Халқымыз “өзен сағасыз, тон жағасыз, ал ел ағасыз болмас” деп даналықпен айтқан. “Ел ағасы” деген аса қадірленетін, үлкен салмаққа ие ұғым, құрмет иесі. Ол бір жағынан, азаматтың қоғамдағы орны, қызмет саласы, сіңірген еңбегі, дарындылығына байланысты рәсімделетін, берілетін атақтармен ерекшеленеді. Мәселен, ел басқарғандар төраға, хатшы, әкім, бастық деген қызмет лауазымдарымен, әскерилер мен заң қызметкерлері шендік лауазымдарымен, ғалымдарымыз ғылыми дәрежелерімен, өнер адамдары “еңбектері сіңген” деген атақтармен дараланады, бағаланады. Сол қатарға жататын Ақсулықтардың есімдері осы кітап тарауларында мүмкіндігінше аталады.

    Ал, халқымыздың бар асылының, рухани байлығының, ақыл-даналығының қайнар көзі болып табылатын  әр ауылдағы, аумақтағы қалың қауымның өздері мойындаған, “үлкені”, “ақсақалы-ақылшысы” саналатын “ел ағаларының да”  орны ерекше  болады.  Ақылы мен парасаты,  адал еңбегі мен адамгершілігі,  абыройы мен атағы тең бағаланып, оған  еш  күмән келтірілмей,  бүткіл өмір жолы көпшілікке үлгі болатын жақсы-жайсаңдарын халқы өзі ардақтайды,  есте сақтайды. Сондықтан, осы тарауда  әр кезеңдегі зор беделімен, үлкен адамгершілік қасиеттерімен,  жақсы іс-өнегесімен ауданның, тіпты облыс – республиканың деңгейінде жалпы жұртшылықтың шынайы сый-құрметіне бөленген,  Ақсудың  қадірлі  ел ағалары  деген ұғымға сай саналатын  өмірден  өткен және зейнеткерліктегі  ортамызда  бар  танымал тұлғалар есімдері көрсетіледі.  Әрине, осы санатқа жататын  олардың  қатары  молынан саналады.  Сондықтан,  олар  жөнінде мақалалар-естеліктер,  өздерінің де  естеліктері кітап бетінде тұрақты түрде жарияланып тұратын және үздіксіз жалғаса беретін болады. Бұл жерде сайт оқырмандарының  да белсенділікпен қатысуын тосамыз.
    Ал, бүгінгі  парақта  қазір қатарымызда жоқ,  дүниеден өткен  (рухтарына тағзым ете отырып)  аудан қалқы арасында аса сыйлы болған, құрмет етілген  аталарымыз-әкелеріміз  туралы  деректердің  алғашқы  топтамасы  беріледі. 

 

Ақсу ауданының ел құрметтеген ардагер азаматтары

 

Ахметов Хасен (1906-86)

Ахметов Хасен

Сарқан ауданы Энергия ұжымшарында туған. Сауатын ауыл молдасында ашқан. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Семей қаржы-кредит техникумын бітірген. 1957-58жж. Ленинград қаласында қаржы саласы бойынша білімін жетілдіреді.

Халық депутаттары Жансүгіров поселкелік Кеңесінің алғашқы төрағасы болады (1964-67). Аудан орталығын Абакумовка ауылына (кейін Жансүгіров поселкесі) көшірілуіне белсене араласқан.

Қазақ КСР Құрмет грамотасымен, «1941-45жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

 

Жидебаев Бәкей Ибрайымұлы (1910-86)

Жидебаев Бәкей

Қазіргі Сарқан ауданы Қарабөгет ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Қапал педагогикалық училищесін бітірген.

