Ілияс Жансүгіровке-125». (27)

«Ілияс Жансүгіровке-125». (27)

"Дайындық  күнделігі, өткізілген шаралар»

 

Құрметті оқырмандар!

Кеше, 24 сәуір күні Алматы облысының орталығы — Талдықорған қаласында құлагер ақын  Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған  «Жансүгіров тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді және  алдында хабарланғандай ақын рухына арналып ас берілді.

Төменде солардың өтуі туралы  жарияланған  хабарламалар топтамасымен танысыңдар!

 

«Жансүгіров тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция

 

*       *       *

Жыр құлагері Ілиясқа 125 жыл

Данияр Сағындық, редактор

taldykorgan-online.kz   24 сәуір 2019жыл

Талдықорғанда жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті. Жетісу мемлекеттік университетінде орын алған айтулы шараға ақынның туыстарымен қатар Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан құрметті қонақтар келді, — деп хабарлайды  taldykorgan-online.kz

 

 

«Жансүгіров тағылымы» атты ауқымды шара университет жанындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған қауым ол жерде Ілияс жайлы естеліктерімен бөліссе, студенттер жағы өлең оқыды.

 

 

 

Жиынды І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-нің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев жүргізіп отырды.

 

 

Конференцияда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова«Ілияс шығармалары мәтінін лингвостатистикалық және фоносемантикалық аспектілерде зерттеудің маңызы», Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай«І.Жансүгіровтың ағартушылық қызметі мен педагогикалық идеялары», «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов«Құлагер» поэмасы: ақиқат пен аңыз», І.Жансүгіров музейінің директоры Нұргүл Жауынбаева«Жыр дүлдүлі» және «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Әсетқызы«Мәлім және беймәлім Ілияс» тақырыбында баяндамаларын оқып, тың деректермен бөлісті.

 

 

Осыдан кейін университет ректоры Қуат МаратұлыІлияс Жансүгіровтың туған немересі Фатима Жандосоваға құрмет көрсетіп, кеудесіне арнайы медаль тақты. Өз кезегінде сөз алған немересі және Ілиястың баласы Болат Жансүровтың жұбайы Қарлығаш Қаңтарбаевалар аталмыш білім ордаға ризашылықтарын білдіріп, сый-сыяпаттарын ұсынды.

Айта кетейік, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына орай биыл Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми практикалық орталығы үлкен дайындықпен келген. Олар соңғы 7-8 жылдың ішінде 25 кітап дайындапты. Оның барлығы кезіндегі Ілястың цензурадан сескеніп, жарыққа шығармаған туындылары. Аталған еңбектер жаз айларында қалың оқырманға жол тартпақ.

 

*       *       *

«Жансүгіров тағылымы» 

24.04.2019
Aigul Koishgulova

 

*       *       *

БИЫЛ ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА — 125 ЖЫЛ

 

Қазақтың дүлдүл ақыны, «поэзия Құлагері» Ілияс Жансүгіровтың туғанына биыл — 125 жыл. Осыған орай қаламгердің туған жерінде мерей тойға дайындық қызу жүріп жатыр. Жетісу жерінде «Жансүгіров тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осылайша ақын өмірі мен шығармашылығының ақтаңдақ тұстары ашылып, бұрын-соңды жарыққа шықпаған туындылары оқырманға жол тартпақ.

 

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алар кемеңгерді». Жетісу жұрты Жансүгіровтың осы сөзін ту етіп, жыр жүйрігін еске алды. Ескерткішіне гүл қойып, өлеңдерін оқыды.

 

Мұратбек Иманғазинов, профессор, ілиястанушы:

— «Рүстем қырғыны», содан кейін «Бақытты Жамал», «Мұзқала», «Исатай-Махамбет» пьесасы, «Мақпал» пьесалары. Бірқатары, біреуі бар, біреуі мүлдем жоқ. Аттары бар тізімде жазылған, бірақ сол кітаптары шықпай қалды, жоғалып кетті.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары дәл осы жоғалған дүниелердің біразын іздеп тапты. Өңдеді. Мерейтой аясында 25 томдық кітап ретінде шығармақ. Ақынның ұрпақтары да ізденіс үстінде. Қолда бар туындыларын шет тілдерге аударып әлемге танытудың қамымен жүр.

