Құрметті сайт оқырмандары, қонақтары!  Ақсулық азаматтар, жерлестер!    

   Осы  интернет сайтының  ашылуына түйткі және негіз болған — 2011 жылы  ауданымыздың  80-жылдығына арналып,  Өзімнің ұйымдастыруыммен шығарылған  "Абыз Ақсу, Аңыз Ақсу, Нағыз Ақсу " кітабы екені айтылып келеді. Сол кітаптың «Ел атағын-ерлері шығарады» атты үлкен бір бөлімінде, өміріміздің әр саласында және әр деңгейдегі  елге аса танымал,  халқы   құрметтеген  тұлғалардың  есімдерін  іріктеп атаған едік.  Алайда,  кітап  форматының шектеулігіне байланысты,  олар тізбектеліп қана және  тек өмірдеректері  көрсетілген болатын. Енді, сол атауға қайтадан ие болған осы сайт кітабының мақсаты — сол деректерді   бүгінгі  күн  тұрғысынан  жаңалап,  толықтыру,  яғни,  мақалалар,  естеліктер,  зерттеулік  еңбектер арқылы азаматтардың өнегелі өмірін, үлгілі еңбек-қызмет жолдарын барынша насихаттау  екендігін де айттық.  Сол бөлімнің  4-5 тарауы  бұған дейін  оқырмандар назарына ұсынылып, олар туралы алғашқы пікірлер түсіп, жариялана да  басталды.

   Бірақ, олардың  бірсыпырасы  әлі де «қозғалыссыз», «асығыссыз»,  уақытын тосуда болатын.  Енді, соларды жеделдетіп, толығымен  сайтқа енгізуді қолға алып отырмын.  Ондағы ойым, сайтымыздың танымалдығының  әлі де төмен екендігін сезіне-біле отырып, сол материалдар арқылы  оқырмандар  назарын  аудару,  ықыластарын туғызу,  деректер ауқымын молайту болып отыр. Көлемі  үлкен тараулар 2-3-ке бөлініп берілетін болады.

  Осыған орай, бұл жолғы сайт парағын есімдері мемлекетіміз деңгейінде  танылған қайраткер азаматтарымызға  арналды. Бұған дейін осы санатқа   жататын   РАМАЗАНОВА  БИЖАМАЛ  апайымыз бен марқұм Бекежанов Дүйсетай туралы мақалалар мен өмірдеректері жарияланған болатын.

Назарларыңызды аударатын жайтттар:

1.Жоғарыда айтылғандай, тұлғаларымыздың өмірдеректері кітаптың сол дайындау кезіндегі  бойынша  өзгеріссіз  қалдырылып отыр.(олар алдағы уақыттарда мағлұматтар түсуіне байланысты толықтырылып, дұрысталатын болады).

2 Азаматтар есімдерінің аталу реті, негізінен олардың туған жылдарына байланысты құрылды.

Қабыл алыңыздар!  Кітапты толықтыруға ат салысыңыздар. 

 

Ақсулық мемлекет қайраткерлері

Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов

Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов

1965 жылы  Целиноград қаласында туған. Балалық шағы атажұрты Жетісу жерінде, қазіргі Алматы облысы,  Ақсу ауданы, Қарасу ауылында өткен.   Шыққан тегі, атасы Қасым Мәсімов, әжесі Нұрбану Райбаева, әкесі Қажымқан Мәсімов — ақын Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы...» деп жырлаған Молықбай атаның ұрпақтары. Тарихтың куәсі, атадан қалған сол киелі қобыз бүгінде Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің қорында сақталған. Уақ руынан тарайтын нағашы атасы Кәрім Әжібеков Павлодар облысының Лебяжі ауданындағы Мерғалым ауылында (бұрынғы Қорт ауылы) туған. Еліміздің теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан құрметті теміржолшы. Анасы – Элеонора Әжібекова.

