ІЛИЯС  ЖАНСҮГІРОВ. 

  Ағынды менің Ақсуым

 

Ілияс жансугуров

 

Ағынды менің Ақсуым,

Ақырып әлі ағасың.

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын.

Тас тарпуын, шапшуын,

Қарасаң қайран қаласың

Жалғыз жазғы бір кеште

Жағаладым жағасын.

 

Тұнжыраған торғын түн,

Төндім сұлу суына.

Таңырқап тау-тас тамсанып,

Жымиды жұлдыз мұңыма.

Сүмиген сүңгі сұрша тал,

Шомылды таудың суына.

Таймаңдаған тайпақ ай,

Желегі ме, туы ма?

Шүйке шарбы бұлтты

Қалқалай қалды қылмия.

 

Аспанды, ай алтын құшағы,

Қусыра қайың құшады.

Қарамай қайың қалайша

Қаужиған құшсын бұтаны?

Қайың мен сәуле сүйіссін,

Сүймегенді нысабы.

Итмұрыны мөлдіреп,

Қудырлап қоңыз ұшады.

 

Буырқанған ағынның,

Сумаңдап суы сылдырайд;

Құдиған қоңыр құрақтың

Саусағы суда судырайд;

Суға төнген бір шыбық,

Дірілдейд,суда сырылдайд;

Оған қонған бір шымшық

Шиқ-шиқ етед, шырылдайд....