"Ілияс Жансүгіровке-125" 

Сайтымыздың өткен парағында айтылғандай, кейіпкерлері, еліміздің ірі тұлғалары  ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ,  БІЛӘЛ СУЛЕЕВ  және ФАТИМА ҒАБИТОВА  болып келетін Түлкібек Құрақбаевтың  «Фатима» атты поэмасы  жарияланып отыр.  Жергілікті әдебиетшіміз, Жемісбек Толымбековтың өз мұрағатынан ұсынған бұл поэма, бұған дейін еш баспа бетін көрмеген, яғни біздің сайт арқылы алғашқы рет  жарияланып отыр.   Қабыл алыңыздар!

 ФАТИМА

(ПОЭМА)

Түлкібек Құрақбаев 

 

Түсініктеме үшін: Поэмадағы Фатима, Бәтіш-Фатима  Ғабитова;   Жәнібек – Біләл Сүлеевтің ұлыПәкен – Біләлдің қызы Фарида. Микка – суретке түсіруші фотограф.

 

Қыз келбеті

Түр сипаты болып аңыз,

Толған айдай толып нағыз.

Бойын түзеп келе жатты,

Оттай жанып, сұлу бір қыз.

Қара көзі мөлдіреген,

Қара шашы желбіреген.

Құдды бейне қызыл шие,

Екі ерні үлбіреген.

 

ФАТИМА ҒАБИТОВА

 

Ақ торғындай ақ тамағы,

Сұлу біткен қас-қабағы.

Еркін өсіп, еркін жүзген,

Айдың көлдің ақ шабағы.

Албыраған алма беті,

Ақ ұлпадай аппақ еті.

Көзін арбап, көрген жанның,

Ақылы ауып, кетер есі.

Бұл Фатима  — қыздың аты,

Текті ноғай арғы заты.

Көрігіне ақылы сай,

Адамзаттың перизаты.

ФАТИМА ҒАБИТОВА

 

Он алтыға келген жасы,

Жан тербетер көз қарасы.

Тал бойына сән береді,

Кеудесінде қос алмасы.

Қарап тұрсаң сұлбасына,

Дара біткен тұлғасы да.

Сұлулықты берген еді,

Аямай-ақ бір басына.

Міне, осындай қыз келбеті,

Бар ғой талай кереметі.

Оған тағы ораламын,

Әлі айтам, келсе реті.

Ал, әзірше білгенімді,

Есте сақтап жүргенімді.

Жаза берем, жаза берем,

Ішке тоқып түйгенімді.

 

Үркіншілік

Бір кездері Қазақ елі,

Мамыра жай заман еді.

Көңілінде еш алаң жоқ,

Фатима онда балаң еді.

Қапал оның туған жері,

Жастығының думан жері.

Көбелегін, инелігін,

Зыр жүгіріп қуған жері.

Суы тұнық, таза ауасы,

Дертке шипа бар дауасы.

Сол Қапалда Шоқан болған,

Қазақтың зор ғұламасы.

Жетісудың бұл қаласы,

Тұрған жері тау сағасы.

Біржанменен айтыс салған,

Сара сынды қыз баласы.

Баянжүрек, Баласазы,

Үш Бүйенде Арасаны.

Мұздыбұлақ, Ешкіөлмесі,

Қойындасып жарасады.

Сол Қапалды ақтар алды,

Тұрғындарға әлек салды.

Елі босып Ақсу жаққа,

Тыныш қой деп, сонда барды.

Ол жақта да тыным болмай,

Атып, шауып, арттан қалмай.

Ақ әскері қырғын салды,

Ел әбігер болды сондай.

Сол бір тұста қызыл шығып,

Қашқан еді ақтар бұғып.

Ағы қайсы, қызыл қайсы?

Жатқан ел жоқ танып, біліп.

Атыс-шабыс барлығы да,

Солай болған анығында.

Бейбіт елге оқ боратып,

Қызылдар да қан қылуда.

Ию-қию елдің іші,

Бұл жасаған кімнің ісі?

Оны біліп жатқан жан жоқ,

Жеңер екен кімнің күші?

Ақыр жеңді қызыл келіп,

«Бостандық» деп ерік беріп.

Бұл азамат соғысы еді,

Қызыл ақты алған жеңіп.

Қызыл рас жеңген еді,

Фатима оны көрген еді.

Біләл оқып, мұғалім боп,

Сол Қапалға келген еді.

 

Қос қарлығаш 

Қызды көріп жігіт сонда,

Оқулығын алып қолға.

Кірпік қақпай тұрып қалды,

Көзін қадап сұлу жанға.

Қыз суреті есін алды,

Бірден сүйді, іші жанды.

Періштедей хор қызына,

Сұқтанды да көзі талды.

