«Ілияс Жансүгіровке-125». (24)

Осы тараудың бүгінгі парағында беріліп отырылған жазбалар

  1. Жемісбек Толымбековтың бұрындары жарияланбаған  «Өмір сәті» деген деректі-хикаяты (повесть). Онда Ілияс ақынның, Мұхтар Әуезовтың және Молықбай күйшінің Ақсу жерінің Амантекше жайлауында кездесулері әңгіме етіледі;

 2. І. Жансүгіровтың туған жері — Алматы облысы Ақсу ауданы басшылығының  ақынның 125 жылдық мерейтойын өткізуге байланысты дайындық іс-шараларының нақтыланған жоспары.

Танысыңыздар!

 

«Өмір сәті»

 Деректі-хикаят (повесть).

Жемісбек Толымбеков

 

 Шуылдаған дабырмен жұрт оянып, далаға шықты. Әйел дауысы. Мекіренеді.  Атып келе жатқан таң. Шығып келе жатқан күнмен апыр да топыр. Қорыққан да қуанған да бірдей. Иә, сәт! Бергейсің! Берді ғой тілекті! Ұл екен! Уа, шіркін! Берсүгірдің үміті жарқ етті. Жеттік-ау, бұл күнге!  Іңгәлаған нәресте дауысы көкке бұлқынды. Көпшілік ақ үйге жөңкілді. Таңмен дүбір басталды.

 Түн бойы Шұраттан жол тартқан Молықбай, шаршағанына мыңқ етпей, желмая түйесін Жаңалықтағы Берсүгір ауылына таң ата жетіп шөгерді. Құрдасы Жансүгір Молықбайды құшақтап, үш қайыра төс қағыстыра сәлемдесті. Құнтақталып, ақ дәкіге оралған зер қоржындағы қобыз екеуіне қошамет қыла үйге кіргізді.

 - Таң шапағымен жүрген қай баласың, қарағым? – деп Берсүгір мейманнан жылы жүзбен сұрады.

 - Сақай, Жетібай Байсақтың ұлы Молықбаймын, Берсүгір аға! – деп Молықбай екі қолын төсіне қусыра, босағадан ұзамай сәлем берді.

 - Тоқта, әкең Байсақ Арғындағы Қылышты бақсыдан аян алып, дәупірім қобызшы болды. Нағашың Қаракерей Қосымбай киелі еді, – деді Берсүгір дауысы жаңғырықтанып.

 - Солай деседі, аға! Жоңғарлармен жекпе-жек ұрыста үш мәрте майданға қатарынан шығып, жеңіске жетіп, Абылай ханнан бата алған Ер Тоқпанбеттің ұрпағымын! – деді жадырай, көңілі масаттана Молықбай.

— Ым-м, енді түсіндім. Өнер түнеп, өлең қонып аттанған Сақай түлегі. Қазаққа Жоңғармен соғыста батырлығымен танылып, исі Кенже еліне есімі ұранға айналған Ер Тоқпанбет ұрпағымын де! Әкең Байсақтың көзі, кіші әкелерің Малсақ пен Жансақтың сөзі, қобызшымын де! Қорқыттың күйлерін, Асанқайғының ел қамқорлығын ұлықтап, аспандағы аққуды, жердегі аңды үш ішекті домбыра мен қобыз үнімен ұштастырып, керек десең сирек әндерді иініне келтіріп, қобызға сарын әуезін қосатын, елі Бөрте, Ақсу, Қапал, Сарқанның мырзасы атанған Бисекенің: «Молықбайдың қобызының сарынына тоймадым! Шіркін-ай, көз жұмарымда, сол сарынды тындап өлсем, арманым болмас еді? Аңсағаны, арманы сол жігіт — сен екенсің ғой! "– деп Берсүгір ақтарыла сөйледі.

 - Аға, жол соғып тастады. Елден кеше кешкісін шығып едім, — деп күбіжіктеді Молықбай.

 - Неге сонша үстірт? — деп Берсүгір дауысын нығырлады.

 - Торыбай арқылы Жансүгір нәрестелі болады деген жақсылық хабар алдым. Содан тағат таппадым!

 - Төрлет! – деп Берсүгір жас балаша құрақ ұшты.

 - Рахмет, аға! – деп Молықбай риясына көнді.

 - Әкең Байсақ ботасы өлген нардың желінінен аққан сүтті қобыз сарынымен тоқтатқан десетін ел. Шұраттан шықсаң, жерің шалғай әмбе құмдауыт. Оның үстіне мына нөсер... де...бір жағынан..., — деп Берсүгір бет жүзіне сәл мұң ала күмілжіді.

— Ел-жұртым аман. Сіздерге сәлем жолдады! – деп Молықбайдың дауысы жарқын шықты. — Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн! Келінім тұңғышына босанып, ұл туды. Немерелі болдым! Інім Жансүгір отыз жеті мүшел жасында мені қуанышқа кеңелтті. Дастарханнан дәм алып, өзіңе-өзің келген соң, келін қолының тамырын ұстап, денсаулығын қарап бер? Толғағы ащылау болды, — деп Берсүгір тілегін жасырмады.

 - Жарайды, аға! Тәңір ризық қылсын! Меймаңаңыз тасысын! «Тұлпар тұяғымен текті» дегендей, немереңіз өзіңізге ұқсап бақсын! – деп Молықбай ізгі ақ тілегін білдірді.

 - Құрдасыңның қуанышына ортақтасып, жата жастанып, тойласып кет! – деп Берсүгір өтінішін бүкпеді.

— Аға, мерейіңіз артсын! Айтқаныңызға мақұл! – деп Молықбай дәмнен кейін Берсүгірдің босанған келінін қарап, біраз тынығуға бет алды.

 

Қобызшы Молықбай (1857—1930 ж.ж.)

 

*       *       *

Балаға ат қояр рәсім. Екі келіншек шағын бесікке бөленген жас нәрестені көтеріп, Молықбайдың алдына әкеліп қойып, бесік жырын:

 

   - Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек,

   Боларсың, бөпем, қол көмек.

   Әлпештеген ата-анаң,

   Бола қалсаң ер демек.

   Жылама, ұйықта, таң атсын,

   Түнде оянба, түн түнек.

          Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек,

          Бөгелмей білім біл, бөбек.

          Білмесең білім бекерсің,

          Бет алдыңа кетерсің.

          Елге есті ер керек,

          Ер жет, есей ертерек.

   Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек,

   Бөріден бөстек ки, бөбек.

  Ерінбей еңбек ететін,

  Еліңе бол елгезек.

  Елге сыйлы ағаңыз,

  Атыңды қойсың, ал кезек, — деп айтты.

 

 - Баланың есімін қойыңыз? – деді екі келіншектің жасы үлкенірегі.

— Аға, мен мұндайды бұрын жасамаған едім. Азан шақырып, нәрестеге ат қойған емеспін, — деді Молықбай жасқаншақтана Берсүгірге қарап.

