«ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ-125». (35)

«ІЛИЯСТЫ ТАНИ БІЛУ — ҰЛТ ПАРЫЗЫ»

 

Бүгінгі парақта І.ЖАНСҮГІРОВТЫҢ қазақ әдебиетінің сан-қырлы жанрларындағы  шығармашылықтарына  берілген талдаулық  жазбалардың кезекті топтамасы  беріліп отыр.

Олар: бүгіндері халық әні саналып жүрген,  шындығында  авторы да,  алғашқысы орындаушысы да АҚЫННЫҢ өзі болған «Шилі өзен» әнінің шығу тарихы туралы  Өмірсерік ҚАЛИЕВТЫҢ (марқұм) естелігі мен ОНЫҢ драматург және сатириктік қырларын көрсететін Ілиястанушы, Мұрат ИМАНҒАЗИНОВТЫҢ  мақалалары.

Сонымен бірге,  сайт оқырмандарының, басқа да көпшіліктің  сұранысы бойынша биылғы қазан айының 11-12-сі күндері АҚЫННЫҢ туған Ақсу ауданында  ресми түрде аталып өтетін 125 жылдық МЕРЕЙТОЙЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫН беріп отырмын.

Танысыңдар

 

 

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТЫҢ  125 жылдық МЕРЕЙТОЙЫНЫҢ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

 

 

 

«Шилі өзен» әнінің шындығы

Өмірсерік ҚАЛИЕВ

«Ақсу өңірі» газеті, 25 мамыр 2013 жыл

 

 

 

 

Ілияс Жансүгіров – драматург

Мұрат ИМАНҒАЗИНОВ

«Ілиястану» еңбегінен

 

Ілияс Жансүгіровтің қолжазбаларын, аса бағалы архив материалдарын, басқа қаламгерлерге де қатысты көптеген құнды, қымбат тарихи құжаттарды, фольклор нұсқаларын қиын жағдайларға қарамастан, ұзақ жылдар көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жоғалмастай етіп қалдырған оның жұбайы Фатима Ғабитова былай дейді: «Ілияс драматургия жанрында көп жазған жазушы емес.Тек  1931 жылдан бастап қана қолға алып, бес-алты жыл ішінде ірілі-уақты сегіз шығарма жазды». (І.Жансүгіров. Шығармалар, 5-т. А.,1964.3-бет)

Демек, ол аз жазса да саз жазған. Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы ізденістері туралы пікір қозғағанда, пьеса атымен жарияланған шығармалары тексеріп қою аз. Ақын қазақ өлеңінің ырғақ, ұйқас жүйесіне жаңалық әкелумен қоса, формалық тұрғыдан да бірқыдыру барлау жасаған. Осы қатарда автордың өлеңде диалог үлгісін жиі қолданғандығына айрықша тоқталу керек. Драматург қаламынан туған дүниелерді шартты түрде шағын және көлемді пьесалар деп екі салада қарағанда, олардың жанрлық, стильдік ерекшеліктерін ажыратып, көркемдік өзегін ашып, жалпы әдеби процестегі орнын айқындау негізі нысана.

Шағын көлемді, бір перделі пьесалардың барлығы да өлеңмен жазылған. Оқиғаға қатысатын кейіпкерлердің жасы, мінезі, әлеуметтік отбасылық  тегіне байланысты тәптіштелген анықтама берілмейді, тіпті дәл аттары да айтылмай, жалпылай көрсетіледі. Бұл шығармалардың жалпы сарыны – енді ұжымдық өмірге бет алған ауыл тынысы, адамдар санасындағы жаңғырулар. Сондай туындының бірі – «Мін де шап» пьесасы.

«Мін де шап» атты бір перделі пьесада шарттылық тәсілімен берілген сатиралық мотиві бар туынды. Жаңа өмірдің мағынасын терең түсінбеген, дүмбілез, шала-жансар, ұйқыдан бас көтермейтін колхоз бастығының сиырмен, атпен диалогы арқылы берілетін көріністерде улы мысқыл жатыр.
«Сиыр сөйлеп тұр...». Осы диалог арқылы шаруашылықтағы қырсыздықты, оралымсыздықты, еңбекке икемсіздікті айтады.
«Ат сөйлеп тұр...». Мұнда керенау, кердең, кер жалқау, шолақ белсенділерден келген кесапатты айтады. Формасы, идеясы жөнінен Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Қызыл ат» поэмасымен сарындас бұл шығарманың кезінде актуалды болғандығына дау жоқ.

