Құрметті сайт оқырмандары, желідегі достар!

Халқымыз  тарихының әр кезеңдерінде ағынды Ақсу өңірінде елі-жері үшін ерлігімен ерекшеленген  батырлары, білімді-біліктілігімен, көшбасшылық қабілетімен қайраткер атанған тұлғалары, халық шаруашылығындағы қажырлы да ерен еңбектерімен айқындалған озықтары, өнердің әр саласында өрнектелген туындыларымен айшықталған дарындары  молынан табылып жатқаны туралы әрдайым айтылып келеді, айтыла да беретін болады. Сондай азаматтарды насихаттау біздің сайтымыздың да басты мақсаты болғандықтан,  сол тақырыптағы мақалаларды тарау-тарау ретінде белгілеп,  жүйелі түрде жариялаудамыз.

Енді, сондай үлкен қауым азаматтар  ішінен бір тобын жеке бөліп шығарып, ерекшелеткім келіп отыр. Ол, жалпы халқымыздың ерекше қадірлейтін әйелдер қауымы — аналарымыз бен әпкелеріміз, қарындастарымыз мен қыздарымыз. Олардың бәріне деген сүйіспеншілігіміз бен ықыласымыз бірдей, ортақ. Алайда, ел, қоғам  болғандықтан,  солардың ішінен халықтың өзі  құрмет тұтар, мақтан етер лебі болады. Біздің Ақсу  жұрты,  оларды, жарты ғасырдан бері ауданымыздың «ән-бейнесіне», «имиджіне» айналған ән тақырыбына сай ардақтап«Ақсудан ұшқан аққуларымыз» деп мақтайды, солармен мақтанады...

Әңгіме түйіні, осы санатқа жатқызылатын ардақты, аяулы әйелдер қауымы өкілдеріне, сайт кітабынан жеке тарау арнап отырмын. Оның алғашқы парақтарына кейінгі ұрпақ   жете білулері және жадыларына сақтаулары қажетті деп саналатын  аға ұрпақ өкілдері — ана-апаларымыздың есімдерін (Өзім білетін) атап, өмірдеректерін енгізіп отырмын. Олар туралы ұзақ жылдар бойы барлық деңгейде , ақпараттық құралдар бетінде  молынан айтылып келді, айтыла да беретін болады. Біздің сайт бетінде де, ары қарай, олар туралы жеке естелік, танымдық мақалалар жарияланатын болады.

Ал. олардың кейінгі осы топқа кіретін «сіңлілері»  туралы жеке әңгіме болады...

 

 

Алдымен   әнімізді  тыңдап алыңыздар

 

Ақсудан ұшқан аққулар

Әні: Шәмші Қалдаяқовтікі

Сөзі: Мұхтар Шахановтікі

 

 

Кеудемде тұрдың жұлдыздай жанып,

Шаттығым болып аңсаған.

Араға талай жылдарды салып,

Оралдым жаным мен саған.

Алатау баурайын келемін аралап,

Жасқанбай жаңбырдан.

Ақсудың өзенін  көп жүрдім жағалап, 

Аққулар ұшады алдымнан.

Жеңешең менің өзенге келіп,

Су алып қайтып барады.

Көңілсіз тұрған кейпімді көріп, 

Қиыла неге қарады?

Сұрауға батпадым, көңілім жабығып,

аңсадым жүзіңді,

Мен алыс жүргенде,

бір бақыт жолығып

Баурап ап қойды-ма жаныңды?

Не дейін жаным, не дейін саған, 

Хабарың еркем жоқ мүлде.

Әлде сен жаным қайрылмай маған,

Аққу боп ұшып кеттің бе?

Қай жерде жүрсең де талмасын қанатың, 

талмасын мәңгілік,

Кім білсін кеудемде өшпестей жанатын,

кеттің бе бір арман қалдырып.

АҚСУДЫҢ  АРДАҚТЫ  АРУЛАРЫ

 

РАМАЗАНОВА  БИЖАМАЛ 

 

РАМАЗАНОВА     БИЖАМАЛ

1927 жылы Алматы облысы,  Ақсу ауданы,  Қызылағаш ауылында туған. Қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының кандидаты(1970).  1942 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген педучилищесін,  1959 жылы Абай атындағы Қазақ пединститутын бітірген.

Еңбек жолы:
  • 1942—1945жж Гвардия (қазіргі Кербұлақ ауданы) Шаңқанай орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі.
  • 1945-51жж Талдықорған  облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Қаратал аудандық және Талдықорған қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы
  • 1951-59жж Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Талдықорған облыстық комсомол  комитетінің  кадр жөніндегі және бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары
  • 1959-63жж Алматы  облыстық партия  комитетінің хатшысы
  • 1963-75жж Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы
  • 1975–82жж Қазақ КСР  Министрлер кеңесі жанындағы Бас архив басқармасының бастығы болып қызметтер атқарған. Осы жылдары  Дүниежүзілік архив қызметкерлерінің VIII, IX Вашингтонда және Лондонда  өткен  конгрестеріне  Қазақстан  архивінің  жағдайы туралы баяндамалар жасайды.
  • 1982-92жж Одақтық дәрежедегі зейнеткеркерлікке шыққаннан кейін Мәдениет қызметкерлерінің білім деңгейін  көтеру  институтында,  Алматы  қаласының  жоғарғы  оқу  орындарында дәріс оқыды
Қоғамдық қызметтері:
  • 1963–76жж Азия және Африка елдері ынтымақтастығы  Қазақ комитетінің төрағасы, Кеңестік ынтымақтастық комитеті төралқасының мүшесі
  • 1964-76 жж Кеңес әйелдері комитетінің мүшелігіне сайланды. Бірнеше рет Кеңес Одағы қоғамдық ұйымдарының Азия және Африка  елдеріне  делегациясын  бастап  барып,  халықаралық  форумдарға қатысты
  • 1992 жылдан қоғамдық негізде Алматы калалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесі алқасының президиум төралқасының мүшесі және жастарды қазақстандық патриотизм рухына тәрбиелеу жөніндегі комиссияның төрайымы  ретінде  қоғамдық  жұмыстар  атқарады.
Ғылыми жұмыстары:

