Қажымқан МӘСІМОВ туралы

 

 Таяуда, 8 сәуір күні,  80 жасқа толар алдында Қазақстанның қоғам қайраткері, жерлесіміз, Ақсу ауданының (Алматы облысы) тумасы Қажымқан МӘСІМОВ қайтыс болған еді.

Осыған орай, сайтымның бүгінгі парағында көпшілік оқырмандар назарына  марқұм болған АЗАМАТЫМЫЗДЫҢ өмір жолы туралы баяндалатын деректерді, бейнежазбаларды және өзінің «АМАНАТ» атты кітабы туралы мағлұматтарды ұсынып  отырмын. Танысыңыздар!

 

Қажымқан Қасымұлы МӘСІМОВ 

 Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры. Қазақстан Йога ассоциациясының басшысы, кәсіпкер, Қазақстан Ұлттық агрокәсіптік палатасының жетекшісі, меценат, қоғам қайраткері.

1939 жылы 18 сәуірде  Алматы облысы Ақсу жерінде  дүниеге келген.  Ақсу ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы (қазіргі Мамания) орта мектепті,1969 жылы Ресейдің Омбы қаласындағы теміржол институтын, 1974 жылы Павлодар қаласындағы индустриалды институтын және 1989 жылы Алматы дене шынықтыру институтын бітірген.

«Мәсімов сауықтыру орталығы» ЖШС бас директоры, Қазақстан йога қауымдастығының президенті болады.

2016 жылдың қараша айында «Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіп палатасының» президенті болып сайланып,  соңғы күндеріне дейін осы қызметте болды.

 «Ақпараттық қоғамды дамытудағы еңбегі үшін», «Менеджердің медалі» және «Қазақстанның даңқы» және «Экономика Мақтанышы» жеке номиналды ордендерімен марапатталған, сондай-ақ Э.В., «Медицина және фармация саласындағы халықаралық Socrates Award» атағына ие болған. 2008 жылы Ресей Федерациясы Академиясының толық мүшесі болып сайланған.

2013 жылы екі тілде жарыққа шыққан «Аманат» атты кітабы бар.

Қажымқан Мәсімов — Қазақстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің әкесі.

 

*       *       *

Қажымқан  Мәсімов соңғы сапарға шығарып салынды

 

2019 жылдың 8 сәуірі күні марқұммен қоштасу рәсімі ҚР Ғылым академиясы ғимаратында өтті. Қажымқан Қасымұлын ақтық сапарға шығарып салуға Қазақстанның белгілі қоғам және саяси қайраткерлері,  Алматы қаласының жұртшылығы мен еліміздің әр өңірінен келген, оның ішінде жерлестері -Ақсу елінің де біраз азаматтары қатысты.

 

 

Жиында Алматы қаласы  әкімі Бауыржан Байбек ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесінің қазасына байланысты туған-туыстарына, жекжат-жұрағаттарына көңіл айтып, марқұмның елге сіңірген еңбегі елеулі екендігін атап өткен көңіл айту жеделхатын оқып берді.

 

 

.Алматы қаласының әкімі марқұм Қажымқан Мәсімовпен бір ай бұрын сөйлескенін де еске алды. «Димаш Құдайбергенді  әкеліп,  концерт  жасаймыз  деген жоспары да болған. 18 сәуірде ағамыз 80-ге толатын еді. Апамыз екеуі 55 жыл бірге бақытты өмір сүріпті. Сондай мерейтойға дайындығымыз бар еді. Өкінішке қарай, суық хабар жетіп, осы ойдағы дүние ортадан үзілді. Қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз, Кәрім аға, берік болыңыз!», — деді ол.

 

 Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жұмыс сапарымен шетелде жүргендіктен Алматыға келе алмағандығы айтылды. Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов, Түркия Республикасы Парламенті атынан көңіл айту жеделхаттары келіп түскендігі айтылды

Қаралы жиында Үкімет мүшелері атынан ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі атынан Владимир Божко, генаралдар атынан Амангелді Шабдарбаев сөз алды.

Қажымқан Мәсімовтің денесі Алматы маңындағы «Кеңсай» зиратына қойылды.

 

 

 

*       *       *

 

13 сәуір күні  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы  Кәрім Мәсімов Тwitter және Instagram әлеуметтік желілеріндегі өз парақшаларына өмірден өткен  әкесінің  қазасына көңіл айтып, қолдау білдіріп, қайғысына ортақтасқан қазақстандықтарға алғысын білдірді.

 

 

Онда  «Осы күндері біздің қайғымызды бөліскен баршаңызға алғысымызды білдіреміз. Мәсімовтер отбасы", — деп жазылған. Сонымен бірге, марқұм әкесінің «Аманат» атты кітабын таныстырды.

(Кітап туралы төменде жеке айтылады).

 

 

Естелік ретінде

 

Осы хабарламалық жазбаларға  Қажекең туралы  өзімнің де  шағын  естелігімді  қосқым келеді:

«Мен  Қажекеңді  жас  кезімнен естіп біліп жүргеніммен, онымен  өткен 80-ші жылдардың басында  жақын танысып, жақсы білісе-араласа  бастадым.  Ол кезде  Ақсу ауылындағы «Жаңақоғам» кеңшарында партком хатшысы болатынмын. Қажекең  ол жылдары ауылға келіп, өзінің бірге оқыған-өскен Амантай Зияданов (кеңшар директоры болған), Саяқ Бейсекенов, Қали Тілеукенов, т.б. достарымен кездесіп шүйіркелесіп кететін. Сол  кезде олардың естелікті   әңгімелерінің ортасында болатынмын. Сонымен  бірге, сүйектері осы ауылда жатқан Кәрім әкесі мен анасының зиратына (кейіннен үлкен болып қайта жаңғыртылған)  барып құран оқытатын. Сол жылдары мектепті алтын медальмен  бітіріп жатқан  баласы Кәрім ("қазіргі Қазақстан ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы премьер-министр болған) туралы, одан алда үлкен үміт күтетінін  айтатын. Қажекеңнің туған інісі Мырзахан да ауданымызға жақсы танымал, мықты спортшы, өзімізбен қатарлас, бүгіндерге дейін жақсы силастықтағы азамат.

