«ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ-125». (34)

«ІЛИЯСТЫ ТАНИ БІЛУ — ҰЛТ ПАРЫЗЫ»

 

Бөлімдегі бүгінгі жазбалар оның алдыңғы парағында жарияланғандай әдебиет-өнер мамандарының  І.Жансүгіровтің сан-қырлы жанрдағы  шығармашылықтарына берген талдаулық жазбалардың жалғасы болады.  Бүгінгі авторлары —   Жемісбек Толымбеков, Мұрат ИМАНҒАЗИНОВ, М.КЕРЕЙБАЕВ және Ерлан ҚАСЕНОВ.

Танысыңдар!

Ілияс Жансүгіров

Harunius,  : 26 қыркүйек  2015 жыл.

 

 

                                                     Ілияс — ілім

  Жемісбек Толымбеков

 

 Ілияс Жансүгіровты зерттеп-зерделеу ісінде кемшіндік барын қадақ оқырман сезеді. Бәрін қойғанда, ғалымдар арасында Ілиястың өмірі мен шығармашылығының сан-саласын қамтыған, барлық жағынан зерттеген монографиялық еңбек, «мынау» деп көрсете қоятындай дүние тапшы, жоқтың қасы екен. Кітап «Дін — тәрбие діңгегі». Шартарап* С. Алматы 1999 жыл. Авторы Әзімхан Садуақасұлы: «Берсүгір қажы Ілияс ақынның әкесі Жансүгірдің ағасы. Берсүгірдің ұрпағы қуғын-сүргінге ұшыраған. Берсүгірдің ұлы Сұлтанбек пен оның ұлы Талапбек халық жауы тұқымы ретінде көп қуғындалған», — деп жазады. Берсүгірді Жансүгірдің әкесі деп жүр. Қиянатты. «Ілиясты көреміз» деген көпшілік күнделікті редакция маңайында оны арнайы күтіп жүріпті.

 

 Ілияс Жансүгіров: «Мен әңгімені айта білемін. Тыңдай да білем. Бірақ тыңдаушылығым мен әңгімешілдігімді таразылағанда – айтушылығымнан тыңдаушылығым анағұрлым басым. Әңгімесін талғап, адамын тыңдаймын. Бұл менің басқаларға ұқсамайтын, өзгеше бір қасиетім. Әңгімені аз білем. Көп тыңдаймын. Бірақ, көбі есімде қалмайды. Есімде қалатын әңгіме жақсы ауызбен, әсерлі дауыспен, артистік атқарумен, шытырманды оқиғалары көп болуы керек. Сонда ғана әңгіме маған дари алады. Сонда ғана мен оны жаңғыртып, өзге құлаққа құя аламын», — дейді.

 

 Ел жоғын жоқтаушы, мұңын мұңдаушы Ілияс Жансүгіров ел мұқтажын тиек еткен “Ескеретін жұмыс” деген мақаласы “Тілші” газеті, 1923 жылғы 1 қазандағы санында басылған. Онда Лепсі, Талдықорған уездерінің көп жерлерінде еккен тарыдан жөнді түсім алынбайтынын әңгіме етіпті. «Ақжол» газеті 1921 жыл, № 10, Қапал уезі. Мамонтов, Иванов, Петренколар Матай қазақтарының жерін тартып алып, өздерін құм мен қалаға бостырғаны туралы жазады.

 Тау бүркіті жүректі, қайратты келеді. Қой бағып жүрген бала шағым. Күн қыза бере қойды суға құлатып, дем алып, таяқ кертіп отырғанмын. Қойлар дүр ете түсті. «Айтақ!» салып, ұшып тұрдым. Сол екі арада туырлықтай бір қара құс шетірек тұрған қызыл саулық қойды ілді де жөнелді. Бүркіт жер бауырлап біраз ұшты да, биік көтеріле берді. Қыран құстың қанаты талды білем, аяғын салбырата түсті де, қойды тастап жіберді. Сол кезде екінші бүркіт қоймен бірге құлдилай төмен ақты да, жерге түсірмей, қайта қағып әкетті. Сөйтіп екі қыран алма-кезек қағып, қойды ұясына жеткізгенін Ілияс өз көзімен көріпті.

 

 Ғали Орманов: «Ілияс күнделіктерін қойын дәптеріне, жазудан бір күн тынған емес», — дейді.

“Өзіме” деген өлеңінде Ілияс:

«Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап,

Тапсырдым бар ойымды саған арнап.

 Көңілім, арам ойлап алаңдама,

Алмаққа біреуді алдап, біреуді арбап», – дегені өзіне берген сертіндей естіледі.

«Тамырлай келіп тепшілемесе, өлеңде маңыз да, дәм де болмайды», — деген халық сөзін Ілияс әмісе жадында ұстап қолданыпты.

 

Ілияс Жансүгіров «Жұт – жетi ағайынды» өлеңiнде:

«Болғанда ақтабанды шұбырынды,

Тұмсығы Қазағыңның тұжырылды.

Айтпайық, Орал менен Iшкi Ордасын,

Семейдi, Ақмоладай жолдасымен.

Елiн ойран, жерiн шаң, топырақ қып,

Қайыршы қылып қойды, қатырып басы, миын», — дейді. 1723 жылы Жоңғар Қазақты шапқанда жұт жылы болғанын да келтіреді.

 

 «Кожабек начәндік» әңгімесінде 1931 жылы Ілияс Жансүгіров: «Қаратал суының бойында тігілген үйдегі демалыс. Естен қалмайтын демалыс. Кештен түске дейін ұйқы. Түстен кешке дейін күлкі. Еттің иесі, қымыздың жерігі, проферанстың жөлігі, мергендіктің есалаңы, күлкінің бригадирі, ұйқының қазынасы – бәріміз бір жерге жиылған екенбіз. Ішеміз, жейміз, алысамыз, күлеміз, ойнаймыз, шаршаймыз, тағы тынығамыз, суға шомыламыз, балық аулаймыз, ең болмаған соң тарсылдатып торғай атамыз. Кәсіп осы. Осыны демалыс дейміз. Бос кісінің уақытында есеп бола ма? Мезгілдің немен өтіп, немен кетіп жатқанында сан жоқ. Бұл 1931 жылдың жазы ... », — деп жазады.

Ұзақ жолда бір аяқ қатыққа Ілияс тары мен сөк қосып араластырып, бетін бүркеп қойып, бөртіріп жейді екен. Ілияс Жансүгіров Жолбарысұлы Бақтыбайдың Бәйімбет, Қыпшақбай, Тезек төре, Мәйке, Тайкөтпен айтысқан айтыстарын жатқа айтыпты. Бақтыбай мен Мәйке қыздың айтысын Фатима Ғабитова 1941 жылы КазССР ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапхансына өткізіпті. Онда Ілиястың қолжазбалары бар. № 258 қор. Ілияс, елі Қаптағай, Қуантайдың қызымен айтысқан қақтығысын Жақабыл Жанәбілов ата жатқа біліпті. Ол айтыстың жұрнағын ақын Жамау Бұқарбайдың баспаға жазғаны бар.

 

*       *       *

 

 Ілияс Жансүгіровтың кейбір шығармаларының қай жылы шыққаны, қандай тіл мен баспа, тиражы мен көлемі қанша, не мазмұнда екенін сәл деректесем.

1932 жылы жинақталып, 1933 жылы «Қазақстан» баспасынан «Қазақ әдебиеті классиктері» айдармен Абай Құнанбайұлы шығармаларының толық жинағы қазақша жеке кітап болып, латын әріпімен шығады. Жинаушы Мұхтар Әуезұлы. Оқып шығып, алғы сөзін жазған Ілияс Жансүгірұлы. Жауапты редакторы Дәулетбаев. Корректорлары Бектемісов пен Ахметов. Тиражы 6000 дана. Бұл қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға болады. Себебі, бұл қазақ жерінде басылған Абай шығармаларының алғашқы жинағы болатын. Бір ғажабы 1953 жылы кітап тексерілген деген штапм басылған. Сонда Ілияс Жансүгірұлы дегенді сызып тастаған. Алғы сөзді Қазақстан» баспасы атынан Тайыр Жароқұлы жазады. Ойласаңыз, бұл да Ілияс еңбегіне деген қиянат.

 

 «Кеңес». Орыс тілінде шыққан. Тәржімелеген Дмитрий Снегин. Қазақстан аймақтық баспасы. Алма-Аты, Москва. 1935 жыл. Тиражы 5000 дана. 54 бет. Алғы бетінде: «Ілияс Жансүгіров – пролетариат қазақ жазушысы. Оның Дм.Снегин тәржімелеген өлеңдері еңбекші қазақ халқының мұңды өмірін, өткендегі ақ патша мен байлардың қыспағын және бүгінгі күндегі социалистік Қазақстанның болшағын көрсетеді. Ақынның өскендігін, бұлыңғыр романтикадан нақты социалистік реализмге, колхоз құрылысын, индустрияны, даланың келбетін өзгерткен еңбек адамдарын кітаптан оқып білуге болады», — делінеді.  Мазмұны: Киров – 1934 жыл, Боранда – 1919 жыл, Қойшының ойы – 1920 жыл, Зауатта – 1925 жыл, Екі аяқты — 1927 жыл, Үшеудің адымы – 1927 жыл, Гималай – 1928 жыл, Күй – 1929 жыл, Кеңес -1935 жыл. Ілияс Жансүгіров Дмитрий Снегинді 20 жасынан әдебиет пен жазушылыққа тәрбиелеген.

