Барлыбек Сыртанов туралы баяндаулар — 4

 

Құрметті оқырмандар! Соңғы жылдары ұлтымыз тарихында ерекшелініп саналатын ерен тұлғаларының бірі, Алаш қайраткері, Жетісу өңірі Ақсу жерінің тумасы және мақтанышы  Барлыбек Сырттанұлының тәлімді өмір жолын, қайраткерлік еңбектерін  тереңірек зерттеу, жаңғырту және оларды бүгінгі-келешек ұрпаққа толығымен жеткізу мақсатында біршама нәтижелі насихаттық жүмыстар атқарылап жатқанын ризашылық сезіммен айтуға болады.

   Егер сәл ертеректе   Б.Сырттанұлын негізінен Сәкен Өзбекұлы, Шәкен Күмісбаев,  Мұхаметәлі Қазбанбетов,    Жемісбек Толымбеков  сынды қаламгерлердің зерттеулік еңбектері арқылы біліп-танып жатсақ, кейінгі мерзімде  бұл тақырыпта жас әдебиетшілер өкілі, белгілі алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбай мақсатты түрде тікелей қолға алып айтарлықтай шаруалар тындыруда. Олар көптеген баспасөз беттерінен, телебағдарламалар мен бейнефильмдер арқылы, интернеттегі әлеуметтік желілерде көрініс тауып жатыр... 

  Осыған орай, елімізбен жеріміздің  осындай ардақты Азаматтарын насихаттау - басты бағытының бірі болып табылатын сайтымның мүмкіншілігін пайдалана отырып, Мен де осы игілікті іске қолдаушылық қосу ниетіндемін. Бүған дейін сайтымда осы мақсатта Барлыбек  Сырттановтың  өмірдеректері, Жемісбек Толымбековтың  "Барлыбек болмысы"  деген танымдық мақаласы,  Гүлбақыт Қасеннің  «Алаштың  Барлыбегі»  атты поэмалық еңбегі жарияланған болатын.

  Енді, осы  және  алдағы берілер жазбаларды  жүйелі түрде  жүргізу үшін сайтымда «Барлыбек туралы баяндаулар» атты  жеке тарау ашылды.

 Бүгін оған жазбалардың кезекті топтамасы енгізілді. Оған арнайы түрде сұрақ ретінде тақырыбы бар Абай Аймағамбеттің "Барлыбекті бағалай алдық па? деген мақаласын алдым. Ал,  қоса берілген Елдос Тоқтарбайдың өзінің  таяуда ғана, 25 мамыр күні «Жетісу» газетінде жарияланған «Бозторғай»  мақаласы және  алдағы мақалалар осы сұрақты барынша ашатын болады деп ойлаймын. Қабыл алыңыздар!

   Сонымен бірге, бугінгі «Ұлттық Аза тұту» күнінде еліміздің  ашаршылық, қуғын-сүргінді кездерінде жазықсыз  құрбан болған барлық боздақ бабаларымызға, Алаш қайраткерлеріне тағзым етейік! 

 

Барлыбекті  бағалай  алдық  па?

Абай Аймағамбет

«Айқын» электронды газеті

20 қаңтар 2018 жыл

 

  Бұған дейін қалың көпшілікке есімі беймағлұм болып келген, соңғы бірер жылдың көлемінде ғана жаңғырып, таныла бастаған тұлға – Барлыбек Сыртанов. Қазақ тарихын қазбаласақ, ғылым-біліммен тағдырын егіз етіп, халық руханиятымен бітеқайнасқан азаматтар жетерлік. Әрбірінің салған даңғыл жолы, ұрпаққа бағыт беріп келеді. Барлыбекті басқадан даралап тұрған еңбегі – оның Қазақ елінің алғашқы конституциясына негіз болатын жарғыны жазып шығуы.