Мектепті бітіргеннен кейін Ресейдің П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін, одан кейін Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Пекиндегі тілдер институтында қытай тілін оқып үйренді. Ухань университетінің Заң институтында және Колумбия университетінде тағылымдамадан өтті. Халықаралық құқық жөніндегі маман, экономист. Экономика ғылымының докторы. Ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген.

Еңбек жолын Еңбек министрлігінде бас экономист қызметінен бастап, кейін еліміздің Сыртқы экономикалық қатынастар министрлігінің Үрімші қаласындағы (ҚХР) өкілдігінің аға маманы, Қазақстанның Гонконгтағы сауда үйінің атқарушы директоры болып жұмыс істеді. Алматы сауда-қаржы, Халықтық жинақтаушы банктері басқармаларының төрағасы қызметтерін атқарды.

Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі, Премьер-Министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі лауазымдарына тағайындалды.    2006 жылдың сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметін атқарды.       2007 жылдың қаңтарынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.

«Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

Жұбайы, үш баласы бар.  Қазақтың қолдан тоқылған кілемдерін жинаумен әуестенеді. Қазақстан Республикасының муайтай федерациясының президенті.

 

Төребаев Ыдырыс

1916ж. Ақсу ауданы Өнім ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Алматыдағы №12 қазақ мектеп-интернатын, Тәшкендегі Орта Азия жоспарлау-экономикалық институтын, Қазақ коммунистік журналистика институтын бітірген.

Еңбек жолын есепші болудан бастады. Кейіннен аудандық партия және Кеңес атқару комитеттерінде, 1939 жылдан Павлодар облыстық партия комитетінің аппаратында қызмет істейді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Қазақстан КП Орталық комитеті жанындағы партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1947 жылдан өмірінің соңына дейін ҚазТАГ-та аудармашы, бас редактор, агенство директорының орынбасары болып еңбек етті.

Шетел жазушыларының әдеби шығармаларын қазақшаға аударумен шұғылданған. С.Айнидің «Фердоусиін», Г.Мирошничеиконың «Юнармия», Мұстай Кәрімнің «Таганок», т.б. әңгімелер мен көптеген оқулықтарды аударды.

«Отан Соғысының ІІ-дәрежелі», «Қызыл жұлдыз» ордендері, көптеген медальдар және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған

 

Қалиұлы Жекен

Қалиұлы Жекен

1931ж. Ақсу ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Бірінші класты дипломат-кеңесші. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Перу Парламентінің Құрметті мүшесі, ҚР суретшілер Академиясының академигі. Мамания орта мектебін,  Алматы шет тілдері институтын бітірген.

Институт бітіргеннен кейін Жамбыл ауданының Үңгіртас орта мектебінде мұғалім, Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ Мемлекеттік университетінде педагогикалық-ғылыми жұмыстармен шұғылданады, кафедра меңгерушісі болады. Одан кейін Қазақ  КСР сыртқы істер министрінің 1-ші орынбасары (1968-74), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шетелдік туризм жөніндегі Бас басқармасының бастығы, шетелдермен достық және мәдени байланыстар жасау Қазақ қоғамының президиумының төрағасы (1974-84), «Кітап» республикалық қоғамы басқармасының төрағасы (1984-92); КСРО Жоғарғы Кеңесінің экология,  денсаулық жөніндегі Комитетінің төрағасы, ҚР Сыртқы саясат қауымдастығының президенті (1992—1999) қызметтерін атқарды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10, 12-ші шақырылымдары депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің 2–ші шақырылымының депутаты, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің мүшесі болды (1999—2004). 2005 жылдан БҰҰ-ның
КР-сындағы қолдау көрсету және Казақстан-Жапон «Прогресс» іскерлік және гуманитарлық байланыс қауымдастығының төрағасы, КР Парламентінің Қоғамдық палатасының  мүшесі, бірнеше Қоғамдық фондтар төрағасы. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, бірнеше отандық және шетелдік медальдармен марапатталған.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Мәдіғожин Тұрысқали

1938 ж. Ойтоған ауылында туған. Алтынсарин атындағы (Мамания) орта мектебін бітірген. Саратов облысындағы Краснокутск азаматтық әуе флоты училищесін, Ленинград қаласындағы ҚСРО Азаматтық авиациясының Академиясын бітірген. Азаматтық авиацияның 1-ші сыныпты инженер-ұшқышы.