4 монографияның авторы. «Ұмытылмас екі сапар», «Өскен елдің өркенді қыздары», «Архив–асыл қазына, мәңгілік мүлік», «Қазақ халқының  суверендік  мемлекеті»,  «Халықтық биліктің органдары», «Елім деп соққан жүректері» және  "Тарихи кездесулер" атты  деректі  кітаптардың,  көптеген  танымдық  ғибраты  бар  мақалалардың  авторы.

Марапаттары

2 мәрте Еңбек Қызыл Ту,  2 мәрте «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, 10-нан астам мемлекеттік медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Үш мәрте  Қазақстан  Коммунистік  партиясының тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды. Алматы облысының, Талдықорған қаласының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 Майнұр  ҚОҢЫРБАЕВА

 

Қоңырбаева Майнұр

1920 жылы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында туған. Қапал педучилищесін бітірген.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, Арасан орта мектебінде мұғалім, Қоңыр орта мектебінде директор болады. 1944ж. Алматы қаласындағы редакторлар даярлайтын қысқа мерзімді курсты аяқтап, Қапал аудандық газетінің редакторы болады. Андреев және Алакөл аудандық партия комитеттерінің үшінші, екінші хатшысы қызметін атқарған. Екі рет аудандық газеттің редакторы (1957-65 және 1976-78), Ақсу аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы (1965-75) қызметтерін атқарды. 1978ж. зейнеткерлік демалысқа шықты. 2006 жылы қайтыс болды.

 «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан журналисттер одағының мүшесі, «1941-45ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін», т.б. оннан астам медальдармен және көптеген мақтау грамоталарымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 Бәтима  Есболатқызы  САҚАУОВА

 

Сақауова Бәтима

1926 жылы  Ақсу ауданы Шадай ауылында дүниеге келген. Тыл еңбеккері, республикалық дәрежедегі зейнеткер. Жетісу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Қапал педучилищесін, Алматы және СОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектептерін бітірген.

Еңбек жолын Қапал орта мектебінде мұғалімдіктен бастап, Қапал аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, Қапал аудандық атқару  комитеті төрағасының орынбасары болады (1946-53). Содан кейін Талдықорған қалалық Кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары (1957-59), ҚКП Ақсу аудандық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы (1959-64), Гвардия аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы (1964-68), көп жылдар бойы Талдықорған облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары (1968-82) қызметтерін атқарды. 1982ж. зейнеткерлікке  шықты.

Алматы облыстық ардагерлер ұйымын алғашқы құрушылардың бірі, қазір оның төралқасының мүшесі  ретінде облыстың қоғамдық-саяси, жастар тәрбиесі жұмыстарына белсене араласады.

3 рет “Құрмет белгісі” орденімен, 7 медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен 2 рет марапатталған. КОКП ХХIII съезінің делегаты. Екі мәрте мұғалімдердің Бүкілодақтық съезінің делегаты. Алматы облысының, Ақсу және Кербұлақ аудандарының, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы.

 

 

 Бағила  ТЫНЫСБЕКОВА

 

ТЫНЫСБЕКОВА Бағила

1930 жылы Ақсу ауданы, Тарас ауылында туған. Актриса, Ақсудың «бұлбұлы» атанған әнші.

Еңбек жолын аудандық тұтынушылар қоғамында бастады. Өнерпаз қыз аудандық байқауларда көзге түсіп, аудан басшыларының ұсынысымен Ақсу театрына орналасады. Оның құрамында үздіксіз өнер көрсетіп, көптеген рольдерде ойнайды.  Өмірінің  соңына дейін қоғамдық жұмыстарда белсенді,  көпшілік ортасында сый-құрметке ие болып жүрді. 2007ж. қайтыс болды.

Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

 

 

 Қойшан  Ибрайымқызы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 

Құдайбергенова Қойшан

1932 жылы Ақсу ауданы Арасан ауылында туған. Алтынсарин атындағы (Мамания) орта мектепті, Қапал педагогикалық училищесін, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Ақсу аудандық оқу бөлімі жанындағы пионер үйінің директоры, аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, 2-ші және 1-ші хатшысы (1949-57), аудандық партия комитетінің саяси жұмысы жөніндегі хатшысы болады (1957-60). 1964ж. жоғарғы партия мектебін бітіріп келіп, Ақсу аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының 1–ші орынбасары, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1978 ж. зейнеткерлікке шығады. 2016 жылы қайтыс болды.

