Ақсу өңіріндегі елді мекендер,  жер-су  атаулары туралы

 

ҚАПАЛ — Qapal    

 

  Қапал – Алматы  облысы  Ақсу  ауданындағы қоныс.  Қапал өзені жағасындағы тау  бөктерінде,  теңіз деңгейінен  975 м биіктікте орналасқан. Қапал 19-шы ғасырда қала мәртебесін  иеленіп, Верный қаласына дейін  Жетісу бойындағы  ірі  әкімшілік және мәдени орталығы болып  саналды.

   Қапал жерінің сырлы тарихы мен ідемі табиғаты көріністері - Ш.Уәлиханов, П.Семенов-Тян-Шанский, Томас Аткинсон және  тағы басқа осы өңірді зерттеушілердің еңбектерінде;  І.Жансүгіров,  М.Әуезов,   Ақын Сара, тағы басқа да  көптеген өнер иелерінің шығармашылықтарында молынан айтылады.  

 Шежіреге  толы  өлкенің  «Қапал»  атануы  туралы  тарихи-әдеби  еңбектерде , ел  аузында да  әрқилы жорамалдар, болжамдар, тұжырымдама-пікірлер айтылады.  Оны зерттеушілер тарапынан айтылатын негізгі нұсқалар төмендегідей болып келеді:

  • Бір тарихи деректер бойынша, бұл атаудың пайда болуын, қалмақтардың  Қапал есімді қолбасшысы болған деп, соның  есімімен байланыстырады. Ол 1723 жылғы Талас өзенінің бойында өткен қазақ-қалмақ соғысында Бөрібай батырмен жекпе-жекке шығып, жан тапсырыпты. Қалмақтар оның сүйегін «Тамшыбұлақ»  жотасындағы  «Төске»  алаңына  жерлеген  делінеді.  Бұдан 100 жылдай  уақыт  бұрын  Н.А.Абрамов  деген  зерттеуші де осы пікірді айтады...

 

  • Екіншісі, кейіннен  Г.К.Комакашинев дегеннің зерттеулерінде бұл пікірдің  негізсіз  екені  айтылады. Ол  «Қапал»  атауының,  сол жердегі жан-жағы  сазды,  көк  шалғынды, қопалы болып келетін,  «Қопалы» деген өзен атымен  қойылғанын  және  оның  «Қапал»  болып  өзгеруіне  орыс тілінің  әсері болғанын  айтты.  Патшалық  отарлау  кезінде,  дәлірек  айтқанда  1847  жылы,  ақ патшаның солдаттары  осы  жерге бекініс салғанда, оны «Копальское укрепление»,  қысқаша,  «Копальское» деп атаған. 

 

Қапал ауылы. Ақсу ауданы

 

 Қапал атауының негізгі  деректері, осы өлкеде бірнеше рет болып, көп еңбектерін қалдырған Ш.Уалихановтың зерттеулерінен алынады: «Қапал станицасы  Қапал  батырдың есімімен аталған.  Қапал батырдың мәйіті Қапалдан 40 шақырымдай Қарамола деген жерге қойылған». Есім ханның тұсында, сүйегі – Дулат атасынан  тарайтын Қапал есімді батыр болған. Ол қолбасшы  ретінде  жерімізді  жаулап  алған  жоңғар  шапқыншылықтарына  қарсы жанкештілік  танытқан  батыр.  

  

 Осы  пікірді  Б.Сырттанов та  естелігінде:  «Қапал — сол жерде  зираты  бар  Қоңырат  қазақ  батырының  есімімен  аталған.  Оның  құрылысы 1847 жылы  Аягөз  қаласымен  бірге  басталған» — деп,  жазған.  Бұл  дерек «Қапал» атауының шығуы Қапал батырдың есімімен тікелей байланысты екенін  ақиқатқа  жақындатады.

 Көптеген  зерттеулер  мен  жорамалдарды салыстырып, көп еңбек еткен жергілікті өлкетанушы, тарихшы,  марқұм  М.Қ.Алыбаев та  «Қапал атауы Қапал  батырдың есімімен тікелей байланысты» деген  тұжырымдамасын  өзінің тарихи  зерттеу еңбектерінде келтіреді.

 

ТАМШЫБҰЛАҚ — Tamshybulaq

 

 Қапал  ауылының ортасындағы өзектің жарқабағынан көз жасындай мөлтілдеп төмен түсіп жатқан  бұлақ суы өрімдері осылай деп аталады. Биіктігі үш-төрт метрлік болатын жарқабақ орны, киіз үй іспеттес, дөңгеленген тұйық болып келеді.  Жардың  үсті  - тас жолдардың  қиылысы,  тап-такыр жер, өсіп тұрған  шөптер де жоқ. Ал, астындағы сол саз балшықты жарқабақтың бойында, қайдан шығатыны  белгісіз,  сұп-суық мөлдір су тамшылары  тынымсыз төменге құлап жатыр.  Жарқабақтың өн бойын  жап-жасыл мүк пен ұйыса өскен жалбыздар, тағы басқа да  шөптер басқан,  түрлі ағаш-бұталармен көмкерілген.  Сол жар табанынан бастау  алатын  терең  сайдың ішімен,  тамшылардан жиналган су төмен қарай бұлақтай сылдырай ағып  кетеді.

 

Тамшыбұлақтың су өрімдері, Қапал ауылы, Ақсу ауданы

 

  Тамшыбұлақтың тағы  бір ерекшелігі ретінде,  оның  жарқабағының ғасырлар бойы бір  қалпында  тұрғаны,  құламайтыны, тіпті, мүжілмейтіндігі айтылады. Мөлдір тамшылары қандай да суық қыстарда   қатпайды, «өрілген шаштай саулайды да тұрады.  

 Бұлақтың суын халық көне заманнан бері әр түрлі ауруларды (асқазан, көз, жүйке, сүйек- буын, т.б.) емдеуге  қолданған.

 Қазіргі уақытта бұл жердің маңы қоршалып, безендіріліп, келуші адамдардың оны тамашалауына, суынан дәм татуларына, демалуларына жағдай жасалған.

   

   Тамшыбұлақты  алғаш  рет  арнайы  зерттеуші,  сол  туралы тарихи деректерді 1856-65 жылдары  жазған — атақты  саяхатшы,  этнограф  Шоқан Уәлиханов болған. 

    Қайнар  бұлақтың  ерекше  әсемдігі Ұлыбританияның әйгілі  саяхатшысы Томас Аткинсонды да  таңқалдырған.  Ол, 1848 жылы  Қазақ  жеріне  келіп,  жергілікті халықтың  тұрмыс-тіршілігі  мен  салт-дәстүрін  зерттеген.  Сол  уақытта   дүниеге келген  тұңғыш  ұлдарына  „Алатау-Тамшыбұлақ“  деген  есімді  береді.  Бүгінде  бұл  есім,  Англия  еліндегі үлкен бір әулеттің тегіне айналып  отыр. 