Әрекет көлемінің ұлғаюы, қаһармандар санының өсуі, композицияның күрделенуі жөнінен келгенде «Колхоз тойы» пьесасы драматургтың шағын көлемді сахналық шығармаларының ішінде оқшау тұр. Автор халық тұрмысында бар той салтанатындағы театрға жақын элементтерді пайдалана отырып, жаңа дәстүр, жаңа мазмұнды сәтті бейнелейді. Пьесада әрекет аясына байланысты өлең  өлшемдері өзгеріп, жеті-сегіз буынды жыр ағымы, он бір буынды қара өлең ұйқасымен кезектесіп отырады. Ақын поэзиясының стильдік өзгешелігін танытатын «Тақылда, тіл тақылда», «Қимылда тіл, қимылда», «Айт, айт жырды, айт жырды», «Жорғала, тіл жорғала», «Соқ, соқ, өлең, балға», «Сорғала, жыр сорғала» деген секілді градация үлгілері диалогтарда қолданылады.
Осы шағын шығармада кейін көптеген қазақ қаламгерлері драматургияда жиі пайдаланған ұлттық ойын, ақындар айтысының формасын кәдеге асыру тәжірибесі бар. Драматург той салтанатын лайық атмосфераны жыршы, ретші, колхозшылар атынан айтылатын әр түрлі реплика, диалог, монолог, полилог сипаттарында келетін көп дауысты үн арқылы береді. Әрекеттің ең шарықтайтын тұсы, тойдың әбден қызған мезгілі – «Талаптан» және «Қастек» колхоздарының айтысы. Қызығы, ақындар емес, қатардағы колхозшылардың сөз тәжікесі. Бір жақта — әйелдер, екінші жақта – еркектер. Ғасырлар бойы халықтық театр қызметін атқарып келген көне көркемдік форма енді жаңа мазмұнға лайық құлпырып тұр. Қазақ ауылындағы өзгерістер, жаңа психология жағы айқын көрінген. Ата-баба үшін мақтан жоқ, біреу-біреудің сүйегіне тиетін сөз айтпайды. Колхоз намысы, малдың, егіннің жағдайы, жоспардың орындалуы – тартыс осылардың төңірегінде. Өтіп жатқан әрекетке колхозшылардың көңіл-күйі көп дауысты, әр текті реплика, сөз тастау арқылы көрсетіледі.

Сонымен, Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы алғашқы ізденістері поэзияда диалог, монолог формаларын қолданудан басталып, бір перделі шағын пьесалар жазуға ойысады. Бұлар адам характерлерін ашатын, күрделі тартыстарды көрсететін, жанрдың қатал талаптарына жауап беретін, төрт құбыласы бірдей, бас-аяғы теп-тегіс, жұмыр дүниелер емес, актуалды тақырыптарға арналған үгіттік-насихаттық идеяларға құрылған, әдеби монтаж, сценарий, скетч, либретто, фельетон сипатындағы туындылар.

