Бүгін сайтымда ерен ерліктерімен қазақ елі тарихында өшпес атын қалдырған, Жоңғар жаугершілігінде қолбасшы болған және Найманның Матай руының ұраны — рухына тағзым етер бабаларының бірі БӨРІБАЙ батыр туралы бұрындары жарияланған танымдық мақалалар (Ж.Толымбеков, К.Омаров) жинақталып беріліп отыр.

БАТЫР туралы сақталған деректердің аздығына байланысты, олар мақалаларда қайталанып отырылса да, бірін бірі толықтырып  толыққанды  мағлұмат бере алады. 

Танысыңыздар, біліңіздер!

 

 

Бөрібай батыр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет


Бөрібай батыр
 (шамамен 1694 – 1756/60) – қолбасы.

1723–40 жылы жоңғарларға қарсы соғыстарда матай руы қолын басқарған. Жалайыр, найман, қоңырат жасақтарының басын біріктіріп, Сарысу өзені бойына қоныстандырған. Жоңғар шапқыншылығының ең ауыр кезеңінде өз қарамағындағы рулардың жаудан қорғану ісін ұйымдастырды. Сарысу өзені бойындағы шайқаста қаза тапқан. Қожа Ахмет Иасауи кешенінде жерленген Бөрібай батырдың ерлігі жайлы кезінде Сегіз серіДәстем салЖанкісі жыраулар дастандар шығарған.[1]

 

Бөрібай батыр ( 1694 – 1756/60)

 

 

 

Бөрібай батыр туралы біршама  деректер осы сайтымда бұрынырақ жарияланған болатын. Онымен мына сілтеме арқылы танысыңыз:http://bit.ly/2IvxKVB

 

 

Ел қаймағын бұзбаған Бөрібай батыр

Жемісбек Дулатбекұлы

 

Бөрібай батыр Қазақ жерін Жоңғар-Қалмақтан азат ету ісіне бел шеше кірісіп, елді жаудан қорғауды үйлестірген батыр. Қаптағайда Бөрібай, Кенже-Матай екеуі Жоңғар жойқынында перзенттік парызын адал атқарған асыл тұлғалар.

ХVІІІ ғасырдағы Матай елінің ұраны — Бөрібай, таңбасы – бөрі, қылыш. Жоңғар жаугершілігінде Бөрібай батыр қаша көшкен елді бастап Алтайдан Алатауға, Жетісудан Сырға, одан Арқа, Атбасар, Сарысу бойына көшірген. Сарысу бойында Қалмақ қолын бөгеп, батыс жаққа өткіздірмеген. «Ел қаймағын бұзбаған Қаптағайда Бөрібай, Қожаберген «Елім-ай» тұңған дерек беріп-ай» демекші, Толыбайұлы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында:

«Қазақтар қаша көшіп, ұрыс салды,

Бетпақта (Бетпақдала) адастырды қалмақтарды.

Еділ-Жайық, Арқаға қазақ ауып,

Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды.

Бостырып жалайыр мен наймандарды,

Алтай мен Алатауды қалмақ алды.

Жалайыр, найман, қоңырат Бөрібайға еріп,

Сарысу бойына кеп қоныстанды», — делінеді.

 

 «Ісі бар мың жігітке жеке татыр» дегендей, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» Бөрібай батыр Жалайыр, Найман, Қоңырат елдерін жоңғар жойқынынан амалдап, қырғынға ұшыратпай, аман алып қалған. Арттарынан қуған Қалмақты Бетпақдалада адастырады. Істеген ісі ғаламат. Қонысты Сарысуға апарып орналастыады. Ауып, қаша босқан елдің көшін ерекше ұйымдастырып, береке-бірлік жасатқан озық.

«Қалмақтар Жетісуды көктей өтіп,

Қаратау баурайына келді жетіп.

Жан алып, жан беріскен көп ұрыста,

Бөрібай ер түспеді аттан селтіп», — деп баяндайтын суреттеме жыр да болған екен. Қайраны толық нұсқада жетпегені.

Бөрібай батыр басқарған ел Қаратауда бас қолбасы Қожаберген Толыбайұлы мен қанжығалы Бөгенбай батыр қосынына, Қазақтың жайсаң-жақсыларымен қосылады. Бөрібай батыр Қазақ жерін жау қолынан азат ету ісіне бел шеше кірісіп, елді жаудан қорғаған дәріп.  Қазақ қолдарымен бірлесіп Бөрібай батыр 1724 жылы Түркістанды жау қолынан азат етуге қатысады. 1725 жылы қазақ қолдарымен жауға бірігіп аттана шабу әрекеттеріне іс-қимыл әрекет, айла-тәсіл, ақыл-күшін аянбайды.

Отырар, Сайрам, Түркістан аймағын жау қолынан азат етуде ерен ерліктерімен танылады. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласында, Садыр-Қамалбұлақ деген шағын өзенде қалмақтардың қалың қолын қазақтың біріккен қолымен талқандайды. Жаудың қашқандарын Үлкентұз тауына қуып тығып жояды. 1726 жылғы Ордабасындағы алқалы жиында жауды жеңу үшін күш біріктірудің қажеттілігін түсініп, өзіне қарасты елге, сарбаздар түйсіміне ұқтырады.

1728 жылғы Ұлытау етегіндегі Қарасиыр Бұланты немесе Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста мұздай қаруланған жауды жеңуге талай ержүректердің басын қосып, ел мен жерді қорғау ортақ іс екенін ұқтырып, «сен тұр, мен атайын» деген озықтарды жұмылдыра білген ұйытқы. 1730 жылғы тамыз айының аяғында өткен Іле өзенінің Аңырақай ағысы тұсындағы шайқасқа Бөрібай батыр қосағымен атқа қонып, «етектен тартып бөрідей анталаған» жауды найзасының ұшына мінгізген батыл. 1732 жылы жеті мың қолдан тұратын жоңғар әскері Орта жүзге шабуыл жасайды. «Қысқа күнде қырық шапқан» Қалмаққа зор тойтарыс беріледі. Бөрібай батыр бел шешпей, Ер Тоқпанбет екеуі бұл шайқастан сырттап қалмайды.

Похожее изображение

 

Қасық қаны қалғанынша Жоңғарлармен аянбай күрескен батыр бабалар туралы нақты, шынайы зерттеулердің әлі күнге дейін жүзеге асырылмай келе жатқанынан болар, шежірелер мен құймақұлақ дана аталардың айтуларына, олардың артына қалдырған қолжазбаларына тірек артып, «естіген құлақта жазық жоқ» деп Мәшһүр Жүсіп Көпеев айтпақшы, халық ауыз әдебиетіне сүйенетіміз де сол.

Жоңғарлар 1739 жылы 10 мың қолмен және 1742 жылы 20 мың қолмен Орта жүз жерін қайта ойрандайды. Зеңбіректен оқ атып қазақ қолын талқандайды. Соған қарамастан Жоңғарға тойтарыс беріледі. Осы тойтарыс соғыстарда Бөрібай батыр ерен ерлік, ұйымдастыру қабылетімен еректенеді. Елді Бетпақтың даласына жасырып аман алып қалады. 1745 жылы жоңғарлар үлкен қолмен орта жүзді тағы шабады.

Бірақ, бұл жолы зеңбіректері болмайды. Осы соғыста беделді Қазақ батырлары мен билеушілері жекпе-жек ұрысты талап етіп, ұрыс майданына шығады. Бөрібай батырдың Жоңғарлық қолбасы Қапалды жеңуі осы соғыста болып, содан Абылай ханның бұйыруымен есімі үш Матай елінің ұранына айналады. Жоңғар жойқынында Жалайыр елінің ұраны «Бөрібай» болғанын шежірелерде келтіріледі.

Кенже-Матай Ер Тоқпанбет жекпе-жек ұрысында майданға қатарынан үш мәрте шығып, қарсылас жоңғар батырларын жеңіп, Абылай ханның «өсімтал бол» деген батасын алып, бас қолбасы Бөгенбай батыр бір түмен жасақты басқаруға тағайындағаны осы соғыста еді.