 

Барлыбек Сыртанов

1866 жылы 23 қазанда бұрынғы Талдықорған облысының Қапал-Арасан аймағындағы Қарашоқы жайлауында өмірге келген. Әкесі Сыртан ауыл-аймағында аты шыққан батыр болыпты. Барлыбектің өзі Қапал пансионатын тамамдаған соң, Верныйда білім алады. Одан соң, Санкт-Петербордағы шығыстану факультетінде оқып, түрік, араб, парсы тілдерін меңгеріп шығады. Осы білім мекемесінде жүріп, әйгілі Менделеевпен де іскерлік қарым-қатынас жасасқан. Оқу ордасында шығыстану және химия факультеттері қатар орналасады. Барлыбек Сыртанов Менделеевке парсы және шығыс тілдері бойынша кеңесші болады. Кейін әйгілі ғалым Потанин де Барлыбекке қолдан келгенше қарасып тұрған. Қазақ ұлы осылайша даңқты тұлғалардың шуағы мен мейірімі түскен, қарым-қабілетін тек білім мен ғылымға арнаған адам болған.

 

  Белгілі алаштанушы, жас ғалым Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, Барлыбек 1909 жылы Әлихан Бөкейханмен бірге Столыпиннің қазақ жерлерін тәркілеу туралы реформасына қарсы хат жазып, оны Үкіметтің атына жолдайды. Бірақ мәселе хатпен шешімін таба қоймайды.

 

Осыдан соң, 1911 жылдың 13 маусымында «Қазақ елінің уставы» деп аталатын тұңғыш конституциялық құпия заңды жаза бастайды. 4 бөлім, 28 баптан тұратын заң АҚШ пен еуропалық парламент талаптарын ескере отырып жазылған, еңсесі биік құжат болуымен дараланады. Заң жобасы туралы сол кездегі белсенділердің бәрі білгенімен, құжат жарияланбай қалады. Зерттеушінің айтуынша, Барлыбек қайтыс болғаннан кейін, 1917 жылы жазылған Алаш бағдарламасы – сол алғашқы конституциялық жарғыны үлгі еткен. Алаш заңында айтылған жер мен дін, мемлекеттік құрылым туралы түсініктер мен ережелердің барлығы Барлыбектің заңында айқын көрсетілген екен. Әрине, бұл ретте ол кісі жайлы деректер түпнұсқасының қалай табылғаны, оның жарыққа шығу жолы туралы білгіміз келеді.

– Барлыбектің туған қызы Ханифа тыңшылардан қорқып, әкесінің бүкіл дүниесі мен мүлкін жерге көміп тастайды. Бірақ арада жылдар өткен соң, жерге көмілген заттарды қайта қазып алып, оның барлығын зерттеуші Сәкен Өзбекұлына табыстайды. Бұл деректі ғалымның немересі Мүгүлсім әженің өз аузынан естідім, – дейді Елдос Тоқтарбай.

 

  Барлыбектің Петерборда оқып жүріп, шәкіртақысына екі мың кітап сатып алып, кейін оны кәдеге қалай жаратқаны туралы қызықты деректің де шеті шықты.

– Барлыбектің үлкен қызы Қайнар еліне ұзатылған кезде, әлгі екі мың кітапты жасауға қосып, бірге жібереді. Кейін кітаптар Қайнар еліндегі мешітте тұрған. Мешітке келіп жүретін бала Ілияс Жансүгіров сол кітаптармен сауатын ашып, білімін жетілдіреді. Осының өзі-ақ қазақтың бір дарынды тұлғасының екінші бір әйгілі азаматына сәулесін түсіргенін, мейірім-шапағатын төккенін көрсетеді. Әрине, тікелей емес. Кітап, рухани байланыс арқылы. Мұны Ілиястың әйелі Фатима Ғабитова да растаған, – дейді ол.

  Ақынның аталас ағасы Барлыбекке күйеу бала болып, кейін осы туыстық қатынас оларға сор болып жабысады. Әулеттің Барлыбекке қатысы бар екені анықталғаннан кейін, күйеу баласы ату жазасына кесілген. НКВД болса, бүкіл кітапты тәркілеп алады. Елдостың қолында Талдықорған архивінен тапқан, бұған қатысты да нақты деректер бар. Сонымен қатар Петербордан табылған 48 құжат – дипломы, әртүрлі мазмұндағы өтініштері, оқу табелі, емтиханға кіру рұқсатнамасы, басқа да құжаттары жарық көруді күтіп жатыр. Барлыбектің есімін жаңғырту жайы Парламент қабырғасында да көтерілді. Мәжіліс депутаты Марат Бопазов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, Барлыбек Сыртанұлының 150 жылдығын атап өту туралы ұсыныс білдірген еді.

