«ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВКЕ-125». (33)

«ІЛИЯСТЫ ТАНИ БІЛУ — ҰЛТ ПАРЫЗЫ»

 

Осы бөлімнің бүгінгі парағында «Ілиястанулық» еңбектерімен танылып жүрген біраз әдебиет-өнер мамандарының І.Жансүгіровтің сан-қырлы жанрдағы  шығармашылықтарына берген талдаулық жазбаларды жариялап отырмын. Авторлары — Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА, Мұрат ИМАНҒАЗИНОВ және  Анар ФАЗЫЛЖАН.

Танысыңдар!

 

 

 


Өлеңнің ерен жүйрігі

Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА,
Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің 
аға ғылыми қызметкері
Жетісу газеті,  25 ақпан 2018 жыл

    Биылғы 26 ақпан біз үшін ерекше аталып өтетін күн. Өйткені, осыдан дәл 80 жыл бұрын әдебиет әлемінде құнды мұралар қалдырған қаламгер, ақын, жазушы, драмашы, прозашы, фельетоншы, очеркші, қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, қоғам қайраткері  Ілияс Жансүгіров  Кеңес өкіметі билігінің тұсында әдейі ұйымдастырған қызыл қырғынның құрбаны болды.


Күйіндей домбыраның құлдырасын,
Суындай Алатаудың сылдырасын.
Сөздердің асыл, көркем тасын қала,
Ұйқасы өлеңімнің сыңғырасын, – деп  сөзден сұлу сарай тұрғызып берген өлеңнің өрен жүйрігі Ілияс ЖансүгіровЖетісудың Ақсу аймағында 1894 жылы жазға салым дүние есігін ашқан. Анасынан 4 жасында жетім қалған Ілиясқа әліпбиді әкесі Жансүгір танытады. Кейіннен Жетісудағы Мамания мектебінде білім алғаны жөнінде өз өмірбаянында: «...Матайдағы атақты Маман, Тұрысбек тұқымы тәрбие, салт-сана жөнінен де өзгерістер кіргізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқыттырды. Бұхарадан оқып шыққан  Қасен молда «Сүттіген» деген жерде имам екен. Мені осы Қасенге әкем әкеп бергені 1910-шы жылдың мөлшері. Мұнда бір ай жарым оқыдым. Тұрған орным келіспей, ауырып, ауылға кеттім...», – дейді.
Өткен ғасырда қазақ даласында алғашқылардың бірі болып оқу-тәрбие орнын ашқан Қалқабайұлы Маман және Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл Қарағаш қорығында Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінің үлгісімен 8 жылдық медресе салады. «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне мектепке білімді қазақ мұғалімдерін шақырған жарнамалар жарияланып, қазақ жерінің түкпір-түкпірінен мұғалімдер келеді. Мектептің ашылу салтанатына Қазан қаласынан Мұстахым Малдыбаевпен бірге атақты әнші Майра Уәлиқызы да келеді. Мұстахым Малдыбаев медресеге бір жылдан астам ұстаздық әрі басшылық еткен соң елдеріне қайтпақ болып, жолға жиналады. Жол жүрер алдында әнші Майра Уәлиқызы Ақсу жұртына «Қоштасу» әнін арнайды. Ұстаздардың, жалпы қауымның атынан бозбала Ілияс Майра ақынға ризашылық білдіру мақсатында жауап қайтарады:
Майра апай сіз бе едіңіз өнері асқан,
Құмар ем сөзіңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде,
Тіл қаттым жастығыма қарамастан.
Мен де бір талаптанған ініңізбін,
Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың.
Қабыл ап, өзіңізге өлеңменен,
Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.
    «...1912 жылғы күзде «Қыли мектебіндегі» ноғай мұғалімге оқуға кірдім. Оның сабағы – құран, оқу, жазу, есеп. Мұнда төрт жарым ай оқыдым да, оқи алмай кеттім...». 
...Ежелден ескеруші ем елдің сөзін,
Бұлақтың тазалауға тінтіп көзін.
Бар ма деп ашпаған сыр,айтпаған жыр,
Құлақты қырға түріп жүрген кезім...
 Сөзге сүйірлеу, құймақұлақтау бозбала хат білген соң өлең кітап, қиссаларды қызығып  оқып, кейін аймақтың, ауылдың өлеңшісі де болады. Жарып топ бастап, таңдап әріптес алып айтысады. Тойды таңға тарқатпай ауыл әлеуметін  ауызға  қаратады. (Ілияс Жансүгіров. Өмірбаяным. 1928 жыл).
«Өлеңге  Жамбыл – жүйрік, әнге – Кенен, 
Су жорға Үмбетәлі – қара дөнен» – деп ақын жырлағандай, сол Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Сүйінбай, Бақтыбай, Қуат, Құл ақындардың  үздік қырларын бойына дарытты.     Нәтижесінде Бөлтірік, Бейсембай, Шындыбай, Үмбетәлі ақындардан Сүйінбайдың көптеген шығармаларын  жазып алып, 1935 жылы «Сүйінбай ақын» деген жеке жинақ құрастырып шығарды. 
 Кітаптың алғысөзін жазған Жансүгіров: «Сүйінбай ұлы дүбірде жарысқа түскен, өлеңді ойдан желше соқтыра беретін жезтаңдай ақын», – деп өте жоғары баға берген.
Әсет ақынды пір тұтып, керемет өнерін көрген Ілияс Жансүгіров «Бұлбұлға», «Тұңғыш тоғысу», «Әнші» атты Әсет Найманбаевқа арнаған өлеңдерін жариялады.
Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебені дәсерлетіп.
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Талдырып, талықсытып, тамылжытып,
Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.
Самғатып, саңқылдатып, cap желгізіп,
Өрлетіп, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Ілияс жазу-сызуды білгеннің нәтижесінде бала оқытады. 1914 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармаларымен танысқан соң жазуға талабы оянады. «Тақырыпқа да, түрге де Абай торында қалдым» – дейді. Сол жылы бірнеше өлеңдер шығарып, жинақтың атын «Балдырған» қояды.  
1920 жылы оқуға талпынып, Алматы, Ташкент қалаларында қысқа мерзімдік мұғалімдер даярлайтын 2 жылдық курсқа түседі. Сол жылдары Түркістан Халық ағарту комиссариатының Қырғыз (қазақ) ғылыми комиссиясының мүшесі ретінде Сырдария, Жетісу облыстарына жасаған экспедицияларды Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев басқарды. Ел әдебиетін жинайтын комиссияға Ілияста ілігіп, төрт ай жұртты аралап халқымыздың бай қазынасын түгендеумен айналысты. 
Сөз зергері «Ақ жол» газетіне корректор бола жүріп, Ғани Мұратбайұлының ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газетін шығаруды қолға алады. Алматыда шығатын «Кедей еркі» газетіне тілші болады. Осы жылдары газет беттерінде  ақынның бірнеше өлеңдері жарыққа шығады.
Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап,
Төк қағазға барыңды...
...Қағазда заула арман сөз,
Жас жүрекке жалынды.
Жаппай сауатсыздықпен күресу қолға алынып жатқанда, 1921 жылы елге оралып, Белтоған ауылындағы мектепке мұғалімдікке  орналасады.
Алдымда айқын айнам бар,
Алдымда жойқын майдан бар.
Ағарту елді – майданым!
Жарлы-жақыбайлардан құрылған Жетісу облысының «Қосшы» ұйымына мүше болды.
Алқынамын, басылмайды арыным,
Тау селіндей екпін қайрат, сарыным.
Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау –
Жандағы ауру, жүректегі жалыным.
