Ақсу өңірінің тарихы

 Сайт кітабымыздың осы тақырыптағы  тарауы  ұзақ ғасырлық кезеңдердегі  Ақсу өңірінің  тарихи  даму жылдары бойынша жинақталған анықтамалық-танымдық, зерттеушілік мағлұматтарды, мақалаларды жариялауға арналады. Әңгіменің  бастамасы  ретінде  әзірге  «Абыз Ақсу, Аңыз Ақсу, Нағыз Ақсу»  кітабынан  алынған  шағын  шолулық  мақаланы  беріп  отырмыз.

Осыған орай,  оқырмандарымыздан  да,  тарих зерттеуші  мамандардан да  мазмұнды  танымдылық, ғылыми еңбектерін, мақалаларын  жариялау үшін  тосамыз ... 

Ақсудың таулары тарих, даласы дастан

Шежіре сыр шерткенде

 Қасиетті Ақсу өңірі жазиралы Жетісудің әсем бұрыштарының бірі.  Біздің жерде адамдар сонау ерте тас дәуірінде–ақ пайда болған. Оған Балқаш көлі төңерегінен табылған ежелгі адамдардың тас құралдары дәлел бола алады (1млн. жыл бұрын) Сондай-ақ қола дәуірінде адамдардың Ақсу өңірін мекен еткенін дәлелдейтін ғылыми жәдігерлердің бары бізге ежелгі Қазақстан тарихынан белгілі. Олар Қапалдан табылған тас қалып (табыт), Қапал мен Арасаннан табылған көне қорымдар және ежелгі Бүйен қонысы сияқты бірегей археологиялық ескерткіштер (б.з.б.1-мыңжылдық) Отандық тарихты Сақ бабадан бастасақ, Ғұн мен Үйсін, Түркі, Қарлұқ, Қимақ, Найман дәулеттерінен жалғасақ, біздің Ақсу аймағында солардың бәрінің сайраған іздері жатыр. Аудан көлемінде көптен кездесетін Сақ обаларының бірегейі ол-Көкөзек ауылының шығыс жақ бетіндегі кең жазықта жатқан «Үштөбе» деп аталатын «патша қорымдары» Олар бір-бірінен шамамен 500-600 метрдей қашықтықта орналасқан үлкен үштөбенің тізбегін құрайды. Төбелердің қай–қайсысы болса да әйгілі «Есік обасынан» әлде қайда еңселі. Ал, ортаңғы ең үлкен төбенің биіктігі шамамен 15-20 метр, аумағы 350-400 метрдей, немесе Есік отбасынан 5-6 есе үлкен. Келешекте ғалымдар тағы бір «Алтын адамды» Ақсу өңіріндегі «Үштөбе» қорымынан тауып жатса еш таңданбау керек, бұл әбден мүмкін. («Ақсудағы сақ мәдениетінің іздері», Ә.Болатқан). Ал, Есіктегі «Алтын адамды» да тапқан ақсулық азамат Нұрмұханбетов Бекмұханбет еді. Ол Еңбек (Қарасу) ауылының тумасы.

               Діңгек мазары

۞ Ғұн билеушісі атақты Атилланың (Еділ патша) атасы Мыңзақ ханның тұсында (б.з.415ж) Балқаш көлінен, Орал тауына, одан Днепр жағалауына дейінгі жерді мекендеген түркі тайпалары Ғұн империясына бағынды. Ғұндар  байтақ сахарадан Еуропа жеріне көшіп барғанда өздерінің далалық сәулет өнері-тастан дөңгелек үй тәріздес мұнаралар тұрғызу архитектурасын бірге апарып, Дунай бойында көптеп тұрғыза бастады. Бұларды ғұндар мен түркілер діңгек, мола, көмбе деп атаған және оларды қарауыл қарайтын немесе қазына тығатын орын ретінде пайдаланған. Атақты академик Әлкей Марғұлан «Жетісудағы ескі дәуірден қалған сәулетті құрылыстың бірі-Діңгек. Ол Ақсу өзенінің бойында бүгінгі Жансүгіров ауылынан 8 шақырым күншығыста, Өтептің сазы деген жерде тұрған. Қазір Діңгек жойылып біткен» деген тарихи дерек қалдырып кеткен. Ғалым айтқан жерде қазір «Діңгек» аталатын қазақ ауылы бар. Алайда қазақ даласын ғана емес, бүкіл Еуразия қосқұрлығын аласапыран күйге түсірген Шыңғысханның жойқын шапқыншылығы дамып келе жатқан қалашықтардың (отырықшылықтың) келешек тағдырына балта шапты. Оның есесіне қазіргі кезде Ақсу ауылына жақын жерде Жошының Батыдан үлкен ұлының, яғни Орда Еженнің ұлыс ордасы орын тепті. Оған дәлел «Ежен жотасы» деген жер аты және Ордабай зираты деген тарихқа белгілі көне ескерткіш орны. Ол да пирамиданың діңгек түрінде тастан немесе саман кірпіштен қаланып тұрғызылған күмбез мола болатұғын. Әдетте дыңды (діңгекті) астыңғы іргесін төрт бұрышты етіп тастан өріп, үстін сүйірлеп күмбез жасайды. Қазіргі уақытта Ордабай зиратының орны ғана бар. Кезінде бұл зиратты Шоқан Уалиханов көріп, «ішінде тік тұрғызылған мүсін тас бар” деп жазба дерек тастап кеткен.