 

 

– Ол – ақтық демі таусылғанша еліне, жеріне адал қызмет еткен перзент. Қайраткердің қазақ халқына істеген орасан зор еңбегін Әлихан Бөкейхан, Бақытжан Қаратайұлы, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты замандастары да жоғары бағалаған еді. Бірақ бүгіндері Барлыбектей тұлғаның насихаты аз болып тұр, – деген еді депутат. Ұсыныстар тізбегінде Талдықорғандағы №25 мектепке есімін беру, арнайы ескерткіш тақта орнату, сот қызметкерлеріне арнап Барлыбек Сыртанов атындағы сыйлық тағайындау секілді шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта Елдос Тоқтарбайдың басшылығымен екі кітап жарық көрмек.

  Оның біріне тек шығармалар жинағы топтастырылған. Яғни, Барлыбек жазған әдеби мақала, ғылыми еңбек, очерк пен сатира және дәрілік өсімдіктер туралы атаулы еңбектері бірге қатталмақ. Талантты адам қай тұрғыдан да талантты болатыны рас, сірә. Барлыбек жазып кеткен пайдасы мол дәрілік шөптер тарихы, олардың қолданылуы, бүгінгі түрлі дертке дауа боларлықтай екен. Тек баспа бетін көріп, қалың оқырманға жол тартса болғаны. Сондай-ақ кітапқа Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбаевтай замандастарының да айтқан естеліктері мен пікірлері енгізілмек.

 Екінші кітап–ғалымның ғылыми-шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған монография. Еңбек Е.Тоқтарбайдың жеке авторлығы аясында басылып шығады.
– Негізі, ол кісінің 150 жылдық мерейтойы 2016 жылы өтіп кетті. Себебі, Барлыбек 1866 жылы өмірге келген. Мені барлыбектануға сүйреп әкелген бірінші себеп – оның ауылдасы болуым шығар. Кішкентайымнан ол кісінің атындағы мектепте оқып, ол кісі туралы там-тұмдап естіп өстім. Сөйтіп, бұрын қорқасоқтап бара бермейтін, кіріге зерттей қоймаған тарих, құқық, заң саласына қалай араласып кеткенімді де байқамай қалдым. Бұл тарапта құнды мәліметтер білетін, айтары мол азамат-ғалымдар ретінде Мәмбет Қойгелді, Берекет Кәрібаев ағаларымыздың есімдерін атай аламын. Біздің ол кісілерден үйренеріміз көп. Олар да Барлыбек туралы арнайы зерттеу мақалаларын жазды, – дейді ол.

  Ғалым еңбегі еленіп, тарих жылнамасынан өз орнын берік алуы үшін Елдос Тоқтарбай қазір тағы бір еңбек дайындап жатыр. Ол «Барлыбек Сыртанұлын тану, зерттеу мәселесі» деп аталады. Расында, қазақ конституциясының тұңғыш негізін қалап, бүтін бір ұлттың заңдық тұрғыдағы жүгін көтерген азаматтың «табылуы», еңбектерінің мұқым елге мәлім бола бастауы – тарихи жаңалық. Сонау тар жол, тайғақ кешу заманда өмір сүріп жүріп, тұтас елдің Ата заңына негіз боларлық құжатты жазып шығу, түпкі іргетасымыздың берік, негізіміздің терең болғанын айғақтап тұрғандай.