«Қысқа қарсы Алматыға келдім. Талабым оқуға кіру еді. Бірақ таныс жолдастарым қызметке кіргізіп жіберді», – дейді өмірбаянында. Оқуды аңсаған ақын қызметке қызу кіріседі. Қазақ-қырғыз ағарту институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, кейіннен 1924 жылдың  23 ақпанынан бастап осы институтқа директор болып белгіленеді. 1925 жылы Алматы Губерниялық оқу бөліміне (ГубОВО) меңгеруші болып тағайындалады. Осы кезде Жетісу губерниялық атқару комитетінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері  Ыдырыс Көшкіновпен қызметтес болады.
...Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен.
Басына кешке таман Шырғанақтың,
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен...
Жауыққан жауым надандық
Өнерсіздік – өштесім,
Қараңғылық – қастасым,
Жігерім жегем жеңерге.
«Білімнің аздығы, надандығым басымдығы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсай бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп Мемлекеттік Жорналистер институтына түстім....».
«Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де оқығалы 3-жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқыған болам», – дейді. 
Ынтам өлең көксесе,
Көңіл сөзге қозғалса.
Бойдың күйін ой жексе, 
Қаламды қуат қолға алса:
Мені жаз деп топырлап,
Бермес маза шіркіндер.
Алдайтын да байлайтын,
Болар көбі сол күндер.
Білім ала жүріп қолынан қаламын тастамаған қарымды қаламгердің «Сағанақ», «Беташар» өлеңдер жинақтары 1927—1928 жылдары жарық көреді. 1928 жылы аталған оқу орнын бітіріп, елге оралағаннан кейін «Еңбекші қазақ» газетінде,  Қазақ драма театрында әдеби қызметкер болып қызмет атқарады. 
  Ілияс Жансүгіров 1928 жылы жазған өмірбаянында 1920 жылы күзде Ташкентке келгені жайлы айтып: «...Тәшкенде алғаш қазақ институты ұйымдастырылған жыл екен (1920 жыл). Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып, калезейде өлең айтып, баламен айтыстым....», – деген болатын.
Театрдың даму, өсіп-өркендеу жолы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір-тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және мәдениетімен тығыз байланысты екенін түсінген ақын театр саласына да үлкен үлес қосты. Ол 1929 жылы «Театр туралы» мақаласында: «Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі — театр. Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр – көңіл көтерудің орны ғана емес, мәдени ошақ», – деп, жанашырлық танытады.
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов: «Мен Ілиясты бұрын да білуші едім. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін». Бұлай деуінің себебі Ілияс Жансүгіров туған өлкесінің тамаша табиғатын, өзен-көлдерін, тауларын, құс-аңдарын өзгеше шабытпен өлеңге қосты.
Жер таппан жерде жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын...
 Туған өлкесі Жетісудың тарихын жетік меңгеріп, жан-жақты таныған жазушының орыс отаршылдығы мен 1916 жылғы көтеріліске қатысты «Жетісу өлкесін орыс алуы», «Ұзынағаш соғысы», «Жаркент оязында», «1916 жыл деректері», «Лепсі оязында», «1916 жылғы оқиғада менің көргенім» тақырыбындағы деректі дүниелері жинақ болып жарық көрді.
...Ескінің ертегі айтсам ертесінен:
Жетісу қан малшынған белшесінен...
 Жасынан ән-күйді терең сезініп, жанымен түсінген Ілияс Жансүгіров домбыраға бірнеше өлеңдер арнап, 1929 жылы «Күй» поэмасын жазды. Бұл поэмада Ілияс Жансүгіров қобызшы Молықбай Байсақұлын дәріптеп, оған өлеңмен өшпес ескерткіш тұрғызды. 
Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,
Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы.
Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бол ма
Тілден анық үн барда?
Домбыраның күші мол 
Көмейінде күй барда!
 Бүгінде ақынның «Домбыра» өлеңіне ән жазылып, оны ұлттық өнерге қамқорлық танытып, асыл мұрамыздың қаймағы бұзылмауына өз үлесін қосып жүрген Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының аға оқытушысы, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов орындайды. 
 Сондай-ақ, Ілияс Жансүгіров асқақ ақын ғана емес, әншілік, орындаушылық, композиторлық өнерімен бүкіл қазақ даласына танылған ерекше дарын иесі, Арқаның ардагер ақыны Ақан Қорамсаұлының өмір шындығын терең жырлаған.
Туғаны Арқадағы Арғын елі,
Өскені Көкшетаудың шалғын жері.
Ащы тіл, асау мінез қылығынан,
Атанып кетпеді ме «азғын», «пері»?
Лақабы – әлде әулие, әлде пері,
Арқаның атақтысы Ақан сері.
Көкшеде сұлу сүйіп, өлең айтқан,
Бұлаңдап тақымында Құлагері.
Ілияс Жансүгіров мұраларының құндылығы оның өрнектелген өлеңдерімен  қоса, композиторлық қыры. 
    «...1922 жылы Алматыда Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың Октябрь мейрамына парадқа бара жатып, айтқан өлеңдеріне, салған әндеріне Ілияс қатты назаланып, «Жастар ұраны» деген өлеңін сол ұранға арнаған «Жастар» дейтін  әнімен «Абай» балаларына үйретіп еді. 1923 жылы май мейрамына балалар Ілиястың әнін айтып шықты», – дейді Ф. Ғ. естелігінде.
Біз, жастар, заманның 
Иесі, қожасы.
Жаралған адамның
Жалынды, жаңасы...
  Қазақ музыкасын алғашқы жинаушы, композитор, этнограф, қоғам қайраткері А. В. Затаевичтің «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» атты еңбегінен Ілияс Жансүгіровтің жаздырған әндерін көруге болады. Онда Александр Викторович былай дейді: «...Ілияс  Жансүгіров – өзінің туған жері  Жетісудың әндері мен күйлерін шебер орындаушы, қазақтың музыкалық шығармашылығын жоғары бағалайтын және білетін талантты жас ақын және журналист. Ол маған көптеген әндер мен күйлердің тізімін берді. Оларды жариялауды келесі жолға қалдырып отырмын (өйткені Жетісу губерниясының материалдары бұл жинаққа кірмейді, әлі жиналу  үстінде)....».
Бұл жөнінде 1936 жылы араб әрпінде жазылған «Ақтарусыз жатқан қазына немесе ән-күйлерімізді жинау хақында» қолжазбасында Ілияс Жансүгіров: «...Істелген нәрсенің бір қабырғалысы Затаевичтің жинаған 1000 әні. Елде не көп – ән көп, күй көп, өлең көп, әңгіме көп. Мұның бәрі әлі жинаусыз жатқан кен. Ақтарусыз жатқан қазына. Енді жинап жүрген 500-дей әні бар. Затаевичтің бұл еңбегі арқылы қазақ шашылып жатқан әнін жинап алып отыр...», – деп жазады.
Ілияс Жансүгіров 1936 жылы жазған «Құлагер»  поэмасындағы әнші Ақан серінің Сағынайдың асына келгенде айтқан әндерін А. Затаевичке нотаға түсіртіп, жаздырды ма екен деген ой туындайды.  
Ән тәтті Ақан салған Арқадағы:
«Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқалары».
Салғанда «Сырымбеттей» сүйікті әнін
Қасына жиылған жұрт тарқамады.
«Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман»,
«Жайдарман», «Жайма  қоңыр», «Кер қашаған».
