Ақсудың қыздары – «идеология» саласы майталмандары

 

 

Кіріспе ретінде

 

  Құрметті сайт оқырмандары, желідегі достар!

 Осы сайтым ашылғаннан бері, оның басты мақсатына сай ағынды Ақсу өңірі  тарихының әр кезеңдерінде елі-жері үшін шайқастағы ерліктерімен, қоғамдағы қайраткерлігімен, өмірдегі ерен еңбектерімен және өрнектелген өнерлерімен  ерекшеленген және  басқа да халқы ерекше қадірлейтін тұлғаларды мүмкіндігінше насихаттап келемін.

   Ал бүгін, сондай  үлкен қауым ішінен бір тобын  жеке бөліп, айшықтап  Сіздерге, желідегі көпшілікке таныстыруды жөн көрдім. Олар «Ақсудан ұшып шығып», білімді-біліктілігімен, көшбасшылық қасиеттерімен, қоғамдағы белсенділігімен  еліміздің мемлекеттік органдарында  халық мүддесіне қалтқысыз қызмет атқарған, олардың мақтан етер сый-құрметіне ие болған  —  ардақты  «Аққу  ару» қыздарымыз туралы!

 

 ... Өткен ғасырдың 2-ші жартысынан бастап, бұрынғы Талдықорған облысының жұртшылығы, басшы-белсенділерінің  арасында: «Аудан-қалалардағы, облыстың «идеология»  саласы жетекшілерінің «бетпердесін» ашсаң, астында Ақсудың қыздары тұрады» деген мағынадағы сөз кеңінен айтылатын еді. Расында да,  әр деңгейдегі  билік жүйелерінде  аса маңызды саналатын, жауапкершілігі мен қиыншылықтары жетіп артылатын саяси-идеологиялық, әлеуметтік салаларына жетекшілік ететін лауазымдарда ұзақ  жылдар бойы,   туған аудан  жерінен тәрбие алып, үлкен қызметтік тәжрибеден өткен,  ер азаматтармен  бірдей «нардың» жүгін көтере білген Ақсудың  азаматшалары болып еді.  

 

   Ары қарай, осы әңгіменің нақтылығын айқындау  үшін сондай ардақты да аяулы жандарымыздың  есімдерін, қысқаша  қызметтік жолдарын көрсетейін. Ал, олармен толығырақ  осы сайтымның арнайы тарауынан және басқа да парақтарынан таныса аласыздар.

  Ал. олардың ізімен ізгілікті істі жалғастырушы, бүгіндері қызмет басында жүрген  «сіңлілері»  туралы жазбалар  алдағы уақыттардың еншісінде. ...

 

   *       *       *

 

ҚҰЛАҚҚАҒЫС:  Сайтта «жоқ болсаңыздар», оған жазылуды жібермеңіз!! Ол үшін оң жақтағы немесе  парақтың  астындағы  терезешелерге  адрестеріңізді  енгізіңіз! 

 

 

 

 

Бижамал  РАМАЗАНОВА

 

 1927 жылы Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында туған. Қоғам қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының кандидаты.  Абай атындағы Қазақ пединститутын бітірген.

  1945-51жж Талдықорған  облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, Қаратал аудандық және Талдықорған қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы;

  1951-59жж Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Талдықорған облыстық комсомол  комитетінің  кадр жөніндегі және бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары;

   1959-63жж Алматы  облыстық партия  комитетінің хатшысы;

   1963-75жж Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы;

  1975–82жж Қазақ КСР  Министрлер кеңесі жанындағы Бас архив басқармасының бастығы болып қызметтер атқарған.

  1963–76жж Азия және Африка елдері ынтымақтастығы  Қазақ комитетінің төрағасы, Кеңестік ынтымақтастық комитеті төралқасының мүшесі; 1992 жылдан қоғамдық негізде Алматы калалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесі алқасының президиум төралқасының мүшесі және жастарды қазақстандық патриотизм рухына тәрбиелеу жөніндегі комиссияның төрайымы  ретінде  қоғамдық  жұмыстар  атқарады.