“Еңбектегі ерлігі үшін”, “Ерен еңбегі үшін”, тағы басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Дүниежүзілік жастар мен студенттердің VI-шы фестивалінің ұйымдастыру комитетінің Мерекелік медалімен және БЛКЖО орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Дәмен  ШАЙМЕРДЕНОВА 

 

ШАЙМЕРДЕНОВА Дәмен

1935 жылы Ақсу ауданы,  Алтынарық ауылында туған. Биші, актер. Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері.

Орта мектепті бітірген соң Ақсу халық театрының құрамына қабылданған. 1968ж. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітірген. Өнердегі алғашқы қадамы қазақ академиясының драма театрында Еңліктің (М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек») рөлін сомдаудан басталды. Осыдан кейін үлкен сахнада Баянның, Жібектің, Ақтоқтының (Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында», «Қыз Жібегінде», «Ақан Сері – Ақтоқтысында»), Әйгерімнің (М.Әуезовтың «Абайында»), Жәмиләнің (Ш.Айтматовтың «Аңсаған менің әнімсің») және тағы басқа рөлдерді ойнады. Сонымен бірге ұйғыр халқының «Алмұқ ана», өзбектің «Мехребану», татардың «Ою», қарақалпақтың «Бибігүл», украинның «Полька», қазақтың «Жастар биі» атты ұлттық билерін сахнаға шығарды. 2002 ж. дүниеден өтті.

 

 

Айтжамал  НҰҒЫСОВА 

 

Нұғысова Айтжамал

1936 жылы Ақсу ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор.    1956ж. Ақсу қазақ орта ( Мамания) мектебін, Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Мәскеу қаласындағы Жоғары комсомол мектебін бітірген...

Еңбек жолын Ақсу қазақ орта мектебінде мұғалімдіктен бастады. 1957ж. Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1961ж. Ақсу аудандық партия комитетіне қызметке ауыстырылып, онда саяси-ағарту кабинетінің, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Содан кейін Ақсу және Панфилов аудандық оқу бөлімдерінде әдіскер, орта мектептерде мұғалім (1965-78), Панфилов аудандық партия комитетінің хатшысы болады(1978-83). 1983 жылдан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ұстаздық етеді. Мәскеу қаласындағы КСРО педагогикалық ғылымдар Академиясының оқытудың мазмұны мен әдістері ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (1984-86) бітіріп, кандидаттық диссертация қорғаған.

80-нен астам ғылыми еңбектері, оның ішінде бір монография, 20-дан астам оқу-әдістемелік құралдар бар. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі». Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы және көптеген медальдармен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Күләш Оразалықызы ТҮМЕНБАЕВА 

 

Түменбаева Күләш

1938 жылы Ақсу ауданы Қызылту ауылында туған. Ы.Алтынсарин атындағы (Мамания) орта мектепті, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын Ақсу аудандық халық сотында хатшы болып бастайды. Ақсу аудандық комсомол комитетінің 2-ші хатшысы, Ақсу аудандық және Талдықорған облыстық партия комитеттерінде нұсқаушы (1969-73) болады. Солан 15 жыл бойы Сарқан аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарды(1973-87). Талдықорған облыстық халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту басқармасының бастығы болды(1987-95). 1995 жылдан республикалық дәрежедегі зейнеткер. Облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

 

 Мәрзипа  Имансерікқызы  НҮСІПБЕКОВА

 

Нүсіпбекова Мәрзипа

1938 жылы Ақсу ауданы Матай стансасында туған. Ташкент мемлекеттік медициналық институтын бітірген.

Дәрігерлік қызметін Матай теміржол ауруханасынан бастап, Сарқан аудандық, Талдықорған облыстық ауруханаларында дәрігер, Талдықорған қаласындағы медучилищесінің оқу бөлімінің меңгерушісі (1968-71 және 1976-79), Талдықорған облыстық медицина қызметкерлерінің кәсіподағының Сарқан аудандық, Талдықорған облыстық ауруханаларында дәрігер (1971-76), денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы, бөлім бастығы болады (1971-84). «Қапал-Арасан» шипажайының бас дәрігері қызметін атқарды (1985-95). Зейнеткерлікке шыққаннан кейінде облыстық денсаулық сақтау ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Қазақстан курортология-физиотерапия қызметкерлері қоғамының мүшесі. Денсаулық қорғау ісінің үздігі, көптеген грамоталар иегері. Қазақстан курортология-физиотерапия қызметкерлері қоғамының мүшесі. Денсаулық қорғау ісінің үздігі, көптеген грамоталар иегері.

 

 Манат  ӘБДРАХМАНОВА

 

1939 жылы Ақсу ауданында туған. Ы.Алтынсарин атындағы (Мамания) орта мектепті бітірген.