Ақынның жаңа, күрделі жанрдағы тәжірибесі шығармадан шығармаға ұлғайып, авторлық идея, шығармашылық мақсат шарттары кең көлемді, терең тынысты, күрделі пьесалар жазуға  алып келген. І.Жансүгіровтің зерттеушілер назарына ілікпей, тексеру обьектісіне айналмай жүрген бес суретті «Райхан» атты драмасы тақырыбы жөнінен де, көркемдігі жөнінен де өз кезегіндегі қазақ пьесаларының жуан ортасында тұруға толық мүмкіндігі бар дүние. Бұл шығарманың жазылу уақыты белгісіз. Әуелі көзге шалынатыны пьесаның бөлек-салағы жоқ, ықшамдылығы. Алғашқы ұлттық пьесаларымыздың әрекетке белсеніп қатыспағанымен, қосақ арасында жүретіні бар, айқайшысы бар, әйтеуір кейіпкерлер саны сала құлаш болатын жанр табиғатын білместіктен туған жаман дағды бар-ды, айтылмыш пьесада ол мін жоқ. Тартыс үш-ақ адамның арасында өтеді, ең соңғы суретке қосалқы персонаждар деңгейінде көрінетін, аттары бөлек демесе, бір мінездес үш қыз бар.
Фольклордағы толғау, тақпақ сарындас өлеңмен жазылған диалог, монологқа төселген ақынның реалистік тілмен, қара сөзбен драма жазуы – шығармашылық өсу, өрлеу белгісі. Драматург қазақ әдебиеті үшін әбден машықты, етене тақырып — әйел теңдігі мәселесін жаңа, бұрын ешкім қозғамаған қырынан көрсетеді.
Назар аударған адам алғашқы көріністе сахнаға  шығатын Имаш пен Нұрайдың Бейімбет Майлин шығармаларында жиі кездесетін еркектер мен әйелдердің типінен бөлек от басы, ошақ қасындағы жандар емес, тіпті Бекен мен Раушанға да ұқсамайтынын бірден байқайды. Ілияс Жансүгіровтің бұл екі кейіпкері – Имаш пен Нұрай оқыған адамдар. Сөздері ауыл үйдің қысыр әңгімесінен басқа арнада, әлеуметтік мәселе — әйел теңдігі туралы. Пікірін ашық айтпай, күлбілтелеп, тайқи сөйлеп тұрған Имаштан гөрі, ағынан жарылып, турасына тартатын Нұрайдың толғамында жүйе, салмақ, әділет мол. Бірінші сценада Имаштың жарықшақты, екі ұдай қатпарлы, ісі мен сөзі бөлек адам екендігі сезіле бастайды. Нұрай болса, революциядан кейін әлеуметтік күресіне білек сыбанып араласып кеткен, жалынды, ер сенімді, ер қажырлы Алма Оразбаева, Нәзипа Құлжанова, Нағима Арықова, Сара Есова сынды әйгілі әйелдердің өмірдегі қимыл-әрекетін еске түсіреді.
Нұрай бұдан кейінгі оқиғаға қатыспай, соңғы суретте бір-ақ көрінеді. Шарпысуға, қаржасуға тиісті, қарама-қарсы ыңғайда тұрған кейіпкерлердің әрекет үстінде ұшыраспауы – драматургтың пайдалана алмаған мүмкіндігі деп қарау керек.
Негізгі тартыс ыңғайы бірінші перденің соңғы көріністерінде, сахнаға Райханның шығуынан бастап айқындалады. Райхан қалаға тұңғыш рет келгенімен, оң мен солын ажырата алмайтын, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен салпы етек емес, сен тұр, мен атайын деген пысық қыз; бірден Имаштың әйелі Күләйді майлы ішекше айналдырып, іші-бауырын кіріп кетеді. Имаш жас қызға: «Қазақ қыздары ынжықтығын жойып, еңсесі көтеріңкі болса, адам болғанымыз! Орыстың сендей қызы осы күні қай жерде жүрмейді? ... Олар өжет. Е, десе, мә, деп тұр. Билегенде жердің шаңын шығарады» (5-том,152 бет) деген насихат айтқан болып, әйелінің көзі тая бергенде, жігітшілік жасау қамына кіріседі.
Екінші суреттегі алғашқы диалогтар Имаш пен Райханның бірталай жерге барғандығын, әйелім бар деп еркек, оң жақтағы қызбын деп бойжеткен өздерін ұстай алмай, құмарлық жетегіне кеткенін көрсетеді. Сезім, сүйіспеншілік табыстырмай, қомағайлық, бақай есеп қауыштырғаннан, кімдер үшін болсын мұндай жалғасудың соңы кейіс, реніш, тіпті бір-бірімен жауласып, өштесіп, ат кекілін кесіп кету трагедия емес пе?