У жайылды денесіне,

Қыздың мас боп елесіне.

Сол бір қызға сөз қозғамақ,

Қарасаңшы дәмесіне.

Қызға барып, ит үргізді,

Арасына сөз жүргізді.

«Жаным сүйген жарым бол» деп,

Ғашықтығын ол білгізді.

 

Біләл Сүлеев

 

Қыз да мұны сынап бақты,

Жігіт те оған шыдап бақты.

Ақырында қол ұстасып,

Қос қарлығаш қанат қақты.

Кездестірген екі жасты,

Қапал, сенің жолың жақсы.

Мың тоғыз жүз он тоғызда,

Отау тікті басын қосты.

 

Ақсу 

Ол кезде олар Ақсуда еді,

Қосты басты, босқын елді.

Ілияс та соларменен,

Бірге жүрген достың бірі.

Ынтық болды Фатимаға,

Ілияс іні, Біләл аға.

Фатиманың сұлулығын,

Білдірді ол сөзбен ғана.

 

Ілияс Жансүгіров

 

Не десек те, жүрек ісі,

Оған әмір жүрмес күші.

Шоқ боп қызып, жалын атып,

От боп жанды оның іші.

Ақсудың кең алабында,

Ерік беріп қаламына.

Ақ қағазға бір сөз жазды,

Қойып көпір бағанына.

Жалынға орап өзін-өзі,

Күйіп, жанып жүрген кезі.

Мынау еді жазған сөзі:

«Айнымай, қоспай дәл айтсам,

Жалғанда, Бәтіш, сұлусың.

Бет-бітіміңде нәрің бар,

Туылса сендей туылсын.

Көкке біткен сұлу көп,

Сұлу да күннің нұрысың.

Жүрегі аяз, жаны мұз,

Шынар биік шыңысың.

Жерден өнген сұлу көп,

Ішінде соның гүлісің.

Дауа таппай жүргендер,

Иіскеп дерті үзілсін.

Көлге біткен сұлу көп,

Сұлуда көлдің қуысың.

Көліңде көрін жарқылда,

Кетейін суға қу үшін.

Тауға біткен таза көп,

Өзеннің ағын суысың.

Күл, сарқыра, жарқыра,

Көңілден кір жуылсын».

Жазған сөзі жақынындай,

Көрінді оған асылындай.

Сұлулыққа сұқтанғаны,

Болды ма әлде ғашығындай.

Бәтіш солай ойға батты,

Жігіт сөзі неткен тәтті.

Екеуінің сырын ұғып,

Ақсу суы ағып жатты.

Содан талай күндер өтті,

Жиырмасыншы жыл да жетті.

Талаптының бірі  — Ілияс,

Оқу іздеп Ташкент кетті.

 

Алматы

Біләл бұл кез Алматыда,

Сұлу жары бар қасында.

Бір қыз туып, ана болған,

Өзінің үй шаруасында.

Ілияс та келген мұнда,

Тамам қылып оқуында.

Келген сайын ақ қағазға,

Жазады ішкі толқуын да.

 

Білдіреді сезім күйін,

Жанып, сүйіп, өмір гүлін.

Өзі менен көзін көрсе,

Береді оған жан жылуын.

Ақын өзі қырағы еді,

Бұл бір қатты сынақ еді.

Сол келгенде Ілиястың,

Жазған сөзі мынау еді:

«Мен айналдым көзіңнен,

Жаутаңдаған, жаным-ай!

Сол көзіңнен қызулы от,

Тұрған сынды жанып-ай.

Сені көрсем көңілім тоқ,

Көрсем сені жаным жай.

Егер сені көрмесем,

Көңілім быт-шыт, мазам жоқ.

Бұл не болды, япырмай?»

Аңсар да осы, аңсау да осы,

Ғашық көзге Ілияс досы.

Көрмей қалса мазасы жоқ,

Көрсе келер көңіл хошы.

Өтті талай жылдар жылжып,

Білінбейді уақыт сырғып.

Ілияс бұл кез Мәскеуде еді,

Жүрген кезі білім қуып.

Ал, Фатима толған айдай,

Толықсып тұр көңілі жай.

Шешек атып, гүлін төкті,

Апорт алма ағашындай.

Сұлу қайда Фатимадай,

Көрінеді падишадай.

Уылжып бір піскен кезі,

Шырыны бал миуадай.

Тоят алған көңілі тоқ,

Еш уайым, қайғысы жоқ.

Тек айыбы көрген жанды,

Күйдіреді қызуы шоқ.

Бұл кезеңде Фатима ана,

Құшағында екі бала.

Көктеп өсіп келе жатқан,

Ары менен жаны таза.