Комсомолдық жолдамамен Қаракөз кеңшарында сауыншы, содан кейін ауылдық Кеңесінің хатшысы, төрайымы болады. “Қосағаш” кеңшарының жұмысшылар комитетінің төрайымы, Ш.Уәлиханов атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін біраз жыл аудандық салық бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеді. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Ажар Сәрсембайқызы  СЕҢКІБАЕВА 

 

Сеңкібаева Ажар

1939 жылы Ақсу ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Чапаев атындағы орта мектепті, Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Ақсу мектеп-интернатында аға тәрбиеші, аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болады (1961-72). Ақсу аудандық партия комитеті жанындағы партия комиссиясының төрайымы, аудандық Кеңестің, аудан әкімшілігінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған (1972- 2001). Қазір зейнеткер. Бірнеше медальдармен, Мақтау грамоталарымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

 Мариян  Айтбайқызы  БАЙҚАНОВА

 

Байқанова Мариян

1940ж. туған. Семей педагогикалық училищесін, Москвадағы Жоғары комсомол мектебін және Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1959ж. Талдықорған қаласында балабақша тәрбиешісі болып бастайды. Талдықорған қалалық және облыстық комсомол комитеттерінде және облыстық кәсіподақ ұйымының салалық комитетінің төрайымы болып қызметтер атқарады(1960-73). Ақсу аудандық партия комитетінің идеология саласы хатшысы, Талдықорған облыстық Кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және хатшысы болады (1973-82). Облыстық әйелдер кеңесінің жұмысын басқарады. Бүгінде республикалық дәрежедегі зейнеткер.

«Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен көптеген Құрмет грамоталарының иегері. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 Күләш  Айтмолдақызы  ОРАЗБЕКОВА

 

Картинки по запросу Оразбекова Күләш

Күләш Оразбекова

1940ж. Алматы қаласында туған. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих филология факультетін  бітірген. Педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры. Қазақ әйелдерінің арасынан бірінші болып Нью-Йорк академиясының құрметті докторы және толық мүшесі болып сайланған.

Еңбек жолын 1958ж. Ақсу ауданы Ы.Алтынсарин (Мамания) орта мектебінде пионер ұйымының жетекшісі б олудан бастаған. Аудандық пионерлер үйінде директор болады.

1964 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң Талды­қорғандағы №1 мектеп-интернатта орыс тілі пәнінің мұғалімі болады.1969 жылдан Талдықорған облыстық халық ағарту бөлімі мектеп инспекторы қызметін атқарады.1970 ж. Республикалық Оқу министірлігі жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітіріп, сонда кіші және аға ғылыми қызметкері болады, мектеп оқушыларының гигиенасы, физиологиясы және психологиясын зерттеу зертханасын басқарады.

К.Оразбекова осы шығармашылық жылдары халқымыздың ұлттық рухын арттырудың жолдары, адам баласының психологиясы, ұлтжанды тұлғаны қалыптастырудағы әдет — ғұрпымыз бен салт — дәстүріміздің алатын орны, өзге де тақырыптағы жүздеген танымдық, ғылыми — сараптамалық еңбектерді өмірге әкелді. «Ұлттық психология» атты үш томдық ( «Қазақ ұлты», «Жан сыры», «Адам тану») кітап авторы. ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі. «Еңбек ардагері», «Тың көтеруші» медальдарымен марапатталған. 

 

Күләш  Байсиыққызы  ҚҰРМАНОВА 

 

Құрманова Күләш

   1941 жылы Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында туған. Ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының инфекционист-дәрігерлер қауымдастығының президенті,

Алматы мемлекеттік медицина институтын, республикалық эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар  ғылыми зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.

1970—1991 жылдары  « Эпидемиология, микробиология және жұқпалы ауруларЫ» ғылыми-зерттеу институтында кіші, аға ғылыми қызметкері, бруцеллёз клиникасының меңгерушісі. 1991—2002 жылдары  Санжар Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. 2002 жылдан бастап  Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры.

Негізгі ғылыми бағыты сарып ауруының белгісін анықтау және оны емдеу әдістерін жетілдіруге арналған. Ол клиникалық және теориялық инфектологияның дамуына үлкен үлес қосты. Сарып, лептоспироз, оба ауруларының клиникалық-эпидемиологиялық сипаттарын зерттеді. Сондай-ақ жұқпалы ауруларды емдеу әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ ғалымы.

11 ғылым кандидаттарын, 3 ғылым докторын даярлаған.  277-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 4 монографияның және 2 авторлық куәліктің иегері.  Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

 

 

 

 

Нығметжан  САДУАҚАСОВА 

 

 

Садуақасова Нығметжан

1942 жылы Ақсу ауданы  Сағабүйен ауылында туған. Алматы шет тілдер институтын бітірген.

Еңбек жолын Қарашілік мектебінде мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болады. 70-ші жылдары Гвардия аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Кербұлақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарады (1978-92)... Талдықорған облыстық Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі Комитет төрағасының бірінші орынбасары, Талдықорған қаласындағы Зейнетақы қорын басшысы болады. 1997ж. зейнеткерлікке шыққаннан кейін Алматы денешынықтыру, туризм және спорт Академиясында оқытушы, кадрлар бөлімінің бастығы болды. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясында қызмет атқарды.