   2017 жылы  Аткинсонның ұрпағы -  Стив Браун,  Тамшыбұлаққа арнайы келіп: «Бұл жер Алатау-Тамшыбұлақ атамыздың өмірге келген жері. Тамшыбұлақтың сұлулығы жайлы көп естідік. Бұл күнді асыға күттік. Тамшыбұлаққа ерекше дайындықпен келуді ұйғардық. Үстімізге арнайы  киімді  кидік. Мақсатымыз сол уақыттағы тарихты еске түсіру», — деген еді.

 

КҮРЕҢБЕЛ - Kúreńbel.

  Жетісу Алатауының  Мыңшұңқыр  жоталарының  солтүстік  етегінде,  теңіз деңгейінен 1516 метр биіктікте орналасқан  жайлау.  Оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістеле келіп,  Баянжүрек тауына  тіреледі. Батысында  Қапал,  шығысында  Бүйен  өзенімен шектеледі. Жайлауды қатарласа ағатын  бірнеше  шағын  өзен  басып  өтеді.

 

Күреңбел тауы

 

 Бел ортасында Қапал, оның батысында “Көшкентал”,  шығысында “Баласаз” ауылдары. Орманды  дала зонасында  жатыр. Бұл  маңның климаты – қоңыржай. Жазы салқын. Қысында қатты аяз сирек  болады.  Негізінен,  қаратопырақты,  кей  жерлерде  алыстан  күреңденіп көрінетін  таудың  қызыл  топырағы  кездеседі.

 

БАЯНЖҮРЕК -Baıanjúrek,

  Баянжүрек – Ақсу ауданы аумағындағы Жетісу (Жоңғар) Алатауының Қаратау сілеміндегі оқшау тау. Ұзындығы 12–15,  ені 8 – 10 шақырым. Абсолюттік  биіктігі -  2079 м.  Оны  Жоңғар Алатауынан Қасқарау таулы аңғары бөліп тұр.

Тау беткейі қиыршықтасты  жазық  болып  келеді. Тау қыртысы тақтатас,  әктас және  құмдақ  шөгінділерінен түзілген. Баянжүрек тауы бөктерінен  Бүйен өзенінің  салалары  бастау  алады.  Боз,  селеу, жусан, көде, т.б. шөптесіндер өскен беткейі мен жазық өңірі мал жайылымына пайдаланылады.

 

Баянжүрек тауы

 

  Оңтүстік-батыс  бөлігіндегі  күн  қақтаған үлкен қара тастардың бетінде ойылып  салынған жүздеген бейнелер бар. Олар сюжеті мен стилі жағынан Жетісу бойындағы ескерткіштерге ұқсамайды. Негізгі бөлігі — қола дәуірінде ойылып  салынған.  Мұнда  өгіздер  мен  түрлі жануарлар,  арбалар, түрлі белгілер мен діни көріністер бейнеленген. Кейбір зерттеушілер (мысалы, Самашев З.С.),  энеолит дәуіріне тән көне бейнелердің де бар екендігін айғақтайды. 

 «Баянжүрек»  тауының атауы  туралы әр түрлі дерек айтылады. Біріншісінде, «Қозы көрпеш- Баян сұлу» эпосындағы Қарабай  осы жерді мекендеген,  содан Баян қызын алып қашып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының  Аякөз ауданына  қарасты  Таңсық  деген  жерге  көшіп кеткен деседі. 

 Екінші айтылу бойынша, осы өңірді  қалмақтар жайлап жатқан уақыттарда Қоңтажы деген хан мен оның Баян  атты ерекше сұлу қызы болыпты. Ханның мықты батырларының  бірі  Сайынбөлек пен Баян бір-біріне ғашық болады.  өзара  кездесіп жүріп,  қосылуға келіседі.  Алайда, оған  қарсы  болған қыз әкесі,  жігіт  жағынан   қызды айттыруға келгендерді, өз батырларын  жабылдырып,  сабатып  тастайды. Оған қорланған  Баян,  осы Ақадыр тауының  жақпар  биігінен  құлап  өліпті.  Содан Баян кыздың өзі — жүрекке үқсас тауға, оның көз жасы — Тамшыбүлаққа айналыпты-мыс.  Ал, басқа таулардан оқшау жатқан Сайынбөлек тауы құсаланып өлген батырдың денесі делінеді.

 

  Ендігі бір дерек бойынша, моңғолдың «баян» сөзі — бай, ал «зураг» сөзі — сурет дегенді, яғни  «Суретті жазуға бай тау» дегенді білдіреді. Шындығында,  жоғарыда айтылғандай,  Жоңғар  тауының басқа сілемдерінен бөлектеніп тұратын бұл таулардың жақпар тастарында сыры ашылмаған орхон- енисей жазулары көп кездеседі.

 

ЕШКІӨЛМЕС - Eshkiólmes

  Ешкіөлмес — ауданымыздың  Көшкентал  ауылының  оңтүстік-батысында орналасқан тау аты. Абсолюттік биіктігі — 1672 м. Батысында  Ақешкі, шығысында  Қопалы  (Қапал) өзендері жатыр. Шығысында  Қорымбел  қонысы  Баянжүрек  тауына  дейін  созылып жатыр.  35 шақырымға  созылатын  жотаның солтүстік беткейлері тіктеу, оңтүстігі  жайпақ  келген.  Ол  сай-жыралармен  тілімденген.  

Баурайынан Ақешкі, Қопалы,  Қызылағаш, Сарыбұлақ, т.б. өзендер бастау алады.  Суы  шипалы  бұлақтар жиі кездеседі.

 

Ешкіөлмес тауларында

 

  Ел  аузындағы  аңыздар бойынша,  Көшкентал  ауылының  жоғарғы  жағындағы  жазғы   жайылымда   Маман-Тұрысбек  байдың  бір топ ешкісі қыстың  күні  боранда  адасып  қалып,  таудың  күнгейін  қыстап,  қорек көрген ешкілер  қыстан  аман-есен  шығып,   көктемде  тірі,  туған  лақтарын ертіп жүрген  кезінде табылады.  Содан  ол  жер — «Ешкіөлмес»  атанады.

 

 

КӨШКЕНТАЛ - Kóshkental

 Ақсу ауданына қарасты  «Көшкентал» ауылы мен сол жердің  атауы. Ауыл  «Ешкіөлмес»  тауының  баурайында  орналасқан.  Таудың оң жақ етегінде ырғай ағашы  өте қалың  өскендіктен  „Ырғайлы қосы“  деп атаған.  Бұл жерде ағаштың басқа да түрлері, әсіресе терек, қарағаш, түрлі жеміс ағаштары өте көп болған көрінеді.

  Содан, Ұлы Отан соғысы жылдары осы жерге  ауып келген әр ұлт өкілдері, отынның  тапшылығынан  сол  ағаштарды тып-типыл етіп шауып, отқа жағып, көп  ағаштар  жойылып  кетеді.  Орнында  тұрған  ағаштар  қоныс  аударғандай теп-тегіс  жазық  далаға  айналған.  Сондықтан да, бұл  жер  “Көшкентал” деп атап  кеткен  деседі.

 

„Көшкентал“ тауы сілемдері. Ақсу ауданы

 

  Тағы  бір  айтулар  бойынша,  сол  ағаштарды тасқын су тып-типыл  құртып, басқа  жаққа  «көшіп»   кеткендей болған...

