Құрметті сайт оқырмандары, желідегі достар!

   Өздеріңіз байқағандай, соңғы күндері, Елдос Тоқтарбайдың ұлттық арнадағы  Алаш қайраткері  Барлыбек Сыртанұлының «Жарқын бейнесі» туралы хабарламасы және сәл кейінірек, «Барлыбектанудағы бұрмалаулар» деген мақаласы  "Фейсбук" желісінде жарияланысымен, оқырмандардың Қайраткерімізге  деген қызығушылықтары ерекше  артып, бағалық  пікірлері  көптеп жолдануда.  Олар  біздің сайтта, осы топ парақтарында  да көрініс тауып жатыр.  Соның аясында, сайт кітабында қайраткер есімін иеленген, ауданымыздың Б.Сырттанов ауылдық  округі туралы деректік мақала жарияланды. Бүгін сол жарияланымдарды  Жемісбек Толымбековтың осы тақырыптағы  тағы бір тың, «Барлыбек болмысы» атты танымдық мақаласымен толықтырып отырмын.

Танысыңыздар, пікірлеріңізбен бөлісіңіздер! 

 

Барлыбек болмысы 

 

 

Барлыбек Сыртанов (1866—1914 ж.ж)

   БАРЛЫБЕК  СЫРТАНОВ  қайтыс болғанында 1914 жылы «Қазақ» газетіне «қазанаманы» Мұхамеджан Тынышбаев жазыпты. Басында қайтыс болған күнін 2 желтоқсан деп көрсетсе, ескертуінде түзеп, 26 қарашаны келтіреді. Барлыбек Сыртановтың өз ажалынан қаза болғанына күдікті жағдай тудыратын әр қилы себептер қазіргі кезге дейін айтылуда. Себебі,  Жетісу облысында Түркістан аудандық  күзет бөлімінің  10-ға жуық тыңшылары болыпты.  “Бала”, “Қара”, “Грамотный”, “Красивый”, “Служащий” деген бүркеншік есімдегі тыңшылары қазақ  азаттық қозғалысы жетекшілерінің  және облыстағы өзге де түркі-мұсылман халықтарының белсенді  азаматтарының  іс-әрекеттері  жайында мәлімет жинаумен шұғылданыпты.  Жетісу облысы  қазақ-қырғыздарының  1910 жылы 21  қазанда жасырын түрде  өткізген съезі жайында отарлық билік орындары “Қара” деген бүркеншік есімді тыңшының мәлімет беруі нәтижесінде хабардар болыпты. Осыған орай,  Верныйдағы  Іздестіру бөлімінің  меңгерушісі  1912 жылы 9  қыркүйекте Түркістан аудандық  күзет бөліміне жолдаған  қатынас хатында Барлыбек Сыртановтың  Петербургке сапарынан “панисламизмнің” көрінісі байқалады дегенді жеткізіпті. Түркістан аудандық күзет бөлімінің  тыңшылары Жетісу облысындағы саяси қозғалысқа жоғары және орта оқу орындарында білім алған Б.Сыртанов, Ы.Жайнақов, И.Абылайханов, М. Мұраталин, Д.Саурамбаев, Н.Тулин, Т.Серікбаев секілді  қайраткерлер жетекшілік ететіндігін, оларды тез арада тұтқындау  қажеттігі  жайында  ұсыныстарды орталық билік орындарына жолдапты. Осындай деректемелерден ақ патшаның тыңшы жендеттері Барлыбек Сыртановты жасырын және жұмбақ жағдайда мерт етті дегенге келтіреді. Әмбе тағы салдар Мұхамеджан Тынышбаевқа Барлыбектің үлкен ұлы:  «Ағам науқасынан жазылып, тәуір болды», — деп жазған хаты болған. Барлыбек Сыртанов бар-жоғы 48 жас өмір сүргені еш талас тудырмайды.   