  4 монографияның авторы. Бірнеше деректі  кітаптардың,  көптеген  танымдық  ғибраты  бар  мақалалардың  авторы.

  2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту»,  2 мәрте «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен, 10-нан астам мемлекеттік медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Үш мәрте  Қазақстан  Коммунистік  партиясының тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды. 

Алматы  облысының,  Талдықорған  қаласының  және  Ақсу  ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 Майнұр  ҚОҢЫРБАЕВА

 

1920 жылы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында туған. Қапал педучилищесін бітірген.

  Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, Арасан орта мектебінде мұғалім, Қоңыр орта мектебінде директор болады.

  1944 жылдан Алматы қаласындағы редакторлар даярлайтын қысқа мерзімді курсты аяқтап, Қапал аудандық газетінің редакторы болады. Андреев және Алакөл аудандық партия комитеттерінің үшінші, екінші хатшысы қызметін атқарған.

  Екі рет аудандық газеттің редакторы (1957-65 және 1976-78), Ақсу аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы (1965-75) қызметтерін атқарды. 1978ж. зейнеткерлік демалысқа шықты. 2006 жылы қайтыс болды.

 «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан  журналисттер Одағының мүшесі, «1941-45ж. Ұлы  Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін», т.б. оннан астам медальдармен және  көптеген Мақтау грамоталарымен марапатталған.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 Бәтима  Есболатқызы  САҚАУОВА

 

  1926 жылы  Ақсу ауданы Шадай ауылында дүниеге келген. Тыл еңбеккері, республикалық дәрежедегі зейнеткер. Жетісу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Қапал педучилищесін,  Алматы  және  СОКП ОК  жанындағы  Жоғарғы  партия  мектептерін  бітірген.

  Еңбек  жолын  Қапал орта мектебінде мұғалімдіктен бастап, Қапал аудандық партия комитетінде  бөлім меңгерушісі, Қапал аудандық атқару  комитеті төрағасының орынбасары болады (1946-53).

  Содан кейін Талдықорған қалалық Кеңесі атқару комитетінің төрағасының орынбасары (1957-59), ҚКП Ақсу аудандық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы (1959-64), Гвардия аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы (1964-68), көп жылдар бойы Талдықорған облыстық Кеңесі  атқару  комитеті  төрағасының  орынбасары (1968-82) қызметтерін атқарды. 1982ж. зейнеткерлікке  шықты.

  Алматы облыстық ардагерлер ұйымын алғашқы құрушылардың бірі. Биыл қайтыс болды. Таяу күндері  ғана оның өмір және қызметтік жылдарын деректейтің «Бәтима ана» деген кітап  шығарылды

  3 рет “Құрмет белгісі” орденімен, 7 медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен 2 рет марапатталған. КОКП ХХIII съезінің делегаты. Екі мәрте мұғалімдердің Бүкілодақтық съезінің делегаты.

Алматы  облысының,  Ақсу  және  Кербұлақ  аудандарының,  Талдықорған  қаласының  Құрметті  азаматы.

 

 

 

 Қойшан  Ибрайымқызы  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 

1932 жылы Ақсу ауданы Арасан ауылында туған.  Мамания орта мектебін, Қапал педагогикалық училищесін, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

  Ақсу аудандық оқу бөлімі жанындағы пионер үйінің директоры, аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, 2-ші және 1-ші хатшысы (1949-57), аудандық партия комитетінің саяси жұмысы жөніндегі хатшысы болады (1957-60). 1964ж. Жоғарғы партия мектебін бітіріп келіп, Ақсу аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының 1–ші орынбасары, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1978 ж. зейнеткерлікке шығады. 2016 жылы қайтыс болды.

 “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Ерен еңбегі үшін”, тағы басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Дүниежүзілік жастар мен студенттердің VI-шы фестивалінің ұйымдастыру комитетінің Мерекелік медалімен және БЛКЖО орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Күләш Оразалықызы ТҮМЕНБАЕВА 

 

  1938 жылы Ақсу ауданы Қызылту ауылында туған. Мамания) орта мектебін, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

  Еңбек жолын Ақсу аудандық халық сотында хатшы болып бастайды. Ақсу аудандық комсомол комитетінің 2-ші хатшысы, Ақсу аудандық және Талдықорған облыстық партия комитеттерінде нұсқаушы (1969-73) болады.