Ер Тоқпанбет (Қолағаш) есімі Матай-Кенже елінің ұранына айналған. Ер Тоқпанбет жекпе-жек майданына Матай елі атынан Бөрібай батырдан кейін екінші болып ұрысқа шыққан. Жоңғарлар мен Қазақтар арасындағы екі жақты батырлардың жекпе-жек ұрысында Абылай хан мен бас қолбасы Бөгенбай батыр қазақ батырларына ақылдарымен бастұтқалық жасап, рет кезегімен әр елдің батырларын майданға шығарып, рухты дем, нұсқаулар беріп отырыпты.  Жеңгендерінің жеңісін бағалап, жеңілгендерінің орнына келесі майданға шығатын батырға кек алуды көксете жігерлендіреді. Жекпе-жек майданы кейде көп күндік ұрысқа созылған. Бірақ, Жоңғар-Қалмақтар ондайды жаратып, қаламағаны тарихтан аян.

— Матай елі атынан майданға кім шығады? – дегенде, Жоңғарлық қолбасы Қапалдың намысқа тиер сөзі мен қылығына назаланып, басқа батырларға жолын бермей, ең алғашқы болып Матай елі атынан қолбасы Бөрібай батырдың өзі жекпе-жек майданына шығып, жеңіске жетіп, мерт қылады. 

Абылай хан Бөрібай батырдың ерлік жеңісін жоғары бағалап, хандық жарлығымен бұйыра: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» — депті. Дес бермес, қайсар ерлігі үшін Бөрібай батыр есімі Абылай ханның ұйғаруымен Найман-Матай елінің ұранына айналады.  Бәйгеден аты озған бала «Бөрібайлап» келген. Жауға шапқан ұлан «Бөрібайлап» шапқан.

Кеңес өкіметінің оспадар озбыр ұстанымына қарсы 1930 жылы26 наурызда Ақсу-Қапал өлкесінде Матай елінің «Бөрібай» атаулы көтерілісі болған. Көтерілістің ұраны «Бөрібай» болғандықтан ел жаппай, шашау қалмай, тайлы-таяғымен көтеріліске шыққан. Шежіре жинап-терген шежіреші Еспенбетов Намазбек атаға Бөрібек Телібайұлының жаздырған:

«Домалақ оқ қазақты қырар болған,

Қожаберген «Елім-ай» жыр, ән болған.

Жекпе-жек ұрысында жеңіп шыққан,

Бөрібай үш Матайға ұран болған», — дегені де Бөрібай батырдың есімі ұран болғанын айғақтайды. Шумақта келтірілген «домалақ оқ» дегені зеңбіректің оғы екен. Тегі Бөрібай батыр есімі үш Матай елінің ұраны болуына себепкер тек жекпе-жек майданында жауын жеңген өрлігі емес, Жоңғар жойқынына қарсы игі ерлігінің өресін Абылай хан бағалағаны болады.

«Ағынды менің Ақсуым» тарихи деректер, құжаттар, естеліктер кітабында: «Жекпе-жекте жеңіліп көрмеген Қалмақтың ең бір қанды қол батыры Қапалды шығарады. Сол уақыт тәртібі бойынша қолбасыға қарсы қолбасы шығуы жол болған. Отызға таянған Қапал өзінен егделеу көрінген Бөрібайды жеңемін деп есептесе керек. Бірақ, бәрі керісінше болды», — деп деректеледі.

Шежіре білгір Рахым Нұрахметов, Бірқұрман Садақбаев деген даналардың айтуында: «Бөрібай соғыс тактикасы мен стратегиясын жете меңгерген шебер қолбасы болған», — делінеді. Бөрібай батырдың ерліктері жайлы кезінде Сегізсері, Дәстем сал, Жанкісі жырау дастандар шығарған екен. Іздеу сап, мұрағаттар қойнауынан немесе басқадай табылса, ғажап болар еді. Қытайдағы Қызай елі ішінде «Бөрібай батыр» туралы жыр барын Мәткәрім Нүсіпбай, Дәулетхан Қоңырбай растайды. «Мамания» кітабында: «Қаптағайдың (Келменбеттің) ұрпағы Бөрібай батыр 1723—1740 жылдары Матай елін билеп басқарған», — деп жазады.

Қазақстанның халық ақыны Қуат Терібаев:

«Қаракерей Қабанбай, ер Бөрібай,

Ежелден ел намысын бермегенің,

Ел үшін жанын қиған қаныменен», — деп толғайды.

Бұрынырақ өмірден өткен құймақұлақ, зере ақсақалдар:

«Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Қаптағайда Бөрібай,

Ер Тоқпанбет-Қолағаш,

Тентек матай Қалыбай», — деп аруақтарына сыйынып, құрандарын бағыштап отыратын еді.

 

Картинки по запросу бөрібай батыр

Бөрібай батыр 1694 жылы туып, 1756 жылы ауыр жарақаттан Сарысу өзені бойындағы шайқаста қаза болыпты. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында: «Бөрібай батырдың бір өзі оншақты қалмақтың қоршауында қалып, ерлікпен мерт болды», — деп жазады.
Есқожаұлы Төребай ақын:

«Қалмақтармен соғыста қаза тапқан,

Осал деп біз айтпаймыз Бөрібайды.

Аруақты ер Бөрібай найзаға ұшып,

Қайғырып матай, садыр зар еңіреген.

Басшысыз Сарысуда қалған кезде,

Жұртыңды біздің батыр бастап келген.

Есімі сол батырдың Ғайып екен...

Сол батыр Бөрібайға сүйеу екен,

Қарындасын алған соң күйеу екен», — деп деректейді.

Яғни Бөрібай батыр найза тиген жарақаттан қаза болғандығын айтады. Ғайып батыр қырық туысынан айырылып шеттеп жүрген, елі Кіші жүз, Алшын болады. Әйелі Бөрібай батырдың қарындасы, есімі Айғанша. Ғайып Бөрібай батырға туған күйеу бала болған.

Бөрібай мерт болғандықтан Ғайып батыр Матай-Қаптағай, Садыр қолдарын басқарып кетеді. Телі көл маңына Бөрібай батырдың сүйегі 1856 жылы «аманат» қойылып, 1760 жылы Матай елі батыр ата мәйітін Түркістанға апарып, Ахмет Ясауи мазарына, жақсы жайға жерлейді. М.Тұяқбаевтың «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Қазақ хандары мен сұлтандары» мағлұматы бойынша кесенеде жерленген батырлар тізімінде Бөрібай батыр № 89 болып көрсетілген.

Телібайұлы Бөрібек, Досбайұлы Жанатбек, Елубайұлы Жанатбек, Еспенбетұлы Намазбек, Исағұлұлы Тұрлыбек аталар: «Бөрібай батыр 57 жасында өмірден өтті», — деп айтып, ерліктерін әңгімелеп отырушы еді.«Ту көтерген Жаназар батыр» кітабындағы естелігінде Шымырұлы Тілеубек: «Бөрібай батыр Жоңғар-Қалмақ соғысында ерлікпен қаза тапқан», — дейді. «Егемен Қазақстан» газеті, 1993 жыл, 29 наурыз, Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі Манат Бейсенбаев: «Бөрібайдың кесенесі «Телікөл» маңында, Қызылорда-Жезқазған жолынан 40 шақырым бұрылыста, дөңес жерде орныққан. Бөрібай кесенесі маңдайшасындағы жазуды өз көзімізбен көріп едік, қазір ол белгі жоқ. Зират сыртынан төрт бұрышты, ішіне кірсең сегіз бұрышты», — деп жазады. Нақтыласақ, Бөрібай батырдың сүйегі «аманат (уақытша)» бес жыл қойылып, сақталған зират орны Телі көл маңы болады.  Бөрібай батырдың ол кесенесі туралы деректе: «Бөрібай батыр кесенесі – ХVІІІ ғасырдан сақталған сәулет өнер ескерткіші.

Бөрібай кесенесі 6 х 19 х 33 см шикі кірпіштен тұрғызылған порталды құрылыс», — делінеді. Мұхамеджан Тынышбаев: «Кесене Бөрібай батырға арнап салынған. Оның негізі 6,40 х 6,68 метр шарғыға жуық. Ішкі жағы сегіз қырлы. Әр қырында бөлек-бөлек итарқалы қуыс бар. Бойлық және көлденең белдеулеріндегі қуыстар тік бұрышты. Биіктігі 1,15 метр. Күмбез барабанға өтер тұста бірінен-бірін оздыра қаланған қос қатар сөре барабанға негіз болған.