Мәдіғожин  Тұрысқали

1964ж. бастап көп жылдар Өскемен, Алматы бірлескен авиаотрядтарының бастығы болады. 1971 жылдан 20 жыл бойы Қазақ азаматтық авиация Басқармасы бастығының орынбасары және бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Ұшу қызметінен кеткеннен кейін, Қазақ азаматтық авиация Басқармасының жердегі аэронавигациялық қызметін басқарды. «Қазаэронавигация» РМК-ның бас директоры, әуе қозғалысының ұйымдастыруының Оңтүстік-Шығыс аймақтық орталығының басшысы болып қызмет атқарады (1991-99). Қазір зейнеткер.«Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен және төрт медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Осипов Василий Иванович

Осипов Василий       Иванович

(1939—2008) Арасан ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Арасан орта мектебін, Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін ядролық физика мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Арасан орта мектебінде пионер ұйымының жетекшісі, мұғалім болып бастайды. Содан кейін кеңес-партия жұмыстарына ауысып, олардың барлық сатыларынан өтті. Алдымен Қапал аудандық халық депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары, 1979 ж. Ақсу аудандық атқару комитетінің төрағасы болады. Андреев аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы, Талдықорған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Гвардия ауданының әкімі, Талдықорған облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды (1988—1995). 1995 ж. желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және сол Мәжіліс төрағасының орынбасарлығына сайланды. Мәжіліс аппараты Басшысының орынбасарлығынан зейнеткерлікке шықты.

«Өлеңдей өрнектеген Жетісуым», «Фрагменты Жетысу» кітаптарының авторы. «Халықтар достығы» ордені, көптеген медальдармен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

Тұрғанбеков Асылмұрат

Тұрғанбеков            Асылмұрат

1940ж. Басқан ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері Чапаев атындағы орта мектепті, Алматы зооветеринарлық институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген .

“Арасан” колхозында тракторшы, электромонтер, Лепсі шеге зауытында жұмысшы болып жұмыс істеді. Ақсу аудандық кең-шар-ұжымшарлар өндірістік басқармасында ұйымдастырушы-инспектор, Абай атындағы ұжымшарда зоотехник болды.
1964 ж. Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің аппаратында қызмет атқарды (1968-71). Андреев аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық ауылшаруашылық басқармасы-ның бастығы, Талдықорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарады (1978—1987). Панфилов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық депутаттар Кеңесінің төрағасы, Талдықорған облыс әкімінің орынбасары, Бөрлітөбе, Қапал аудандарының әкімі, Қапал ауданының таралуына байланысты Ақсу ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Алматы қаласы жер ресурстары жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары болады (1987—2004). 2004 жылдан «Алматыгор НПЦ зем» ДГП мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары болды...

ҚР Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылымында депутат болып сайланған. “Құрмет”, “Халықтар достығы”, “Құрмет белгісі” ордендерімен, екі рет “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Ақсу және Ескелді аудандарының Құрметті азаматы.

 

Жақиянов  Оралбек Нұрсейітұлі

Жақиянов  Оралбек Нұрсейітұлі

1943ж. Матай стансасында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері Қазақ политехникалық институтының өнеркәсіп-азаматтық құрылыс факультетін, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1960ж. Алматы қаласындағы Киров атындағы зауытта фрезерші болудан бастаған. «Маңғышлақнефтегазстрой», «Талдықорғанпромстрой» басқармаларында аға прораб, механикаландырылған колонналары трестерінде басқарушы болып қызмет атқарған... Қапал аудандық, Талдықорған қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары (1987-92), Андреев ауданы әкімшілігінің басшысы, Талдықорған қаласының әкімі (1992-97), Алматы облысы әкімінің орынбасары, Алакөл ауданының әкімі (1998—2004) қызметтерін атқарады. 2004 жылы ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланады.