Бақалы ауылындағы мектепте, Ақсу ауданындағы мектептерде мұғалім болады(1930-41). Ұлы Отан соғысына қатысады. Қарабөгет, Бұрған, Чапай ауылдық Кеңестерінің төрағасы болды (1946-50). 1950ж. Чапаев атындағы ұжымшардың төрағасы болып, ол 1963ж. кеңшарға айналғанда, Көкөзек бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалады. Арасан ұжымшарында басқарма бастығы болады(1965-71). 1971ж. республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шығып, одан кейінде Қазақ егін шаруашылығы институтының тәжірибе шаруашылығында директор орынбасары болады(1971-77).

Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, он шақты медальдармен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Қазақстан Компартиясы ІХ съезінің делегаты, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалінің иегері. Аудан орталығының бір көшесіне есімі берілген.

 

Ұрмұрзин Ғазиз (1914—2000)

Жастай жетім қалып, Қарағанды жетім балалар коммунасында тәрбиеленеді. Талғар ауылшаруашылығы техникумын және ҚазКП ОК Жоғарғы партия мектебін бітірген.

1934ж. Қазақ педагогикалық институтының жанындағы екі жылдық курсты бітірген соң Алматы қаласындағы №18 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді. Кеңес армиясы қатарында болады (1936-38), Батыс Қытайда әскери бөлімнің құрамында жүріп, кеңес үкіметінің ерекше тапсырмаларын орындағаны үшін ҚазОА Президиумының Грамотасымен марапатталады.

Қазақстан ЛКЖО ОК аппаратының кадр және ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Алматы облыстық комсомол комитетінің әскери-дене тәрбиесі жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарды (1938-46). Ұйғыр аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары және аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды (1948-53). ҚазКП Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы және аудандық атқару комитетінің төрағасы, Ақсу және Алакөл аудандарының атқару комитеттерінің төрағасы болып қызметтер істеді (1953-61).

ҚазКП 6-12-шi съездерінің делегаты. 2 мәртеден «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан ЛКЖО-ның 2-4-ші съездерінің делегаты.

 

Балшықбаева Күнғали

1916ж.туған. Қарасу ауылында бастауыш комсомол ұйымы жетекшілігінен бастап, аудандық, облыстық комсомол комитеттерінде хатшы болады. Ақсу аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Ақсу ауылдық Кеңесінің төрайымы болды (1964-80).

6 медальдармен, бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталған. Ақсу ауылының бір көшесіне есімі берілген. 

 

Дүйсекенов Нүсіпбек (1917-91)

Көкөзек ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. 1938ж. Кеңес Армиясы қатарына алынады. 1941ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен әскери дайындығы бар жауынгер ретінде аудандық әскери комиссариатқа шақырылып, сол жерде жылдың аяғына дейін ауыл азаматтарын алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. Одан ары өзі де 1942ж. аты аңызға айналған 100-ші атқыштар бригадасы сапында майдангерлік жолын бастайды. Қиындықтарға толы Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысады. Кеңес Одағының Маршалы Жуковтың қарамағындағы ерекше әскери бөлім құрамында Польша жеріндегі, Германияның Висла, Одер өзендері бойындағы шайқастарды басынан өткізеді. Жеңіс күнін Эльба өзені бойында қарсы алып, Берлиндегі Рейхстагта өткен Жеңіс салтанатына қатысады. 1946ж. елге оралғаннан кейін Чапаев атындағы ұжымшарда есепші, Басқан, Кеңғарын және Шолақөзек ұжымшарларында басқарма болады.

Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 15 орден- медальдармен марапатталған. 

 

Нұрпейісов Серпербай (1918-94)

Нұрпейісов Серпербай

Қарашілік ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Қапал мұғалімдер училищесін, Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірген.  Қарашілік, Жаңатілеу мектептерінде мұғалім болады. Ұлы Отан соғысына қатысып, майдангер барлаушылар тобында болған. Украина, Белорусия, Польша, Германия жерлерін фашистерден азат ету шайқастарына қатысқан. Соғыстан келгеннен кейін Сталин атындағы бастауыш мектебінде ұстаздық етеді (1946-48). Одан кейінгі жылдардан бастап көптеген шаруашылықтарда партия ұйымының хатшысы, «Октябрь», «Сүттіген», «Қызылту», «Жаңалық», «Еңбек», «Жамбыл», Жансүгіров атындағы ұжымшарлар басшысы болады. Бірнеше жыл аудандық жол бөлімінің бастығы болған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, аудандық мүгедектер ұйымын басқарды.