Суреттер Санкт-Петербор мемлекеттік тарих архивінен алынды

 

 

Бозторғай

 

Елдос Тоқтарбай

ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

«Жетісу» газеті, 25 мамыр 2018 жыл

 

Картинки по запросу барлыбек сыртанов

Барлыбек Сыртанов

   Қазақ заманында қандай еді? Ішкі-сыртқы жаулардың қақтығысынан іргесі сөгіліп, Ақ ордасы құлаған Қазақ хандығы – Ресей империясымен уақытша достық қарым-қатынасында шарт жасасқанымен, іс жүзінде олай болмағаны баршаға аян. Әуелі орыс бекіністері салынды. Алым-салық көбейді. Қазақ даласын отарлауға арналған түрлі реформалар жасалып, түрлі ережелер жарияланды. Отарлық езгі күннен-күнге ұлғайып, қазақтың қабырғасына аяусыз тырнағын батырды. Құлдық қамытты мойнына таққан елдің тіршілігінен мән кетті. Қазақтың соңғы ханы – Кенесары қол бастап, империяға қарсы жойқын соғыс ашып, қазақ даласындағы бірнеше орыс бекінісін өртеп, өзінің әмірін жүргізе бастады. Қайран, дүние-ай, сол Кене ханның өзі де қапияда сатқындардың уысына түсіп, шаһид кетті. Қазақты азат етемін деп Исатай мен Махамбет батырымыз да атойлы ұран тастады. Қазақтың бас ақыны Абай хәкім де Сенатқа шағымын жазып, отарлық саясатқа қарсы үн қосты. Бірақ аз ғана халық қара ормандай қаулаған империяға қалай қарсы тұра алмақ?

 

 

Орыс империясы Жайықтан Алтайға дейін созылған кең атырапты пышақтың жүзімен кескендей үш генерал-губернаторлыққа, алты облысқа бөлді де тастады. Есте жоқ сонау заманнан Тұран деп аталған бұл атырап үш бөлікке  кесіліп қана қойған жоқ, уыздай ұйыған ұлысты бір-біріне қарсы қою үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданды: қазақ санасына рулық, жүздік, аумақтық бөлінуді сіңірді. Қаныңды, тегіңді білу мақсатындағы жөн сұрасу салты еді, ақырында империяның арам пиғылы трайбализмге ұластырды.      

   Патшалық отарлау саясатына қарсы тұрар күш жалғыз – білім мен ақыл еді. Тәңірі өзі жар болып, қазаққа интеллектуал, өр рухты, парасатты үркердей шоғырды сыйлапты. Олар – сын сағатта бір-бірін тез тауып, бір-бірінің жан дүниесін тез оқып, бірін-бірі қабақпен ұғып, алқалы топқа жиылыпты. Ұлт-азаттыққа ұйысқан қозғалыс Алаш деп аталды. Алаш қайсар азаматтардың асқақ рухты ұраны еді. Алаштың бір қайратты да қайсар ұлы Барлыбек Сырттанұлы болатын.

Барлыбек Сырттанұлы империялық Ресей тарихының, соның ішінде, қазақ халқы тарихының аса бір өрлеу кезеңінде – тарихи дамулар, күрес-көтерілістер, қиян-кескі соғыстар, ұлы революциялар дәуірінде жасады. Империя астанасы – Петербор шаһарында білім алып, құқықтық-саяси көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастырды. 1887 жылғы наурыздың біріндегі Александр Ульяновтың патша Александр ІІІ қарсы жасаған әрекеті, 1888—1889 жылдары Ресей империясындағы азаттық тілеген студент жастар демонстрациясы, 1905 – 1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық революция, 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыстың басы сияқты түрлі қақтығыстар мен толқулар. Осының бәрі оның көз алдында болды. Күнделікті қызметіне, шығармашылығының өзегіне, азаматтық көзқарасына зор әсер етті. Осыдан кейін студент Б. Сырттанұлының ғұмыр жолы – ұлт ісіне ұласып-ақ кеткен-ді. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзіне, саналы азаматтық қызметін, саяси өмірін: «Азаттық пен теңдік!» – деп бастады. Өмір бойы осы азаматтық сертін орындау жолында қызмет істеді. Ұлы империяға кіріптар болып қалған бодан елін құлдықтың азабынан шығару үшін өнер, білім, еркіндік һәм теңдік іздеп өтті.