«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» – дегендердің
Бәрі де – Ақан баптап салатын ән.
Өлеңге сұлулықты қосты талай:
«Ақмарқа», «Ардагерім», «Тастүлегім».
«Ақ  шашақ», «Жайма-шуақ», «Кербез керім» –
Ақанның  асты  ұйытты  осы  әндері.
 Ілияс осы әндерді санамалап бергеніне қарағанда, ол әндерден өзі де хабардар екенін байқауға болады. Әрине, бұл тек қана болжам. Ол үшін ізденістер қажет.
Ілияс Жансүгіровтің жақын туысы Құсайын Шәкеновтің айтуына қарағанда Ілиястың жасөспірім кезінде ауылда жүріп  шығарған бірнеше әндері болған. Сол әндердің бірі зайыбы Ілиястың өзі сүйіп орындайтын – «Шилі өзен, қамыс-ай» әні. Оған  айғақ ретінде тағы бір мысал келтірейік. Ілиястың зайыбы Фатима  Ғабитова былай деген екен: «Ілияс кейбір кездерде жолдастары ортасында ән салатын. Оның салған әндерін сүйсіне  тыңдаушылардың бірі – Ғабит  болатын. Ілиястың сол күндерде салған әндерін осы күні бұлжытпай Ғали Орманов орындайды. Ілиястың қоңыр, көркем үнін ұдайы естеріне алатын Ғабит, Ғалилар да Ілиястың дауысының баритон екенін айтар».
 Қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің балалар әдебиетіне қосқан үлесі аз емес. 1934 жылғы Қазақстан жазушылары І съезінде жасаған баяндамасының «Балалар әдебиеті» бөлімінде: «Біздің үлкен олқы жеріміз – балалар әдебиеті. Социализмнің жаңа жұртшылығы, жас жеткіншегі – балалар туды, туылып жатыр, өсіп келеді. Бірақ балалар әдебиеті туған жоқ. Балалар кітапсыз өсіп келеді. Қолдағы бар деген кітаптар балалардың мың тілегінің біріне де жарамайды...», – дейді. 
Оның балаларға арнап жазған бірнеше өлеңдері бар. Соның бірі «Бөбек бөлеу».
Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек,
Бөлейін бері кел, бөбек. 
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым төр төсек.
Бөпешім, бесік – отауың,
Отауыңа кір бөбек...
Ілияс Жансүгіров орыс және дүниежүзі классиктері шығармаларын қазақшаға аударған. А. Пушкиннің «Евгений Онегин» атты романын 1936 жылы қазақ тіліне тұңғыш аударғанда сол. Аудармадан мысал келтірейін:
Любви все возрасты покорны,
Но юным девственным сердцам.
Ее порывы благотворны,
Как бури вешние полям...
Махаббат жас талғамайды,
Қыз, бозбала жүрегіне.
Сүю, серпін тиер жайлы.
Жазғы желдей соққан гүлге...
Ақын өмірінің көп уақытын жұмыс бабымен іссапарларда өткізген. Ол жанұясына сағынышын былай жеткізеді:
Аманмын, Еділдемін, жолым жайлы,
Тепшілеп теріп жүрмін Исатайды.
Келемін Астраханнан жоғары өрлеп,
Жеріне жолаушыға жету қайғы.
Қаласы Сталинград алдымызда,
Пароход осы арада көп тоқтайды.
Фатима, еркелетіп Азатымды,
Сүйіп қой ағасы үшін Үмітайды!
 1927–1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. 
Ілияс Жансүгіров «Қазақ көркем әдебиеті» баспасының поэзия бөлімінің редакторы қызметін атқарып жүргенде 1937 жылы 11 тамыз күні жалған саяси  айыппен тұтқындалды. 
Талайлар жаудың торында,
Талайлар жаудың қолында.
Талайлар жаудың оғында,
Талайлар талай қан жұтқан.
 Ақынды алдымен абақтыға жапты, алты айдан соң 1938 жылдың 26 ақпанында атты. 
Үш тосарлы қанды ауыз,
Ол бораға түскен күн;
Қара қабан, жалмауыз,
Қорқырап қанын ішкен күн.
 Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров өзі жырлаған «Құлагер» поэмасындағы Құлагерінің тағдырын қайталады. Өмірі өнегеге айналған ақын шарықтап тұрған 43 жасында Қылмыстық кодекстің 58-статьясының 2-8-11-баптарымен айыпталып, ату жазасына кесілді.
Өмірде бастырмастан көңілін өрге,
Кім еді ел талантын тыққан жерге?
Қыз емес, қара күш пен қаңқу сөздер,
Ертерек ер жүрегін көмген көрге!
  Елімізде отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың құрбаны болған аса көрнекті қазақ ақыны, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров 1957 жылғы 12 сәуірде ғана толықтай ақталып, туған халқымен қауышты.
Халқымның қуанышты бұлбұлымын,
Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.
Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,
Жүлде алар жұма сайын туды күнім. 
Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ,
Көңілі судай тасып, оттай маздап.
Ескі күн елім көрген енді ойласам,
Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ, – дегендей, бүгінде  ақынның аңсаған арманы орындалып, Қазақ елі Көк байрағын көтеріп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрды. Кешегі кеңестік кезеңде солақай саясаттың құрбаны болып атылғандардың мүрделері Алматы облысының Талғар ауданы, Жаңалық ауылының маңынан табылып, республикалық «Әділет» қоғамының араласуымен 2002 жылы ескерткіш тұрғызылды. 
 Қазақ әдебиетінің классигі, шоқтығы биік ақын Ілияс Жансүгіров 15-ке жуық поэма жазған. «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ әдебиетінің өлмес туындылары.
Ғабит Мүсірепов І. Жансүгіров творчествосы  жайында: «Мен  өзім  бізде Абайдан соң Ілиястан артық ақын бар деп ойламаймын. Ілияс өресі биік, өрісі кең эпик ақын еді. Егер Ілияс Жансүгіров поэмасының көркемдік биігіне осы күнгі ақындарымыздың көбісі,  тіпті ешқайсысы да жете алған жоқ десем, маған ешбір ақын  өкпелемес деп ойлаймын», – деп жоғары баға берген.
    Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров кемеліне келген, қырықтың қырқасынан енді асқан, ақындықтың бәйгесінде арындап алға шыққан шағында тоталитарлық жүйенің, әділетсіз жаланың құрбаны болды.
    Аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындыларды дүниеге әкеліп, әдебиеттің барлық жанрларында қалам тартқан әмбебап дарын Ілияс Жансүгіровтің опат болған күніне орай Талдықорған қаласындағы әдеби музейінде жыл сайын ақынды еске алу кеші ұйымдастырылып,  Құран бағыштау дәстүрге айналған. Осыған орай биыл Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінде кезекті еске алу кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсатымыз – бүгінде бізге жетіп отырған құндылықтарымызды бағалай білу, ақынның есімін жаңғыртып қана қоймай, шығармаларының рухани нәрінен сусындап, ой-санамызға азық ету, жастарға рухани тәрбие беру. 
    Ақынның әдеби музейінде 31 мамыр – Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де атаусыз қалмайды. Бұл шара барысында да зұлмат зардабынан шейіт болған абзал арыстарымыздың қалдырған мұралары мен өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жеткізуді, өшкенімізді жағып, өлгенімізді тірілтуді мақсат етеміз.
   Ел қадірі мен ер қадірін, сөз бен өнер қадірін жете түсінген кемеңгер ақынның рухына тағзым етушілер оның музейінен  үзілмейді.

