* * *
Турасын айтып тайсалмаған азамат
Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
Ақсу ауданының Құрметті азаматы,
журналистика ардагері.
Жетісу" газеті, 17 Шілде 2015 жыл
Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына үш дүркін сайланған, Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Ескелді, Сарқан және Ақсу аудандарының Құрметті азаматы Сейдахмет Балтабайұы Шүрегеев 75 жаста. Ақсу ауданының бір кездегі орталығы — Ақсу селосында мұғалім отбасында 1940 жылғы 20 шілдеде жарық дүние есігін ашқан Сейдахмет 1958 жылы Сарқан қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінен түлеп ұшып, әрі қарай думанды өмірге араласып кетті.
Сарқан қаласындағы орта мектептің мұғалімі Балтабай Жұмабекұлы Шүрегеев Ұлы Отан соғысынан алған ауыр жарақат салдарынан 1954 жылы, ал анасы Құрмаш Дүбірқызы бала-шағаларының қызығын көріп, 2005 жылы қайтыс болды. Сейдахметтің әкесі майданда қан кешсе, бейбіт өмірде ұрпақтарға білім берді. Анасы тылдағы тынымсыз жылдары өз замандастарымен бір сапта ауыртпалықты арқалады.
Әкесі өмірден өткенде он төрт жастағы қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген балғын жеткіншек оқудан қол үзбей еңбекке араласып, анасына қолқанат болу қажеттігін түсінді. Өйткені еңірегенде етегі жасқа толған анасына сүйеніш болып, өзінен басқа екі інісі мен бір қарындасының қатардан қалмауы қажеттігін сезінді.
Осындай күрмеуі қиын жағдайда жоғары мектептен бес жыл оқып, білім алу анасына ауыр болатынын байқап жүрген жас азамат 1958 жылы комсомол жолдамасымен Ресейдің Кемеров қаласындағы техникалық училищесіне оқуға түсіп, екі жылдан соң Ақсу ауданындағы Жамбыл атындағы (қазіргі Қаракөз ауылы) колхозға оралып, автокөлік жүргізуші — аға электрик болып, еңбек жолын бастады.
Жасы жиырмадан енді асқан Сейдахмет 1961 жылдың көктемінде Ақсу ауылындағы №25 жол пайдалану учаскесіне аға механик-жүргізуші қызметіне шақырылды. Мұнан соң №327 жол пайдалану-құрылыс учаскесін басқарды. Өндірістен қол үзбей жүріп, Өскемен жол құрылысы институтын тамамдап, жоғары білімді мамандар қатарын толықтырды.
Қызметтегі лауазымдары сатылай көтеріліп, 1968 жылы облыстық тас жолдар басқармасы аппаратында зертхана бастығы, мұнаң соң №479 жол пайдалану – құрылыс учаскесінің, құрылысы қолға алынған кәсіпорынның, №35 жол басқармасының бастығы, жол-көпір құрылысы тресінің басқарушысы, 1983—1989 жылдар аралығында автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары, содан 1992 жылдың желтоқсан айынан соң №8 жол-көпір құрылысы тресінің басқарушысы қызметтерін атқарды.
Жол мен көпір құрылысы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі әрқашан өзінің лайықты бағасын алды. Ол тәлім-тәрбие және шыңдалу мектебінен өтті. Кемелденген басшы ретінде Жетісу жеріне танымал болды. Сейдахмет Шүрегеев Ақсу және Ескелді (бұрынғы Талдықорған) аудандарында бірнеше рет аудандық Кеңестердің депутаты, сайланбалы партия органдарының мүшесі де болды. Сейдахмет басшылық қызметінде жаңашылдыққа, ізденімпаздыққа, озық тәжірибені ортақ игілікке айналдыруға басымдық берумен ерекшеленді. Ол жетекшілік еткен ұжымның қол жеткен табыстарының сыры мен қырына республика тарапынан да қызығушылық туындады. Озат тәжірибе елімізде қолдауға ие болды. Білімді маман, білікті басшының еңбегі ескеріліп, Еңбек Қызыл Ту орденімен, КСРО «Еңбек ардагері» медалімен, «Құрметті жолшы» ерекше белгісімен марапатталды. (Кейіннен «Құрмет» орденімін де марапатталды. С.С.)