   Қазақ жерінің талан-таражға түсуі, ең шұрайлы, ең құнарлы жерлердің орыс мұжықтары мен қарашекпенділерінің үлесіне тиюі, жөн-жосықсыз алым-салықтың үсті-үстіне еселеніп, көбеюі «жығылғанға жұдырық» болды. Қазақ даласының жиделібайсыны – Жетісу, оның ішіндегі табиғаты келіскен, суы – ем, шөбі – шипа Қапал-Арасанның көрігіне қол салуы – ең үлкен қиянат болған-тұғын. Генерал Г. Колпаковскийдің жер тартып алу саясатына ашықтан-ашық қарсылық білдіріп, ақыл-айласымен генералды көндіріп, сұлу аймақты сақтап қалған Қыдыралы бидің Тәнекесі – бала Барлыбектің ең жақын аталас ағайыны еді. «Жер» мен «Азаттық» мәселесі – Барлыбекті бала жасынан қинаған батпан сауал болды. Осы сауалдың жауабын тауып, түйінін шешу – оның ғана пешесіне жазылған екен. Туған өлкесінің тағдырына деген алаң көңілден туындаған махаббат – тұтас қазақ даласының тағдырына араша түсуге ұласарын білмеген де болар.

  Қара басының рахатын емес, құлдықтың қамытын киіп, отарлықтың бодауында жүрген халқының азаттығын іздеп шартарапты түгел шарлады. Әуелі Қапал барды, Верный ауды. Ұзынағаш пен Пішкекті артқа тастап, Петербор өтті. Патшалық астанасының қоғамдық-саяси өміріне араласып, сол уақыттағы «Дала уалаяты» сынды басылымдарға прогрессивті ойларын жазып, тұтас қазақ-қырғызға таныла бастады. Ташкент ауды. Қытай асты. Шыңжаңның да дәмін татады. Қарқаралы барып, Қояндыдағы атойлы «Алаш!» ұранына үн қосады. Орал өтіп, «Бес облыстық делегаттар сиезіне» қатысып, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы бастаманы көтереді. Қайыра Петербор барып, қан түкіріп, «Қазақ елінің Уставын» жазып, Үкімет үйінің табалдырығын тоздырады. Ғұмырының ең соңғы бекеті, көк өзегі – Ақсуы, «Мамания» мектебіндегі оқытушылық-ағартушылық қызметі. Әуелгі жол даярлық пансионат тобындағы шәкірт, классикалық гимназияның оқушысы, шығыстану факультетінің студенті болып, білім іздеп шарқ ұрғаны, генерал-губернаторлықтың кеңсе меңгерушісі, облыстық басқарма басшысы, аса құпия істердің кіші шенеунігі саяси қызметі, ұлтшыл, алашшыл, мұғалім тәрізді саяси көзқарасының сенімсіздігі. Өзін емес, елін ойлаған ғазиз басын тауға да, тасқа ұрады. Сондағысы – қазағының азат ел болғандығын көру екен. Бұл бостандыққа ұмтылған қайсар жүректің дүрсілі еді.

 

*     *     *

    Рас, оқыған, көзі ашық Барлыбек 1891 жылдан 1908 жылға дейін патшалық Ресейге қызмет етті. Қатардағы аудармашыдан кеңесші дәрежесіне дейін өсті. Адал қызмет етті. Еңбегі заматында бағаланып, бірнеше орденнің ковалері болды да. Бірақ, 1905 жылдан кейін Патшалық билік қызметіндегі қазақ азаматының ойы өзгеріп, саяси ұстанымы ұлттық бағытта қалыптаса бастады. Аудармашы, көптілді игерген азаматтың саяси ойының өзгеруіне себеп болған жайт – патшалық биліктің отарлық саясатының шектен тыс шығуы. «ІІ Николайдың портреті мешіттерге ілінсін!»  деген бұйрыққа ашық қарсылық танытып, Верный мешіттеріне сурет ілгізбей, мұсылмандардың мүддесін қорғады. Бұл бірінші қарсылық еді.