«ҚР халық ағарту қызмет ісінің үздігі». «Еңбек ардагері» медалімен, көптеген грамоталармен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Қанипа  Әбдірахманқызы  БҰҒЫБАЕВА 

 

БҰҒЫБАЕВА Қанипа

1942 жылы Ақсу ауданы, Ақын Сара ауылында туған. Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

«Мамания» мектебін, Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын өзі туып-өскен ауылда мәдениет үйінің меңгерушісі болып бастайды. 1964 жылдан Кеген аудандық халық театрында жұмыс істейді. Содан кейін Жамбыл аудандық газетінде, мәдениет бөлімінде, өлкетану музейінде және орталық кітапханада қызметтер атқарады. Аудандық көшпелі автоклуб меңгерушісі болды.2005) 

«Екінші дәптер», «Ақ сүт», «Қара торғай», «Аруана», «Ана жыры», «Жыр және жүрек», «Қыз дәурен», «Көк белестер», «Менің дауысым», «Гүлдер көзін ашқанда», т.б. өлеңдер жинағы жарық көрген. Ақынның өлеңдері орыс, неміс, өзбек, қырғыз, қытай тілдеріне аударылған.

1993ж. Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылған Түркі елдерінің поэзиясының 2-ші фестивалінің жеңімпазы. 2001 ж. Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған мүшәйраның І дәрежелі дипломымен марапатталған. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

 

Зура  Дүйсенқызы  МОЛДАБАЕВА 

 

Молдабаева Зура

1944 жылы Ақсу ауданы,  Матай стансасында туған. Панфилов қаласындағы педучилищені, Абай атындағы педагогикалық институтты, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1967ж. Матай орта мектебінде ұстаздықтан бастайды. Директордың комсомол, пионер және спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары болады. Ақсу аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болады. Киров ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық кәсіподақ комитетінде мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі, көп жылдар Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының, әкімінің орынбасары және облыстық еңбекке орналастыру басқармасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1997ж. зейнеткерлікке шыққаннан кейінде, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды.

«Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының, Қазақстан ЛКЖО ОК, ВЦСПС-тің Құрмет грамоталарымен, басқа да көптеген наградалармен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің үздігі. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Бақыт  НӘДІРБЕКҚЫЗЫ

 

Нәдірбекқызы Бақыт

1945 жылы  Ақсу ауданы Көкөзек ауылында туған. ҚР мәдениет қайраткері. ІІ категориялы диктор. Ы.Алтынсарин атындағы (Мамания) мектепті, өнер студиясын, Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетін, Шымкент мәдениет институтын бітірген.

1963ж. мектеп бітіргеннен кейін жолдамамен комсомол– жастар бригадасында қой бағады. 1965ж. Талдықорған облыстық кәсіподақ комитетінің мәдениет бөліміне қызметке кіреді. Онда 40-жылдан астам еңбек етіп, халық шығармашылығы жұмыстарының үйлестірушісі болады, облыс, қала, аудандар өнер ұжымдары, халық театрлары мен ансамбльдері жұмыстарының, айтыс, мәдени-көпшілік жұмыстарының өркендеуіне елеулі үлес қосты, Облыстық радио комитетінде 1986ж. дейін штаттан тыс диктор болды. Соңғы жылдары І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі болып, зейнеткерлікке шықты. Қазір зейнеткер болса да жас ұрпаққа тәрбие беріп, өнер-мәдениет қырларын үйретіп, медицина колледжінде қызмет істеп жүр.

Жастайынан өлең-әңгімелер жазумен айналысады, өлеңдері «Мөлдір бастаулар» жинағына енген, мәдениет-өнер мәселелері жайында көптеген мақалалар жазды. «Жетісу алауы», «Құлагер» әдеби-творчестволық бірлестіктердің ұйымдастырушысы, көптеген мүшайралық, мерекелік шаралардың сценарисі, режиссеры, жүргізушісі болды. «Айтыс», «Наурыз», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтанын» алғашқы ұйымдастьрушы, жүргізушілердің бірі. Ақсу халық театрының құрамында болып, өнер де көрсеткен. Өнер-мәдениет саласындағы көптеген байқаулардың лауреаты, мақтау грамоталарының иегері.

 

Орал  Сердалықызы  ИСАНОВА 

 

Исанова Орал

1946 жылы Ақсу ауданы  Матай теміржол стансасында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесін және Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Матайдағы №258 орта мектепте мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары (1969-72), Бөрлітөбе аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, атқару комитеті төрағасының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, Талдықорған облыстық әкімшілігінде кеңесші болады (1972-97).

Содан соң Ақсу ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады (1997—2004). Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 2010 жылға дейін аудандық Мәслихаттың бас маманы болды. Қазір де ауданның қоғамдық саяси жұмыстарына белсене араласады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.

ҚР білім беру ісінің үздігі. “ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл” медалінің, көптеген грамоталардың иегері. Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 

 Қалима  Қожахметқызы  ЖАЗЫЛБЕКОВА

 

Жазылбекова Қалима

1946 жылы Ақсу ауданы, қазіргі Жансүгіров ауылында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастайды, аудандық оқу бөлімінде нұсқаушы болады. Көп жылдар Ақсу аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі қызметінде болды. Талдықорған аудандық партия комитетінің хатшысы, Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан дейін “Қапал-Арасан” шипажайының атқарушы директоры болды.