 - Әкем, қымсын ба! Қазақтың салты ғой. Тәңір оңдап, Қызыр баба қолдап, өзіңді осы үйге қуаныш үстіне келтірді. Ырымсыз Қазақ емеспіз. Құрдасыңның баласының есімін өзін қоясың! Бір жағы Жансүгірге жасың тең, замандасысың! Екіншіден — аталарың текті Ер Тоқпанбет! Жол да, ыңғайы да, бәр жағынан сенікі! — деп тұжырды сөзін Берсүгір.

— Құп, құп, бәрекелде! — деген жан-жақтан қошамет дауыстар қаулады.

— Нәресте, сәби емес пе! Қомсын ба? – деді Берсүгір Молықбайға қарап.

Молықбай бесіктің жанына қос тізерлеп жүгініп отыра қалды. Көзі күлім қақты. Саусағының ұшымен еппен бесіктің жабуын ашты. Бөбек маужырап ұйықтап жатты.

 - Ал, балақай, көзіңді аш, жатырқама? Мен, Шұраттан келген Молықбай қобызшымын. Тағдыр айдап, сен дүниеге келгенде, шаңырағыңа қонақ болып келдім. Атаң ұйғарды! Көп қоштады! Мен тілекті қабыл орындаушы ғанамын, – деп нәрестеге қарап күлімдеді.

 - Ниетің ізгі, қабыл, орындалсын! – деп еді Берсүгір, көпшілік те Берсүгірдің ниетін қоштады.

 - Алдың ашық, даладай кең, таудай биік болсын! Лұқпан хакімдей білімді бол! Аяз бидей әділ бол! Қабанбайдай батыр бол! Абайдай ақын бол! Қызыр-Ілияс пір қолдасын! Сенің есімің Қызыр-Ілияс! – деп бесіктегі нәрестенің құлағына үш рет дауыстап Молықбай айқайлады.

— Есімі Ілияс болды! — деп отырғандар сыртағылардан сүйінші сұрасты. Қуаныш кернеген Берсүгір:

      «Сен туғанда қуанды кәрі-жасым,

      Шықты өрендей өзімнің ықыласым.

      Ай ма, жұлдыз ба екен, әлде күн бе?

      Мұз қабақ, жота мұрын Ілиясым!» — деп ақ ниетімен жиналған қауымға қарап:

— Ал, тойды бастауға рұқсат! – деп інісі Жансүгірге ишарат берді. Ел қобыз тартылсын деген тілек білдірді. Молықбай қобызбен Қорқыттың күйі «Желмаяны», «Қорамжанның күйін», «Қазанды» орындады. Берсүгір ұсынған домбырамен Кетбұқаның күйі «Ақсақ құланды», Тәттімбеттің «Сылқылдағын» нақышына келтіре тартты. Молықбайдың тартқан қобыз күй сарыны мен «Дақ салма» ойындарына қаныққан ел көңілді тойлап тарқасты.

 

«Қалқаман – Мамыр» кітабындағы «Қызырілияс» есімі.

 

 Кішкентай Ілияс

 

*       *       *

Амантекше жайлауы. Көк шалғында Молықбай ақ дәкінің үстіне құмалақты «бісмілда» деп, шашып тастап ашты. Шықылықтаған торғай дауыстары естіледі.

 

             «Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

             Ашамын құмалақты нықтап-нықтап.

             Қаусаған кәріліктен тамыр ұстап,

             Беремін үшкіріп те, шын ұшықтап», — деп Молықбай «су-ф-ф-а» деп алып, жан-жағына алма-кезек қарап қойып, екі көзін тарс жұма, ойға шомып:

 – Қайран, өмір-ай! Кәрілік деген осы-ау? Шамам жетер құмалақ ашу мен тамыр ұстауым ғана қалды! – деп «уһ» деп ақырын ғана күрсінді. Көзін жұмып, түсін томсартып, ойға шомып отырғанында, ауыл жігіті келіп:

 - Ата, құмалағың не дейді? – деп сұрады. Дереу серпіліп, шашып ашқан құмалағына қарай салып, Молықбай:

 - Е, балам, ойға шомып, аңғармай қалыппын! Қаладан келеді! Сағынып келеді! Арнайы келеді! Жаным-ау, ол, ол ...япырай... шынымен... Ілияс! Ілиясым! Мін атқа, шап, шық алдынан! Ауыл жігіті сасқалақтап, әбігерге түсіп, қуана алақайлап жүгіре атыңа мініп, қара жолға түсіп шаба жөнелді. Даладан айқалаған баланың қатты, куанышты дауысы жаңғырығып естіледі.

 - Сүйінші! Жансүгірдің ақын баласы Ілияс аға келе жатыр! Қасында Омарханның ұлы Мұхтар аға бар! Ата, Сізге сәлем беруге келе жатыр! Үлкен қаладан келеді! – деп ауылдың бір жас баласы жүгіріп келіп, ентігін басты.

 - Құмалағым алдамады. Әкесіңе бармай, маған бұрын келді. Ә, бәсе, өз кіндік ұлым, атың қойған Қызыр Ілиясым ғой, айналдым! – деп Молықбай ризалықпен еміренді күйге түсті.

Төңірек түгел шуылдап, жұрт қаулап, балалар «Ілияс аға келді» деп алақайлауда.

 - Үлкен жігіт, азамат болыпты! — деп білетіндер төбелері көкке жеткендей.

 - Армысың, ата! Өзіңді сонау Мәскеуден сағынып, құштарым ауып, армандап келдім, ата! – деп Ілияс Молықбайдың құшағына енді.

Маңдайынан сүйген Молықбай:

 - Соқталдай, көшелі екенсің-ау! Елді сағындың ба? Оқып болдың ба? Өзі тіпті үлкен азамат болыпсың-ау! – деп таңырқана қуанып, зере сала, бастан аяқ Ілиясты көзімен қарап шықты.

 - Шүкірлік, ата. Атамекен орны бөлек екен. Сізді, елді сағынып келдім. Уақытым бар, осында боламын, ата! Қасымдағы Омарханның ұлы Мұхтар деген балаңыз! — деп Ілияс  шаттана досын таныс қылды.

 - Құдай-ау! Бұл әлгі мен Абайға сәлем бере барғанымда Құнанбай ауылын оқып, жетілдірген қожалар бар еді. Солардың ұлар асыл тұяғы болды ғой. Кел балам, ыстық ықлас, сәлем берген ізетіңе болайын. Ұялма, қысылма. Бәсе... болымыңа болайын!                                            

 

  «Өзге егіз болғанда, Құдай жеке,

 Алдыңа ата-анаң — ол бір Мекке» — демекші, ата-аналарыңа бет бұрмай, мұнда келгендерің бекерден болмас? – деп Молықбай тікесінен кетті.

 - Ата, біз Ілияс екеуміз сізге арнайы ат басын артық. Рас, айтасыз! Баянсыз дүниеге алданбай, өнеге теруге келдік! Бізді іңкәр қылған қара қобыз! Күйдің құдыреті! Дәріпті өнеге тұтарлық әңгімелеріңіз, – деп Мұхтар да ағынан жарылды.

Қымызбен сусындап, ет пісіп, асқа отырды. Ас мәз-мейрам қауқылдасып, көңілді ішілді.

