Қазақ халқы ежелден әділдікті, заңдылықты, әр адамның ар-ожданы мен абыройы, ел намысы мен тыныштығы, жерінің тұтастығы мен беріктігі сияқты қоғамның басты құндылықтарын ерекше қадірлей, сақтай және қорғай білген, ол асыл қасиеттерін. бүгінгі ұрпаққа жеткізе білген. Соларға байланысты туындаған күрделі мәселелер, дау-дамайлар  ел мойындаған үлкендері,  беделді билері,  дуалы ауыз шешендері арқылы шешіліп, демократияның «далалық та даналық үлгісі» қалыптасқан болатын.

  Бұл міндеттер бүгінгі күндері өз дәуіріне сай қалыптасқан заң жүйесі арқылы атқарылуда. Осыған орай, ауданымыздың заң орындарында көптеген жылдар абройлы қызметтер атқарып, өздерінің жоғары ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеттеріне сай қызмет салалары мен шендері бойынша өсіп, ел құрметіне ие болып зейнеткерлікке шыққан немесе  бүгін де қызметтің озық үлгісін көрсетіп жүрген ақсулық жерлес азаматтарымыз көптеп саналады...

   Кітаптың осы тарауының бүгінгі алғашқы парағында солардың санатындағы аға ұрпақ өкілдерінің біразының ғана өмірдерегін беріп отырмын. Алдағы уақытта кітап тарауы заң орындарында абыройлы қызмет атқарып жүрген  басқа да азаматтарымыз туралы деректі естеліктермен, мақалалармен (жинақталуына байланысты) толықтырылып, жалғаса беретін болады. Осыған орай, сондай құжаттарды сол азаматтардың өздерінен де тосамыз...

 

Ақсу өңірінен шыққан белгілі заң қызметкерлері

ТОЛҒАНБАЕВ  Тәңірберген

ТОЛҒАНБАЕВ  Тәңірберген

1923 ж. Ақсу ауданында туған. Милиция полковнигі. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Қазактың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітірген.

1942 ж. әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1946 ж. елге оралып, аудандық сотта хатшы болады. 1957ж. милиция қызметіне кіріп, оның барлық қызмет сатыларынан өтеді, Ақсу аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болады. 1964ж. Алматы облысы Жамбыл аудандық іщкі істер бөлімінің бастығы болып ауысады. Сол қызметтен 1977ж. зейнет демалысына шықса да, көптеген жылдар Іле ауданы прокурорының көмекшісі, Боралдай қант зауытында заңгер-кеңесші болады

Оның қызметтік жолы, ашқан көптеген ауыр да күрделі қылмыстары белгілі қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың бірнеше әңгімелерінің өзегіне айналған.  Үкіметтің көптеген орден-медальдарымен марапатталған. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

 

 

ШЕРМҰХАМЕТОВ  Бекмұхамет

ШЕРМҰХАМЕТОВ  Бекмұхамет

  1925ж. Ақсу ауданы Тасбекет ауылында (қазіргі Жансүгіров ауылы) туған. ҚР прокуратурасының  құрметті қызметкері. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері. Чапаев атындағы орта мектепті, Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетін бітірген.

1942ж. Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943ж. ауыр жараланып, соғыс мүгедегі болып елге оралады. 1945ж. прокуратура органына қызметке кіріп, Алакөл аудандық прокуратурасында тергеуші болады. Әділет  министрінің жанынан   прокуратура және  сот қызметкерлерін  дайындайтын арнаулы  жабық мектебінде оқиды (1949-52).  1952ж. Семей облыстық сотының  мүшесі  болады. Алайда сол жылы Қызылорда облыстық  прокуратураның көмекшісі болып тағайындалады, Тереңөзек және Жалағаш  аудандарының  прокуроры  болады (1945-62). Содан кейін, Алматы облыстың  прокурорының  көмекшісі (1962-70), ҚР Бас прокурорының аса маңызды істер жүргізетін тергеушісі, 2-ші бөлімінің прокуроры  және ерекше істер жөніндегі көмекшісі қызметтерін атқарған (1970-94). Осы қызметтен  1991ж. зейнеткерлікке шықса да, біраз жыл Қазақстан  прокуратурасында  қызмет істейді. 2016 жылы қайтыс болды.

«Ұлы Отан соғысы» орденімен, оннан астам медальдармен марапатталған. 1961 ж. КСРО–ның Бас прокуроры Руденконың қолынан сыйлық алған.  Ақсу  ауданының Құрметті азаматы

 

СҮЛЕЙМЕНОВ  Қанай Қалиұлы

СҮЛЕЙМЕНОВ  Қанай

1926ж. Суықсай ауылының Баласаз бөлімшесінде туған. Алматыдағы заң мектебін, Қазақтың Мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген.

1944 ж. Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. 1947ж. елге оралып, Қапал аудандық халық сотына хатшы болып орналасады. Заң мектебін бітіріп келіп, Талдықорған облыстық атқару комитетінде заң кеңесшісі, Алматы облысы атқару комитеті төрағасының көмекшісі қызметтерін атқарады (1951–60). Содан соң Қапал, Сарқан, Ақсу және Кербұлақ аудандық соттарының төрағасы болады (1960–86). 1987 ж. зейнеткерлікке шықты.

«Ұлы Отан соғысы» 1–ші дәрежелі ордені, «Германияны жеңгені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың, «Кеңес Армиясының 30 жылдығы», т.б. көптеген медальдардың иегері. Сот жүйесіндегі «Үш би» құрмет белгісімен, КСРО және Қазақ КСР Әділет министрлерінің Мақтау қағаздарымен марапатталған

 

 

БАРЫСБЕКҰЛЫ  Ақшамбек

БАРЫСБЕКҰЛЫ  Ақшамбек

1932ж. Ақсу ауданының қазіргі Ойтоған ауылдық округі  жерінде дүниеге келген. Полковник. Соғыс кезіндегі еңбек ардагері. Мамания атындағы мектептің 7-сыныбын, Панфилов педагогикалық училищесін, КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы МҚК 2-жылдық мектебін «заңгер» мамандығы бойынша және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген.

1952ж. Қазақстан КП Ақсу аудандық партия комитетінің техникалық хатшысы болады. Одан кейін, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК 2 жылдық мектебінің тыңдаушысы, ҚазССР МҚК аппаратында, Қарағанды және Алматы облыстары бойынша МҚ Бөлімдерінде қызметте болады (1953–67).  1967 жылдан ҚазССР МҚК Кеген аудандық бөлімшесінің бастығы, барлау басқармасында қызметте, инспекторлық бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, бөлім бастығы, дербес мобилизация бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. 1987ж. еңбек демалысына шыққан. Алайда, содан кейін де ҚазССР мемлекеттік жоспарлау комитетінің «Алтын дән» атты қонақ үйінің директоры, Қазақ мемлекеттік заң институтының аға инспекторы, арнаулы кітапханалардың бастығы болады. Қазір ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінің мұражайын басқарады.

ҚР ҰҚК республикалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, бастығының орынбасары, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы болады. «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», т.б. барлығы  КСРО және ҚазССР-ның 18 медальдарымен, көптеген грамоталармен, төс белгілермен марапатталған.

Жалғасы болады...