«ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ-125». (32)

«ІЛИЯСТЫ ТАНИ БІЛУ — ҰЛТ ПАРЫЗЫ»

 

Осы бөлімнің бұл жолғы парағына І.Жансүгіровке байланысты бұған дейін қалың көпшілікке белгісіздеу және қолжетімсіз болып келген біраз жазбалар  ұсынылып отыр. Олар:

 

1. АҚЫННЫҢ өзінің «ҚОЛБАЛА» деген поэмасы. Оны өзінің жеке мұрағатынан ұсынған — Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.

 

2. Ақынның атақты «ҚҰЛАГЕР» поэмасына осыдан жарты ғасырдай бұрын шығарылған ән және  оның авторы, қостанайлық әуесқой сазгер, Нағашыбай Алпысов туралы бейнежазба.  Әннің қайта жаңғыруына еңбек еткен танымал ақын, жерлесіміз - Елдос ТОҚТАРБАЙ. 

 

3. Жетісу жерінің танымал ақыны Жомарт ИГІМАННЫҢ арынды АҚЫН бабасының рухына арнап шығарған «ТҰЛПАР ТАҒДЫРЫ» атты поэмасының  алғашқы жарияланымы.    Танысыңдар, қабыл алыңдар!

 

 

 Қолбала

(поэма)

Ілияс Жансүгіров

(Орысбай Қалпенденовтың  қолжазбасынан алынған)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қалпенденов Орысбай

(1912—1981 ж.ж.)

 

 

Үш Қайнар Ақсу, Діңгек жүрді қыстап,

Жаз жайлауға шығады, ел жылыстап.

Солтанайдың баласы үшеу екен,

Ханкелдісі туыпты қан уыстап.

 

Ханкелді өсіп, өнді бара-бара,

Жаманшылық ұрлықты етті мұра.

Жайлауы – Күзек, қыстауы — Мойынқұм,

Құлжабай, Көкен, Күміс деген мола.

 

Қайырсыз, қаны суық, ылғи ұры,

Үй басы арамдықтан емес құры.

Қылғаны ұрлық, ойлары зұлымдық,

Жайнақтың әсіресе жаман сұры.

 

Шықпаған қой дейтұғын ақылды да,

Күндіз, түн кептірмеген тақымды да.

Жанша басып жарлыны, жауша шауып,

Жапсар елді жылатқан, жақынды да.

 

Ақылсыз азаматы, аусар ара,

Сепсіз пысық, даңғойлау келер шала.

Осылардың ішінде бірге өскен,

Қара көз, аққұбаша жетім бала.

 

Аты екен, ол баланың Қолбала,

Түрленді өскен сайын гүл-гүл жана.

Ерлік пен шешендікті қатар ұстап,

Көзге көркем көрінді нұрлы бала.

 

Қолбала өсіп жетіп, болды нұрлы,

Қып қызыл, қырғи қабақ, қыр мұрынды.

Бас, аяғы балғадай жігіт екен,

Дөңгелек, орта бойлы, жауырынды.

 

Ақ жүрек, әділетті болған абыз,

Сапалы салмағы бар сөзі маңыз.

Өзі әнші, өлеңші жігіт екен,

Әсем дауыс, таң қылар тыңдасаңыз.

 

Өлеңді айтатұғын орны келсе,

Іркіліп тоқтамайтын, айтшы десе.

Басын ашты, ортасын баппен толғап,

Құбылтар ән аяғын әлде неше.

 

Майда тіл, маңайдағы болды шешен,

Кең ойлы, кішіпейіл, мінез әсем.

Қайнардың қатар шыққан жақсылары,

Шынасыл, Әбдібай мен Тұрсын, Тәшен.

 

Қажымас қарсыласса біткен жігер,

Табылмайтын туысқа аяулы ер.

Жасынан көңіліне жазған екен,

Бой тартып, арамдықтан жиіркенер.

 

Дейтұғын Ханкелдіге ұрлық қылма,

«Ұрлық түбі қорлық қой» бауыр, мырза.

Қазақтың қастық қылып малын жесең,

Тұрғанда сіңіртпеймін, қылып ырза.

 

Сондықтан жек көреді талай ұры,

Жанашыр туысы жоқ, ағайыны.