*       *       *

 - Туған елге оралғандарың дұрыс-ау. Ақын да керек, жазушы да қажет. Ілияс, әкем, сені ақын болды деп жүр! Толғанбай мен Тайкөт, Арсалаң мен Бекетбайдың орнын жоғалтпа! Мұқтар, әкем, қазақ сөзге, әңгімеге – шебер, жүйрік халық, ал жазуға келгенде шорқақтау. Еңбек-жемісің көгенді, күземді, толағай жазушы бол! – деп Молықбай батагөй тілегін білдіре отырды.

— Әділ айттыңыз ата! Біз сізді қолқалауға келдік! – деп Ілияс та шындыққа көшті.

 - Сонда, қаужалған, қаусаған жетпіс жастағы арсақай атаңа не салмақ салмақсыңдар? – деп Молықбай тебірене қозғалып қойды.

 - Ата, тілек көп! Үстемесі күй құдыреті! Қазақ қызыл тілге дес бермегенімен, қобызға, қобыз күйіне бас иген! Сізге, сіздегі қасиетке бас иіп, илана келдік, – деп Мұхтар да жасқанбай, ойындағысын айтып салды.

 - Ақын айтса ашып айтады. Жазушы айтса ашық айтады. Тындаушы құлақ сабырлы келеді. Бұл екі тіленші — ел ақтаушының сөзі емес. Сен екеуің ел көргенді бірге көріп, ел айтқанды бұрын айтатын сыншы да боларсыңдар? – деп Молықбай екеуіне бадырая қарады.

— Ата, қотыр атша сүйкенгенді жек көреміз! Біз сыншы болғанда, дәріптер сыншымыз! – деп Ілияс Молықбайды сабаға түсірді.

 - Тура айтқан сөз, тура қабыл алына ма, тегі? Тулап кетеміз! Сынды көтеруде «тамағын жеп, табағын теп» дегенге саямыз. Біреу іліп, біреу күлсе, табынбаймын! Жағынбаймын! Міне, білгір болсаң? Сендердей, неңе ділгір екендерін, аңғарса ғой? Шіркін! Сонымен, не қолқа? – деп Молықбай екеуіне аңтарыла сауалдады.

Ілияс пен Мұхтардың қастарында папка, ақ қағаз, колдарына ұстағаны карандаш.

 - Ата, бәрін ретті бастаңыз? Қолыңыздағы қара қобыз кімнен сізге мұра қалды? Қалай жасалды? Бала кезімде еміс естігенімді ойға түйіп, есте қалдыра алмаппын, — деп Ілияс нақты іске бет алды.

 - «Ерекше қып жаратқан жаратушы» демекші, бәрі бір жаратушының қолында ғой. Әкем – Байсақ, оның әкесі Бұғыбай. Әкемнің нағашылары Арғындағы Қылышты деген бақсы. Әкем он үш жасқа қараған мүшелінде бір күні түс көріпті, — деп бастады әңгімесін Молықбай шал.

 

Ілияс мұражайындағы Молықбай қобызы

 

*       *       *

Түсінен шошып оянған Байсақ қан-қан аяғын өкшесін ұстап, жылап безектейді. Қасына әкесі Бұғыбай келіп, баласының қан-қан аяғының өкшесін көріп, денесі қалтырап, не істерін білмей бәйекке түсіп, мән-жайды сұрайды.

 - Балам, неге ұрындың? Не болды? Төсегіңде ұйықтамай, түнде тұрып, бір жерге барып па едің? Жоқ әлде ұйқысырап...өзіңе...бірдене... қылмақ...жо...жоқ...

Қалшылдап, көз жасымен беті боялған Байсақ: — Әке! – деп, әкесінің құшағына енеді.

 - Балам, қорықпай айт? Әкем, көкем! – деп Бұғыбай жалынып өтінеді.

 - Жаман түс көрдім, — дейді Байсақ

 - Шошыма, балам. Қандай? Балам, айта ғой? Айтсаң қорыққаның басылады! «Түс түлкінің боғы» деген қорықпа, айт, шешіледі, — деп Бұғыбайдың бегбірі қашады.

Байсақ көрген түсін баян қылады. Түсіме аппақ киім киген, қолына қылышын ұстаған нағашы атам Қылышты бақсы кірді.

 - Балам, маған құдырет Ақжігіт басқарған алпыс атты, Бозжігіт басқарған қырық жаяу адамды, бір қаршыға құс билеген кие берген еді. Сол қасиет-киелеріме ие бол, – деді.

 - Жоқ, ата! – деп безек қағып келіспедім.

— Өзің біл, балам! Бірақ...қасиет-киелерім соқса, кембағал немесе кемтар боласын! – деп қолындағы қылышымен көрпеден ашық қалған аяғымның өкшесін тіліп өтті.

 - Балам, ол нағашың киелі, қасиетті еді. Рухы кірген екен ғой. Киесі мықты. Келесіде тағы түсіңе кірсе, айтқанына келіс! Әйтпесе, кесапат қылады. Өміріңді алады. Не өзі түсіңде айтқанындай кем қылады. Рухы мықты!..деп Бұғыбай күбірлеп, сыртқа беттеп шығып, дәретін алып келіп, әруақтарға құранын оқып бағыштады. Келер түні Байсақтың түсіне Қылышты бақсы тағы кіреді.

 - Балам, қалай? Айтқаныма сендің бе? – дейді Қылышты бақсы.

 - Құлдық, ата, құлдық! — дегенінде, Қылышты бақсы Байсақтың тілінген өкшесін қолындағы қылышымен сипай жанап өтеді.

 Ертеңгісін Байсақ булығып, төсегінде ұйқысынан ояна алмай жатқанында, әкесі Бұғыбай келіп, еппен «бісмілдасын» айтып жүріп, оятып алады. Баласы булығып, тілі күрмеліп, сөйлеуге келмей, әупіріммен әрең дегенде үні шығады. Бұғыбай «қап, әттең... қап, әттеген...» деп қорқып тұрады. Тілі күрмеле, жарықшақ шыққан Байсақ:

 - Әке! Өкшемді жазды! Айтқаныңызға құлдық дедім! — дейді.

Бұғыбай баласының басынан сипап аймалап, тәңірге сыйынып, құран дұғасын бағыштап оқиды. Жұртты шақырып ақсарбас атап, құдайлық береді. Байсақтың әкесі Бұғыбайдың түсіне Қылышты бақсы кіреді.

 - Амантекше жайлауының «Желді қарағай» асуының биігінде екі қарағай өсіп тұр. Соның бірі жел соққанда дыбыс береді. Соны кесіп ал да, еліңдегі хас шебер Бектөлеге қобыз шаптырт! Естібай зергерге күміспен күптетіп, алтынмен аптат! Шанағы – тобылғыдан! Ішегі — жүйрік аттың қылы болсын! – деп Қылышты бақсы түсінен ғайып болады. «Түс түлкінің боғы» демекші, Бұғыбай көрген түсіне сенер сенбесін білмей, көп ойға тұнып, ақыры сенеді. Бұғыбай:

— Япырай, ә! Таба алсам игі еді, – деп жүріп, түсінде көріп, айтылғанның бәрі рас болып шығып, оны орындайды.