 

Қажымқан Кәрімұлы сол  жылдардың  өзінде  ауылдың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болып, оның  жағдайына  байланысты  қолынан  келгенше  көмегін  көрсететін.  Мәселен,  ауылдағы Ұлы  Отан соғысының 35-жылдығына арнап салынған үлкен обелискіні  жарықтандыруға жан-жағынан  прожекторлар  қойып  бергенін жақсы білемін.  Кейінірек  келген  қиыншылық  жылдары көмір  отыны  тапшылығына  байланысты  елдердің  мұң-мұқтажын  жеңілдету  мақсатында,  ауылдан сол көмір отынын жинақтайтын-сақтайтын база ашып, тікелей ауылға жеткізілуін ұйымдастырған еді. 

 

Одан ары да, аудан басшылығындағы қызметтерімде де оның тіршілігіне, жағдайына  байланысты шаруалар жөнінде  кездесіп  тұрған едік. Ол бірнеше рет  шығармашылықтарына өзі қамқорлық жасап жүрген белгілі әншіміз Майра Ілиясова мен  оның «Қыздар-ай»  тобының мүшелері Бақыт пен Айнұрды ертіп келіп, аудан тұрғындарына тегін  концерттерін ұйымдастырған еді.

 

Қажекең осыдан 6-7 жыл бұрын сол Ақсу ауылында өз қаражатына  мешіт ашып, пайдалануға берген болатын. Ал  қайтыс боларының алдында тағы да келіп, ауыл тұрғындарымен кездескен еді және ауыл келбетін  одан ары жақсарту бағытында әлі де көмектер  көрсететінін  айтқан  еді.  Алайда тағдыр  басқаша шешті. ... ».

 

Осыған орай, сайтымның мүмкіндігін пайдалана отырып, өзімнің және Ақсу елі жұртшылығының атынан, асыл  азаматымыз — Қаж- Ағамыздың  отбасына,  әулетіне,  ағайын-туғандарына   көңіл айта отырып,  жатқан  жерінің  жайлылығын, «артының» жақсылығын тілеймін! Иманы жолдас болсын!

 

 

«Аманат» кітабы

Қажымқан Мәсімов

Кітап 2013 жылы екі тілде жарыққа шыққан.

 

 

Қажымқан Мәсімовтің осы өмірдеректік сипатқа ие және әдеби тұрғыда кітабында  өз отбасының өмірі мен замандастары, өмірден алған тәлімі мен сабағы жайлы жазады. Кітапта  өз  әулетінің тарихын көрсете алатын фотосуреттер берілген.  Кітапты  әкесі Қасымның ұрпақтарына арнаған.

 

*       *       *

 Кітап  үш бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімі «Тамыр» деп аталады. Мұнда автор өзінің әкесі мен шешесінің тұлғасына терең тоқтала отырып, туған өлкесі мен жақын туыстарын еске салады, балалық шағы мен әкесінің майданда жүріп өткен жолын суреттейді.

 

«Өмір айрығында» атты екінші бөлімде автордың жастық шағымен, азамат ретінде қалыптасуы айтылады. Алматы малдәрігерлік, Томск қаласына, Омбы темір жол институтына оқуға түсуін баян еткен автор алғашқы тапқан табысы жайлы да еске алады. Өзінің  йогаға қалай ден қойғанын жазады.

 

Кітаптың «Оралу» деп аталатын соңғы  бөлімінде Сібірдегі жұмысынан кейін отанына оралғаны, Целиноград қаласында  жұмыс істеп, содан Алматы қаласына келгеннен кейінгі өмірі сөз етіледі.

 

Қажымқан Мәсімов кітабында:

«Өмірде аз көрдім бе, көп көрдім бе — баға беретін өзім емес. Бірақ даусыз бір дүние: әулетім өмірдің ыстығын да, суығын да қатар көрді. Әулетімнің осы көргенін мен бойыма бала кезден сіңіре бердім»;

«Менің бұл жазып отырғаным — біздің тарих. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда көргеніміз ұрпағымыз үшін сабақ болсын.Осы кітап балаларыма, немерелерім мен шөберелеріме аманат болсын. Ұрпағымыз аталары мен әкелері қандай болғанын, қандай қиындықтарды басып өткенін біле жүрсін. Мен жазушы да, данагөй де емеспін. Мен тек ұрпаққа естелік қалдырғысы келген атамын. Кітаптың артық-кем тұсы болса, оқырман кешірер деген үміттемін... Осымен сөз тәмам. Бәріне сәттілік серік болсын!», — дейді.

Осы «Аманат» кітабының бейнежазбалық нұсқасымен мына сілтеме бойынша танысуға болады: http://amanatbook.kz/ru/video

 

Естелігіміз ұрпақтың керегіне жарасын - Қажымқан Мәсімов

 

Естелігіміз ұрпақтың керегіне жарасын - Қажымқан Мәсімов

 

 

 

«Қазақстан» Ұлттық арнасының «Таңшолпан» бағдарламасында

 : 18  қаңтар  2018 жыл...