«Ақсу ауданына 90 жыл» 

 

  Сайтымның «Халқының құрмет тұтқан азаматтары»  және «Ақсу ауданына 90 жыл» тақырыпты тарауларына орайластыра, Ақсу жерінің (Алматы облысы) тумасы, елі ардақтайтын, мақтаныш ететін азаматтарының бірі, еліміздің білім саласының  үздігі  Болат ЕРКЕНОВ туралы  деректік тұрғыдағы жазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!    

Еңбегімен ерендеген  ЕРКЕНОВ

(Ақсулық Болат ЕРКЕНОВ туралы баяндар)

 

 

ӨМІРДЕРЕКТЕРІ

 

 

   Ұстаз, Қазақстан Республикасының  білім  беру үздігі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері. Қазақ аграрлық университетінің Құрметті профессоры. Саяси-қоғамдық жұмыстар белсендісі. Ақсу  ауданының Құрметті азаматы.

   1956 жылы 1 шілдеде Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында  дүниеге келген. Чапаев атындағы орта мектепті (1973), Ақсу кәсіптік-техникалық училищесін (1977), Талдықорған индустриялық-педагогикалық техникумын (1980) және Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтын «инженер-механик» мамандығы  бойынша бітірген.

   1973—1974  жылдары  ПМК-2307 кәсіпорнында тас қалаушы болып еңбек жолын бастайды. Техникум бітіріп келгеннен кейін, 1980 жылы Ақсу кәсіптік-техникалық училищесіне оқу шебері болып қабылданып,  одан ары осы оқу орнында арнайы пәндердің оқытушысы, аға оқыту шебері, директордың орынбасары болады (1980—1993). 1993 жылдан оның директоры болып қызмет атқарды.

  2007 жылдың 29 тамызында қызметтік тұрғыда өсіріліп, Алматы қаласындағы №13 кәсіптік лицейінің директорлығына ауыстырылып, бүгіндерде сол қызметті  абройлы атқарып келеді.

   «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) мерекелік медалімен, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен (2006), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған (1995).  Жоғарыда көрсетілген атақтар иегері.

  Ол туралы «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» (2002), «Золотая книга», «Қазақстандағы қазіргі заманғы білім беру» және «Қазақстанда техникалық  және кәсіби білім беру» кітаптары мен көптеген газет-журналдарда мақалалар жарияланған.

  Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырған  2017 жылғы облыстық  «Үздік  кәсіптік білім беру ұйымы» байқауында І орынды иеленуі; 2018 жылы «Дуальді оқыту  бойынша  мамандарды дайындайтын  Үздік  оқу орны» аталуы; осы жылғы Қазақстандағы  гуманитарлық-экономикалық колледждерінің  Ұлттық рейтингісінде І орында көрінуі; халықаралық «Признание» премиясының дипломымен марапатталғаны;  «Лидер отрасли» ұлттық сертификатының иегері атануы сияқты т.б. жетістіктері бар.

 Саяси-қоғамдық жұмыстар белсендісі. Ақсу аудандық мәслихатының 2000—2007 жылдардағы 2 шақырылымының депутаты, «Отан» Республикалық саяси партиясы» ҚБ І-ші  съезінің, ҚР Білім беру қызметкерлерінің І және ІІ съездерінің  делегаты болып сайланған.

  Ол 4 балаға  қамқор әке, немерелеріне қадірлі ата. Үлкен ұлы – Аслан, полковник, ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы Академиясында кафедра меңгерушісі; Қызы – Айгерім,  заңгер;  Кіші қызы – Назерке, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты; Кенже ұлы -  Жахангир, 1-ші  сынып оқушысы. Жұбайы – Адибекова  Алма Арғынқызы, жеке кәсіпкер.

 

 

*     *     *

  Болат Еркеновтың өмірдеректерінен байқалғандай, оның бүткіл 40 жылдық қызметтік жылдары 2 ғана ұжымда — Ақсу кәсіптік-техникалық училищесі  (27 жыл)  мен Алматы қаласындағы №13 кәсіптік лицейінде өтіп отыр. Соған орай ол жөніндегі төмендегі мақалалар да осы 2 оқу орнындағы атқарған еңбектерімен орайластырылып берілді.

