі ортасындағы бұрынғы Комсомол базының қасында жатыр, қазақ үй тәрізді салынған еді. Қазір құлап, орны ғана қалды.

Жемісбек  Толымбеков