Көптеген мерекелік және естелік медальдармен марапатталған. Алматы облысының Құрметті азаматы.

 

Нұрпейісов  Қыдырбай

Нұрпейісов  Қыдырбай

1947ж. Қапал ауданы Ақтасты ауылында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институты «Қаржы және несие» және Талдықорған заң институтын «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Қызметті Талдықорған облыстық қаржы бөлімінде бастайды, 1974ж. аяғына дейін штат бөлімінің аға экономисі қызметін атқарды. Одан кейін ҚазКСР Автокөлік министрлігі Талдықорған жүк автокөлігі өндірістік басқармасы бақылау-тексеру бөлімінің аға бухгалтер-тексерушісі, ҚазКСР Қаржы министрлігі Бақылау-тексеру басқармасының (КРУ) Талдықорған қаласы бойынша аға бақылаушы-тексерушісі(1974-78), Қазақстан Компартиясы Талдықорған облыстық комитетінің бас бухгалтері қызметтерін атқарады (1978-85) Талдықорған қаласындағы «Жетісу» әмбебап биржасының бас бухгалтері (1985-19) болады. ҚР Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің Талдықорған облысы бойынша басқарма бастығы, ҚР Президенті Істер басқармасының қаржы және бухгалтерлік есеп бөлімінде қаржы секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі–бас бухгалтері және бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары–бас бухгалтері, ҚР Президенті Әкімшілігі Қаржы, бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер атқарды (1992—2008). 2008ж. ақпанынан бастап ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары–бас бухгалтері.

 

Жұмабеков Оңалсын Исламұлы

Жұмабеков Оңалсын Исламұлы

1948ж. Ақсу ауданы Қаракөз ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. 2-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі. «Мамания» орта мектебін, Қазақтың мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1969ж «Жаңақоғам» кеңшарында жұмысшы болып бастайды. Университетті бітіргеннен кейін Алматы қаласы Әуезов аудандық прокуратурасының тергеушісі болады (1974-80). ҚСРО Прокуратурасының тергеу басқармасында прокурор, ҚСРО Прокурорының ерекше тапсырмалар бойынша көмекшісі (1980-83), Алматы қаласы прокуратурасы Фрунзе ауданының прокуроры(1983-85), Алматы облыстық прокурорының орынбасары (1985-90), Маңғыстау, Алматы облыстарының прокуроры (1990-96), ҚР Бас прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары (1996-97) қызметтерін атқарады. Содан кейін ҚР Әділет Министрі (2003), ҚР Орталық Сайлау Комиссиясының төрағасы (2005), ҚР Президентінің әкімшілігі Басшысының орынбасары (2007) болады. 2008 жылдан ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы.

ІІ дәрежелі «Даңқ», «Парасат» ордендерімен және көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 Тәңірбергенова Гүлше Тәңірбергенқызы

Тәңірбергенова Гүлше Тәңірбергенқызы

 1948 ж. Ақсу ауылында туған. Философия ғылымдарының кандидаты. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын Қызылтаң ауылында балалар бақшасы тәрбиешісі болып бастайды, мектеп мұғалімі болады(1966-73). Талдықорған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды (1973-75); Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы, хатшысы, бөлім меңгерушісі, қызметтерінде болады (1975-88); КазКСР халық ағарту Министрінің орынбасары (1988-89); Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы (1989-91); Талдықорған облыстық әкімшілігінің Басшысының кеңесшісі, орынбасары (1991-94); Талдықорған облыстық білім басқармасының бастығы (1994-95); ҚР Президентінің Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі (1996-97); ҚР білім, мәдениет және денсаулық Министрлігінің білім Комитеті төрағасының орынбасары (1997-98);  Қазақ қыздар педагогикалық институтының проректоры (1998—2005); «Бөбек» Орталығының
Бас директоры (2005); Ұлттық аккредитация орталығының директорының орынбасары (2005) болып қызметтер атқарды. Қазір ҚР Президенті мәдениет орталығының директорының орынбасары.