 

  Енді сараласақ. Мұхамеджан Тынышбаев: «1905 жылы Барлыбектің ағасы Тұрлыбек көк жөтелден қайтыс болды. Үйін қимай, ағасының қайғысымен Барлыбек те көк жөтелге ілінді», — деп жазады. Бұдан Барлыбектің көк жөтелді, яғни жұқпалы өкпе ауыруына қалай шалдыққаны ұғылады. Жаңадан келген әскери губернатор Абионов Барлыбек Сыртановтың қызметін өсіріп, үш жылдан астам қасына ұстағанынан, ол ауыруын асқындырып алғаны айқындалады. Ең алғашқы Жетісу қазағы Барлыбек Сыртанов жоғарғы оқуды Петербургтен бітіргеннен кейін 18 жыл (өтілі) қызмет жасапты. Ақыры ауыруы меңдеп жеңе бастағанын сезінген, әлсіреген Барлыбек Сыртанов докторлардың кеңесімен қызметінен босап, қырдағы еліне кетеді. Барлыбек Сыртанов шөптердің емдік қасиеттерін жақсы білген білгір. Оны теріп, жинап кептіріп, тіпті шөптердің адамға емге пайдалы және қолдану негізінде «Емдік шөптер» деген еңбек те жазып қалдырған. Барлыбек Сыртанов бастапқыда жоғарғы оқуда  әскери доктор мамандығын игергісі келіпті. Бірақ, тағдыр басқа салаға бұрғаны мәлім.

 

  Барлыбек Сыртанов еліне оралғанында бос жатпай, «отставной надворный советник» қызметінде болады. Барлыбек Сыртанов елінде босқа қарап жатпай, «Айқап» журналына публицистикалық мақалалар жазып, Қазақ мүдесіне қызмет етуін жалғастырған. Жалпы Қазақ съезін өткізу туралы ойларын баспасөз арқылы халыққа жеткізген. Науқасына байланысты Қапалға қымызбен емделуге барғанында, Барлыбек Сыртанов Жетісудағы минералды су көздері бар жерлерден «Арасан», «Барлық-Арасан» санаторийнің ашылуына мұрындық болған.

 

  Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров мұражайының қорында Барлыбек Сыртановтың ұлы Әбдүлқадырдың (Кәке) 1960 жылы жазған күнделігі сақталуда. Күнделікте Барлыбек пен Тұрлыбектің ең алғаш Қопалыдағы (Қапалдағы) пансионатқа қалай оқуға алынғаны жайында деректер берілген. Орыс тілді оқу пансионатына оқуға Сыртан батыр Боқыұлы екі ұлы Барлыбек пен Тұрлыбекті өз еркімен беріпті. Барлыбектің әкесі Сыртан да ел ішінде турашылдығымен, өткірлігімен көзге түскен батыр адам болған. Сыртан батырға балаларын орыс тілді пансионатқа беруге кеңес берген Қопалы уезінің сол кездегі басшысы Эренталь мен тілмашы Жанғазы деген екен. Жанғазының елі — Бақы. Жаңғазының әйелі Барлыбек пен Тұрлыбекке ең алғашқы әріптерді үйреткен ұстазы десе де болар еді. Жанғазының ол әйелі Барлыбектің қосағы Еркежанның немере апасы болады екен. Елі — төренің қыздары. Төре болғанда, арғы аталары Қазақтың дербес хандығын құрған Жәнібек ханнан таралады.

 

  Мұражай қорында Барлыбек Сыртановқа арналған арнайы папка ашылған. Ішінде Барлыбек Сыртанов қолданған Атлас Жағрапиялық Картасы толық сақталғаны бар. Оған қосымша Барлыбек Сыртановтың ел мен жер мәселесі туралы ақ патшаның құзырлы органдарына өз қолымен жазған құжат-хаттары да сақталуда. 1930 жылы Сыртановтар үйінен тәркіленген 120 кітаптың тізім-тіркеуінің көрсетілгені тағы бар.