Ақын қайтқан оқуынан,

Нән қаладан сапырылған.

Жолықпаққа тағы келді,

Артық тартқан жақынынан.

Келді, көрді көп отырды,

Дастарқан, дәм жеп отырды.

Менің жарым болса ғой деп,

Екі сағат дөп отырды.

Түз құсындай бұл да текті,

Көргендерін әңгіме етті.

Кетерінде ақ қағазға,

Былай деп ол жазып кетті.

«Неше жылдар көре алмай,

Сағынып ем тым қатты.

Сағындырып күн өтті,

Зарықтырып жыл жатты.

Бәтіш, менің жанымсың,

Жанымнан сен қымбатты.

Махаббаттың ауруы,

Жүдетті де жылатты.

Жан жүректің толқыны,

Жылатты да жырлатты.

Жылау, жырлау сен үшін,

Мен үшін де тым тәтті».

— Деп жазыпты Ілияс,

Фатима оған шыдамас.

Ауыр-ауыр сөз айтты,

Махаббат қалай жыламас.

Мысқылмен сөз көп айтты,

Не айтса да жөн айтты.

Сен күйгенмен, Ілияс,

Мен күймеймін деп айтты.

Ақынның аузы буулы,

Алады қайдан жылуды?

Жер мен көктен іздесе,

Таба ма, мұндай сұлуды?

Столға қайта барды да,

Қолына қалам алды да.

Шимайлап, жазып бір сөзді,

Бәтіштің қойды алдына.

«Айтқаның не, Бәтіш-ай,

Ақылың ба, аяу ма?

Ар жағыңда айтатын,

Ауыр бір сөз таяу ма?

Аяныш па мен саған?

Мен сен үшін еселаң.

Менің сырым аян ба?

Ақыл сөзің салмағы,

Мейлі тисін шоқпардай,

Айт, айт, жаным, аяма.

Ақылыңды аяған,

Мен алайын, ал бірақ,

Махаббатым алар ма?

«Қой» дегенге қояр ма?

Деп осылай тағы да,

Қалам алды қолына.

Жазғандарын Бәтіштің,

Сөмкесіне салды да,

Шықты үйден ақырын.

Оттай болып жанды да,

Жанған оттың шарпуы,

Бәтішінде қалды ма?

Кім білсін ақын қызуын,

Бәтіш қабыл алды ма?

Алған шығар ол, мүмкін,

Сөмкеге қолын салды да.

Одан хатты алды да,

Оқып шықты жазғанын.

Жазғанға қайран қалды да,

Басын шайқап, ойланды,

Жүрек отын жандыра.

Не десең де мақұлмын,

Өзі қандай атыңның.

Жазып кеткен сондағы,

Сөзі мынау ақынның:

«Қара бір көзің мөлдіреп,

Қарасаң жүрек өртейсің.

Елесіңе ішім елжіреп,

Жанымды улап, дерттейсің.

Асау жүрек құр тулап,

Күзетеді, тосады.

Көрінбейсің мені улап,

Елесіңді елес құшады.

 

Сүйемін сені өнімде,

Құшамын тек түсімде.

Мендей сүйген өмірде,

Болды ма екен кісіде?

Күдіктімін осыған,

Жоқ, болған да жоқ шығар.

Мен осыдан шошынам,

Суретің елес боп шығар».

Деген сөзді Біләлға,

Айтпады, болды күмәнда.

Ақынның оқып сөздерін,

Қалмады жаны шығарға.

Жасырды одан сол күйі,

Әйелдің о да ерлігі.

Ақынның бетін қайтармақ,

Мақсаты сол ендігі.

Хатқа жауап қайтармай,

Айтатын сөзді айта алмай.

Арада он жыл өтті,

Шаңырақ бүтін шайқалмай.

 

30-шы жыл

Отызыншы жыл келді,

Бермесін ондай күндерді.

Азабы мен тозағы,

Сол жылдармен бірге енді.

Бұларды не қуып ед?

Басына не күн туып ед?

Жұмысы сонда Біләлдің,

Ақтөбеде қызмет.

Ақтөбеде ақ боран,

Айнала түтек қаптаған.

Аралап қойын-қонышты,

Жер бар ма қарды тықпаған?

Ішін тартып ысқырып,

Өз-өзінен күш қылып.

Қарауға бетті шыдатпай,

Қариды қатты үскірік.

Жер тулақша төселіп,

Қары жүнше түтіліп.

Жер апшысын қуырып,

Соғып тұр боран құтырып.

Үдеді боран үдеді,

Кейде итше үреді.

Екі қолын сабалап,

Күңіренеді, күледі.

Күн мен түн суық, көр іші,

Ұлиды дала бөрісі.

Туғандай-ақ осы күн,

Тарылып дүние өрісі.

