Ақсу өңірінен шыққан алаштық азаматтар 

 Қазақ халқының бүткіл тарихындағы басты мақсаты, ізгі мұраты — ұлт ретінде еркіндікте өмір сүру, бір кезеңінде жоғалтып алған тәуелсіз мемлекетін қайта құру, егеменді ел болу болды. Тарихтың сондай бір кезеңі ХХ-шы ғасырдың басындағы уақыт үрдісіне сай, елінің азаттығын, ұлт болып бірігуін мақсат еткен Алаш ардақтылары саяси күш болып құрылып, болашақ тәуелсіз, ұлттық мемлекетінің жобасын жасап, іргетасын қалауға қозғалыс бастаған еді. Сол армандаған тәуелсіз елінің демократиялық даму жолын құқықтық тұрғыдан белгілеген, бүгіндері Қазақстанның Ата заңының «қарлығашы» деп саналатын, «Қазақ елінің Уставы» деп аталған аса саяси маңызды құжат та дайындалған еді. Оның авторы, Ақсу жерінің ардақты ұлы, биік тұлғасы Сырттанов Барлыбек болды. Алашорда үкіметі де құрылған еді. Алайда, сол кездегі ұлт қайраткерлеріне оны баянды ету, қол жеткізу бақыты маңдайларына жазылмаса да, тарихи ерен істері, ерліктері, төгілген терлері мен қандары бекер қалған жоқ, ол келесі ұрпақтарына толығымен бұйырды. 

                                                                                                                Ел бірлігі билеген саналарын,
                                                                                                                Ақсуым ардақтаған даналарын.
                                                                                                                Өнегеңді жинақтап, тасқа басып,
                                                                                                                Рухыңа бас иеміз ардақты ағаларым
                                                                                                                                                        М.Қазбанбетов

 

    БАРЛЫБЕК  СЫРТТАНОВ   ірі қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. реформатор, демократ. Мамандығы бойынша шығыстанушы.

БАРЛЫБЕК  СЫРТТАНОВ

 1866ж. Қапал уезі Арасан болысының Қарашоқы ауылында туған... Елі Найман руы Матай тармағындағы Қаптағай атасынан шыққан. Арғы атасы–Қыдырәлі би, Бергі атасы Құлшан–Боқы–Сырттан.

    Әкесі Сырттан елге сыйлы, әділетті, өжет, батыл адам болған. Жұртқа беделі жүріп тұрған Сырттан кезінде Жетісу өлкесінің генерал губернаторы Колпаковскийді нөкерімен Іле шекарасында қарсы алып, бүкіл Ақсу, Қапал, Үйгентас, Алакөл аймақтарын аралатады. Сонда Колпаковскийден өзінің балаларының оқып, білім алуға көмектесуін өтініпті. Содан Сырттанның екі баласы 1876 ж. Верный (қазіргі Алматы) қаласындағы ер балалар гимназиясына оқуға түседі. Оның оқуға қабілеттілігі мен құштарлығын байқаған гимназия директоры Д.Новактың көмек-қолдауымен Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне түсіп, оны 1890 ж. үздік дипломмен бітіреді. Оның саяси-қоғамдық көзқарасының қалыптасуына сол кезеңдегі студенттік қозғалыстар мен
төңкерістік толқулардың әсері мол болады. Университет қабырғасында қазақ даласының әр шалғайынан білім іздеп келген Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мәмбетәлі Сердалин, Абдолла Теміров сияқты алғашқы ұлт зиялыларымен пікірлес болып, ел болашағы жөнінде мәселелерді талқылауға қатысып жүрді. Олар қалада оқитын қазақ жастарының жайын ойлап, өзара көмек ету мақсатында «Жерлес» атты студенттер үйірмесін ашқан.