 

*       *       *

 

 - Міне, бұл қобыздың өмірге келуі осылай! Хикаятқа толы!  Сен, сенбе өздерің біл! Қылышты атаның зираты Ұлытау – Арқада! – деп, Молықбай қөңілі толқи, көкжиекке көзін салды.

Ілияс пен Мұхтар аң-таң болып, қобызға аңтарыла қарап, біраз үнсіз отырды.

 - Ата! Бұл неге «жарық» қобыз деп аталады? – деп Ілияс қобыздың жарығына көз қырын түсірді.

 - Е, ол бір өзі болған шындық. Тыңдаңдар, айтайын! — деп Молықбай қобызға ұмсынып, икемдене түсті.

Әкем Байсақ мықты, дәупірім шипагер болғанымен әйел босандыруға ешқашан, шақырса да, бармайды екен. Өзінің ұстанымы, тәкпірі солай болған. Әкем Байсаққа кешқұрым, апақ-сапақта, бір етене жақын жолдасы кездейсоқ кезігеді. Көрші ауылға, әйелі қиналып босана алмай жатқан бір үйге, әйелін босандыру керек деп айтпай, азғырып алдап әкетеді.

 Молықбай бір тыныстап алып, баяндауын жалғастырды.

Осы мезетте Байсақтың әкесі Бұғыбайдың төрінде ілулі тұрған қара қобыз өздігінен жерге құлап түседі. Қобыздың мойыны опырылып, бір жанындағы үлкен бұтақ жаңқасы орнынан тайып бөлініп, ұшып кетеді. Бұғыбай байбалам салып, безек қағып:

 - Балама кәтер төніп, бірдеңе болды! Ұрынды... Іздеңдер! Табыңдар! – деп балалары Малсақ пен Жансаққа есі шыға бұйырады. Ол екеуі сұрастыра жүріп, Байсақты көрші ауылдан тауып әкеліпті, — деп Молықбай кеседегі қымызды түбіне дейін бірақ қотарды.

 - Қобыздың сынған жерін Байсақ өзі қиюластырып, орнына келтіріп, төрт темір шегемен бекіткен. Ол бекіткені мініки, зерелеп қараған көзге білінеді! Тазалап тұрмаса, жиі тоттанып қалады! – деп Молықбай қобызды қолына алып, шегемен бекіткен мойынын Ілияс пен Мұхтарға көрсетті.

 – Ал, жанындағы түсіп қалған бұтақтың орны мынау! Үлкен тесік болып қалды.

Осы салдардан, дәу қара қобыз елде «жарық қара қобыз» деп аталады, — деді.

Ілияс пен Мұхтар кезектесе: — Пах! Пах! Кеудесі алтын сандық, атам-ай! Бәрін біліп қалған! – деп екі жақтан қошаметтерін төкті кеп.

 - Бәріне қанық болайық. Ақыр айттыңыз. Өзіңізге...өзіңізге қалай қонды, бұл өнер мен киелі қасиет? Әлде, әкеңіз жолын көрсетіп, үйретіп кетті ме? – деп Ілияс Молықбай әңгімесіне ынтығып, қызыға түсті.

 - Ата! Тап құранның сөзіңдей! Айтқаныңыз дәріп! Астарыңа ой жіберген адамға мағынасы терең! Өз аузыңыздан естіп, білгіміз келеді? Айтыңызшы, ата? – деп Мұхтар Ілиясты қостап, өз көкейіндегі сауалды андатты.

 - Нағашым Қосымбай түсіме кірді. Түсті өнімдей қабыл көрдім. Мінеки, осылай өнер қонып, емші мен әнші де болып, серілік өмір жолын да кештім, — деп Молықбай ештенені жасырмады.

 - Әкем, Байсақ қайтыс болған соң, қобыз сегіз жыл төрде ілініп, тұрып қалды. Жасым отызда еді. Садақтыда көпшілік боп жыл сайын егін салып, тары орып, баулайтынбыз. Күз айы. Егін жинау науқаны. Ауыл болып, қолымызға орақ алып, тары орып, дестелеп жатырмыз. Кенет Байсақ әкемнің бір қаршыға бастаған жүз адам кие-пірлері елестен көзіме анық болып көрініп, есімді алып, «ұста, ұстайсың» деп, жүрегім мен денемді қысып, қилы-қилы есіртіп, әбігерге салып, ала құйын жасады. Сөйлеуге, маңайыма айғайлайын десем, тіл жоқ. Дауысым шықпайды. Көзім қарауытып, тарының орнына сол қолымның саусақтарын орақпен сыртынан орып алып, қан аққан күйімде, естен таңып, құлап қалыппын. Қаулаған көпшілік ессіз менің қан-қан қолымды бастарындағы шүперектерімен танып, үйге көтеріп әкеледі. Үйдегілер ақ сарбас атап, қобызды төрден алып, сонымен ұшықтап есімді кіргізеді. Сол түні:  «Әкеңнің қасиет-киесін ұста! Кесапатыңа ұшыра ма!» — деп нағашым Қосымбай түсіме кірді. Түсті өнімдей қабыл көрдім.

 - Мінеки, мынау тыртық сызаттары соның белгісі, – деп Молықбай сол қолының сыртын тарбита Ілияс пен Мұхтарға ұсынды.

 

*       *       *

 

— Е, Ілиясым, қарғам! Ақын Сара әйел азаттығы үшін күрескен Тастемірден шыққан аталас әпкем ғой. Бекетбай екі көзден бес жасынан зағип қалды. Тасқын ақын атанған Толғанбай «күніңді өлеңмен көр» деп аузына түкірсе, оған өлең дарыды. Қолдың қарындай ғана «қара шолақ», қарағаштан жасалған, домбыра ұстады. Шаршамайтын, бір айтқан әуезін еш қайталамайтын, жүйрік ақын болды. Үш күн тоқтаусыз шырқаса дауысы таза күйінде қалатын. Білмейтін сөзі жоқ. Ол кешегі Абылай ханды айтты. Жетісудағы қалмақты Шоңай батырға көшіртіп жырлайтын. Кенесары ханның Жетісуға келіп, Қазақтың Орыс пен Қытайдың қайсысына қарарын білмей, екі жаққа жарылғанын да жыр қылды. Орысқа төре тұқымы сұлтандардың мұрындық болып, елді қаратқанын тап басып айтатын. Бұхар жырауды жырлады. Жасыбай батырды жоқтады. Асанқайғының толғауларынан сөйледі. Мәшһүр Жүсіптің «Хал-ахуал», «Сары-Арқа» кітаптарын жатша білді. Ақан серінің Құлагерді жоқтаған өлеңін өзінің таза дауысымен сыңсытқанда, тыңдаған елді жылататын. Жанақты көрген. Шөже ақынмен шайқасқан. Сыбан елінің он жеті ақынының алдында өлең айтқан. Дәріпті сұңғыла.

*       *       *

 

  - Анамнан ерте айырылған маған, әкем Жансүгір

       «Ілияс айналайын көзім менің,

       Жарылғап диқаншы ел өзің тегің.