Белгілі ұрыларға жақпайтыны,

Туралықпен жүретін жарап ұлы.

 

Қашып, пысып, суыққа қолын үрлеп,

Бір қара алып келсе, аты терлеп.

Әрі айғақ, әрі би боп әпереді,

Үстіне тағы қосып, айып бер деп.

 

Қолбала жалғыз болды, өзгесі көп,

Көп біріксе көзіне салмай ма шөп.

Күнде кеңес қылады, тісін қайрап,

Күн көрмедік,осыны қайтеміз деп.

 

Қолбала жалғыз бір күн келе жатып,

Қалғыпты ат үстінде қабақ қатып.

Қара ит ерткен қатындар қастық қып,

Талатты әлгі итке қамалатып.

 

Үрейі ұшып кетті, терге батып,

Ыстық жасы көзінен шықты атып.

Дене суып, дірілдеп, қаны қашып,

Атының басын  бұрды, тізгін тартып.

 

Көріпкел үш Қайнарда Байтен екен,

Дәл көріп тұрғандай айтады екен.

Асып-сасып, алқынып, соған барды,

Деді де, түсіме не, айтар екен.

 

Байтеке бір түс көріп, келдім сізге,

Кісіге бұрылғам жоқ, сізден өзге.

Бар еді көріпкелдік шарапатың,

Түсімнің шешуін айт, бүкпе, езбе.

 

Байтекең тамырына қолын салды,

Жүрегін құлағымен тыңдап алды.

Төңкеріліп, селкілдеп, қалшылдады,

Қуарып, басын шайқап, үнсіз қалды.

 

Шашып жайып, байқады құмалақты,

Қысылған соң маңдайдан тері ақты.

Өңі сұр, шүнірек көз, жауың бар деп,

Тасыбай мен Жайнақтың түсін тапты.

 

Шырағым, нәзір жасап, құдайы бер,

Бір тәңірім қолдасын іләйім ер.

Көзіңе құдіретің көрсетіпті,

Сақ болып, салақсынбай сақтана көр.

 

Естіп, қорқып, асығып үйге қайтты,

А, құдай, сақтай көр деп, малын айтты.

Ойтоған мен Бұрғанға егін салып,

Сол жылы ел азығын бір молайтты.

 

Сонан кейін бір талай күндер өтті,

Күз күземнің уағы келіп жетті.

Тағдыр жазса талайың ұзара ма?

Тірлік қызығымен ұмытып кетті.

 

Қорыққан, естен шықты көрген түсі,

Жалған айналдырды аз күнгі ісі.

Шақырды аймағын той болады деп,

Бөртедегі Қилыбай деген кісі.

 

Ішінде ұрылардың жатқан қаны,

Кеңесті жоғалтуға Қолбаланы.

Тойға жүр деп ап шығып өлтірелік,

Десіп сөзді байласты қудың бәрі.

 

Той деген, сәрсенбіге бар бір хабар,

Ертеңінде етін жеп, аты шабар,

Ертеменен жиналып, бәрі келіп,

«Жүр» деді Қолбалаға сұмзадалар.

 

Қолбала той қылған деп жомарт ауыл,

Қосар, шабар ат жоқ қой, бізде тәуір.

Той түгіл, томалақтың керегі жоқ,

Өзімнің тартып отыр денем ауыр.

 

Біреуі ат ерттеді, алып келіп,

Қолбалада қауіп жоқ, анық сеніп.

Бірі бөркін, біреуі шапан әкеп,

Қамшысын ұстатады, алып беріп.

 

Бәрінен тағдыр жазған тәңір күшті,

Атына мініп алып, қайта түсті.

Іш, бауыры елжіреп, әлі құрып,

Қолынан әйелінің сусын ішті.

 

Біреуі қолтығынан аттандырды,

Жабыла бәрі бірдей атқа мінді.

Бұрған мен Ақсудың арасында,

Арал дейтін бір аулақ құмға кірді.

 

Ішінде Тасыбай мен Жайнақ та бар,

Қанды балақ Әшекей салмақтанар.

Қисық пен Адамбосын мылжыңменен,

Өр көкірек, ұр да жық Бойдақ та бар.

 

Дабырлап, бір елсіздеу құмға кірді,

Өлтіруге ымдасып келед енді.

