28 ПАНФИЛОВШЫЛАР ЕРЛІГІ — АЙҒАҚ ДҮНИЕ!!!

 

Соңғы жылдары баспасөз беттерінде Ресейдің кейбір тарих зерттеушілері тарапынан 1941-45 жылдардағы  Ұлы Отан соғысында 28 панфиловшылардың қатысуымен шайқас болғандығына күмән келтіріп, оны жалғанға санайтын, жауынгерлер ерлігін әскери тілшілердің бірінің ойдан шығарған  әдеби туындысы деп есептейтін жазбалар жиілеп жарияланып жатқанын бәріміз де байқадық. Солардың қатарынан үлкен лауазым иелері, ССРО Бас әскери прокуроры Николай Афанасьев, Ресей мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненко да табылды...

 

 Енді міне, күні кеше tengrinews.kz  порталында 28 Панфиловшылардың ерліктерін дәлелдейтін «сенсациялық» хабар жарияланды. Онда Ресей Мәдениет министрі Владимир Мединскийдің «Ресейлік әскери-тарихи қоғамының екі жыл бойғы ізденістерінен кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында 28 панфиловшылардың қатысуымен шайқас болғандығын растайтын мұрағат құжаттары табылғаны  туралы»  «Российская газетінда»  авторлық жазбасы болғаны айтылады.

Алдымен осы мақаланы толығымен мына сілтеме бойынша оқи аласыздар: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/istoricheskaya-sensatsiya-poyavilis-dokazatelstva-podviga-28-358880/

 

Ары қарай, сол 28 панфиловшы — батырлардың бірі біздің жерлесіміз, Ақсу жерінің (Алматы облысы) ұланы Нұрсұлтан Есеболатов болғанын  үлкен мақтаныштық сезіммен айта отырып, сайтымда бұрынырақ жарияланған,  Ақсу жерінен шыққан 2 Кеңес Одағының батыры туралы «Отан үшін от кешкендер» деген мақаламен танысуды ұсына аламын: http://ser-bek.ru/bez-rubriki/9-shy-mamyr-a%D2%9Bsuly%D2%9B-batyrlar.html

 

Және де осы сәтті пайдалана отырып,  соларға қоса бүгінгі парақта Нұрсұлтан  Есеболатов туралы оның артындағы бауыры, Ақсу ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист Тілеухан Есеболатовтың  «Батырдың суреті» деген әңгімесі және оның өзінің өмірдеректерін беріп отырмын. Қабыл алыңыздар!

 

Сонымен бірге, осы жазбалармен  желідегі достарыңызбен бөлісіңіздер!

 

 

 

Батырдың суреті

(Әңгіме)

Бала көңіл батыр аға қандай екен, әттең, өзін көрмесем де суретін бір көрсем-ау  деп  армандайды. Батыр деген күнде көріп журген адамдардай емес, ерекше  біреу сияқты. Арман  кұшағына беріле  жүріп, айлар мен жылдар жылжып жатты.  Мектеп  ешігін ашып,  алғаш  рет  әліппені де  көрдік. Бір кездері  жыпырлап  жатқан қара кұмырсқадай  нәрселер  бөлек-бөлек әріп екенін де үйрендік.

 Енді сол бір жылдарға көз жіберсем бәрі де көрген түс сияқты. Елуінші жылдардың  басы. Соғыстан кейінгі еңсені басқан ауыр кезеңнен енді-енді арыла  бастаған  кез.  Шынына  келсек,  дәптер мен қарындаштың өзі де табыла бермейді. Қырдағы мал  баққан  ауылда  қайдан мектеп болсын. Оқушы атанысымен-ақ   ауылдан  жиырма  шақырым  жердегі  Ақсуға  барып  оқуға тура  келді.  Бес-алты  үйден  ғана тұратын малды ауылдан ұзап шығып көрмеген балаға атарбамен жүргенде Ақсуға дейінгі екі сағаттық жол таусылмас  сапар  тәрізді.  Бір  белестен  екінші  белес, бір тоғаннан келесі тоған, бір егіс алқабынан  келесі егін алқабына  дейінгі  созылып жатқан қырдың қара жолынан көтерілген аппақ шаң соңымызда шұбырып қалып жатыр. Үп еткен желсіз тұнык  ауада сәл ғана көтерілген борпылдақ топырақтың тозаңы көз ұшына  кеткенше  жерге қайта қонбайды. Тамыз айының соңы ыстығы күн  көтерілген  сайын  шекеден өтіп, класс табалдырығын   аттағалы  отырған  баланың  алабұртқан  көңілі  біраздан  кейін мүлде басылып қалғандай.