Екі «Қызыл ту» орденімен, оннан аса әскери және еңбек медальдарымен марапатталған.

Нарышев Жидехан (1918—2001)

Нарышев Жидехан

Семей облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Алматыдағы есеп-экономика техникумын бітірген.  Алты жасында әке-шешесінен айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. 1941 жылдан Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандарында мемлекеттік банк бөлімшелерінде жүмыс істейді. Ұлы Отан соғысына қатысады. 1943ж. Ленинградтың қоршауын бұзуға қатысады. Қапал, Андреевка, Алакөл, Сарқан аудандарында мемлекеттік банк бөлімдерінің бастығы болып қызмет атқарған (1945-62). Ақсу аудандық партия комитетінде нұсқаушы (1963-64), содан зейнеткерлік демалысқа шыққанша аудандық қаржы бөлімін басқарады (1965 -87).

«Қызыл жұлдыз», І-ІІ- ші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін» және басқа көптеген медальдармен марапатталған «Банк ісінің үздігі».

 

Құсмолдин Баянды

Құсмолдин Баянды

1918ж. Көкөзек ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Қарағаштағы мектепті, Қапал педучилищесін бітірген. Ақсу ауылындағы «Мамания» орта және Қызылағаш орталау мектептерінде мұғалім болып еңбек етеді (1937-38). 1939ж. Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 949 жылдан аудандық партия комитетінің саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі болады. Кейіннен Чапаев атындағы ұжымшардың партком хатшысы, №135 кәсіптік-техникалық училище директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болады.

«Қызыл жұлдыз» және басқа да жауынгерлік ордендермен, медальдармен марапатталған. Жансүгіров поселкесіндегі бір көшеге есімі берілген.

 

Қоңырбаева Майнұр (1920—2006)

Қоңырбаева Майнұр

Қызылағаш ауылында туған. Қапал педучилищесін бітірген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, Арасан орта мектебінде мұғалім, Қоңыр орта мектебінде директор болады. 1944ж. Алматы қаласындағы редакторлар даярлайтын қысқа мерзімді курсты аяқтап, Қапал аудандық газетінің редакторы болады. Андреев және Алакөл аудандық партия комитеттерінің үшінші, екінші хатшысы қызметін атқарған. Екі рет аудандық газеттің редакторы (1957-65 және 1976-78), Ақсу аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы (1965-75) қызметтерін атқарды. 1978ж. зейнеткерлік демалысқа шықты.

«Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қазақстан журналисттер одағының мүшесі, «1941-45ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін», т.б. оннан астам медальдармен және көптеген мақтау грамоталарымен марапатталған.   Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 

 

 

Омаров Рахымжан (1921-96)

Омаров Рахымжан

Ақын Сара ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Балалар үйінде тәрбиеленеді. 1943ж. ақпан айында Ұлы Отан соғысында ауыр жараланады. Елге оралған ол, ҚЛКЖО Ақсу аудандық комитетінің екінші хатшысы, 1944 жылдан аудандық тұтынушылар қоғамының тексеруші-есепшісі, аудандық Кеңесі атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Одан кейін аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы, Ақсу МТС-інің және ҚП Ақсу аудандық комитетінің нұсқаушысы (1947-58), Жансүгіров атындағы және Қосағаш кеңшарлары партия ұйымдарының хатшысы, Жансүгіров атындағы кеңшардың кадр бөлімінің бастығы болды (1962-81).

«Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше жауынгерлік, т.б. медальдармен марапатталған. Жансүгіров поселкесінің бір көшесіне есімі берілген.