Біреуі қыл шылбырды тұзақ қылып,

Сыртынан білдірместен тастай берді.

 

Ілінді мойынына тұзақ түсіп,

Бұрады қыл шылбырды қатты қысып.

Екі көзі аларып, аттан ауып,

Төңкеріліп, сылқ етіп, қалды түсіп.

 

Жабыла бәрі кеп тепкіге алды,

Аузы, мұрнын құм құйып, істеп салды.

Әрі-бері дірілдеп денелері,

Жаны шығып, қорқырап, өліп қалды.

 

Мәйітті қазып-қазып жерге тықты,

Ер-тоқымын, киімін бірге тықты.

Мінген атын алысқа жоғалтпаққа,

Әшекей жетелеп ап, жылдам зытты.

 

Сасқалақтап, көме сап, жүріп кетті,

Сол бетпен зауылдатып тойға жетті.

Той қылғандар әкеліп табақ тартты,

Жайбарақат отырып, жесті етті.

 

Ат шапты, ойын көріп, халық кетті,

Ұрылар ақылдасты, айтпақ епті.

Қолбала соған кетті, айталық деп,

Келісіп, осылай уағда етті.

 

Бір-бірлеп үйлеріне беттей түсті,

Қамықпай, қарау іске көкей кесті.

Біздің мырза қалайша келмеді? — деп,

Әйелі тойшылармен сөз сөйлесті.

 

Тойға бардық, ат шапты, етті жесті,

Біреуден алмақ екен бұрын бесті.

Тойда соның жолығып адамына,

Шұраттағы Сақайға кетті десті.

 

Қара жерді кешікпей қар да басты,

Қайыры жоқ ұрылар қанын шашты.

Хабар да жоқ, қарасар ағайын да,

Әйелі ағызады көзден жасты.

 

Қор қылды, құмға тығып, есіл жасты,

Ел арасын сыбырлап өсек басты.

Қар кетіп, жаздың желі қатты соғып,

Шапанның шала жапқан бетін ашты.

 

Болмады ұрыларға енді сенім,

Сандалды Ханкелділер таппай жөнін.

Осылардан болды деп жүретұғын,

Кеңесіп, жұрт та білді өлтіргенін.

 

Ұштасып үш Қайнарға хабар барды,

Тәшен мен Тұрсын естіп, қапаланды.

Қолбалаға құн алмай қоймаймыз деп,

Жиналғандар даурығып назаланды.

 

Ашулы жұрттан сұмдар қауіптеніп,

Маманға барған екен хабар беріп.

Қайтесің, жетім үшін ел бүлдір ме,

Деп Тәшенге айтады Маман келіп.

 

Ұрылар қорқып, әкеп пара төкті,

Не салса да көндік деп, артқан жүкті.

Қарны тойса бәрі алғыш, дау қуа ма,

Бір-бір қара жетелеп, тынып кетті.

 

Қайран ер отыз екі келген жасқа,

Туысы жоқ, өзінен туған басқа.

Ұрлық қылма деймін деп, өліп кетті,

Одан басқа не қылды жамағатқа.

 

Сол Ханкелді мұрасы әлі де ұры,

Ақыл айтар кісі жоқ, қой деп мұны.

Есіл ақын, ақылды, ер Қолбала,

Қор боп құмға тығылды, бітті құны.

 

Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,

Маман келіп, қой дейді Қайнар елге.

Жемқорлардың көмейі толғаннан соң,

Әйелдің көз жасы аспады өрге.

 

Түсінік ретінде:  Ілияс Жансүгіров шынайы болған оқиғаны поэма жанрында жеткізген. Қолбаланың нәсілі тегі – Қырғыз. Қайнар Ханкелдіге сіңген жетім бала. Жесір кемпір асыраған. Өнерлі ақын. 32 жасында өзі түс көргеніндей мерт болады. Әйелі де жетім өскен. Жанашыр ағайын-туысы болмаған. Жайлауы – Күзек, қыстауы — Мойынқұм, Құлжабай, Көкен, Күміс деген молалар – қазір де солай аталады. Үлгілі мен Жаңалық аралығында. Тумабайдан 4-5 шақырым жерде. Оқиға күз айында Аралда өткен. Арал Бұрған мен Ақсу арасында. Ескі Ойтоған тұсындағы елсіз құм.