Драматург адамдар арасындағы жаңа қоғамдық қарым-қатынастар негізінде пайда болған кейбір психологиялық құбылыстарды дәл көре білген. Алдымен Имаш характеріне көңіл бөліп көрсек, Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі «оқыған азаматтарда жатыр» дегенге келеді. Ескі қазақ рәсіміндегі жігітшілік бұлар үшін жол болмай қалған. Имаштар мұндай сезім байлығынан жұрдай, олардікі үзіп-жұлып оқыған Еуропа романдарынан тапқан «дон-жуандық» салқыны. Райхан-Имаштың қалай табысқаны көрсетілмейді, олардың енді бір-біріне оқ атқан, тартысқа түскен шағына куә боламыз. Имаш әйелі ауылға кеткен кездерде қызды құшағына алып, ұрлық ләзәттан тояттап, соны іштей үлкен олжа санап, енді ешкімге білдірмей, аман-есен құтылсам деген ниетте болады. Райхан абырой төгілуді өлімге балаған, халықтың тамаша дәстүрін ұстанған бой жеткен емес, бұрын бай болған, кәмпескеге іліккен жуан жердің бұлғақтап, шолжаң өскен тәйтік қызы, әйелін тастаса да, әйтеуір күйеуге тиіп алуды мақсат еткен.
Тартыс Имаш-Райхан арасында. Осы конфликт үстінде екеуінің де рухани дүниесінің жұтаңдығы, сезім кедейлігі, моральдық тұрақсыздығы ашылады. Алғашқыда бауырмал, ақкөйлек көрінген Күләй алдағанға оп-оңай сенетін парықсыз, сезімі қорланғанын ұқпайтын түйсіксіз, топас, намысы күйгенде жігерленудің орнына, ашу шақыратын көк долы болып шығады.
Пьеса сюжетіне тарамдалған, салалы оқиға жоқ, психологиялық кернеу, ширақтық бар, барлық әрекет Райханның аяғының ауыр болып қалуына Имаш кінәлі ме, кінәлі емес пе – осыны айқындаудың сарабында отырады. Бар пәле күйеуінен екендігін сезген Күләй өзгені тастай салып, Райханға пышақ ала жүгіреді. Бұл көріністе сахналық эффект мол: бір жақта ақ безер де көк безер болып, бәрінен танып тұрған Имаш пен күйеуінен айрылып қаупі төнгенін сезген Күләй; екінші жақта – акушерка техникумында  оқитын, көп нәрсені бүркемей, өз атымен айтатын ашық қыздар, беті ашылып алған соң, сөзді кесек-кесегімен шығарып жатқан Райхан.
Шығармадағы авторлық мұрат, суреткерлік позиция әйелдер бөлімінің бастығы Нұрай образымен сабақтасып жатыр.
Айтылмыш пьесаның идеялық нысанасындағы айқын мақсатпен қоса, көркемдік-структуралық формасында  бірталай сапалы сипаттар бар. Тақпақ,  өлең үлгісіндегі диалог, монологтары мол, негізінен, эпос, тарих, аңыз материалдарын арқау еткен сюжет жүйесін, образдар тұрпатын фольклордан алған пьесалар көптеп жазылып жатқан кезде Ілияс Жансүгіровтің конфликтісі де, сюжеті де, бейнелері де тың, күнделікті өмірдің өзінен іріктеліп алынған құбылыстар бойынша реалистік туынды жасауы берекелі, өнімді қаламгерлік ізденістен туған сәтті қадам-тын.
Автор сұрақ-жауап, тәжіке-айтыс, дау-дода ретінде келетін диалогтар шеңберін әдейі, мақсатты түрде кеңейткен. Кейіпкерлердің өзімен-өзі іштей арпалысқан, ой толғағы қысқан сәттерін дәл бейнелейтін күрделі, ұлғайған, көлемді монологтар ұшырасады. Бұларда синтаксистік, интонациялық, ырғақтық тұрғыдан келгенде драматизм мол. Имаштың: «Біздің өміріміздің бәрі драма ғой.Үстіміздегі дәуір «өткінші дәуір» десе, өткінші дәуір. Біз алдыңғы ұлы мақсатқа талпынып әлекпіз. Бірақ, тап дұшпаны жырынды түрде жалғасады. Ескілік аяғымыздан алып, сүріндіргісі келеді.Әсіресе, біздің осы поколение, сірә ерте қартаямыз. Адам терісі тегі, арқан болса да не қылсын. Нелер көрмедік, нелер көрмедік, біздер...Ескі тұрмыс бір батпақ көл. Қазір үсті ғана қатты деуге болады.Түбінің бәрі лай. Бетінде қатқан мұзды біз ептеп басып жүрміз.Анда-санда ауып бассаң, аяғыңды жылымға тығып аласың.Ай-ай-ай! Пәле бола жаздаған жоқ па? Әңгіме ашылғанда не болар еді? Елге — әшкере, жұртқа – масқара!..Әй, өзі де арсыз екен...Адам деп айттың – деді-ау.Дегенім жоқ-ау тіпті.Тағы онымен қоймай, тастаймын дегенсің, — деді-ау! Еһ-еһ-еһ...» (5-т,166-бет) деп келетін толғауын психологиялық, реалистік монолог қатарына қаймықпай қосуға болады. Кейіпкердің ішкі әлемін, сезім күйін, көзқарасын, бір сөзбен, тұтас тұлғасын танытатын сөз.
Тағы бір көркемдік ерекшелігі – негізгі сценалардағы жинақылық айқын, әрекет жан-жаққа шашырамай, негізінен, екі адамның арасында өтеді. Нұрай қыздар аузымен айтылып жатқан Имашты мансұқ еткен сөздер нақты көрсетілген.Обьективті өмірді ағысын жанды бейнелер арқылы көрсету мақсатындағы драматург әсіресе, Райхан образына қатысты сыншыл идеяны айқын аңғартады.Трагедияда айыпкер жалғыз Имаш емес, ең алдымен қыз намысын аяққа таптаған оның өзі екені ашық айқындалған.