 

 КӨЛТАБАН - Kóltaban  

   Бұл атау, осы  «Көшкентал» ауылына қарасты  елді-мекеннің және сол аумақтың  атауы.  Ол,  жер  астындағы  судың  жер бетіне өте жақын болғандығына  байланысты  аталған.

 

ҚАРАСЫРЫҚ - Qarasyryq 

  Жетісу Алатауының аумағында орналасқан жайлау аты. Кілең биік те, түзу қарағай өте көп өсетін болғандықтан  «Қарасырық»  аталған.

 

Қарағайлы тау

 

 Кезінде,  байлар оның қарағайын алдырып, мешіт, тұрғын үйлер салдырған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де Ақсу, Діңгек, Кеңжыра сияқты ауылдарда сауат ашу мектептері мен кеңсе ғимараттарының құрылысына  тау қарағайлары  пайдаланылды.  «Қарасырық»  1991жылға дейін «Діңгек» кеңшарының жайлауы болды.

 

ҚАРАҮҢГІР - Qaraúńgir

 Жетісу Алатауының  солтүстік  сілемінде, Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің  Ақсу ауданы аумағына жататын жерінде орналасқан асудың аты.  Оны  әрқашан  мұз басып жатады.  Басқан өзені  осы  арадан  бастау алады. Өзеннің басынан атпен өтуге болатындықтан,  арғы  бетке барып-келушілер оны бұрындары асу жолы ретінде пайдаланған.

 

Жетісу Алатауы

 

 

ТІЛЕУКЕННІҢ ҚОНЫСЫ -Tileýkenniń qonysy 

 Арасан ауылдық округіне  қарасты Баласаз  ауылы  маңындағы  Матайдың Емелелі руынан шыққан Тілеуке қажының  ата қонысы осылай аталады. 

Тілеуке —  елдің  көрген түсін дәл болжайтын және өзінің көрген түсі қате кетпеген қасиетті адам болған екен. Тіпті өңіндегі кейбір жайларды да болжап отырған.  Тілеуке  20-шы ғасырдың басында Меккеге қажылыққа барғанда, қасындағы серіктеріне түсінде жаратушы  аян бергенін,  ертеңіне сол қасиетті жерде  дүниеден  өтетінін  айтады.  Шындығында  да, мұсылмандық  парызын өтеп болып,  қайтуға жиналғанда  қайтыс болады да, жарықтыққа топырақ Меккеден бұйырады.  Бірге  барғандар Тілеуке қажыны  жерлеп, жетісін беріп, бір-ақ  қайтады.

 

Баласаз ауылы. Ақсу ауданы

 

 

МАМАННЫҢ АҚТАСТЫСЫ - Mamannyń aqtastysy

  Атақты Маман бай,   басында орта қолды шаруа болса керек, кешкісін мал қоралауға тас қораға кірсе, қақ төрде ошақтың орнындай жанып тұрған отты көреді.  Жалмажан  кездігімен бір қойды шалып жіберіп, қанын отқа шашыратады. Сөйтсе, әлгі көргені қанға тоқтайтын „көшпелі алтын“ болып шығады.  Содан  бастап,  байдың  малы  өседі, алтынды  баласы Тұрысбек  саудаға жаратады. Оны естіген жақын ағайыны ЕсімбекТұрысбекке қиянат  жасамақ  болады.  Сонда,  Маман екеуін  шақырып  алып,  таудың  ақ  тасын ұстап тұрып:  «Есімбек,  сен  ештеңеден тарлық көрмейсің, тек Тұрысбекке тиіспе. Ал, Тұрысбек  сен  қашанғы  бауырыңнан  бой  тасалап жүресің, Есімбектің бар қажетін өтеп тұр, жылдағы соғымына шейін сенің мойныңда. Бұдан былай,  көңілдерің тастай ақ, сенімдерің тастай берік болсын» деген екен.

Содан  балалары  тату-тәтті  болып,  басқаларға  үлгі ретінде айтылып отырады. Сол  әңгіме  өткен жерді,  ел-жұрты „Маманның Ақтастысы“ деп атап кетеді.

 

ТЕМІРБЕКТІҢ ТҰМАСЫ - Temirbektiń tumasy

 Жоңғарлармен  соғыста  аты  ұранға  айналған  Бөрібай  батырдың  немересі, өзі де  «Ақтабан  шұбырынды»  кезінде  Қабанбай  батырдың  туы  астында жауға қарсы соғысқан, Қаптағайдың Бікен руынан  шыққан Аманжол батыр  тарихта болған адам деседі. Оның айбалтасы мен кісесі әлі күнге ұрпақтарында сақтаулы көрінеді.

 Сол,  Аманжолдың туып- өскен жері, қазіргі Баласаз ауылына жақын маңдағы түрлі жеміс-жидек пен ағаштар өскен шұрайлы өңір,  «Темірбектің тұмасы» аталады.

 

Тау көріністері

 

  Суықсай  мен  Ащыбұлақ  ауылдары арасындағы кең жазықтың ортасында үлкендеу төбе бар. Ол жерде, 18-ші ғасырдың ортасынан 19-шы ғасырдың басында,  Емелелі руының ақылшысы Үңгірбай ата  өмір сүріпті.  Таудағы таңбаларды, тастағы  жазуларды  оқи білген,  артына шежіре қалдырған кісі. Оның қалдырған мұрасын құдасы, өз заманының сауатты азаматы болған, Қытайда  қазақ  мектебін ашқан Дәулетбай Мұсабеков  басқа да деректермен  толықтырып, сақтап келген.  Төбеде  тұрып  қарасаң,  сол   «Үңгірбай ата қыстауы»,  жайлауға  асатын  көш  жолы,  басқа да  айналаның бәрі алақандағыдай көрінеді

  Ол  қайтыс болғанда, ұрпақтары биік күмбез тұрғызған, бірақ оны орыстар бұзып,  кірпіштерін  үй  құрылысына  пайдаланған  деседі.  Сол қылықтары дұрыс болмай,  олардың үй- ішімен қырылғаны туралы, сол сияқты,  1919 жылы ішкі Ресейден шегінген ақтар,  Саурықов деген баланы (кейіннен, ол Ащыбұлақ бөлімшесін басқарды) аңша атқылап  қуғанда,  сол  кесенеге  кіріп құтылғаны жайында аңыздар  көп айтылады. Бала  жанұшырып  мінген атымен күмбезге кіріп кеткенде,  соңына түскен қуғыншы солдаттар қанша  үңіліп  қарағанмен,  көздері байланып, алдындағы  атты  баланы  көре алмайды...

 

 АРАСАН - Arasan  

  Жалпы Арасан  деп,  ыстық,  емдік қасиетті  жер асты сулары бар жерлер аталады.  Ауданға қарасты  Арасан ауылы  аймағы  да   сондай жерде орналасқан.  Құрамында  көмір-қышқыл  газды,  көмір  сутекті,  түрлі органикалық  заттары  ( мышьяк, марганец, қалайы, бромды йод, радон кремнийлі ерітінділер) бар мол шипалы су 1,5  ғасырдан бері   ел емдігіне пайдаланып келеді.