Ақынның аруағына құран бағышталып, ас берілді. Мерейтойдың басы қасында жүретін азаматтар аға буын өкілдерінің батасын алды. Зиялы қауым өкілдері бұл тек Ілияс Жансүгіровтың ғана емес, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің де мерейтойы. Бір жылда туып, бір күнде атылған Алаш зиялыларына деген құрмет.

 

 

Нұртілеу Иманғали, Қазақстанның құрметті журналисі:

— Ілиястың біз білетін 4 поэмасы бар. Енді біз білмейтіні де көп. Ол Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінен табылып жатыр. Ілиястың біз білмейтін журналистік шығармалары, журналистік ізденістері мен жазулары ұшаң теңіз екенін біліп жатырмыз.

 

Қаламгердің 125 жылдығына ақынның кіндік қаны тамған Ақсу жұртшылығы да қызу дайындалып жатыр. Көшелері абаттандырылып, жолдары жөнделіп, халық абыр-сабыр. Ақындары айтысып, тұлпарлары сайысып, палуандары белдескен дүбірлі той қыркүйекке жоспарланды.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

https://kaztrk.kz/news/madeniet/biyl-iliyas-zhansugirovtyn-tuganyna-125-zhyl-127434

*       *       *


Поэзия Құлагері

https://zhasalash.kz/29189/

 

Биыл қазақтың 3 бәйтерегі атанған Сәкен СЕЙФУЛЛИН, Ілияс ЖАНСҮГІРОВ пен Бейімбет МАЙЛИННІҢ 125 жылдығы. Алаштың ардақты ақын-жазушыларын қазақ халқы еске алып, мерейтойларын атап өтіп жатыр. Жетісу төрінде қазақ поэзиясының құлагері – Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай ғылыми конференция ұйымдастырылды.

 

Поэзия Құлагері

 

Небәрі 44 жыл өмір сүріп, артында өшпес мұра қалдырған Ілияс Жансүгіровті әлем «Құлагер» поэмасы арқылы таныды. Бірақ, азғантай өмірінде 500-ге жуық әдеби туынды жазғанын көпшілік біле бермейді. Ғылыми конференцияға жиналған ғалымдар бірауыздан ақынның шығармалары жеткілікті дәрежеде зерттелмей жатқанын айтты. Қазір Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінде Ілиястану орталығы жұмыс істеп тұр. Орталықтың алға қойған негізгі мақсаты — ақын шығармасы мен оған қатысты зерттеу еңбектерінің 40 томдығын басып шығару.

 

Поэзия Құлагері

 

Сайлау ҚОЖАҒҰЛОВ, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ профессоры: «Ілиясты зерттеудің методологиясы қалыптасқан. Дегенмен, оның шығармашылығын тілдік тұрғыда, яғни, семантикалық ерекшеліктерін зерттеу жағы сәл ақсап тұр. Бір ғана “Жетісу суреттерінде” бүкіл өңірдің фауна-флорасын айтқан. Бұл шығармадағы өзен-су, өсімдіктердің, емдік шөптердің аттарын зерттеп, қолданысқа енгізуге болады. Қазір Семейде Шәкәрімтану орталығы бар. Алматыдағы ҚазҰПУ-де Абайтану орталығы бар. Сондықтан біз Ілиясты осындағы барлық студенттерге толық танытуымыз керек деген мақсат қойдық. Сондықтан Ілиястану орталығының қызметкерлері барлық мамандықтарға 1 семестр 2 кредитпен Ілиястану пәнін оқытады

 

Жиналғандар қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған ақынның сатира, публицистика және өзге де жанрдағы шығармалары оқырманға әлі де толық жетпей жатқанын айтты. Мәселен, “Бақытты Жамал” мен “Қуат” поэмалары сирек кездесетін қолжазбалар қорынан  былтыр ғана алынған екен. Яғни, 86 жыл өткен соң табылған. Ал, ақын шығармашылығының тілдік ерекшеліктері зерттеуге жеткілікті мән беріліп жатқан жоқ.