Ілияс Жансүгіров алғашында драматургия саласындағы шағын формаларды игеріп, жанр техникасына машықтанумен болса, «Кек» пьесасын жазу үстінде талант толысуына, қаламгерлік марқаюға, шеберлік шыңына көтеріледі. Онда Октябрь революциясынан кейінгі оқиға көрсетілген. Ақсу жеріндегі Совет өкіметі құрылуы, оған тап жауларының зиянкес әрекеттері адам өлімімен аяқталады. Пьесадағы кейіпкерлердің бірқатары тарихи тұлғалар.
Исатайдың қаза болғанына ғасыр уақыт өтсе де талай іс-әрекеттерін ауызға алуға, қағаз бетіне түсіруге батпаған, солардың жарқын бейнесін көркемдік дәрежеде көрсетпеген тұста ең тұңғыш рет суырылып шыққан Ілияс Жансүгіров болатын. 

Ал солардың ішіндегі «Исатай-Махамбет» — Ілиястың ең соңғы туындысы. Бұл пьеса екі нұсқада жазылған болатын.
Біріншісі театрға арналып қара сөзбен жазылған еді де, екіншісі өлеңмен либретто ретінде жазылған.
Біріншісін театр Октябрь мерекесінің жиырма жылдығына арнап дайындағанмен, 1937 жылдың қуғын-сүргін оқиғасына байланысты «Исатай-Махамбет» сахнаға шыға алмады.
Театрға арналған нұсқасын Ілияс оқығанда тыңдаушылардың бірі болған Мұхаметжан Қаратаев «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» деген кітапта былай деп жазды: «...1936 жылы жазған, бірақ сахнаға қойылып үлгермеген, «Исатай-Махамбет» пьесасы жазушының драматургиясындағы үлкен жеңісі еді. Мұнда ол өткен ғасырдың 30-жылдарында Россия патшасының отаршылдары мен қазақтың хан, сұлтандарының қанауына қарсы көтерілген себептерін оның әлді-әлсіз жақтарын дұрыс көрсетіп, Исатай мен Махамбет секілді көтерілістің айбынды басшыларының образдарын жақсы жасаған, әрқайсысын өз ерекшеліктерімен  айқын бейнелеген. Ілиястың бай ақындық тілі осы пьесада өзінің қуатын, әуенін, бояуын молынан танытты. Махамбеттің арынды поэзиясының сырын терең ұғыну және оны драмалық образды бере алу – «Исатай-Махамбет» пьесасының кісі таңданарлық қасиеті».

Ілияс «Исатай-Махамбет» пьесасы үшін материалдарды бірнеше жыл жинады. Сол ұзақ сапарларда жүрген сәттерде үйіне жазған хаттарындағы жыр жолдарынан бастасақ.

Үйге сәлем!