 

Қорғанбаев Бейсебек Мұқанұлы

Қорғанбаев Бейсебек

1923ж. Кеңжыра ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. «Мамания» орта мектебін, Қапал педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтын бітірген.  Ұлы Отан соғысына қатысып, 1947ж. оралады. Алғабас бастауыш, Чапаев атындағы орта, Пушкин атындағы жеті жылдық, Гоголь атындағы орта мектептердің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, директоры болады (1947-58). Содан кейін Ақсу аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі,. «Басқан» қой кеңшарының партия комитетінің хатшысы (1958-64), Ы.Алтынсарин және Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептердің директоры, Ақсу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі (1964-74), аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, Ақсу аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі (1974-86) қызметтерін атқарды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін. тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғаудың Ақсу аудандық кеңесінің жауапты хатшысы болды (1987-92). 2004 ж. дейін қоғамдық негізде аудандық ақсақалдар алқасын басқарды.

«Еңбек Қызыл Ту», «Отан соғысы», «Парасат» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және басқа да ондаған медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан КП Орталық Комитетінің, КСРО оқу министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Екі рет Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алған. Бүкілодақтық мұғалімдердің 2-ші, республикалық мұғалімдердің 5-ші съездерінің делегаты. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Нұрмұхамбетов Жасболат (1923-97)

Сүттіген ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Матай стансасындағы №12 орта мектепті, Қазақ Мемлекеттік Университетін, Мәскеу кооперативтік институтын бітірген.

Мектепті үздік бітіріп жұмысқа араласқан ол, 1942ж. Ұлы Отан соғысына шақырылады, бір жылдан кейін офицер дәрежесіне ие болады. Ауыр жарақат алып, 1943ж. елге оралғаннан кейін туған ауылында есепші болады. Алматы қаласындағы облыстық ауылшаруашылық банкіде инспектор, Қазақ КСР-і жеңіл және тамақ өнеркәсібі Министрінің көмекшісі, Ақсу ауданында тұтынушылар кооперациясының бастығы қызметтерінде болады(1949-64). Содан кейін Қазақстан тұтынушылар одағы басқармасының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Жамбыл облыстық тұтынушылар кооперациясының, Талдықорған қаласындағы қалалық сауда мекемесінің бастығы қызметтерін атқарды (1965-85)...

Зейнетке шыққанна кейін де ақсақалдар қатарында қаланың, облыстың қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарына белсене араласады. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жөніндегі ой–толғамдары республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияланып түрды. Талдықорған қаласындағы Ақ мешіттің құрылысына ұйытқы болушылардың бірі.

«Ұлы Отан соғысы» ордені және 12 медальдармен марапатталған, ҚСРО және Қазақ КСР «Тұтынушылар кооперацияларының үздігі» төс белгілерінің иегері.

 
Сабырбаев Ақыш Ғалымжанұлы (1924—2005)

Сабырбаев Ақыш

Ақсу ауданы Шадай елді мекенінде туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Мәскеудегі орталық тұтынушылар кооперациясы институтының Алматыдағы бөлімшесін бітірген.

1942ж. Чапаев атындағы орта мектебінде оқып жүргенде әскер қатарына шақырылады. 1943ж. аяғынан Ұлы Отан соғысына қатысады. 1945-47 ж. Ленинград соғыс аймағына қарасты әскери бөлімдерде әскерлік қызметті жалғастырады. 1947ж. елге оралып еңбек жолын аудандағы тұтынушылар кооперациясында бастады. Бақалы, Чапаев ауылдық тұтынушылар қоғамының есепшісі (1947-56), Ақсу аудандық тұтынушылар одағының бас есепшісі, төрағасы (1956-72), аудандық дайындау мекемесінің төрағасы (1972-90) болады. 1988ж. аудандық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы болып сайланды.

ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі», ҚР-ның «Құрмет» ордендерімен, 1941-45ж. Отан соғысындағы «Жеңіс үшін» және басқа да жеті медальдармен марапатталған. Тәуелсіздік мемлекеттерінің біріккен ардагерлер қоғамының «Құрметті ардагер» атағының, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатының» иегері. Тұтынушылар кооперациясының озат қызметкері. Бірнеше рет аудандық Мәслихаттың депутаты болып сайланған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 

Садуақасова Елетай Омарқызы (1924—2005)

Садуақасова Елетай

Семей облысы Аягөз ауданы Сергиополь ауылында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген.

Институттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласады, комсомол ұйымының хатшысы болды. 39 жыл бойы Ақсу ауданы мектептерінде мұғалім, директордың тәрбие жөніндегі оқу-ісінің меңгерушісі, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп директоры, аудандық оқу-ағарту бөлімінде әдіскер, Ақсу аудандық кәсіподақ кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарады

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Қазақ КСР Ағарту министрлігінің және республикалық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Қазақ КСР Оқу ағарту ісінің үздігі». 1963 ж. Мәскеуде өткен IV Бүкілодақтық кәсіподақ съезінің, мұғалімдердің облыстық және республикалық бірнеше съездерінің делегаты болды. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Мұхамадиев Мырзахан (1925—2008)

Мұхамадиев Мырзахан

 

Ақсу ауданы Өнім ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Алматы малдәрігерлік институтын бітірген.

1943ж. әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1944ж. жараланып, емделеді. 1946ж. елге оралады. 1948ж.  аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде қызмет істеді. 1954-75 жылдары «Еңбек» ұжымшарының басқарма бастығы, Ойтоған ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

2-ші, 3-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және “Ленинградты қорғағаны үшін”, “Ерлігі үшін” медальдарымен марапатталған.

  

Қалабаев Сымжан Шаяхметұлы (1926—2006)

Қаракөз ауылында туған. Ақсу қазақ орта мектебінде оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, Қаракөз ауылында жұмыс істейді. Қаракөз ауылдық Кеңесінде кітапханашы, атқару комитетінің хатшысы болады (1942-45). Ақсу аудандық Кеңесінің атқару комитетінде нұсқаушы, бөлімдер меңгерушісі болады (1946-56). Содан кейін Ақсу аудандық партия комитетінде нұсқаушы, кеңесші, бірінші хатшының көмекшісі, жалпы бөлім меңгерушісі болып қызмет істеп (1956-87), зейнеткерлікке шықты.

Кеңес Одағының медальдарымен, облыстық партия, атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы. 

 

Нүкенов Тәңірберген (1926—2015)

Басқан ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. СОКП Орталық комитетінің жоғарғы партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1942 ж. ауылда колхозшы болып бастайды. Кеңес Армиясы қатарында болады (1944-50). Ақсу аудандық Кеңесі атқару комитетінде бөлім меңгерушісі (1950-52), аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқарады (1952-84). 1986ж. құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейінде, 1989ж. дейін Жансүгіров поселкелік Кеңес төрағасы болды.    «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», т.б. көптеген медальдармен марапатталған. 

 

Әбішұлы Жақанбай (1923—2014)

Әбішұлы Жақанбай

Ойтоған ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Матай орта мектебін, Алматыдағы заң мектебін және педагогикалық институтты бітірген. Мектеп бітірісімен әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Майданнан келген соң аудандық сотта жұмыс істейді. 30 жылдан аса мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 16 жыл Жансүгіров атындағы орта мектеп директоры болады. Ауылдың, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Газет тілшісі болады. Журналист, «Өмір өткелдері» атты кітап жазған, 3 кітабы жарық көрген.