Ілияс Жансүгіров — лирик ақын

Мұрат ИМАНҒАЗИНОВ

«Ілиястану» еңбегінен

 

Жалпы ақындық  қасиет  адамға  ерте   қонатындығы, әдетте  өлең  шығару  жас кезден басталатыны  дүйім  жұртқа   мәлім  факт. Бірақ  сондай   дарынға  түрткі  болатын  игілікті жайт-ойы  мен  көңілін  қозғар  орта  болмаса, оған  қандай  да  бір  жағдай  жасасаң да, одан шығар  нәтиже  шамалы.
 Ілиястың  өскен  ортасы да, өмір кешкен қоғамы да оның ең алғаш қалам тартып, ақындық жолға түсуіне түрткі  болған, дарынын, ішкі талант құбылыс-қасиетін ашқан, әсемдік әлеміне жетелеген – Жетісу  табиғаты мен өзінің туып-өскен жерінің сұлулығы. Әдетте, сұлулыққа тәнті болған адам ғана  құштарланады, іңкәрлік  сезімге  бөленіп, толғанысқа, қиял-сезімге бой ұрады. Бұл жайтты Ілияс та басынан кешірген. Бойындағы  сезімтал  қасиеті оның ойын  сан-саққа  жүгіртеді, қинайды, әбден қалжырап, бәлкім қасындағы өзін  сезетіндей адам табылмағасын қолына  қалам  алуы да  ғажап емес. Алғашқы өлеңдерінің бірінде  былай деп  жырлайды:

Ащы  көңіл,
Тұщы өмір,
Төсек –темір, бар  ма дос?
Қайғы баптап,
Ойды шақтап  
Сырғанақтап жүрмін бос.
           ( «Шам-шырақ») 

Немесе:
«Жел жалауды желбірет!» деп, ішкі дерттті  қалай  шығаратын   білмей  дал  болады.

Жоғарыда  айтып  өткеніміздей, Ілиясқа  жас, албырт кезінде  табиғаттың  сұлу  көрінісі  ерекше әсер  еткен. Табиғатқа  іңкәрліктен  туған  балғын  жырлары  айналадағы  тылсым  сәт  пен жарқыл  қаққан  өмір көріністерінен туса, кейінірек эпикалық шығармаларға  батыл  ауыз салады.

 Ілияс  поэзиясындағы  мөлдір  арнаның бірі - табиғат  лирикасы”— дейді, академик Р.Нұрғалиев өзінің “Арқау” атты   монографиялық  еңбегінде. “Туған  жерін, елінің  тау-тасын  өзен – көлін  беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап  сұлулығынан өз шабытына нұр алып, сан алуан бояулары  буырқанған  ғажап  суреттер  салды. Бұлардың ішінде нақты  географиялық  адресі  танылған (“Ағынды менің Ақсуым”),  табиғаттың  бір   сурттегі көрінісін  бейнелейтін (“Ақшам”, “Бұлт”, “Желді күн”, “Жазғы таң”),құбылысты  көз  алдыңа  әкелетін  (“Жауында ”, “Жел ”, “Тас”) сан  алуан  үлгілері   бар.  Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылардағы ойлар, символдық бейнелер, ишарат образдар философиялық идеяларға  жетелейді, көп  мағыналы  сарын- әуездерді  тудырады”.

Шынында да  ақынға  суреткерлік, қылқалам шеберлігі  секілді  қасиетке ие болмай, ірі полотно жазу мүмкін емес. Ілияс өз  бойындағы  осы  бір  буырқанған  қасиетті  ауыздықтай ала  алды  ма? -Жоқ ! Шынайы дарын тірі, көрікті табиғатты сезіне отырып оның  тылсымынан  шыға  алмастан, оны  мүмкін-қадірінше  одан әрі  игергісі  келетіндіктен, қаламын сілтей берді.

Қазақ  ортасында  өлең өнері ертеден-ақ  ерекше  орын   алды десек, табиғатты  жырлау кенже қалған тақырыптардың бірі. Ілияс  мұны  сезінбеуі мүмкін  емес. Сезінді де, осы  тақырыпқа ерекше  ден  қойды.  Ілиястың табиғат лирикасына орай  жазылған қай  өлеңін алып қарасаңыз да, ондағы стил өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы  айқындалып тұрады.
Өлеңіндегі эпикалық  кеңдік, теңеу, эпитет, метафора, градация, эпифора, анафора байлығы оның поэзиясындағы  негізгі   белгілері десек, одан  халықтыќ, фольклорлық  леп  ескендей сезіледі. Олай болуы заңды да. Халқымыздың құт- берекесі  дарыған, көне  заманнан  даналық пен  ақындық  мекені  болған Жетісу  жерінің  перзенті Ілияс  бала  күннен  бастап  өлең  мен жырдың  қойнауында  туып, сонда  өсіп-өркендеген. Нәтижесінде,  нағыз  халықтық  пафоста, танымдық-білімдік тұрғыдан берері мол, этнографиялық  ғылым саласына  жақын  жазылған  өлеңді  оқып  тамашалайсыз.