       Қобызшы Молықбай кіндік әкең,

       Анадан ерте айырылған қозым менің», — деп өлеңдетуші еді.

Сонда есіме анам мен сізді түсіруші едім. Тәңірдей сізге сенген едім. Одан сіз үйге келгеніңізде «Молықбай ата!» деп сізді құшақтап, өксігімді баса алмай жыладым ғой, — деп Ілияс Молықбайдың құшағына ұмтылды.

— Иә, анаң сені «Тойлам» деп өбектеп, бізге аманат қып, тастап кетті ғой. Қайран өмір-ай ... десеңші? – деп Молықбай Ілиястің маңдайынан үш иіскеді.

 

*       *       *

 - Ата, сізді елде шипагер емші! Жазбайтын емі жоқ! Ал, хал үстінде, кетеуі кеткен ауыру адамға бармай-ақ біледі, — дегенді естідік. Сіз жіңішке (қылтамақ) ауруды емдеді дейді.

Сол рас па? – деп Ілияс не дер екен деген пұшайман оймен Молықбайға бажырая қарады.

 - Есіл қазақ тілі-ай...? Айтпайтындары жоқ! Келекеге ұшыратпаса болғаны? – деп Молықбай бір тебіреніп алып:

 - Күдер үзген сырқатқа тірі қалғың келсе? Мен әзірлеген дәріні ішесің деп шарт қойдым.

 Тауықтың қиын дұғалап, суға езіп едім, запыран түсті болды. Шаштары тік тұрған туыстары:

— Мынау «у» ғой! — дегеніне қарамастан, сырқатқа ұсындым.

— Бәрібір! Қайда барсам да Қорқыттың көрі ғой? Тәуекел! – деп бір кесе сары-жасыл сұйықты сырқат адам ішіп алды. Адам қу жаны үшін не істемейді? Үстін жылы жауып жатқызып қойдым. Қызмет жасап жүргендер, сырқаттан аққан терден, дәміл-дәміл төсек, төсенішін ауыстарып үлгермеді. Бір күннен соң сырқат басын көтеріп, тамаққа қарай бастады. Бір айдан кейін құлантаза айығып кетті, — деп Молықбай жанындағы жастыққа қисая кетті.

 -Ата, сырқатқа бергеніңіз шынымен тауықтың қиы ма? – деп Мұхтар аң-таң болды.

Молықбай:

 - Жоқ-а! Тауықтың қиы «у» емес пе? Оны ішкен адам табан астыңда тіл тартпай кетеді. Соған түрі де, дәмі де ұқсас сұйық әзірлеп, сырқатты шошытып, сендіру арқылы емдедім емес пе, – деп Молықбай шындығын ақтарды.

 - Көптің ауыздан-ауызға жыр ғып айтқандары, шындық екен ғой, – деп Ілияс мәз болды.

 - Таңғажайып, ата! Ғаламат! Тағы қандай сырқатқа шипа бердіңіз? – деп Мұхтар Молықбайға жақындай берді.

 - Ілиястың шыққан тегі Қайнар еліңде Қанипан деген әйел мен баласы Шәкербай екеуі «құлғана мерез» деген жебір қотыр дертіне шалдықты. Емдеуге мені алдыртты. Қотыр Қанипанның бір емшегін түгел жеп, енді денесін меңдеп кеулеген екен. Ал, Шәкербайдың қабырға тұсын жеген құрттан өкпесі көрінуге шамалы қалған. Мен оларды қобыз тартып ұйытып, кішкене әл жинауға дуа қылдым. Қазақ үйдің киізін алдыртып тастап, ортасына қидан от жақтыртып, жұрт жиналған соң, «Дақ салма» ойындарының бір түрі «Қазан толма» мен «Күш сынасуды» көрсеттім.

 

*       *       *

— Ата-ау, «құлғана мерезді» қалай жаздыңыз? Соны..., – деді Мұхтар тағат таппай, ынтыға.

 - Қазақ үйдің сүйегіне қонған шыбындарды жинатып, қап бетіне кептіріп, одан уалап, соны жебір қотыр «құлғана мерезге» он күн сеуіп-жағып емдедім. Екеуі де құлан таза айықты. Анасы бір емшексіз қалып, сиырын сауды. Баласы бір айдан соң атқа шапты, – деп Молықбай үнсіз қалды.

 - Иә, Мұсаның ұлы Шәкербайды білемін. Тау Қайнарына жатады. Аузынан әмісе тастамай: — Қасиетінен айналдым! – деп, сізді қастерлеп жүреді. Енді түсіндім оның ишарат ақ пейілін.

 - Ата, тағы...тағы қандай емге шипа қылдыңыз? Аңсарым ауып барады. Біліп қалайын, — деп Мұхтар бәр пейілімен қызыға түсті.   

— Ата, байдың қызы, Терібайұлы Қуат ақынның қосыла алмай ынтық зары, махаббаты болған, Күнсағиланы емдегеніңізді айтыңызшы? – деп Ілияс анық біліп алғысы келді.

Тайкөт ақын кедей болғанымен өлеңге бай.

— Саған берер қырық серкешім жоқ! – деп Қуаттың аузына үш түкіреді. Содан Қуатқа Құдайдың қасиетімен өлең дарып, ақын болды ғой. Қуат байдың қызы Күнсағилаға ғашық болады. Күнсағила да Қуатты қатты ұнатады. Күнсағиланың әкесі қызын бесікте өзімен теңдес байдың баласымен атастырып қойған екен. Батасын бұзғысы келмейді. Қыздың бай әкесі Қуат ақынды менсінбей, кедейсініп, неше түрлі әуреге салып қуғындайды. Күнсағила махаббат құсасынан талма ауыруына шалдығады. Атастырған күйеу жігіт «қыздың талмасын жазсын» деп, айттырып алуға құштары болмайды. Сүйгеніне жаны ашыған Қуат ақын маған келді. Күнсағиланы емдеп беруін жиендікпен өтінді. Әмбе, бағы ашылмаған жас қызға жаным ашып, бүйрегім де бұрды. Жайлауда Күнсағиланы талмасынан емдедім, — деп Молықбай кеседегі қымызға қолын созды.

 - Ата-ау, ынтықтырып, зарықтырмай, емдеуіңіздің шипасын айтсаңызшы? – деп Мұхтар өтіне қаламын оңдады.

 - Қазақ үйдің киізін алдырттып тастап, ортасына тезекті үйдіртіп, от жақтырттым. Оттың оң жағына төсек салдыртып, Күнсағиланы арқасынан қамшымен үш рет ұшықтап, төсекке көрпесін жауып, тұмшалап жатқызып қойдым. От қызуы және тұмшалаған көрпенің жабығымен ол терлеп, үсті-басы малмаңдай су болды. От өшкен соң, ортада қызуы үлкен күл шоғы орнады. Қобыз ойнап, күл шоғының қызуы басылды-ау деген тұста, Күнсағиланы төсегінен жұлып алып, «ауырғаныңды қашан қоясың? – деп зор дауысыммен зекіп қорқыта, күлдің шоғына күмп еткізіп тастай салдым. Талмаураған Күнсағила:

— Құлдық! Көндім! Ауырғанымды қоямын! – деп күл шоғынан, еш жері күймей, аман шықты. Бір айдан соң Күнсағила құса талмасынан ныспы айықты, — деп Молықбай Мұхтардың ынтығын басты.