۞ Орда Ежен ұлысына  Ертіс бойындағы кең байтақ аймақ. Ұлытау және Қаратауға дейінгі жерлермен бірге Жетісудың солтүстік шығысы қоса кіретіні тарихтан мәлім. (Солтүстік-шығыс Жетісуды-Қаратал, Көксу, Ақсу, Сарқан, Алакөл деп түсінуіміз керек.) «Батый ұлысы Алтын Орда ал Орда Еженұлысы– Ақ Орда мемлекетінің шегінде өмір сүрген түркі тайпаларының бірте-бірте қазақ ұлтына бірігуіне негіз болды. Орда Ежен әулетінен шыққан Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек құрған қазақ мемлекеті–түрлі тарихи себептермен бір кездері ыдырап кеткен Ақ Орданы қайтадан қалпына келтіру десе де болады»(Қазақ мемлекеттігінің тарихы. 295 бет).

۞ Ақсу жері негізінен Найманнан тараған рулар мекен еткен. Қытай жерінде туып-өскен қандасымыз Зейнолла Сәніктің «Ежелгі Мұрағаттар» деген мақаласында (Жалын №2 ақпан 2005) «... бір тарихи жазбаларда Найман хандығының жазу мәдениетіне ие өркениетті ел екендігі, Тәге Тұңғадан Шыңғысхан әулеттері Найман жазуын үйренгендігі сөз болады». «Құпия шежірені» сол Тәге Тұнға жазуы мүмкін... Наймандар сол дәуірде бетеге найман, көшеуіт найман, барлас найман, найман керей, найман қаңлы деген сегіз рулы елден құралған деп жазады. Алтай жазбаларында Найман «тоғыз» таңбалы деп те айтылады.

 Наймандар таңбасы

۞ Қидандар (қарақытайлар) Орталық Азияға ХІІ ғасырдың 30-шы жылдарында келіп өз мемлекетін құрады, бұл өлкені 88 жыл билеп тұрды. Қарақытайлардың соңғы Гүрханның Шыңғысханнан жеңіліп Жетісуға қашып келген Найманның Күшлік ханы қалай тақтан тайдырғаны тарихтан белгілі. Профессор Сәрсен Аманжолов қидандардың (қарақытайлықтардың) Найман тайпасымен араласып сіңісіп кеткені туралы өз болжамын «Өкіреш Найман-Төлегетай- Қытай- Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай» шежіресіне сүйене отырып жасағаны белгілі. Ал, Төлегетай тарихта болған адам. (ХІХғ). Шежіре бойынша Найман атаның бесінші ұрпағы болып келеді. Оның саман кірпіштен салынған мазары Қызылорда облысындағы Жаңақорған кентінен оңтүстік батысқа қарай 30км жерде әулие саналатын Қылышты Ата мазарының жанында тұр. Төлегетай сол Қылышты Атаның күйеу баласы. Мұхаметжан Тынышбаевта өз шежіресінде Төлегетайды тікелей Найманнан таратып, өзін де Төлегетайдың 16-шы ұрпағы санайды. Оны Қожадан қыз алудың қиындығы туралы Жалаңтөс бахадүрге байланысты қалдырған әңгіме-дерегінен білеміз. Яғни, Төлегетай өз заманында өте ықпалды, ақылды, батыр адам, ел бастаған көсемдердің бірі болған деуге болады. Бұл күндері Найманның төрт тайпасы атанып жүрген Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл –Төлегетайдың немерелері делінеді. Төлегетеайдың өзінен туған жалғыз ұлы Қытай бір соңыста қаза болады да, артында қалған төрт ұл атасының бауырында өсіп «төрт Төлегетай» атанады. «Баласы Найман шалдың Төлегетай, Төртуыл, Садыр, Матай, Қаракерей»- деп, келетін өлең жолдары бар. «Төлегетай, Қаптағай, Бөрібай бабалардың зираттарының Жаңақорған ауданында, Сауран қамалында, Атбасар өңірінде болуы, сақталуы, о заманда қаны төгілген, жанын құрбан еткен бабаларына ұрпқтарының ас беруі, елім деп, батырым деп ардақтайтын үрім – бұтағының дербес ел болғандығы, қазақтың жайсаңдары қатарында тарихи тұлғалар жәдігерлеріміздің құтты мекеніне қайта жерленгендігі – үлкен мәртебе» («Қазақ әдебиеті» 1999 жыл). Матайдан- Аталық, Қаптағай, Кенже тарайды...

۞ Ұлы Жібек жолының бойында солтүстік–шығыс Жетісуда ІХ-ХІІІ ғғ-да ірілі–ұсақты 70 қала болған екен. Солардың ең үлкендерінің көлемі 30-га болса, орташалары 10-нан 30-ға дейін, ал, кішілері 10 га-дан төмен болған көрінеді. Бірінші топтағы қалалардың қатарына қазіргі Қойлық ауылының орнында орналасқан орта ғасырлық Қойлық қаласы жатады. Бұл қала қарлұқ жағбуынының астанасы болған. Қалада үш түрлі дін өкілдері бейбіт қатар өмір сүрген. Ал, Қапал және Арасан қалашықтарының үшінші топқа жататын орта ғасырлық кіші қалалар болғаны тарихтан белгілі. (Қазақстан тарихы 456-457бб). Сол замандарда Ұлы Жібек жолы осы үшеуін де басып өтіп, оларды өркениет әлемімен жалғап жататын... (Бүгінде Қапал мен Арасан аудандағы ірі елді мекендер болып саналады).