Ақсудың аққу арулары -1

 

Құрметті сайт оқырмандары, желідегі достар!   Өткен жолғы бір жазбамызда,  Ақсу ауданы халқының  құрмет тұтқан, мақтан ететін  аға ұрпақ өкілдері — ана-апаларымыздың есімдері атап  көрсетілген, сайтымыздың «Ақсудан ұшқан аққулар» деген    жеке тарауын,  ары  қарай, «Ақсудың аққу арулары»  деген атауға ауыстырылғанын  айтқан болатынмын. Оның себебі ретінде,  сол «апаларының  лайықты сіңлілері»  деуге болатын,  ауданымыздың ардақты да, құрметті әйелдер қауымының келесі өкілдеріне  «жол ашу» деп, көрсеткенмін.

 Енді міне, осы жаңа тараудың алғашқы парағында Сағыныш Намазшамова деген қызымыздың есімін атауды жөн көрдім. Сағыныш, еліміздің  бүткіл қыздар, әйелдер қауымына «шамшырақ» болған  АҚЫН САРА апасының туған ауылында туып-өсіп,  білім алып, ержеткен. Жас кезінен Ақын апасының өміржолы мен  шығармашылығына әбден қанық  болып өскен ол, өзінің де бойында болған  ақындық дарынды дамыта  біледі. Қазіргі таңда, Сағыныш — еліміздің шығармашылықкерлер ортасында жақсы танымал,  ақындығы толығымен «мойындалған», аса сыйлы  өнер иесі.

Солай десек те, Сағыныштың ақындарға тән емес саналатын,  мінезінің биязылығы,  Өзінің тым  қарапайымдылығы «кінәлігінен», оның есімі де, шығармашылық туындылары да  көпшілік арасында, тіпті өзінің туған өңірінде де әлі де кеңінен насихатталуы қажет деп санаймын. Осы орайда,  біз де сайтымыздың мүмкіншілігін пайдаланатын боламыз.

Осыған орай және сайтымыздың  мақсат-мазмұнына сай, бүгінгі парақта, әзірге Сағыныштың өмірбаяны, туған жеріне арналған өлеңі  мен оның, «Ауылым» деген өлеңіне шығарылған әннің бейненұсқасы ұсынылып отыр. Қабыл алыңыздар!

Сағыныш Намазшамова

Намазшамова Сағыныш Сабыржанқызы  

 1978 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданы, Қосағаш ауылында туған. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Абай атындағы орта мектепті бітірген. 1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп, 1997 жылы осы факультеттің бакалаврын, 1999 жылы — магистратурасын аяқтады.

Еңбек жолын 2001 жылы «Талдықорған» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен сол газетте бас редактордың орынбасары(2003-06), облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармада бас маман(2006-09, облыс әкімінің баспасөз қызметінде бас маман лауазымдарын атқарды. Қазір облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы.

2012—2013 жылдары республикалық «Алаш айнасы» газетінің Алматы облысындағы шаттан тыс тілшісі ретінде жұмыс істеді. 

Республикалық жас ақындардың «Толқыннан толқын туады», «Ай нұры», «Азаттық таңындағы азат жыр» жинақтарына өлеңдері енген. Сонымен қатар облыста шыққан «Жетісу жырлайды», «Жұматай – жыр қағаны», «Тау мен өзен жырлары» жинақтарында да өлеңдері жарық көрді.

2007 жылы «Арыс» баспасынан «Бақыттың бағасы», 2009 жылы «Төрт бөрі» баспасынан «Сағыныш» атты жеке жыр жинақтары шықты.

Кейінгі жылдарда аудармаға ден қойып, Анна Ахматованың, Белла Ахмадулинаның, Рафис Корбанның жекелеген өлеңдерін аударып жүр.

2007 жылы Астанада өткен шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалінің «Поэзия» номинациясында 1-орынға ие болды.

2015 жылы ҚР Президенті Жарлығымен Мемлекеттік стипендия иегері атанды.

 

 

Ақсу ағыстары

(циклды өлеңдер)

Намазшамова Сағыныш

Ағады Ақсу баяу ғана,

Шалқымайды, тасымайды.

Жағасында жан тыншиды,

Қалсам ба екен басыбайлы?!

 

Қашсам солай жан мұңынан,

Шаһардың шу-гүрілінен,

Болар ма екен дерт меңдеген

Жүрегімнің дірілі кем?!

 

Жал толқындар жымың қағып,

Жарысады ойнап ағып.

Жылылықты біз қалайша

Толқын құрлы ойламадық?!

 

Торықпайды жатса дағы

Толқын басын тасқа соғып.