Басшылық қызметте мол тәжірибе жинақтап, әрқашан қатардағы азаматтармен етене араласып жүретін Сейдахмет Балтабайұлын автожол саласының төменгі және орта буындағы жұмысшылар мен басшылар ерекше жақсы көріп сыйлайтын. Көп жағдайда оған арқа сүйейтін. Сондықтан Сейдахметті «Турасын айтып, тайсалмайтын азамат» дейтін. Соның дәлеліндей, ол 1989 жылы балама негізде өткізілген сайлаудың нәтижесінде бір топ үміткердің ортасында шоқтығы биік көрініп, №8 жол-көпір құрылысы тресінің басқарушысы болып сайланды. Бұл кәсіпорын 1992 жылы мемлекеттік жекешелендіруден өтіп, нәтижесінде «Ақжол» акционерлік қоғамы қалыптасып, көпұлтты ұжым өкілдері оның президенті етіп Сейдахмет Шүрегеевті сайлады.
Сол жылдарды С. Б. Шүрегеевпен үзеңгілес, «Талдықорған жолдары» АҚ президенті Л. Михно:
–Сейдахмет Балтабайұлы ісіне мығым, өз күш-қабілетіне сенімді, экономиканы нақты біліп қана қоймай, тереңнен түсінетін, адамды ісінен танитын, әкімшілік өктемдікті емес, адамгершілікті ардақтайтын басшы. Жекешелендіру науқаны басталып кеткенде, қомағай бастықтар тойымсыздық көрсетіп, байлықты бауырына басқан кездерде Сейдахмет қыруар автокөліктің біреуінің доңғалағына қол тигізбеді, бір сабақ жіпті алмады. Сол үшін оған көпшілік сеніммен қарады, – деген жүрекжарды лебізін жариялап, осы сөзін кітабына да жазған екен.
Кеңестік кезеңде Сейдахмет мырза өз өмірінің отыз екі жылын жол-көпір құрылысына, яғни халыққа соншалықты қажет игілікті, ізгілікті, мәнді және маңызды мақсатқа арнаған. Ол осы еңбегін әрқашан мақтаныш етіп отырады. Осынша көп іс тындырған азамат ендігі жерде қолындағы билікті сүйікті ұлы Арманға табыстап, батасын беріп, өзі ақылшы әке, жанашыр жан ретіндегі парызын атқарушы. Жол-көпір құрылысы саласында жарты ғасыр көлемінде еңбек етіп, тер төккен, осынау тіршілікте ыстыққа күйіп, суыққа тоңған кездері де бар шығар. Соған байланысты денсаулығы аздап сыр беріп қояды.
Қазақтың Батыр ұлы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзінен оқығаным бар. Ол қара нардай қайратты жандар жайлы: «Өмірдің қуанышы көп алуында емес, басқаларға көп беруіңде, білім мен тәжірибеңді халыққа арнауыңда» – деген-ді. Біздің кейіпкеріміз Сейдахметтің бойынан Бәукең айтқан қадір-қасиеттерді еркін сезінеміз, анық байқаймыз. Ол осы уақытқа дейін өзін тәрбиелеп, өнеге көрсеткен, еңбегін бағалап, мерейін өсірген аға ұрпақ өкілдерін атап, ризалығын білдіріп отырады.
Сонау жылдары Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Тұрсын Махметов пен Сүлеймен Қыбыраев, ауатком төрағасы Омарбек Жампейсов, Талдықорған аудандық (қазіргі Ескелді) партия комитетінің бірінші хатшысы Мейіртай Усатаев пен ауатком төрағасы Николай Сидоров, өзінің тәлімгер бастықтары Сламбек Сәлкеев пен Серпербай Нұрпейісов, үзеңгілес әріптестері Исай Ахметов пен Александр Хохрячкин, өзінен тәлім-тәрбие алған інілеріндей сүйкімді Санат Сырғабаев, Дамир Әлімов, Мырзатай мен Зейнұрғали Райымбековтер, т.б. ер-азаматтар есімдері жүрек төрінде. Бұл Сейдекеңнің ағалардан үйреніп, інілерге өнегелі болғанының дәлелі болса керек.