 

„Қапал — Арасан“ шипажайы

 

Сол мақсатта осы жерге салынған  „Қапал — Арасан“ шипажайы да  ұзақ жылдар  бойы жұмыс істеп келеді.

 

САТАН САЙЫ - Satan saıy

  Өз  қажеттіліктеріне  жергілікті  ауылдардан жылына  10 жылқы,  20 сиырдан талап  етіп, алып тұрғануақытында  Ақ патшаның  Тасбекеттегі  әскері  өз  тамақтары үшін және  күш- көлік  . Оған  ешкім  қарсы  тұра  алмайды.  Сол кезде,  «Діңгек»  ауылында  Жаншабайұлы Еңсебек батыр тұрады. Ол сойылға мықты,  ұзын  бойлы,  кең  иықты  қара  сұр кісі  болса крек,  басына   қысы-жазы  ақ шүберек байлап алады екен де, таң қылаң бергеннен  «Бесжігіттің»  биігіне шығып,  ауылды  шолып отырады екен.  Ары-бері өткен атты адамдар, оған міндетті түрде келіп,  сәлем беріп,  жөнін айтып кететін болған.  Әйтпесе, «сен ұрлық  жасағалы  жүрсің» деп сабап тастайды екен. 

  Еңсебектің  мінетін сары аты,  өзінен  басқа тірі жанға ұстатпайтын, жүгенін сыпырып жүйрік те, есті  жануар болыпты.  Оны  жайдақ мініп келіп, алып, Ақсу өзенінен  өткізіп  жібереді  де,  өзі  кейін  қайтып, жарты жолдан  тосып  отырады. Сары ат түн қараңғыланғанда солдаттардың жайылып жүрген жылқысының  бір үйірін  алдына  салып,  айдап келеді.  Оларды ауылдың Еңсебек бастаған жігіттері  Балқаш көлінің бойындағы ауылдарға қуып  апарып, басқа жылқыларға айырбастап қайтады екен. Осылайша, сары ат елдің малын талай рет орнына  қояды.  Бірде,  соны білген  орыс  солдаттары  ат  соңына  түскенде, ол қашқан бойда  арғы бетке асып кетеді. Содан,  3 жылдан соң,  1912 жылғы жұттан малы қалмаған ауылға бір үйір  моңғол тұқымдас жылқымен  оралады.  Сол  жылқы  кәртейіп,  ақырғы демі үзілгенде, ел оны Есеболатов ауылдық округіне қарасты тау бөктеріндегі беткейге, „адамша“ арулап, жерлейді.

 

Тау көріністері

 

   Сары  атты  ұстай алмаған патша солдаттары, ойда жоқта сан соқтырып  кететін  жануарға  «Сатана»  (яғни, «шайтан» деген мағынада) деп ат қойған. Орыстың тілін түсінбеген жергілікті қазақтар, оны өздерінше «Сатан» атап кеткен.

 

ҚАРАЛА КӨПІР - Qarala kópir

  Ертеректе  «Жібек жолы» керуендері  Қапал мен Ақсу ауылдарының арасындағы Қаратаудан,  тек «Қисық ауыз» асуы арқылы өтетін. Ең қиыны- асуда «Бие  сыймас»  аталатын тік те,  шұғыл  бұрылысты иінде,  үлкендігі үйдей қақпа тастар тұрған. Жолаушылар көлігі ол жерден әрең өтетін болған.

 

Тау шатқалдарында

 

 Қазақтың біртуар  ұлдарының  бірі,  ғалым  Шоқан  Уәлиханов  өзінің  «Қашқария  сапары» атты еңбегінде,  Ақсуға қонғанын,  ақпатша әскерінің Тасбекеттегі  қолбасшысы  Абакумовты  тосып жатқанын, оның аз ғана қопарғыш  жұмсап, Қапал мен екі ортадағы  тау  жолындағы  шатқалдың жартасын  жарғанына  қуанып  келгенін жазады. Жол шамамен 1856 жылы  Жетісу  губернаторы  Гасьфордтың  Қапал,  Лепсі  уездеріне келу құрметіне  солдаттардың  қол  күшімен  жасалған  болатын.  

Губернатордың атына тілі келмеген қазақтар оны  «Қарала көпір»,  «Солдат сайы» және  «Қисық ауыз»  атаған.

 

СОЛДАТ ҚЫРҒАН -Soldat qyrǵan 

  1928 жылғы байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу кезінде,  барынан айрылған билер мен болыстар елін алып, түн  жамыла  арғы  бетке  үдере  қашқаны  белгілі.  «Қарасырық»  жайлауынан   арғы  бетке  өтер терең сайда, қызыл әскер осындай  жүзге  тарта  отбасын  бала-шағасына  дейін  қалдырмай атып тастағанын ел  үлкендері жақсы біледі. Сондықтан да,  ол жер  «Солдат қырған»  деп  аталады.  

 

ЫБЫРАЙЫМ САЙЫ - Ybyraıym saıy

  Жоғарыда  айтылған,  кәмпескелеу уақыттарында  қазіргі Қызылжар ауылында тұрған,   есімі  күллі  Жетісуға белгілі болған,  Қапал,  Суықсай,  Арасан  ауылдары  елдерінің талай  дау-дамайларын шешкен Ыбырайым би- қажы  сексен жасқа  таяған  шағында  «итжеккенге»  айдалғанша  деп, арғы бетке қашуға мәжбүр болады.  Әйелі Дәмеш  зор денелі кісі екен, «соңымыздан қуғыншы түссе, сен  қаша алмайсың, бір немереңмен  қал» дейді  де, оны 4 жасар Қанымбике  қызымен  тастап,  өздері  түн  қараңғысында аттанады. Баласы Мырзатайды,  бауыры Мүсекені және  оның баласы Бәкенді  басқа  жолға салып жібереді де,  өзі  аталарынан қалған  жайлау жолымен кетеді. Оны сезген Курносов  деген  милиционер  соңына түсіп,  терең  сайға келгенде  алдымен атын атып,  өзін қылышпен турап тастайды.  Сол жерді жұрт «Ыбырайым қажы сайы» атаған.

 

Тау шатқалдары

 

  Аудан  орталығы  - Жансүгіров  ауылы  жанындағы,   бұрындары  «Энергетик»,   қазір   «Тау самалы»  аталатын  елді  мекеннің  жоғарғы жағында,  тау ішіндегі  ұзындығы  5 шақырымдай  болып келетін сайдың  бойында,   биіктігі  50 метрдей тау жақпарында көлемі үйдің орнындай  қоржын үңгір бар. Оның маңайындағы тастарға салынған әртүрлі жануарлардың суреттері,  ғұн  заманына  жатқызылатын  әріптермен  жазылған сөздер  бар...

 

ДІҢГЕК - Dińqek

  „Діңгек“ — Ақсу ауданының  Есеболатов  ауылдық  округінің орталығы саналатын  ауылдың   бұрынғы атауы.  Ауылдағы  ескі мектептің орнында 1960 жылдарға дейін таудың  қатпар тастары  жататын.  Ол  жерде шамамен 15-ші  ғасырда өмір сүрген қытай ханының қызы жерленгенін,  академик  Әлкей Марғұланның зерттеулерінен («Ескерткіштер еліне саяхат», 8- ші бет. Алматы. «Өнер» баспасы. 1994 жыл.) білеміз.  Ел айтуында,   хан  өз  қызының мазарын, адамдарды  Қайракөл тауынан  ауылға дейін қатар-қатар тұрғызып, қолдан-қолға беру арқылы  жеткізген  тастардан,  биіктігі   қырық  құлаш  етіп   қалатады.