Ақ үйге  алты  қанат  келсем  кіріп,
Босаға, маңдайша мен  табалдырық,
Кереге алты  жапсар, алпыс  уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.
Құр, таңғыш, басқұр, арқан, екі аяқ бау,
Төрт ірге, есік  жабық, ши туырлық,
Он бес бау ішкі-сыртқы  белдеу, желбау,
Тұскиіз көрпе, көпшік,  шай  шымылдық
Текемет,  жастық, шапан,  кілем, сырмақ,
Алаша, бешпет, көйлек, сәлі бөрік,
Самаурын, үстел кесе,  шәйнек, шәугім,
Дөдеге, сандық,  кебеже, ақ  түндік...

Бұрын-соңды мұндай өлең жазылмаған. Бұл қазақ  поэзиясындағы  жаңа  серпін,  жаңа  үрдіс. Бұл-өлең үлгісін Ілияс жас шағында жазған. Қазірде  ұмытыла бастаған үй- жабдығын өлеңмен өріп, атауын  атап, түсін  түстеп беру  Ілияс шығарамларын ерекше ажарландырады. Осы тұрғыда  жазылған  өлең үлгілері Ілияс поэзиясында кейінгі  кезеңдерде берік  орын  алған.

«Жетісу суреттері» өлеңі Ілиястың ең айшықты  шығармаларының  бірі. Өз тұрғысында М.Әуезов  бұл  шығарманы бағалап,  былай деген  еді: «Мен  Ілиясты  бұрын  білуші ем, өлеңдерін  оқып  жүретінмін. Бірақ  оның шын мағынасында  дарынды ақын екенін мойындағаным  сол «Жетісу суреттері»  өлеңін  оқығаннан кейін» дейді. «Жетісу  суретінде» ақын 52 тіршілік  иелерін  атап  өтеді. Өлең  жолдары былай келеді:

Мінеки. Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқпас, сипті, шымшық,
Шапшақай, майлық, маубабұқа, шөже, 
Тоқылдақ, сан–сапалақ атаулысы...

 Ал  аңдар  атаулысы: сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр шибөрі, қарсақ, сусар, бұлғын, жанат таутеке, арқар, қарақұйрық, суыр, марал т.б. Жыртқыш  құстар: тазқара, балтажұмар, құмай   жұртшы, су бүркіт, лашын,  тұйған, тұнжыр, тынар, мықи, ителгі, бәрпі, қырғи, тұрымтай, бидайық, бүркіт, тығанақ  тағы басқа  да  құстар  мен  қазірде  ұмыт  болған  ағаш-шөптердің атаулары  өлеңде   ерекше  жарасым тауып, табиғи түрде  орын  тепкен.

Долана, ұшқат,  шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл  қайың, барша, шынар. 
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,

Үйеңкі, сырғай, балғын, тораңғылар,
Сарыағаш, түйеқұйрық бауыр  құрттар, 
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды  ағаштардың  талайы бар....»-деп, Жетісудың бай,  шүйгін табиғатын  жырға  қосады. ...

 

Осы жерде өлеңді бір тыңдап алайық:

«Жетісу суреттері»

Сезім тербеткен өлке" (015)

Білім және Мәдениет арнасы. 8 қаңтар 2015 жыл.

 

Тегінде, «Жетісу суреттері» «Жалпы сын», «Тау  суреті», «Жетісудағы су  суреті», «Жетсу жәндігі», «Жер түгі» тәрізді  бес  бөлімнен, 333 жолдан  тұратын  көлемді   туынды. Бұл шығарма  асқан шебердің  қолынан  шыққан, құлпырып  жайнаған, ерекше  пафоспен  жазылған қазақ поэзиясындағы  еш қаталанбас  құнды  поэзиялық  мұра.

Қазақ әдебиетінің  құнарлы  саласының бірі - поэзия  болса, Ілияс сол құнарлы  салаға  бар күш-қуатын  сарқа   жұмсаған  алпауыт  ақынның бірі. В.Г.Белинский Пушкин  мен Лермонтов поэзиясына орай «Бүкіл әлем,   гүл, бояулар,  дыбыстар,  бар  жаратылыс, барлық  өмір-поэзия дүниесі, осы  құбылыстарды  құпия  қуат, оларға  тіршілік,  ойнақы өмір  беретін  сырлар поэзияның жаны  мен  тетігі. Поэзия - әлемдік  өмірдің қан тамырының  соғуы мен сол  өмірдің қаны  мен оты, жарығы мен  күні»— десе, бұл анықтама Ілиястың да поэзиясына қатысты айтылған сөз. Олай болатыны — жоғарыдағы атап  өткеніміздей, Ілияс  поэзиясы  бастан-аяқ қазақтың  халық  әдебиеті  мен халық  тілінен нәр алып дамыған шығармашылық  десек, оның тағы да  бір қайнар бұлақ  көзінің  бірі-классикалық орыс  әдебиеті. Бұл  бұлақтан  өз  тұсында әуелі  ұлы  Абай сусындаса, сол Абайдың сан-салалы поэзиясынан  Ілияс  та  үйреніп,  өзіне тәлім  алған.

Кейін  жиырмасыншы  жылдары  Пушкин, Лермонтов,  Крылов, Державин, Некрасов т.б. ақындардың  шығармаларымен көбірек  шұғылдана отырып, олардың бірқатарын қазақ тіліне аударады. Сонымен бірге  әлем әдебиеті   классиктері Гюго  мен Гейне, Гете, татар  ақыны Ғ.Тоқайды,  тәжік ақыны К. Лахутиді және басқа да  дүние жүзі поэзиясының өкілдері мұраларының  қыр-сырына  үңіліп, одан үнемі үйреніп, үлкен ізденіс жасағаны Ілияс поэзиясының  диапазонын  кеңейтті.

Ілияс Жансүгіров поэзия  әлеміне  жастай  келді  десек,  атап  өткеніміздей, балғын, талапкер шағында Абайдың поэзиясы оған  ерекше  әсер  етті. Әйтпесе, Ілиястың  жас  шағындағы «Құтырған  күндеріндегі»  өлеңдері  әр-әр  жерде  айтылған  жерінде  қалып, көп  мұралы сақтаусыз шашылып қала берген. Сол өлеңдерінің  алғашқыларының  бірі «Балдырған»  атты  жинақ  дәптерінде  енген  Абайдың  әсерімен  жазған  өлең  нұсқасы  төмендегідей  келеді.