Ғимарат қалдықтарына қарағанда кесене төбесі күмбезбен көмкерілмеген. Кіретін есік оңтүстік қабырғадағы қуыстан шығарылған. Оған тіркестіре жебенің ұшы сияқты үшкірлеп жабылған, ұзындығы 1,75 метр дәліз салынған. Құрылыс сыланбаған. Солтүстік қабырғадағы бөлмеде жартылай көміліп қалған сағана сақталған», — деп деректейді.

 Бөрібай кесенесін алғашқы зерттегеннің бірі Мұхамеджан Тынышбаев болған. Бөрібай кесенесін Алматы сәулет және құрылыс институтының экспедициясы, жетекшісі Е.Бәйтенов, 1988 жылы мұқият зерттеген.

Матай елі әр түскен олжадан ұранға есімі шыққан Бөрібай батыр аруағының құрметіне «Бөрібай сыбағасы» деп еректеп, беріге дейін бөліп отырған.  «Қара қылды қақ жарған» кітабында Өтепберген Ақыпбекұлы «Бөрібай сыбағасы» туралы былай келтіреді. Қыдыралы би:  «Оу, ағалар! Бөрібай сыбағасын маған беріңдер?» — деп қолқалайды. «Тобықтай болып сыбаға сұрайтындай, мынау кім» дегендерге, Қыдыралы би:

«Тобықтайдың да тайлық кұны бар,

Тайдың да тұлпарлық сыны бар.

«Дұлдұл тастың» тегіндей,

Теңбіл көк тарпаң тай екен,

Тақымыма сай екен.

Қалауым осы халайық!» — деп теңбіл көк тайдың жалына қол салып, қарғып мініп:

 

«Ат жалын мен де тартайын,

Сауранға сауын айтайын.

«Таңбалы тасқа» тәу етіп,

Сарысу барып қайтайын,

«Ақсүйек» болмас ермегім,

Жақ сүйекке салмақ артайын!» — деп шаба жөнеледі.

Мұнда айтылған «Дұлдұл тас» Найманның әкесі Ер Қаптағайдың Әзіреті Әлімен жолыққан жері, қазіргі Сарқан ауданы жайлауында орналасқан. Теңбілкөк тайды Әзіреті Әлінің айшылық жерді екі-ақ аттайтын Теңбілкөк атына ұқсатады. «Сауранға сауын айтайын» деуі, матай Қаптағай (Келменбет) атаның сүйегі Сауранға жерленген дегені. «Таңбалы тас» Сарысу өзенінің бойында, онда Қыдыралының әкесі Бөрібай «аманат» жерленіп, бұзылмай сақталған.

«Ақ сүйек», «жақ сүйек» деп айтқаны, «ерте есейдім, елге билік айтуға жарадым» дегені екен. Қыдыралы алдынан һәм билігі бұзылмаған, «мен шешенмін» дегеннің тілін буған, ақылы жұрттан асқан би болған. Қыдыралы әкесі Бөрібайдың жолын қуған. «Қазақ тарихы мен шежіресінде» Мұхамеджан Тынышбаев: «Жетісу өлкесінде аса беделді, ықпалды, күшті, қара қылды қақ жарған Матайдың биі Қыдыралы болды. Қыдыралы би ру ішіндегі дау-дамайды ғана емес, үлкен барымта, кісі өліміне қатысты қиын ірі істерді қарап, әділ қазылық шешімімен халықты разы еткен. Өзінің тілегімен «Қай жерде көз жұмсам, сол жерге қойыңдар» деп қалдырған. Денесі Сарқан ауданы, Саратов мекенінде жатыр», — деп жазады. Қыдыралының баласы Дөсет те би болып, үш ну Найманды билеген.

Ақын Сарамен айтысында Төребай ақын: «Мақтасаң Бөрібайдай ерді ардақта», — деп Бөрібай батырды ерек санайды. Бөрібай батырдың жеке  қасиеттері  бұрынырақ өткен зерелі үлкендердің айтуында: "Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, мәселені тез шешетін көшбасшы.

Заманының көзі ашық, мысы басым алғыры, сараптар тақуа, ардасы.  Аждаһаның көмейіндей тартатын құдіретті. Жау шапса қасқайып қол бастап, артына ерлігімен сөз тастаған, жаудың шебін бұзған, қаймықпас тұлға», — делінеді. Ел ішінде: «Жетім қалған Бөрібай, тұлға болып артына, тиянақ етті еліне жай», — деген сөз тараған. Бөрібай — артынан жау, алдынан қиындық қысқанда елдіктің ерлігін көрсетіп жол тапқан, Жоңғар-Қалмақтан кек алуға дүйім жұртты ұмсындырған, найза болат, пәруар пір, қолбасы болған.  «Найман болсаң — Матай бол» дегендей, ормандай көп Орта жүзден шыққан белсенді тірек. Ту көтеріп, жауға шапқан.

Ел мен жерді қорғап, өлімнен қорықпай басын байлаған, Бетпақтың  шөлінен төтелеп жүріп жол салған. Ел тұтастығын қорғаған нағыз көзел. Жауының еңсесін түсіріп аласартқан, азаттықтың қаһарманы Бөрібай батырды ел болып есімін ардақтап құрметтеуге лайықты. 1928 жылы төменгі (құмдағы) матай және бес болыс садыр елі қарайтын Бөрібай батыр есімімен аталған Бөрібай ауданы құрылады. Оны Өлкелік Комиссия (ОГПУ) өктемдігі 1930 жылы таратып тынады.

Бөрібайдың әкесі Сары би даладағы және еларалық елшілік істерге Әз Тәуке хан тұсында араласқан тарихи тұлға. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар атты айдарымен 2011 жылы шыққан «Әз-Тәуке хан» кітапшасында: «1683—1693 жылдарда Әз-Тәуке хан Ресейге бес рет елші жібереді. Әз-Тәуке ханның елшілері: Сары, Көлдей, Тұманшы батыр, Қабай батыр (Ноғас), Құлтыбай Аталықов дегендер. Олар осы кезеңде Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды жүргізуде белсенділік танытқандар», — деп жазылған.

Қолжазба шежіресінде Мұсабек Атағозин: : «Бөрібай батыр әйелдері: Алтын, бәйбішесі Бикен. Оны ел «Бікен» деп атаған. Бікен елі осы әйелден таралған ұрпақтар болады. Үшінші әйелінің есімі Жабай», — деп жазады. Бөрібай батырдың кіндігінен негізінде он сегіз ұл туған. «Ел ырысы Бөрібай, жер тынысы Бөрібай, он сегіз ұл кіндіктен маңдайына беру-ай» — деген ел ішінде нақыл сөз болған.

«Ағынды менің — Ақсуым» кітабында: «Бөрібайдың әйелі Бикен Қоңтәжінің қарындасы, нәсілі Қалмақ», — делінеді. Қалмақтың сол тұстағы ханы Қалдан Церен (Бошақту) болғаны мәлім. Қазақтар  Қоңтәжі хан деп атаған. Жетісудағы Қаратал өзені бастау алатын Қора шатқалының төріндегі ең биік қарлы шоқы Қоңтәжі деп аталады. Аңыз бойынша Қоңтәжі хан осы шоқының маңында өмірден өткендіктен Қоңтәжі атымен аталған.

Қоңтәжінің етегіндегі Қызыл деп аталатын жайлау Қапал өңіріне қарасты. Әз Тәуке ханның жұмсауымен Тайкелтір би бастаған, батыр Бөрібайдың әкесі Сары би қостаған қазақ елшілігі Түркістан маңынан Алатау жүйесі Қапал өңіріндегі Қызыл мен Қора жайлауын жайлап отырған Қоңтәжі ордасына 1685 жылы келгені тарихта бар.

 Дәуіт Қуатбековтың әкесі қалдырған шежіресінде: «Бикеннен алты ұл тараған», — деп Жұмабек атаның шежіресіне сәйкес құпталады.