 

Поэмада: «Жанша басып жарлыны, жауша шауып,

Жапсар елді жылатқан, жақынды да», — дегендегі Жанша кісі есімі. Ұрпақтары қазір бар.

 

Қайнар жақсылары Шынасыл, Әбдібай, Тұрсын, Тәшен  ұрпақтары қазір небір жақсы қызметтерде жүр. Базарбайұлы Әбдібай — шешен, Мыңжасарұлы Тәшен — би болған. Шынасыл – ескіше сауат ашып, өз бетімен оқыған жан. Түзде жыланды арбап тілдессе, ауа-райын болжап, қажет мезгілде көп тілеуімен жаңбыр жаудыратын қасиеті болған. Қылшылдаған 40 жасында өмірден өткен. Жетісу азаматы Шамайдың әкесі. Парламент депутаты Марат Бопазовтың арғы атасы. Тұрсын Шынқожаның ұрпағы. Ақын Сараның шешесі Уәзипаға туыс.

 

Көріпкел үш Қайнарда Байтен. – Тілесұлы Байтен. Жоңғар-Қалмақша жауырынға қарап, тамыр ұстап, құмалақ шашып, қаймықпай, қадап айтатын көріпкел болған. Қайнар елінің басты адамы саналған. Зираты Ойтоған ауылы телінде. Ұрпағы көп тараған.

Шұраттағы Сақай – ел атауы, Шұрат жер аты. Матай мен Лепсі аралығында.

Тасыбай мен Жайнақ – ұрпақтары қазір бар. Әшекей, Қисық, Адамбосын, Бойдақты  – білмедім. Ілияс Жансүгірұлы есімдерін өзгертіп жазғанға ұқсайды.

Елі Бөрте, Қилыбай – бай болған. Қыли ұрпағы. Қопа ауылы тұсында 1886 жылы той жасаған. Оқиға 1886 жылы өткен. Ұрпағы Немеребай ұстаз болды.

Маман Қалқабайұлы үш Матай елінің сақшы биі болған.

 

Қалпенденов Орысбай, Құдайбергенұлы Жұмабек, Шағырайұлы Сатылған деректерінде Қолбаланы Амангелді деген өлтіреді. Қанды балақ Әшекей деген Қолбаланың мінген атын алыстағы Шұратқа көзін құртады. Қолбаланы өлімге қиып, көпті ұйымдастырған Жайнақ пен Тілеубай дегендер делінеді. 

 

 Жемісбек Толымбеков

                                                                                                     

«ҚҰЛАГЕР» поэмасына әуен жазған

Құлагер поэмасының әуені бар екен. Авторы — қостанайлық әуесқой сазгер, Нағашыбай Алпысов.  Ақын-жырау қазақ әдебиетінің ақтаңгері, ақын Ілияс Жансүгіров шығармасына 40 жыл бұрын ән жазыпты. Ендеше, ұлт мәдениетіне қосылған ерекше мұраны сіздермен бірге тыңдалық.

 

 

 

 

http://bit.ly/2F7QiGf

 

Тұлпар тағдыры

Жомарт ИГІМАН

 

І. Бастау

Көз жұмулы, көңілім, санам ояу,

Мұңды әуенге салады дала баяу.

Жел үніне ақырын қосыламын,

Әннен мақұрым емеспін қаражаяу.

 

Көңіл күйін дөп басқан сарын қандай,

Көп іздеген ырғағым табылғандай.

Әсерімен әуеннің қалам алдым,

Күйбеңінен тірліктің жаңылғандай.

 

Көптен бері көңілдің күйі болмай,

Жазғанымның жататын иі қанбай.

Жиі қонбай ой-құсым төңіректеп,

Өз-өзіме жүруші ем сүйіне алмай.

 

Көңіл күйін дөп басқан сарын қандай,

Дала сырын ақтарды дамыл алмай.

Өктемсініп, өрекпіп кетсе бірде,

Бірде баяу сыбырлар жалынғандай.

 

Даламенен сырласпын расында,

Серпілдім ғой шыққандай бір асуға.

Сырласуға бел буып өткен күнмен,

Шалқып шабыт, кеңіді құлашым да.

