Сайтымыздың жоғарыдағы аттас тарауының бүгінгі парағында,  Ақсу ауданының ардақты азаматтарының, аққу аруларының бірі  де бірегейі Орал Сердалықызының есімін атап отырмын. Ол ауданымыздың Матай ауылында (бұрындарғы Бөрлітөбе ауданында болған)  туған. Мұғалімдіктен басталған қызметтік жолы, одан ары  комсомол, Кеңестік, партия органдарындағы басшылық жұмыстармен жалғасады. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі мерзімде  Ақсу ауданы әкімінің орынбасарының қызметін абройлы атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.   Халқының шынайы құрметіне бөленген  Орал Сердалықызы Үкіметіміздің көптеген марапаттарына ие болып, Ақсу және Сарқан аудандарының Құрметті азаматы болып та атанды. Бүгінгі күндері де қоғамдық жұмыстардың белсендісі ретінде, әлі де  ел ортасында...

   Мен, Өз басым да Орекеңнің  бүткіл  өмірлік және қызметтегі абройлы жолын,  ел арасындағы үлкен беделін, үлкен-кішілердің оған деген шынайы сыйластығын  ұзақ жылдардағы қызметтес, әріптес қана емес, өте жақын туыс-бауыр ретінде де жақсы білемін, құрметтеймін!

  Төменде, Сіздердің назарларыңызға, аудандық  «Ақсу өңірі» газетінің қызметкері Ләззат Қалмұхамбетқызының  Орал Сердалықызының   70-жасқа толу құрметіне жазылған мақаласы ұсынылды.   Қабыл алыңыздар!

 

Еңбек саласындағы аяулы жан 

Орал Сердалықызы Исанова туралы

 

Өзінің өнегелі еңбек жолымен халық құрметіне ие болып жүрген Орал Сердалықызының есімі аудан халқына етене таныс.

Оның өмір жолы еліміздің өсіп-өркендеу кезеңімен тығыз байланысты. Өмір бойы елге қызмет етіп, өңіріміздің өркендеуіне, соның ішінде, рухани саласының дамуына сүбелі үлес қосып келді.

Көкірегі ояу, рухы биік, жүрегі таза тұлғаларды қашанда қолдап, мерейін арттырып отыруға игі ықпал етеді. Осындай жаны жайсаң жанның бірі – Исанова Орал Сердалықызы жайында айтпақпын.

Сабырлы мінез, сырбаз қалпынан, қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, жүрген ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды жан қашанда әділет жолында. Аудан халқының әрбір жанына – мейлі, ол үлкен болсын, кіші болсын бәріне бірдей жылы амандасып, күлімдей қарап, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін, өтініштерін тыңдауға дайын тұрады.

 

Исанова Орал Сердалықызы    Еңбек ардагері

    Исанова Орал Сердалықызы 1946 жылы 6–шы қарашада Бөрлітөбе ауданы, алтын құмды Матай стансасында өмірге келді. Сол жердегі №256 орта мектептің 7-ші класын 1961 жылы бітіріп, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1965 жылы тәмамдап, бірден сол қаладағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетіне (орыс тілі мен әдебиеті) түсіп, оны ойдағыдай 1969 жылы аяқтады. Еңбек жолын туған жеріндегі Матай №258 орта мектепте бастады. Мұғалім, мектеп директорының оқу – тәрбие жөніндегі орынбасары қызметтерін 1972 жылдың сәуіріне дейін атқарды.

   Әкесі – Исанов Сердалы, паровоз депосында қарапайым ғана жұмысшы, ал анасы – Исанова Ақжібек үй шаруасында балаларын, немерелерін тәрбиелеп, шаңырақтың ұйытқысы бола білді. Үлкен ағалары – Емберген, Қыдыр әке жолын қуған теміржолшылар екен. Жұмысшы, паровоз машинисінің көмекшісі, ПЧ – 30 мекемесінде жүргізуші болып еңбек етті. Өкінішке қарай екеуі де ерте өмірден өтті.

   Емберген ағасының ұлдары Қайырғали, Асқар теміржол техникумын бітіріп, теміржолда істеді. Ал, кіші ағасының ұлдары – Марат, Жанат та ата – әкесінің жолын қуып, теміржолда тепловоз машинисі, машинис көмекшісі болып, абыройлы еңбек етуде. Қанат 25 жасында қайтыс болады. Сіңлісі Ұлтай – қазіргі кезде зейнеткерлік демалысында, көп жылдар бойы орта мектептерде есепші мамандығы бойынша қызмет жасады.

«Адамның – адамшылығы істі бастағанынан білінеді», — деп Абай атамыз айтқандай көп сөзге жоқ, қандай мәселе болса да бар ынта-жігерімен беріле істейтін жас маманды аудан басшылығы жоғары бағалап, 1972 жылы Бөрлітөбе ауданы құрылып, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына, 1974 жылы бірінші хатшылығына сайланды.