  Солан кейін  15 жыл бойы Сарқан аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарды(1973-87). Талдықорған облыстық халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту басқармасының бастығы болды(1987-95).

  1995 жылдан республикалық дәрежедегі зейнеткер. Облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі. 

  Алматы облысының  және  Сарқан ауданының Құрметті азаматы.

 

 Манат  ӘБДРАХМАНОВА

 

  1939 жылы Ақсу ауданында туған.  Мамания орта мектебін бітірген.

  Мектеп бітіргеннен соң комсомолдық жолдамамен Қаракөз кеңшарында сауыншы болады.

 Одан кейін ауылдық Кеңесінің хатшысы, төрайымы болады. “Қосағаш” кеңшарының жұмысшылар комитетінің төрайымы, Ш.Уәлиханов атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы болады.

 1980 жылдан Ақсу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткерлікте.

   Бірнеше Үкімет медальдарымен  марапатталған.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Ажар Сәрсембайқызы  СЕҢКІБАЕВА 

 

  1939 жылы Ақсу ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Чапаев атындағы орта мектепті, Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

  Ақсу мектеп-интернатында аға тәрбиеші, аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болады (1961-72).

  Ақсу аудандық партия комитеті жанындағы партия комиссиясының төрайымы, аудандық Кеңестің, аудан әкімшілігінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған (1972- 2001). Қазір зейнеткер.

  Бірнеше медальдармен, Мақтау грамоталарымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

Мариян  Айтбайқызы  БАЙҚАНОВА

 

  1940 жылы туған. Семей педагогикалық училищесін, Москвадағы Жоғары комсомол мектебін және Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

 Еңбек жолын 1959ж. Талдықорған қаласында балабақша тәрбиешісі болып бастайды. Талдықорған қалалық және облыстық комсомол комитеттерінде және облыстық кәсіподақ ұйымының салалық комитетінің төрайымы болып қызметтер атқарады(1960-73).

  Ақсу аудандық партия комитетінің идеология саласы хатшысы, Талдықорған облыстық Кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және хатшысы болады (1973-82).

  Облыстық әйелдер кеңесінің жұмысын басқарады. Бүгінде республикалық дәрежедегі зейнеткер.

 «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен көптеген Құрмет грамоталарының иегері. Ақсу  ауданының  Құрметті  азаматы.

 

 

Нығметжан  САДУАҚАСОВА 

 

  1942 жылы Ақсу ауданы  Сағабүйен ауылында туған. Алматы шет тілдер институтын  бітірген.

 Еңбек жолын Қарашілік мектебінде мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болады.

 70-ші жылдары Гвардия аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Кербұлақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін атқарады (1978-92)...

 Талдықорған облыстық Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі Комитет төрағасының бірінші орынбасары, Талдықорған қаласындағы Зейнетақы қорын басшысы болады. 1997ж. зейнеткерлікке шыққаннан кейін Алматы денешынықтыру, туризм және спорт Академиясында оқытушы, кадрлар бөлімінің бастығы болды. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет Академиясында қызмет атқарды.

  «ҚР халық ағарту қызмет ісінің үздігі». «Еңбек ардагері» медалімен, көптеген грамоталармен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 

Зура  Дүйсенқызы  МОЛДАБАЕВА 

 

 1944 жылы Ақсу ауданы,  Матай стансасында туған.  Панфилов  қаласындағы  педучилищені, Абай  атындағы  педагогикалық  институтты,  Алматы  жоғарғы  партия мектебін бітірген.

 Еңбек жолын 1967ж. Матай орта мектебінде ұстаздықтан бастайды. Директордың комсомол, пионер және спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары болады.