 

 

МЕН БІЛЕТІН ЕРКЕНОВ

Серікбек СЕРПЕРБАЕВ

Ақсу ауданының Құрметті азаматы

 

  Менің Болатты жақсы танып-білуім өткен, 80-ші жылдардың аяғынан басталған. 1986 жылдың күзінде шаруашылықтағы партком хатшылығы қызметінен Ақсу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған едім. Соған орай, қызметімнің басты бағыты — аудан кадрлерімен жұмыс істеу, оларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу жұмыстары болғандықтан, номенклатуралық құрамдағы  азаматтармен жете таныса бастадым. Сол кездерде елімізде басталған «жариялалық» саясатына сай, аупарткомның 1-ші хатшысы Н.Қылышбаевпен бірге облыста алдыңғылардың бірі болып аудандық кадрлар резервін дайындауды қолға алдық. Оған енетін жастардың кандидатуралары алдымен өз ұжымдарында, бастауыш партия ұйымында  жан-жақты талқыланып, тиісті мінездемелік құжаттарымен ұсынылып отырды. Жалпы тізімі аупартком бюросында бекітіліп, бүткіл аудан активіне жарияланды, аудандық газет бетіне шығарылды. Олар ары қарай қажеттілігіне қарай жаңартылып толықтырылып отырылды.

  Міне осы тізімге кәсіптік училищеден оның директорының  орынбасары болып жүрген Болат Еркеновтың есімі енді. Оған сол кездегі училище директоры, өзіммен бұрыннан Ақсу ауылында қызметтес, аралас-құралас болып жүрген Науқанбай Қыстаубаевтың берген тек жақсы пікірлері, қолдауы да сеп болды. Сол уақыттардан бастап менің Болатпен қызмет барысындағы және одан тыс та өзара әріптестік-сыйластық тұрғыдағы араласуымыз басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. ...

  Аталмыш училище  өзінің  оқу орны ретінде құрылуы бастауын 1960 жылы алғаш ашылған механизаторлар мектебінен алады. Содан кейін уақыт талабына сай мектептің статусы, құрылымы және соған орай атауы да  өзгеріп отырды.  Сол кезеңде №18 кәсіптік–техникалық училище  болып аталатын оқу ұжымы жаңа салынған ғимаратқа орналасып, оқу-тәрбие жұмыстары да сол уақыттың талабына сай атқарылып, облыс аумағында «жақсылар, озықтар» есебінде саналатын.

 

 

  Болат Еркенов те бұл кезде еңбек жолының алғашқы қадамын осы ұжымда «мастер» ретінде бастап, қызметтің барлық сатыларынан директор орынбасарлығына дейін жетіп, ұстаздық тәжрибе жинақтаған, кәсіптік-педагогикалық жағынан айтарлықтай шыңдалған, жұмысқа деген жауапкершілігін көрсете білген,  басшылық шеберліктің қыр-сырларын меңгерген маман-кадр болып қалыптасқан еді.  Сондықтан да, 1993 жылдың қыркүйек айында Н.Қыстаубаев зейнеткерлікке шыққанда, оның орнына «еш әңгімесіз», аудан басшылығындағы азаматтардың бірауыздан қолдауымен училищенің директоры қызметіне тағайындалды.

  Бұл еліміздің тәуелсіздік алуына орай, қоғамдағы, экономикасындағы күрделі процесстердің,  олардың алғашқы қиыншылықтары басталған кезең болатын. Болат бұл басшылық  қызметті атқару  барысында да  өзінің  білгір  маман,  жаңашыл-бастамашыл қызметкер, іскер  және талапшыл басшы  ретінде тағы да таныта білді. Бюджеттің тапшылығына қарамастан, көп жерлердегі сияқты емес, ұжым жұмысының тоқырауына жол бермей, керісінше, оқушылар-болашақ мамандардың кәсіби қабілеттерін шыңдап, шеберліктерін арттыру мақсатында  және де училищенің  оқу-материалдық базасын нығайтуға аса қажетті болғандықтан, нарықтық қатынастар талабына сай, қосымша қаржыландыру,  пайда табудың жаңа көздерін іздеумен шұғылданды.