Ышқынады, гулейді,

Кейде желіп билейді.

Кейде басып ентігін,

Қайта соғып, үдейді.

Кейде жылап баладай,

Гөй-гөйіне салады-ай.

Құсып зәрін төгіп тұр,

Мына сұрқай дала ғой.

Кәрін төгіп ойбайлап,

Зарын айтып, бай-байлап.

Жасап жатыр білгенін,

Дала біткен жын-ойнақ.

Ақтөбеде ақ боран,

Дей алмассың ық табам.

Жас қабірде жас әйел,

Құр жаны тұр шықпаған.

Бұл – баяғы Фатима,

Арман болған ақынға.

Осы жылдың басында,

Пәкені өлген жақында.

Мынау соның қабірі,

Қоймады оны Тәңірі.

Өлімнен пенде сауы жоқ,

Аз-ақ болды жарығы.

Ет жүрегі езіліп,

Көзден жасы төгіліп.

Пәкенін күнде жоқтайды,

Қабырғасы сөгіліп.

Жас қабірде жазықсыз,

Пәкен жатыр көміліп.

Күнде барып қайтады,

Зар күйігін тартады.

Ел алыста, дос бөлек,

Кім жұбату айтады?

Істің болды ауыры,

Қабынды өкпе, бауыры.

Бораннан да күштірек,

Жүрегінің дауылы.

Сұлу Бәтіш болды мерт,

Жүрегі дерт, жаны өрт.

Жас қабірдің басында,

Қажымасқа берді серт.

Күйзеле де күйіне,

Қайтты Бәтіш үйіне.

Келсе үйіне хат жатыр,

Таныс жазу өзіне.

Жүргенінде уайым жеп,

Болар мүмкін бұл да сеп.

Алматыдан келген хат,

Жазған екен былай деп:

«Ақтөбеде ақ боран,

Азынап, ұлып тұр ма екен?

Не айтады, осы телеграмм?

Апыр-ау, бұл шын ба екен?

Ақтөбеде ақ боран,

Мен көрген сол күн бе екен?

Ақтөбеде төрт адам,

Солар түгел жүр ме екен?

Микка-ау, мынау суретің,

Менің сүйген кісім ғой.

Екі бала, бір ана,

Бұл бір сирек түсу ғой!

Микка, мына суретің,

Сол сүйгеннің түсі ғой!

Мына отырған күшелек,

Жәкен дейтін жалғыз ұл.

Мынау тұрған еркелеп,

Пәкен дейтін балғын бұл.

Мына отырған күйіркелеп,

Бәтіш дейтін жанған гүл.

Қараңызшы суретке,

Түсуіне үйіліп.

Қуаныш, рақат, махаббат,

Жылылық нұр құйылып.

Қараңызшы анаға,

Отыр екі гүл сүйіп.

Сонау бір жақта осылар,

Мен отырмын сүйініп.

Пәкеннің мынау білегін,

Сүйді ме екен анасы?

Жерге көміп тілегін,

Сарсу ма әлде санасы?

Пәкеннің бал бетінен,

Сорды ме екен анасы?

Не жүдетіп жүрегін,

Үдеді ме сор жарасы?

Мынау Пәкен балдырған,

Сабақ оқып жүр ме екен?

Анасына еркелеп,

Сақау сөйлеп тұр ма екен?

Я, сұм хабар шын болып,

Алтын яки құм бе екен?

Мынау Пәкен бал тілді,

Жаман хабар шын ба екен?

Ақтөбеде ақ боран,

Ақ жамылған қыр ма екен?

Сол Пәкенді жасырған,

Суық топырақ сұр ма екен?

Жылап, жанып сорлы ана,

Сонда барып жүр ме екен?

Ақтөбеде ақ боран,

Әлі түтеп тұр ма екен?»

Бұл ақыннан уату,

Хаты еді жұбату.

Бірақ бұл хат Бәтішті,

Уата да алмады,

Жұбата да алмады

Болды қайта жылату.

Жылай жүріп ол өзін,

Мынау қатал өмірге,

Болды керек сынату.

Сына, сына, сынай бер,

Сындарыңа шыдайды ол.

Қай жағынан алсаңда,

Аяғынан шалсаңда,

Оңай емес құлату.

 

Семей

Сол жылдары бұлардың,

Әсіресе Біләлдің.

Ұшатынын жел біліп,

Қонатынын сай біліп.

Сая таппай, сай таппай,

Орнығуға жай таппай.

Құйын қуған қаңбақтай,

Мынау байтақ даланы.

Ақтөбеден Орынбор,

Орынбордан Оралды,

Орал асып Тәшкентті.

Тәшкент өтіп Семейді,

Кезіп жүрген кез еді,

Көшпендінің өзі еді.