Сондықтан да болар, университет бітірген жоғары білімді маман екеніне қарамастан Барлыбекке үлкен қаладан жұмыс берілмейді. Содан 1891-94жж. Ташкент қаласындағы Түркістан генерал – губернаторлық қазыналық палатасында столоначальник болып жұмыс істейді. Адал да білімді қызметінің арқасында ол Жетісу әскери губернаторының 1894 жылғы қыркүйектің 29-дағы бұйрығымен Жетісу облыстық басқармасының іс – жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып жоғарылатылады. Ерекше тапсырмаларды орындайтын кіші шенеунік болып, інісі Тұрлыбек екеуі патша әкімшілігінен әділетсіздік көрген қазақ, орыс еңбекшілеріне құқықтық кеңес беріп, қамқорлық жасайды.
1903-07ж.ж. ол Қытай мен Ресейдің шекаралық межесін тексеру, бұрынғы Алматы және Талдықорған облыстарының аумағын айқындау, картаға түсіру ісіне қатысады.
Жетісу өлкесіндегі отаршыл патша әкімшілігінің шовинистік — империялық өктем әрекеттеріне қарсы шығып, батыл пікірлер білдіреді. Әсіресе, Ресей Министрлік Кеңес Төрағасы Столыпиннің реформасынан кейін Жетісу жеріне қоныстанып, қазақтардың иелігіндегі жер-суды қорлықпен тартып алып жатқан “Қарашекпенділер” легін тоқтату үшін жұмыстанды. 1910 ж. 20 қазанда Ұзынағаш кентінде облыс қазақтарының кеңесін өткізіп, Ресей үкіметінің отаршылдық шараларына қарсы тұруға үндейді. 1911-14 ж.ж. “Айқап” журналына мақалалар жазып, жалпы қазақ съезін шақыру мәселесін көтереді. Онда қарашекпенділер мен казак- орыстарға тартып алып берген жерлерді байырғы иелері – қазақ руларына қайтару, Мемлекеттік Думаға жергілікті халықтан депутаттар сайлау, жергілікті халыққа Ресейдегі орыстармен тең дәрежеде құқылар беру, т.б. туралы мәселелерді талқылауды ұсынады. 1910-13 ж.ж. қазақ елін Ресейдің ішкі колониясынан шығару, оны тәуелсіз статусы бар мемлекет ретінде құру жөнінде жарғы жобасын жазады. Ол «Қазақ елінің Уставы» деп аталды және бұл құжат демократиялық даму жолын құқықтық тұрғыдан белгілеген Қазақстанның Ата заңының «қарлығашы» саналады, яғни «алғашқы Қазақ конституциясы»  деп атауға толық негіз бар. Ол қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды, ұлттар теңсіздігін, саяси шиеліністерді құқықтық-демократиялық реформалар арқылы шешуді жақтады. Сондай-ақ, ол елдің жарқын болашағы қазақ жастарының білім алуына, сауатты болуына байланысты екенін түсінді. Жетісу өңірінен шыққан алғашқы қазақ зиялылары – М.Тынышбаев, С.Аманжолов, Б.Мәмбетов, Н.Жақыпбаев, Қ.Боранбаев, О.Жандосов, Ж.Бәрібаев, Ы.Дүйсенбаев, т.б. азаматтар  Верный ерлер гимназиясын тікелей Б.Сырттановтың көмегімен бітіріп шыққан.
Оның Жетісудағы тұңғыш оқу ордасы «Мамания» мектебін ашуға да өз үлесін қосқандығы Барлыбектің туған қызы Ханафия апайдың қолындағы құжаттардан белгілі болды. Онда: «Сырттанов Б. делает предложение местным зажиточным строит школу – мектеп ... настраивает на Мамановы ... Сейтбаттал Маманов побыв в Алма — Ате у Сырттанова берет план мужской гимназии Алма – ата Верного» деп жазылыпты.
Барлыбек Сырттанов Жетісу аймағының бұлақ көздері, минералды сулары бар жерлерінде емдік сауықтыру орындарын салу жұмыстарына да мұрындық болған жан. «Қазіргі кезде аты шетелдерге дейін шыққан «Арасан — Қапал», «Барлық — Арасан» емделу демалыс үйлерінің ашылуы да осы кісінің есіміне байланысты», — деседі ел ішіндегі көнекөз қарттар. Кейінде оның «Қазақ елінің уставынан» басқа «Дәрілік өсімдіктер» жинағы кітабы табылған.
Б.Сырттанов денсаулығының нашарлауына байланысты 1908 ж. аяғында отставкаға отставкіге шығып, 1910 жылы өзі туған Қапал өңіріне оралады.
1911 ж. дертінің күшейе түскеніне қарамастан жергілікті патша әкімшілігінің озбырлығы салдарынан жерінен айырылып қалған Жетісу өңірі тұрғындарының мұң-мұқтажын жеткізу үшін Санкт-Петербургке барған. М.Тынышбаевтың деректері бойынша, ол осы сапарында Әлихан Бөкейхановпен кездескен. Елге оралған соң өкпе ауруынан айыға алмай, 1914 ж. 26 қарашада қайтыс болады.
Барлыбектің артында араб, парсы, орыс, қазақ тілдерінде ғұмыр бойы жинаған екі мындай кітаптары да қалған. Ол өлгеннен кейін Барлыбектің әйелі көрегендік танытып «халық оқысын» деп оларды ауылына іргелес қоныс тепкен Ақсу жеріндегі «Қайнар» мешітіне тапсырыпты. 1917—1919 жылдар арасында бұл кітаптарды болашақ дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров қажетіне жаратады. Қазіргі уақытта Барлыбек Сырттановтың 110 кітабының тізімі Ілияс ақын атындағы мұражайда сақтаулы деген дерек те бар.
Аудандағы Арасан ауылының орта мектебі Б.Сырттановтың есімімен аталады. 2010 жылы Ақсу ауданының Қызылту елді мекені мен ауылдық округының атын Б.Сырттановтың атымен қайта атау туралы шешім қабылданды

 

ІЛЬЯС ЖАНСҮГІРОВ   (қызметтік өмірі, отбасылық деректері).