 Ақсу аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Киров ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық кәсіподақ комитетінде мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі, көп жылдар Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының, Әкімінің орынбасары және облыстық еңбекке орналастыру басқармасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

1997 жылдан зейнеткерлікке шыққаннан кейінде қоғамдық жұмыстарға  белсене араласып, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды.

   ҚР Білім беру ісінің үздігі.  «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының, Қазақстан ЛКЖО ОК, ВЦСПС-тің Құрмет грамоталарымен, басқа да көптеген наградалармен марапатталған.  Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

  

 

 

Орал  Сердалықызы  ИСАНОВА 

 

  1946 жылы Ақсу ауданы  Матай теміржол стансасында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесін және Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

  Матайдағы №258 орта мектепте мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары (1969-72), Бөрлітөбе аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, партия комитетінің бөлім меңгерушісі, атқару комитеті төрағасының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, аудан әкімінің орынбасары, Талдықорған облыстық әкімшілігінде кеңесші болады (1972-97).

  Содан соң Ақсу ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады (1997—2004). Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 2010 жылға дейін аудандық Мәслихаттың бас маманы болды. Қазір де ауданның қоғамдық саяси жұмыстарына белсене араласады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.

  ҚР білім беру ісінің үздігі. “ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл” медалінің, көптеген Мақтау Грамоталарының иегері.

  Ақсу және Сарқан аудандарының Құрметті азаматы. 

 

 Қалима  Қожахметқызы  ЖАЗЫЛБЕКОВА

 

  1946 жылы Ақсу ауданы, қазіргі Жансүгіров ауылында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген.

   Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастайды, аудандық оқу бөлімінде нұсқаушы болады. Көп жылдар Ақсу аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі қызметінде болды.

  Талдықорған аудандық партия комитетінің хатшысы, Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

 Зейнеткерлікке шыққаннан кейін “Қапал-Арасан” шипажайының атқарушы директоры болды.

Көптеген наградалары бар. Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

 Гүлше Тәңірбергенқызы  ТӘҢІРБЕРГЕНОВА

 

  1948 жылы Ақсу ауданы, Ақсу ауылында туған. Философия ғылымдарының кандидаты. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

  Еңбек жолын Қызылтаң ауылында балалар бақшасы тәрбиешісі болып бастайды, мектеп мұғалімі болады(1966-73). Талдықорған облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды (1973-75);

  Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы, хатшысы, бөлім меңгерушісі, қызметтерінде болады (1975-88); КазКСР халық ағарту Министрінің орынбасары (1988-89); Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы (1989-91); Талдықорған облыстық әкімшілігінің Басшысының кеңесшісі, орынбасары (1991-94); Талдықорған облыстық білім басқармасының бастығы (1994-95); ҚР Президентінің Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі (1996-97); ҚР білім, мәдениет және денсаулық Министрлігінің білім Комитеті төрағасының орынбасары (1997-98);  Қазақ қыздар педагогикалық институтының проректоры (1998—2005); «Бөбек» Орталығының Бас директоры (2005); Ұлттық аккредитация орталығының директорының орынбасары (2005) Қазір ҚР Президенті мәдениет орталығының директорының орынбасары  болып қызметтер атқарды. 

  «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Ғылыми кітаптар авторы. Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Раушан  ЖӘНІБЕКОВА

 

  1950 жылы Ақсу ауданы  Қапал ауылында дүниеге келген. Қазақтың қыздар педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.

  1976 жылдан Талдықорған облысы Талдықорған аудандық партия комитетінде; 1979 жылдан Талдықорған облыстық партия комитетінде,  саяси ағарту Үйінде бөлім меңгерушісі болады.

 1985 жылдан Панфилов аупарткомында үшінші, екінші хатшысы; 1986 жылдан мәдениет қызметкерлерінің кәсіподақтары облыстық комитетінде, облыстық Тілдер  және Мәдениет  Басқармаларында басшылық қызметтер атқарады.

  1997 жылдан Талдықорған қаласы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бастығы болады. 2008 жылдан зейнеткерлікте.

  ҚР білім беру ісінің үздігі.  Үкіметтік мерекелік медальдардың иегері. Талдықорған қаласының Құрметті азаматы. 