 

Похожее изображение

 

*       *       *

 - Бала кезімде екі көзімді шарт жұмып, тәтті қиялға шомып, шіркін бозінгеннің ботасын ұстап алсамшы? – деп армандайтын едім. «Бозінген» күйін тартыңызшы, ата? – деп Ілияс қиыла қалды.

 - Мақұл! – деп Молықбай «Бозінген» күйін әңгімелей, қобызбен бастап кетті. Отырғандар ұйып тыңдады.

 - Неткен өнер! «Аққу», «Жарбол», «Құдыреттің құсы» күйлерін орындаңызшы, ата? — деп Мұхтар елден естігенін паш етті.

— Немене, өнеріме күмәндарың туды ма? – деп әуезге берілген Молықбай, «Бозінген» күйінен кейін, бірінен соң бірін, сұраған күйлерді әңгімелеп отыра орындады.

 - Ата, мен «Жарбол» күйінің мазмұнын жазып үлгермедім. Қайталаңызшы?

 - Естідің ғой, Оны қайталап не қыласың? – деп Молықбай түсін суытты.

 - Ата, Ілияс ақын. Ол өлеңмен жазады. Мен жазушымын. Сіздің күйлердің мазмұнында очерктер жазбақпын! – деп Мұхтар өз ойын жеткізді.

 - Әп, бәрекелде! Көп жаса! Қарық қылдың ғой, қарақтарым! Оқып, пысық болыпсыңдар!  

                       

  Үй баласы ма деп едім,

  Ел баласы екенсің.

  Ақ маңдайлы арысым!

  Талабың алдан өтелсін.

  Халқынның таңы бол!

  Маңдайдағы бағы бол, шырағым! – деп Мұхтарға ризалық пейілмен Молықбай тілегін білдірді.

 

*       *       *

  - Ата, бір тылсым сұрақ. Көңіліңізге қаяу түсірерлік болса, жауап бермей-ақ қойсаңыз болады. Өкімет «дін – апиын» деп, тоқтау салды. Оны білесіз. Өзіңіз бұрындар Біләл ағаның әкесі «Сүлей қажынікі» деп, құран аяттарына өлең шығарып, қобыз сарынына салып айтушы едіңіз. Кеңес өкіметі келген соң доғардыңыз ба? Жоқ әлде... — деп Ілияс Молықбайдың бет-жүзіне тесіле көз салды.

 - Е, бұл өкіметің келмей тұрып, ел тәрбие-тәлім мұсылмандыққа бет бұрғаны рас. Үш Матайдан Маманның ұлы Тұрысбек ең алғашқы Меккеге қажылыққа барды. Оқу-ағарту милләт жолымен медреселер ашуға мол қаржы бергені үшін, ол ақ патшадан алтын медаль ленталы алды. Үлгілі, жақсы жолға ел көп жұмылды.

— Ол жолдан, мен қалам ба? «Қасаң дау емі – шариғат, оған ешкім таласпас», — деп балаларды көп оқытқан Сүлей қажыдан ақыл ала кірістім. Кеңес өкіметі орнады. Ондайға ол қарсы тұрды. Мешіт пен медреселерді құртты. Қоймағанда қайтейін. Бас біреу, заманың озбыр болса, — деп Молықбай тұнжыра қалды.

 - Ата, ең болмаса, шет жағасын көрсетіп, сол құран аяттарынан алынған, ең болмаса, бір өлеңді орындаңызшы? – деп Мұхтар тебірене тілек білдірді.

 - Пай, пай! Шыққан ататегің қожа ғой! Негізге тартпай болмайды деген рас екен-ау? «Қалмайды қай бір қашан таласымыз, болады қожа біздің нағашымыз» демекші, жалпы төрт Төлегетай ұрпағына қожа нағашы жұрт. Қожалығыңа сен де бастың. Жарайды, көп болды, айтпаған соң ұмытыппын, – деп Молықбай қобызын қолына алып, шаңағын сыдырта, тамағын бір кернеп, кеудесін тік ұстап, бастап кетті.

Адамзат бұл сөз рас, жалған емес,

Бұл жалған имандыға арман емес.

Жалғанның жарығы үшін мал жинадық,

Мал шіркін ешкімге еріп барған емес.

Болсын деп бірім екі, екеуім үш,

Қу ләпсі жүгірістен таңған емес.

Бұрынғы өтіп кеткен сақабалар,

Зорлық қып, ешкім малын алған емес.

Бізге зорлық-зомбы, қайла, өтірік,

Тағы да пайғамбардан қалған емес.

 Қай дүние, мына дүние — жалған дүние,

 Өзінен әркім қапыл қалған дүние.

 Кейбіреу малға тапшы, балаға зар,

 Бәрі де бастан аяқ арман дүние.

Тұрмайды бір қалыпта кемпір-шал қып,

Бойынан күш, қуатын алған дүние.

Аттаса қарға адым жер — мұң болады,

Басына қайғы, қасірет салған дүние.

Қай дүние, мына дүние – қысқа дүние,

Ұқсайды үшқұрлығын құсқа дүние.

Көрініп балдан тәтті, басты ауыртып,

Шығардың шариғаттан тысқа дүние.

Адамды неше алуан түрлендіріп,

Болар ма, мұнша сімер ұста дүние.

Қай дүние, мына дүние – шолақ дүние,

Біз бұған азғана күн қонақ дүние.

Айырып сүйген жардан, мал-мүліктен,

Жалаңаш жерге тықтың, тонап дүние, — деп, бір қайырып тастап, арындап қызып алған Молықбай тағы да аршындай түсті.

 

    Қызық сөз – қызбалықты ермек екен,

    Ол өзі білгіштердің өрнегі екен.

    Ғаламды он сегіз мың жаратушы,

    Мақұлықтың бәріне жем берген екен.

    Қызық сөз қызбалықты ермегіміз,

    Жас кезде басыла ма дүрмегіміз.

    Қай күні қаза жетіп, дәм таусылса,

    Дайын тұр қара жерге кірмегіміз.

    Тіс кетті, көзде жанар жоқ,

    Артық өнер табар жоқ.

    «Дүние» деп зарлаймыз,

    Өлім хақтан, залал жоқ.

    Етегі жоқ, жеңі жоқ,

    Кебін торғын киерміз.

    Есігі жоқ, төрі жоқ,

    Қараңғы жерге кірерміз.

    Періштелер келгенде,

    Не деп жауап берерміз.

    Ля-и-ля-и-Ал-ла.

Қой шырақтарым! Ой мен мұңға шомбай, әзірге доғарыңдар. Дем алыңдар! Ертең де күн бар, – деді Молықбай.

 

*       *       *

 Өнеге тере дем алып, Амантекше жайлауынан Ілияс пен Мұхтар 1927 жылы қайтты. Көңілдері қуанышқа кеңеле тұңған екеуі өздерін ашық-жарқын ұстап, аспанда ұшып жүргендей, ғажайып сезімге бөленіп, ойларын бөлісе аттарынан түсіп, көк шалғынға аунап, белдерін жазды. Ілияс қоржынындағы жазған қағазын қолына алып, көзімен шала қарады. Ілияс шабыттанып, орнынан тұрды. «Мұхтар тыңдашы», — деді.