Аманмын.Еділдемін. Жолым жайлы.
Тепшілеп теріп  жүрмін «Исатайды»,
Көлемін Астраханнан жоғары өрлеп,
Жеріне жолаушыға жету қайғы.
Пароход жүрдек, күшті өрге қарай
Тартады, пристанға көп тұрмайды.
Қаласы Сталиннің алдымызда,
Пароход осы араға көп тоқтайды,
Ұясы трактордың осында ғой!
Әнеки, заводтары бұрқылдайды,
Көрерміз бәрін дағы иншалла!
Бірер күн азар болса өтті мейлі...
Патима! Еркелетіп Азатымды,
Сүйіп қой ағасы үшін Үмітайды.
Волга Пароход» — 17 год!
15/ ІІІ  - 1934 жыл.

Сәкен, Мұхтар, Ілиястар бірдемені жазардан бұрын, оны зерттеп біліп, егжей-тегжейіне көздері жетіп жазады. Сәкен «Көкшетау» поэмасын жазудан көп бұрын Көкшетауға барып бір-екі жыл тексереді.
Мұхтар «Қилы заманды» жазарында Ілияс екеуі Асы мен Қара жайлауларын аралап көп жүрген болатын. Міне, Ілияс осы «Исатай-Махамбетті» жазарда үйде отырып, бал ашуға бармайды. «Исатай мен Махамбетті»  зерттеу, сол жөнінде тың деректерді өз құлағымен естіп, көзімен көруді мақсат еткен ақын, есіл ерлердің туған жері мен шайқас өткен далаларына аттанады.Сол сапарда жүріп өзінің отбасын, балалардың сағынғанда жоғарыдағы жыр жолдарын жазып, жұмысының қалай өтіп жатқанын өз хаттарында атап өтеді.

Бұл хатты Саратовтан жазып отырмын. Мұнда келгелі екі күн. Қала бұл күндері Саратов аймағының центрі, Еділдің бойында екенін өзің білесің. Бұрынғы Алтын Орданың Убек деген қаласының орны бұдан 12 шақырым дейді. Жол бұдан Мәскеуге бір сөтке. Осы жолдың Үмет деген станцияда «Исатайға жүйрік» бір шал бар.Кешке соған жүруге билет алып отырмын!».
«Исатай туралы біраз материал жаздым. Бірақ әлі үйден шыққалы тоқтаусыз жүрістемін. Сондықтан демалысым да жоқ, жазуым да жоқ. Тек жүріс,жүріс...!»

Міне, бұл хаттарды оқи отырып, сол  кездің өзінде заманның тұрақсыз құбылуына қарамастан осы тақырыпты таңдап алады. Әрине, сонау Батыс Қазақстанның шетсіз-шексіз даласын аралау, Исатай мен Махамабетті білетін адамдармен жүздесу көліктің тапшы кезінде жеңілге соға қоймайтынын сезіп отырған боларсыздар. Сондықтан, қалай да куәлік, анықтама қағаз, басқа да бюрократтық әкімшілік жүйенің куәлік құжаттарын жаны сүймейтін ақын дегенмен, куәлік жаздырып алуды жөн көреді.Сол сапарға аттанғанда мына қажетті куәлікті ала кетеді. Ондағы ойы жұмыстың орайына бір септігін тигізе ме дегені. Сол кездегі Наркомпростың төрағасы Жүргеновтің өзінің қолы қойылғаны ақынға «ақ жол» тілегенін куәлік растайды. ...

 

 

І.Жансүгіров прозасындағы сатира

Мұрат ИМАНҒАЗИНОВ

«Ілиястану» еңбегінен

 

Сатира терминінің шығу тарихын, этимологиясын әркім әр түрлі түсіндіреді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, ежелгі гректер жүзім өсірушілердің, жүзім шарабын жасаушылардың құдайы Дионистің ән салып, би билеп, күлдіріп, көңілдендіріп «жүретін жол серіктерін „Сатирлер“ деп атаған. „Сатира“ атауы сол сөзден шыққан.
Басқа зерттеушілердің пікірінше, бұл терминнің тарихы латынның „Сатира“ — „смесь“-аралас, әр нәрсенің қосындысы, „всякая всячина“ — анау -мынау» деген сөзінен басталады. Кейінірек ежелгі Рим әдебиетшілері сынап-мінеуші, әшкерелеуші сипаты бар шығармаларды «Сатира» деп атаған.
Қазір «сатира» атауы әр түрлі мағынада қолданыла береді. Біреулер оны әдебиеттің бір тегі (род) деп түсінеді. 1941 жылы шыққан «Шетел сөздерінің сөздігінде» былай делінген: «Сатира болмыстың жағымсыз құбылыстарын ащы күлкіге айналдыратын көркем әдебиеттің тегі (род)».
Я.Эльсберг: «Сатира-болмысты әдебиет пен өнерде көрсетудің бір әдіс-тәсілі».А.П.Квятковский: «Сатира-болмыстағы жағымсыз кұбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп, қарасөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі».
Сатира әдебиеттің бір тегі ретінде де көріне алады. Ақын-жазушылардың бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық пафоспен жазылған, таза сатиралық шығармалары әдебиеттің дербес бір тегін құрайды. Өйткені оларда өмірді зерттеп білудің, суреттеп берудің өзіндік эстетикалық принциптері, көркемдік әдіс-тәсілдері қолданылады.