Біз де сондай бекем болсақ

Қиындықтан қашпас едік.

 

Салқындатшы санамды енді,

Тербет, өзен, әлдилеші,

Әніңе ұйып ұйықтап кетсем,

Білем, дерттен жан күймесін.

 

Ағады өзен, оралмайды,

Уақыт деген ауыспалы.

Сен де арнаңа түссеңші енді,

Өмірімнің ағыстары!

 *      *        *

Гүрілдеп аспан, 
дірілдеп тастар 
жатқанда, 
біз де қызық деп,
Жарысатынбыз өзенге қарай
Бір-бірімізді қуып кеп.

 

Қорғалап қолмен жалаңаш басты,
Жауыннан тұрсақ жасқанып,
Өзенде сол шақ бір керемет би
Кететін кенет басталып.

 

Шуылы судың жаңбыр үнімен
Жарыса шықса күй тынбай.
Қимылмен ғана сөйлейтін тамшы
Су бетіндегі сиқырдай.

 

Секіреді де шыр айналады, 
Жаныңды бөлеп ләззатқа.
Сіркіреп тұрған мен болсам, шіркін,
Сіңіп кетер ем ғажапқа.

 

Моншақты қыздар мың бұралады 
Бұлттардан түскен мөлтілдеп.
Беймезгіл мені күтесіңдер ме,
Жағаға жақын келсін деп?!

 

Сол биді іштей үйренетінмін,
Күйге енетінмін бір ерен.
Билігі көктің қолымда болса, 
Би билеп ұшып жүрер ем.

 

Басылды кенет төпеген жауын,
Қана алмай, көңілім, қалдың ба?!
Тыншыған кезде тамшының бәрін 
Арнаңа қосып алдың ба?!
Ақсуым!

*      *        *

Мен қалашыл, ал сен болсаң далашыл,
Қайдан келдің, қайда кетіп барасың?
Тыным таппай ағыл-тегіл аққанда
Таптың ба, айтшы, жүрегіңнің дауасын?!

 

Шарқ ұрдың ба буырқанып батыр боп,
Талпындың ба шығарам деп тақырға от,
Жолға салып жібергенде Тау-Әке
«Сайын дала сені күтіп жатыр», — деп.

 

Түпсіз аспан татығанда жат, кермек,
Кең даланың көкірегін жас кернеп
жатқан шақта лықсып шығып, төгіліп
Аққан сен бе таудан құлап, тасқа өрлеп.

 

Сен барсың ғой, қалды десем елде кім,
Іздеп сені, білем, жиі келмедім.
Күрсінгенде Жоңғар Алатауының 
Көкірегінен ыршып шыққан шер ме еді ең?

 

Жағаңда сан көбелек те қумап па ем?!
Ақ суыңа ақша жүзін жуды әпкем. 
Екеуіміз де алысқа ұзап кетіппіз
Көшіп жүрген сендегі әуен-ырғақпен.

 

Көшу деген — еркіндіктің мәні екен,
(Мен несіне дәметем?!)
Маң далада мәңгі көшіп жүретін
жел... құм... сағым... және Сен.

*      *        *

Ақсуым,

сені түсінбес едім,

Жағаңда өтпесе құлындай шағым.               

Шиыршық атып ішімде шерім,

Қашан кеп саған сырымды айтамын.

 

Жоқ, бәрі дұрыс.

Көңіл шегінбей

Келетін ой ғой тек арасында.

Тәнімді жуып беруші ең ылғи,

Жанымды жуып бере аласың ба?!

 

Сағыныш па еді санамда шөккен,

Айыра алмадым осы арасын мың.

Бірі едім шөлейт далаңда өскен,

Қосағаш, сенің қос ағашыңның.

 

Қалаға қарай зырлаған едім,

Бұл жақтың қазір көшесі мұңды.

Кешір, ауылым, жырламап едім,

Егіліп тұрып Есенин сынды.

 

Мен жүрген жерде арайлап аспан,

Қалғандай тартып басқа үйің бөтен.

Артыма тіпті қарайламастан,

Жүре бергенім жастығым ба екен?!

 

Бұрылмадым да, жырақтадым сан,

Теңгедей болды есіл етігім.

Алдыңа келіп бір ақтарылсам,

Өзіме аян, кешіретінің.

 

Ақсуым,

сені түсінбес едім,

Жағаңда өтпесе құлындай шағым.           

Шиыршық атып ішімде шерім, 

Саған кеп бүгін сырымды айтамын.

 

Ауылым

 Сөзі: Сағыныш Намазшамованікі 

Әні мен орындаушысы: Гүлнұр Нұрасылова 

 

 

Жалғасы болады ...