Құрметті оқырмандар!

Сайтымның «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ-ҰЛТ МҰРАТЫ» атты рубрикасының бүгінгі парағында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының «Қателік» атты телебағдарламасында күні кеше ғана қонақ болған ғалым, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы, Ақсу жерінің перзенті (Алматы облысы) Анар ФАЗЫЛЖАНОВАМЕН өткізілген сұхбат-әңгіменің бейнежабасы  беріліп отыр.

  Бұл әңгімеде ол қазақ қоғамының әр кезеңдеріндегі, әсіресе бүгінгі уақыттағы басты қателігі — ұлттық құндылықтарды ұмыту мен оны толық  сезіне білмеу екендігі  туралы байсалды пайымдауларын айтады.

 

Осы орайдағы  қазақ қоғамындағы негізгі мақсат және міндеттер- ұлттық тілді жаңғырту мен  барынша   дамыту, нақты ұлттану ілімін қалыптастыру,  мемлекеттік тіл концепсиясын қайта құру, тезірек мемлекеттік деңгейде  саяси шешім қабылдануы  қажеттілігі  жөніндегі өте  құнды ой-пікірлерімен бөліседі.

Бейнежазбамен әрбір  ұлтжанды,  «иісі қазақ» азаматының танысқаны дұрыс деп санаймын.

 

 

Алдымен  Ақсу ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай  таяуда баспадан шығарылатын «АҚСУДЫҢ АРДА АЗАМАТТАРЫ» атты кітапта берілген оның  өмірдеректерімен танысып алуларыңа болады 

 

ФАЗЫЛЖАНОВА АНАР МҰРАТҚЫЗЫ 

 

  Ғалым. Филология ғылымдарының  кандидаты.

   1974 жылы Ақсу ауданы Жансүгір кентінде ұстаздар отбасында туған.  Әкесі —  Фазылжанов Мұрат, ҚР білім беру ісінің үздігі, ел ағасы, Ақсу ауданының Құрметті азаматы. Шешесі — Сәруер Шәрімбайқызы, ардақты ұстаз.

   Қазіргі Ж.Сыдықов атындағы орта мектепті (1991)  алтын медальмен, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультетін «қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті және  тарих» мамандықтары бойынша (1996) үздік дипломмен  және ҚР Ұлттық ғылым академиясының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы аспирантураның күндізгі бөлімін (1999) бітірген.  Кандидаттық диссертациясының  тақырыбы: «Қазақ тіліндегі қосқұрамды құрмалас сөйлем интонациясы (эксперименттік-фонетикалық зерттеу».

    1999  жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер,  жетекші ғылыми қызметкер, ғалым хатшы, директордың ғылым жөніндегі орынбасары  болып жұмыс істеп келеді. Биылғы 2020 жылдың маусым айында осы институттың басшысы болып тағайындалды.

   2001—2003 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде  «қазіргі қазақ тілі мен әдістемесі теориясы» кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеді. Осы уақытта қазіргі қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, синтаксисі, сондай-ақ паралингвистика, компьютерлік лингвистика сияқты курстардан дәріс оқып, семинар сабақтар жүргізді, қазақ филологиясы магистранттарына арналған «Компьютерлік лингвистика»,  «Паралингвистика», студенттеріне арналған «Морфология» курстары бойынша типтік және жұмыс бағдарламаларын әзірледі.

   Ол қазақ тілінің сегментті, суперсегментті фонетикасы, интонация, интонологиясы, қазақ интонациясы мен синтаксисі, пунктуациясының арақатынасына, қазақ тілінің тарихи фонетикасы, нормативті сөздіктер түзу тәжірибесі, орфографиясы мен орфоэпиясы, сөз сазы мен просодикасы, ауызша сөз мәдениетіне, сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарыққа шыққан қазақ тілінің академиялық сипаттағы нормативтік сөздіктеріндегі тілтанымдық білімдер жүйесіне, оларды оқу процесіне енгізуге, қазіргі Қазақстандағы тілдік жағдаятқа байланысты мемлекеттік тілді оқытудың жаңартпаларына, мультимәдениеттілік пен тілдік бірегейлікке, мемлекеттік тілді дәріптеуге және латын қаріпіне көшкен түркітілдес мемлекеттердің лингвистикалық тәжірибесіне т.б. мәселелерге арналған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар желісінің, бастаушыларға және 10 сыныпқа арналған қазақ тілінің оқу құралдарының авторы, орфоэпиялық анықтағыш пен екітілді және нормативтік сөздіктерді құрастырушылардың бірі.

  Қазіргі кезде қазақ тілінің әлеуметтік тілтаным аспектісіндегі проблемалы, тарихи фонетикасы, т.б. өзекті мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын ғылымды ұйымдастыру жұмыстарымен қатар жүргізіп келеді.

   Ол мемлекеттік тілдің теле-радиоараналардан дәріптеліп насихатталуына белсенді араласып жүрген жас ғалымдардың бірі. Сондай-ақ 2008 жылдан 2014 жылға  дейін  ҚР Тұңғыш Президенті қорының жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, 2007 жылдан бері ҚР БжҒМ  Хабарларының (бұрынғы ҰҒА Хабарларының) Филология сериясы басылымының Тілтаным саласы бойынша жауапты шығарушысы, 2003 жылдан 2010 жылға дейін Республикатық лингвистикалық ғылыми басылым «Тілтаным» журналының жауапты шығарушысы болып қоғамдық негіздегі жұмыстарды және де  қазақ тілін оқытуды жетілдіру жөніндегі бірнеше ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарын атқарып келеді.

 Марапаттары: 2000—2002 –  талантты жас ғалымдарға арналған Президент  стипендиясының стипендиаты; 2007 – талантты жас ғалымдарға арналған М.Әуезов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;  2008 –2014 ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жас ғалымдарға арналған ғылым мен техника саласындағы сыйлығының лауреаты,  зерттеулерге арналған грантының иегері, Алғыс хаты және  Құрмет грамотасы; 2016 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің, Назарбаев зияткерлік мектебінің және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары. Көптеген семинарларға  қатысушысы ретінде  сертификаттары бар.

  Отбасылы,  1 ұл, 1 қызы бар.

 

 

ҚАТЕЛІК — ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰМЫТТЫ 

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА

Жетісу телеарнасы. 17.10.20.