 

«Жол аузында». Ілияс Жансүгіров. (Әңгімелер жинағы). Орыс тілінде шыққан. Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп, қазақшадан тәржімелеген Ғайша Шарипова. Қазақстан аймақтық баспасы. Алма-Аты, Москва. 1936 жыл. 186 бет. Кітап Ілияс Жансүгіровтың алты әңгімесінен тұрады. Кітапта қазақ өмірінің өткені мен бүгінгісі және кеңестік Қазақстандағы өмір келтірілген. «Вексель» атаулы әңгімесінде ұлтшыл байлардың кедейлерді еңбекке пайдаланғанын ашып береді. «Жол аузында» қарт адам өзінің бұрынғы итаршылық күнін, ақ патша заманында ең алғашқы теміржол салынғанын баян етеді. «Он алтыншы жыл» деген әңгімесі ерекше орын алады. Онда 1916 жылы қазақтар ақ патша ақзамның «июнь» жарлығына қарсы көтеріліп шыққандығына тоқталады. «Дарқан» және «Бейсетай бригадасы» әңгімелерінде бейбітшіл Қазақстандағы жаңа адам тұлғасының қалыптасуын суреттейді. Автордың жазғаны жатық және дәл. Мазмұны: Дарқан, Он алтыншы жыл, Вексель, Аңшы, Жол аузында, Бейсетай бригадасы.

 

«Күйші» (поэма). Ілияс Жансүгіров. Орыс тілінде шыққан. 1936 жыл. Мемлекеттік әдебиет. Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп, қазақшадан тәржімелеген Всеволод Рождественский. Мемлекеттік баспасы «Көркем әдебиет» баспасы, Москва, 80 бет. Мазмұны: Күйші – 1931 жыл.

 

«Құқ». Таңқыбай (Ілиястың лақап аты). Қазақ тілінде латын әріпімен шыққан. Сықақ, әңгіме, фельетондар. Қазақстан көркем әдебиет баспасы. 1935 жыл. Тиражы 5150 дана. 142 бет.

 

 «Кек». Жансүгірұлы Ілияс. Пъеса. Қазақ тілінде латын әріпімен шыққан. 1932 жыл. Қазақстан ұлт-мемлекеттік театрына арнаймын (Ілияс). 62 бет. Тиражы 5000 дана.

 

 «Мін де шап!». Ілияс. Пъеса. Қазақ тілінде латын әріпімен шыққан. Қазақстан көркем әдебиет баспасы. Алматы. 1934 жыл. Редакторы Ғабитова. Тиражы 3150 дана. 32 бет. Баспадан: «Ілиястың бұл сюжетті «Мін де шап!» атты сахна ойыны 1932 жылы жазылып, қазақ театрында қойылған еді. Қолхоздастыруға арналған бұл туындының міндеті ескірмейді. Көпшілік арасында маңызы жоғалмайды. Ойынның қойылуы өте жеңіл. Сахна сайманын керек қылмайды. Үлкен де, кіші балалар да ойнай береді, — делінген.

 

 «Сүйінбай ақын». Қазақ тілінде латын әріпімен шыққан. Құраған авторлары: Ілияс пен Фатима. Жауапты редакторы Фатима Габитова. Техникалық редакторы А.Черкасский. Жауапты корректоры А.Мұстафин. 1934 жыл. Алма-Аты. Тиражы 5200 дана. Қызылорда. № 1 Мемлекеттік типография. Ілияс Жансүгіров: «Сүйінбай ақын 1827 туып, 1895 жылы дүниеден қайтқан. Тұрған жері осы күнгі Алматы облысы, Қастек ауданы. Әкесінің аты Арон, оның әкесі Сөр. Сүйінбайдың өлеңнен басқа өнері болмаған. Сүйінбай Тезек төре, Майлықожа, Қатаған (Арыстанбай), дулат ақыны Қаңтарбаймен айтысқан. Сүйінбай бірде қараның тілі болса, бірде төренің тілі болды. Айналып келгенде кім ат берсе, ас берсе сол үшін мақтап, өз тамағының құлы болды. Абай айтқан:

«Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

 Айтыпты мақтап өлең әркімге арнап.

Әр елден өлеңімен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадырын жұртты шарлап», — деген ел ақындарының бірі Сүйінбай.

Сүйінбайды Жетісуда Қазақ, Қырғыз біледі. Әсіресе оның Қатағанмен айтысы жалпақ елге тым көп жайылған өлеңі. Мұны әр ақын әртүрлі қылып айтады. Қазақ ақыны айтса, Сүйінбай жеңеді. Қырғыз ақыны айтса, Қатаған жеңеді. Қатаған мен Сүйінбай бірін-бірі жамандайды. Мұндай ырылдан ұлт арасының айтысы шығады. Қаңтарбаймен айтысында Шапырашты, Дулат, Сыйқым руларын мақтап, боқтап болады. Тезек төрені Қазақтар «хан Тезек» деп атаған. Ірі феодал болған. Сүйінбай Тезектен тілін тартпай мінеп салады. Ұрлық пен зорлығын айтады. Және мақтайды. Қатағанмен Сүйінбайды Тезек апарып айтыстырған. Тезектің ауылы патша ақзамның арқа сүйеп, ат байлар ауылы болған. Елге зорлық пен зомбылық еткен жуан болған төре. Отауына рұқсатсыз адам бас сұқпаған. Алдынан адам шықпаған. Ауылына рұқсатсыз атпен ешкім кірмеген», — деп растап жазады. Барлық жерде Сүйінбай ақын 1815—1898 жылдары өмір сүрген деп көрсетілген. Бұл үлкен қателік.  

 

*       *       *

 

 Әлібек Қоңыратбаев Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігінің 1937 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен 1937 жылдың 2 желтоқсанында НКВД-ның Мемлекет қауіпсіздігі басқармасының тергеу камерасында атылған. Оған қойылған айыптарда: «1933 жылы Ілияс Жансүгіровпен антикеңестік-ұлтшылдық, террористік-диверсиялық, шпиондық-көтерілісшіл ұйымға тартылып, контрреволюциялық жұмыстарға белсене араласқан. Террористік топқа кіріп, Қазақстан ҚП(б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жолдасты өлтіруге дайындық жаса­ған. Жүргенов пен Жансүгіровтың тапсырмасы бойынша террористік топқа Тәжібаевты және Жанғалинді тартқан», — деп көрсетіледі. Бұл жасаңды, келеңсіз, сұмдық айыптар. Жаныңды бермесең, басқадай арылу жоқ. Кеңестер соны жасады.

 

                                                                        

Ілияс Жансүгіров — прозаик

Мұрат ИМАНҒАЗИНОВ

«Ілиястану» еңбегінен

 

Қай жазушы болмасын шығармасының айшықты, көркем, сонымен қатар шындыққа жанасатындай реалды түрде шығуы үшін оған негіз боларлықтай түйін, идея, сюжет іздейтіні белгілі. Онсыз әңгімесінің не повесінің көркемдік аясы, мазмұны композициялық  желісі жұтаң тартары, әлсірейтіні заңды. Бұл жайсыздықтың болмауы үшін қай елдің жазушысы болмасын әр түрлі тәсілді пайдаланып, өз дегендей етіп шығарманы жарыққа шығарады.
Мәселен, А.П.Чехов қайбір қолайсыздықтарды жеңе отырып, қай орта болмасын соның ішінде болып, соны өз көзімен көріп, сезіп, ой-елегінен өткізіп барып шығармаға беттейді.

Ілияспен тұстас, замандас, оның тағдырына  тағдыры ұқсас М.Кольцов әңгімесін жазардан бұрын оны кеңінен пысықтап әр адаммен ерінбей–жалықпай әңгімелесіп, ақиқатына жетіп жазатыны, тіпті, таксист өмірін танып-білу үшін оншақты күн таксист болғандығын өз замандастары растайды.

Ілияс та бұл әдеттен ада емес. Оның әр әңгіме, повесін жазардан бұрын оған тыңғылықты дайындықпен келетіндігін шығармалардан айқын аңғаруға болады.Ол үшін қай жерде болмасын қолы қалт еткенде, қасындағы серіктеріне әңгіме айтқызып өзі де соған қызу қатыса отырады. Оның әр әңгіме, повесін жазардан бұрын оған тыңғылықты дайындықпен келетіндігін шығармаларынан айқын аңғаруға болады. Жай айта салу емес, оған үлкен мән беріп, майын тамыза көріктендіре айтқанды жөн көреді, ал өзімен әңгімелескен адамдардан естігендерінің ішінен қызықтысын, шұрайлысын әр деталіне дейін анықтап сұрап, өзінің жазар әңгімесінен де повесіне арқау етеді. Бұл жөнінде елге танымал артист Қанабек Байсейітов Ілиястың шығармашылық машығын сөз еткен уақытта әр адамның бал арасындай шырын жинайтынына дәлел етіп былай деп әңгімелейді: «Әркім өзі білетін қызықты әңгімесін айтсын, ал әңгіме, білмейтіндер өзінен басынан өткен ең қызықты оқиғасын айтып берсін...» деген ұсынысын еске алады да, өзі айтып берген бір қанды оқиға «Ілиясты да қатты түршіктіріпті. Кейін сол менің айтқандарымның негізінде «Қожабек нәшәндік» деген әңгіме жазды, ол басылып шықты да, бірақ соңғы бес томдық шығармалар жинағына кірген жоқ. Ол кісінің жазуына қарағанда менің айтқандарымның біразы өмір шындығына  ұқсастау да шыққан–ау деп ойлап қалам», -деп шығарма арқауына айналған әшейінгі әңгіме–дүкенді еске алады.