1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 21 жауынгерлік және еңбек медальдарымен, көптеген Мақтау грамоталарымен марапатталған. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 55 жылдық мерекесіне байланысты 2000ж. Астанада, Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы қабылдауында болып, қолынан сағат алған.   Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Жиенбаев Әмірбек (1924-84)

Жиенбаев Әмірбек

 

Ақсу ауданының Көкжайдақ ауылында туған. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Алматы ауылшаруашылық институтын, Жоғарғы партия мектебін бітірген. 1941ж. 17 жасында соғысқа шақырылған ол, 1942ж. Смоленск қаласының түбінде ауыр жарақат алып елге қайтады. Көкжайдақ ауылында есепші болады (1942-50). Ақсу ауданы Алғабас ұжымшарының төрағасы (1951-56), Ш.Уалиханов кеңшарының Құрақсу, Қопа, Қызылту ауылдарының бөлімше меңгерушісі (1957-60), содан кейін Қосағаш кеңшарының директоры болып қызметтер атқарған. Діңгек кеңшары директорының орынбасары, мамандандырылған аудандық мал-бордақылау шаруашылығының диспетчері қызметін атқарып, 1982ж зейнеткерлікке шықты.

 

Тоғанбаев Тұрғанбай (1928—2009)

Тоғанбаев Тұрғанбай

Қарашілік ауылында туған. Талдықорған ауылшаруашылық техникумын бітірген, Ленинградта оқып, жоғары білім алған.

Қарашілік жетіжылдық мектебінен білім алған соң, соғыс жылдарында ұжымшарда хатшы, қоймашы, есепші болып жұмыс істеген. Ақсу МТС-ында еңбек етеді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтеп оралған соң (1949-52), Жансүгіров ұжымшарында басқарма бастығы, Ақсу тәжірибе шаруашылығында, Қосағаш кеңшарында директор, аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Бірнеше Үкімет наградаларымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Етекбаев Жұмахан Заханұлы (1929-93).

Етекбаев Жұмахан

 

Ақсу ауданы Кеңжыра ауылында дүниеге келген. Лепсі педагогикалық училищесін бітірген.

Еңбек жолын Алғабас бастауыш мектебінде мұғалім болып бастап, білім беру саласында 1964ж. дейін еңбек еткен. Содан кейін, Ленин атындағы және Басқан кеңшарларында жұмысшылар комитетінің төрағасы, Қаракөз кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарады (1964-67). 1967 жылдан. Қызылту ауылдық Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істеп, 1977ж. зейнет демалысына шықты.

Қазақ ССР Жоғарғы және облыстық Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

 

 

Нүкенов Ордабай Әмірханұлы  (1929—2003)

Нүкенов Ордабай

 

Шұбар ауылшаруашылығы техникумын бітірген.

Сарқан ауданы Петропавл ауылындағы МТС-та жүргізушілер дайындайтын курсты бітіріп, еңбек жолын жүргізуші болып бастады. Петропавл РТС-інің инженер-механигі, басқарушысы болды (1963-73). 1973ж. Ақсу автобазасына директор болып тағайындалып, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы басшылық қызмет атқарды.

 

 

Майлин Рахымжан Жақыпұлы (1931—2001)

Сағабүйен ауылында туған. Көксу ауылшаруашылық техникумын және Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген. 1953ж. дейін Қаратал ауданында агроном мамандығы бойынша жұмыс істейді. Әскери борышын атқарады (1953-56), Талдықорған қаласындағы механизация училищесінде мұғалім, Ақсу ауданындағы механизация училищесінің оқу ісінің меңгерушісі болады (1956-72). Содан кейін Қосағаш кеңшарында және аудандық ауылшаруашылық басқармасында агроном, Қызылтаң кеңшарының партком хатшысы, Қосағаш кеңшары кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарады (1972-81). 1981 жылдан зейнеткерлікке шыққанша аудандық астық қабылдау мекемесінің директоры, «Сельхозхимия» мекемесінде, аудандық кәсіподақ комитетінде еңбек етті. Бірнеше медальдармен марапатталған.

 

Құдайбергенова Қойшан Ибрайымқызы (1932—2016)

Құдайбергенова Қойшан

Арасан ауылында туған... Алтынсарин атындағы (Мамания) орта мектепті, Қапал педагогикалық училищесін, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Ақсу аудандық оқу бөлімі жанындағы пионер үйінің директоры, аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, 2-ші және 1-ші хатшысы (1949-57), аудандық партия комитетінің саяси жұмысы жөніндегі хатшысы болады (1957-60). 1964ж. жоғарғы партия мектебін бітіріп келіп, Ақсу аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының 1–ші орынбасары, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1978 ж. зейнеткерлікке шығады.

