Халқымыз “Өзен сағасыз, тон жағасыз, ал ел ағасыз болмас” деп даналықпен айтқан. “Ел ағасы” деген аса қадірленетін, үлкен салмаққа ие ұғым, құрмет иесі. Ол бір жағынан, азаматтың қоғамдағы орны, қызмет саласы, сіңірген еңбегі, дарындылығына байланысты рәсімделетін, берілетін атақтармен ерекшеленеді. Мәселен, ел басқарғандар төраға, хатшы, әкім, бастық деген қызмет лауазымдарымен, әскерилер мен заң қызметкерлері шендік лауазымдарымен, ғалымдарымыз ғылыми дәрежелерімен, өнер адамдары “еңбектері сіңген” деген атақтармен дараланады, бағаланады. Сол қатарға жататын Ақсулықтардың есімдері осы кітап тарауларында мүмкіндігінше аталды.

      Ал, халқымыздың бар асылының, рухани байлығының, ақыл-даналығының  қайнар көзі болып табылатын әр ауылдағы, аумақтағы қалың қауымның өздері мойындаған, “үлкені”, “ақсақалы-ақылшысы” саналатын  “ел ағаларының да” орны ерекше болады. Ақылы мен парасаты, адал еңбегі мен адамгершілігі, абыройы мен атағы тең бағаланып, оған еш күмән келтірілмей, бүткіл өмір жолы көпшілікке үлгі болатын жақсы-жайсаңдарын халқы өзі ардақтайды, есте сақтайды. Сондықтан, осы тарауда әр кезеңдегі зор беделімен, үлкен адамгершілік қасиеттерімен, жақсы іс-өнегесімен ауданның жалпы жұртшылығының шынайы сый-құрметіне бөленген, Ақсудың қадірлі ел ағалары деген ұғымға сай саналатын  өмірден өткен  және  зейнеткерліктегі ортамызда бар және де негізінен «Ақсу ауданының Құрметті азаматы»  атағына иегер  танымал тұлғалар есімдері көрсетіледі. .