Ақыр келіп Семейге,

Орныққаны сол еді.

НКБ-ді келді де,

Ұстап алып жөнеді.

Сол отыздың күзінде,

Сұлу Бәтіш гүлің де.

Айыпкердің саяси,

Болып шықты әйелі.

Жанашыр жоқ, жақын жоқ,

Жалғыз қалды пақыр боп.

Ешкім келіп мұнымен,

Сөйлеспеді жақын кеп.

Есігін ит бақпады,

Терезесін қақпады.

Күні сұрқай, түн қараң,

Таңы дұрыс атпады.

Түні айналды тұманға,

Күні айналды ылаңға.

Ерік берді жылауға,

Екі көзі бұлауда.

Қайда әкетті Біләлді?

Жауабы жоқ сұрауға.

Зар күн туды басына,

Келмейді ешкім қасына.

Жоламайды шошынып,

Жақыны да, жаты да.

Жапа шеккен жанына,

Сүйеу болған тағы да.

Сол баяғы ақыны,

Риза соның барына.

Сөзді теріп тереңнен,

Хат жазады өлеңмен.

Келіп жатты хаттары,

Махаббатқа бөленген.

Он жыл болды қалмаған,

Асыл сөзін арнаған.

Махаббаты еді ғой,

Бәтіш оның таңдаған.

Сол Бәтішке тағы да,

Бір хат жазды сағына.

Хаттың сөзін оқиық,

Не деді екен жанына?

Есімде, жаным, сағынам,

Жақыным, жаным, Фатима.

Сағынғанның белгісі,

Қараймын қайта хатыңа.

Жаным тұтқын өзіңе,

Тілім тұтқын сөзіңе.

Шермендемін, шерлімін,

Қаратпадың көзіңе.

Жақыны ма, жаты ма,

Бергі заман бірге өтті,

Бір қарасам артыма.

Мен сыйладым, сақтадым,

Сөз айтпадым батыра.

«Достым» дедім құрметтеп,

Есептеп жай татуға.

Бір қалыпты өмір жоқ,

Жоқ көңілде пәтуа.

Әлде есірке, әлде сөк,

Барды жүрек батылға.

Сенсең, міне, дәл он жыл,

Күйем, жанам, отыңа.

Ойда бір сен ойлаймын,

Өзімді санап жындыға.

Нетті маған? Не болды?

Білмеймін жын ұрды ма?

Аласұрам, сағынам,

Ақылға дерт қонды ма?

Не қылсаң да кілт сенде,

Көңіл бөл мен сорлыңа.

Отыңа күйдім жүз он ай,

Күйді көңіл, көмір тат.

Болмаған соң көңіл жай,

Бәрі бөтен, өмір – жат.

Бұл – ақиқат, бұл – шыным,

Шындығына ішім ант!

Тілегім менің, жан сәулем,

Осы хатты қолыңа ал.

Оқы да, ойлан, бағала,

Деме мені жолығар...

Өмірімде көрмеске,

Бел байлаған жолым бар.

Көрмей сөнсін сұм жүрек,

Сенен жанған шоғы бар.

Сені қалай көруге,

Шыдамай жүрек қорынар.

Қазан соққан көк егін,

Келді кезек орылар.

Ақылың бар білемін,

Сезімің не? Ол – жұмбақ.

Ақылымнан адасып,

Жүрек жұмсап, жаздым хат.

Өмірден үнсіз кетуге,

Көңіл билеп азғырмақ.

«Жүрек дерті менікі ғой»,

Дедім – неге жазғырмақ.

Мейірім етсе, аяса,

Жөндер жауап, жазар хат.

Егер аяу етпесе,

Айтар сөзі – «Ақмақ»!

Сенсең, сәулем, білмеймін,

Мендегі осы қандай хал?

Сағым қуып, салпақтап,

Сарғайған жан – бір сандал.

Мұндай халдың аяғы ...,

Жауласар дос, даттасар.

Ақылға сал, қосыла,

Ақылыңды айт, хатқа сал.

Егер жеңсең, сендірсең,

Бәлкім жүрек тоқтасар.

Мен жазықты, күйікті,

Сөз жоқ менде ақтасар.

Ая, саған жүдеумін,

Жақын жаулар, жат қашар.

Ол іздейді кісісін,

Кісісі бір өзіңсің,

Өмірде сыр сақтасар.

Егер күлсең, сенбесең,

Онда күн жоқ сорлыңа,

Жүрек жайлап, бақты ашар.

Онда маған тірі өлім,

Онда сөзге мұхтасар.

Онда менің біткенім,

Жана, жана, өткенім...,

Хатты да сол отқа сал.