Мұхамеджан Тынышбаев: «Матай Бөрібай батыр ұлдарымен 1740—1745 жылдары Сарысу бойында, Атбасар өңірінде жүрген», — деп деректейді. Сол кезеңде Ақмола атрабында саны 21 мың шаңырақ Найман елі орнығады. Оның 17 мыңы шаңырағы Қаракерейлер, үш мың шаңырағы Матайлар, бір мың шаңырағы Төртуылдар болған екен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кемеңгер ғұламаның қабыры басына Әмір-Темір тұрғызған кесене ең қасиетті орын. Кесене маңына қазақ елінің айрықша пір тұтқан текті тұлғалары: хан, би, батыр, бегім, сопылар жерленген», — деп бағалауы тегіннен емес.

Елі Өтебай, Қожан ата: «Бөрібай батырдың сүйегін былғары табытқа салып, Түркістан шаһарына қойған», — деп деректейді. Текті тұлғалар Матай-Қаптағай Бөрібай батыр, Матай-Кенже  Ер Тоқпанбет (Қолағаш) Тұңғатұлы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесене-қорымынан жақсы жайдан орын алынып жерленгені қазіргі кезде ғылыми тұжырымдалған. Ғылыми дәлелденіп, Мәдениет және ақпарат министірлігі бекітіп жасалған «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Қазақ халқының ел билеген хандары, билері мен батырлары игі жақсылары» деген тізімде екі батыр тұлғаның есімдері мен өмір сүрген жылдары алтын әріппен Ахмет Ясауи кесенесінің «Тайқазан» тұрған бөлме қабырғасында және Алматы аллеясындағы бас қақпаның қарама-қарсы тұсында мәрмәр тастан жасалған стеллада қашалып жазылған.

Алтын әріппен жазылған Ахмет Ясауи кесенесіндегі «Тайқазан» тұрған бөлмедегі тізімде Матай-Қаптағай  Сарыұлы Бөрібай батыр (1699—1756-60 ж.ж.) № 45, ал Ер Тоқпанбет (Қолағаш баба) Тұңғатұлы (1705—1801 ж.ж.) № 108 болып көрсетілген. Екі батырдың Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесіне жерленуі – оларға деген құрмет. Ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген рухани тұрғылық. Халқын сүйіп, ел мен жеріне адал қызмет еткен, Отан үшін жанын берген Бөрібай батырдың өзі өлсе де, аруағы ардақталғандығының белгісі.

«Қазақ Совет энциклопедиясы» 8 томының 262 бетінде: «Қалмақ басқыншыларына қарсы күресте аты белгілі Бөрібай батыр Найманнан шыққан», — деп жазылған.  Бөрібай батырдың шыққан тегі: Найман – Белгібай – Сүгірші – Толымбек — Сарымырза (Өкірек) – Құрманай – Ернияз – Қарнияз – Сүйініш (Шұбартай) — Төлегетай (Төлек ата) — Қытай би – Матай – Келменбет (Қаптағай) – Досан — Жолдас – Есенгелді – Жалаң – Асан – Сары – Бөрібай», — деп шежіреде таратылады. Сары бидің әкесі Асан ақылы асқан батыр, халықты билеген ақылман, тентекті тезге салған, шынжыр балақ, шұбар төс аталған екен.

Сары би басына бақыт, дәулет бірдей қонған, жолы оңды, жақсы кісі атаныпты. Сарының ұлы Бөрібай сейіл құрып далада жүргенінде «тұяғы ұзын қысырақ» душар болып, қызыр қонған қасиетті, дәулетті, жаужүрек батыр болады. Бөрібай әкесі өмірден өткенде іште қалған бала екен. Елі Қаржау, Барлыбай батыр: «Бөрібай қияндықпен жетім өсті, Жоңғардан Найман үркіп, Бетпақ көшті», — деп айтқан екен. Жетісу облысының генерал-губернаторының көмекшісі Н.Н.Пантусов: «Бөрібай» деп ұрандаса болды. Бүкіл ел дүрлігіп, жиылып, бірігіп шығады. Бөрібайдың анасы сәуегей екен. Ұзақ мерзім ұл бала көтермей жүреді. Бір күні түс көреді. Түсінде: «Бөрі арланының бауыры мен етін же! Сонда ұлды боласың! Баланың есімін «Бөрібай» деп қой! Бөрі арланындай (господин волков) қаһарлы «батыр», еліңе «мырза» болады», — деген Қызыр ата аян береді. Бөрібайдың анасы түсінде көргенін толық орындаған», — деп жазады. Жазбасы Ресей географиялық қоғамында хатталыпты.  

Мемлекеттік хатшы болған М.Тажин «нағыз ұлттық қадыр-қасиет тарихтан басталады» деп айтқандай, есімдері ел мен жерді қорғап, ардақталып ұранға шыққан, жақсы жайдан Ахмет Ясауи кесене-қорымына жерленген Бөрібай батыр мен Ер Тоқпанбет аталарға білікті таным мен ғылыми негізде оңды іс-шаралар ұйғарылса және елеулі ерлік істерін ұрпақ біліп, айтып, сыйынып жүрерлік қабылеттер жасалса деген көп тілеуін қабыл қылғай.

Ерлерін білетін елі болғаны — ғанибет. Сана тазарған тәуелсіздік жолында екі ердің есімдері тасқа түскенімен зады әлі зерделеніп, дәріптелген жоқ. Көп болып жұмылсақ, бәрі де оңғарылмақ.

Ұранға айналған Бөрібай батыр

Күнболат ОМАРОВ
тарих ғылымының кандидаты, 
тарих зерттеушісі, бірнеше тарихи 
роман, деректі кітаптардың авторы.

«Ақсу өңірі» газеті, 5 Қыркүйек 2013 жыл

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп көрсеткені белгілі.

Ендеше, қазақ тарихының өткен жолдарына қарасақ, ел мен жұрттың ортақ ұранына айналған баһадүр батырларымыз аттың тұяғымен, найзаның күшімен Қазақ мемлекеттігінің құрылып, қалыптасуына, оның іргесі бөлінбей, аумағы тарылмай, шекарасы шашырамай тұтас қалпында бүгінге жетуіне үлкен үлес қосқан. Ұлт пен ұлыстың тағдыры шешілер сәтте, «қарағай басын шортан шалған», «буыршын мұздан тайған» шақтарда халықтың арда туып, адал сүт емген ерен ұлдары ұран шақырып, ұлт намысын қамшылап, «толарсақтан саз кешіп» сынға түскен. Жеке басынан жалпақ жұрттың, атаның намысынан жалпы ұлттың, отбасы, ошақ қасынан байтақ отанның мүддесін жоғары қоя білген, сол жолда басын бәйгеге тіккен сардарлардың бірі, бірі емес, бірегейі – Бөрібай батыр Сарыұлы. 

Бөрібай батыр (1694 – 1756 – 1760) қазақтың найман руының үлкен бір табына атын берген Қаптағай батырдың бесінші ұрпағы. Ол өз заманында әйгілі батырлығымен, әділ билігімен, қолбасылық өнерімен көзге түскен, ел басқарған көрнекті тұлға. Сол себепті, сол кезден бастап Бөрібай батырдың айтулы ақын – жырауларының жырларынан орын алғандығы белгілі.

Бұл жайында «Бабалар сөзі» атты шежірелік жыр–аңыздар дастанында (авторлары: Әлібеков Т., Қасқабасов С., Қирабаев С., 82 – том, 349-350 б.б.) былай жазылады: 

...Әркімге жақсылықты құдай берер,
Басына бақыт, дәулет бірден қонды.
Оның ұлы Бөрібайғақызыр қонды.
Дәулеті бұл кісінің үлкен мол-ды.
Паһ, шіркін, бұл кісіге, құдайым-ай,
Бақ берген-ді, мақтамай тұрайын ба-ай!
Қазақ елі сүйінсе, жар болады,
Үш жүздің Матайына ұран болған ер Бөрібай— деп жырлануы бекер емес.