Көптеген наградалары бар. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

Жұмаш  Әбдірахымқызы  ОСПАНБЕКОВА

 

1947ж. ҚХР Құлжа қаласында туған . Ақын, Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын бұрынғы Қапал ауданындағы Абай атындағы ұжымшарда клуб меңгерушісі болып бастаған. Қапал ауданындағы радиохабарларын тарату редакциясында, халық шығармашылық пен мәдени-ағарту жұмыстары жөніндегі облыстық ғылыми әдістемелік орталығында (1974-85), республикалық телерадио хабарлар тарату комитетінде, республикалық “Қазгидромет” орталығында қызмет атқарған(1986—2002). ҚР Көлік және коммуникациялар министірлігінің Аэроғарыш кентінде (Астана) бас маман болды.

1970жж. ақындар айтыстарына қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген, 1981ж. “Облыстың бас ақыны” атағын иеленген. “Бұлбұл көңіл” атты жинағы жарық көрді. “Жыр шашу”, “Қарлығаш”,“Мәңгі көркем” жыр жинақтарына өлеңдері мен айтыстары енген.

 

 Гүлше Тәңірбергенқызы  ТӘҢІРБЕРГЕНОВА

 

Картинки по запросу Тәңірбергенова Гүлше1948 жылы Ақсу ауданы, Ақсу ауылында туған. Философия ғылымдарының кандидаты. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын Қызылтаң ауылында балалар бақшасы тәрбиешісі болып бастайды, мектеп мұғалімі болады(1966-73). Талдықорған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды (1973-75); Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы, хатшысы, бөлім меңгерушісі, қызметтерінде болады (1975-88); КазКСР халық ағарту Министрінің орынбасары (1988-89); Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы (1989-91); Талдықорған облыстық әкімшілігінің Басшысының кеңесшісі, орынбасары (1991-94); Талдықорған облыстық білім басқармасының бастығы (1994-95); ҚР Президентінің Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі (1996-97); ҚР білім, мәдениет және денсаулық Министрлігінің білім Комитеті төрағасының орынбасары (1997-98);  Қазақ қыздар педагогикалық институтының проректоры (1998—2005); «Бөбек» Орталығының Бас директоры (2005); Ұлттық аккредитация орталығының директорының орынбасары (2005) болып қызметтер атқарды. Қазір ҚР Президенті мәдениет орталығының директорының орынбасары.

«Құрмет белгісі» орденінің иегері. Ғылыми кітаптар авторы. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 Серікжамал  Нүсіпқызы  ӘЖІБЕКОВА

 

Әжібекова Серікжамал

1949 жылы Текелі қаласында туған. Ұстаз, әнші–композитор. ҚР білім беру ісінің үздігі Ақтөбе республикалық мәдени- ағарту училищесін, І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтын бітірген.

Қызмет барысы 20 жылдай Ақсу жерінің өнер саласының дамуымен тікелей байланысты болды. Ақсу аудандық мәдениет үйінде әдіскер, көркемдік жетекші, директор; аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, аудандық «Солнышко» балабақшасының музыкалық жетекшісі, Жансүгіров кенті музыка мектебінің оқытушысы болады.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка және педагогика факультетінде оқытушы қызметін атқарған. Қазіргі кезде Талдықорған қалалық Өнер мектебінде дарынды балаларды тәрбиелеуімен қатар, облыс көлеміндегі дарынды жастардың әртүрлі өнер байқауларына қатысып, талантарының шындалуын ұйымдастыруда. Оқушыларының арасында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жүлдегерлері бар.Сондай байқаулардың нәтижесі бойынша «Үздік ұстаз» (Голливуд, АҚШ, 2008ж) атанады. Бүкілодақтық халық таланттары байқауының лауреаты. ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Республикалық М.Төлебаев атындағы композиторлар байқауының «Бал балалық шақ» номинациясының Гран-при жүлдегері, ал облыстық байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері

150-ге жуық әр тақырыптағы ән-хор шығармаларының, 25-ағартушылық, музыкалық-танымдық ғылыми мақалалардың авторы. Оның әртүрлі құрамдағы хорларға, әндік топтарға өңдеп, лайықтаған, басқа композиторлардың 50-ге жуық шығармалары республика аумағындағы шығармашылық ұжымдардың репертуарына енді.   «Қарындасым- қарлығашым» Әндері, «І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті сазгерлерінің музыкалық шығармалары», «Жетісудың жаңа әндері», «Шынайы шындық», «Музыка сабағында ән үйрету әдістемесі») атты еңбектерге жарық көрді. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің, дәрігерлер, мектеп оқушыларының, дәстүрлі Талдықорған қаласы әкімінің жүлдесіне өтілетін «Талдықорған шұғыласы» атты дарынды жастардың Гимндерінің авторы. 

 Жуматай  Шонкенқызы  ТАУБАЛДИЕВА

 

Таубалдиева Жуматай

1949 жылы Ақсу ауданы, Ақсу ауылында туған. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. ҚР білім беру үздігі. І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтын бітірген.