Академик М.Қаратаев — Ілиястың өмірі мен творчествосын зерттеген адамдардың бірі. Өзінің бір естелігінде Ілиястың әңгімешілдігі туралы: «Сырт көзге Ілиястың тұйық  адам көрінуі әншейін білместік. Ол барлық асылын, әдемісін ішке жинайтын, тереңге сақтайтын ардагер екеніне сол жолда анық көзім жетті. Шынында ақынның сырттай «тұйықтығы» оның ішкі бай рухани дүниесінің қақпағы ғана беріктік пен бекемдік екен. Бір сенген, бір шешілген адамның алдында Ілекең ғажап, сыршыл, әңгімешіл, сөз тапқыш, әзілдегіш адам екен», — деп жоғарыда айтылған қасиеттерді растай түседі. Ілияс-тек шебер айтушы ғана емес сонымен бірге көрген – білгенін, естігенін шебер жазып жеткіз білетін талантты прозаик жазушы.

Ілияс өзінің замандас жазушылары сияқты әдебиеттің түрлі жанрларында еңбек етті. Ілиясты классик ақын десек те, проза  саласында әңгіме, сықақ, очерк, роман, драматургияда бір актылы пьесадан бастап ірі драмалықшығарма жазғаны белгілі. Әдеби сынға да араласып, көркем аудармаға да  үлесін қосқан үлкен жазушы.

Әдебиетке әрбір суреткер өзіне ғана тән тағдырымен келеді. Мектептік, өмірлік білімнің әсері де, әдеби дәстүрдің үлгі-өнегесі де, өмірді танып-білудің шама-шарқы да жазушының творчестволық ерекшелігіне ықпал етпей қоймайды. Ілияс әдебиет әлеміне, оның ішінде әңгіме, повесть жазуға бірталай өмір тәжірибесінен өтіп,  көп нәрсені өзінше екшеп, пайымдап, түсініп, әдебиетке өзінің өмірлік өнері екендігін сезініп келген адам.
Жазушының айтуы бойынша, «Әдебиетке деген құштарлығы совет өкіметі орнап жатқан кездегі басынан өткен жақсы, жаман қылықтарды суреттеуден оянған». Ілиястың әдебиетке келу жолдары сан-салалы, оның ішінде халқымызыдың ауыз әдебиеті де оның шығармашылығына үлкен әсерін тигізіп, жазушының көптеген туындыларына шырай берумен қатар, болашақ қаламгерге жол салып бергені анық.

Ілияс ауыз әдебиетін оқып, одан үйрегені де мол. Бұл жөнінде академик Қаратаев: «Ілияс қашанда халық ауыз әдебиеті дәстүрінен қол үзбей, қайта жаңалыққа бейім жаңғырта отырып, реалистік образ нақтылығына, адам сезімінің дәлділігіне психологиялық нәзіктілігіне бірте-бірте ойыса берді. Бұл процесс азамат ақын идеясының қуатын әлсіреткен жоқ, қайта күшейте берді» десе, Тұрсынхан Әбдрахманова бұл жөнінде  айқиқатқа үйлесімді ой тұжырымдапты: «Ілияс ана тілін жетік білгендігіне және оны ұршықтай үйіріп, қынаптап суырған қылыштай жарқылдата, дегеніне көндіріп, қалауынша пайдалана алатындығында»-дейді.

Олай болса, Ілияс тілді, ойды, әдебиетті өз халқынан оқыды, халқынан үйренді, эстетикалық ләззат алып, оның өзіне ұнаған, көңіліне ұялағанын ой таразысына салып, «Шапан жауып», өз халқына қайта қайтарды:

«...Ежелден ескермеуші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр, айтпаған жыр,
Құлақты қырға тігіп жүрген кезім...», -деп, халықтың мұрасына деген ыждахат, құштарлығын осылай білдіреді.

Бұған қоса бала кезінде әкесі Жансүгірдің жинаған әдеби мол мұрасы да өз жәрдемін тигізеді. Оның ішінде батырлар жыры–Қобыланды, Алпамыс, Ер Төстік, Ер Тарғын, Ер сайын, Құламерген жыр дастандарымен қоса махаббат дастандарын Қыз жібек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, шығыстың қиса әңгімелері – «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы», «Мұңлық пен Зарлық», сондай-ақ Алдар көсе, Жиренше, Сары мен Қосай шешеннің сынақтары, Төле би мен Бөлтірік батырдың нақылдары мен қара сөздерінің неше алуан түрлерін бағамдап одан мол рухани қазына алады.
Ілияс мұны місе тұтпайды. Оқуын әрі қарай жалғастыру мақсатымен 1920 жылы Алматыға келіп, мұғалімдер даярлайтын үш айлық курсқа түседі. Осы тұста халық мұрасын фольклорды жинау науқаны шығады. Бұған түрткі болған 1917 жылдың үшінші  желтоқсандағы «Россия шығыстың барлық мұсылмандарына арналған үндеуінен кейін» совет жазушылар құрамы, Композиторлар одағы, халық шығармашылық үйі, мәдени, ағарту мекемелері мен ұйымдары халық фольклорын жинауға кіріседі.

1921 жылы Түркістан Республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған ғылыми комиссияны белгілі түрік танушы –фольклорист Ә. Диваев басқарып, ел ішінде шығатын экспедицияның мүшелеріне арнап арнаулы бағдарлама дайындайды. Оны қазақ АССР халық ағарту комиссариаты арқылы жер-жерлерге таратып, игі ісіне сауатты оқыған азаматтардың жаппай қатысуын сұрайды. Өзі Жетісуға келіп, ел әдебиетін жинайтын экспедицияға  жетекшілік жасады.
Осы тұста үш айлық мұғалімдер курсында оқып жүрген бірнеше жастардың ішінде Ілияс та экспедицияға қатысқан еді. Ілияс Қапал, Лепсі уездерін аралап, ел ішіндегі  ауыздан-ауызға ауысып, сақталып қалған тұрмыс-салт жырларды, мақал-мәтелдерді, өтірік өлеңдерді, Сүйінбай, Түбек, Құл, Орманбай, Бақтыбай ақындардың айтыстарын, Әсеттің әуендерін, тарихта болған адамдармен жер–су аттарына  байланысты аңыздарды қағазға түсірді. Халықтың талайдан ғасырдан-ғасырға созылып жатқан бай мұраларына көңіл  тоқтатып қана қоймай, Диваевпен сырласып, пікірлесе жүріп, өзінің ауыз әдебиетіне деген көзқарасын біржолата қалыптастырды.

Осының бәрі өзінің халқының тарихын жақсы білуіне, арғысы мен бергісін салыстыруына, жеке аңызға, оқиғаға байланысты шындыққа  көзін жеткізуге көмектесті.
Ендігі кездегі мақсаты ел әдебиетінің асыл нұсқаларын өз халқына ұсынуды мықтап қолға алу болды. Бірақ өзіндегі архивті реттеуге, саралауға, сала-саласымен жүйеге келтіруге көпке дейін мүмкіндігі болмай жүрді. Оқу, іздену, күнделікті қым-қиғаш істер Ілиястың көп уақытын алып отырды.
Қажым Жұмалиевке айтқан бір кеңесінде халық мұрасына деген ықыласын былай деп өрбітеді: «Жазушылық тілде өмірдегі әдемілік, жан сезімінің тербелісі, күйініш-сүйініш–бәрі де тіл арқылы жеткізілмек. Халықтың бай тілінен керектілерін талшықтап ала білген адамның ғана жазушылыққа қолы жетпек. Онсыз әдебиет жасалмайды. Тіл таңдау да оқуды, тәжірибені қажет етеді».

 

Жазушының алғашқы әңгімелерінің көркемдігі

Алғашқы әңгімелері – «Күң өлімі», «Шешілмеген жұмбақ», «Саудагердің тамашасы», «Мерген бөкен», «Ташкендікке тарт»-1920 жыл мен 1928 жылдардың ортасында жазылды. Бұл еңбектерің ішінде Азамат соғысы кезі, сол дәуірдегі қазақ елінің басынан кешкен жағдайларының өзгешелігі бейнеленгендігі бар. Солардың бір сыпырасы өзі көрген – білген белгілі дәрежеде өзі сүйетін, өзі ардақтайтын мазмұндар. Сонда да болса болашақ жазушы бірден жазушылық  жолға түспейді. Әлі де байқап көрейінші дегендей өмірден де кітаптан да көп қазынаны ойға түйе  береді.

«Білім мөлшерім, өмір соқпағым, шет жұрттың әдеби қазынасымен  танысуға әлі мүмкіндік бермей келеді» деуіне қарағанда, әлі де болса өзіне қанағаттанбағандығын байқаймыз. Дегенмен, Ілиястың сол тұста өзінің хал-қадірінше әлемдік әдебиеттен хабардар болған төмендегі деректер жоққа шығармайды.