  1905-06 жылдары қазақ зиялыларымен бірігіп, Патшалық билікке жазған өтініш-талаптарға қол қойды. «Қарқаралы құзырхатының» жазылуы, Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылуы – азаттық қозғалысының басталуына негіз болды. Ұлттық ұлы бұлқыныс қазақтың жігерлі жастарының басын қосып, елдік санасын оятып, ұлттық мүддесін қалыптастырды. Шынын айтқанда, Алаш қозғалысы кезеңі – қазақтың ояну дәуірі, қайта өрлеу кезеңі болды. Алаш қозғалысы – қазақ ренессансы! Бұл екінші зор қарсылық еді.

   1907-08 жылдары Верныйда мұсылман кітапханасын ұйымдастырып, қазақ тілді басылымдарды шығарды. 1909 – 1910 жылдары Патша үкіметі тиым салған ұлтшыл ақын Міржақып Дулатұлының «Оян, Қазағымен», қазақтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» қазақ жастарына, верныйлық зиялыларға таратты. Бұнымен қоймай Ахметкәрім Зейнуллин екеуі бірігіп саяси жат элемент ретінде танылған Үндеу қағаздарын таратып, ел жастарын ұлтшылдыққа баулиды. Барлыбек тарапынан бұндай «сорақы әрекеттерді» Патша генералы күтпеген еді. Қалай айтсақ та бұл үшінші саяси қарсылық болатын. Осындай саяси сенімсіз әрекеттері үшін оны қызметінен босатты.

Қызметінен босаған соң  Барлыбектің отарлық саясатқа деген күресі одан әрі күшейе түсті. 1910 жылдың 21 қазанында Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын Верный, Пішпек, Қапал және Пржевальск уездеріндегі қазақ-қырғыз елдерінің өкілдерін жинап, Ұзынағаш сиезін ұйымдастырды. Сиезде жергілікті елге жер үлестіру, жалпы білім беру, сот істері және дін істері мәселесі талқыланды. Жиынға қатысқан ұлт зиялылары Патшалық үкіметке қарсылық білдірді. Бұл – бір губерния қазағының басын қосқан, өте қауіпті жиын болды. Бұны Барлыбектің билікке қарсы бағыттаған төртінші саяси қақтығысы деп түсінейік.  

  Ең зор қақтығыс патшалық астанасы – Петерборда орын алды. Барлыбек елінің арыз-талабын жиып әрі Столыпиннің аграрлық саясатына қарсылығын ашық білдіру үшін 1910—1911 жылдар аралығында Петерборда болады. Бұл сапарында ол Үкімет үйіне, министрліктерге кіріп, қазақ жерінің тағдыры турасында өзекті мәселелерді көтереді. Ақырында, болашақ Алаш Орда үкіметінің Премьер-министрі, қазақтың саяси көсемі Әлихан Бөкейханмен ұлт-азаттығын алу жөнінде әңгімелесіп, болашаққа жоспар құрады. Болашаққа арналған жоспардың келелі бір тармағы – Конституция болатын. Оны Әлекең замандас досы, патшалық билік институтының білікті маманы болған Барлыбекке тапсырады. 1911 жылдың 13 маусымында Россия астанасы – Петерборда бүгінгі қазақтың алғашқы Конституциясы, болашақ «Алаш» партиясы мен үкіметінің жарғысына негіз болған, құқықтық-саяси мағынасы зор, 4 бөлім, 28 баптан тұратын «Қазақ елінің Уставы»  еңбегі жазылған-ды. Осы заң жобасы жазылған соң  патша үкіметі секем алып, Барлыбек Сырттанұлын қатаң бақылау режимінде ұстады. Бұл Барлыбектің бесінші батыл саяси қақтығысы болатын.