 

Діңгек мазары, Ақсу ауданы

 

  Мұндай  құрылысты қазақтар: «Дың, діңгек, кесене, үй тас», — деп атаған.  Діңгек мазары — архитектурасы бойынша  және  таудың  етегіне салынуына қарағанда, ғұн  дәуіріне  жатады. Мазарды тұрғызған шеберлердің құрылыс конструкциясына  »қазақ үйдің"  нобайын  алғандары аңғарылады...

 

КӨКӨЗЕК және ШАДАЙ ЖАЗЫҒЫ - Кókózek jáne Shadaı jazyǵy

Аудан орталығы  - Жансүіров ауылының  батыс жақ іргесінде, екі өзектің ортасындағы  көк  шалғынға  оранған  жер және сол жердегі  елді  мекен — Көкөзек аталып кеткен.

Осы Көкөзек   ауылының батыс жағында, Ақсу өзеніне  таяу  жерде де, жоғарыда айтылғандай,   тастан  қаланып  жасалған  дөңгелек  діңгек — үлкен күмбездің   орнын,  оның  жұрнағын  әлі де  байқауға  болады.  Оның бауырынан суы  суық,  мөлдір  бұлақ  шығып  жатады. Күмбез   «Ордабай кесенесі»  аталады.  Ордабайдың өзін,  әйгілі Шыңғыс ханның қолымен соғысқан батыр  болған, деп айтылады.

Кезінде,  Ақсу  жерінде  болғанда,  осы күмбез маңайын, орнын  ғалым,  Шоқан Уәлиханов  арнайы  тоқтап,  зерттеген.  Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан: «Тастан жасалған дөңгелек үйлердің архитектурасын ту баста ойлап, жасаған сақтар, ғұндар, үйсін, қаңлылар. Түрік қағанаты кезінде олар бұрынғыдан да көркейе түсті. Мұны  әдемілеп  пайдаланған  қыпшақтар мен оғыздар» деп жазады. Тарихтан  мұндай  зәулім  ғимараттар мен мұнаралар жауларын  қарауылдау үшін де  пайдаланылғаны   белгілі.  

 

Ордабай кесенесі жанында, Ақсу ауданы

 

  Сол  кесенеге  жақындау, бірақ  сырт көзге көріне бермейтін ойдағы қалың бұталы жерге әскер шатырлары орналастырылған, «Шадай» жазығы да жаугершілік  заманда осындай қызмет атқарған көрінеді. Қалмақтың  «шадай» сөзі - «тоспа, жол айырығы» деген  мағынаны білдіреді екен.

 

 ҮШТӨБЕ -  Úshtóbe

  Жоғарыда  айтылған, сулы, көлеңкелі кең жазықты Шадай жері  маңында  бірнеше еңселі  төбелер  бар,  ол  жерлер   «Үштөбе»  деп аталады.

Үштөбенің төбелері. Ақсу ауданы.

 

   «Төбе» — қазақтың сөзі, ол алыстан мал, жүргіншілерді  қарайтын жер.  Сол төбелерге,  біраз  жылдар бұрын,  археологиялық  зерттеулер  жүргізілу  басталған  болатын.  Бірақ,  белгісіз  себептермен  ол тоқтатылып, аяқсыз  қалды...

 

 АЛТЫНАРЫҚ -Altynaryq  

  Жансүгіров ауылдық  округіне  қарайтын  ауылдың  атауы.  Ол атау,  осы жерде  зираты,  кесенесі  бар көріпкел  Көтен  Тәуіп әулиемен байланысты. Бізге жеткен жазбаларға қарағанда, оның шешесі осы нәрестеге босана алмай қатты  қиналғанда,  осы  жерге  жолы түсіп, Лепсідегі Қоңырбайұлы Көтен Тәуіп бабамыз (сол кезде 37 жаста екен) келе қалады да, аман — есен туғызып алады. «Бұл тегін кісі болмады»- деп,  ойлаған  Байғотан  әкесі, жаңа туған ұлының атын қонақтың құрметіне осылай атайды.

 

Қаратау сілемдері. Ақсу ауданы

 

  Бала өсе келе ақшора- шаппа руына басқалқа болып, 17-ші  ғасырдың  аяғында  елін әкеп   орналастырған жерге,  Ақсу өзенінен  өзі шыбықпен із салып,  ауыл адамдарына 12 шақырым жерге  арық  қаздырады. Соның арқасында,  егін егіп, күн көріністері жақсарған ел адамдары оны, «Алтын арығымыз» деп  атап атайды.  Бүгіндерде де  оның ұрпақтары осы арықпен  егінін суарып, жағасында малын өсіріп отыр.

 

ҚАРАҒАШ МЕКЕНІ - Qaraǵash mekeni,

   Белгілі Маман-Тұрысбек әулеті   ақшора- шаппалар елі мекендеген  Алтынарық өңірінен  жер сатып алып, онда  атақты  «Мамания»  медресесін  салдырады. Онда   байлар мен бірге кедейлердің  ұл-қыздары  оқытқан  пансионат  ашылады.

 

«Мамания»  медресесінің схема -суреті.

 

  Мектеп  жанына  қалың   қарағаштар  бағын  отырғызады, олар  жақсы  өсіп,  алыстан  көрініп тұрады.  Содан  ол  жер,  «Қарағаш»  аталып кеткен.  Ағаштар ол жерде әлі де бар.

 

ЕЖЕН ЖОТАСЫ - Ejen jotasy,

  Жансүгіров  ауылына  қарасты  Көкөзек  елді мекенінен    Ақсу ауылына  барар  жолдың  шыға берісінде «Ежен»  атаулы жота жатыр.  Оның бір ерекшілігі,  ауа райы бірден  басқаша өзгеретін  климаттық белдеу болып табылатыны.

 Бір айтуларға қарағанда, бұл арада Шыңғысханның жорығынан кейін,  Жошыханның  Батудан  кейінгі баласы Еженхан  ордасын тіккен. Ежен Ордасына  Ертіс өзенінен бергі аймақ — қазіргі Алакөл, Сарқан, Ақсу, Көксу аудандарының жері қараған.

  Оған,  қарама-қарсы  пікір  бойынша,  атауға  Ежен ханның еш қатысы жоқ.  Ежен — Матай  елі  ішіндегі Қара руынан  шыққан  айтулы батыр, Маманның замандасы болған. Зираты сол Ежен жотасында жатыр.  Жотадағы — Еженнің,  Қарағаштағы — Маманның  және  Көкөзектегі — Елденбайдың  зираттары  үш бұрышты құрап жатыр.