      ИЛЬЯС ЖАНСҮГІРОВ 

Ол 1894 ж. Ақсу ауданы, Ойтоған ауылында (ол кезде 4-ші ауыл делінетін) дүниеге келеді. Небәрі 4 жасында анасынан айрылып, әкесінің тәрбиесінде өседі, алғашқы білімді де содан алады. 1910 ж. Қарағаштағы «Мамания» мектебіне түсіп, 1917 ж. дейін сол мектепте ара-тұра оқи жүреді. 1917-20 ж.ж. (азамат соғысы тұсында) оқуын өрлете алмай, өз ауылында егін егіп, мал бағумен болады. 1920 ж. Тәшкендегі қазақ-қырғыздарға арналып ашылған мұғалімдер дайындайтын курста оқиды. Курсты тауысқан соң, 1921 ж. Ақсу ауданы, Белтоғанда алғаш ашылған бастауыш мектепке мұғалім болады. 1924 ж. қазақ-қырғыз институтына директор, 1925 ж. Алматы Губерниялық Оқу бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Сол жылы Мәскеу журналистика институтына оқуға түсіп, 1928 ж. бітіреді. Содан Қызылордадағы «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер болып істейді. 1930-32 ж.ж. қазақ драма театрында әдеби қызметкер, қазақ халқы тұрмысынан бірінші түсірілген «Дала жыры» дейтін киноочеркке әдеби кеңесші болады. 1932-35 ж.ж. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1936-37 ж.ж. Қазақ көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімінде редактор болады.
1932 ж. Қазақстан және 1934 ж. КСРО Жазушылар одағы басқармаларына мүше болады. 1936 ж. Коммунисттік партия мүшелігіне өтеді.
Жыр дүлдүлі, заңғар ақын Сталиндік қуғынның құрбаны болып, 1938 ж. «халық жауы» аталып ұсталады, артынан атылады. Оның жерленген жері — Талғар ауданы Жаңалық ауылы.
І.Жансүгіров жасынан-ақ әдебиетке, өнерге қабілетті болып өседі. Оның баспалық және кітап түрінде жарық көрген бірінші туындысы 1927 ж. «Әйел теңдігі» журналына қосымша болып басылған «Беташар» аталатын 18 беттік кітапша болды.
І.Жансүгіров шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Өзінің өте қысқа шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрларында қаламынан өте құнды еңбектер бұрқырап төгіліп тұрды.
Тап күресі, жаңа құрылыс, тарихи тақырыптарға жазылған «Кек» (1931), «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» (1936) атты драмалық шығармалары, Төңкеріс алдындағы халқының тұрмысын, тап жігінің ашылуын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті, Қазан төңкерісіне дайындықты суреткерлікпен зерттеп көрсеткен «Жолдастар» (1935) романы — қазақ жазба әдебиетінің бағалы туындылары. «Кек» (1932) пьесасында жазушы азамат соғысы жылдарындағы ел өмірін суреттеп, қазақтың жас драматургиясында тақырыбы жөнінен әлеуметтік ірі мәселе көтеріп, жаңа бетбұрыс жасады.
І.Жансүгіров шығармаларының биік шыңы – оның поэмалары. Ол он беске жуық поэмалар жазды. «Рүстем қырғыны», «Байкал», ақынның көзі тірісінде жарияланған жоқ. Ал «Мақпал», «Исатай», « Көбік шашқан» поэмалары аяқталмай қалды. «Кәмпеске», «Мәйек», «Жаңа туған» поэмаларында жаңа заман шындығын эпикалық үлгіде кеңінен жырлауға талпына отырып, тың тақырыптың қиындықтарына да кездесті. Жансүгіровтың ақындық қуатын қалтқысыз танытып, тегеурінді талантының айнымас куәсі болған поэмалары «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер».
Ақынның таңдамалы шығармарының бір томдығы, толық жинағының 5 томдығы, соңғы жылдары тағы сегіз томдығы баспадан шықты. Қазақстан Жазушылар Одағы І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлық тағайындады. Қазақстанның бірнеше ауылдары, шаруашылықтары, мектептері І.Жансүгіров есімімен аталған.
Ілияс Жансүгіров өмірінде төрт рет некелі болған.  Бірінші жұбайы Жәмиләні 1919 ж. жиырма бес жасында, әкесі Жансүгірдің ұйғаруымен жеңгелей алған деген сөз бар. Онымен 1921 жылға дейін отасқан. Одан басқа нақты деректер жоқ.
Екінші жары Аманшамен 1921 жылы Ташкенттегі оқытушылар даярлайтын курсты бітіріп, Талдықорған уезі Белтоған ауылында оқытушылық қызмет істеп жүргенде үйленеді. Берентайқызы Аманша сүйкімді, мінезі биязы, ортасына ілтипатты, үлкен – кішіге сыйлы жан болған делінеді. Ілияс Аманшамен жеті жыл өмір сүреді. 1925 ж. 31 жасында Ілияс Мәскеуге журналистер институтына оқуға кетерде, ақынның тілеуін тілеп, осы сапарды қуаттаушы, нәзік, сезімтал аяулы жары болған Аманшаның алдағы өміріне қатты алаңдаған Ілияс оны туысқан әпкесі, Балдыбалаға аманат қылып тапсырып кетеді. Денсаулығы нашар Аманша екі жыл өтпестен қайтыс болады.