 

Көңіл күйін дөп басқан сарын қандай,

Көп іздеген жоғым бір табылғандай.

Әңгімешіл Даланың айтқандарын,

Ақ қағазға түсірдім жаным қалмай.

 

ІІ. Дала сыры

 

Бастан өтті-ау талай зұлмат сұрапыл,

Қолдан келмес жылағанды жұбату.

Жан сырымды жүрегімен ұғатын,

Бар еді ғой бір ақын.

Көңіл құсы қия-шыңға қонатын,

Ойым-қырым әсем әнге толатын.

Жайлау-жаным жадырайтын жаз болып,

Жырлағанда сол ақын.

 

«Балбырап жер

Балаусаға бөленді,

Жалбырап көл

Жапыраққа кенелді...»

Жыр жолында тайпалмайтын жорға еді,

Сағынамын әлі осы өлеңді.

 

Заманды айтты, адамды айтты, елді айтты,

Жетісудай – жаннат мекен жерді айтты.

Алатаудай асқақ пішін тауды айтты,

Балқаш сынды көлді айтты.

 

Алатаудай биік еді бір өзі,

Көкше көлдей сабырлы еді мінезі.

Ерте туып, кеш қалмасын халқым деп,

Соғатұғын жүрегі.

 

«Жерің анау

Жасыл жібек кілемдей,

Желің анау

Жігіт айтқан өлеңдей,

Көлің анау,

Той ғып жатқан ауылдай,

Күнің анау,

Елжіреген енеңдей».

 

Есімде әлі,

Осылайша көрнектеп,

Өткенімді өлеңменен өрнектеп,

Жырлар жазды. Кез болды-ау сол ақын,

Сұм заманға кер кеткен.

 

Мол қазына көкірегіне жиғаны,

Жыр-теңізге Ақсу болып құйғалы,

Асыққан-ды арманына сол ақын,

... Маңдайыма сыймады.

Ақын өлді, қалды артында арман көп,

Күтті оны жыр тәңірі самғау көк.

Жоқтады ел, мен де қостап егілдім.

Жалған, жалған, жалған деп:

 

... «Аспаннан түскен жасын-ды,

Жасынға тіктім басымды,

Теңізден маржан сүзгендей,

Теріп бір алды-ау асылды.

 

Қаптай да көшкен қауымның,

Қорымы қалды-ау о, жалған!

Ардағы кетіп ауылдың,

Шобыры қалды-ау о, жалған!»

 

Асыл еді, биік еді-ау шоқтығы,

Жасық қалды, жасып қалды, жоқ құны.

Ардағынан айырылған көп тобыр,

Көрді талай тепкіні.

 

Жоғалтып-ап, жылағаннан жоқ пайда,

Өңменінен қадалды-ау көк найза.

Алыптарын оққа байлап берген ел,

Азатынан ұқпай ма?

 

ІІІ. Ақын және мен

 

Тарих-Дала, Дастан-Дала, Жыр-Дала,

Осылайша сыр ақтарды мұңдана.

Дәл сол түні кірді менің түсіме,

Тас түрме мен Тұл қала...

 

Қалада тіршілік атаулы жоқ. Тал-теректердің бұтағы сидияды, газондар орнын  құм-топырақ басқан. Аңызақ жел даңғарадай Тас түрме жақтан соғып тұр.   Түрменің тар дәлізімен тарс-тұрс басып, камераға енемін. Ортада тас орындықта Ақын отыр. Алып тұлға, ірі пішін, отты жанар, қыран қабақ, қырбық мұрт – бәрі суреттегідей. Амандастым, тіс жармайды. Отыр дегенді ишаратымен ұқтырды. Үнсіздіктен қорқып, сөз тиегін ағыттым.

 

Мен:

Текті мінезің жабы мен тұғырды жасқап,

Суырылып шықтың, шабысың тым үстем еді.

Көрнекті жырың келісті ертеңге бастап,

Қаладың рас келешек кіріспелерін.

 

Жалауы болдың, ақын деп еледі елің,

Қалауы болдың ұл-қыздың жайсаң жалынды.

Жаңа заманды жырлаған жаршы-өлеңің,

Ұжымдастырды құрыш қол, қайсар қауымды.

 

Ат жалын тартып адамзат санатқа кірді,

Биіктей берді аспандап баспалдақтарың.