Мәрзия Ильдарова –кеңес өкіметі  тұсында түрлі қызметте болған, көз қарақты, білімді адам. Өз естелігінде Ілиясты 1918 жылы Ақсудың батысындағы Қайнар дейтін елдің мешітінде орыстың және батыстың атақты классиктерін оқып отырғанын көреді. Кейін сол кітаптардың бірқатарын аударып қазақша сөйлетеді.

Ол кітаптар XIX ғасырда жарық көрген озық ойлы авторлары Л.НТолстойдың «Семья», «Бақыт неде?», Салтыков–Щедринның он екі томдық жинағы, сол сияқты И.А. Гончаровтың, А.П. Чеховтың, И.С. Тургеневтің, К.С. Григоровичтың, М.А. Лесковтың, В.А. Жуковскийдің, А.К. Шиллер-Михайловтың, Ф.М. Достоевскийдің, В.Г.Белинскийдің т.б.ақын –жазушы, сыншылардың шығармалары болған. Сонымен қатар XIX ғасырдың аяғына дейін және ХХ ғасырдың  алғашқы он жылы ішінде орыс тіліне аударылып үлгерген әлемдік әдебиет өкілдерінің де шығармалары көп кездескен. Мысалы, Г.Гейненің алты томдық  жинағы, сол сияқты Вальтер Скоттың он төрт томдық жинағы, М.Сервантестың «Дон-Кихоты», Фердаусидың «Сохрабтың тарихы», А.Доденнің повестері мен әңгімелері, бір ғана Жюль Вернның шығармаларынан жиырма төрт кітап болған.

Сөйтіп, мұсылман дінін уағыздауға арналған Қайнар құмындағы мешіт әлемдік әдебиеттің асыл қоймасы болып шыққан. Мұны судан сүзіп ішкен тума талант Ілияс әлемдік әдебиеттің түрлі әсем үлгілерін өз қолына ұстап, өнегесінен үйренген, еркінше оқып, еміне сусындаған.
Қысқасы, Ілиястың тұңғыш шыққан жыр жинағының жайы солай болса, бұл оқиға оқу бітіріп келген жастың  кейінгі қалам сілтесіне ешбір нұқсан келтірген жоқ.  Керісінше, қайта өршеленіп, поэзия өлкесіне батыл қадам жасауына ықпал етеді.   Сағат санап өскен жаңа өмірдің  әр қадам қарқынынан қалмай, қарымды, жақсы жыршысы болу үшін өлең топтамаларын үдете жаза түседі.
Сонда Қайнар мешітіне  бұл  қазына  қайдан  келген?

Жетісудың жергілікті  халықтарының ішінде  ертеректе  оқып, білім алған  ұлт  өкілдерінің  бірі-Барлыбек Сыртанов. Ол  өткен XIX  ғасырдың соңғы  жылдарында  орысша  оқуға  шақырылап, Верный  гимназиясын алтын  медальмен, Санк-Петербург университетінің  араб тілі факультетінің  күміс  медальмен  бітіріп, ХХ ғасырдың   алғашқы онжылдығы ішінде Жетісу облыстық   басқармасында тілмаш  болып  қызмет атқарған. 1905—1907  жылдардағы  бірінші орыс  революциясының ықпалымен патша өкіметінің  саясатына  қарсы болып,  жергілікті қазақ-қырғыз арасында  саяси-ағартушылық  жұмыстар   жүргізгені үшін  1908-09 жылдары қызметінен  қуылған. Сөйтіп,  Ақсу ауданындағы Сүттіген  ауылына көшіп келген Барлыбек Санк — Петербургте  сатып  алған  әлемдік  әдебиеттің   алтын қорына  2000 кітапты елге артып  ала келеді. 1909 жылдан өзі  қайтыс  болған  1914 жылдың  аяғына  дейін  «Қарағаш» мектебінде оқып  жүрген  қазақ  балаларына  орыс тілі  мен  әдебиетінен  сабақ  берсе керек. Өйткені, Барлыбектің  баласы  Сыртанов Кәке  өзінің  жазба  естеліктерінде «мұғалім болып жүргенде Ілияс Жансүгіров   Барлыбектің  кітаптарын алып,  сақтап  жүретін» дейді. Ал  сол  жылдары Ілиястың «Қарағаш» мектебінен  оқығаны  белгілі.

Проза саласына дендеп кету, өндіріп жазуға жоғарыда айтылған  жайлар  мүмкіншіліктер  берсе де, Ілияс  поэзия  «құшағынан» шыға алмай, қара сөзге  біраз  жыл  жақындай   қоймады. Әрине, бұдан  да  басқа  түрлі   себептер болған шығар, бірақ  сол себептер ішінде  академик  Зейнолла Кабдоловтың  «Сөз  өнері» атты кітабында «Проза – қазақ әдебиетінде  кешеңдеу  туған,  бірақ орасан  шапшаң  дамыған  сала» десе, осы  ойды қуаттайтын Әмен  Әзиевтің  «Қазақ  повесі және  осы  жанрдың совет  дәуірінде  туу  және   қалыптасу  кезеңдері  атты»  еңбегінде  «Рас, қазақ  прозасы 20 —  жылдардың  алғашқы  жартысында  бірден  дамып  кете алмады. Бұрынғысынша  поэзия  алғы  шепте  тұрды. Ұсақ  новелла, әңгіме  жанрларындағы шығармалар болмаса, повесть,  роман сияқты   көлемді  туындылар әлі  жазыла   қойған жоқ еді» деген пікірінде  ойланарлық жай  жоқ  емес.

Солай  десек  те, поэзия Ілиястың  прозалық    шығармаларына  жаңа түр, форма,  бейнелеу, суреттеу компоненттерін беріп, өмір  фактілерін жай ғана әсерсіз, ажарсыз   жазудан  аулақ етуге  жол  салды.

Тағы бір себеп,  сол тұста  кәнігі  әдебиетші дәрежесіне жете қоймаған,  жазушылық қазынасының сыры түгел  ашылмаған  жас  жазушы поэтикалық творчествосының әр  түрлі барып  барлау жасады,  яғни  іздену  жолын  басынан  кешірді

Жоғарыда  аталған  алғашқы  әңгіме,  повестерін  және   кейінгі  жазылған  ірілі-уақты прозалық шығармаларын  Ілияс  1920 жылдары газет-журналдар  бетіне  шығара   бастайды. Бұл әңгімелері  көбіне-көп  кедейліктің  тауқыметін   тартқан  жалшылар. Сол  қоғамда  өмір сүрген әйелдердің  басындағы  ауыр хал,  қазақ  ауылындағы  ескіліктің етек  алған  түрлі көріністерін бейнелеу,  сынау,  әшкерелеу  тенденциясы  шағын  көлемді  прозасының  арқауы болып отырады.

 

Оның  көрінісі  алғашқы  туындыларының  бірі — «Күң  өлімінен» айқын  байқалады. Ол 1922 жылы  жазылған.  Бұл  әңгімені қазақ  әйелдерінің тұңғыш  басылымы — «Жетісу әйелі» журналында  жарияланған. Онда  төңкеріске  дейін  күңдікте  жүрген Алқа  атты  әйелдің  ауыр тұрмысы, қайғылы  халі  бейнеленген. Бұл  әңгіменің  шынайы,  боямасыз  болатын  себебі,  Ілияс  Алқаны  өз  көзімен  көріп, әңгімелескендігі туралы  дерек  бар /1965 жылғы «Жұлдыз» журналының №5 саны/ Алқа  жайында  былай  деп жазады: «Алқа егде  тартқан   кісі еді, өңі сіріңке  қара. Мінез  орнында  ерекше  қуаныш  минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлгін емес.  Бөтен     қатындардай  не  болса  соны  сөйлеп,  өсек-  аяңға   үйір болмай, тиісті  кезекте ғана  сөйлейтін. /Бұл қасиеті   жөнінде  әңгімеде де талай  айтып  өтеді/ Егер  бір  сөйлесе тізбегін  әдемілеп, ұзақ-ұзақ  сөйлеп  кетуші еді. Сөзінің  көбі  өз  басының  мұңы  болатын. Мұның атының  Алқа  екенін  үйі аралас кісі  білмесе, сырт  кісі «Сандыбайдың күңі» дейтін.
... Алқа  Сандыбайдың  ауылы  күзгі  күзекке қонса,  қора күзететін.  Балаларын  от  басына  орап алып,  күзгі  ұзақ  сары  таңда  қара  қиды  қалап қойып, түйенің  жабуын, қошқардың  күйегін, қойшылардың  шарығын  сырып  отырушы еді. Міне,  бұл уақыттта  Алқа апайдың қасына отырып «әңгіме  айт» деп жалынғанда,    аузымыздың суын  құртып,  әдемілеп,  тәтті — тәтті әңгімелерін ұзақ сөйлеп  беретін» дейді.

Жазушының  өмірінде кездескен әңгіменің майын тамызып, нақышына келтіріп  айтатын адамдар  аз болмаған.  Ілияс сондай адамдардың  талайының  тыңдап та,  сөйлетіп  те  көріп, әңгімелерінің  желісінің  қызықтысын, шұрайлысын  өзінің көркем шығармасына   айналдырып отыратын әдеті  осы  туындыда жақсы көрінген.