  Осы кезде мен, жаңа, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары қызметімде ауылшаруашылық саласына жетекшілік еткендіктен,  осы жұмыстарын  көріп–біліп, араласа да жүрдім. Осы мақсатта өндірістік оқыту шаруашылығындағы  шағын егін алқабы 1600 гектарға дейін  ұлғайтылып, егін дақылдарын өндіру көлемі артты. Екеуміз бірлесе отырып, аудандағы бұрынғы «Қаракемер» совхозының егіс жүйелерін пайдалануды қолға алып, іске асырдық. Ол жерлерге астық, картоп, қант қызылшасы дақылдары себіліп, училище қаржылық жағынан едәуір нығайтылды. Училище жанынан күнбағыс майын, макарон өнімдерін шығару цехтары, «радиотелеаппараттары мен тұрмыстық техникаларды жөндеу», «автомобиль жөндеу және қызмет көрсету» орындары, «тіс протездеу» кабинеті, шаштараз ашылды. Бір ауысымында 4 тонна ұн шығаратын диірмен, астық сақтау қоймасы салынды; шағын наубайхана, «дока-нан» жабдықтары орнатылды, Қонақ үй ашылып, оқушыларға монша салынды.

«Жұмысқа орналастыру орталығы» мекемесі арқылы адамдарды әртүрлі мамандыққа оқыту да училищеге қосымша табыс әкелді. Барлық цехтар мен шеберханалар ақылы жұмысқа ауыстырылды. Олар мекемелер мен шаруашылықтардан, жеке адамдардан тапсырыстар қабылдады. Соның нәтижесінде, өндіріс орындарының тоқтауына байланысты, оларда  оқушылардың өндірістік практикадан өту мүмкіндігі  болмағандықтан,  кәсіптер бойынша  қажетті зертханалар мен шеберханалар, цехтар училищенің өзінде жасалып жабдықталды.

Оқу жоспарына жаңа мамандықтарды енгізу, мамандарды сатылай  дайындауға ауыстыру, өндірістік  оқытуды звенолық әдіспен өткізу сияқты  заманауи технологиялар оқу үрдісіне батыл енгізіліп отырды. Училище оқушылары әр жылдарда, әр деңгейде, әр тақырыптарда  өткізіліп отыратын кәсіби байқау-олимпиадаларға белсене қатысып, тұрақты түрде олардың жеңімпаздары–жүлдегерлері  атанып отырды.

  Болат тағы да сол қиыншылықтарға қарамастан мектеп жанындағы жатақхананы,  спорт, акт залдарын, басқа да ғимарат орындарының  жұмыстарын тоқтатпай, мүмкіндігінше жөндеулерден өткізіп толыққанды және мақсатты пайдалана білді, Облыс білім саласы басшылығының сұрауымен  басқа аудандардан жинақталған 50 шақты  еш қараусыз жетім-жалғыз қалған балалар қамқорлыққа алынып, оларға 2-3 жылдай оқыту–тәрбие беріліп отырды. Дәрілік шөптермен, т.б. емдеу бөлмелері  ашылды. 

Училищеде көркемөнерпаздар  және спорт үйірмелері тұрақты жұмыс істеді, олар өнерлерімен тек аудан емес, облыс деңгейлеріндегі байқауларда жеңімпаздар атанып отырды.  Әнші балалардың алды Қазақ теледидарының «Тамаша» және басқа да бағдарламаларында бой көрсетсе, көпшілігі олардың «лауреаттары» атанып отырды. Аудан деңгейіндегі көпшілік жиындар, аса маңызды саяси-қоғамдық, концерттік, мәдени-спорт шаралары да осы училище қабырғасында өткізіліп тұрды.

 

                   

 

 Осындай қажырлы еңбектер нәтижесінде, училище өз ішкі жағдайларын реттей білумен қатар, облыс аумағындағы үздік мектептер қатарына жеткізілді. Оның жұмысы әріптес мектептер арасында «үлгілік»  ретінде бағаланып, озық тәжрибесі басқаларға насихатталды.