Ақсу  ауылындағы  қазіргі  шаруашылык кеңсесі орналасқан жерде үш бөлек  үйден  тұратын.  Ыбырай  Алтынсарин атындағы  (қазіргі Мамания) орта мектеп бар еді. Бүгіндері музей үйі болып турған шағын ғимарат сол мектептің  жоғарғы  кластар оқитын корпусы болатын. Мектеп дирекциясы, мұғалімдер бөлмесі де сонда. Қоңырқызыл қаңылтырмен  жабылған  бұл  мектеп  үйі Ақсудағы  ең  еңселі  құрылыс  болып  көрінетін.  Соның  күншығыс  жағындағы  шағын үйде бастауыш кластар оқитын.

Мектептің  батыс жағында пансион — интернат бар еді. Мектеп ауласына үлкен  қақпа  арқылы  ғана кіретінбіз.  Осы  ауланың  ішінде  интернатта тұрып оқитын балалардың  жатақхана  үйлері,  асхана, киім-кешек,  азық-түлік қоймалары, мектептің  шағын  кітапханасы  орналасқан.  Үшінші  кластан бастап мектеп кітапханасына тізіліп, әңгіме  кітаптар алып оқи бастадым. Ондағы ойым  Нұрсұлтан батыр   туралы   жазылған   кітапты тауып оқу, сурет болса өз көзіммен көру.

Күндердің күнінде талай  жылдар бойы орындалмас қиялдай болған арманыма да қол жетті-ау!.. Күні бүгінге дейін көз алдымда кітапханашы апайдың  көңілді  бір  сәтінде  кітапханадағы  кітап  қорын  еркін аралай жүріп,  екі томдык кітапқа көзім түсті.  Алғашқы  бетінде  Алтын  жұлдыздың  суреті басылған.

Кітаптың  аты  есімде  қалмапты.  Әйтеуір,  қазақстандық  Кеңес  Одағының  Батырлары туралы кітап екені есімде. Соның ішінде 28 гвардияшы-панфиловшылар  туралы   жазылған  әңгімені,  олардың суреттерін  көргенде  қуанышымда  шек  болған  жоқ.  Кітапқа  енгізілген әрбір батырдың өмірбаяны, ерлігі  туралы  материалдармен  бірге  олардың  суреттері  де  басылған  екен.  28  батыр  туралы жазылған бетті ашып, ең алдымен соны құныға оқып шықтым. 28  жауынгер  бекінген  окоптарға жау танкілерінің  жасаған  шабуылы,  оқ  пен  оттың,  адам  мен темірдің арасындағы арпалыстан  кейін ұрыс даласын  алғаш  көргендердің  жазғандары болса керек, оқыған адамның жаны  түршігеді. Содан  қазір  есімде қалғаны жау танкісінің  шынжыр  табанының  астында қалып,  езілген топырақтың арасында жатқан денелерді кім екенін тану мүмкін емес деген сөздер ғана.

28 батырдың көпшілігінің  суреті берілген екен. Есеболатов Нұрсұлтан деген жазудың  үстіңгі жағындағы  суретке  көзім  түскенде ғана батыр ағаның бейнесі осындай  екен  ғой,  бұл кітапты әке-шешеме алып барып көрсетейін, көп суреттің арасынан таныр ма екен деген ой келді.

 

 

Сонымен, мектептегі екінші  тоқсанның  аяқталып,  қысқы   демалысқа  шығар күнді дегбірсіздене тостым. Күткен  кезде  уақыт  жүре ме?!  Бір  күн  бір айға, бір ай бір жылға тең.  Бала  көңілі  шарқ ұрып,  ауылдағы  әке-шешеге сан рет ойша тілдестіріп, олардың батыр ағаның суретін қалай көргені, танығаны, одан   кейін  таңдайларын  кағып,  бастарын  шайкағаны көз алдыдан талай өтті.