Ілияс  бұл  әңгімесін «ең  алғашқы  туындыларымның  бірі»  десе де,  шығарма  желісі ширақ, оқиға  тартымды  жазылған. Әдетте,  жас  қаламгердің  алғашқы   шығармаларының ішінде көптеген  шикіліктері  әр  жерде  көрініп  тұрса,   бұл  әңгіменің  бір  ерекшелігі- бір  бірімен астасып  кететін  ұтымды  тартымды  оқиғаларды  сәтті  пайдаланып  оқырманды  бірден баулап алады.

Әңгіме кейіпкері Алқаның  бет-бейнесі, мінез   ерекшелігін  суреттей келе, оның «Сандыбайдың күңі» екендігін бадырайта  көрсетеді. Алқаның кейпін   ағарту  үшін   күйеуі  Қырықбайдың  құл болып  зорығып  өлгенін,   балалары  Маржан  мен Қасеннің әйтеуір   өлмеген пенденің  күйін кешіп  жүргендігін  сөз  арасында  баяндап  қойып  отырады. Сонда  күң  мен құлдың  аянышты тағдыры  көз  алдыңа  келіп,  оның  балаларының  болашағы алаңдата бастайды. Өмір шындығының  шынайы  суреттері әрі  қарай  ынтықтыра,  шығарма  шырайын  әрлендіре түседі.
Әңгіме  фабуласының  түсінікті, әр  қысқа-нұсқа  болуына  жазушы  айрықша назар аударған. Мұнда А.П.Чеховтың  әңгімені қысқа   қайыру әсері  де  байқалынады. Әр оқиғамен суреттеуді аяқтай келе,  бұл  осымен бітті, келесі айтарымыз мынау еді деп,  бөліп-бөліп  бергенінен  әрі қарай созбауым  қажет, жалықтырып алуым мүмкін деген ой  жазушының әр  уақыт  мазалай бергені  сезіледі.

Соншалықты  ұзақ  уақыт  аралығында  орасан зор   кеңістікті  ала  отырып, жазушыны ең алдымен  ықшамдылық,  мейлінше  тұжырымды  болу талаптарын көркемдік келісім, лаконизм заңдылықтарын  ескерген. Талант күшін, дарын  қуатын бейнелі  образ, нақты  сурет, картина арқылы  көркем   ой  айтуға  жұмсалған. «Сандыбайдың  күңі» Алқаның  бүкіл  ғұмырын жиып-теріп  шағын  көлемге   сыйғызу  қанша  күрделі  болса,  штрихты  суреттеумен  бейне  жасауға күш  салғанын    жазу машығынан  аңғарылады.
Әңгіменің алғашқы бөлігінің Алқаның  өмірін,  күнделікті тіршілігін,  бүлдіршін балаларын бейнелесе, екінші бөлігінде «Айлар өтті, жылдар өтті. Дүние  дөңгелегі тоқтаусыз өзінің зырлауында. Жас өсіп,  жарлы  байып,   кедей  бай  болып,  бай  кедей  болып,  тұрмыс   жаңадан  жаңаға  айналып кетті...» деп,  талай  уақыт  өтіп,  Алқаның  қартайып,  балаларының бойжетіп,  ер  жетіп  қалғанынан  хабардар  етеді.
Өмір логикасы өзгермейді. Күң  күң  болып қалуы   керек. Оның  ел  қатарлы  тіршілік  жасауы, өзімен-өзі  өмір  сүріп  кетуі күңдікке  жанаспайды. Ол  сол  Сандыбайдың  есік  алдында отымен  кіріп, күлімен  шығуы  керек. Оның  санасы  соған  әбден   үйренген. Балалары да сол. Байдың  айтқанынна шықпай орындау-олардың  әке — шешесінен  қалған  әдет. Тіпті, Маржан — он үш жасында  Сандыбайдың кіші тоқалының  төркінінің  жақыны  Жапар  тазға   Жоңқабайдың ұйғарымымен  ұзатылып  кете  бара  жатып  «мен  бармаймын» деген  бір  ауыз  сөз  айту қаперіне кірмейді.  Күң  Алқа  да  үнсіз,  ер  жетіп қалған Қасен де  үнсіз. Сандыбайға  қарсы сөз айтуға «сүйектеріне таңба» түсердей қорқады. Қызынан түскен қалың мал да Сандыбайдың көп малының арасына қосылып жұтылып кетеді.

Талай уақыт өтіп Алқа Маржаннын сағынады, барғысы келсе де, қызының кеткен жағын, барған елін білмейтін, сұрап ал алмайтын сорлы маңдай күң. Анда-санда көзінің жасын сорғалатып от басында ғана сағынып жылайды. Кеткеннен кейін Маржанын көрген жоқ. Ешкімге де зияны жоқ, «...бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай,тиісті кезекте ғане сөйлейтін», құдай алдында күнәсі болмасада, Алқаның өзінің көкірегінен шыққан баладан тірідей айырылғанын жазушы көңілге қонар детальдар арқылы өте шебер бейнелеп берген.
Көз шырағындай болған жалғыз ұлы Қасен қасында ғой дегеніңізбен, оған да кездейсоқтық тап болады.
«...Жасы азырақ кемірек болса да Жоңқабайдың нұсқауымен жазушының қаламы бір түртіп, жасын жеткізіп кеткен...Сандыбай да Жоңқабай да Алқа мен Қасенді алдап-сулап,бар жақсылықты орнатып «бір айда» қайтып келесің», — деп, жыпылдап «көнбесеңде жазылдың, оны өшірмейді», -деп күң мен оның баласы қорқытып, алдап жасы толмаған жасты әскерге жөнелтеді.

Күң жылайды, күңіреніп зарын айтады, Қасеннің қарасы үзілгенше арттарынан қарап тұрып, қара жерді құшақтап «мен енді айырылдым» деп жылайды. Одан басқа не шара, қолынан не келмек? Міне, содан бері Қасенді көрген жоқ деп жазушы осы әңгіменің бөлігін аяқтайды.
Ия, Алқаның маңдайындағы соры екі елі. Қызынан айрылғаны аздай, енді жалғыз қуанышы Қасен азулы екі аяқты арландардың кесірінен көзден таса болмақ?
Жазушы оны әңгіменің келесі бөлімінде баяндамақшы, өміріндегі көрген қорлығы қожайындарының тегеурінді тізесі басына түскен ауыртпалығы жасы жетіп, сүйегі жасып, қайраты қайтып бұрынғыдай қызметке жарай алмай сүйретіліп жүруі жаныма батады. «Жасынан жылы төсек үй көрмеген Алқаның қайратты денесі ауруға шалдығып денсаулықтан айрылған ... нашарлаған ... сыңқылмен осы жылдың қысына қарсы дағдылы жер төсегіне ауыру халінде мұз денесін төсеген...». Жазушы Алқаның аянышты қалыңдаған үстіне қалыңдата түседі. Бұған өмірдегі реалистік жайды шынайы, көркем бейнелей отырып, Алқаның сүреңсіз, күңгірт өмірін кей тұста натуралдық деңгейде көрсетеді.

Басына түскен ауыр түнектен арылуы мүмкін емес. Өйткені қасында жанашыры жоқ. Енді Сандыбайдың өзі де, қатын-баласы да Алқадан жиіркеніп, жақтырмайтын болған. Күн суық, аяз, аңырайған шошалада жалғыз өзі. Бұнда от жағылмайды. Бұған ешкім келмейді. Жиіркенеді. Ішейін десе сусын жоқ. Жылынайын десе от жоқ. Боран үсті – үстіне уілдеп жанды үздіктіруде... Үстіне жамылғаны – Сандыбайдың үйінің тозған торлығы. Ыңырсып, ыңқылдап балаларын шақырғысы келеді. Бірақ оның дауысы боранның гу-гуіне араласып естілмейді. «Қасен!» деп қояды. Үн жоқ. Күрсінеді. «Жаным... Қасенім... Келдің бе?»-дейді. Көзі алайды. Еріндері тырысты. Күннің үлгісі келмейді. Қасеннің, Маржанын көріп бірақ жер жастанғысы келеді. Олар қайда, Алқа қайда? Сүйектеріне сіңген әдет халықтан шыға алмайды. Шешелері өлім аузында өздері белгісіз қайда жүргендері? Олардың да күні осылай бітер ме екен? Белгісіз? А-а-а-һ деді... Соңғы дем бітті алайған көзі ажарсыз тартып, жарықтың жіңішке жабығына қарап нұры үзілді». Міне, шығармада күң өлімі күңдікіндей болуы керек деген шығар деген идея қаламгерде о баста болғанын жорамалдасақ, оны шегіне жеткізіп шынайы нанымды, көкем жаза білу қаншама күрделі /жас жазушыға/ болса да, жазушының бұл ойы іске асты деуімізге әбден болады.

 

Ілияс Жансүгіровтің «Күң өлімі» қазақ әйелдерінің аянышты, жалшылық, күңдік өмірі туралы жазылған, сюжеттік және композициялық тұтастықты сақтаған, тілі шұрайлы образдары дараланған шығармасының бірі десек, жаңсақ кетпеген болар едік.

 

«Жедел жәрдем» әңгімесі жазушының алғашқы туындыларының бірі. Жазушы әңгімеге Мажыра деген жас әйелдің басындағы ауыр оқиғаны негізге ала отырып, басқа қаламгерлер сияқты «науқандық тақырыптарға бойламай» /оқып-тоқып қиындықтарды жеңіп үлкен лауазымға, өкімет орнына жету немесе сүйгеніне қосыла алмай қайғы жұтқан әйел бейнесі, совет өкіметі арқасында сүйгеніне қосылған т.б./ондай  сентиментальдыққа ұрынбай, бірден оқиға үстіне түсіреді.

