Шынасылов Шамай - шын асыл азаматымыз еді...
Өткен ғасырдың басында халқымыздың «көгіне өрмелеп шығып, күн болған» асыл азаматтардың бірі — Жетісу өңірінде «Ағартушы» және «Қазақ журналистері» саналатын «шоғырдың» алғашқылары сапында болған, Ақсу жерінің тумасы Шамай Шынасыл еді. Өкінішке орай, артынан жазықсыз «халық жауы» атанып атылған оның есімінің танымалдығы бүгінге дейін қалың бұқараға жеткілісіз болып келеді. ...
Осыған орай, бүгін сайтымның алдыңғы парақтарында жарияланған оның өмірбаяндық деректерін қайталап және оны біршама толықтыратын, баспасөз бетінде жарияланған сирек мақалалардың бірі - Елдос Тоқтарбайдың бір жыл бұрынғы «Жазықсыз жапа шеккен Шынасылов» атты мақаласын беріп отырмын. Қабыл алыңыздар!
Шамай ШЫНАСЫЛОВ
Шамай ШЫНАСЫЛОВ ағартушы, журналист. 1897 жылы Ақсу ауданының 4-ші ауылында (қазіргі Ойтоған) туған.
Бүткіл белсенді өмірін еңбекші бұқараны қолдауға арнаған. 1918-20 жылдары Ақсу өңірін Анненков басқарған ақтар басып тұрады. Сол кезде Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіровтермен бірге елді «ақтардың» езгісінен және аштықтан құтқару мақсатында «Қызылағаш» ауылында «Матай-Садыр» қоғамдық қор құрып, көп жұмыстар жасайды. Ақсу ауданының ауылдарында «Қосшы» одағының ячейкаларын құруға ат салысады. («Қосшы» одағының облыстық басшысы О.Жандосов, аудандық басшысы Б .Сүлеев болады).
Кеңес үкіметі орнай бастаған кезеңде, 1921 жылы ояздық сайлаушы құрамалардың уездік төрағалығына сайланған. Сол кезде Гавриловка уезд орталығының атауы Талдықорған деп өзгертілген. 1921 жылы 20 наурызда алғашқы жарық көрген Алматы облыстық «Кедей еркі» газетінің шығуына тікелей басшылық жасаған. Ағартушылық бағытында халықты білім сауатын ашуға тартып, ауданда мектептер ашылуына үлкен үлес қосқан. 1927 жылы Қарағаштағы бұрынғы «Мамания» мектебі негізінде құрылған Алматы облыстық «Балалар коммуна» мектебінің тұңғыш директоры болады.
Сол туралы Шелек ауданындағы Түрген панасыз балалар мектебінен 50 оқушыны бастап әкелген Д.Балдақбаев деген мұғалім: «Алматы облысында балалар коммунасын алғашқы шоғырлап, бір жерге орнықтыру мәселесімен айналысқан Ш.Шынасылов еді... Шамайдың іскерлігімен панасыз балалар коммунасы құрылып, олар аш – жалаңаш жүруден құтылып, жұмысқа қамтылып, елді тонап, қанауды доғарды. Егіндік бау – бақша салып, мал асырап, азық – түлік, жем — шөп дайындап, өз күндерін көруге шамаларын жеткізді», — деп мектептер туралы дерегінде жазады.
Ш.Шынасылов 1937 жылы 12 шілдеде НКВД нұсқауымен ұсталады. 28 қыркүйек күні сұраққа алынып, «Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы Ораз Жандосовтың басшылық тапсырмасымен Ақсу ауданында кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық топ құрып, оны басқарды», — делінген үкіммен 15 қараша күні атылады.
Жазықсыз жапа шеккен Шынасылов
Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиеттанушы
Осыдан сексен жыл бұрын НКВД «Үштігіне» «ермек» болып, қазақтың Шамай Шынасылов есімді қабылан азаматы жазықсыз оққа ұшқан болатын. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз еңсесін нықтап, жарқын болашаққа нық қадам басып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатымен рухани жаңғырып, сталиндік қанқұйлы кезеңде нақақтан-нақақ өлгенін, өткенін, өшкенін түгендеп отыр.
Осы орайда Шамайдай ердің есімін айрықша атауымыз ләзім. Бүгіндері есімі көпке белгісіз, өнегесі ұмыт қалған Шынасылдың Шамайы – ұлт жолында құрбан болған ардақты азаматтарымыздың бірі.