     1928 ж. Москвадан Қызылордаға келген Ілияс, көптеген білімді, зиялы азаматтармен қызметтес болады. Солардың бірі Сәдуақас Оспановпен араласа жүріп, оның немере қарындасы, болашақ жары Бәтимамен танысып, екеуі отау тігеді. Бәтима Жаңақорған аймағының ауқатты қазағы Ахметтің отбасында 1912 ж. дүниеге келген.  Ол білімге, өнерге жақын, әдеби шығарманы көп оқитын, әдемі даусымен ән салып, домбырада ойнайтын жан болған. 1930 ж. Бәтимадан Ілиястің тұнғышы Саят дүниеге келеді. Саяттан басқа Сайра деген қызы болады, бірақ ол шетінеп кетеді. Әлдебір себептермен екеуі көп ұзамай, ренішсіз ажырасады. Бәтима 1943 ж. сырқаттан қайтыс болған.
Ілиястың соңғы, төртінші жары-Фатима Ғабитова. Ілияс Фатиманы алғашқы рет 1919 ж. Ақсу жерінде көріп, қатты ұнатады. Фатимаға арнап өлеңдер жаза бастайды. 1921 ж. Ташкеннен оқудан қайтқанда Алматыда тағы бір табысады. Содан ұзақ жылдардағы өзара сүйіспеншілігі уақыт елегінен сынала өтіп, екеуі 1932 ж. қосылады. І.Жансүгіров Фатимадан Үміт, Ильфа және Болат атты екі қыз, бір ұл сүйеді.

 

ФАТИМА ҒАБИТОВА   әдебиеттанушы, ұстаз, қоғам қайраткері.

ФАТИМА ҒАБИТОВА

1903 ж. Қапал ауылында дүниеге келген. Әкесінің аты–Зейнулла. ауқатты саудагер болған. Ол өмірден өткенде Фатима алты айлық сәби еді. Шешесі–Ғайнижамал Жылқыбаевадан хат тануды үйренеді, медреседе татарша оқиды. Қазақ, орыс, татар тілдерін жетік меңгереді. 1917ж. Қапалдағы «Якобие» медресесін бітіреді.
Ф.Ғабитованың өмірі ағартушылық, әдебиеттік қызметтермен байланысты болады. 1918-20 ж.ж. Қапалда,ы татар және қазақ мектептеріне сабақ береді. 1930-32 ж.ж. Алматы қаласының Қазақ фармацевтикалық техникумында «Өнер, ғылым және әдебиет» секторында ғылыми қызметкер болады. 1932ж. Қазақстан жазушылар одағының ұйымдастыру комитетінде басшы болады. 1934-36 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиеті баспасында халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті жөніндегі редактор болады. І.Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б.Майлинмен бірге КСРО Жазушылар одағының (Мәскеу) I съезінің жұмысына қатысады. 1934 жылы КСРО Жазушылар Одағы басқармасына мүше болады. Содан кейін педтехникумда сабақ беріп, Алматы қаласы мен Жамбыл облысының Мерке аулында мұғалімдік қызмет атқарады. Шығармашылықпен айналысып, кітаптар редакциялайды, шығыс елдерінің фольклорын жинайды, мақалалар, өз замандастары өмірінен естеліктер, этюдтер жазады, аударма жұмысымен айналысады. Ілияс ақынның әдеби қолжазбаларын жинақтап, баспаға дайындап отырады. 1938 ж. І.Жансүгіров «халық жауы» болып ұсталғаннан кейін, Семей қаласына жер аударылады. Содан 1940 ж. Алматыға қайта оралып, қызметке де орналасады. Ф. Ғабитованың «Алыптар тағдыры » (1995 ж), «Жан қайығын жарға ұрдым» (1995ж), «Өртенде өңген гүл» (1998 ж.) атты 3 кітабы жарық көрген:.
Ф.Ғабитова үш рет тұрмыс құрған адам. Бірінші ері–ағартушы, ақын, драматург, журналист Орынбор гимназиясын тәмамдаған Біләл Сүлеевке тұрмысқа 1918 ж. шығады. Ол Жетісуда тұңғыш қазақ мектептерін ашқан, беделді халық ағартушысы болған. 1930 жылы «халық жауы» болып атылады. Екеуінен Азат және Фарида деген екі бала болады.