1974 жылдың маусым айынан 1981 жылдың тамызына дейін аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1981 жылы Талдықорған облыстық партия комитетінің ұсынысымен Алматы жоғарғы партия мектебіне түсіп, 2 жыл мектептің тыңдаушысы болды.

Бұл мектепті бітіріп келгеннен соң 1983 жылдан 1990  жылға дейін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ал 1990 жылы қаңтардан партия тарағанша 1991 жылдың қыркүйегіне дейін аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды.

1993 жылдың маусымына дейін аудандық  әлеуметтік қамсыздандыру  (райсобес) бөлімінің меңгерушісі, ал 1993 жылдың маусымынан аудан тарағанша 1997 жылдың наурызына дейін аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Қызметкерлер, мамандар жан–жаққа тарап кетіп жатқанда, көп жылғы еңбегі ескеріліп, 1997 жылдың наурыз айынан  сол кездегі Талдықорған облысы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік бөліміне маман қызметіне шақыртылды.

  Содан соң, 2004 жылдың ортасынан  Ақсу ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады (1997—2004). Білімі мен біліктілігін, тәжірибесін ескерген аудан басшылары, оған зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, аудандық мәслихатта тағы 5 жыл, 2010 жылға дейін  бас маманы болып  қызмет жасауға мүмкіндік берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы қызметтерді атқарған кездерде үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, талап қойғыштығымен, әділ-парасаттылығымен елге танылады. Өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарап, халықтың небір күрделі мәселелерін шешуге ұйытқы болады.   Білімділігі, адамгершілігі, біреуге қол ұшын беруі өзінше бір төбе.

Орал Сердалықызы бүкіл өмірін халқы, туған елі мен жеріне арнап келе  жатыр. Бөрлітөбе ауданы ашылғанда (1972 ж.) қызметке  барып, ол тарағанша (1997 жыл) сол жердің суығына тоңып, ыстығына күйіп, ер – азаматтар мен бірге ат үстінде жүрді. Ақсу ауданында да өзі басшылық еткен әлеуметтік, білім, денсаулық, мәдени салаларының көркеюіне қосқан үлесі ерекше.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қарттар, Ұлы Отан, Ауғанстан соғыстарының ардагерлері, көп балалы аналар, жастар Орал Сердалықызының  еңбегін ерекше бағалайды. 1991 – 1996 жж. Бөрлітөбе Ауғанстаннан қайтпаған, ерлікпен қаза тапқан боздақтарға ескерткіш орнатуға мұрындық болғанын ерекше айтуға болады. Республика бойынша алдыңғы қатарлы ескерткіш болды. 

Осы еңбегі бағаланып, халық қаһарманы, сенат депутаты, генерал – лейтенант Бақытжан Ертаевтың Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» төсбелгісін табыс етті.

Қиын – қыстау кезге қарамастан 90-шы жылдың аяғында спорт, мәдениет саласының жұмыстары жалғасын тауып жатты. Жыл сайын аудандық спартакиада, көркемөнерпаздар, әжелер, келіндер, қыздар байқауларын да белсене ұйымдастыра білді.

Сол бір қиын кездерде Мұхаметәлі Найманханұлы бірге істеген кезінде Орал Сердалықызына мынандай өлең шумақтарын арнапты.

Іскерлігі, сымбаты да маралдай,

Келген емес нәтижесіз оралмай.

Аудандағы әлеуметтік жағдайды,

Адам бар ма ойлап жүрген Оралдай.

Қазір бар ма күнкөрістер нарықсыз,

Отыннан да тарлық көріп қалыпсыз.

Дегенмен де жақсартады бәрін деп,

Бұл мектептер қалмасыншы  жарықсыз.

Қазір зейнет демалысында болса да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Көп жылдан бері Ақсу аудандық сайлау комиссиясының  төрағасы, аудандық филиалының 1-ші төрағасы, «Нұр Отан»  партиясының аудандық филиалының Саяси Кеңес мүшесі, «Отан» республикалық Саяси партияның бірінші съезінің делегаты.  Партия ардагері ретінде партияның жобаларын жүзеге асыруға, тұрғындар арасында Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларын насихаттауда  аянбай  үлес қосып келе жатыр.

Ауданның үлкені мен кішісіне дейін құрмет тұтқан, қазірдің өзінде алдынан кесе көлденең өтпей, ауылдың құрметті қызы, әпкесі, замандасы, досы, тіпті жанкүйері ретінде сыйлайды, құрметтейді. 

Орал Сердалықызы: — «Менің ең үлкен бақытым осы» — деп мақтан етеді.

Оның қажырлы еңбегі үкімет тарапынан орынды бағаланып, көп жылғы еңбектері үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  — 10 жыл» медалі, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төс белгісі, «Мұхамеджан Тынышпаевтың – 130 жыл» мерекелік, «Қайырымдылығы үшін «Сауап» медальдарын, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының 10 жылдығына байланысты, Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауына белсене қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаттарымен», Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұловтың «Алғыс хатымен», Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министірі Б.Жұмағұловтың «Құрмет грамотасымен», Алматы облысының әкімі А.Ғ.Баталовтың, аудан әкімі, аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарының иегері.