Бұл хат қалды жауапсыз,

Оны неге санарсыз?

Хат үстіне хат келді,

Тағы да оқып қарарсыз.

Жаным, сәуле,

Болдым әуре,

Мен тыныштық көрмедім,

У дертіңнен,

Сарғайдым мен,

Құр әуремін, өлмедім.

Сен жалғанның,

Барша жанның,

Жұлдызысың, нұрысың.

Сені таппай,

Таңы да атпай,

Қараңғы өмір құрысын.

Неге сезім, неге көзің,

Жандырады жүректі?

Саған батып,

Заң қиратып,

Қабыл көрмей күн өтті.

Осы ұнай ма?

Осылай ма?

Сүю мұндай күшті ме?

Әлде жаным,

Әлде қаным,

Өмір уын ішті ме?

Неге іздеймін,

Бір өзіңнен,

Алданышты өмірді.

Сені сүйдім,

Неге дедің?

Неге уладың көңілді?

Шыдамадым,

Жандым, жаздым,

Шын сөзіңді дедім айт!

Шын жүдедім,

Болдым азғын,

Күте-күте сенен хат.

Сонда Бәтіш,

Мынау хатқа,

Сөз жазбаққа,

Алды қолға қаламын.

Күйіп жанған,

Естен таңған,

Тоқтатпаққа қадамын.

Қағаз алды,

Бір сөз жазды,

Тапсам-ау деп амалын.

Ілияс-ау,

Ол рас-ау,

Қайта-қайта мұның не?

Қапа болған,

Азып, тозған,

Күйген жанды күйдірме.

Сүю, күю,

Жанға тию,

Айтар басқа сөз жоқ па?

Ай-күнім деп,

Жұлдызым деп,

Бағалапсың қымбатқа.

Ол айтқаның,

Зорайтқаның,

Дос көңілден шыққан сөз.

Жанға тиме,

Мені өлтірме,

Дос деп ұқсаң соны сез.

Махаббатым,

Жанған отым,

Депсің маған бір өзің.

Көрмей мені,

Қинап сені,

Неге өледі жүрегің?

Махаббатың,

Жоқ болатын,

Жайдың оғы сияқты.

Ол бір елес,

Болмақ емес,

Еш нәрсе де тұрақты.

Өтер, кетер,

Бәрі бекер,

Мынау жалған дүние.

Сезім өлсе,

Жүрек сөнсе,

Сонда оған кім ие?

Сабыр етсең,

Біраз күтсең,

Құтыласың менен де.

Таң қалмаймын,

Сене алмаймын,

Күйдім, сүйдім дегенге.

Солай десем,

Кетсе есең,

Мына мені қарғама.

Сүю де жоқ,

Күю де жоқ,

Құр бекерге зарлама.

Тағдыр тозақ,

Неткен азап,

Құрды келіп қақпанын.

Бұл өмірден,

Сұм өмірден,

Осы ма еді тапқаным.

Мен азалы,

Тән жаралы,

Осы күнде жүдеумін.

Сен қызықпа,

Қолды сұқпа,

Бақшасына біреудің.

Досқа достай,

Айырылмастай,

Бұрынғыдай болайық.

Жүрек сенсін,

Соған көнсін,

Дос боп жарас қалайық.

Сөзі нәрсіз,

Өзі әрсіз,

Бір хат жаздым осылай.

Қолыңа алып,

Шошымай-ақ,

Оқы, түсін, досым-ай.

Сұм жалғаннан,

Жаннан, жардан,

Таңдаған ем, тапқан ем.

Жанға жанған,

Жанға талған,

«Бол» деп қорған, айтқан ем.

Соңғы, бұрын,

Іште сырым,

Жасырын еш қалмаған.

Көңілімді,

Өмірімді,

Бар шыныммен арнағам.

Өртеп арды,

Асау қанды,

Албырт жанды ноқталап.

Бекер сөзбен,

Мекер көзбен,

Мен бе іздеген ақ тамақ.

Отты, қанды,

Бар иманды,

Жайдым сырды алдыңа.

«Сенсің» дегем,

Мен білмегем,

Неге іздегем, қанғу ма?

Ұшан-теңіз,

Кез болып күз,

Жамылып мұз суыған.

Үміт еткем,

Асық күткем,

Мен дәметкем жылы жан.

«Сағындым» деп,

Жалындым көп,

«Не қылдың» деп үздігіп.

Жан суыған,

Жауабыңнан,

Азынаған ызғырық.

Сендіре алмай,

Жылай-жылай,

Неше жылдай жазған хат.

Ашылмай сыр,

Шашылмай нұр,

Көргенім бір дипломат.

Көңілден сыр,

Көзден жаңбыр,

Жауды бетке пенде боп.