“Еңбектегі ерлігі үшін”, “Ерен еңбегі үшін”, тағы басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Дүниежүзілік жастар мен студенттердің VI-шы фестивалінің ұйымдастыру комитетінің Мерекелік медалімен және БЛКЖО орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы

 

Есімханов Қажымхан  (1934—2010)

Есімханов Қажымхан 

 

Бөрлітөбе ауданы Көктерек ауылында туған. Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген. Өзінің ұзақ жылдар қызмет жолында Сарқан ауданының Көкөзек ауылында инженер, аудандық суару басқармасының бас инженері (1956-63), «Пограничник» кеңшары партия комитетінің хатшысы, Сарқан аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы (1963-79), Ақсу аудандық партия комитетінің екінші, Бөрлітөбе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (1968-82), Талдықорған облыстық ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы (1982-84), облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын бастығы (1984-95) қызметтерін атқарды. 1995 жылдан республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты.

«Құрмет белгісі» ордені мен көптеген медальдар иегері. Ақсу ауданының Құрметті азаматы 

 
Жұмагелдинов Оразғали Мәкенұлы (1938—2006).

Қапал ауылында туған. Алматы қаласындағы теміржол училищесін, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген.

Қазақ темір жолы локомотив депосында паровоз және тепловоз машинисінің көмекшісі, машинисі болып жұмыс істейді (1958-60). 1968ж. институтты бітіргеннен кейін бұрынғы Қапал ауданының шаруашылықтарында бас инженер, ұжымшар басқармасының төрағасы, кеңшар директоры қызметтерін атқарды. 1985жылдан “Пламя революции”, кейіннен “Күреңбел”атанған шаруашылықты басқарды.

«Құрмет» ордені мен «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» медалінің иегері. 1957ж. Мәскеуде өткен VI Дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысып, БЛКЖО-ның Құрмет грамотасымен марапатталған. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.

 

Қасаболатов Ермұхамет Жылкелдіұлы (1940- 2015)

Қасаболатов Ермұхамет

Арасан ауылында дүниеге келген. Арасан орта мектебін, Красногор ауылшаруашылық техникумын, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.  Еңбек жолын 1958ж. Арасан ұжымшарында жүргізуші болып бастайды, механик болады. Арасан орта мектебінде мұғалім (1963-71), Қапал аудандық партия комитетінде нұсқаушы, парткомиссиясының төрағасы, жалпы бөлім бастығы (1971-76), аудандық білім бөлімінің меңгерушісі (1976-82) қызметтерін атқарады. Қапал ауылының әкімі, аудандық халықты еңбекпен қамту бөлімінің меңгерушісі, Ғ.Орманов атындағы орта мектеп директоры болды (1992—2003).

 Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, білім бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Есімі Ақсу ауданының «Құрмет кітабына» енгізілген.

Чабдарбаев Тынышбай Қабдолдаұлы (1947—2014)

Чабдарбаев Тынышбай

Егінсу стансасында туған. Матайдағы №258 орта мектепті, Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық институтын бітірген. Ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын І.Жансүгіров атындағы ұжымшарда агроном болып бастайды. Ш.Уәлиханов атындағы кеңшарда бас агроном (1975-82), содан кейін үздіксіз бір шаруашылықты-«Қызылту» кеңшарын (кейіннен «Бүйен» өндірістік кооперативі) басқарады(1982—2006). 2006 жылдан Қазақ егіншілік институтының Талдықорған қаласындағы филиалының директоры болды.

Ақсу аудандық Мәслихатына 3 мәрте депутат болып сайланған. «ҚР Конституциясына 10 жыл» медалінің және көптеген грамоталардың иегері. Ақсу ауданының Құрметті азаматы.