«Құрмет белгісі» ордені иегері. Ғылыми кітаптар авторы.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Тәжиев Сағатбек Арынұлы

Тәжиев Сағатбек Арынұлы

1949 ж. Сарқан ауданында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Алматы халықшаруашылығы институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1966 ж. Молалы стансасында байланыс монтері болып бастайды. «Красный Октябрь» кеңшарында спорт нұсқаушысы, комсомол комитетінің хатшысы, Сарқан аудандық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі болады. Содан кейін «Көкөзек» кеңшарының партком хатшысы, Сарқан аупарткомының бөлім меңгерушісі, аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, агроөнеркәсіп бірлестігі Кеңесінің төрағасы, Талдықорған облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Гвардия және Кербұлак аудандық партия комитеттерінің 2-ші хатшысы қызметтерін атқарды (1973-91). 1992 ж. Ақсу ауданының әкімі болып тағайындалып, 1995 ж. Республика Парламентінің Сенатына депутат болып сайланды. Депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан бірнеше жыл Сенат аппаратының Парламентаралық байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі болады. Қазір оның жалпы бөлімнің меңгерушісі.

 

«Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Тыңға-50 жыл», «ҚР Конституциясына-10 жыл», «ҚР Парламентіне-10 жыл» медальдарының иегері. ҚР Сенатының, ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамоталарымен және «Алтын Барыс» төсбелгісі мен Елбасының Алғыс хатымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Иманғалиев Нұртілеу Иманғалиұлы

Иманғалиев Нұртілеу Иманғалиұлы

1952ж. Ақсу ауданы Қарасу ауылында туған. Телепублицист, Қазақстан Журналистер Одағының екі мәрте  лауреаты, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне  еңбегі  сіңген қайраткер, Өнер академиясының мәртебелі профессоры. Ақсу ауданының Құрметті Азаматы. Есеболатов атындағы орта мектепті, Қазақ Мемлекеттік (Ұлттық) Университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын Есеболатов атындағы мектепте ұстаздық етуден бастайды. Сол жылдары аудандық, облыстық және “Лениншіл жас” газеттерінде шығармалары  жарық көре бастайды. Студенттік кезінде-ақ Қазақ телевизиясында жүргізуші болып, журналистік жолы басталады. Содан кейін де Қазақ телевизиясында  тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Қазақстан» Республикалық Телерадио корпорациясының АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарады.  Қазір басқарма төрағасының кеңесшісі. Арасында, бес жылға жуық «Хабар»  агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде–сектор меңгерушісі,  Президент Әкімшілігінде  бас маман болады.

Ол тележурналистикадан айнымаған  тұлға. Ғұмырының 35 жылын телевизияға арнаған  азаматқа  Абай айтқан  «Асыл адам  айнымас» тіркесі дәл  келеді.  Ол өз кәсібін  өнер ретінде  бағалап, әр сөзіне  жауапты  қараған, қызметін адал атқарған нағыз тұрақты маман. Қоғамдық формация өзгерген тұста да кәсібінен  айнымаған тележурналист;  «... Мынау  фәни жалғанды  жұмақ қылып, Жіберетін  неткен күш-тұрақтылық!» — дейді.  Телевизия саласындағы 35 жыл саналы ғұмырында  жүргізген телебағдарламаларында есеп жоқ. Өзі бітірген орта мектеп 28 панфиловшылардың бірі, Нұрсұлтан  Есеболатовтың  есімімен  аталады.  Міне, сол  Кеңес Одағының  Батыры туралы  жасаған алғашқы  хабарының бірі «Жадыңда ма, жолдас?!». Содан бері талайдың санасын  қозғаған, саяси-әлеуметтік салмағымен, әсіресе  шыншылдығымен  телекөрерменнің  есінде  сақталған бағдарламалардың біразын атасақ та жеткілікті: «Жас  жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жастар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой–көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнйы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер» т.б. Тележүргізуші  ретінде ұлттық құндылықтарды әсте естен шығармайды. Бет-жүзіне қарамай, кіммен болса да тік, тура, батыл, әрі  қысқа-нұсқа сұрақ-жауап өрбітудің шебері. Жеке стилі бар тележурналист, өз  мектебін қалыптастырған нағыз маман.