... Ақтарып кейін қарадық парақтарын біз,

Аршылмай қалған тарихтың ақтаңдақтарын.

 

Тәмамдалмады соқталы жыр-дастандарың,

Құлагер-Ақын еңселім, дара тұлғалы.

Бейуақта көгін бұлт шалған нұрлы аспандарым,

Құрбаны бейқұт заманның, жала құрбаны.

 

Шуақ төктің де, қоштастың ілкі іңірде,

Қайырлап қалды жылжымай қайығың алға.

Ұмытқан ел деп күлкіні-ұйқыны мүлде,

Пайғамбар Ақын, айтшы елге

Айыбың бар ма?

 

Ақын:

Өмірің өзгермелі,

Өзгергенін бәрінің көз көргелі.

Болашақты бағамдау мүмкін емес,

Ертегідей ертеңің шіркін... елес.

Күзге айналды көктемім, жайсаң жазым,

Тата алмадым тірліктің балқаймағын.

Сезбей қалдым, ұранға елтіп жүріп,

Шаттығы мол шаңырақ шайқалғанын.

Күзім келді,

Сездім ерте тағдырдың сызын мен де,

Қайырылмайды көктемім шақырсам да,

Қаумалайды қалың ой, жасырсам да.

Айыбым сол, заманға сенгендігім,

Коммунизм елесіне ергендігім,

Өрте деді, өртедік Құранды біз,

Қойынға алдық сарыала жыланды біз,

Шағып алар деп ертең елемедік,

Ескіліктен түңіліп, не демедік,

Ұят-иман қалмады санамызда.

Келешекке мәңгүрт боп барамыз ба?!

Жүрегімді, жырымды арнаған ел,

Күні кеше ақын деп санаған ел,

Жау дегенге сене ме өз ұланын,

Ертеңімнен еріксіз шошынамын,

Қалам алдым Кеңесті жырлаймын деп,

Басқа жолға пейілімді бұрмаймын деп,

Жазықсыздан жазалы болдым неге,

Беріш болған жүректе мұң-қайғым көп.

Жақсы көрген жанымнан жарым қалды,

Балаларым-байлығым, барым қалды.

Кеше ғана көрікті кең дүнием,

Қараңғы бір қапас боп тарылған-ды.

Өз ауылымның итіне талатты да,

Қамады әкеп тар қапас абақтыға.

Алла емес адамнан тарттым қайғы

Азап екен бұл түрме қанаттыға.

Алла емес адамнан тарттым қайғы,

Көкірегінде жақсының тат тұрмайды.

Күншілдік-ай, соңымнан қалмай қойдың,

Қасқыр да жолдасына қас қылмайды,

Қалды артымда қос қызым-қызғалдағым,

Көре алмадым бойжетіп гүл жарғанын.

Үміт, Ильфа – ертеңім ертегідей,

Өкінішім өзекті өртеді ғой.

... Сорлы халқым қоймасаң күншілдікті,

Қызыл итке жем болар қызғанғаның.

Кеше естідім, ұл кепті дүниеге,

Толық емес тағдырдың сыйы неге?!

Кім болады ол, әкем деп мақтана ма,

Әлде жау деп жиіркеніп күйіне ме?

Болат деген атына сай бола ма,

Арманда өткен әкесін ойға ала ма?!

Ажырата ала ма дос, қасын да,

Көрсоқыр боп қала ма от қасында.

Көзі ашықты жайпаған тұлдыр заман,

Кейін қарай бір күні айнала ма?

Кім болады ұл, арқалы ақын ба екен,

Ел бастайтын ақылшы әкім бе екен,

Жол бастайтын жауына батыр ма екен,

Мұқалмайтын алмастай асыл ма екен.

Жо-жоқ, ұлым, ақыннан бақыт жырақ,

Әкімнен де, батырдан қашыпты бақ.

Не мұратқа жетті әкең ақын болып,

Өз түйінін айтады уақыт, бірақ.

Еленбейтін кәсіпті еншілеген,

Бізден гөрі етікші бақыттырақ,

Оған ешкім көз сұғын қадамайды,

«Пәлен-түген» деп жала жамамайды.

Көрмеген соң жұлықтан жоғарғыны,

Жаманат пен кесапат жоламайды.