Салды бұлақ енді  әнге,
Құйқылжытқан келді  әнге.
Тау мен тас  мұңданып,
Арғы мен  салды  бергі  әнге.
Ағаш, тоғай   қуанып,
Әкетті ертіп  жерді әнге.
Жан-жануар  таңырқап,
Тамсандырды  елді  әнге.
Тоқсан  толғап қайырып,
Тоқтады барып әреңге...»- деп  жырлайды.

Мұнда  не  ұйқас, не форма, не өлең  өлшемдері сақталмаған. Бұл Абайға  дейінгі  өлеңдері. Бұдан кейін, өзі  айтқандай, «... Абай артық  әсер  етті. Ойым ояна  бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік,сілкініс, жүрегімде жаңалық  сездім. Жазуға  талабым оянды, Келсе  де  келмесе   шұқылып,  өмірді өлең қыла  бастадым....»-дейді.
 

Ақын поэзия әлеміне 18 жаста келеді. Оны дәлелдейтін мына  факт. 1958 жылы Қалижан Бекқожин «Халық өмірінің  өрен жыршысы»  деген мақаласында: «Біздің әдебиетшілеріміз Ілиястың  ақындық  өнер  адымы 1919—1920 жылдардан басталды деп  келді. Бұл қазір теріске   шықты. Алматының Пушкин атындағы көпшілік кітапханасының архив  қорынан жуықта ғана табылған Ілияс Жансүгіровтің өз қолымен  жазылған  екі  өлең  дәптері ақынның  өлеңді 1915—1916 жылдардан бастап  жазғанын дәлелдейді».

 1986—1988 жылдар арасында баспа бетін  көрген «Бес томдық  шығармалар жинағында» Ілияс Жансүгіровтің бұл томында ақын  өлеңдерінің  жазылу  хронологиясына қарай жасалумен байланысты, оның «Күзгі гүлге» өлеңімен ашылып отыр. Бұған дейін Ілияс Жансүгіров   творчествосы 1915—1916 жылдардан  басталады  делініп, келсе, ақынның  Қазақ ССР Мемлекеттік  архивіндегі өз қорынан табылған (№37 папка, 127-бет)  осы  өлеңі ол пікірді өзгертіп, оның   творчествосының бұдан гөрі сәл ілгеріректен басталатынын  дәлелдеп  отыр». Бұл ақынның  өз  қолымен жазған  «Балдырған» және  «Қызыл жалау» атты  өлең  дәптері. Яғни, сол дәптерінде  жоғарыдағы аталған «Күзгі  гүлге» өлеңі 1912 жылы  жазылған. Ал баспа бетін  тұңғыш  рет 1917  жылы «Сарыарқа» газетінің  15-сі  мен 22 тамызы күнгі  «Тілек»  және «Сарыарқаға» деген  атпен  жарық   көреді.  Ілиястың  бұдан кейінгі шығармалары баспасөз беттерінен жиі  шығып,  творчестволық  өсу  эволюциясы  басталады. Осы  кезеңдегі  поэзияның денін  былай деп көрсетеді: «Мен төңкерістен әрі жерде  хат шығарып, қисса  оқудан  артық сауатым болмаған ауыл наданымын. 1917 жылдың  тұрғысындағы бостандық пен көбейе бастаған  газет-журналдар  мені  үлкен  жазуға   еліктірді. Еліккенен  еш нәрсе  шығара алмадым... 1921  жылы «Жас Алаш» газетінде 22 мартта шыққан «Жас замандастарға» деген  бас мақала  менікі және сол нөмірде  «Жалпы жасқа» деген   өлеңім де басылды. Менің алғашқы баспасөзге шыққан, бірінші шыққан мақалам осы»-дейді.

 Жоғарыда аталған   «Сарыарқа» газетіндегі басылған жырларын атамағаны  ол  өлеңдеріне  көңілі  толмаса керек. Бұл  Ілиястың  әлі  де  болса  ақындық  шеберлігі  толыспаған, өзіне  сенімсіздеу, сыни көзқарас  танытатын тұс.
 Осы  кезеңге  орай Әбділда Тәжібаев  Ілияс поэзиясы  жөнінде  төмендегідей  тұжырым  ұстанады:  «Біздің  байқауымызша, мүмкін  үстірт те  болар, Ілияс Жансүгіров   лирикалары үш басқышқа бөлінеді, әрине шартты түрде: Бірінші  басқыш: Ілиястың әлі  өзін  таппаған, өзгелерге  көбірек  ұқсайтын тұсы.
Екінші басқыш — Ілиястың өзін-өзі  таба бастаған, бірақ ақындық  мәдениеті жетіспегендіктен өлеңдерінің  әрі шұбарлаң, әрі шұбар  тұсы.
Үшінші басқыш-Ілиястың жас жағынан да, өнерлілік жағынан да толыққан, өлеңінің түрі  мен мазмұнын  келістіре  тауып, лирикалық жырларына  эпикалық қуат берген тұсы», -дейді.
 

Ілияс  әр тұста  да өз  творчествосына  аса жауапкершілікпен  қараған болса, Ә.Тәжібаевтың көрсеткенідей,  алғашқы  басқышта «Әлі  өзін  таппаған,  өзгелерге  ұқсайтын» кезеңді  басынан өткерген. Бойындағы қасиеті — қаншама білімі биіктеп, өлең жырлары мен  шығармаларын халық сүйсініп оқып, құрметтесе де өзіне көңілі  толмаған. Үнемі  өзіне  сын   көзбен қарап, туған әдебиетіне де жанашырлықпен сезімін әрдайым айқындап отырады. Енді бір 7-8 жыл өткесін  өз-өзіне  келген  ақын  сол  тұстағы   әдебиетте  белең  алған  дөкір социализмнің оралымсыздықтары, кезең  идеологиясын  жақтаған  шикі,  талғамсыз шығармалар туралы ойына  қаншама тұсау салса  да, қажетті  жерде  аяусыз  сын  айтатын  сәт те  туады.