1972–76жж. Ақсу ауданындағы Сатпаев атындағы орта мектепте музыка пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Оқушыларға музыкалық-эстетикалық тәрбие беруде белсене жұмыс жасады, көркемөнерпаздар үйірмелеріне, хор ұжымдары мен вокалдық топтарға жетекшілік жасап көптеген лауреаттар, дипломанттар дайындады. Содан соң, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде дәріс беріп келеді. Ғылыми–ізденіс жұмыстарымен айналысады, 70–тей ғылыми еңбектердің иегері. Мамандыққа байланысты «Ән сабағы», «Мектепте музыкаға тәрбиелеу әдістемесі», «Музыкалық білім беру теориясы», т.б. 8 оқулықтар жазды. Ресей ғылымдарының «Музыка мұғалімінің музыкалық педагогикалық технологиясы» (Э.Б.Абдуллин, С.Б.Николаева, Т.Н.Науменко), «Музыка» 6 сынып оқу құралы (В.В.Алиев) еңбектерін аударып, жарыққа шығартты. «Музыка сабағында ән үйрету әдістемесі» оқу құралы мектептер іс–тәжірибесінде терең қолданыс табуда.

«Ең үздік музыка мұғалімі» атты фестиваль- конкурсттың ІІ дәрежелі лауреаты (2007ж. Петропавл). Халықаралық республикалық, өлкелік ғылыми-практикалық конференцияларға белсенді қатысып отырады. Республикалық көлемде өтіп тұратын фестиваль-конкурстарда дипломант студенттер дайындағаны үшін, «Үздік әдіскер» атағын алды.   Халықаралық Уәлиқызының ән-жыры конкурсының дипломанты.

 

Егембердиева Лидия Исақызы

 

Егембердиева Лидия

1951 жылы Ақсу ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Драматург, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі. Қызылағаш ауылындағы 10 жылдық мектеп–интернатты, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» редакциясында тілшілік қызметтен бастайды. Туындылары республикалық басылымдарда «Кәрі қыз», «Жолы ауыр жігіт», «Жолда», «Соңғы тілек», «Құдағи», «Ауылдың әжелері-ай», «Менің әжем», «Қара гүл» сияқты дүниелері жарық көрді. жас прозаиктердің «Арман қанатында» топтама жинағына енді. 1991ж. «Жолы ауыр жігіт» атты повестер мен әңгімелер жеке жинағы жарық көрді. Кейінгі кездері драматургия саласына қалам тартып, «Әріптестер», «Қалталы күйеу, қайдасың», «Егіздер» комедиялары мен «Ғашық жүрек» мелодрамасы, «Рэкеттің махаббаты» психологиялық драмасы Алматы, Қызылорда және Қарағанды облыстық драма театрларында сахналанды. 2006ж. «Алғашқы танго» махаббат элегиясы Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық академиялық жастар театрында қойылды. Осы жылы Шолпанатада өткен Орта Азия театрлар фестивалінде қатысып, пьесалары халықаралық сертификатқа ие болды. Қазіргі кезде «Жетісу –жерім менің», «Көресін көрмей», «Менің Карлсоным» пьесалары республика театрлар таңдауында жатыр. 1999ж. облыстық Б.Римова атындағы драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Қазір қызметтен бос, шығармашылықпен айналысуда.

«Ұлттық саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінің» бас маманы ретінде Қазақ тіліне байланысты заңның қабылдануына, ҚР-ның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің жанындағы «Зейнетақы агенттігінде» зейнетақы қорларын ашуға ат салысқан мамандардың бірі. ҚР Мәдениет министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

 

 

 

Меңлібаева Салтанат Дәулетқанқызы

 

Меңлібаева Салтанат

1958 жылы Ақсу ауданы, Қапал ауылында туған. И.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік  Университетін бітірген.

Еңбек жолы Гагарин атындағы орта мектебінде мұғалім болып басталып, мектеп директорының орынбасары болады (1978-86). Қапал аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, Қапал ауданы әкімінің кеңесшісі (1986-91);  Талдықорған қала әкімінің кеңесшісі, аға референт, Талдықорған қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы. Алматы облыс әкімінің білім, денсаулық және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы қызметтерін атқарды (1991—2004).  2004 жылдан — Алакөл ауданы әкімінің орынбасары;

«Қазақстан Республикасының 10 жылдығы», «ҚР Конституциясының 10 жыл» мерекелік  медальдарымен, ҚР алғыс хатымен, көптеген  құрмет  грамоталарымен марапатталған.

 

 

 

 

  МАҒЗҰМОВА  Гүлнәр

 

Журналист,  полиция майоры. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

   1959 жылы  Алматы облысы Ақсу ауданының Арасан ауылында туған. 1976  жылы Арасан орта мектебін және Әль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1989).

   1977—1986 жылдары бұрынғы Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде тілші, бөлім бастығы, аудармашы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 

   Одан кейінгі жылдарда  республикалық «Денсаулық» журналында тілші, Ішкі істер министрлігінің «Сақшы» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Жазаларды орындау» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің,  Көліктегі  Оңтүстік-Шығыс Ішкі істер департаментінің, Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тілді дамыту бөлімдерінде инспектор, аға инспектор қызметтерін атқарған. Отставкаға шыққан.  Қазір де  Ішкі істер министрлігі «Сақшы» газетінің Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша аймақтық тілшісі.

   Болған оқиға (қылмыстық оқиғалар) ізімен жазылған әңгімелері республикалық басылымдар мен сайттарда жарияланып келеді.

   «Ішкі істер министрлігіндегі үздік қызметі үшін» төсбелгісімен және ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.

.