Жана, жана,

Болдым шала,

Шара, шама, менде жоқ.

Шын сүйгем,

Шын күйгем,

Еткен емен бақ талап.

Күймек үшін,

Сүйгенім шын,

Болғам сені сақтамақ.

Сүйдім, жандым,

Уға уландым,

Қош бол, жаным, қайғы ұрдым.

Сау бол, күнім,

Міне, айыбым,

Жан қайығын жарға ұрдым.

Фатимаға мына хат,

Ауыр тиді сол сағат.

Қосағы әлі түрмеде,

Жүріп жатыр саламат.

Көп қиналды қыстығып,

Ауа жетпей тұңшығып.

Хат жазыстың аяғы,

Кете ме деп ушығып.

Көп ойланды, толғанып,

Сарқылды ақыл сандалып.

Ұмтылды, жол іздеді,

Жан-жағынан қарманып.

Ол да ғазиз жан еді,

Өзі ақын, дана еді.

Сезім терең, ой ұтқыр,

Бір кісідей бар еді.

Сондай жақсы адамды,

Дей ме «өшір қараңды».

Бола қоймас ол, сірә,

Соған көңіл алаңды.

Ол да ақын, азамат,

Қайтеді оны жазалап.

Қалам, қағаз алды да,

Оған арнап жазды хат.

Ойлай-ойлай жаздым хат,

Достым едің ең қымбат.

Шын ақын болсаң, Ілияс,

Басқаға бұрыл, жөнің тап.

Еліңнің ескер өткенін,

Соларды жаз ойыңа ап.

Күшіңді жұмса соларға,

Соларға болсын махаббат.

Дарыныңды білейін,

Бол осыған ықтият.

Тоқтатылсын осымен,

Арадағы жалын хат.

Елің үшін жұмсалсын,

Жүректегі жалынды от.

Түс майданға бел шешіп,

Ұш соларға қанат қақ.

Жайдары жарық аспаным,

Жамылдың бұлт, түнердің.

Жасыдым, жаман сөгілдім,

Жабырқап жылап жібердім.

Жанымның жақын жұлдызын,

Сөндірген соң күйзелдім.

Жалғанда жалғыз, тірегім,

Енді кімге сүйендім?

Бұл халіме себепші,

Болған құрғыр мынау хат.

Сүйгеннен не күйгеннен,

Болғансиды бауыр жат.

Соққы көріп өмірден,

Жасыды ма біржола?

Достан безіп, көңілден,

Қажыды ма улана?

Әлде қажып солған соң,

Айныды ма, азды ма?

Әлде көп дос болған соң,

Осы ақылын жазды ма?

Әлде көңілін еңсеріп,

Жүрек ісін жықты ма?

Сол себепті белсеніп,

Шын күреске шықты ма?

Әлде мен де кінәлі,

Әлде көптің бірімін.

Біреу емес, екеуісің,

Дегені ме күнімнің.

Қайтсе дағы қараңғы,

Қалды маған бұл жауап.

Ер күресте заманға,

«Аулақ! Аулақ! Қай аулақ?»

Мен әуре едім дос іздеп,

Тауып едім шын сүйіп.

Айтып айтпай не керек,

Тастапсың ғой бір түйіп.

Жүрегімді, сырымды,

Енді айтарға орын жоқ.

Сен біл жалғыз мұнымды,

Қалғанымды сорлы боп.

«Жазба» депсің, жазбайын,

Мүмкін бе еске алмауға?

Айтқаныңмен «қош сәулем»!

Кеттім міне – майданға.

Деп жазылды соңғы хат,

Дертін айтты ол шындап.

Жабырқап жүрек жылады,

Қандай қиын сол бір шақ.

Жазысқан хаттар тоқтады,

Тоқтады, бірақ та жоқтады.

Бір-бірін іздеп қу жүрек,

Кеудеде тыным таппады.

Оларды басқа арнаға,

Өмірдің бұрды соқпағы.

Әсіресе Бәтішке,

Қатты тиді тоқпағы.

Біләл кетті келмеске,

Қайта айналып көрмеске.

Қайраттанды Фатима,

Құр бекерге өлмеске.

Жаралы жүрек солыңқы,

Жабыққан көңіл жабыңқы.

Кеудесі толған у мен шер,

Ұнжырғасы салыңқы.

Кетіліп жүзі майырылған,

Қанаты сынып қайырылған.

Сыңар аққу секілді,

Сыңарынан айырылған.

Мұның кімде обалы?

Неге болды жазалы?

Бұдан шығар жол қайсы?

Бар ма табар амалы?

Жүректі емдеп жазуға,

Сыпырып дертін алуға.

Қайраттанды, бекінді,

Қанатын қайта қағуға.