  Осы жылдардағы Б.Еркеновтың  аудан өміріне байланысты  тағы бір абройлы еңбегі -  аудандағы қант зауыты жұмысымен байланысты болды. Сол уақыттағы қиыншылықтарға сай, 1999—2000 жылдары  жұмысы тоқтап  тұрған оның жұмысын қайта іске қосу, аудан, облыс деңгейіндегі саяси-әлеуметтік мәселе еді. Соған орай, зауыттың бұрынғы басшы-мамандарының тарап кетуіне және үлкен жауапкершіліктен бас тартуларына байланысты,  аудан басшылығының (аудан әкімі — Қ.БАЙБОЛОВ) ұйғаруымен оған басшылықты жасау Болатқа қосымша  міндет ретінде тапсырылды. Ол бұл сенімді  аброймен атқарып шықты. Қаржы үнемдеуге қажеттіліктен зауыттың қант шығаратын технологиялық 2 бөлігінің бірі ғана іске қосылып, науқандық жұмысын атқарып шықты.  Зауытты күзету, өнімдерін сақтау жолға қойылды. Зауыт жанынан басқа да өнімдер шығаратын жаңа цехтар ашыла бастады.  Сол кездегі зауытқа қажет  қаржылық мәселесін шешу, оған Алматылық банкілерден несиелер алу мақсатында, облыстың әкімі орынбасарлары, тиісті бөлімдері қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста,  тағы да екеуміздің «пәленше ай»  бірлесе жасаған жұмыстар ауқымын  баяндаудың өзі жеке бір әңгіменің тиегі болар еді...

 

 

  Осы баяндау барысында, еске түсіп тұрған тағы бір жайт – 1999 жылдың жазында ауданымызға Елбасы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ келуі. Облысқа жұмыс барысымен келген сапары соңында, оны біздің ауданның Қапал өңірі табиғатын тамашалатып,  біраз демалту шешілген екен. Соған орай, ауданға жеделхабар жетіп, оны қарсы алу дайындығы басталып кетті. Әр мекемелерге, маман-басшыларға  тиісті тапсырмалар беріліп, 1-2 күн ішінде «Мұздыбұлақ» жайлауында қазақ үйлерден шағын қалашық орнады. Сонда Елбасы қонақтайтын БАС үйді тұрғызып,  жабдықтау Болат Еркеновтің ұжымы жауапкершілігіне  тапсырылды. ҚОНАҚТЫ өзі қарсы алып, үйге жайғастырып, азды-көпті күтушілік атқарды. Елбасымен біраз шүйіркелесіп, ризашылығын алады.

 Сол сияқты, облыс аумағында,  барлық аудандарда  сол кездерде жиі атқарылып жататын мерейтойлық шараларға аудан атынан қатысуға байланысты дайындығы аса тыңғылықтылықты  қажет ететін жұмыстары салмағы да Б.Еркеновке  жүктеліп жататын.

 

 

 

  Болат Еркенов, сонымен бірге  аудандағы  саяси-қоғамдық жұмыстардың аса белсендісі бола алды. Бұл жерде де бірлесе жұмыс атқарып отырдық.  Мен, 2002 жылдан аудандық мәслихаттың хатшысы, ол оның  2000—2007 жылдардағы екі шақырылымының депутаты ретінде аудандағы талай ұтымды шараларды бірге атқарыстық.

 

 

1999 жылы  қаңтар айында елімізде «Отан» («Отчизна») Республикалық саяси партиясы» құрылғанда, оның аудандағы бастауыш ұйымдарын құрудың алғашқы қолдаушыларының  бірі болып, өз ұжымы адамдарын  партия қатарына өткізуге ұйымдастырушылық ете білді. Сол жылы партияның  І-ші  съезіне делегат  болып  сайланды. ҚР Білім беру қызметкерлерінің І және ІІ съездерінің де  делегаты болып сайланған.

 

*     *     *

  Осылайша еңбек пен қоғамдық жұмыстарда әбден пісіп-жетілген, қызметтегі ерен еңбектері, басшылық іскерлігі мен білгірлі әбден байқалған  оны,  облыстық білім беру басшылары 2007 жылдың тамызында қызметтік тұрғыда өсіріп, облысқа қарасты Алматы қаласындағы №13 кәсіптік лицейінің директорлығына ауыстырады. Бұл жұмысқа да қол сыбана кіріскен ол,  училищенің әбден тозған оқу корпусы ғимаратын жөндеуден өткізе отырып, оның ішкі-сыртқы бейнесін  адам танымастай әсем де әдемі түрге айналдырып үлгіреді.