Сатираның жеке бір іс, құбылысты зерттеп білудің әдіс-тәсілі ретінде көрінетіні де рас. М: І.Жансүгіровтің  "Жолдастар" романында Ықсан молданы былай деп  суреттейді:
«Қымызға келгенде түп жоқ кісі — ноғай Ықсан молда. Алдына келген аяқты жерге қоймайды. „Алқамдымлла“ деп бір кекіріп алады да, басына бірақ төңкереді... өзі үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрны үшкірленіп қалған. Мойны мен жауырыны тұтасып, басы итбастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрыннан құрсақты молда, іші кеңіген сайын айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе қоздайтын қойдай мекіренеді» .

Ілияс романының «Сары ала қаз пәтуасы» бөлімінде Шалматай, Есентай қажылар да осылайша сатиралық әдіспен сүмірейте суреттелген. Автордың елестеуінше «тығыз сары Есентай қажының иектен бұғағы асып, шүйдесі шодырайып, майдан екі көзі айналып кеткен. Бұл қажының қымызды жұтқан сайын беті берен шымылдықтың тозығы сияқтанады».
Қазіргі біздің фельетон, памфлет, пародия, мысал, сықақ әңгіме, сатиралық роман, повесть деп жүргендеріміз сатиралық осы жанрлық көріністері.

І.Жансүгіровтің  "Жалаңаш жиылыс" сатиралық әңгімесінде: "Ширетте тұрған кісі қандай кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен ұрысып, баз біреумен жұлысып теріміз тарылып, өзіміз жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су көтермейді. Тек жуықтап кеткен адамға, бақарауық түйедей баж ете каламыз. Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз тесігіне таласады да... 

Сатира жанрындағы өлеңнен прозаға ауысуы бұл -1920 жылдардың бас кезі. Нақтырақ айтсақ, 1922 жылдың қараша айында Ілияс оқуға түсуге Алматыға келгенімен, ол талабына қолы жетпеген соң, «Тілші» газетіне қызметке кірген сәттен басталады. Газет қызметіне араласуы — оның білім дәрежесіне де үлкен әсер етеді. Ақындық, жазушылық талабы мол болғанымен, оқуы, білімі таяз болғандықтан, өз бетімен оқу оқып, ізденіп, білімін толықтыруға күш салады. Сатирадағы проза жанрына ден қоюы осы кезеңнен бастау алады. Өйткені өзімен қызмет істейтін тілшілердің көпшілігі жазушылық өнері бар прозаик, сатирик, фельетонистер еді. Олар сол кезде газеттегі жауынгер жанрлардың бірі — фельетонды әркім әр түрлі, бір-бірімен жарыса, бәсекелесе жазатын. Бұл ахуал Ілиясты да еліктірді. Сол кезде жазғандары тек «Тілші» газетінде ғана емес, сонымен бірге «Жас Қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты баспасөз орындарында жарыққа шығады. Жазғандары сол уақытта елімізде жүргізіліп жатқан науқандык саяси, шаруашылық, ағартушылық жайларды қамтиды. Сатираның түрлі компоненттерін шебер пайдалана отырып, жаңа дәуірдегі жаңалықты дұрыс түсініп, бағалай алмай отырғандарды, жаңа істердегі игіліктерге кедергі келтіріп, бұрмалаушыларға батыл, карымды қаламын қадайды. Баспасөз қызметінде аз уақыт істеген кезінде өзінің әріптестерінен жазу техникасын үйрене отырып, тіпті кейде олардан асып түсерлік дәрежедегі журналист ретінде көзге түседі. Оның жазғандары бірінен-бірі өтерліктей іргелі де айтары мол Құнды материалдарға айналып, қалың көпшіліктің сый -құрметіне бөленеді. Осы еңбегіне лайық оны 1924 жылы «Тілші» газетінің хатшысы, кейінірек редакторы етіп тағайындайды.