Ол кезде қар да қалың жауа ма, қайдам?! Жаңа жыл қарсаңында ауылдан қатынасқан  шанаға жармасып,  үйге  тарттық.  Көз жеткісіз құлазып жатқан кең жазық  аппақ  қармен  тұмшаланған. Сұрықсыз  сұр  бұлттар қысқы аспанды торлап, күн көзін көрсетер емес. Қалың қарды  қара  жолдың сорабымен бұзып салған шана жолы ирелеңдеп таусылар  түрі  жоқ. Әлсін- әлсін аяз бүріп, дірдектей бастағанда-ақ жайдақ шанадан топ етіп, жерге домалай түсіп,  өкпе талып, діңке  кұрығанша жүгіреміз.  Қайбір жетіскен заман, аяқтағы дәу шарық,  күпі   пәлте  адымыңды ұзартпайды. Шанаға әне-міне қолың  жетті ме дегенде  ат  айдаушы делбені  кағып қалып, бүркекпен келе жатқан Орманторыны  саржеліске салады. Саржелісінің өзі кейбір жылқының  қос  аяғына  бергісіз  жануар қарды  боратып  ұзап  кетеді.  Тағы  да қос өкпеңді қолыңа алып  жүгіресің.  Біраздан  кейін  шана үстіне  отырып, суық сорған  денең  бусанып,  бүрісіп  тоңғанда  қауқар  болмаған киім зілбатпан болып, жүрістен қаласың.

Ауық-ауық  шанамен жарысып, біресе тоңып, біресе терлеп, екі сағаттық жолды артқа  тастадық. Әбден  болдырып  тізе дірілдеген кезде Бойқанжардың иінінен өтіп, ауылдың да төбесі көрінед-ау. Талайдан бері сағынып  қалған  малды  ауылдың  түймес  үйлердің  түтінін көрісімен  жаңағы шаршағаныңның  бәрі  ұмытылып,  киялың  алға  қарай  оза  шабады.

Ауылдың аты — ауыл. Жартысына дейін қарға көмілген  түймеш  үйлердің  мұржасынан  будақтаған түтіннің  иісі де  ауылда  өскен бала үшін  керемет ыстық.  Бірер  айдың  ішінде  бүкіл  ауыл  өзгеріп кеткендей  әсерде  боласың. Жүгіріп  жүріп  омбы  қарға  қарамастан  бүткіл  алаңсыз  балғын  шагың өткен балапан  төбелердің  басына  шығасың.  Сонау  жардың  астында  сылдырай ағып  жатқан қара тұманың  суы  қақаған  аязда  да  буы бұрқырап қатпайды. Биік  жардан  үңіле  қараған саған: — келдің бе? Мен әлі тіршілік  күйбеңмен ағып жатырмын  дегендей  жылт-жылт  етеді.  Арсалаңдай келіп  сенімен  бірге қосарлана жүгіріп жүрген Алыпсоқ та бір кезде — «Үйге қайтпаймыз ба?» - дегендей  көзін  төңкере  қарап,  құйрығын  бұлтаңдатады. — «Қайтсақ,  қайтайық» деп аяңдап басып үйге беттейсің. Малдың тұяғы шегедей таптап  тастаған  соқпаққа  түсіп  алып ауылды қақ жарып өткен үлкен жолға тусесің. Одан әрі біздің үйдің іргесі тиіп тұр.

-«Қайда  жүрсіңдер,  қарғаларым-ау?!  Ауылға келгендеріңе талай уақыт өткен жоқ па?!» — деп қарсы алады шешеміз.