Босана алмай қиналып, көзі шарасынан шығып, қорқып жатқан жас әйелге жедел жәрдем керек болады. Қожа, молдасы көп, дәрігері жоқ, ескілігі етектен басқан қараңғы ауылдың жедел жәрдемі қандай болмақ? Бақсысы бар, балгері бар, босана алмай жатқан әйелді «жын буды», «пері қақты» деп, ауру жанның аяқ-қолын буып, періні қуып жібермек болып, неше түрлі ем-дом жасайды. Ұрады, соғады, сүйрелейді. Ақырында дүниеге келген нәресте де, ана да сол ескіліктің, надандықтың құрбаны болып о дүниеге аттанады.
Әңгімеде саяси астар да, социалистік реализм негізінде лайықтау да, әйел правосына нұқсан келеді-ау деген жалтақтау да жоқ. Бұл — өмірде кездесетін құбылыс, реалистік сурет, жанды оқиға, қазақ ауылында жиі кездесетін құбылыс немесе деректі әңгіме жанрына дәл келетін жазушының өз қиялынан шыққан туынды.

 

Ілияс Жансүгіровтің әңгіме, повестері – қазақ халқы өмірінің көп саласын қамтитын, әсіресе кеңес өкіметі жылдарындағы адамдардың тағдыры мен өмірі, тұрмысы мен мәдениетін суреттейтін, жаңа тұрпатты бейнесін бар қырынан ашатын көркем, мейлінше ашық, батыл жазылған бірқатар реалистік туындылар. Олар түрлі жанрлық сипатта жазылып, 1920-30 жылдары газет-журналдарда жарияланып, олардың бірқатары 1933 жылы толық жинағының 2 томына енді. Таңдамалы очерк, әңгіме, фельетондары 1935 жылы «Жол аузында» деген атпен өз алдына кітапша болып шықты. Олардың жалпы саны жиырма шақты. Кейбір сәтті, көркем шыққан әңгімелерін былай қойғанда, жазушы әңгімелерінің бірсыпырасы осы жанрда әлі төселмеген қаламынан туған жаттығулар сияқты, яки көркем шығарма ретінде жетілмеген күнделік тәрізді әсер қалдыратыны да жоқ емес. Мұнда адам образын жасау жағы жетпей жатады. Кейіпкердің ішкі дүниесі көп жағдайда ашылмай қалады. Адамдардың еңбегі типтік образдар арқылы түйіндеу жасалып қорытылмай, олардың ұзын сонар диалогтары арқылы жалаң беріледі.

Әрине, үлкен жазушы болып, оқырманын тарта білетін тамаша туынды жазу бір күнде бола салатын  құбылыс емес, ол үшін өзінің өсу жолы, даму ерекшеліктері сатылары болуы тиіс. Бұларды орнықтыру үшін аянбай еңбек етіп, қиыншылықтарды жеңе білу керек. Ал шеберліктің толысу процесі – даңғырап жатқан сара жол емес.

 

Осы мақсатқа жету жолында жазушының көп еңбек сіңіріп, сол тұстағы әдебиет сүйер қауымның көңілі мен жүрегіне тура жол тартқан әңгімелерінің бірі «Шешілмеген жұмбақ» әңгімесі. Бұл әңгіме 1923 жылы жазылып жарыққа шыққан. Бас-аяғы жинақы, нақтылы сюжеті бар, әзіл-қалжыңға толы, әңгіме жанрына жақын шығарма. Олай дейтін себебіміз−талдап, ой елегінен өткізгенде мұндағы персонаждың күлкілі жайттары, әжуа-мысқылға ілінуі. Юморлық әрекеттеріне қарап оны сатиралық әңгіме жанрына қоспай, реалистік өмірде болған оқиғаға негізделе жазылғанын ескердік.
Ал, «сатиралық әңгіме нақты ешкімді, өмірлік ешбір фактіні атамай, «осындайлар бар-ау» деген ойға түйген жалпылағыш сипаттағы факті, пікірге негізделіп жазылады да, әшкерлеуді емес, профилактика жасауды, жағымсыз қылықтардан алдын ала сақтандыруды мақсат етеді», -дейді, Темірбек Қожакеев. Қаншама шындыққа негізделсе де фельетонды әңгіме жанрына енгізе алмаймыз. Өйткені, ол өмірден  «орын алып  отырған кемшілікті жою үшін»  жазылады. «Шешілмеген жұмбақтағы» қара төренің де, қара төренің де, қасына ерген серігі ақынның да прототиптері бар. Оқиғаны баяндау барысында кейіпкердің әрекет-қимылындағы кемшіліктерден гөрі, табиғи болмысы, мінез құлқы көп суреттеледі. Сондықтан ол әңгіме жанрының қапталынан шыға алады.
Жазушы тоқмейілсіген, өзімшіл, ойы таяз әкімдердің қаншама үлкен лауазым, шені болса да оларға жаны қас екенін аңғартады. Әр түрлі қызметтерде болып, ел ішін аралап жүргендіктен, оның бәрін өз көзімен көріп, естіп-біліп жүргені байқалады. Сондықтан өмір құбылыстары, жеке адам басындағы күлкілі жайлар Ілиястың қаламынан бірде өлең үлгісінде, бірде әңгіме, новелла үлгісінде қатар шығып отырады. Мәселен, «Бейсенбек болыс» өлеңіндегі:

Ылаулап бір сындар ат мініп алат,
Сымпыстау келте киім киіп алат.
Өзгеге өзі айбынды көрінбекке,
Мойнына бір сөмкені іліп алат,
-деген көрініс «Шешілмеген жұмбақ» әңгімесіне көрініс беріп, советтік болыстың сыртқы келбетін аңғартады да, бейне жасауға талпынады.

«Біз жотаға шыққанда сайды өрлеп соққан желдің өті Төреқұловты тоңдырайын деді-ау деймін. Менің басымда жалбағай тұмақ, кигенім күпі шекпен, ызғырық түгіл,боран соқса да қырт дейтін емеспін. Торы айғырдың белінде қайқайып отырғанда жолдасым қолын уқалап-уқалап, едірейте киген қызыл жиекті делегейдің астында қып-қызыл болып тұрған құлақтарын кезек-кезек ұстады. Мен жолдасымның атын білмейтінмін. Батпақтай ғып «Төреқұлов–еке» дегенге аузым бармайтын. Сөздің көбін «Сізбен» ғана алып жүретін де, қажет болғанда ғана «товарищ» дейтінмін», -деп болар-болмас юмор араластырып, қырға шыққанда қалың киімнің орнына қызыл жағалы жұқа киім киіп, суықтан тоңған төренің сырт келбетін оқушыға көрсеткендей болады.
Күн бата нысаналы орынға да жетеді. Бұл орын − төренің көптен бері қонаға келіп түсетін, өзінің алдап-арбап «саған үйленем» деген сөзіне имандай сеніп жүрген Ырысбала деген бойжеткен қыздың ауылы. Төре қасындағы серігіне «анау отауы, анау үлкен үйі...» деп сыбырлайды. Айналада «... біздің кім екенімізді білмейтін иттер иттігін істеп, азан-қазан етіп аттың құйрығымен алысып жүр...» деп, жеңіл юмор араластырып, ауылдың қонақ келгендегі көрінісін суреттеп өтеді. Ас ішіліп, көңіл жайланады. Төре қағаз шығарып, шылым орайды. Ырысбалаға қарап жымыңдайды, көзін қылмың-қылмың еткізеді. Бір кезде төре қойға шапқан қасқырдай арбаң етіп, Ырысбаланың аш білегіне «шап» ете түседі. Бетін, мойнын иіскелейді. Серігі екеуін оңаша қалдырады.

Жазушы төренің қырға шыққандағы жаман әдет-қылықтарын бейнелей отыра, образын толық ашу мақсатына жету үшін енді оның көрсеқызарлық, парақорлық, іштарлық қасиеттерін бірте-бірте тарқата түседі. Ол үшін оны «көрсеқызар», «парақор» деп ашық таңбаламай, оқиға желісін бақылау ыңғайымен ұтымды детальдар арқылы төренің кескін-келбетін айқындайды.
Кеңес өкіметінің «сара жолын іске асырушы», сол ортадан шыққан үлкен шенеунікті сынап – мінеу бұл тұста өзіне қаншама қауіп пен ыңғайсыздық тудырса да, жазушы өз идеясын іске асыру жолында айтарын айта алмай кібіртіктеп, тежеуге бой ұрмайды. Төренің әр қимыл әрекеті мен сөздерін діттеген жеріне жеткізу үшін бейнелей көрсетіп, сол заман төрінде «ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс» деп жүрген өзімшіл, даңғой әкімдердің бейнелерін көз алдымызға елестетеді.