«...Бірқатар құрғақ жасасындар, рапорттар жазылады.  Колхоз, совхоз, тракторды жалпылап, жасасындар, науқан жайында өлеңмен  үлкен  рапорттар, ұзын-ұзын  поэмалар  мен  баталар беріліп жатты. Оны  ел  сүйсініп оқыған  жоқ,  қайта жүрегін айнытты.
Сөйтіп, біз сол екі жылда, 1930—1932 жылдың ішінде  әдебиетіміздің, әсіресе өлеңдердің құнын арзандатып, сапасын төмендетіп алдық. Менің «Социалдық ауыл», Сәкеннің «Социалистан», Сәбиттің «Көмір-коммунизм», «Алатаудың  алыбының» қақ  жартысы, Бейімбеттің «Рапорт», Қалмқанның «Екпінді», Асқардың «Құрылыс», Мәжиттің «Құрылыс жыры», «Социализм жыры» деген  жинақтары, Тайырдың «Коммунизм таңы», Ғалымның «Балға-орағы»,  «Доңғалағы», Исаның «Колхоз, Совхоз»,  Жақанның сол  жылғы өлеңдері,  Өтебайдың «Ақ алтын», «Қара алтындар» тағы басқалар-сапасы төмендеген шығармалардың  белгілері. Бұларда адамды жырлаған  мазмұн, тартыс жоқ,  тек жалпылау «Көп жасасын» болды.  Адамды көрмей, ауылдан қашып,  тек  «трактор»,  «аэроплан», «бесжылдық»,  деп  жалпыларп,  жауыр  поэманы  көбейтіп алдық.
Поэзияда  әлі  жемісі  көркем, тілі  бай, мазмұны күшті  үлгілі  өлеңдер  жоқ. Қызықты тартыс жоқ. Өлеңге  жан  бітіретін  лирика жоқ...» деп,  құрдас  қаламгерлердің  көркемдік  кемшілігін жасырмай ашық айтады  да, әдебиет  сыншысы есебінде  қаламы  уытты  екенін  танытады.
Көздеген  мақсаты — қазақ  әдебиетінің жарқын  болашағы, шығармалардың  көркемдік аясының кеңеюі,  образдардың  айқын  ашылуы,  реализмнің кең өріс алуы,  жалпы әдебиеттің  дамуын жеделдету  еді.

Ілияс-өзінің әдебиет әлеміне  келіп, өмірінің соңына дейін 20 жылға,  творчестволық кезеңіне дейін  күшін  сарқа  мол еңбектенген  қаламгер. Ілияс-өз заманың көкейтесті кез келген әлеуметтік  мәселелерге үн қосып,  өз  дәуірінің  болмыс — бітімін  жан-жақты  бейнелелеп, жырлап  өткен ақын. ХХ ғасыр  басындағы  қазақтың   ағартушылық-демократиялық бағыттары қаламгерлердің оқу-білімге  шақырған идеялық ой-толғамдарына ұқсас «Жаңылғаным», «Талғамалар», «Маңым», «Жыбырлық», «Замандасқа» атты  өлеңдерінде  төңкеріске дейінгі надандық  пен  жоқшылықтан  шығар  бір  жол — оқу-білім екеін  айтып,  сонымен қатар адами — моральдық  мәселелерге  ден  қояды.

Өнерге   ұмтыл,  өнерді біл  замандас!
Қамдан, жатпа,  заманыңнан  хабарлас!
Ынта  салсаң, білім  туын  қолға  алсаң,
Теңдік тиер,  ешкім  күйе  жаға алмас!-

«Жыбырлақ» өлеңінде де  қазақ  ішіндегі  жаман  әдеттен  ада  болуға  шақырады.

         Сынға салдым
         Шынға  салдым,
        Жас талапкер  өзіңе,— деп, одан  арғысын әр  жастың өз  таңдауына  береді. Ортаға  ұран, үміттік  әуез  сарындас   өлеңдерінде  де  ел  теңдігі   үшін  жан  аямай  күресуге,  әлеумет пен қоғам  ісіне  адал,   белсене   араласуға  шақырады. Бұл  тұрғыдағы  шығармаларға  «Жастар ұраны» (1922), «Тілек» (1922), «Жанар тау» (1922) т.б.  өлеңдері жатады.

Әйел-еркек, жалпы жас!
Көтеріл, көрін, көзіңді аш!..
Топтал,  тұтас, туғандас!
Жасасын еркің! Жоғалмас.
Жамырас,  үлес, жалпы жас,
Қосыл, қозғал,  қоғамдас!

 Ақын  ертеңгі  болашақты  бүгін  ойлау  қажет деген  идеяны  жастарға  арнайды.  Жарқын күнге  жету  үшін,  өмірде өз   жолыңды  табудың  қажет десе,  бірде  өз жолын әлі таба алмаған, алдына  мақсат  қойған  жеткіншектерге  «Жастар», «Саналы жастарға», «Баласынан анасына хат», «Оқимын »  деген  өлеңдер  тобын  жазады.
 

Қазақстанда  кеңес  өкіметі  орнаған  алғашқы он шақты  жылдың  ішінде  күннен-күнге, жылдан-жылға   үздіксіз өсіп, жетіліп  келген қазақ әдебиетінің  сан-саласы тақырыптарының бірі төңкеріске байланысты жырлар. Ол кездегі қазақтың жазушыларының бұл тақырыпты жырламағаны жоқ. Қазақ өміріндегі барлық өзгерістердің негізі Қазан революциясы екенін сезінген жас Ілияс, нендей тақырыпты алса да, оны сол төңкеріс тұрғысынан қарастырып тұрады. Бірақ бұл тұста  жас  қаламгерде айналадағы болып жатқан өзгерісті толық танымағандықтан,  онша  терең түсінігі  болмауынан,  сонымен  бірге  творчестволық тәжірибесінің аздығынан кейбір кібіртік, сенімсіз аяқ  алысы  да  байқалады. Бұл жолда  оның поэзия  талаптарын  толық түйсінбей, екпінді сөздерді бірінің үстіне бірін тоғытып,  жарқыл мен жаңа  леп  тұрғызуға  дыбыс  екпінін  ойнатуға  күш  салады.
Тілі қаншама бай, ақындық  қуаты  аса  мол  бола  тұра, өлеңдерінде  композициялық бостандық пен  ой  үстірттігі  аңғарылып  қалады. Мәселен, 1924 жылы  «Желді  күн» атты  өлеңінде әмеңгерлік  салт  бойынша  еріксіз шалға тигелі  отырған жас  әйелдің  жан-күйін  суреттеу үшін ақын күңіренген желге  шулаған  шөп, ызылдаған  бұтаны қосып, өлеңге  эмоциялық реңк сапары  созылып, көркемдік қасиеттен айрылып  қалады.

«Жел мен келіншек жылайды,
Келе ме  деп  большевик!
Даттап аруақ, құдайды,
Жел де, келіншек теңселеді» — деп, ұйқассыз аяқталатын өлең, Ілияс поэзиясына  көрік  беріп  отырған жоқ.

Жас ақын поэзиясында  ара-кідік  болса да кездесетін тағы  да  бір жайт лирикалық өлеңдерге жанаспайтын ұғым мен түсінікті  ауырлатанын, поэзиялық айқындықтан алыс  тұрған  сөздерді қолдану, эпикалық  жырларға  тән  кесек сөйлемдерді  қолдану,  эпикалық жырларға тән  кесек сөйлемдерді  үстемелей  бере  пайдалануы  өлең  ішінде сөздің образдық  қуатын  әлсіретеді. Мысалы, мына  төмендегі  өлеңді алайық;

«Жайлауым желді  қарағай,
Жайлауында  елі  жарасқан.
Жанымда  жайлау  жағалай,
Жанса, қалай  жақ  ашпан?»