 

  Барлыбек Сыртанов дүние жүзіне әйгілі химиялық кестені Менделеев жасағанда, оған түрік тілінен Барлыбек Сыртанов көмекші-кеңесші болғанын бірең білсе, көбі білмейді. «Қазақ елі Уставы» мен іске асырған ауылдарды өзін-өзі басқаруға қатысты «Ынтымақ» ережесінен басқа, ең бірінші болып мемлекетті доминион (егемен) дәрежесінде құру керектігін көтерген қайраткер Барлыбек Сыртанов екенін де бірең-сараңдар ғана біледі. Ол жайында сақталған құжаттары бар.

Барлыбектің тәркіленген кітаптар тізімі


Б.Сыртановтың «Қазақ елі Уставы»


Барлыбек Сыртановтың қолы

 

    Барлыбек Сыртанов туралы депутаттық сауалды Қазақстан Республика Мәжіліс Парламентінде 2017 жылы 21 маусым күні Бопазов Марат Дәрібекұлы жасады. Ол сауалға Қазақстан Республикасы Үкіметінің (премьер-министр) басшысы Б.Сағынтаев 2017 жылдың 24 шілде күні ресми жауап берді. Осылай Барлыбек Сыртановты ұлықтауға мемлекеттік тұрғыдан жол ашылды. Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан Барлыбек Сыртанов туралы 40 (қырық) құжат деректерін, Ташкент қаласынан Тұрлыбек пен Барлыбектің тұрмысы жайында маңызды деректерді мұражайлардан тауып әкелген, Сәкен Өзбекұлының салған жолын жалғап Барлыбек Сыртановты зерттеп, танушы Елдос Тоқтарбайдың мәліметі бойынша мұндай депутаттық сауалнама Қазақстан Республикасы егемен алғаннан бері Мәжіліс Парламентінде бес рет жасалыпты. Сонда алтыншысы Барлыбек Сыртанов болады. Бағаласақ, бұл — ерлік. Барлыбек Сыртановтың есімі 100 (жүз) Қазақтың таңдаулы есімдері қатарына 70-ші болып енген. Бұл — Барлыбек Сыртановтың рухына деген үлкен құзырлық құрмет.

 

«Алаш» естелік медалі

 

  «Ақжол» демократиялық партиясы мен Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Алаш» ұлттық Автономиясының 100 жылдығының құрметіне» 2017 жылы 5000 (бес) мың естелік медаль шығарған болатын. Медальдың қас бетінде «Алаш» деп латынша жазылып, тоғыз Алаш қайраткерлерінің бейнесі бейнеленсе, медальдың артқы жақ бетінде латын әріпімен Алаш қайраткерлерінің аты-жөндері жазылып көрсетілген. Алаш қайраткерлерінің шаһбазы (идеологі) Барлыбек Сыртанов та аталып жазылыпты. Бұл – ұлағаттық.

 

  2017 жылы «Жетісу» телеарнасы Барлыбек Сыртанов туралы «Болмыс» бағдарламасын және деректі видеофильм түсіріп, халыққа паш етті. «Қазақстан» телеарнасы 2018 жылы 11 және 12 қаңтар күндері «Жарқын бейне» айдарымен Барлыбек Сыртановтың өмірі мен еңбектері туралы деректі видеофильмді Қазақ еліне жарқыратып, мағыналы мазмұнда, тәлімді көрсетті. Ұлттың тау тұлғасы «Қазақтың Барлыбегі» туралы ұлықталған бұл деректі видеофильмді қарапайым халық, жоғарғы лауазымды билік өкілдері, вице-министр, ғалымдар, жазушылар, студенттер, мектеп оқушылары көріп, «рахмет» алғыстары мен ризашылықтарын білдіріп, көптің алғысына бөленді. «Барлыбек Алаш сұлтаны» атаулы әнді әуезін композитор Мұратхан Егінбаев, сөзін Әли Ысқабаев жазып шығарды. Астана қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы шығарған «Алаштың асыл азаматтары» танымдық-ақпараттық жинаққа Барлыбек Сыртановтың ғұмырнамасы енген.

 

  Белгілі жазушы, ұстаз Шәкен Күмісбаев «Қанмен жазылған заң» әңгімесін, Гүлбақыт Қасен «Алаштың Барлыбегі» поэмасын, Мұхаметәлі Қазбанбетов «Барлыбектің баяны» туындысын баспа беттерінен шығарды. Ақсу ауданында бір округ пен ауыл Барлыбек Сыртанов есімімен аталып, аудан бойынша Барлыбек Сыртановтың 150 жылдық мерей тойы аталып өтілді.