«Молықбай – қобызшы, әнші Матайдағы,

Матайда — Кенже, Тұңғат Сақайдағы.

Қазақта қобызшыдан қалған сол-ақ,

Жорға сол, маймаңдаған бақайшағы.

Бұл күнде кедей, кәрі, күші кеткен,

Тамыршы, құмалақшы – күні еліткен», — деп Ілияс бір қайырып, сәл ойға тұнды.

 - Жоқ! Бұл бірінші нұсқа. Бозінген. Мұхтар сен екінші нұсқаға құлақ салшы. «Күй» поэманы.

 - Бәсе, не басты үндемей деп, ойыңды бөлмедім. «Тамыршы», «құмалақшы», «кәрі» десең, өкімет түсінбей, ілік етіп, «ескінің сарқыншағы» деп, қудалап абақтыға тығып жүрер, — деді Мұхтар. Ілияс: — Олай болса, тыңда:

«Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,

Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.

Қазақта қобызшының қалғаны сол,

Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.

 

Жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шал,

Жарықшақ, үні тозған, қансыған шал.

Іріңдеп екі көзі, қол дірілдеп,

Аузынан азу тісін аршыған шал.

 

Еңкейіп екідідей күні кеткен,

Жұқарып, нашарланып күйі кеткен.

Қобызшы ол – «Ақ көбікті» аңыратқан,

Боздатып «Боз інгенді» күңіренткен.

 

Кейде күй талмаураған, талықсыған,

Кейде өжет, кейде долы, албытсынған.

Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,

Шаршы өрге кейде шапшып, шауып тынған.

       

А! -  деген, асқақтатқан, әнін қосқан,

Үн қайтса қосылуға қобыз тосқан.

Кәрі саусақ қалтылдаған қаздаң қағып,

Ойнақтап, үркіп билеп, қылда босқан.

 

Қаңқылдап қыл күшігі қыңсылады,

Жә, әлде танысқан қыз сыңсығаны.

Жүректің қылмен қабат шерін шерткен,

Саусақтың ыршығаны, шымшығаны.

 

Қайырған, текектеткен, жорғалатқан,                                             

Сарқыған, екшеп қағып, сорғалатқан.

Талмаурап самайдан тер сыпырғанда,

Тартуын «Боз інгенді» қолқалатқан» — деп, «Күй» поэмасы шығатынын білдірді.

 

 - Ғажап! Ғаламат! Дарын, жүйріксің! – деп Мұхтар екі қолын шапақтап, ақ ниетпен қошамет білдірді. Қағаздарын қоржынға салып, екеуі алдарындағы ерттеулі аттарына міне салып, жарыса шаба жөнелді.

 

*       *       *

  Ілиястың Молықбай туралы «Бозінген» деп аталған бірінші нұсқа поэмасы 1929 жылы «Мәдениет» журналына басылып шықты. Екінші нұсқасы «Күй», елге жақсы таралды.

 Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбай орындаған «Аққу», «Ақ көбік», «Құдыреттің құсы» күйлерінің мазмұнына очерк жазып, баспадан шығарып, радиодан бергізіп, Молықбайға айтқан уәдесін орындады. Бірақ, Молықбайдан жазып алғанын, заманға байланысты, сақтықпен жария қылмай кетті. Қобызшы Молықбай «Аққу», «Ақ көбік», «Құдыреттің құсы» күйлерінің мазмұнына очерк жазылғанын көрмей, өмірден өтті.

                                                                 

Поэзия құлагері, ақын Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойының

дайындық іс-шаралары жоспары

 

«БЕКІТІЛДІ»

                 Аудан әкімі

                                     Е.С.Базарханов

                 2019 жылғы  27 наурыз

 