«Қазақ совет энциклопедиясы», (8 том, 202 бет), «Айбын», «Жетісу» энциклопедияларында «Бөрібай(1694 – 1756/ 1760ж.ш., Түркістан) – батыр, рубасы. Тегі Найман руының Матай тармағынан шыққан, есімі руластарының ұранына айналған Қаптағай батырдың ұрпағы. Ауыз әдебиеті нұсқаларында ол жоңғар басқыншыларына қарсы майдан ашқан қазақтың атақты батырларының бірі ретінде айтылады. Халықтық шежірелерде Бөрібай батырдың есімі Қаракерей Қабанбаймен қатар аталады. Найман, Жалайыр, Қоңырат руларынан жасақталған сарбаздарды басқарған» деп жазылған.

Бөрібай батырдың қазақ халқының алдындағы тарихи еңбегі, оның сол кездегі қоғамдық орны, қазақтың елдігі мен ерлігін әйгілейтін ізгі істері жайында айтардың алдында еліміздің тарихи оқиғаларына тоқтала кеткен жөн болар. 
Бөрібай батырдың өз заманының ел билеген кемеңгер, өз ұлтының мүддесі үшін күрескен тұлғалардың біріне айналғаны сол кездегі ұлы тарихқа байланысты болды. Оның аты сол себепті өзінен бұрын өткен бабасы Матайдан туған Қаптағай есімі сияқты бүкіл Матай руының ұранына айналды. Ел ұранына айналған бұл есім де ХVІІІ – ғасырда өмір сүрген нақты тарихи тұлға екендігі бүгінгі күні еш күмән туғызбайды. 

 

Картинки по запросу бөрібай батыр

Бұрынғы ауыз әдебиетіндегі жырлар, дастандар мен хикаялардан, сондай-ақ, тарихи, жазбаша мұраларға сүйене отырып жазылған Қазақ энциклопедиясында, 6том, І. Есенберлиннің тарихи «Алтын Орда», «Алмас қылыш, романындағы деректерге сүйене отырып Қаптағай батырдыңЖәнібек, Керей сұлтандармен бірге Ақ орданы құрып, нығайтуға қатысқанын, ХV ғасырда өмір сүргендігін айтуға болады. Қаптағай батыр – қазақ халқының дербес мемлекет болу жолындағы күресте Алтын орда мемлекетінің шаңырағын көтеруге қатысқан батырлардың бірі. Ел бірлігіне тірек болып, сырттан келген анталаған көп жауларға бел алдырмаған, жауды қапысыз бақылап, ел іргесін сақтаған. Елін, жерін жан аямай қорғаған Қаптағай – бас батыр болуымен қатар, бүкіл найманға «Қаптағай» атымен ұран болған. Тарихта көрнекті із қалдырған Қаптағай батырдың – Бөрібай батыр бесінші ұрпағы болса, оның аты шыққан тағы бір ұрпағы ол – Асанның алты ұлының бірі – Сары батыр. Сары батыр болса, ол да Бөрібай батырдың әкесі екендігі және бұл жалғастық ұрпақтардың батырлық жалғасы іспеттес. 

Сары батыр 1688 – 1689 жылдары қазақ елшілігін басқарып Орыс еліне барғанда, Орыс өкіметі ұстап қалып, кейін босатқан деген тарихи дерек бар. Бұл жайды ел арасындағы шежіре жыр да растайды. Тарихшы ғалым Әбдікәрім Хасенов «Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны» атты кітабында (Алматы. 1996 ж.) Бөрібай батырға қатысты бірнеше құнды деректер келтіреді. Бұл деректердің ішінде Бөрібай батырдың әкесі Сарыға байланысты деректер де бар. Сол жайында кітапта былай айтылады: «Қабай елшілігі 1690 жылы Ресейдің Тобольск қаласына барады. Олардың артынша бұл қалаға Бөрібай батырдың әкесі Сары мен бірге Қаптағайдың Көлдей атты мырзасы елшілік мәселесімен келеді. (Көлдей кейініректе Қаптағай ішіндегі бір рудың атына айналған). 

Сары мен Көлдей бастаған елшілік орыс елшісі Павел Шарыгинмен келіссөз жүргізеді. Бірақ қазақ елі ішіндегі кейбір топтар екі ел арасындағы шекара жағдайын шиеленістіріп жібереді. Бұл жайға ашуланған орыс жағының билеушілері қоқан–лоқы жасап, Көлдей мен Сары елшілігін тұтқынға алады. Сары мырзаның қайын атасы Түрке бидің қазақ елшілерін өз тарапынан босатып алу үшін қарулы қақтығысқа барғандығынан да нәтиже шықпады. Олар тұтқында қала берді. Сары мен Көлдейдің тұтқындық жағдайы баяғыда Сібір жеріндегі Тобыл мен Ескер қалаларына жақын маңда аң аулап, сейілдеп жүріп, орыс мемлекетінің сол жақтағы воеводасының қолына тұтқын болып түскен Шығай ханның немересі, Оңдан сұлтанның баласы Ораз-Мұхамедтің тағдырымен бірдей болып шықты. Бұлар да солардың кебін киді. Ораз-Мұхамед сол жолы қасындағы нөкерлерімен, оның ішінде Жалайырдан шыққан атақты тарихшы, ғұлама Қадырғали би, қарақшы Ермак күйреткен Сібір хандығының бұрынғы ханы Көшімнің інісі Сейтек сұлтан бар орыстың Тобольск қаласы тұрған жерден бірақ шыққан екен. Сол жерде «шекара аймағынан астың, орыс мемлекетінің жеріне қарулы қосынмен келдің» деген желеумен орыстарға тұтқынға түскен еді. 
Ол жайында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты тарихи романында, 1981 жылы, «Жалын» баспасында шыққан, (М. Мағауин, «Аласапыран», Алматы, «Жалын» 1981 ж. 213 бет.) 

Ол кез бен бұл кездің арасы екі жүз жылға жуық болса да, оқиға осылай өрбіп жатты. Арада жеті жыл өтсе де Сары мен Көлдей саяси тұтқынға айналып, қамауда қалды. Оларды шығарып алуға жанталасқан Түрке бидің іс – әрекетінен түк шықпады.
Шекарада болып жатқан бұл бейбастық Тәуке ханға жеткен соң ғана іс оңға басып, Әз-Тәуке тарапынан Түрке бидің саяси жүгенсіздігіне тиым салынып, екі жақ келіссөзге кірісіп, арада бітімгершілікке келді. Тұтқындар жеті жыл өткенде барып қамаудан босатылды. Бірақ, тұтқыннан босатылғандардың арасында Сары мырза жоқ еді. Ол тұтқында жүріп, өмірден озған еді. Бөрібай батырдың әкесі Сары осылайша ел ісі үшін жанын пида етіп, Тобольск қаласында қайтыс болды. 

Бөрібай батырдың атының шығуы да, Қазақ халқының 18-ғасырдағы Жоңғар басқыншылығына қарсы Отан соғысына байланысты болды. Қазақ хандықтары ХVІІІ – ғасырдың басынан-ақ сыртқы саяси жағдайдың одан әрі шиеленісуі туғызған аса ауыр халді басынан кешірді. Қазақ және жоңғар әміршілері арасындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылды. 
Қазақ және жоңғар әміршілері арасындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылды. Оның негізінде не қазақ халқы, не жоңғар халқының жер бетінен құрып кету қаупі тұрды. Соны, сол кездегі талай дарынды хан мен сұлтан, би, қолбасшы, батырлар сияқты еліне жан аямай қызмет жасаған Бөрібай да түсінген еді. 
1723 жылы Бөрібай батырдың елі – Жетісу өңірінің қазақтары бірінші болып жау табанына түсті, шабуылдың тұтқиыл да тегеурінді болғаны сонша, жұрт ең қауқарсыз қарттар мен бала-шағаны тағдырдың тәлкегіне тастай қашты. Қазақтар нақ осындай кезеңде жоңғарлардың ауыр соққысына ұшырады. (Қожаберген жырау, «Елімай» дастаны, 51 бет.)

Бұл кезде қазақ – жоңғар күресі барған сайын неғұрлым кескілескен сипат ала бастаған болатын. 
Ақтамберді жырау, «Бес ғасыр жырлайды», Алматы, «Жазушы», 1989 ж. 61 – 62 беттер. 
Үмбетей жырау өз толғауларында жоңғарлардың Баянауыл, Қызылтау, Абралы, Шыңғыс таулары мен Қара Ертіс бойындағы Мамырақты және Алатауды қалай жаулап алғанын баян етеді. 
Міне, осындай ел басына туған ауыр кезең Бөрібай батырдың үлесіне тиді. Ол іргелі ел Матай руынан шыққан, есімі Найман тайпасына ұран болған Қаптағай батырдың тікелей ұрпағы екенін ұмытпастан соғыс ісіне бой ұрған еді. Бөрібай батырдың қазақ – жоңғар соғысының ең күрделі кезі 1723 – 1740 жылдары Матай руын билегені тарихтан белгілі. 