 

АБДЫРА БЕКЕТІ,  АҚСУ АУЫЛЫ - Abdyra beketi, Aqsý aýyly

   Ақсу өзенінің сағасында орналасуына байланысты  аталып кеткен,  кезінде аудан орталығы болған, қазіргі  Ақсу ауылы  бұрындары осылай аталған. Ол кездерде Тасбекет, осы Абдыра және Басқан бекеттері арқылы «Ұлы Жібек жолы» керуен көші  өткен.

Маман-Тұрысбек  осы жердің иесі ретінде,  жолаушы  саудагерлердің  жүк, тауар салған  абдыраларын («сандық» деген мағынаны білдіреді)  тексертіп, санатып, олардан заттай салық алып отырған және дүкендер салып,  сол тауарлармен  маңайдағы  ауылдар халқына  сауда жасаған. 

 

КӨКЖАЙДАҚ,  ШОЛАҚӨЗЕК - Kókjaıdaq, Sholagózek 

  Екеуі де қазіргі Ақсу ауылдық округіне қарасты, Ақсу ауылының күншығысында,  атаулары көрсетіп тұрғандай кеңінен  созылып жатқан, бедерлеріне  сай  аталған  жерлердің және онда орналасқан елді мекендердің атауы.  Қазір Көкжайдақ" ауылы өзінің туған жері болатын Ақын Сараның есімімен аталады.

  

 

 

КЕҢЖЫРА - Keńjyra 

 Кеңжыра — ауданның  Қарасу  ауылдық округінің орталығы саналатын ауылдың және жердің атауы.

 

Қарасу  ауылы жанындағы Кеңжыра сайы. Ақсу ауданы.

 

  Ауыл  Сарқан өзенінің  жағалауындағы жусан аралас тұқымдас шөптер өскен, қызыл қоңыр топырақты тауалдының құрғақ жазығында  орналасқан.  Ауылға  кіре беріс  жанында, бірнеше шақырымға жозылған,  табанында  өзен  жатқан  терең , кең жыра бар.

 

ТАРАС - Taras  

 Қарасу  ауылдық  округіне  қарасты бұл елді мекеннің атауын тарихи оқиғамен  байланыстырады.  1695 жылы  қалмақтың Қапал батыры  50 мың қолмен  өзінің ата- бабалары бір кезде қоныс еткен, осы өңірді тартып алуға келеді. Оған Бөрібай батыр  40 мың қолмен қарсы шығады. Алдымен  батырлар жекпе-жекке  шығады да,  Бөрібай  қалмақтың  қолбасшысын өлтіреді. Басшысыз қалған қалың қалмақтарды қазақтар қыруға кіріскенде, олар Бөрібайдан  өздерін тірі жіберуді өтініп, енді бұл жерді сұрамауға ант береді.

Сөйтіп, бәтуаға келген екі жақ үлкен қантөгіссіз тарасады да, ол жер «Тарас» аталады.

 

ҚЫЗЫЛОРАҚ -Qyzyloraq 

 Аудандағы  Қаракөз  ауылының   бұрынғы  атауы.  Кеңестік  дәуірдің 30-ыншы  жылдары ұжымдастыру  басталғанда,  ауыл  белсенділерінің бірі,  Жұмағұл Шолпанбаев  20  орақ әкеліп, ұжым мүшелері салтанатты түрде астық жинау науқанының ашылу рәсімін жасап, ұжымшардың алғашқы егінін орады. Әлі аты қойылмаған ұжымға,  «Қызылорақ» атауы беріледі.

 

ЖОТА - Jota

 «Қаракөз» ауылының  іргесінде ағып жатқан  Басқан өзенінің  жағасынан  басталатын  кең, жалпақ төбедегі (жотадағы) егістікке, Ұлы Отан соғысы жылдары ауылда қалған қарттар мен әйелдер, төбені жағалата қиялай тоған тартып, иін болып келетін кей жерлерге талдан тоқыған тоспалар  құрып,  өзен деңгейінен 10-15 метрдей биіктікке су шығарған.  400 гектардай егістіктің күншығыс жағында үлкен қырман жасаған.

 

КІНДІКҚОҢЫР - Kindikqońyr 

 

Қазақ поэзиясының құлагері,  Ілияс Жансүгіровтың туған жері — «Кіндікқоңыр»  деп  аталады.  Ақын туғанда  кіндігін  атасы  Берсүгір  кескен екен.  Немересін  өсе  келе  «қоңыр  қозым»  деп  еркелетеді. Осы екі атау бірігіп, ел ол жерге  «Кіндікқоңыр»  атауын берген.

Ол жерде 1994 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы құрметіне қызыл граниттен  ескерткіш  орнатылып,  басына  бөрік  киген  Ілияс мүсіні орнатылды.    

 

 

ЖОЛБАРЫС СОҚҚАН - Jolbarys soqqan

 Ертеректе Балқаш көлінің соңғы жолбарысы  Ойтоған елді мекен  жеріндегі қалың қамысқа кіріп алып, мал-жанға маза бермейді. Зәресі ұшқан адамдар жиналып, орталарынан Саурық батырға  жүрегі мықты деген 4 жігітті қосып береді. Саурық қасына  баласы Дауылбайды ертіп алады. «Балам, мен жыртқышпен алысқанда астында қалсам, аударып жібер» дейді. Қамысқа жақындағанда  өн  бойын  қыл  арқанмен оратып, қолына селебе пышақ пен келдек  ағаш ұстаған  ол,  серіктерімен  межелі  орынға  жақындағанда,  алдында  ғана  бір  өгізді жайратып,  тояттаған  жолбарыс күншуаққа арқасын бере ұйықтап  жатады.  Сыбдырдан  ояна кеткен ол, келе жатқан  батырға атылады. Екеуі апыр-топыр алыса түскенде,  Саурық жолбарыстың аузына келдекті тістетіп,  екінші қолымен жүрек тұсынан селебені ұрып үлгіреді де,  айқасқан  күйі  жанындағы  қара судың қата бастаған қабыршық мұзын жара құлайды. Мұны көрген жігіттер шегіншектеп кетеді де,  Дауылбай ғана қызыл қанға боялған суға түсіп, жолбарысты аударып, әкесін тұншықтырмай аман алып қалады.

 

Қамысты көл

 

  Саурық  жағаға  шығып,  есін  жиып алған соң  баласына: «Бұл жер енді «Жолбарыс соққан»  аталады.  Мен болған жайды жазып, осы жерге көміп кетемін.  Ол жайында қартайғанша ешкімге тіс жарып айтпа, кейін балаларыңа айтарсың» дейді. Екеуі ауылға барып қонады да, ертеңіне өгіз арба әкеліп, жолбарысты  сойып, терісін алады. Күрекпен тізеден жер қазып, ішінде қағазы бар құмыраны төбеге көмеді...

 

ҮЛГІЛІ - Úlgili 

Қазіргі Ойтоған ауылына қарасты, айналасы құм, егіндігі жоқ бұл жерге, сталиндік  қуғын-сүргін  кезінде қылмысы дәлелденбесе де, «осы күдікті-ау» деген  адамдар  жер  аударылады.  Солар  жинала  келе, шағын ұжымшарға бірігіп,  мал  өсіріп,  ауданда  үлгілі  ауылға  айналады  да,  шаруашылық  «Үлгілі» аталады. Одан ары ол, жер атауы да болып кетті.