Ілиястың сатиралық тұрғыда жазылған еңбектері «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шығатын. Сықақтарын газет беттеріне, көбінесе, Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіров шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білу шеберлігі ерекше екендігін атау қажет. Әр сықақ-әңгімеге жақсы тақырып қою да оңай іс емес. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де, сонымен бірге, тақырып атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы ғана оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілияс алдына жан салмайтын.

Ілияс ақталғаннан кейін 1961-64 жылдар арасында жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелері мен фельетондары» деген атпен 328 беттік көлемде кітап болып баспадан шығады. Сонымен қатар 1964 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Пьесалары мен әңгімелері» деген кітапқа оның көптеген сықақ әңгімелері мен фельетондары енгізілген.

«Жол аузында» әңгімесі «Еңбекші казақ» газетінің 1929 жылғы 16 қыркүйектегі санында жарық көрді. Жазушының «Жаңа жолда> атты Түрксиб жайындағы очерк, әңгімелер жинағына (1929), «Жол аузында», «Мерген, бөкен» кітаптарына, 5 томдық шығармалар жинағына енді. 1963 жылғы нұсқа алынды.
«Жаңа астана» очеркі «Жана жолда» (1929) кітабындағы тексті бойынша берілді. «Төрт жолдың торабы» әңгімесі «Еңбекші казақ» газетінде (1929, 8 шілде), «Жаңа жолда» жинағында, жазушының 5 томдығында жарияланды.
«Октябрьдің октябрі» очеркі 1930 жылы жазылған, қаламгердің 2 томдық және 5 томдык шығармалар жинағында басылған.
«Басын көруге нәсіп болмады» атты сықақ әңгіме «Сықақ, дүрбісі» рубрикасымен «Жаршы» журналының 1930 жылғы 9—10-санында жарық көрді. Автор «Таңқыбай» деп қол койған.
«Ықтияр». Жазушы әңгімені «Таңқыбай» атымен «Жаршы> журналының 1931 жылғы 5-санында жариялаған.
«Қарындастың капшығынан» атты сықақ әңгіме «Жаршы» (1931, № 7, 12—15-66., № 9, 14—15-6. б.), журналында «Таңқыбай» бүркеншік есімімен басылған.
«Дүкенді дала». Әңгіме «Еңбекші казақ» газетінің, 1931 жылғы қыркүйектегі 2 санында, жазушының 2 томдық, 5 томдық жинақтарында жарияланды.
«Күндер» әңгімесі «Жаңа әдебиет» журналында 1931 жылы 10-санындағы (қол койған «Сақа») басылымы негізінде алынды.
«Жарыс» атты әңгіме «Әдебиет майданы» журналынын. 1932 жылғы 2-санында жарық көрген, жазушының 2 томдық және 5 томдық шығармалар жинағына енген.
«Төменнен толқын» атты Риддер қорғасын заводы туралы очерк тұңғыш рет «Социалды Қазақстан» газетінде (1932, 15 мамыр) жарияланып, қаламгердің 1933 жылғы «Толық жинағында», 1960—1964 жылдарда шыққан 5 томдық шығармалар жинағында басылды.
«Ленин аты» әңгімесі 1932 жылғы «Әдебиеттану оқу кұралында», жазушының 2 томдығында, «Жол аузында» (1935) кітабында, 5 томдығында жарық көрді.
«Социализм болғанда ауыл қандай болады» әңгімесі (бұрын фельетон саналған) жазушының 2 томдық жинағында, «Құқ» кітабында, 5 томдық шығармалар жинағында жарияланған.
«Ленин Октябрь күндерінде» әңгімесі жазушының 1933 жылғы Семейден шыққан «Толық жинағындағы» тексті бойынша берілді.
«Сталин колхозы», «Көтерме» очерктері, «Нұрша», «Жарайсың Шұлғаубайым!» әңгімелері де осы басылымнан алынды.