Қалмақ шапқыншылығының бірқатар қатерлі тұстары Аякөз, Тарбағатай, Алакөл, және Алтай өңірлеріндегі шабуыл қимылдарымен өзектес өрбиді. Мұндағы ұрыстардың ұрымтал тұстары көбінесе Абылай хан, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай тәрізді бас батырлардың ерлік қимылдарын еске салады. Бірақ олар жауға жалғыз шапқан жоқ. Үш жүзден жасақталған қолдың басын біріктіріп, негізгі күшті ұрымтал тұстарға бағыттай білді. Аз қолмен қалмақтың айға білеген көп жасағы мен қосындарын жойып жіберу тәсілдерін сәтті ұйымдастырды. Бұл тұста да батыр Баян, ер Қосай, Қаптағай батыры Бөрібай (1694 – жылы туған) Сүйіндік батыры, орда бұзған Олжабай (1709 – 1785), албан батырлары Хангелді, Құдайназар, сыбан батыры Шыңқожа, қаракерей Боранбай, Кешу, Ботағара, Еспембет асқан ерлік көрсетеді. 
Төлен Қаупынбайұлы «Бабалар аманаты», Алматы, «Жалын», 1996 ж. 13 бет. 

Ақтабан шұбырынды жылдары Отан алдындағы өз жауапкершілігін түсінген Бөрібай батыр өзінің белсенді ісімен де, жалынды елжандылығымен де жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың біріне айналды. Қол астындағы халқынан жасақтар ұйымдастыруға кірісті. Сол кездегі бүкілхалықтық қарсыласуды ұйымдастырушылар Бөгенбай, Қабанбай, Саңырақ, Жәнібек, Малайсары, Елшібек және басқалар сияқты ол да халықты туған жерін қорғауға көтерді. Соның арқасында Жетісу жерінде табан тірескен және ұзаққа созылған шайқастар жүріп жатты. Жоңғар әскерлері қазақ халқының табанды қарсыласуымен санасуға мәжбүр болды. Бөрібай батырдың ел алдындағы сіңірген еңбегін елі бағалап, есімі Матай руының ұранына айналғаны осындайлық сұрапыл соғыс жылдарында туып еді. Қожаберген жыраудың «Елім-ай»дастанына сүйенсек, Бөрібай батыр өмірінің негізгі кезеңдері Жоңғар қалмақтарымен болған ұзақ соғыстарға байланысты екендігі белгілі. Бөрібай батыр жоңғар басқыншыларына қарсы күрестің алғашқы әрі ауыр кезеңіне қатысқан батырлардың қатарында болғандығы оның дарынды қолбасшыға айналуына себебін тигізді. Ұзақ соғыс жылдары Найман, Жалайыр, Қоңырат жасақтары Бөрібайға еріп, Сарысу бойына қоныстанған екен. 

«Қазақ совет энциклопедиясының», 8-томының, 202-бетінде: «Қалмақ басқыншыларына қарсы күресте аттары белгілі болған Қаптағай, Қабанбай, Бөрібай батырлар Найманнан шыққан. Тарихи шежіреде, ел арасында Қаракерей Қабанбай мен Матай Бөрібай аттары қатар аталады» деп жазылған. Осындай деректі белгілі тарих зерттеушісі Қойшығара Салғараұлы да өзінің «Қазақтың қилы тарихы» атты роман – эссесінде: «Найманның – Матайынан (Төлегетайдың төрт ұлының бірі) туған Қаптағай есімі бүкіл Найманның ұранына айналды. Төлегетай балаларының өз ұрандары да бар. Мысалы: Қаракерейдің ұраны – Қабанбай, Матайдікі – Бөрібай, Садырдікі – Алдияр. Ел ұранына айналған бұл үш есім де ХVІІІ – ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалар» дейді. Соған қарағанда Бөрібай батыр есімі біраз аңыз – жырларда тегіннен – тегін ұшыраспаса керек. (Қойшығара Салғараұлы, «Қазақтың қилы тарихы» роман – эссе, Алматы, Жалын. 1992 ж., 253 бет).

Осы орайда қазақтың Ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың«Тарих өлеңдері ең алдымен ел тіршілігінде анық болып өткен тарихи оқиғадан туады...Тарихи өлеңдердің ішіндегі адамдар – сол адамдардың істеген ісі, діттеген мақсаты, көптің өміріне қозғау салған әсері неше алуан әңгіме болып қалады. Бұл әңгімелердің көбі – сол уақиғалардың ішінде, көз көргеннің әңгімесі. Сондықтан сөзі мен суреттердің шындығы көбіне даусыз» деп атап көрсетеді. 
(М. Әуезов, «Әдебиет тарихы», 1991 ж. 140-141 беттер). 

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың осы бір қағидалы сөзін ойға ала отырып, Бөрібай батыр туралы аңыз – жырлардың астарына көз жүгіртсек, оның батырлық, қолбасылық істеріне тәнті боламыз. Бөрібай батыр туралы осындай үлкен бір деректі тағы да Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанынан (Алматы, «Жеті жарғы» баспасы, 1995 ж, 98-99 беттер) кездестіреміз. Онда:

Бастырып Жалайыр мен Наймандарды,
Алтай мен Алатауды қалмақ алды.
Жалайыр, Найман, Қоңырат – Бөрібайға еріп,

Сарысу бойына кеп қоныстанды – деген дастан жолдарынан Бөрібай батыр жоңғарларға қарсы ұйымдастырған ел қорғау шараларын көреміз.

 

Халқымыздың ғасырлар бойы мұра болып келе жатқан байлығы – ол ауыз әдебиеті, оның өміршеңдігі еліміздің асыл қазынасы. Сол қазынадағы жыр мен аңыздарға қарағанда, Бөрібай батыр бастаған қазақ тұрғындары оңтүстікке Сарысу және Шу өзендерінің алқабына дейін шегініп қоныстанған. Ол туралы Жоңғар хандығының ХVІІ ғасырдың аяғында жасалған қазірге дейін сақталған соғыс картасынан анық көруге болады. Осы деректерге сүйенсек Бөрібай батыр жоңғар басқыншыларына қарсы күрестің алғашқы әрі ауыр кезеңіне қатысқан батырлардың бірі екендігіне көз жеткіземіз. Сондай-ақ Бөрібай батырдың ірі рулар бірлестігі болып саналатын: Жалайыр, Найман, Қоңырат жасағын басқарғандығы да дастан жырларда айтылады. Ел шетіне жау келсе Бөрібай сияқты батырлардың соңына еріп жауына қарсы аттанған көп жасақ жүйткіген желге де ұқсайды; сырт қарағанда олар сәнді-жасаулы толқыған гүлге де ұқсайды; енді бір сәт сондай қол жауменен айқасқа түссе, онда жеңбей тынбайтын селге де ұқсайды. 
Бөрібай батыр мен Қабанбай батыр өмірлері тағдырлас, пікірлес, үзеңгілес болған, бірін – бірі қадір тұтып сыйласқан екен. Ақын Қ. Терібаев толғауында осы жайында:

... Қаракерей Қабанбай, ер Бөрібай,
Ежелден ел намысын бермегенім,
«Тарихи шежірелер мен ой толғамдар», Т.Кәріпжанов 5 бет. 

Бөрібай батыр туралы деректерді Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» романынан да кездестіреміз. (Шабыт баспасы, 1994 ж. 324 бет). Онда: «Алдағы шайқастың амал – айласын ойластырғанда, жасақта: Оразымбет, Байғозы, Сырымбет, Олжабай, Бөрібай, Жанай тәрізді соғыс өнеріне жетік әйгілі батырлар баршылық еді. (Қ. Жұмаділов, «Дарабоз» 318 бет). 