 

БҰЛАН - Bulan 

  Кеңес үкіметін орнату кезінде Ақсудан шыққан қызыл төңкерісші, аудан басшысы болып тұрған   Қабыланбек Бұланов  қарсыластарының қолынан қаза тапқаннан кейін,  оны  мәңгі есте  қалдыру  мақсатында,  Ақсу  ауданында  алғаш ашылған 3 кеңшардың біріне (қазіргі Ойтоған ауылдық округі  аумағында)  «Бұлан» есімі берілген.

   Басында кеңшар болып құрылғанмен, жол қатынасы қиын, шалғайда қалғандықтан, ол небары 7 жылдан соң тарап, қой өсірумен шұғылданған «Қызылтаң»  кеңшарының  бөлімшесіне айналады.  Қазір ол  жерде  елді  мекен жоқ, бірақ  жер  атауы  ретінде айтылады.

 

ҚЫЗЫЛТУ - Qyzyltý

  Қазіргі  Б. Сырттанов  атындағы  ауыл,  соңғы жылдарға дейін Қызылту атанған.

1929  жылы  Бүйен өзенінің  орта ағысында ауылшаруашылық артельдері құрыла  бастайды. 1932 жылы  Сүттіген,  Қарасу, т.б. ұсақ ауылдар бірігіп, 3-ші ауыл атанады.

 

 1949  жылдары  тағы да  3 ауыл  ұжымшарға бірігеді.  Сол кезде, жазғы  науқандық жұмыстардың бітуіне орай,  облыста үлкен мереке-слет өткізіледі де, онда күрестен ауыл азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Базылбеков Жұмағұл бас жүлдені, Есенов Молдағали басқаратын бригада облыстық ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып, өзі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталады.  Осы табысқа орай ауылда үлкен жиналыс  өтіп,  ұжым  ресми  түрде  «Қызылту»  деп  аталады.

 

БИСЕКЕНІҢ КЕЗЕҢІ - Bisekeniń kezeńi 

  Қызылту ауылдық округіне қарасты  Қопа елді мекені мен Ақсу ауылдық округінің шекарасында  орналасқан  Сүттіген  елді мекені кезінде талай қазақтың біртуар ұлдарының өскен жері еді, амал қанша тоқырау жылдары тұрғындары қалаға көшіп  кетіп,  ауыл тарайды. 

 20-шы ғасырдың бас кезіне дейін Сүттігенде ел басқарған Бөрте руынан тарайтын атақты Сареке қажы,  Бисеке  деген ағайынды адамдар өмір сүрген. Бисеке қысқа мал азығын дайындағанда өз малын ғана ойлап қоймай, ат шалғымен  маңайдағы бар шабындықты шаптырып, шөбін  жинай  береді  екен. 1912 жылы қатты  жұт  болып,  ұзаққа  созылған  қиын қыста Бисекенің неше жылдар  жинаған шөбін  Ақсудың бар ауылы ғана емес, көршілес Сарқан қаласынан  орыстар да келіп алады.  Ол  ескі  маяларды сатпай-ақ, тегін үлестіреді.

 1928  жылғы  кәмпескелеу науқанында   басқа байларды тегіс жер аударылып жатқанда, Бисекенің сол жақсылығының қайтарымын көрген ел, кедейлердің қазақ-орысы, оны  айдатпай  аман  алып  қалады.  Кейіннен,  өкімет меншігіне өткен шабындықтар алқабы  «Бисекенің  кезеңі»  деп аталып кеткен.

 

КҮЙГЕНТАМ -Kúıgentam 

  Қызылту ауылдық округіне қарасты  «Сүттіген»  жерінде Қалқабайдың ұрпағы Тәңірберген қажының  қыстауы болған. Кәмпеске кезінде олар арғы бетке өтіп кетіп, артынан жігіттері қайта келіп  қызылдармен  соғысады да,  кері аттанарда  «Байлығымыз жаңа үкіметке қалғанша, жанып кетсін» деп, үйлерін өртеп кетеді. Содан былай, сол жер  «Күйгентам» аталады.

 

ҚОСБАТЫР - Qosbatyr

  Қарашілік ауылдық округінің солтүстік батысындағы киелі орынға жоңғарлармен  болған Аңырақай шайқасында  ерлікпен қаза тапқан,  көлдей- жұмай  руынан шыққан атақты түменбасы  Шоңай  батырдың Назар, Нартайлақ  атты  ұлдары жерленген.  Олардың мәйітін 1729 жылы сонау  Балқаш  бойынан  түйеге  артып  әкеліп,  өздерінің  туған  жеріне  қойған. Содан ол  жер атауына  айналады.  

 

 

  Ол  жөнінде  зерттеулер  жүргізіп,  жергілікті  ақын,  Жамау Бұқарбай  «Назар —  Нартайлақ»  поэмасын  жазды («Пері қызына хат» кітабында).  1993 жылы ауыл  адамдары  қос  есікті,  кіре берісіне қос қалқан мен найза орнатылған кесене тұрғызып, батырлардың  рухына бағыштап ас берді.

 

АЛҚАЛЫ -Alqaly 

 Өткен ғасырдың  20-сыншы  жылдардың басында құрылған жарлы- жақыбайлар мен кедейлердің  «Қосшы»  ұйымдары тарап, 1928 жылы жаппай ұжымдастыру  басталғанда,  әр ауылды  басқаруға  ұйғарылған  белсенділер аудан орталығына шақырылып, кеңес өткізіледі. Онда басшылар өздерінің ұжымшарына Ленин, Сталин, Молотов сияқты белгілі қоғам қайраткерлерінің  атын  беруге таласса керек. Сонда,  елі дуан Қыдырбай деген кісі: «Көсемдер бәрімізге  ортақ  болуға  тиіс, біз ауылдағы халықты жинап, алқалы жиын өткіземіз де, ұжымшардың атын көпшілік болып ойластырып қоямыз» деп, қайтып  кетіпті.  Ақыры ол сөз ауылдастарының да көңілінен шығып, ауылды «Алқалы» атайды.

1936 жылы ауданға үкімет басшысы Ораз Исаев келгенде де, осы жерде мал шаруашылығын дамыту жөнінде  алқалы жиналыс өткізеді. Ол жерде Кеңес үкіметі тарағанша, Жансүгіров атындағы кеңшардың товарлы- сүт фермасы отырды.

 

МОЛАЛЫ - Molaly

  Молалы — жер және аудандағы ауыл атауы. Жері  бозжусан,  ши аралас шөптер өскен сұр, құмайтты топырақты шөлейт болып келеді. Табиғаты қатал, жазы ыстық,  қысы қытымыр желді-боранды.