«Бәрін айт та бірін айт» демекші, Сейдахмет Балтабайұлының іскерлігіне көзін жеткізіп, талантын танып, қызметін жоғарылатқан жол құрылысы саласының білгірлері Сәлім Мұңайдаров, Керім Берсүгіров, Руф Андреевич Неволин, Леонид Борисович Гончарев, Шамиль Бекбулатов деген жеке тұлғалар Сейдахмет үшін аса құрметті, ұмытылмас ағалар!
Бұл күнде жетпістің бесеуін еңсерген Сейдахмет Шүрегеев Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен тұңғыш кездесуі және онан кейінгі жылдардағы кездесулері мен әсерлері туралы айтудан жалыққан емес. Ол Димаш Ахметұлымен кездескен әңгімелерінің бірінде былай деді:
– 1980 жылы Одақтық дәрежедегі «Қапал-Арасан» санаторийінің құрылысын мен басқаратын ұжым қолға алған-ды. Маусым айында құрылыс жайымен танысып, жағдайды өз көзімен көруге СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаев келеді екен деген хабар жетті. Айтқандай-ақ, Үлкен кісі келіп, құрылысшылармен сөйлесіп, жұмыстың барысына ризашылығын білдірді. Көрнекті қайраткер, кесек тұлғаның көңілінен шыққандай жұмыс атқарғанымызға барша құрылысшылар қатты қуандық.
Осы адамның күш-жігері арқасында «Қапал-Арасан» санаторийі 1983 жылы игілікке берілді. Айналасы үш жылда Арасан-Талдықорған аралығында тақтайдай тегіс жол және жол бойындағы ірілі-ұсақты бес өзенге жаңадан көпір салынды. Арасан ауылында 150 орынды «Ақсу-Арасан» профилакторийі пайдалануға беріліп, кейінгі жылдары мұнда Д. А. Қонаев ақсақал айлап жатып, дем- алып, ем алып, тынығып қайтып жүрді.
Қазақтың мәңгілік мақтанышы Д. А. Қонаевсонау жылдары Сарқан ауданының Черкасск ауылында болып, ауыл мен ауданның азаматтарымен кездесті. «Черкасск қорғанысы» мұражай-панорамасында «Келушілер кітабына» пікір жазды. Аудандағылар мәртебелі ағаны қарсы алу мең қошеметтеуге қапысыз даярланған-ақ екен. Осы сапарда Сейдахмет мырза Димекеңнің жанында жүріп, ағаның сөзін тыңдап, дәмдес болғанына қатты қуанды. Осы жолы үлкен кісі Сейдахметке өзінің ойындағы екі арманын айтыпты. Бұл тарихшы, теміржолшы-инженер, қоғам қайраткері Мұхаметжан Тынышпаевтың мерейтойынан бір жыл бұрын болған-ды. «Бірінші арманым, – депті Д. А. Қонаев, – М. Тынышпаевтың туғанына 115 жыл толуын тамашалау; екіншісі – Қазақстанда басталған реформалардың жемістерін көрсем деймін».
Осылай деген алып тұлға өзінің бірінші арманына жетті, Мұхаметжан Тынышпаевтың мерейтойында ел алдына шығып, тебірене сөз сөйледі. Ал, екінші арманының жүзеге асуын көруге ғұмыры жетпеді. Алып, дарқан жүрек мезгілсіз тоқтады... Димаш аға Ахметұлының екі арманын өз аузынан естіген Сейдахмет көпке таратып, нәтижесінде көптің көңіл-төрінде жатталып қалды.
Тағы бір әңгіме. Қызмет бабындағы іс-сапармен жүрген Димаш Ахметұлы Іле ауданына шопан жігітінің үйіне келген екен. Мұндай кездесу болуын ойламаған отағасы:
Ассалаумағалейкум, Елағасы,
Халқын сүйген жанымен ер данасы.
Байтақ жерде көп ұлтты біріктірген,
Сіздей болар Алаштың қай баласы? – деп, қалбалақтап алдынан шығып қарсы алғанда Димекеңнің нөкерлері жас шопанның тапқырлығына және ірі тұлғаның еңбек адамына деген сүйіспеншілігіне сүйсінген екен. Д. А. Қонаевты жанындай жақсы көретін Сейдахмет ол туралы айтылған асыл сөздерді құлағына құйып алып, айта жүретіні бар. «Қайсы бір күрделі істің шешетін жолы бар. Дүниеге тіршілік көзімен қара. Өзіңді қарапайым халықпен тең ұста», – деген Димекеңнің қанатты сөзін Сейдахмет жиі айтып отырады.