 

*     *     *

 

 

Ұлттық ұлы бұлқыныста серпіліп, саяси ойларын батыл жазса да, қақтығыс митингта өктем пікірін білдірсе де, өз ісінде нағыз идеолог, сұңғыла екенін қылаусыз көрсетті. Ол өзі мейлі жер мәселесі болсын, мейлі алым-салық мәселесі, қазақ тілінің жайы ма, дін еркіндігі ме, соның бәрінде де, не өзінен бұрынғы аға буынға, не өзінен кейінгі жас толқын кіші буынға ұқсамай, тек Сырттанұлының болмысына сай, тек Сырттанұлының мінезіне тән айбат көрсетті. Бір қарағанда, Барлыбектің тағдыры – кешегі Шоқан Уәлиханның тағдырына келетіндей. Шоқан өмірден өткенде, Барлыбек дүниеге келген еді. Шоқанның өмір шырағы сөнгенде, Барлыбектің тағдыры жанған-ды. Шоқан да түрлі тәуекелге барып, басын қатерге тікті. Өмірінің соңғы кезеңінде ғана Шоқан халық жағына өтіп, Патша әскері құрамынан өз еркімен шығып, санын соғып, аһ ұрып қалды. Барлыбек те осыны аңғарып еді. Шоқанның аһ ұрғаны, Барлыбектің аңғарғаны – Империяның отарлық саясаттағы реформалық жоспарлары түптің түбінде қазақ елін жер бетінен біржола жоятындығында еді.
Өткен өмірдің бәрі – өкініш.

 

*     *     *

    Барлыбек Сырттанұлы бірінші кезекте туған халқының азаттығы, елінің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі жөнінде жан аямаған күрескер болды. Сосын Барлыбектің жас ғұмыры «не көрсем де Алаш үшін көргенім, маған атақ – ұлтым үшін өлгенім» дегенге саяды. Есіл ғұмыр осылай тамамдалды. Қайран Барлыбекті қайырымсыз уақыттың бозторғайы болған екен деп түйіндейміз.

 

*     *     *

 

   1914 жылдың 26 қарашасында түскі сағат 2-3 мөлшерінде Барлыбектің демі үзілді. Қазақ жерінің тағдыры үшін бозторғайдай шырылдап, ағысқа қарсы жүзген азаматтың мезгілі келгенде, Бөлекбұрған өзені арнасынан тасып, ақ басты Алатау мұнартып, Жетісу аспанын қара бұлт торлаған болар. Арысынан айырылған Сүттігендегі азалы жұрттың қазасына жеті арналы – Ақсу, Көксу, Бүйен, Қаратал, Тентек, Іле, Лепсі кемерінен асып, толқып кеп, көңіл айтқан да болар.

 

*     *     *

 

   Есіл ердің тағдырын ойлағанда, хәкім Абайдың: «Замана, неткен тар едің, сол қалқамды қоймаған?!» – деген азалы жоқтауы есіңе түседі де отырады.

 

*     *     *

    Алып империя құлаған елең-алаң тұста, Уақытша үкіметке иек артып, қазақ жастары Алаш Ордасын құрып, автономиялық республика болудың қамына кірісті. Әттеген-айы сол,  қазақтың өз ішінен арам ниетті, қаны бұзық бауырларымыз шығып, Алаштың ақ жолына тосқауыл болып, зор күштің қысымымен қазақ даласындағы Алаштың тұғырына нақақ қанға боялған қызыл түсті жалауды қадап, Кеңес билігін орнатты. 2 жыл, 5 ай, 15 күн өмір сүрген қайран азаттық, қайран Алаш идеясы сосын қанды трагедияға ұласты да кетті. Егер Барлыбек Сырттанұлы қапияда жан тапсырмағанда, ол да Алаштың уығын ұстап, шаңырағын көтерер еді. Қызыл террор тұсында кеңес билігін мойындамай, Отан алдында қасқайып тұрып атылар еді. Сөзсіз, солай.

    Бірақ жетпіс жылдық солақай идеологияның сеңі сетінеп, мұзы жібеген шақта  Алаш қайраткерлерінің есімі аталып, жұлдызы жанды. Еңселі ескерткіштері тұғырына қойылды. Олардың есімдеріне көше, мектеп, ауыл, аудан, қала атаулары да берілді. Бәрі дұрыс дейсің де, ұзын сонар тізімнен Барлыбектіңаты-жөнін іздейсің. Таппайсың! Ескерткіші тұрмақ  бюсті де жоқ ғизатли арысым-ай, ұрпағыңа өкпе арта көрме!