 

 

 Салтанат Дәулетқанқызы  МЕҢЛІБАЕВА

 

1958 жылы Ақсу ауданы, Қапал ауылында туған. И.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік  Университетін бітірген.

   Еңбек жолы Гагарин атындағы орта мектебінде мұғалім болып басталып, мектеп директорының орынбасары болады (1978-86).

  Қапал аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, Қапал ауданы әкімінің кеңесшісі (1986-91);  Талдықорған қала әкімінің кеңесшісі, аға референт, Талдықорған қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы. Алматы облыс әкімінің білім, денсаулық және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық ішкі саясат департаментінің бастығы қызметтерін атқарды (1991—2004). 

  2004 жылдан — Алакөл ауданы әкімінің орынбасары болды.

 «Қазақстан Республикасының 10 жылдығы», «ҚР Конституциясының 10 жыл» мерекелік  медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, көптеген  Құрмет  Грамоталарымен марапатталған.

 

 

 Ләззат  Жаңылысқызы  СҮЛЕЙМЕН

 

 1961 жылы Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында туған. Абай атындағы педагогикалық және Ресей мемлекеттік әлеуметтік қатынастар институттарын бітірген.

 1977 жылы Ақсу тәжірибе шаруашылығында жұмысшы болады. Институтты бітіргеннен кейін, Сиқымов атындағы орта мектепте мұғалім, директорының орынбасары болады. 

  1986—1990 жылдары — Талдықорған облысы Қазақстан ЛКЖО Ақсу аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1992 жылдан — Талдықорған облыстық Жастар ісі комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық Жастар ісі, туризм және спорт басқармасының бірінші орынбасары. 1997 жылдан — ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші маманы.

  1998 жылдан — ҚР Орталық сайлау комиссиясы Аппаратының кеңесшісі, ақпараттық-талдау бөлімінің меңгерушісі. 2003 жылдан  ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.

  Халық депутаттары Ақсу аудандық Кеңесінің және Халық депутаттары Талдықорған облыстық Кеңесінің (1986—1992) депутаты. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» (2005)  медальдарымен  марапатталған.  Ақсу  ауданының  Құрметті  азаматы.  

 

 

 Майра Есімқызы  ӘБІШЕВА

 

 1959 жылы Ақсу ауданы Қарашілің ауылында туған. Арқалық педагогикалық институтының қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген.

 Еңбек жолын Сағабүйен ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. 1985—1990жж Арасан орта мектебінле ұстаздық қызмет атқарады.

  1990 жылы Қапал аудандық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасапы қызметіне тағайындалады. 1992 жылдан аудандық тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер бөлімін басқарады.

 1995 жылы Молалы және  одан кейін, 2007 жылы Б. Сырттанов ауылдық округтерінің әкімі болып тағайындалады. Сол  қызметтен 2017 жылы зейнетркерлікке шықты.

  Үкіметтің «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Ақсу ауданының құрметті азаматы.

 

 

 Айнакез  Сатыбалдықызы АҚМОЛДАНОВА

 

    1959 жылы  Ақсу ауданы  Матай  стансасында туған.  Матайдағы    №258 қазақ орта мектебін,  Қаскелең қаласындағы педагогикалық училищені,  І.Жансүгіров атындағы педагогикалық  және академик Жолдасбеков атындағы институттарын  бітірген.

  Еңбек жолын 1980 жылы балабақшада тәрбиеші болып бастайды. 1987—1997 жылдары Алматы теміржолының оқу бөліміне қарасты № 102 балалар комбинатына меңгеруші болады.

   1997 жылы ақпанда  Матай поселкелік округінің әкімі болып тағайындалады. Одан ары, сол қызметті үзіліссіз он сегіз жылдай атқарады. 2014 жылдың қыркүйек айында Талдықорған қаласы Еркін ауылдық  балабақшасына меңгеруші болып тағайындалып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.

   «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі». «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «ҚР Конституциясына 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Ақсу ауданының құрметті азаматы.