Басшылық қызметке ертерек араласып, жақсы мен жаманды көзімен көріп, оң мен солды жете білген Сейдахмет ұлы азаматпен дәмдес болып, өз шаңырағы астында дәм таттырып, батасын алғаны бар. Мұнан соң Сейдахмет аса жауапты және абыройлы істі – «Дарабоз» деп аталған қоғамдық қордың басшылық тізгінін қолға алды. Қордың мақсаты — қазақтың хас батыры, байтақ даламызды жоңғар шапқыншылығынан азат еткен қаһарман Қаракерей Қабанбай бабамызға келіскен ескерткіш орнату, келер ұрпаққа айбат берер қолтаңба қалдыру болатын. Бұл игі мақсат абыройлы орындалып, 2009 жылғы 23 қыркүйекте облыс орталығы – Талдықорғанда батырдың ерен ескерткіші ашылды. Игі-жақсыларға ас берілді. Осындай ескерткіш тұрғызу ісіне белсене басшылық етіп, алғысқа бөлену екінің бірінің қолынан келе бермес-ті. Астанада тұратын қаламгер Камал Жортуылұлы: «Қабанбай батыр баба ескерткішінің бой көтеруі Сейдахмет ағаныңқажырлы еңбегінің нәтижесі» – деді. Ескерткіш бой көтеріп, көпшіліктен алғыс алған Сейдештің сыртынан сөз, соңынан арыз да жазылды. «Күйе күйдірмейді, бірақ күйелейді» деген емес пе? Жала азаматтың мазасын алды. Бірақ, арына кір жұқпады.
Мұндай ерік-жігер, күш-қайрат Сейдахметтің бойында бар екен. Сонымен қатар Алматы облысының сол жылдардағы әкімі Серік Үмбетов пен оның орынбасары болған қазіргі әкіміміз Амандық Баталов мырзаларға нұр жаусын! Осы екі азамат қор құрылған алғашқы айдан бастап жанашырлық білдіріп, сәулетші-мүсіншілермен, металл балқытып, қалыпқа құюшы жұмысшылармен зауыт цехтарында бірнеше дүркін кездесіп тұрды.
Қазақ ырымшыл халық қой. Орасан істің сәтті, нәтижелі болуын Жетісу жұртшылығы Қабанбай батырдың, әулие Көтентәуіптің, қасиетті теміржолшы Мұхаметжан Тынышпаевтың, ұлы саясаткер, дана Дінмұхамед Қонаевтың аруағының қолдауы деп қорытты. Сейдахмет мырза тәуелсіздік жылдарында «Құрмет» ордені мен бірнеше медальмен марапатталды.
Ендігі әңгіме Сейдахмет Балтабайұлыныңтегі мен жанұясы жайлы. Өзі ұл-қыздарына ата-баба шежіресін салалап таратып, арнайы кітапқа шығарып берді. «Мәңгі өмір жоқ, мәнді өмір бар», деген қағиданы жүрегімен ұғынған азамат осыдан он-он бес жыл кейінде үш томдық «Азаматтың ақ жолы» атты кітабын жазып, келер ұрпақтарына құнарлы мұра ұсынды. Сол кітаптан шамалы үзінді келтірейін.
Сейдахметтің әкесі – Балтабай Жұмабекұлы Шүрегеев Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарып, осыдан 61 жыл кейінде, яғни 1954 жылғы 13 ақпанда дүниеден озды. Бұл жайды 14 жастағы Сейдахмет:
– Залға ілінген фотомонтажды бір топ бала қызықтап тұрғанымызда бір бала жаныма жетіп келіп «Сенің әкең өліп қалды» дегенде әлдекім ту сыртымнан шоқпармен ұрғандай құлап түстім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, есімді жисам, атшананың үстінде жатыр екенмін. Бағытымыз — Лепсі теміржолы стансысы. Алматы ауруханасында ауыр науқастан қайтыс болған әкемді Сарқанға әкеліп жерлеу ұйғарылыпты. Бізді бастап шыққан нағашым Жақан Досполов пен туысымыз Мұратхан мен Оразбай деген жақсы ағалар. Осы кісілердің арқасында әкем салт-дәстүр, ғұрыпқа сай жерленді, – деп күні бүгінге дейін айтады.