Одан кейін 1932ж Ілияс Жансүгіровпен тұрмыс құрады. Алғашқы екі жұбайының да «халық жауы» аталуына байланысты, Ф.Ғабитова өзі де репрессияның, қуғын- сүргіннің барлық қиыншылықтарын толығымен басынан өткізеді. Сол кездерде Фатимаға үлкен қамқорлық көрсетуші Мұхтар Әуезов болады. 1943 ж. екеуінен Мұрат Әуезов дүниеге келеді. Осы жылдардың бәрінде Фатима бүгіндері құнды деректер көзіне айналған күнделік жүргізіп отырады. Өзінің өмірі мен бостандығына елеулі қауіп төнетініне қарамастан, ол І.Жансүгіровтың мұрағатын сан тінтулерден сақтап, қастерлеп тығып ұстап, азаматтық ерлік жасайды. Сол қиын- қыстауларға қарамастан, Фатима Ғабитова ана ретінде де өзінің Ілиястан қалған балалары Үміт, Ильфа мен Болатты және Мұрат Әуезовтың тәрбиесіне, оқып- білім алуларына көп еңбек сіңіреді. Жетім қалған І.Жансүгіровтың бірінші ұлы Саятты да Мәскеуде іздестіріп, тауып алып, оны шын ниетпен еш бөлектемей, бауырына тартады. І.Жансүгіровтің 1957ж. ақталуынан кейін, оның мұрағатымен айналысып, шығармашылық туындыларының халқына қайта оралуына аянбай қызмет сіңіреді. Оларды көркемдеумен айналысады. 1951 ж. зейнеткерлікке шығады. 1968 ж. қаңтар айында өмірден өтеді.
Бірінші дәрежелі «Ардақты ана» медалімен, «1941—1945 ж.ж. Ұлы отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған.

    САЯТ ЖАНСҮГІРОВ-Ілиястің тұнғышы, 1930 ж. Бәтима деген әйелінен дүниеге келген. Саят бала кезінде әке –шешесінің оқуға кетулеріне байланысты біраз қиындық көрдаіп, шешесінің туыстарының қолында біраз жүреді, мектептегі оқуын тастап, жұмыс істейді. 1945 ж. Алматыда мектептегі оқуын қайта жалғастырады. 1949 ж. Мәскеудегі түрлі–түсті металлдар институтының тау-кен инженері мамандығы бойынша оқуға түседі. 1954 ж. Қазақстанға оралып, Қарағанды облысындағы Қарағайлы руднигінде, Жезқазған, Текелі қорғасын комбинаттарында цех және учаске бастығы, бас инженері болады. Кандидаттық диссертация қорғап, аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болып қызмет атқарады. Алматыдағы Ғылым академиясының тау – кен институтында еңбек етті. Қазір зейнеткер, Алматыда тұрады.

    ҮМІТ ЖАНСҮГІРОВА   Мамандығы дәрігер болды, кинорежиссер Абдулла Қарсақбаевпен тұрмыс құрады. Кейіннен ол әкесі Ілияс Жансүгіровтың еңбектерін халық арасында насихатталуына көп жұмыс жасайды. Талдықорған қаласындағы әкесі атындағы және аудандағы тарихи өлкелік музейлердің қалыптасуына беріле, белсене араласады. Қайтыс болған.

    ИЛЬФА ІЛИЯСҚЫЗЫ   Ұстаз, шет тілінің маманы, саяси қайраткер Санжар Жандосовтың жары болады. Ардагер ұстаз, шет тілінің маманы, «Ілияс Жансүгіров қорының» президенті.

    БОЛАТ ҒАБИТОВ–ЖАНСҮГІРОВ   Ол әкесі атылар алдында үш айлық сәби болады. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін, одан соң 1958 ж. Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.
Еңбек жолы республиканың телевидение және кинематография саласымен тығыз байланысты. Онда Мемтелерадионың тілшісінен «Қазақтелефильмнің» бас редакторына дейін өседі. Біраз жыл Қазақстан кинематография одағын және кино жөніндегі Комитетін басқарған. Кино саласында 30-дан аса деректі және «Турксиб», «Құс жолы» сияқты бірнеше кинофильмдерін шығаруда сценаристік, режиссерлік міндеттер атқарған. 1987 жылдан шығармашылықпен айналысқан. «Қамшы» атты сатиралық тележурналдың көркемдеуші жетекшісі болады. 1999 ж. кинематография одағының тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланады. Әкесі Ілиястың «Жолдастар» романын орыс тіліне Болат өзі аударған. 2004 жылы қайтыс болды.

 

    БІЛӘЛ СУЛЕЕВ  ағартушы, ақын, драматург, журналист.