 

Сүлеймен Ләззат Жаңылысқызы

 

Сүлеймен Ләззат

1961 жылы Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында туған. Абай атындағы педагогикалық және Ресей мемлекеттік әлеуметтік қатынастар институттарын бітірген.

1977ж. Ақсу тәжірибе шаруашылығында жұмысшы болады. Институтты бітіргеннен кейін, Сиқымов атындағы орта мектепте мұғалім, директорының орынбасары болады. 1986—1990 жылдары — Талдықорған облысы Қазақстан ЛКЖО Ақсу аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1992 жылдан — Талдықорған облыстық Жастар ісі комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының бірінші орынбасары. 1997 жылдан — ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші маманы. 1998 жылдан — ҚР Орталық сайлау комиссиясы Аппаратының кеңесшісі, ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі. 2003 жылдан  ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.

 Халық депутаттары Ақсу аудандық Кеңесінің және Халық депутаттары Талдықорған облыстық Кеңесінің (1986—1992) депутаты. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» (2005) медальдарымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.  

 

 

 

Қалиолдина Райхан

 

Райхан Калиолдина (Райхан Қалиолдина) биография1962 жылы Ақсу ауданы, Ақсу ауылында туған.  Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет өнері институтының театр факультетінің драма және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған. КСРО-ның халық артисі Ш.Жандарбекованың курсында оқиды.

1983ж. оны үздік бітіргеннен кейін, арнайы шақырумен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық жастар мен балалар театрына жұмысқа қабылданып, сол жерде өнерін көрсетуде. Сахнада Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері- Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, Т.Минуиллиннің «Диляфруздың төрт күйеуінде»- Диляфруз, Ә.Тауасаров «Сен жанбасаң»- Жанар, С.Сматаев «Зар заман»- Қолаң сұлу, Островский «Адам аласы ішінде»-Машенька, Н.Мирошниченко «Алау жалды арғымақ»- Оксана, С.Балғабаев «Қыз жиырмаға толғанда»- Жібек, Абайдың 150 жылдығына арналып қойылған «Желсіз түнде жарық ай» спектакліндегі Абайдың анасы Ұлжан, Д.Исабековтың «Ескерткіш операциясындағы»- миссис Чарльтон, «Исатай-Махамбет» тарихи драмасында- Фатима ханым, Е.Елубаевтың «Асар» ертегісінде- тауық, М.Әуезовтың «Жас Абайында»- Ұлжан және т.б., әр алуан рольдерді сомдаған.

Балаларға арналған қойылымдарда: Ф.Родари «Чипполлино және оның достары» – Асқабақ, М.Ахманов «Алдардың айласы» – сиыр, Е.Елубаев «Асар»- мекиен, С.Балғабаев «Жымбала, Мико және қасқыр» – Ботакөз, А.Хангелдин «Керемет» – Қамқа ханша, В.Алшынбаев «Керқұла атты Кендебай» – Айғаным, т/б.
Мемлекеттік марапаттары:2006ж. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; «Ерен еңбегі» үшін медалі; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері; «ҚР Тәуелсіздікке 25 жыл» медалі;

 

Әбішева Майра Есімқызы

 

Әбішева Майра

Ол 1959 жылы Ақсу ауданы Қарашілің ауылында туған. Арқалық педагогикалық институтының қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген.

Еңбек жолын Сағабүйен ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. 1985—1990жж Арасан орта мектебінле ұстаздық қызмет атқарады.1990 жылы Қапал аудандық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасапы қызметіне тағайындалады. 1992 жылдан аудандық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер бөлімін басқарады.

1995 жылы Молалы және  одан кейін, 2007 жылы Б. Сырттанов ауылдық округтерінің әкімі болып тағайындалады. Сол  қызметтен 2017 жылы зейнетркерлікке шықты.

Үкіметтің «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Ақсу ауданының құрметті азаматы.

 

Ақмолданова Айнакез Сатыбалдықызы

 

АҚМОЛДАНОВА АЙНАКЕЗ

 1959 жылы Ақсу ауданы  Матай  стансасында туған.  Матайдағы  Алматы теміржолына қарасты  №258 қазақ орта мектебін,  Қаскелең қаласындағы педагогикалық училищені,  І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтының «педагогика және психология» факультетін және академик Жолдасбеков атындағы институттың «қаржы бөлімін» бітірген.

Еңбек жолын 1980 жылы балабақшада тәрбиеші болып бастайды. 1987—1997 жылдары Алматы теміржолының оқу бөліміне қарасты № 102 балалар комбинатына меңгеруші болады. 1997 жылы ақпанда  Матай поселкелік округінің әкімі болып тағайындалады. Одан ары, сол қызметті үзіліссіз он сегіз жылдай атқарады. 2014 жылдың қыркүйек айында Талдықорған қалалық білім бөліміне қарасты  Еркін ауылдық округіндегі құрама үлгідегі санаториялық балабақшасына меңгеруші болып тағайындалып, зейнеткерлікке дейін сол қызметті абыроймен атқарады.

«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі». Екі рет ҚР Президентінің қабылдауында болды. Ұлы Отан және Ауған соғысы Ардагерлері ұйымдары қауымдастығының «Батыр шапағаты», «М.Тынышбаевтың туғанына -150 жыл»  мерекелік медальдарының иегері.  Үкіметтің «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Ақсу ауданының құрметті азаматы.