Ауыл мұғалімі Балтабай ұрыста ауыр жараланып, соңынан есін жиғанда сүйікті жары Құрмашқа:
Аяғымнан тиген оқ,
Қинады-ау менің жанымды.
Қаным қашып денемнен,
Кетірді-ау менің әлімді.
Қиянатым болса, тәңірім,
Бір өзіңе мәлім-ді.
Көре алмай кетем бе,
Сейдахмет жанымды.
Осыны айтқан қызыл әскер Балтабай Шүрегеев тұла бойы тұңғышы Сейдахметтен соң Сәбитқали, Сейітқали және Сарқыт атты өркендерін қалдырды.
Мен Сейдахмет Балтабайұлымен балалық шақтан бері араласып, сырласып өстім. Ол оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенді пионер, комсомол мүшесі болса, ержетіп, ат жалында сан-салалы еңбек жолында алғы шептен табыла білді. Түптеп келсек, осылардың бәрі-бәрі отбасында қалыптасады екен. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ» деген бұрынғыдан қалған қанатты сөздің құдіретіне қалай басымызды имеске! Әкесі қан майданда жаумен жағаласса, елге аман оралған соң соңғы демі таусылғанша мұғалім қызметін атқарды. Ал анасы тылда еңбек етіп, жеңіс күнін жақындатуға өзіндік үлесін қосты.
Осынау ХХІ ғасырдың он бесінші жылында 75 жасқа келіп, Ақсудай ағыл-тегіл көңілі толған Сейдахметтің жары – Кәкима Орынбекқызы отбасында береке ұйытқысы. Сейдахметпен 1961 жылдың қазан айында тағдыр табыстырған бойжеткен бүгін екі қыз бен бір ұлдың анасы. Батыр мен Дана, Нұрбек пен Айгүл, Арман мен Зуляра жеке шаңырақ иесі. Ерлі-зайыпты Сейдахмет пен Кәкима немерелерін мейірлене иіскеп, жүрекке нәр, бойға қуат алып, отырса да, тұрса да «Заманымыз тыныш, Елбасымыз есен болса екен» дегенді жиі айтады. Сайып келгенде бұл тілек күллі жұрттың, байтақ еліміздің ізгі мұраттарымен сабақтасып жатқан жоқ па!
( Секеңнің ұлы Арман 2017 жылы кенеттен, мезгілсіз қайтыс болып кетті. С.С.)
Орайы келгенде айтқан жөн, Сейдахметтің анасы Құрмаш көзінің тірісінде: «Мен Балтабайды қалай сыйлап, құрметтеген болсам, келінім Кәкима өзіме тартып, Сейдахметті солай бағалады», – дегенін естігенім бар. Анасы ақиқатты айтыпты. Соңғы бірнеше жылдан бері Сейдахмет Шүрегеевті ауру айналдырып, әуреге салғанымен Кәкима Орынбекқызы асқан қайрат көрсетіп, азаматын ардақтап, әрқашан жанынан табылып жүр. Адал жардың, ақ ананың қамқорлығындағы Сейдекеңнің көңілі көтеріңкі, жаны жадыраңқы. Бала-шағаларының қызығына тоймай, таңды атырады, күнді батырады. Еңбекке шыңдалған ердің еңсесі биік.
Иә, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, жетпіс беске ат басын тіреген Сейдахмет Балтабайұлы Шүрегеевәлі де өз тұғырында. Ұлы Арманға – ақылшы, қыз-күйеулеріне – қамқоршы. Немерелеріне қорған. Балдай тәтті, бақытты ғұмыр кешуде. Өз орыны, өз биігі көз тартады. Осы кісінің өмірі мен еңбек жолы туралы ықшамдап жазғандарымызды осы кісінің балаларына арналған:
Айналайын, балаларым,
Ажырамасын араларың.
Сәтті болып қадамдарың
Шаттансын ата-аналарың.
Демесін әулие бабаларың,
Көбейсін бала-шағаларың.
Ағайын-туыс аман болып,
Берекелі болсын маңайларың, – деген өсиет-батасымен тамамдағанымыз жөн. Азаматтың өмірінің ұзақ, бай-қуатты, күн шуақты болуына тілектестік білдіреміз.