Бөрібай батыр өзінің ұзақ батырлық өмірінде талай жас батырларға үлгі болып, олардың батырлық қасиеттерін шыңдауға өзіндік үлес қосқан батырдың бірі. Оны атақты Шоңай мен Ғайып батырларды Бөрібайдың өзіне тартып баулығаны, нәтижесінде қазақ халқы екі бірдей білікті де, алғыр батырларға ие болғаны куә. 
Бұл туралы ел ішінде аңызға айналған әңгімелерден Шоңай батырды Бөрібай батырдың қалай баулығаны туралы әсіресе көп айтылады. Шоңайдың белгілі батырға айналғаны, қазақтың көп батырына ұқсас келеді.
Бөрібай батыр тәрбиелеген Шоңай мен Ғайып сияқты батырлардың қалыптасуы соның бір белгісі. Қазақ жырауларының толғауларында Бөрібай батыр мен оның ізбасарлары болған батырларды дәл сипаттайды. 

Қазақ жырауларының толғаулары қалмақ сияқты айлалы жауды жеңе білген қазақтың батырларын осындай алып батыр ретінде ерекше бейнелейді.
...Қалмақтың кетіп кенеуі,
Ойындары осылды,
Тауасар, Қара, Шоңайым,
Сендерменен шоңайдым... 
– деп атақты Бұқар жырау айтар тұста Шоңайдың атақты батырлардың біріне айналған кезі. 1718 – жылы Аягөз өзенінің жағасында өткен қазақ – қалмақтың белдесуінде Қабанбай батырға аса зор сенім артылған еді. Қатын, Бие өзені жақтан келе жатқан жойқын жауды күткен ерулі күндерде Қабанбай матайдың Бөрібай, Шоңай, Тауасар; бағаналы – балталының Оразымбет, Баянбай; керейдің Еменелі, Жабай, Арғынның Бөгембай, Олжабай; Сіргелінің Елшібек, Томаша, Жаулыбай; ошақтының Саурық; Қыпшақтың Дерпісәлі, Маңдай; дулаттың Бөкей, Сағыр; Алшынның Тайлақ, Есет, Сырлыбай; Қасқараудың Молдабай батырларымен бірлесе отырып қимылдап, жеңіске жеткен. Соған дейінгі оның өсіп, қалыптасуы Бөрібай батырға көп байланысты болған. 
(Бұқар жырау, «Ақбоз аттар мен ақ атан хикаясы», «Әй, Абылай, Абылай!», толғаулар, «Жалын» баспасы, 1993 ж. 65 бет.)

Жастайынан еті тірі, күші мығым, сөзі ширақ жас Шоңайға Бөрібай батырдың көзі түсе бастайды. Бөрібай батырға еш нәрседен сескенуді білмейтін, батыл, ақылды да айлалы Шоңай сияқты талапты жігіттің бойындағы қасиеттер ұнаса керек, ол оны жеке тәрбиесіне алады. Соғыс қимылдары жүріп жатқан шақтың өзінде де қазақ елінің өзіндік өмірі бір тоқтамағаны белгілі. Осы арада Бөрібай батыр Шоңайды кейде жиын – кеңеске ертіп апарып қатыстырып, ақыл – ойының кемелденуіне себепкер болып жүреді. Ер жігіттің сегіз қырлы болып қалыптасуын да ұмытпастан, Шоңайды балуан күресіне, мергендік өнері мен әр түрлі қарумен сайысу жарыстарына да қатыстырып тұрады. Шоңайға арнатып жеке сауыт – сайман мен қару – жарақ соқтырады.

Бөрібай батыр Шоңайдың батырлық қабілетін шыңдау үшін кей шайқастарда оған жасақты басқартады. Өтепберген Ақыпбекұлы «Шоңай батыр», Қазақ батырлары, 1999 ж., 3 бет. Соғыс өнерінің қыр – сырына қанығып, әбден үйренгеннен кейін қолбасқарарлық дәрежеге жеткеннен кейін Бөрібай батыр жас Шоңайға ұрысқа Қаптағай жасағын бастап барасың деп сенім білдіреді. 
Шоңай Матайдың Қаптағай атасының жасағын бастап ұрысқа кіреді. Жасақта Бөрібайдан жауынгерлік тәрбие алған: Қара батырдың ұлы Тілеке де бар еді. Жастайынан ұрыс өнерін меңгеріп өскен сарбаздар жоңғарлардың жасағын бөгеп, ұрыс сала жүріп елге тиіскізбестен ел шетіне ығыстырып қуып шығады. Осы ұрыста Шоңай жасағы көп олжа түсіреді. Қазақ салты бойынша ең үлкен олжа болған «Көкқасқа айғырдың үйірін» Бөрібай батырға арнап тартқызады. Ел ішінде осы күнге дейін «Бөрібай сыбағасы» деген жоралғы содан қалса керек. 
Бөрібай батырдан тәлім – тәрбие алған Шоңайдың батырлық ісінің шарықтау кезеңі оның Қабанбай батырдың қарамағына өтіп, оның тікелей басшылығына қараған кезі болды. Шоңай алғашында Қабанбай батырдың қол астында мыңбасы болады. Кейіннен түменбасы, Қабанбай қолындағы үлкен қолбасы болады. Ақын Мұқаш Байбатыров 

...Қор құйған сом алтындай салмақтары,
Қабанбай, Бөгенбай мен Бөрібай, Шоңай...
...Үріккен құба жонның қалмақтары.... – деп жырлаған. 

Шоңай батырдың ерлігі мен жеке басының қажыр-қайраты сол кездегі толғаулар мен жырлардың соғыс қимылдарының көріністері мен суреттеулерінен осылайша бейнесін тапқан. («Ақ желкен», 1998 ж. №6, маусым). 

Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ халқының Отан соғысының жеңіспен аяқталуына Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде көп айтылады, сондай-ақ оған көрнекті тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. 
М. Тынышбаев, Великие бедствия (Ақтабан шұбырынды), Алматы, 1992 ж. 146 бет., М. Тынышбаев, История казахского народа, Алматы, 1993 ж. 79 бет., Асылбеков М.Х., Қазақстан тарихы, 3 том, 148 бет, Алматы, «Атамұра», 2002 жыл. 

Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары болды. Солардың арасында Бөрібай батыр мен ол баулып, тәрбиелеген Шоңай батыр да болды. Бөрібай батырдың тағы бір баулыған атақты батыры – ол Ғайып батыр.

 

Похожее изображение

 

Ғайып Алшын руынан шыққан екен. Кіші жүзден қалмаққа қарсы соғысқа келген жігіттердің қатарынан болса керек. Сондай қырық шақты жігіт Бөрібай жасағында соғысыпты. Осындай соғыс кездерінде Ғайып ерлік істерімен Бөрібай батырдың назарына түскен екен. Ол тіпті бір шайқаста Бөрібай батырдың өзін ажалдан аман сақтап қалған қас батырдың өзі еді. Егер Ғайып өйтпесе, басшысыз қалған жасақ, жасақ емес, аз уақытта тоз – тозы шығып, берекесі кетіп, бас – басына жөңкіле қашуға даяр тобырға айналары сөзсіз екені рас. 

Бұдан кейінгі ұрыстарда да Ғайып ерекше ерлігімен көзге түсіп жүрді. Жас батырдың ерлігіне Бөрібай батыр да әбден риза болып, Ғайыпты өзіне тартып қолбасшылық өнердің қыр-сырына баули бастады. Ғайыптың сұм соғыстың арқасында әлі де болса отасып, шаңырақ көтере алмай жүргендігіне қынжылған Бөрібай батыр оған өзінің Айғанша атты қарындасын қосқан екен. 
«Бөрібай батыр» Өтепберген Ақыпбекұлы, «Қазақ батырлары», 1999 ж. 3 бет., Ә. Хасенов «Қазақ тарихының 5000 жылдық баяны», Алматы, 1996 ж. 180 бет. 