 

  Тіл мәселесі туралы 1913 жылы Барлыбек Сыртанов: «Өлген елді тірілткен, жығылған елді тұрғызған, тынысы біткен елге дем берген, ғұмырынша басқалардың аяғы астында езіліп жатқан елді құлшылықтан құтқарып, басқалар қатарында өзінің елдігін жоғалтпай, дүниеде жасауға сүйреген бір нәрселер бар. Ол нәрселер: оқу һәм әр ұлттың өз әдебиеті. Үйдің орнықты салынуы үшін негіз қандай болса, әдебиетіміздің негізді жасалу үшін бір жөнге салынған дұрыс емле де сондай керек. Қазіргі уақытта жақсы-жаман болса да біздің де өз әдебиетіміздің басы құралып келеді. Соның үшін емлемізді бір жөнге салуға тиіспіз. Біз өзіміз қазақ үшін Ахмет Байтұрсыновтың шығарған емлесін һәм сол емледе жазылған кітаптарды қабыл көреміз», — депті Ғабдолла Шоқаевқа «Қазақ» газеті арқылы жазған ашық хатында. Бұдан Барлыбек Сыртанов Ахмет Байтұрсыновтың Қазақты ағартудағы еңбегін зор бағалағаны аңғарылады.

 

Астана қаласынан шыққан анықтама


Кәкенің сызбасы

  Баспасөз бетінде басылған кейбір материалдарда: «Барлыбек Сыртанов 1914 жылы Қапалда бақилық болған. Қапалда жерленген», — деген  деректер кезігеді. Ол ақпарлар жалған. Өйткені, Барлыбектің ұлы Кәкенің қалдырған күнделігінде Барлыбек Сыртанов қай жерде, қай күні, сағат нешелер мөлшерінде өмірден өткені туралы нақты ақпар жазып қалдырыпты. Барлыбек Сыртанов қайтыс болғанда Кәкенің өзі басы-қасында болған куәгер екен. Барлыбек Сыртанов 1914 жылы, ескі нұсқа бойынша 14 қараша сәрсенбі күні, сағат 2-3 аралығында, 48 жасында өмірден озыпты. Қайтыс болған жері: Сүттігеннің аяғы, Бұрған суына жақын жердегі Мұхамеджан деген жақын қарындасының күйеуі шикі кірпіштен тұрғызып берген екі бөлмелі үйдің төргі бөлмесінде. 1960 жылы Кәке «Барлыбек Сыртановтың ажалға кездескен жері» деп дәптерге сиямен жобалап сызып, түсіріп кетіпті. Сызып кеткені Ілияс Жансүгіров мұражайында сақталуда. Барлыбек Сыртановтың жинаған қазынасы 2000 (екі) мыңға жуық кітаптың сақталған орны да сызбада анық белгіленіп көрсетілген.

 

  Барлыбек Сыртанов — кейінгілерге үлгі болып жол көрсетіп, туған елінің көзін ашып, халқына қалтқысыз қызмет еткен. Қазақты ілгері бастыруға қам қылған. Теңдікке қолы жетпегендерді жеткізген. Ағарту ісінде де мәшһүр істер атқарған. Ол жайында әлі аршылып, ашылатыны анық. Әйелдер теңдігі үшін де күресіп, әйел азаттығын қорғаған. Санаға бостандық рухын тілеген. Барлыбек Сыртановтың ең алдыңғы ісі Қазақтың жері болған. Барлыбек Сыртанов Жетісудан шыққан тұңғыш жоғарғы білімді қайраткер және қазіргі Алматы облысы мен Қытай мемлекеті аралық шекараны межелеп бергендердің бірі екенін жадыдан шығармаған жөн.

 

 Қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев: «Барлыбек! Жалғыз сенің ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға қақың бар», — дегені әділдік.

     Жемісбек Толымбеков.