        БІЛӘЛ СУЛЕЕВ  

1893 ж. Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында дүниеге келген. Тегі Найман, оның ішінде Қаптағай — Дуан – Бұйрас -Біләл алғашқы білімді әкесінен алады. Әкесі — Сүлей, атасы – Майлы да оқыған, білімді адамдар болған. Шешесі — Қамқа
1911ж. Қарағашта ашылған “Мамания” медресесіне келіп оқиды. Бірер жылдан кейін оның алғырлығы мен қабілетін байқаған Есенқұл Маманов өз қаражатымен Уфадағы мұғалімдер дайындайтын “Ғалия” медресесіне жібереді. Сол жерден ол өзі жолын тауып, Орынбордағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Б.Сүлеевтың cол кездерде Орынборда шығатын «Қазақ», татардың “Уақыт” газеттері мен «Шура» журалында «Матай», «Қаптағай», «Бұйрас» деген лақап аттармен өлеңдері, мақалалары басылып тұрады.
1916 ж. семинарияны үздік бітірген Біләл майданның қара жұмысына алынған қазақтарға мыңбасы болып Минскіге барады. Содан қайта оралып, 1917-18 оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебінде мұғалім және оқу ісін басқарушы болып қызмет атқарады. «Талды» деген жерде елге астықпен көмек көрсететін «Садыр-Матай» дейтін бюро ұйымдастырып, оның төрағасы болады. Сол жылдары мектепте мұғалім болып жүрген Фатима Ғабитовамен танысып, қосылады. Олардан Жәнібек, Азат атты ұлдары, Фарида дейтін қыз болады...
Б.Сүлеев Жетісу өлкесінің ауылдарында қасында жатақханалары болған көптеген мектептер ашуға ұйтқы болады. Барлық пәндер орыс тілінде, тек әр ұлттың ана тілі мен әдебиеті ғана өз тілінде оқылатын. Бұл әдіс-тәсіл Жетісудағы қазақ жастарының және басқа да ұcақ ұлттардың қалалардағы жоғары оқу орындарына түсіп, оқуларына мүмкіндік беріп еді. 1928-29 оқу жылында Ақтөбе облыстық білім беру басқармасын басқарады. 1930 ж. Орынбордағы мұғалімдер институтын – Оралға, Тәшкендегі мұғалімдер институтын – Семейге көшіріп алып барып, орналастырады. Сол өзі ректор болып бекітілген Семей институтына оқытушыларды іріктеп алып жатқанда НКВД қамауға алып, Алматыға аттандырады. Ол жерде екі жыл жазықсыз отырады. 1932 жылы 5 қыркүйекте босап шығып, Б.Сүлеев Мәскеуге кетіп сондағы бір өндіріс орында мәдени-ағарту қызметінде болады. 1934 ж. Мәскеу оны Қарақалпақ Наркомпросына басшылық қызметке жіберіледі. Сол жерден 1937 жылдың аяғында НКВД қайтадан ұстап әкетеді, содан жоқ болады...

 МҰХАМЕТЖАН ТЫНЫШПАЕВ     көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби (теміржолшы) инженер, тарихшы-ғалым.

1879 ж. бұрынғы Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр болысында өмірге келген. 1990 жылы Верный ерлер гимназиясын алтын медальмен бітіреді.