«ҚР коррупцияға қарсы күрес жөніндегі» Мемлекеттік комиссиясының толық мүшесі. Бокстан спорт шеберлігіне кандидат, облыстық және Қазақ  Университетінің құрама командаларында ойнаған волейболшы. Қазір, бос уақытында бильярд ойнайды,  волейболға барады,  суға жүзеді.

. 

Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы

Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы

1953ж. Қапал ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Халықаралық, Ұлттық, Беларусия Инженерлік Академияларының, Нью-Йорк ҒА академигі; Халықаралық Кангнам университетінің (Оңтүстік Корея, Сеул)  профессоры; ҚР ҰҒА толық мүшесі; ҚР ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты; Қазақстанның ғылымға еңбегі сіңген қайраткері; ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері; Халықаралық Инженерлік Академия-сы президенттерінің Кеңесімен бекітілген «XX ғасырдың Ұлы инженері» құрметті атағының иегері; Қазақ мемлекеттік университетін, «Әділет» құқықтық Жоғарғы мектебін бітірген.

 Еңбек жолын Қапал орта мектебінің мұғалімі болып бастайды. Университетті бітіргеннен кейін, сол университетте БЛКЖО комитетінің хатшысы, ассистент, бас инженер, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, партком хатшысы болады (1979—1991). Содан кейін, ҚР Ұлттық инженерлік Академиясының бас ғылыми хатшысы, вице-президенті, Президенті (1991—2001), ҚР Білім және ғылым министірлігінің бірінші вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі,  ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму Бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады (2002-04)). «Отан» РСП Орталық аппараты Басшысының орынбасары болады, Республика Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабын басқарады(2004-05). Әл-Фараби  атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры(2008-10), 2010 жылдың тамыз айыныан ҚР білім және ғылым  Министрі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, оның Төрағасының орынбасары, ондағы «НұрОтан» ХДП-ның парламент фракциясының жетекшісі (2007-08) және де Республикалық саяси еңбек партиясының төрағасы (1997—2002), «НұрОтан» ХДП Төрағасының міндетін атқарушы (2005), бірінші орынбасары (2005-07), Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі болады.

Т.Жұмағұлов 350-ден аса ғылыми жұмыс пен 7 монографияның авторы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде докторлық диссертациялар қорғау бойынша Диссертациялық кеңестерге төрағалық етеді. 3 ғылым докторы мен 5 кандидаттарын даярлаған. ҚР Үкіметі жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссиясының мүшесі, Халықаралық Инженерлік Академиясының бірінші вице-президенті, Ислам елдерінің инженерлік бірлестігі Федерацииясының вице-президенті.

«Парасат» орденімен, КСРО-ның «Еңбектегі ерлігі үшін» және көптеген мерекелік медальдармен, ҚСРО Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен, Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен, ЮНЕСКО және Халықаралық инженерлік академияның үлкен алтын медальдарімен, «ҚР білім мен ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін», FEIIC Ислам елдері Федерациясының инженерлік академиясының «Ғылыми байланыстарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» алтын белгілерімен, т.б. құрметті атақтармен, Грамоталармен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 Громов Сергей Николаевич

          Громов Сергей Николаевич

1959ж. облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылында туған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Жамбыл атындағы гидромелиоративтік-құрлыс институтын  инженер-гидротехник  мамандығы бойынша, Алматы политология және басқару институтын,  «Әулие-Ата» университетін бітірген.