 

 

 Сол уақыттарда  қызмет бабымен Алматыға жиі барып онымен кездесіп тұратын  мен, сол үлкен өзгерістердің бір куәсі боламын. Осы айтқандарыма біреу сенер, біреу сенбес, оны төмендегі фотосуреттермен айғақтайын:

 

     2007 ЖЫЛЫ                                3 ЖЫЛДАН КЕЙІН

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Соған қоса, училище қызметіне қажетті жаңа оқу кабинеттерін, цехтар, сабақтарға арналған болса да қаладағылардан еш кемі жоқ  әдемі мейрамхана, қонақ үй  ашып, оларды  заманауи технологиялық құралдармен жабдықтады.  Оқу процесіне мемлекеттік, шетелдік озық тәжрибелерді, инновациялық әдіс-тәсілдерді  барлық жағынан батыл енгізе отырып, оған дейін артта саналып келген ұжымды  жаңа уақыт талабына сай қызмет атқарып жатқан республикалық деңгейдегі үздік мектептер қатарына жеткізді. Сол мақсатта атқарылған жұмыс ауқымын келесі мақала толығымен көрсетіп бере алады. Ал құжаттық дәйек ретінде, өмірдерегінде көрсетілген мына жазбаны қайталайын: «Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырған  2017 жылғы облыстық  «Үздік  кәсіптік білім беру ұйымы» байқауында І орынды иеленуі; 2018 жылы «Дуальді оқыту  бойынша  мамандарды дайындайтын  „Үздік  оқу орны“ аталуы; осы жылғы Қазақстандағы  гуманитарлық-экономикалық колледждерінің  Ұлттық рейтингісінде І орында көрінуі; халықаралық «Признание» премиясының  дипломымен марапатталғаны;   «Лидер отрасли» ұлттық сертификатының иегері атануы сияқты т.б. жетістіктері бар»

 

 

  Болат осы Алматы қаласына ауысқаннан кейінгі мерзімде де, әлдекімдер тарапынан байқалатындай, «болдым-толдым» демей, әрдайым туған ауданымен, оның басшылығымен, әріптес болған азаматтармен, ағайын-туғандармен тығыз байланыста болып келеді; аудан өмірінің жай-жапсарларынан хабардар болып отырады. Аудан тарапынан облыстық, одан жоғарғы деңгейде өткізіліп жататын көпшілік шараларына араласып отырады, ұйымдастырушылық, демеушілік те көрсетіп отырады. Оларға дайындық шараларында Алматыдағы  Ақсулық жерлес азаматтардың бастары қосылып, «кеңес-мәслихат» құратын орны-«штабы» осы училище қабырғасы болып саналады. Мәселен, ауданның өткен 80 жылдығы, І.Жансүгіровтың 120,125 жылдықтарына байланысты және басқа да басқосулар  осы жерде өткізілді. Менің ауданның 80 жылдығына арналған «Аңыз Ақсу, Абыз Ақсу, Нағыз Ақсу» кітабымның да  осы училище жатақханасында дайындалғанын айтудың да еш сөкеттігі жоқ шығар.

 

 

  Сол сияқты, Ақсу жерінің біршама азаматтарының  осы училищеде жұмыс орнын тауып, қызмет істеп жүргендері де, оның бір азаматтық қырын көрсетеді деп санаймын.

  Өз кезегінде Ақсу халқы да өз Болатын әрқашан құрметтеп, қадірлеп отырады, оны өздерінің мақтанышы санайды. Көптеген мадақтаулармен қоса, оның есімі ауданның «Құрмет Кітабына» енгізіліп. 2003 жылы өзіне аса лайықты Ақсу ауданының Құрметті азаматы атағымен марапатталды.

  Баян соңында,  оның ел-жұрты, әріптес-тілектес азаматтары, бүгінгі қызметтегі өз ұжымы да, елі үшін адал да абыройлы еңбегімен ереленген, Ақсулық Азаматтың алдағы уақытта да талай еңбек жетістіктеріне, игілікті істеріне куә болатынына толық сенімді! Лайым солай болғай! Отбасына амандық, тек жақсылықтар мен қуаныштар тілейміз!

Ақсу елі атынан Серікбек СЕРПЕРБАЕВ.

 

 

ДУАЛЬДІК ЖҮЙЕГЕ КӨШУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨМЕГІ ҚАЖЕТ

(Сұхбат)

 

Жүргізген — Сәуле ӘБЕДИНОВА

«Ақжүніс» журналы