 

Молалы ауылы маңының көрінісі және теміржол көпірі

 

  Ертеректе  жалайырлар мен наймандардың  ауылдары іргелес қоныстанып, Ақтілес  руының  жігіттері, араларымызда  белгі  болып тұрсын деген ниетпен,  оншақты  түйме  мұнара тұрғызыпты. Оларды, алыстан көргендер молалар деп түсініп,  «Молалы жерде ел болады» деп, бұрылатын болған. Содан бері осы атау қалыптасып кеткен

 

СЕКСЕНБАЙ БҰЛАҒЫ - Seksenbaı  bulaǵy

  Молалы ауылдық округінің  Алажиде стансасынан өткенде, жолдың оң жағында  «Сексенбай ата бұлағы» бар. 1871 жылы туылған Сексенбай,  өмір бойы орыстың әділетсіз ояздарымен айқасып, аталы сөзге тоқталғысы келмеген қазақтың  ру арасындағы дау-жанжалдарды да күшпен басып отырған белгілі ержүректі  адам болған (Жамау Бұқарбай, «Мұң шағады мазарлар» 1980 жыл).

 Ел аузындағы аңыз бойынша, оның  кесенесі  тоқсан  серкенің  жүні  мен  майы араластырылып  жасалған  кірпіштерден  қаланған. Тірі кезінде ешкімнен жеңілмеген Батырдың қасиеттілігі  болғанын,  оның  аруағы кесенесіне адал ниетімен тәуіп етіп келушілерге көмектесетінін, ал қасынан оны мазақтап, атпен шауып өткен адамдарды жазым ететінін  әңгіме ғып айтады.  Бұлақ жанындағы  «Сексенбай ата бұтағына»  адамдар ақ орамалдар байлап аттанады.  1991 жылы батырдың ұрпақтары басына белгітас қойды.

 

БАБЕКЕ ТОБЫЛҒЫЛАРЫ -Babeke tobylǵylary  

  Лепсі өзенінің алқабында  «Бабеке тобылғылары» деп аталатын жер бар.  Құрақсуда  Бабеке  батырдың  тобылғысы  сақталған. Жазушы, ақын Құдаш Мұқашевтің  «Жалғыз тораңғы» повесінде осы Бабеке батырдың тораңғысы сиапатталған.

  Қонысбай баласы  Бабеке  - әділетті жақтаған батыр, парасатты ақыл иесі болған және Ер Тоқпанбеттің баласы Айтқожа би арқылы әулиелік дарыған  дара тұлға деседі. Оның жорықтарға мінетін жүйрік қос көк аттарына байланысты, «қос  көк  атты  әулие»  аталады.    Бабеке  Қаракерейді билеген Жәңгір төренің «бәйгемді ат шаптырмай бер» деген өктемдігіне дес бермеген намыскер болыпты. Бабекенің  дауысы зор болып, айқайы алыстан  жетіп, қырымнан  естіліпті.  Оның қос көк аттары жау шабарда, немесе бір қауып төнген жағдайларда иесіне оқыранып, кісінеу арқылы белгі білдіріп тұрыпты. Бабеке батыр қос көк атын жел тимесін, әмбе тіл-көзден амалдап,  арнайы жасалған қазақ киіз үйдің ішінде күтіп ұстапты. Жауға шапса,  қос көк ат жұбын жазбай қатар шауып, Бабеке батыр еш тоқтаусыз, аттарын шаршатпай,  алма-кезек  ауыстыра  мініп,  жауларын оңай  түсіріп отырады.  Қос көк ат жайылымда жайылғанда да жұптарын жазбапты...

 

Құм тобылғылары

 

 Бабеке  батырдың зираты Сарқан суының Ақсу өзеніне құятын тұсындағы биік төбе үстінде тұр.  Еңбек ауылына жақын. Зират қабырғасының  қалыңдығы  бір  метрден астам.  Қазір мұжылып орны ғана қалған.  

 

РАЙ - Raı

 Ауданда  «Рай»  деп  аталатын  екі  жер бар.

Біріншісі —Құрақсу жеріндегі қызыл құмның ортасында, табиғат силаған көл. Көлдің батпағының  емдік қасиеті мол болғандықтан,  жаз айларында басынан арнайы келген емделушілер арылмайды. Көл атауы  Рай атты әйел есімімен байланыстырылады.

 

Рай көлі

 

  Жоғарыдағы мақалада айтылған,  Бабеке батырдың   жаугершілікте қолға түсірген Рай есімді қалмақтың қызы оған  күң болады. Талай жылдар бойы өзіне  адал қызмет еткен еңбегі үшін және бойында бар үлкен қасиетін білген ол,  Райды  күңдіктен босатып, енші бөліп, қыстауын тұрақты мекен етуге сыйлап, «елге менің атақ-даңқым емес, сенің есімін шығады» деп батасын беріпті. Бабеке батырдың берген батасы оң болып, Бабекенің  Құрақсу құмындағы бұрынғы қыстауы және сол маңдағы көл, Рай ана есімімен аталады

 

 Екіншісі -  Есеболатов ауылдық округіне қарасты  Қызылқайың  ауылының шығысындағы кең жазық, қақ ортасында жартылай құлаған күмбез тұр. Оны  Матайдың  Аталығынан тарайтын  Қонақбай — Тәуке  руының белгілі аталарының бірі дейді.  Одан: «Танысаң-Райыңмын, танымасаң-құдайыңмын» деген мәтел қалған. 

 

ЖАЛТЫРЖОН - Jaltyrjon

  Жалтыржон деген — Балхаш  көлінің  оңтүстігінде  Ақсу мен Лепсі өзендерінің  арасын алып жатқан құмды алқап.  Жалтыржонның құм төбешіктерінің биіктігі 3 метрге, ал жондарының төбесі 15-40 метрге жетеді. Жыңғыл,  шеңгел, жусан мен айрауық өсетін бұл аумақта мал жыл бойы  жайыла береді. 

Құмды алқап.

 

   Аудан аумағындағы  басқа да  ҚЫЗЫЛЖАР (Qyzyljar),  ҚОПА (Qopa) ,  ҚЫЗЫЛҚАЙЫҢ (Qyzylqaıyń),  КЕҢҒАРЫН (Keńqaryn),  САҒАБҮЙЕН (Saǵabúıen),  САҒАКҮРЕС (Saǵakúres),  АҚТОҒАН (Aqtoǵan),  ҚҰРАҚСУ (Quraqsý),  АЛАЖИДЕ (Alajide), БАЛАСАЗ (Balasaz),  АЩЫБҰЛАҚ (Ashybulaq),  АҚТӨБЕ (Aqtóbe)  және  КӨКӨЗЕК (Kókózek)   сияқты елді мекендерінің атаулары,  негізінен,  олардың  орналасқан  жерлердің  бедерлеріне, маңындағы өзен-суларға сәйкестендіріп қойылғандықтан, бәрімізге түсінікті шығар. 

  Ал, олар жөнінде қосымша деректер болса, жинақталуына байланысты жарияланып отыратын болады...

 

  Осы мақала деректері, негізінен энциклопедиялық анықтамалардан,  жергілікті журналистеріміз   М. Қазбанбетов пен Ж. Толымбековтің  және  басқалардың  жазбаларынан алынды.

 

P.S. Құрметті оқырмандар, аудан тарихының білгірлері!

Аудан аумағында тарихи атауларға ие  жер,  елді мекендер, тау-өзендер , т.б.  әлі де жеткілікті екені,  олар да насихаттауды, зерттеулік еңбектерді  қажет ететіні түсінікті!  Ендеше, әңгіме басы бар, жалғастыруын бірлесе жүргізейік...