Тұлпар болсын алдыңда тұғыр болсын,

Айырмайды ол, бәрін де тағалайды.

Ақыны едім елімнің еркелеткен,

Ғұмыр деген, япырау, келте неткен.

Хош бол, ұлым, қалады Аққу-әнім.

Айыптама әкеңді ерте кеткен...

Осы сөзді айта алмай қапаландым,

Көңілден де, көзден де тасаландым,

«Мұртты көсем» қайтқанша қалдым ұмыт,

Тізімінен шығып қап жасағанның.

Кейін ғана ұрпағым атымды атап,

Халқыммен бірге ақталып, қоса ағардым,

Келер ұрпақ, күрделі өмір деген,

Қияндарға жетелер көңіл дөнен.

Ардақтайтын ақынын елім барда,

Мойыта алмас сұрқия өлім-қарға.

Мен бақытты екенмін...

 

IV. Жар күнделігінен

 

«Өрт жайлаған далада қалдым қарап балаға»,

Сырт айналды достарың, қарайласпай жан адам.

«Босат үйді!» деседі кешегі дос санаған,

Өлер болдым құсадан, өлер болдым табадан.

 

«Алжығандай ақылым...Қалмады дос-жақыным»...

Баянсызын дүниенің болжадың ба, ақыным,

Көзі ашық дейтұғын менің жетпес ақылым,

Ерікті, еркін бұл елдің таба алмадым хакімін,

 

«Ері еріксіз, қатыны бос, екеуі де айдауда».

Іш қазандай қайнайды, қызыл тілім байлауда,

Қалай ерді басшылар – өсек, жала, алдауға,

Қайран басым қор болды-ау

түйіні жоқ сан дауға,

 

«Әуелеген ақ сұңқар, қайтпас қайтып қолыма»,

Ақылды боп жаралдым, ажарлы боп сорыма.

Қырындайды жарыместер, су құя алмас қолыңа,

Қатал тағдыр құрсады қиын түйін торына.

 

«Жиырма жыл күмәнда, өтті өмірім тұманда»,

Кезім жоқ қой жұбанған, сәтім аз ғой қуанған.

Келешекке талпындым, осы менің күнәм ба,

Өсек-жылан қалмады, сүйрелеңдеп бұлаңдап.

 

«Қаңқылдап қаз қайтса да, жадырап жаз келсе де»,

Тіршіліктің көктемі өміріме енсе де.

Көңілімнің көктемі оралмады қайтадан,

Ертеңіне ұрпақтың көңіл шіркін сенсе де.

 

«Балаларың қор болмай,өсті, Ілияс ешкімнен»,

Сен кеткелі беймаза талай түндер кештім мен.

Сезім-гүлім ежелден бүр ататын кеш гүлдеп,

Қиялымда Ақын тұр бағдар беріп есті үнмен.

 

Ақталдың-ау ақыры, ақталды жан-арың да,

Қуаныштан гүлдедім, өзің жоқсың жанымда.

Шырылдады телефон, трубканы алдым да,

Сілейіп сәт тұрыппын, осы дауыс жадымда...

 

Осы дауыс, осы үн, отыз жеті күзінде,

Кінәлаған өзіңді басқан інің ізіңді.

Келмей кетті естігім, мүләйім үн-ызыңды,

Алмадым-ау жасыра, жүректегі қыжылды.

 

Солай, Ақын, жан-жарым, мен де кешкем тозақты,

Өзіңменен бір тарттым, ауыр, ащы азапты.

Тепкілеген теріп ап зиялысын қазақтың,

Зұлмат күндер өтті енді, күдіктен мен азатпын.

 

... Осылайша сыр шертеді, бұл күнде тірілер сапында жоқ Фатима-ананың күнделігі...

 

V. Үміт Ілиясқызының естелігінен

 

... Мен біздің елімізде моласы да белгісіз боп кеткен мыңдаған кісілердің болғанын білем, олар – Ұлы Отан соғысының құрбандары. Бірақ жанымды жұбата алмаймын. Есіме әкем сияқты мыңдардың да түскендігінен емес. Ең бастысы – Пушкин айтпақшы, «Тұрады оған барар жол үзілмей»... ақынға барар соқпақты ақыры тапқан халық оны тазаласа, кеңейтсе, айдынды жолға айналдырса екен...