Төре Ырысбаланы алдап қолға түсіргеніне, оның ажарына көрінген ұрғашы сүріне жығылатынына мақтанып қарқылдап күледі. Тәуір көрген атты мініп жүре береді. Жұрттың қошеметіне дандайсып, мұрнын шүйіреді. Ол аздай ауыл пысықтарының «арқасынан қаққанын» місе тұтып, печаттаған мандат үшін берілген парадан қашпайды. Дәмесі көп жерде болғандықтан, оқыған сұлу, аппақ қыздарға көз тастап соларға ұмтылады.
Осылайша кейіптелген төренін Намазбектікіне құлшынуы «Шешілмеген жұмбақ» әңгімесінің түйініне бастар жол іспетті.
Төренің қасына ерген серігі ақынға «Намазбектің сұлу қызына өлең жазып бер» деп жата кеп жабысады. Серігі «жазамыз ғой» деп тартыншақтай береді. Өйткені, қызды өзі көрген жоқ, сұлу қызға ынтыққан төренің қопаңдап, қожыраңдап, екі аяққа тыным бермей теңселуінен өлең қалай тусын?..

Ымырт жабыла көздеген ауылға жетеді. Үй алты қанат. Жасау-жабдықты, төрде−тіреліп жиған жүк. Екі мамық жастық темір кереуеттің үстінде құлағын едірейтіп тұр. Қаладағыдай үстел, оның үстінде − жиюлы құран,  кітаптар. Керегеде − айна мен самсаған түлкі. Намазбек заманында болған адам екені көрініп тұр. Ал қызы ше? «Астына көрпе төсеп, түлкі тұмақ киген, бұғағы салбыраған, көзге тоқ, сұлу қыз», қара төренің сонша ынтығып көргісі келген аруы осы.
Мал сойылып, ет асылды. Төре қыздың назарын өзіне аудару үшін саясаттың неше түрін соғып күпінуде. Ел тыңдап отыр. Сөз арасында халыққа қызмет істеп, жанын үзіп жүргендігін қыстырып қояды. Қыз аз ғана құлағын салып, тез жалыққан адамдай қыржың етті де, қолына кітапшаны алып оқып отыра берді.  Ас ішіліп, ел тарап, үй-іші жатуға кірісті. Далаға шыққан қара төре ақын серігіне «Үш күннен бері хат жазып бере алмадың. Адамшылығың кем екен ғой» деп қорсаңдайды. Қапалы, қабағы салбыраңқы, шылымын ширатты да орамады. Салынған төсекке жамылуға қойған қасқыр ішікті жұлқып-жұлқып үстіне тартып, тым-тырыс жатып қалады. Өйткені, алыстан аңсап келген қызға сөз қоса алмағандығы мен «ақын серігінің» хат жазып бермегендігі − арманын орта жолда қалдырғандай сезінді.

Төре түн ұйқысын төрт бөліп басын көтереді, қайта түсіреді. Жүрегі алып ұшуда. Қызды оятуға жүрексінеді. Тағы да аунақшып қояды. Қайтерін білмей әбден дал болады. «Ақын серігі» хат жазып бергенде, мүмкін, рахаттанып тыныш ұйықтар ма еді. «...Менің жалқаулығымның да кесірі тиген шығар. Маған тісін сақылдатады», — деп жазушы айдарынан жел ескен, шешенсіп көп сөйлеген даңғой төрені аяқ астынан ғашық болған он бестегі бозбаланың кейпіне айналдырады.
Артық-кем сөз жоқ. Алдымызда махаббат күйігіне шарпылған, жүрегі әлсіреген, тізесі қалтыраған бозбала ертеңіне «ақын серігіне» өлең жаздырады. Ойынан шықпаған соң қайта жаздырады. Әйтеуір солардың ішінде біреуі көңіліне қонады. Сондағы ұнағаны – «Махаббат», «Құрбым», «Жүрегім» дегендер.

Хаттың жазылуы жазылды. Ендігі мәселе оны қызға жеткізу «бозбалаға» қиын тиеді. Үйге кіреді. Қыз жалғыз, төсекте қырын қарап отыр. Үй іші жоғалған малдың артынан кеткен. Төре төрелігін ұмытып, қолы дірілдеп, ернін жымқыра тістеп, екі көзі жаутаңдауы «ақын серігін» күлкіге буындырады. Бір кезде қыздың өкпе тұсына барып булығып «с...с...сізге!!!»деді. Қыз шошып жалт қарады. Ұсынған қағазды алып теріс қарап оқи бастады. Осы кезде қыздың әкесі келіп «қонақтарға шәй беріп аттандырыңдар, кешіккен болар!?» — деп тақақтайды. Төреге аттану қиын болып тұр. Отау жаққа жалт-жалт қарайды. Өйткені қыздың ешбір жауабы жоқ, соны күтіп тықыршиды.

«Қонақтың атын тарт! Аттандыр!» — деп қыз әкесі қақсап тұр. Аттарды шешіп көлденең тартты. Біз қайтерімізді білмедік. Аттанбауға, кідіруге түк сылтау таба алмадық. Түзге отырдық, шылым тарттық, сөзге жұбаттық. Хаттан дәйек  жоқ, қыздан дерек  жоқ. Аттанбасқа амал жоқ. «Ақын серігі» атқа мінді. Төре ауру кісідей сүйретіліп әзер мінді. Екі-үш дөң асқан соң жайдақ атқа мінген біреу қуып жетті. Хат берді. Төре қуанады. Ашып оқыса былай деп жазған екен:
«Құрбылық оңай жауап айтар сөзге,
Хұррият ұшбу күнде сіз бен бізге.
Болмайды алтын ақық, ақық яқұт,
Арзандап тең болмайды алтын жезге.
Табылар іздегенге тастан меруерт.
Алланың жазуынан болмай өзге»,
-деп жауап қатады. Бір ауыз «сүйдім» деген сөз жоқ. «Сүймедім» деген сөзді өзіне жорымайды. Көмескілеу айтылған сөздер төренің миын шағады. Көңілі дал болып «ақын серігімен» ақылдасады. Онан сайын құмарлық дерті күшейе түседі. Қыз аулына қайта барғысы келеді. Өкінеді, күрсінеді, ештеңе түсінбеген бойымен екінші ауылға бет алады.

Әңгіме «жұмбақ шешусіз қалды» деп аяқталады. Жалпы алғанда, жазушының бұл әңгімесі − композициялық құрылысы берік, сюжеттік желісі тұтас, суреттеу, бейнелеу жағынан кәдімгі көркем шығармаларға қойылатын талаптарға жауап бере алатын тіні мықты шығармалардың бірі. Ілиястың бұл әңгімесі ертеректе жазылып, көзі тірісінде жақсы бағаланып, 1933 және 1935 жылдары, одан кейін 1963 пен 1984 жылдары шыққан таңдамалы шығармалар жинағына енгізіліп, басылып шықты. Бірақ әдебиет зерттеушілерінің назарына ілігіп, кеңінен әдеби талдау, талқыға салынған жоқ.

 

1920 жылдардың екінші жартысында қазақ даласында ауылдың тұрмыс-тіршілігі өзгеріп, адам психологиясында үлкен сілкіністер болды. Бұрын малдың тұяғы ғана шарлаған далаға техника жетіп, теміржолдың салынуы, қала мен ауылдың мәдениет ошағына айнала бастаған жаңалықтары жазушының назарынан тыс қалмайды.

Ескілікті қынжыла сөз еткен қазақ арасында жаман әдет-ғұрыптарды әшкерелеген жазушы өз заманының жаңалығына ерекше назар аударды. Қазақ жеріндегі техниканың, поездың, аэропланның пайда болуы қарапайым халықтың ойын сан-саққа жүгіртіп, түрлі нәрселерге жорып, таңғажайып тылсым күшке балап бір-бірімен әңгіме, сөз таластырды.
Ілияс бұл өзгерістерді көріп, халықтың арасында болған соң оның бәрін өз құлағымен естіп жүреді, оны әңгіме-очерктеріне арқау етеді. Мәселен, темір жолдың, поездың пайда болуына – «Шайтанарба», «Жол аузында», «Шоқпардың шоқтығында», «Төрт жолдың торабын» жазса, киноның шығуына байланысты «Мың мылқауға тіл бітті» атты очерктерін дүниеге келтіреді.

 

Ал аэропланның пайда болуына байланысты «Қойшы мен аэроплан» (1923 жылы) деген қызық әңгімесін жазады.
Әңгімеде ауылдың жуаны Тоғызбайдың қойшысы Батырбектің бір күнгі өмірі суреттеледі. Батырбек − қырықтың алтауына келгенше үйленбей, Тоғызбайдың қойының соңында жүрген момын қойшы. Жаңа өкімет келсе де, өзіне бостандықты дәме етпей, өмір бойғы жиған серкештерінің басын қосып түгел жазға салым он үшке енді толған жас қыз Күлипанның қалың малына береді. Күлипанның әпкесін бесікте жатқанда-ақ айттырғанымен ол он үш, он төртке келгенде қайтыс болады да, оның сіңлісі бойжеткенше талай уақыт тосып, жасы қырықтан асқанда осы әйеліне қолы әрең жетеді.