Көп кешікпей дастарқан жайылып, темір пештің үстінде сарғая тосып ән салып ызылдап  тұрған жасыл  шәугім дөнгелек  үстелдің  жанынан  орын  алды.  Қысыр сиырдың қою сүтін  көме  қатқан қытай шәйінің дәмі қандай! Бала болсақ  та  ауылдағы  апаларга  ілесіп,  талай  шыныны  төңкеретін біздер шәй  дәмін  алғалы  қашан.  Одан  кейін  көп  кешікпей-ақ  буы  бұрқырап,  үйме табақ ет те келеді. Бұл кезде  діңгекке  ілінетін білтелі шамның орнына шыны кигізілетін  жетілік  шам  келген. Білтесін көтеріңкіреп  қойсаң  кәдімгі самаладай  жарқырап-ақ  кетеді. Келген бойда кән үстінен орын алған қапшықтан  10-15 күн  жан  баласына көрсетпей, көздің  қарашығындай сақтаған  кітапты  алдым.  28  батырдың  ерлігі туралы жазылған жерлерін оқып   бердім.  «Жау  танкісінің жыланбауыр  табанының  астында  басы  езілген мына бір денені Нұрсұтбай ма, әлде баска ма тани  алмадық»  деген жолдарды  оқығанда  шешем көзіне жас алып, көңілі босағаны есімде қалыпты.  Ал  әкей  болса тұнжырап үнсіз қалды.

28  батырдың   қатар-қатар берілген суреттерін шешемнің  көз алдына тостым. — Осының қайсысы Нұрсұлтан, тапшы, кәне? — жетілік шамның жарығына  таман  кітапты  жақындатып,  біраз  қарап отырды да:

— О, тоба, мынау ғой, неде  болса  қайтыс  болғаннан кейін түсіріп алған сурет-ау. Қап-қара  болып  шығыпты, — деп  батыр  ағаныц  суретін  әліпті таяқ деп  білмейтін  шешеміз  айна қатесіз тауып бергені.

Келесі кезек әкемдікі. Ол да айнытпай тура көрсетті.

— Шынында өлгеннен кейін түсіріп алған сурет шығар, — деді.

Сонымен талай жылғы батыр ағаның суретін көрсем деген арман осылай орындалған еді.

Тлеухан  ЕСЕБОЛАТОВ

 

 

    

Тлеухан  ЕСЕБОЛАТОВ

 

Журналист.  Қазақстан журналистер Одағыньң мүшесі. 1943 жылы Ақсу ауданы Ақсу өзені аңгарындағы  малшы ауылында омірге келген. Кеңес одағының батыры, 28 Панфиловшылардың бірі Нұрсұлтан  Есеболатовтың аталас бауыры.

Ақсу ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындагы орта  мектепті  (қазіргі Мамания) бітірген. ҚСРО ішкі істер министрлігінің  Алматыдағы арнаулы оку орнын тергеу саласы бойынша және ҚазМУ-дың журналистка факультетін бітірген.

Мектептен кейін әскер қатарында  болып, азаматтық борышын  атқарып келген  соң әскери комиссариаттың жолдамасымен Ішкі Істер органына қызметке тұрады.   

Алайда,  жасынан  әдебиетке  бейім және ынталы  болған ол,  көп ұзамай  Ақсу  аудандық   «Өмір нұры»  (қазіргі  «Ақсу  өңірі)  газетіне  орналасады. Ол  жерде  35  жылдай еңбек етіп, қатардағы әдеби қызметкерден редактордың  орынбасарлығына  дейінгі  жолдан  өтті.  Арасында  4-5  жылдай партия-кеңес  қызметтерінде де болды.  Қазір зейнеткерлікте

Ол баспасөзде қызмет еткен жылдары алуан тақырыптарда қалам тербеді. Жазбалары  облыстык, республикалық газет-журналдарда жарық көріп отырды. Журналист  ретінде  дипломдық   жұмысын  сатира саласының маманы,  профессор  Т. Кожакеевтен  қорғайды. Соған орай,  фельетон,  сықақ әңгімелер  жазуда да  көпшілік  көңілінен  шыққан.

Үкіметтің  бірнеше  мерекелік  медальдарымен,  аудандық,  облыстық  партия, Кеңес органдарының,  әкімдіктердің   Құрмет  Грамоталарымен, Алғыс  хаттарымен  марапатталған.  Ақсу ауданының  Құрметті Азаматы.