М.Тынышпаев Гимназия қабырғасында жүргенде-ақ өзінің ізденгіштігімен, білімдарлығымен, талапкерлігімен ерекшеленіп, құрмет-беделге ие болады. Гимназия директоры Вахрушев Жетісу облысының әскери губернаторына хат жолдап, оның талант иесі, барлық пәннен бағалары жоғары екенін көрсетіп, институтқа түсуге көмек етуін өтінеді. 1900 ж. ол Санкт-Петербургтағы тек дворяндар әулетінен шыққан балаларды ғана қабылдайтын І-Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтқа түсіп, оны 1906 ж. үздік бітіреді. Студент кезінде саяси өмірге белсене қатысып, социалист-революционерлер партиясына кіреді. Туған халқының мұң-мұқтажын ашық айта бастайды. 1905 ж. 19 қарашада өткен Автономшылар одағының 1-съезінде қазақтардың жерін тартып алып, жаппай орыстандыруға бағытталған патша әкімшілігінің озбыр саясатын сынап, үкіметке сенімсіздік білдіреді. 1907ж. 2-ші Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан депутаттыққа сайланып, оның мұсылман фракциясының мүшесі болады. Дума таратылғаннан кейін Орта Азия және Қазақстан жеріндегі темір жол құрылыстарына қатысады 1907-11 ж.ж. Орта Азия темір жол құрылысында ерекше тапсырмалар жөніндегі инженері қызметін атқарады және Әмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысады. 1911 ж. Урсатьевск-Әндіжан темір жол құрылысының бастығы әрі бас инженері болады. 1914 ж. елге оралып, Жетісу темір жол учаскесінің бастығы Арыс-Әулиеата құрылысының бастығы әрі бас инженері қызметін атқарады
1917 ж. ақпан төңкерісін қуана қарсы алған ол, эсер О.Шкапскиймен бірге Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. «Алаш» партиясымен тығыз байланыста болады. Осы жылғы 7 сәуірде құрылған Түркістан комитетіне бұратана халықтардан Ә.Бөкейхановпен бірге М.Тынышпаев та мүше болады. 9-16 сәуірде Ташкентте өткен Түркістан аймағының өлкелік комитеттері делегаттарының съезіне қатысып, үш күн оның мәжілісін басқарады. Шілдеде өткен 1-қазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 26-28 қарашада өткен 4-ші Түркістан өлкелік мұсылмандар съезінде Түркістан (Қоқан) автономиясы Уақытша үкіметінің төрағасы әрі ішкі істер министрі болып сайланды. Қоқан автономиялық республикасының бірінші Премьер-министрі қызметін болады. Алашорда үкіметінің қызметіне белсене қатысып, кеңестік билікке қарсы күреседі, қазақ елінің дербестігін қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етеді. Осы мақсатта сол тарихи кезеңде бір-бірін күшпен алмастырған әр түрлі Ресей үкіметтерімен (уақытша Сібір үкіметі, Құрылтай жиналысына мүшелер комитеті, Колчак үкіметі) келіссөздер жүргізуге қатысады.
Алашорда қозғалысы жетекшілерінің арасына жік түскеннен кейін Кеңес Үкіметі жағына шығып, елге оралады. 1920 жылдан мелиорация және құрылыс жұмыстарына араласып, 1922-23 ж.ж. Түркістан АКСР Су шаруашылығы Шымкент қаласы су шаруашылығы басқармасын басқарады. 1924 ж. Ташкент қаласында құрылған Қазақ халық ағарту институтында ұстаздық етті. Қазақ халқы тарихының күрделі мәселелеріне арналған еңбектер жазады. 1925 ж. Қырғыз (Қазақ) АССР-нің астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіру кезінде қаланың көріктендіру басқармасының бас инженері болды.
Оның өміріндегі негізгі ісі — Түркістан-Сібір темір жол құрылысы (1921—1930ж.ж.) болды. Осы құрылыс салу барысында оның жобалаушысы, негізгі маманы ретінде кәсіби шеберлігі айрықша танылды. Алайда М.Тынышпаев Кеңес өкіметінің қуғын-сүргініне ұшырап, темір жол құрылысы аяқталысымен 1931 ж. тұтқындалып, 1932 жылы сәуірде ГУЛАГ лагеріне жер аударылады. 1935 жылы ол тұтқыннан босатылғанымен, 1937 жылы қарашада «халық жауы» ретінде қайтадан қамауға алынады. 1939 жылы түрмеде қайтыс болады
М. Тынышпаевтың есімі Алматы облыстық тарихи — өлкетану музейіне, Қазақ көлік және коммуникация инженерлік Академиясына, көптеген мектептерге, көшелерге берілген. 2007 жылы Сарқан қаласында ескерткіші қойылып, оның атындағы облыстық қоғамдық қор жұмыс жасайды.
Шынасылов Шамай ағартушы. 1897 ж. Ақсу ауданының №4 (қазіргі Ойтоған) ауылында туған.
Ш.Шынасылов 1921жылдан өмірінің соңына дейін «елім» деп, бұқараны қолдап, белсенді қызмет атқарған 1918–20 ж.ж. Анненков қарулы әскерімен Ақсу өңірін басып алғаны тарихи шындық. Сол кезде Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Шамай Шынасыловтар елге бас — көз қарақ болып, елді Анненковтың езгісінен және аштықтан құтқару мақсатымен Қызылағашта «Матай-Садыр» қоғамдық қор ұйымын құрып, үлкен жұмыстар жасайды. 1921ж. наурызда РКП (б) — ның X съезінде бетбұрыс жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) қабылдануына байданысты, Ш.Шынасылов «жер жүзінің еңбеккерлері, бірігіндер» деген шақыруды қолдап, халықты азық – түлікпен қамтамасыз ету жұмысына белсене араласады. Ақсу ауданының ауылдарында «Қосшы» одағының ячейкаларын құруға ат салысады. («Қосшы» одағының облыстық басшысы О.Жандосов, аудандық басшысы Б.Сүлеев болады).

ШАМАЙ  ШЫНАСЫЛОВ   ағартушы.

1897 жылы Ақсу ауданының 4-ші ауылында (қазіргі Ойтоған) туған.

.Ш. Шынасылов бүткіл  белсенді өмірін  еңбекші бұқараны қолдауға арнаған. 1918-20 ж.ж. Ақсу өңірін  Анненков басқарған ақтар басып тұрады.  Сол кезде Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіровтермен  бірге елді «ақтардың» езгісінен және аштықтан құтқару мақсатында Қызылағашта  «Матай-Садыр» қоғамдық қор құрып, көп жұмыстар жасайды. Ақсу ауданының ауылдарында!"Қосшы" одағының ячейкаларын құруға ат салысады. ( «Қосшы» одағының облыстық басшысы О.Жандосов, аудандық басшысы Б.Сүлеев болады).