«Күлипан ешкінің шыбышындай қара бұйра қыз. Бәкең Күлипанды бала қылып еркелетеді. Келіншек қылып жұмсайды. Қойшы қойдан келген соң ұзақ таңға Күлипанын еркелетіп шығады. Күлипан түске дейін тұрмайды. Еркелік бар, еріншектік те бар Күліште», — деп автор әңгіме басын жеңіл әзілмен бастайды.
Момын, жуастығы сондай, таңертеңгі мәзірін ішу үшін жас келіншегінің ұйқысын қимай, «топатай шелекке ұйытқан айранын шала–шарпы ішіп, уқалаған насыбайын шонтайға салып, жуан таяқты тақымына қысып, өгізге мінеді». Өгізбен аяңдап қойына жеткен Бәкең аспанға қарағанда аэропланға көзі түседі. Өзіне тән ақкөңілдігі мен аңқаулығына басып, иен далада ішкі эмоцияға беріліп өзімен-өзі сөйлеседі: « — Астапралда! Астапралда! Бұл қай құс? Астапралда! Айырбұлаң! Ой жасаған-ай! Айырбұлаң деген осы екен-ау», — деп таңырқайды. Аэроплан Қордайдың аспанын баса-көктеп сырылдап сырғанайды.Бәкең бәрін ұмытады. Қойды да, қасқырды да, астындағы  өгізді де, тіпті басқаға көн жүрегі жібімейтін Күлипаны да ұмыт қалады. Көңіл шіркіннен жүйрік, жылдам не бар, аэроплан бір демде көз алдында оның қиялына айналып сала берді. «Ой, алдай! Темір ме екен, ағаш па екен? Ішінде адам бар сияқты ма? Орыс қой, қазақ айырбұлаңда ұшпаққа қайда? Әлде комиссар ма екен? Әлде Союзқосшыға жазылсам, байдан шығып қалаға барсам, оқу оқысам, үстелге шығып сөйлесем, мен де комиссар болар ма едім-ау! Мені де осылай айырбұлаңмен Ташкент пен екі ортаға тасымалдар еді-ау. Мен де осындай болып Қордайдағы қойшының төбесінен ұшып өтер едім, дүние-ай!» — деп ой-қиялын шарықтатады.

Жазушы қойшының ой-арманын бейнелей отыра, өзіне жарасымды мінез-құлық штрихтарын оның ішкі психологиясымен астастыра береді. Қойшының күнделікті көріп жүрген шаруасын жеңілдетуге аэропланның ролін де әңгіме желісіне енгізіп, оны қойшының қиялы етіп көрсетеді. Мәселен, аэропланды бірде жүйрік ат десе, бірде онымен әуедегі қазды, қарға-құзғынды қуар ма еді, бүркіттей түйіліп қасқырға қанды тұмсығы тиген кезде, қақ төбесінен түсіп, қара тұмсықтан салып жіберсе ғой дегізеді. Тіпті қиялдай келе, оны шөп жемесе, шөлдемесе, арқасы кетпейтін болса, қойға көлік қылып та алады.

Жеңіл әзіл-оспағы бар осы ішкі толғаныс қойшының психологиясын әбден ашып тұр. Заман, өмір, қоғам туралы ойлауға оның санасы әлі жетпеген. Жалшылық тұрмыс әбден етінен өтіп, сүйегіне жеткен Бәкеңдер қазақ ауылында әлі де бар. Осы жағы жетпей жатады демесек, әңгіме-сюжеттік желісі, композициялық құрылысы жағынан тәп-тәуір шыққан туынды.

Жазушы әңгімеде ұтқыр да тапқыр салыстырулар жасайды. Мысалы, төбе басындағы аэропланға қарап отырған «Бәкеңнің нашар көретін, жанары қайтқан көзіне аспан көгілдір көл сияқты, ақ шарбы бұлт−көбігіндей. Ана аэроплан көбік астындағы тұйық суға сүңгіп жүрген балық...» — дейді. Бұл салыстырулар, сөз жоқ, прозашыға тән көрегендік пен ақынға тән сезімталдықты айқын аңғартады.

Әңгімеге жазушының тағы бір көзге түсер ұтымды, көркемдік қуатын арттырытын белгісі − туындының қорытынды бөлігі. Онда Батырбек қойшының қиялға беріліп, астындағы өгізді ұмытып кетіп, өзінің әдетіндегі «ех» дейтінімен қолындағы жуан таяғы өгіздің басына сарт ете түскенде, жайбарақат шөп жеп тұрған жануар шошып, атып кеткенде қойшының жерге топ ете түсетіндігі, сөз жоқ, езу тарттырыды, аңқаулықты ажарлайтын күлкі шақырады. Сырттай бақылаған адам ғана емес, тіпті момын, ақкөңіл қойшының өзі де даладағы ерсі қылығына бір күліп ап, өгіздің басын ұстайды. «Аэроплан − Алматыға, қойшы − қойына кетті» — деп, жазушы сәтті сөз өрнегімен әңгімесін кілт тоқтатады.

 

Қазақ жалшыларының өмірінен жазылған тағы бір әңгіме – «Бадырақ». Бірақ бұл ұзақ әңгіменің аяғы бітпей қалған. Әйтсе де, әңгіменің біткен бөлімдерінде жазушы қазақ қойшыларының Бәкең сияқты санасына әлі жарық саңылауы бармаған кезін суреттейді.

Әңгімедегі Бадырақ деген қойшы өз қожайынының шаруасымен айналысып, ештеңеден хабары болмай заман өзгерісін түсінбей жүре беретін қарапайым адам ретінде суреттеледі.Тап тартысы жүріп жатқандықтан, біреулер ақтарды, біреулер қызылдарды мақтайды. Солардың арасында жүрген Бадырақ олардың әр түрлі сөздерін тыңдап, не үшін дуылдасып жатқандарын түсінбейді. Оның білетіні — өзінің қожайыны не айтса, соны орындап, адал қызмет ету, ол үшін оған киім, тамақ береді, қыста далада тоңдырмайды. Бадырақ ұзақ жылдан бері осы мимырт өміріне әбден көндігіп, оны әрі қарай жалғастырары хақ еді. Бірақ оның еш өзгеріссіз тіршілігі аяқ астынан тас-талқан болады. Жазушы оның себебін көрсету үшін мынадай оқиғаны баяндайды.
Оқ-дәрі тартып, ылаудан келгеніне он бес күн. Аш-жалаңаш қамалып жатыр. Жаман-жұлба тонының етегі − төсек, жеңі − жастық, жамбасы − мұз, қойны − қар. Түнде Кенже дейтін ел оның күзетіндегі он бір түйені ұрлап әкетеді. Сол үшін Сақыбайдың Мұқашы әке-бабадан түк қалдырмай сыбайды. Солдат мылтықтың дүмбісімен түйіп, тепкінің астынан алады. Соққыдан көзі қарауытып, үсті-басын қан жауып, есінен танады.

Міне, осы ситуация Бадыраққа кімнің кім екенін бірте-бірте аңғаруына мүмкіндік береді. Жазушы оны жаңа қоғамның «Жаңа адамына» айналдыру үшін ескі өкіметтің жуан жұдырықтарынан жапа шектіреді. Оларға қарапайым адамды қарсы қою үшін осы сюжетті қоюлатып, өзінің аты айтып тұрғандай, Бадырақты батрак етіп, мейлінше сүмірейтіп, бейшара күйге түсіреді.

Көп ұзамай ауылға батрактардың қолдаушысы, жарылқаушысы қызылдардың өкілдері келіп, олардың арасында жаңа өкіметтің жалшыларды қолдайтыны олардың басына бостандық, қолдарына билік беретіндігі жөнінде әңгімелейді. Байлар мен ақтардан жапа шеккен Бадырақ олардың әр сөзін қағып алып, ұйып тыңдап, іштей ой түйеді. Өз қожайынынан сөз, ұрыс естіп, көк ала қойдай таяқ жесе, өз отау-шаңырағы болмаса, сонда бұл не өмір деп күйінеді.
Жиналыс соңында сөз сұрап, ел алдында сөйлеп, жаңа өкіметті жақтап, ұйымдасып жатқан батрактар ұйымына ең бірінші болып жазылады.
Сөйтіп, түптің түбінде Бадырақ совет құрылысының белсенді мүшесі болып, өсіп, сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүретіндігіне көзі жетеді.

М.Горькийдің шығармаларынан бастау алған «жаңа адамның» қалыптасу кезеңдеріндегі сюжеттің Ілияс Жансүгіровтің бұл шығармасына ұшқыны тигені айқын аңғарылды. Жазушы заман ағымының басты тақырыптарынан шет қалмай қалам тербегенімен, онысы құлшыныссыз, екпінсіз жазылғандықтан, сол тұстағы қалыптасқан схемадан әрі аспай, көркем туындыдан гөрі, сюжеттік баяндауға жақын әрсіз шығармалар қатарынан орын алған. Сонымен бірге оқиға желісі тиянақсыз, бірнеше кейіпкерлердің әңгімедегі ролі ашылмай қалған. Мұның өзі де әңгіменің көркемдік, композициялық нышандарына едәуір нұқсан келтіргендігін айтпасқа болмайды.

Жазушы бұл әңгімесіне әлі де болса оралармын, кем-кетігін түзермін, аяғына дейін жазармын деген ойлары болған да шығар, бірақ бұл туындысы, сол тұстағы ұраншылдық пен науқаншылдықтың дерті мен  лебі өз салқынын тигізген шығарма болғандықтан, оған оралуға құлқы,  көңілі соқпаған болар деген пікірге еріксіз келесің.

 

Ілияс поэзиясындағы музыка

М.КЕРЕЙБАЕВ

 

 

Ілияс поэзиясы әлі толық зерттелген жоқ

Ерлан ҚАСЕНОВ