Қарсы шықты қасқайып,

Қарсы келген дауылға.

Езілмеді еңкейіп,

Жотасын тосты ауырға.

Қиналды, көп қысылды,

Бәрін білді, түсінді.

Жабықса да жасымай,

Көңілдің құсын ұшырды.

Осындай күннің бірінде,

Іс істеді тұшымды.

Өзін сүйген ақынға,

Жүрегін ашып ұсынды.

Ақын өскен, гүлдеген,

Жапырақ жайған, бүрлеген.

Қазақтың сөз өрнегін,

Кестелеп ойып түрлеген.

Сол Фатима еді ғой,

«Майданға барып, кір» деген,

Сол майданның жемісі,

Тазарды көңіл кірлеген.

«Даланы» жазды бір кезек,

Далада дүбір гулеген.

Тарих деген шал болып,

Айтты еліне жырменен.

Бармағанда әріге,

Одан жақын беріге.

Матайдан шыққан Молықбай,

Тартқан күйді «Бозінген».

Толқынып елі қалушы ед,

Ағызып жасты көзінен.

Оны да тықты көріне.

Одан бұрын, бұрында,

Хан Кененің құзырында.

Ақ Орданың ішінде,

Қарашаштың қолында.

Қолды болған Сарыүйсін,

«Бостандық бер» деп басыма,

«Азат» деген күй тартып,

Қайтқан еді еліне.

Одан бері, беріде,

Жолықты Ақан серіге.

Ел зорайтып айтатын,

Қоскөлдегі періге.

Бай-байлатып зар қосты,

Мерт болған Құлагеріне.

Осыны жазған Ілияс,

Жоқ болды отыз сегізде.

Атты соққан айбалта,

Оқ боп тиді өзіңе.

Тағы Бәтіш мерт болды,

Іші толған дерт болды.

Жадырап еді қабағы,

Жаны күйді өрт болды.

Күйсін, жансын, өртенсін,

Өзегі талсын дерттенсін.

«М» — дан көрген зорлығы,

«С» — дан көрген қорлығы.

Естен кетпес кек болды.

Ендігі мақсат бір-ақ жол,

Сол ойына сеп болды.

Асылдан туған асылды,

Амалдап қалу серт болды.

Сол үшін не көрмеді?

Бәрін көрді өлмеді.

Көрдей үйге кіргізіп,

Сұраққа алды, тергеді.

Оған жауап бермеді,

Жер аударды жеңбеді.

Оған әлі келмеді,

Қарсы жүзіп ағынға,

Құлашты алға сермеді.

Өршелене өрледі,

Әйтеуір бой бермеді.

Соның бәрі бала үшін,

Бала үшін не көрмеді?

Құшағында бес бала,

Ілияс Жансүгіров, Фатима Ғабитова балаларымен

 

Бесеуі де жас бала.

Ең үлкені – Жәнібек,

Он бестегі боз бала.

Азат – биыл сегізде,

Біләлдан қалған қос бала.

Үміт – бесте, Ілфа – үште,

Болаты бар алты айлық.

Ілиястан үш бала.

 

Мұрат әлі тумаған,

Туар мезгіл болмаған.

Кейін келді өмірге,

Әкесі – Мұхтар ұлы адам.

Қожа қызы Бәтима,

Одан туған Саят бар.

Отызыншы жылында,

Ілиястың үлкені,

Көзі тірі бүгінде.

Осыларды қорғалап,

Көзден жасы сорғалап.

Қандай қорлық көрмеді,

Мойымады сонда да.

Тіктеп бойын ұстады,

Иілмеді, сынбады.

Жағынбады ешкімге,

Бола алмады қол бала.

Өз тірлігі өзінде,

Ол да медеу көңілге.

Мынау қиын өмірде,

Балаларын оқытты,

Адам қылды барлығын,

Тұрды берік сөзінде.

Балалары балапан,

Өзі торғай шырлаған.

Ел басына күн туып,

Болған кезде шырғалаң.

Қанатымен су тасып,

Тұмсығымен жем тасып,

Мен не болсам болайын,

Аман қалсын осылар,

Деп соларды қорғаған.

Қорғай жүріп сорлаған,

Сорласа да солмаған.

Қандай ауыр болса да,

Қайысып белі сынбаған.

Жоғы болса тұрмаған,

Іздеген, тапқан, тыңбаған.

Өмірдің жолы бұралаң,

Бұралаң жолда қыңбаған.

Осындай ұлы ананың,

Сөзін талай тындағам.

Тыңдай жүріп мен оны,

Осылай деп жырлағам.

Жырға қосқан мен балаң,

Не дейді енді ел оған?

Сол еліме тапсырдым,

Оқы, тексер, бер бағаң.