Кеңес үкіметі орна бастаған кезеңде, 1921 жылы  ояздық сайлаушы құрамалардың уездік төрағалығына сайланған. Сол кезде Гавриловка уезд орталығының атауы Талдықорған деп өзгертілген. 1921 ж. 20 наурызда алғашқы жарық көрген Алматы облыстық «Кедей еркі» газетінің шығуына тікелей басшылық жасаған. Ағартушылық бағытында халықты білім сауатын ашуға тартып, ауданда мектептер ашылуына үлкен үлес қосқан. 1927 ж. Қарағаштағы бұрынғы «Мамания» мектебі негізінде құрылған Алматы облыстық «Балалар коммуна» мектебінің тұңғыш директоры болады. Соған Шелек ауданындағы Түрген панасыз балалар мектебінен 50 оқушыны бастап әкелген Д.Балдақбаев деген мұғалім. «Алматы облысында балалар коммунасын алғашқы шоғырлап, бір жерге орнықтыру мәселесімен айналысқан Ш.Шынасылов еді... Шамайдың іскерлігімен панасыз балалар коммунасы құрылып, олар аш – жалаңаш жүруден құтылып, жұмысқа қамтылып, елді тонап, қанауды доғарды. Егіндік бау – бақша салып, мал асырап, азық – түлік, жем — шөп дайындап, өз күндерін көруге шамаларын жеткізді», — деп мектептер туралы дерегінде жазады.
Ш.Шынасылов 1937ж. 12 шілдеде НКВД нұсқауымен ұсталады. 28 қыркүйек күні сұраққа алынып, «Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы Ораз Жандосовтың басшылық тапсырмасымен Ақсу ауданында кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық топ құрып, оны басқарды», — делінген үкіммен 15 қараша күні атылады.

 СҰЛТАНБЕК БЕРСҮГІРОВ    ағартушы, алғашқы қазақ зиялыларының бірі.

1900 ж. Ойтоған ауылында дүниеге келген. Қазақтың көрнекті ақыны І.Жансүгіровтің бел немере інісі, әкесінің бауыры Берсүгірден туған.
1920ж. М.Тынышпаевтың қамқорлығымен Алматыға оқуға келген. 1921ж. қазақ-қырғыз мұғалімдерін даярлау курсын бітірген соң, қазіргі Алакөл, Ақсу аудандарының аумақтарында мектеп ашып, бала оқытумен айналысады. 1926 ж. Қазақ оқу-ағарту институтына оқуға түсіп, Санжар Асфендияров, Әлімхан Ермеков, т.б. ұстаздардан дәріс алған. Осы кезеңде “Тілші” газетіне “Матай — Найман” деген бүркеншек атпен өлең, мақалалар жазып тұрған. 1928 ж. жерлесі, әрі туысқаны Б.Сүлеевтің үйінде қазақтың ақын қыздарының бірі–Дәмеш Ниязқызымен танысып, үйленеді. 1930жж. ерлі-зайыпты олар Ақсу, Қапал, Сарқан өңірлерінде ұстаздық етіп, сауатсыздықты жою ісіне ат салысады.
С.Берсүгіров 1930ж. белгілі мемлекет қайраткері Т.Жүргеновтің ұсынысымен елден қаражат жинап, аймақтағы алғашқы арнаулы оқу орны– Қапал педагогикалық училищесін ұйымдастырып, оның директоры болады. Зайыбы– Дәмеш тарих, география пәндерінен, өзі математика мен физикадан сабақ береді. Өзі қазақ шәкірттеріне арналған алғашқы “Физика” оқулығын жазады (бірақ қолжазба күйінде пайдаланылған бұл еңбек 1937ж. қуғын-сүргін кезінде жоғалып кеткен). 1932ж. Жетісу өлкесін бойлаған жұтта ашаршылыққа ұшырап, босқынға ұшыраған қазақтарға көмек шараларын ұйымдастырады. Ел басындағы ауыр халды, жергілікті басшылардың асыра сілтеушілік әрекеттерін баяндап, жоғары билік органдарына хат жолдайды. Осы кезде Қапал өңірінен бірнеше “халық жаулары” (Келдібеков, Сәрсеков, т.б.) ұсталып, саяси репрессия күшейе түскен соң, Т.Жүргенов арнаулы бұйрықпен 1937ж. С.Берсүгіровті Алматы облысындағы Түрген педагогикалық техникумына ауыстырады. Көп ұзамай Қаракемер училищесіне директор болып келген О.Жандосов, Алматыда жүрген Т.Жүргенов пен І.Жансүгіров тұтқындалады. С.Берсүгіровке де “халық жауы” деген жала жабылып, НКВД-нің айырықша уәкілеттегі жазалау тобы–«үштіктің» үкімімен атылады.

 

P.S. Құрметті оқырмандар!  Кітаптың осы тараулық тақырыбы бойынша пікір-ұсыныстарыңызды, толықтырулар, жаңа мақалалар мен фотолар, ғылыми еңбектеріңізді жариялану үшін  берулеріңізге болады.