Ол 1897 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты №4 (Қазіргі – Ойтоған) ауылында дүниеге келген. Биыл ағартушы, қоғам қайраткерінің туғанына 120 жыл толып отыр. Шамай – бақ дарып, құт қонған оразды әулеттен тарайтын текті азамат. Түп атасы Темей (Тынды), бабасы Төлебай, Есіркеп те, өз атасы Досан, әкесі Шынасыл да өз заманының аты шыққан азаматтары болған. Бабасы Төлебай жоңғар, қалмақ соғысында «Абылайлап!» атқа қонған қазақ батырларының бірі. Аласапыран заманда жанқиярлық ерлігімен көзге түсіп, аты мұқым қазаққа мәшһүр болған батырдың ерлігі І.Жансүгіровтің еңбектерінде айтылған-ды. Құтты бесіктен өсіп-өнген бала Шамай Біләл Сүлеев, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров сынды ел ағаларымен қатарласып, ұлт қызметіне жегіледі. Ақ пен қызыл өзара бақталасқан шақта, ел іргесі сөгіліп, халық жерін, мал-мүлкін тастап, Ақсудан Алтай өтіп, босып көше бастайды. Бұл уақытта қара халықты біресе ағы, біресе қызылы шауып, берекесін қашырады. Осындай қиын-қыстау зұлматты жылдары Шамай Біләл, Ораз ағаларымен бірігіп, елдің қорғаны болып, атаман Анненковтың езгісінен құтылу және ашаршылықтың алдын алу үшін «Матай-Садыр» ұйымын құрады. Бұл ұйым – әлсіздің қорғаны, жоқтың тіреуі, жәбір көргеннің панасы, жетімнің жебеушісі болды. Нәтижесінде Матай атасынан тараған бір қауым елді Бөрлі құмына тығып, аштықтан, Анненковтың қырғынынан аман-есен алып қалады.
Кеңес үкіметі орнаған кезеңде, «Жер жүзінің еңбеккерлері, бірігіңдер!» деген шақыруды қолдап, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмысына белсене араласады. Ақсу ауданы аумағынан «Қосшы» одағының бөлімшелерін құруға көмек көрсеткен екен. Ол кезде бұл одақтың аудандық басшысы Б.Сүлеев, облыстағы басшысы О.Жандосов болатын. 1921 жылғы қолдан жасалған алғашқы аштықтан соң, Алматы облысының бірқатар аудандарында панасыз балаларға арналған мектептер ашыла бастайды. 1927 жылы Шамайдың қамқорлығының, қайраткерлігінің арқасында Қарағаштағы бұрынғы «Мамания» мектебі жанынан 200 орынды «Балалар коммунасы» құрылады. Бұл Қарағаштағы мектеп – бай-бағландардың мүлкін тәркілеу кезінде өртеніп кеткен еді. Міне, Шамайдай ағартушының көрегенділігімен бұл мектептің ордасы қайта көтеріліп, халықтың панасына айналады.
Алматы облысы бойынша оқу-ағарту ісімен айналысып, қоғамдық-саяси қызметтері арқылы сауат ашу ісін қолдаған қайраткердің үстінен заһарлы жылдары жөнсіз шағымдар түсе бастайды. Жала жапқыш белсенді тыңшылардың көрсетуімен қыран текті азаматтың аяғына тұсау түсіп, 1937 жылдың 12 шілдесінде қамауға алынады. Оған тағылған айыпта: «Кеңес үкіметіне қарсы қазақтардан құрылған ұлттық ұйымның жетекшілерінің бірі болып, Алматы облысы атқару комитетінің төрағасы О.Жандосовтың басшылық тапсырмасымен Ақсу ауданында кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық топ құрып, оны басқарды», – деп жазылыпты. НКВД үштігінің отырыс хаттамасында оның 1937 жылдың 28 қыркүйегінде тергеуде болып, өзінің қателігін толық мойындап, О.Жандосовтың тапсырмасын орындағаны айтылды делініпті. Ақырында НКВД Үштігінің шешімімен 1937 жылдың 15 қазанында ату жазасына кесіліп, мерт болады. Шамай неліктен атылды? Оның бар кінәсі – ұлтшылдығы, ұлтқа деген махаббаты, ағартушылық-қайраткерлік қызметі екен! Қайран, арысым-ай, қанатың қайрылғанша, еліңе, жеріңе адал болдың ау...Кейде ойлаймын, осы Шамайды мұз мұрт Сталин де, қу жақ Голощекин де, тіпті «лимитшіл» Мирзоян да көрмеген болар. Шамайды құртқан «өз ауылының иттері» еді. Расымен, солай ғой. Әйтпесе, Сталин қайта тіріліп келсе де, ұлан-ғайыр мына даланың түкпір-түкпірінен «халық жауы» болып атылып кеткен боздақтарды түгел танып болмас еді!
Шамайдай ердің ұрпақтары, ағайын-туысы өсіп, жетілген өркенді әулетке айналды. «Орнында бар дүние оңалып», оның құрметіне көше аты берілді. «Халық жауы» деген жаласы – «халық перзенті» деген шынайы құрмет-ықыласты сөзге айналды. Ендігі үміт-тілек: аумалы-төкпелі заманда қазақ жастарын оқуға шақырып, ағарту ісімен айналысқан Шамайдай қайраткердің есімін 120 жылдық айтулы мерейтойы қарсаңында Ақсу ауданындағы бір мектепке беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпыхалықтық аза тұту күнінде жер басып жүрген адамның қолынан келері – шейіт кеткен құрбандардың рухына құран бағыштап, дұға ету ғана емес пе! Ендеше, біздің Шамайдай қайраткердің рухына бағыштар дұғамыз осы болсын.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2 қазан 2017 жыл
https://egemen.kz/article/159074-zhazyqsyz-zhapa-shekken-shynasylov