Осындай қажырлы еңбегінің арқасында Ақсу, Сарқан аудандарының «Құрметті азаматы» атағының иесі атанды.

Орал Исанова. Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталу сәті


Орал Исанова. Сарқан ауданының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталу сәті

Бекзат болмыс, тектілік адамды қашанда биік көрсетеді. Биіктігі де, тереңдігі де, кеңдігі де бір басынан табылатын жандар жеткілікті.

Жүрген жеріне шапағатын сеуіп жүретін, халық даналығындағы «Жақсы адам жай келеді, жан-жағын байқай келеді» дегендей, қасиетке ие жақсылар бар. Осындай жақсы адамдар – қоғамның, заманның қаһармандары.

Орал апайымыз аз сөйлеп, көп жұмыс жасайтын, қарамағындағы қызметкерлерінің қарым қабілетін байқап, соған сай жұмыс атқаратын, білімді де ақылды   –   дәл осындай жақсы адам.

70-ке толып жатқан Орал апайымызды аудан әкімдігі, мәслихаты, ауыл әкімдері, аудан ақсақалдары зор денсаулық, баянды бақыт тілей отырып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп айтқандай, білікті де білімді, еңбегі еленген жан Орал Сердалықызы жайында қысқаша осылай тоқталдық.

Иә, адал еңбектің өтеуі деген осы болса керек. «Жақсыда – жаттық жоқ» деген халық сөзін Орал апайымыз істеген ісінің нәтижесі көрсетіп отыр.

Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Орал Сердалықызы бүгінде 70-тің асқарына шықты.

Осы салалы ғұмырында талмай елі мен жері үшін еңбек еткені тайға таңба басқандай анық. 

Осындай еңбек ету үшін әрине тың жігер, жарқын көңілмен келіп, осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде ағайын – туыстың ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған аяулы жан деп білеміз.

 

*       *       *       *       *

 

Сол уақытта  Орал Сердалықызының мерейжасына арнаған Өзімнің де құттықтауым болған еді.

 

ҚҰТТЫҚТАУ!

  Ауданымыздың ардақты азаматы, елге аса сыйлы, көпшіліктің лайықты құрметіне бөленген Исанова Орал бойындағы үлкен іскерлік қабілеті және еңбекқорлығымен өмір соқпағының белес-белес асуларынан нардың жүгін көтере отырып,  биылғы қараша айының 6-шы күні кемелді 70 жасқа толып отыр.

  Қызмет  жолын Бөрлітөбе ауданында мектептегі ұстаздықтан бастаған Орал Сердалықызы, осы ауданның  комсомол, Кеңес, партия органдарында, одан ары Ақсу ауданының әкімдігі мен мәслихатында өз ісін, міндеттерін аса жауапкершілікпен, берілгендікпен атқаратын білгір де іскер басшы ретінде көрсетіп отырды. Ақыл-парасаттылықпен, әділдікпен, адамгершілікпен атқарған ерен еңбегімен, ізгілікті және нәтижелі істерімен, азаматтық бітім-болмысымен жұртшылық арасында зор беделге ие болып, Ақсу, Сарқан аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болды.

    Бүгінде де өмірлік және қызмет  жолында жинаған мол  тәжірибесін үлгі тұтарлық тәлімгер және ақжүрек ақылшы азамат ретінде кейінгі ұрпаққа, жастарға жеткізуден жалығар емес. Оның әлі де тыңғылықты да тындырымды қалпынан танбай, аудандағы ұтымды істерге молынан үлес қосып, ел-қоғам алдында абыройының арта беретініне сеніміміз мол. 

   Құрметті Ореке! Осы қуанышты туылған күн мерекеңізбен шын жүректен құттықтап,  денсаулығыңыз  мықты,  ғұмырыңыз ұзақ, әлі де көрер қуанышыңыз молынан болсын деп тілеймін! Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік бола берсін!

 

         Жас кезіңнен әр істің мәнін біліп

       Өмірдің түстің ерен сынағына.

     Асқарды ала білдің талай биік

             Намыс, қайрат серік боп қадамыңа.

      Келешекке мақсаттың туын іліп

       Күш-қуатты арнадың халығыңа.

              Дархандықпен, ақылмен  қадірленіп

     Айналдың азаматтың алыбына.

      Тусын алдан әлі талай таң күліп

      Нұрландырып сәулелі шуағына.

        Бөленіңіз сый-құрметке мәңгілік

   Түбіміз бір туысқан-ағайынға.

 

Құрметпен,  Серікбек   Серпербаев.

6 қараша 2016 жыл

Орал Исанова. Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталу сәті. Әріптестерімен бірге