Үміт Ілиясқызы ЖАНСҮГІРОВА,

«Арай», № 6. 1988 ж.

 

Тізгінін жыр-тұлпардың тежемеген,

Ақын жоқ. Кең дүниені кезеді өлең.

Жаны кең, жүзі жарқын, от жанары,

Өлеңі-өмірдастан, асқақ әні.

Әкемнің өзі, сөзі жадымда әлі,

Жаңа үйде жаңа жырлар жазылғаны...

Көркі еді біздің үйдің жақсы ағалар,

Бұл күні ел-жұрты үшін мақтан олар,

Сыр шертіп, әңгіме айтар бас қосқанда.

Көрікті ой, көркем пікір астасқанда,

Төрдегі қара құндақ домбырасын,

Қолға алып, ортаны әнге толтыратын.

Сапарға жиі шығып тыным алмай,

Жүретін, арқасында ел жүгі бардай.

Халқы да «Ілияс» деп қолқалаған,

Азамат, асқақ ақын, арқалы адам.

Лайық емес пе еді құрмет – төрге,

Не таптық асылдарды кірлеткенде.

Ақ емес қара дедік, күйеледік,

Шоқ дедік, сүрінгенде сүйемедік.

Ардағы кеткені үшін жазаланып,

Бірақ та кінәлі емес қара халық,

Жағыну жоғарыға бар арманы,

Жағымпаз, мансапқорлар жалаңдады.

... Сол жылы жайлау барлық жылдағыдай,

Табиғат жан-әкемнің жырларындай.

Тамылжып жыршысына жайып құшақ,

Көкейімде айшықты қалыпты сәт.

Түндігін ашып қойып шаңырақтың,

Жыр жазды айыққанша жамырап түн.

Жайлаудан тамыз айы түгесілмей,

Оралдық, не күтіп тұр білесің бе?

Ертеңінде қара бұлт бізге төнді,

Жаналғыштай көлеңке үйге енді.

«Бір білместік болған-ау қорықпаңдар,

Ертеңнен күдер үзіп торықпаңдар!».

Деді әкем кетерінде сабыр сақтап,

Оңай екен адамнан қадір қашпақ.

Ту-талақай болды ма мол мұрасы,

Қақ бөлінді қастерлі домбырасы...

 

   VI. Түйін

 

Шат заман деп жырға қосқан — кезеңің,

Түнек болып өр еңсеңді езеді.

Қадір тұтқан тұстастар да тұтылды,

Кезек жақын, оны жүрек сезеді.

Ақылды лек құрбан болды жаладан,

Ақын-жүрек қиянаттан жарадар.

Ақ дегенің қара болды ардақтым,

Ала қолды алған кезде жағадан.

Отыз жеті... Есіне алса сан адам,

Егіледі өтсе де жыл арада.

Халық ұлын мәңгі танып,  шығарды,

Жау деген бір жат ұғымды санадан.

Өлтіріп ап өкінгені не еткені,

Қоғам, заман, адамға артық өкпені.

Қағаз, қалам қолға ұстау мұң болып,

Соңғы жырың кейінгіге жетпеді.

Мүмкін болса қырандайын қомданып,

Жыр төгер ме ең абыздайын толғанып.

Ақиқатты айтар ма едің ашынып,

Нәубат шаққа қарғыс айтып, қорланып.

Таразылап қылмыс пенен жаланы,

Елден бұрын жаралы һәм жазалы.

Елден бұрын тілімденген жүрегі,

Айтар ма едің ақындықтың азабын.

Төге алмай көңілден мұң-жасыңды,

Арыстандай қапас торда аһ ұрдың.

Өзегіңді өртеді ме өкініш,

Аманат сөз қалдыра алмай ақырғы.

Қателесті қаскөй тобыр жырынды,

Екі жүзді езінен ел түңілді.

Алыптарын қайта тапты туған ел,

Ұрпақтарың жатқа оқиды жырыңды.

Жазғанына сыйлап кетсе мол-ғұмыр,

Тұйықталды деп кім айтар жолды бұл.

Өлеңінде ақын өмірбаяны,

Өлгеннен соң жазылады соңғы жыр.