 

Поэзия Құлагері

 

«30-жылдары ең өнімді жазған екі қаламгер болса, соның бірі – Бейімбет, екіншісі – Ілияс. Оларға жаратушының берген дарыны шығар. Аз уақыт ішінде сондай жылдамдықпен 19 поэма, жүздеген шығарма жазып үлгерді. Жазба поэзияда Ілиястан асқан эпик ақын болған жоқ. Оның “Құлагер”, “Күйші” сияқты бір леппен құыйла салған поэма бізде әлі жоқ. Ұлыларды осындай айтулы мерейтойда ғана айтып, еске аламыз да содан кейін айтпай, жазбай кетеміз. Бұл — біздің кемшілігіміз. Ілястың шығармашылығы көп зерттелмеген. Оның сатирасы, лирикасы, публицистикасы мен 30-жылдары газет-журналдардағы фелетондары біршама. Осыларды жинақтап, зерттеу қажет. Өкінішке орай, қазір ұлы ақынның шығармалары оқырмандарға көбіне мектеп оқулықтары арқылы жетіп отыр. Егер Ілияс еңбектерін зерттеген ғалымдардың, оның өз еңбектерін жинақтап, басып шықса үлкен еңбек болар еді», -дейді ақын Бауыржан ЖАҚЫП.

 

Ақынның мерейтойына туған-туыстары да жиналды.

Поэзия Құлагері

 

Фатима ЖАНДОСОВА, І. Жансүгіровтің немересі: «Ілияс Жансүгіров — қазаққа жарық пен үміт сыйлаған адам. Өмірі енді ғана басталған сәтте атылып кетті. Бірақ, аз уақытта жасаған еңбегіне мән беріп қарасаңыз мәңгілік бізбен жасап келе жатқанын көруге болады. “Құлагер” поэмасы неміс тіліне аударылды. Демек, оны әлем таныды деген сөз.»

 

Талдықорғанда 1984 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед ҚОНАЕВ пен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ашқан Ілияс Жансүгіров музейі бар. Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысты 6 мыңға жуық жәдігер сақталған. Жеке төлқұжаты мен немістің “Мерседес” жазу машинкасы да мұражайға тапсырылған. Ілияс Жансүгіров 1938 жылдың ақпан айында халық жауы деп танылып, атылған болатын. Араға 20 жыл салып, 1958 жылы ақталды.

Фотолар автордікі.

 

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ-125: АҚЫНҒА АС БЕРІЛДІ

Гүлжан ТҰРСЫН,

Фото — Жұмабай МҰСАБЕКОВ

«Жетісу»,  24.04.2019

 

Ілияс ЖАНСҮГІРОВ-125: АҚЫНҒА АС БЕРІЛДІ

 

Талдықорғанда жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы қарсаңында ақын рухына құран бағышталып, ас берілді.

Айтулы басқосуда құлагер ақынның жерлесі, танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлы өткенімізді таразылау рухымызды өсіретінін айтып, шараның мәнін салмақтады.

Ақынын ардақтауға арналған  басқосуға Қазақстан Жазушылар Одағынан жиырма шақты ақын-жазушы республиканың түкпір-түкпірінен келді. Асқа арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:

– Өздеріңіз білесіздер, Талғар ауданының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ескерткіш-мемориал қойдық. Жыл сайын барып, жазықсыз жапа шеккен боздақтарымызға арнап, құран бағыштап, рухына тағзым етеміз. Ақын атамыздың туған жері Жансүгіров кентінің көркеюіне барынша көмек көрсетіп жатырмыз. Рухты жаңғыртуға арналған «Ауылым — алтын бесігім» бағдарламасы барысында бөлінетін қаржыдан аудан орталығын көркейту мен абаттандыруға, су, жол тартуға тағы да қаржы бөлеміз, – деді.

 

Шарада қазақ журналистикасының жампоздары Қали Сәрсенбай, Бауыржан Жақып, Мереке Құлкеновтер сөз алып, Ілияс Жансүгіров шығармаларының әлемдік әдебиетте алар орнын әңгімеледі.  Облыстың абыз ағасы Наурыз Қылышбаев «қызың – бек, ұлың – сес» болсын деген ізгі батасын беріп, мерейтой қорына өз қалтасынан қаржы қосты. Ас беру рәсімінде Ілиястың келіні Қарлығаш және немересі Фатима ортаға шығып, ақын рухын асқақтатқан ел-жұртқа алғысын білдірді.

 

Аста қонақтар республиканың түкпір-түкпірінен келіп, қоғам қайраткері, аса дарынды ақын, журналист Ілияс Жансүгіров жайлы ой толғады. Жиналғандар  алдағы өтетін тойда атқарылатын шаралар, қосатын үлестері жайлы айтты. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»  деп аталы сөз айтқан ақынның тойы алдағы күзде туған жері Ақсуда тойланбақшы.