Атқарылатын жұмыстар Жұмсалатын қаржы Мерзімі Жауаптылар
1 2 3 4 5
1.       Ілиястың жарық көрмеген шығармалары жинағын басып шығару Наурыз-шілде Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Н.Иманғалиұлы
Л.Сүлеймен
М.Иманғазиев
А.Фазылжан
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
2.       “Ілиястану” ғылыми-практикалық орталық дайындаған ғылыми-танымдық еңбектерді баспадан шығару Наурыз-шілде Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Н.Иманғалиұлы
Л.Сүлеймен
М.Иманғазиев
А.Фазылжан
Қ.Андас
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
3.       Ілияс мұрасын насихаттайтын журналистер пулын (оның ішінде әлеужелі медиатұлғаларын, блогерлер, т.б.) құру, тапсырма беру. Медиа-жоспар жасау наурыз Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Е.Бабақұмаров Н.Иманғалиұлы
Г.Ботантаева
Б.Молдағалиев Г.Батырхан
Қ.Андас 
Ғ.Есжанов 
А.Елубаева
Аудан әкімінің баспасөз – хатшысы Қ.Досжанова
4.       Ілияс Жансүгіровке арналған ас беру 26 Сәуір Г.Ботантаева А.Сабырбаев
5.       Журналистика саласында Ілияс Жансүгіров атындағы халықаралық сыйлықтың қорытындысын шығару 30 Маусым Н.Иманғалиұлы
6.       Ілиястың 125 жылдық мерейтойын әлеуметтік желіде насихаттау . Вайн дайындау, жарнама роликтер. “Ілияс 125” топты, “Алтын ұям – Ақсуым” сайтын пайдалану  Наурыз-қыркүйек Облыстық ішкі саясат басқармасы Р.Алпысбаев 
Облыстық білім басқармасы Д.Жүнісов
Е.Тоқтарбай
Ж.Жеңісұлы 
Ғ.Есжанов 
Е.Рамазанов
С.Серпербаев
Аудан әкімінің баспасөз – хатшысы Қ.Досжанова
7.       “Үш бәйтерек” туралы көркем,  документальды фильм, танымдық ақпараттық жанрдағы бағдарлама түсіру Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Е.Бабақұмаров
К.Дәулетбекова
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
8.       Ілияс шығармаларынан жастар арасында телевизиялық конкурс өткізу, жеңімпаздаарына Ілияс атындағы гранттар тағайындау   Шілде Облыстық білім басқармасы Д.Жүнісов
Б.Жұмағұлов
Жетісу университетінің ректоры Қ.М.Баймырзаев
“Жетісу телеарнасы” Е.Рамазанов
9.       Ілияс Жансүгіровтың туған ауылы Ойтоғанның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету мақсатында облыстық маңызы бар Жансүгіров-Матай жолының 52-ші шақырымынан бастап, 96.7 шақырым аралығын күрделі жөндеуден өткізу мәселесінің шешімін табуды қарастыру  2019—2020 жылдар Облыстық жолдар басқармасы Е.Жасыбаев
10.                         Жансүгіров ауылында Ілияс орталығын ашу 2019—2020 жылдар Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбае
Б.Жұмағұлов
А.Қырықбай
С.Жакупов
А.Сабырбаев
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
11.                         Алматы, Астана, Талдықорған қалаларына, Қызылағаш, Сағабүйен, Жансүгіров елді мекендеріне ілінетін тақырыптық билбордтардың эскизін құру, негізгі көшелерді безендіру Наурыз-қыркүйек Облыстық ішкі саясат басқармасы Р.Алпысбаев 
Облыстық жастар басқармасы
Ж.Қаратас
Ғ.Есжанов 
Н.Қасымбеков
А.Садыкова
округ әкімдері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі
12.                         Шақырылатын қонақтардың тізімін жасақтау, шақыру билеттерін үлестіру, қонақтардың орналасуын қамтамасыз ету. Демеушілерге арнайы шақырту жіберу Шілде-тамыз А.Сауғанбаев
Аудан әкімі аппараты
13.                         Ойтоған ауылын тойға дайындау: Облыстық ЭжТҮКШ басқармасы А.Еркінбаев
-         ауыз су құбырын тарту 136.7 млн теңге Сәуір Ж.Бейсебаев
 С.Жакупов
-         арықтар тарту  Наурыз А.Сабырбаев
 Ғ.Есжанов
И.Мусабаланов Н.Мырзеков
-         көше жолдарын жөндеу 76 млн теңге Мамыр-шілде “Ақсу ирригация” мекемесі
Ауылдық округ әкімдігі
-         көше жарықтарын тарту
-         екі ғимаратты бұзып, шығарып тастау Сәуір
-         котельный болған ғимаратты бұзуына келістіріп, бұзып шығарып тастау
-         арканы абаттандыру
-         ауылдың кіре берісін абаттандыру
-         ауылдың сыртындағы ескерткішті абаттандыру
-         үйлердің бет-әлпеттерін реттеу, қашаларын жаңалау,  тазалап реттеу
-         қазақ үйлер тігу 
14. Жансүгіров ауылын тойға дайындау: Облыстық ЭжТҮКШ басқармасы А.Еркінбаев
-         ауылға кіре беріс жолды жөндеу Ж.Бейсебаев
 С.Жакупов
-         орталық алаңды абаттандыру А.Сабырбаев 
Ғ.Есжанов
-         ескерткіш орнататын жерді абаттандыру И.Мусабаланов Н.Мырзеков 
“Ақсу ирригация” мекемесі
-         орталық паркті абаттандыру, сенбіліктер өткізу Ауылдық округ әкімдігі
А.Қабаев
-         Қобызшы Молықбай, Ақын Сара мәдениет үйлерін ағымды жөндеуден өткізу, алдын абаттандыру  Ж.Өмірсадық
М.Келгенбаев
-         Е.Сиқымов атындағы стадионды ағымды жөндеуден өткізу 30 млн теңге Сәуір-мамыр Г.Болатхан 
Б.Рамазанов
-         ипподромды дайындау Б.Шарипов
-         ауылдың санитарлық тазалығын реттеу Наурыз-сәуір
-         ауылдың жалпы бет-бейнесін реттеу (жеке жоспар бойынша)
-         ауылдағы құрылыс, абаттандыру жұмыстарының мезгілінде аяқталуын қадағадлау Қыркүйек
Наурыз-қыркүйек
Наурыз-тамыз
15. Қобызшы Молықбай мәдениет үйінің фойесіне ақын өмірі мен шығармашылығына арналған көрме орналастыру Тамыз Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
А.Досмуханбетов
16. Мерейтойдың брошюра, шақыру билет, бағдарлама, эмблемасы бар сумка пакет, блокнот, футболка, кепка, арнайы қаламсап,  сувенир, грамота, дипломдар жасату, 1000 қамшы 5  млн. теңге Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев Ғ.Есжанов
17. Әкім жүлдесін, ескерткішке қоятын гүл шоқтарын алу 1 млн. 600 мың теңге Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев Ғ.Есжанов
А.Елубаева
Аудандық мәдениет үйі
18. Республикалық ақындар мүшайрасы 2 млн. 900 мың теңге Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
 Ғ.Есжанов
А.Елубаева
19.                         Мерейтойға келген қонақтарды Сарқан, Жансүгіров, ауылдарындағы қонақ үйлерді жалға алып орналастыру орналастыру 500 мың теңге А.Сабырбаев
Аудан әкім аппараты, ішкі саясат, ТҮКБ, Ақсу политехникалық колледжі, жаңа қонақ үй іске қосылады
20.                         Той барысында қонақтарды тасымалдауға көлік жалдау 500 мың теңге  Облыстық жолдар басқармасы Е.Жасыбаев
Ж.Бейсебаев
А.Сабырбаев
Аудандық жолдар және көлік бөлімі
21. Қонақтарды таңғы, түскі, кешкі аспен тамақтандыру 3 млн. 500 мың теңге А.Сабырбаев
Ауылдық округ әкімдері, барлық мекеме басшылары, 
22. Шараға қатысушыларды аспап, киімдермен қамтамасыз ету 10 млн. 535 мың теңге Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
Аудандық мәдениет үйі
23. Ақынның өмірінен алынған Құдаш Мұқашевтың «Дала дастаны» атты спектакль дайындау, облыс аумағында гастрольдік сапары 7 млн. 760 мың теңге Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев Ғ.Есжанов
А.Елубаева
Аудандық мәдениет үйі, Ақсу халық театры
24. Аспаптар, LED экран, аппаратура сатып алу, сахнаны жалға алу 14 млн. 25 мың Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев Ғ.Есжанов
А.Елубаева
Аудандық мәдениет үйі
25. «Шилі өзен қамыс-ай» облыстық сазгерлер байқауы, Ілияс Сазгер «Жетісу суреттері» аймақтық ұлы дала көріністерінен суретшілер байқауы. Талдықорғанда ұсыныс Ілияс шығармаларындағы табиғат суреттемелері тақырыбында суретшілер конкурсы 3 млн. 155 мың  Облыстық білім басқармасы Д.Жүнісов
Ғ.Тұрсынбай
26. Орталық алаңдағы ескерткішті ашу салтанатын ұйымдастыру 110 млн. 400 мың А.Сабырбаев
Ғ.Есжанов
Ақсу халық театры, аудандық мәдениет үйі
27. Тойдың ашылу салтанатына арналған театрландырылған сахналық қойылым, сценарий, концерттік бағдарлама құру 1 млн. 400 мың Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
Аудандық мәдениет үйі, 
Ақсу халық театры
28. Көкпар, ат бәйгесін, палуан күресін ұйымдастырып, хабарландыру беру, сыйлықтармен мақтау қағаздарын дайындау 8 млн. Облыстық спорт басқармасы Н.Теңізбаев 
А.Қабаев
А.Сауғанбаев
спорт бөлімі, спорт мектебі, агроөнеркәсіптік мемлекеттік инспекция, ветеринарлық станция, ауылшаруашылығы бөлімі, ветеринарлық бақылау инспекциясы
29.                         Ақсу ауданынан шыққан эстрада жұлдыздарын шақыру 3 млн. теңге Облыстық мәдениет басқармасы М.Көлбаев
Ғ.Есжанов
А.Елубаева
Аудандық мәдениет үйі