Жамбыл атындағы гидромелиоративтік-құрлыс институтында ассистент, оқытушы, комсомол комитетінің хатшысы болады(1981—1983). Одан кейін    КЛКЖО  Жамбыл облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық  комитетінің бірінші хатшысы (1983-85) ұжымшар парткомының хатшысы (1985—1987); Луговой аудандық партия комитетінің екінші хатшысы (1987—1991) қызметтерін атқарады. Ресейдің Краснодар өлкесінің «Қырым» АҚК бөлім бастығы(1991-92);  Москва қаласындағы  «Ресейдің аграрлық технологиялық» өндірістік компаниясының бас директоры(1992-93); Краснодар өлкесінің «Алтрос» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, «Алтрос-Агро» фирмасының бас директоры (1993-96); «Союз-Мұнай» фирмасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің директоры, «FESA Int.» фирмасының инвестициялар бойынша бас менеджері (1996—1998) болады. Мерке ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, ОҚО бойынша индустрия, сауда және шағын бизнесті дамыту департаментінің директоры (1998—2003) болады.    ҚР Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру және мемлекеттік инспекция басқармасының ұйымдастыру-бақылау жұмысы және кадрлық саясат,  мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімдерінің мемлекеттік инспекторы (2003-07);  «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының жетекшісі және төрағасының орынбасары (2007-08) болды. 2008 жылдың қараша айынан   «Нұр Отан» ХДП хатшысы – орталық аппараттың жетекшісі. «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі

 

Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы

Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы

 

1961ж. Ақсу ауданы Жансүгіров поселкасында туған. Абай атындағы педагогикалық және Ресей мемлекеттік әлеуметтік қатынастар институттарын бітірген.

1977ж. Ақсу тәжірибе шаруашылығында жұмысшы болады. Институтты бітіргеннен кейін, Сиқымов атындағы орта мектепте мұғалім, директорының орынбасары болады. 1986ж. аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Содан кейін Талдықорған облыстық жастар ісі жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы және Талдықорған қалалық әкімшіліктің ішкі саясат және әлеуметтік бөлімінің меңгерушісі болды. ҚР информация және қоғамдық келісім Министрлігінде бас маман (1997-98), Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының информациялық-талдау бөлімінің кеңесшісі, меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2003 жылдан ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі

 

 

Бабақұмаров Ержан Жалбақұлы

Бабақұмаров Ержан Жалбақұлы

1969ж. туған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. ҚР Саясаттану ғылымдары Академиясының  академигі (1997). Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, аспирантурасын бітірген.

Қазақстан Даму институтының саяси талдау Орталығының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, оның директоры, Алматы қаласы Әкімі аппаратының бас маманы болады (1995-96). ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің  бас референті, кеңесшісі, сектор меңгерушісі, меңгерушісінің орынбасары және Басқармасының әлеуметтік-саясат бөлімінің бас инспекторы, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі (1995—2006). ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің  вице-министрі және жауапты хатшысы (2006-07) қызметтерін атқарды. 2008ж. мамыр айынан ҚР Премьер-Министрі  Кеңсесі Басшысының орынбасары.

«Қазақстан» республикалық телерадиохабарлар Корпорациясының» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы (қазір мүшесі), «Хабар» Агенттігі», «КазИнформ» ҰК»  және  «Қазтелерадио» АҚ директорлар кеңестерінің төрағасы (2006-08). 2007ж. маусым айынан «Қазақстандық телекоммуникациялар» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. «Самғау» және «Арна-Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингілерінің директорлар кеңесінің мүшесі болған. Қазақстан, Ресей, Украина елдерінде шыққан біраз кітаптардың,  50-ден аса ғылыми мақалалардың, статьялар мен брошюралардың авторы.

«Құрмет» орденімен, ведомствалық «Мәдениет қайраткері» белгісімен, 3 медальмен марапатталған.

 Жалғасы болады