Бөрібай батырдың ұрыс кезінде қаза табуын Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» тарихи романынан да білуге болады. Онда: «Бөрібай батыр – исі Найманға ұран болған ежелгі ер Қаптағайдың тікелей ұрпағы еді. Бір өзі он шақты қалмақтың қоршауында қалып, ерлікпен мерт болыпты» деп жазылған. (Қ. Жұмаділов, «Дарабоз» 318 бет).
Қалмақтардың қанды шеңгелінен құтыла алмаған Бөрібай батыр осылайша ел үшін ұрыс даласында қаза тапты. 
Дулат ақын, «Бес ғасыр жырлайды», Алматы, «Жазушы», 1989 жыл, 199 бет. 

Бөрібай батыр тек қана жасақ басқарған қолбасы ғана емес сонымен қатар жоңғарлармен болған ұзақ соғыста Найман руының, сондай-ақ Жалайыр мен Қоңырат руларының үлкен бір бөліктеріне басшылық жасаған данагөй билеуші. Өмірінің соңғы кездерінде ол Қытай елімен болған арақатынасты жақсарту ісіне Абылай хан тарапынан тапсырма алған рубасыларының бірі.
Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы ресми қарым – қатынас Жоңғар хандығы ыдырай бастаған кезде бірте – бірте орнаған.
Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары Абылай, Әбілпейіз, Қабанбай сынды қазақ хандары мен көсемдері және Қытайдың Цяньлун патша мен оның батыстағы шекара аймағына жіберген ұлықтарының аталмыш саудада атқарған еңбектері зор. 
Қазақ хандықтары саяси жағдайлардың талабына сай Цин патшалығымен арадағы саяси – дипломатиялық және экономикалық байланысты дамытты. Ал, Цин патшалығы болса, бағындырып алған жаңа өңірлердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту мақсатында осындай қарым – қатынастардың орнауын құптай отырып, сол өңірлердегі көршілерінің саяси, географиялық, этностық және тағы басқа жағдайларын барлауға кірісті. Әсіресе жаңадан басып алған өңірлердегі билікті нығайту мақсатында сонда жіберетін ең жоғары лауазымды Іле цзянцзюнін (билеушісін) болсын, оның көмекшісі ретіндегі Тарбағатай (Шәуешек), Үрімжі, Қашқар және тағы басқа жерлердегі амбандары болсын, тіпті Үрімжідегі қазақтармен арадағы (жылқыға жібек) саудасының ұйымдастырушысының өзін Цин патшасы Цяньлун (1735—1795 жылдары Цин патшалық тағында отырған) өзі тікелей тағайындаған. Оларға өзіне тікелей мәлімдеме жазып, сондағы жағдайларды хабарлап тұруды тапсырған, сондай-ақ өзі де сол ұлықтарға тиісті мәселелер туралы өзінің пікірі мен бұйрығын жазба түрде жіберіп тұрған. Сонымен қатар цин ұлықтары патшалық орталығындағы кейбір уәзірліктермен де әр түрлі жағдай жөнінде хат-хабар алысып тұрған. Әсіресе осы кезеңдегі екі ел арасындағы жүргізілген «жылқыға жібек» саудасы ежелден бері келе жатқан Ұлы Жібек жолындағы осындай сауда қатынастарына Бөрібай батыр да қатынасқан. 

Қазақ хандығы үшін де өз экономикасының тірегі есептелінетін мал шаруашылығының өнімдерін сырт елге экспорттау өзекті мәселеге айналған еді және оны шешу үшін бұрынырақта қалыптасқан қазақ-орыс сауда қарым-қатынасы жеткіліксіз болды. Міне, осындай жағдайлар 1750 жылдардан бастап екі ел арасында сауда қарым-қатынасының орнығуына себеп болып, бұл қарым-қатынас екі елдің тарихында «жылқыға жібек саудасы» деп аталып кетті. Бөрібай батырдың осындай сауда қарым-қатынасына қатысып, елінің экономикалық жағдайын нығайтуға ат салысқаны тарихи құжаттардан мәлім болды. 
Қытай деректемелеріндегі мағлұматтарға қарағанда, аталмыш сауда қазақтың Бөрібай батыр сияқты рубасылары мен көсемдерінің бастамашылығымен басталған. Цин армиясы соғысып жатқан жоңғар әскерлерін қуалап қазақ Қазақ даласына енген шақта Абылай хан әуелі оларға қарсы шығып, кейін келе бітімге келмек болып, сонымен бірге Цин өкілдеріне «сауда байланысын орнатсақ» деген ниетін білдірген еді. Соған байланысты тек қана қазақтарға арналған сауда жәрмеңкелері әуелде Ерен қабырғаның түбіндегі Үрімжі жерінде, кейін Іле (Құлжа) мен Тарбағатай (Шәуешек) жерлерінде ашылып, Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы халықаралық сауда қарым-қатынасын жарты ғасырдай уақыт ішінде жандандырып тұрды. 
Қазақ хандығы мен Цин патшалығының сауда қатынастары туралы Қытай құжаттары. Алматы, 2009 ж. 1-том. 93 – 95 беттер. Қытай тілінен аударған Б. Еженханұлы. 
Қытай уәзірі Әнтайдың жазған жазбалары 1760 жылы 26 қарашада жазылған уәзірдің қазірге дейін сақталған хатына қарағанда ол кезде Бөрібай батыр тірі. Ол сауда жасату үшін Үрімжіге келген. Бөрібай батырдың қаза болуы 1760 жыл дегенге толық негіз бар. 
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мазарында Бөрібай батырдың сол жерге жерленуі туралы дерек бар және құлпытасы бар. Қазақ хандығы тұсында Түркістан топырағына жерленген, ел бастаған біршама батырлар тарихтан белгілі. Солардың арасында Бөрібай батыр да бар. 
Бөрібай батырдың Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесіне жерленуі, оның сол кездегі айтулы батыр, ірі тұлға, көрнекті қолбасы екендігінің бір белгісі. 
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1994 жылы 11-18 маусымындағы санында «Қазақтың руһы жаңғырды» деген айдармен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Ақ сарайға қазақ халқының ел билеген хандары мен билерін, елі мен жерін қорғаған батырларын, жақсы мен жайсаңдарын қасиетті, Екінші Меке атанған топырақта жерленгендері жөнінде хабармен бірге, кесенеде сақталған құлпытастардың иелерінің тізімі берілген. Сол тарихи тұлғалардың қатарында 44 санының тұсында: «Матай Бөрібай 1699 – 1756 60 ж. ж.» деп Бөрібай батырдың аты тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бөрібай батырдың еліне еңбегі сіңген, қазақтың маңдайына біткен игі жақсыларымен бірге Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Ақ сарайға қойылуының мәні осында. Өз халқының қамын ойлап, ерлігімен елге танылған Бөрібай батырдың Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленуінің сыры осындайлық екендігі баршаға аян. 
М.Тұяқбаев, «Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар», 5-7-28-29-30-31 беттер. 

Еліміздің өткен тарихына көз салсақ, әлі де толық зерттеліп үлгермеген көптеген ақтаңдақтар көзге шалынады. Соның бірі – Бөрібай батыр жайлы деректердің аздығы. Сондықтан, бүгінгі күні тарихты саралар алдында біз қалайда Бөрібай сияқты батырды халықтың жүрегіне жеткізуіміз керек. 
Еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен, асқан ер, кемеңгер тұлға – Бөрібай батырдың есімін елге танытып, бүгінгі ұрпақты елжандылық пен отансүйгіштік руһта тәрбиелеудің маңызы зор. Бұл туралы жақында өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында да нағыз ұлттық қадір-қасиет, нағыз ұлттық тарихтан басталатыны туралы айтылады. Олай болса бүгінгі күннің талабы осындай айбынды тұлғаларымызды ардақтайық, оларды мақтан тұтайық. 

Бөрібай батырды елге де, жерге де таныту үшін ол туралы кітаптар жазып, кинофильм түсірілсе, елді мекендер мен қала және кент көшелеріне есімі беріліп, ескерткіш қойылса деген ел ішінде үлкен тілек бар. Сонда ғана біз кешегі ел үшін еңіреп өткен ерлердің есімі ұмытылмайтындығына және олардың даңқты істерінен нәр алған бүгінгі ұрпақта кезі келген уақытта елі үшін аянбастан жан алып, жан беріп қорғай алатындығына кәміл сенеміз. 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ» деп атап өткендей, Бөрібай батырдың есімін – алғысты қазақ елі қашан да ұмытпақ емес!

Baq.kz сайты.