Мұнда ақын дыбыс  үдестігі  мен аллитерацияны пайдаланғысы  келгенімен, үш рет қайталанатын «Жайлау» сөзі  өлең  ырғағына  ауырлық  туғызып  отыр, әрине оқу түсіну де қиын. Ақын  өз  кемшіліктерін іштей сезінетін секілді. Әйткенімен, жүре келе халық ішінде ағарту жұысына араласуы, баспасөз жұмысына белсене қатысуы нәтижесінде қаламгердің тәжірбиелік білімі толығып ұғымы  ұлғаяды, төңкеріс тарихи орны мен өз өмірі туралы философиялық  көзқарасы едәуір дәрежеге көтерілді. Осы тұста оның Мәскеуге  оқуға  аттануы да  бекер болмас керек.

Ілияс өміріндегі бұл  кезең  аса жауапты  кезең. Қанша талабы мен  таланты  болса да, өзінің ішкі олқылығын сезініп, онша алысқа  ұзай  алмайтынын  түсінеді. Басты  кедергі — оқудың, білімнің аздығы  аяғына тұсау  сала  берді. Осы  кезеңді  былай  деп  жазады: «1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің  бір  жазушысы  болдым. Менің  қалам қызметіне  айналысқаным – осы 1923  жылдан. «Тілшіде» мақала,  оқшау  өлең  жаза бастадым. «Жетісу  әйелі» деген бір журнал шықты. Онда  бір өлең,  бір әңгімем басылады. Сол  «Тілшіде» күні  бүгінгі  шейін  жазып тұрам. Тәшкендегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» журналдарына  материалдар жібере  бастадым. Бұлардың  басылғандары да, басылмағандары да болды.
Әлеуметтік қызметіне кеткендігім, Жетісудың облыстық  атком  мүшесі,  ағарту  бастығы, институт  басқарушысы, газет шығарушы ... білім аздығы, надандығым басымдағы діңкеме тие берді. Оқуды  қатты  аңсай  бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия  ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп  осы  күнгі оқып  жүрген мемлекттік  журналистер  институтына түстім. 
Тәшкенде  алты  ай  оқыдым  ГИЖ–де оқығалы – 3жыл. Барлық тізе  бүгіп оқығанымды  санағанда 38  ай  оқыған  болам», — дейді.

Мәскеуде оқып, өзінің  теориялық және  тәжірибелік білімін  толықтыра  келе, идеялық тұрғыдан тез  есейіп,  жаңа суреткерлік соны  биікке  еркін  көтеріледі. Осы  тұста  ақындық  аяқ   алысы да төселіп,  поэзияның  эстетикалық  мазмұны  мен  түрі  тереңдей  түседі.
Алдымен өзінің  туған  табиғатын  жырлаған  ақын, кейін Жетісу  жерін,  одан  кейін тек Қазақстан  жерін жырлаумен шектеліп қалмай, Ресейдің кең байтақ даласы мен орманын жырға қосады. 1927жылы жазған «Ресей жері» өлеңінде кең  толғанған ақын,  орыс жерін өзінің туған жерінен кем  көрмей, майда  мақпал торқадай  қара топырақты, қыздың қола шашындай томсарған  тоғайды, кілегей  күрең  тортадай  бұлты  бар  орыс  жерінің  әсем суретін  салып, ондағы  адамдардың еңбекшілдігін  үлгі етіп,  сүйсіне  жырлайды. 
Достық,  бауырмалдық,  туысқандық, интернационалдық сезімге толы  өлеңдерінің  ішінде   «Ұштасқан үш тілек», «Заводта», «Мәскеу-Қазақстан» ақынның үздік шыққан  туындыларының белгісі. Ақын  осы  асыл  сезімдерін  поэзия  тілімен  сомдап,  жайнатып  көрсеткен, «Мәскеу-Қазақстан» ұзақ  сюжетті  өлеңінде   даладағы  жаңа өмірдің  жайнай  түсуіне  тікелей қолғабысын  тигізбек  боп аттанған  жұмысшылардың ішкі  толғанысы,  оларды  қарсы алған қазақтың ен  даласы  әдемі  суретпен, терең  толғаумен  әсерлі  берілген.

Кеңес заманының  тұсындағы  халықаралық жағдай  мен жер  жүзілік оқиғалар —  әр уақытта да ақынның  көңілін аударып келген  басты  тақырыптардың  бірі. Бұл Ілияс Жансүгіровтің қалам жұмысына  араласқаннан бері үнемі жазылып жүрген, оның поэзиясынан  әжептәуір орын алатын тақырып. 1922 жылы «Тілші» газетінде  «Саясат қошқарлары» деген  сықақ өлеңінде Батыс Европа елдерінің  ала  ауыз дипломатиясын  мазақтаса, 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналындағы «Қос аяқ» өлеңінде  билеуші таптарды  сұм  жылан образына теңеп, сынап–мінейді. 1926 жылы мамыр айында  Ұлыбританияда  күшпен  басылған көмір кеншілерінің көтерілісіне  «Кім үшін?» деген  өлең арнайды. 1925 жылы «Тілші» газетінде «Коммуна» атты өлең жазып,  бастырады. Бұл  туындысында  ақын Париж коммунанасы қаһармандары  бастаған ұлы  істі  Кеңес одағы жалғастырып, іске  асырғанын,  сол  идея  дүние жүзін  нұрға  бөлегенін айтып, жырға  қосады. 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде  атақты француз ақыны Виктор Гюгоның «Қырғында» деген  революциялық өлеңін қазақ тіліне  аударып, жарыққа  шығарады.
Осы  тақылеттес  шығармаларының ішіндегі  айрықша әдемі,  мазмұны  мен түрі  қиысқан,  кесек шыққан  шығармаларының бірі  -«Гималай» атты  өлеңі.

Гималай – көктің кіндігі.
Гималай- жердің  түндігі,
Мұз- туырлық, қар- үзік
Түрілмеген бір күні, -деп, жырлайды.

Шумағындағы кіндік, түндік, туырлық, үзік секілді қазақтың  ұғымындағы сөздерді  метафора ретінде  шебер  пайдаланған ақын  өзінің  табиғи сезімінен туған, нағыз толқыған жанның жүрек  түпкірінен  шыққан  шынайы  сөзін берген. Бұл өлең – бүгінгі  күні  революциялық идеядан нәр алып,  отаршылықтың бұғауын үзіп,  өз тізгінін өзі  алып, тәуелсіздік  жолға  түскен Азия мен Африка  елдерінің кешегі  өмірі.
Ақын Гималайды адам  кейіптес  етіп  бейнелейді. Бұрқақ  астында қалған  асқардың азат көріп, күңіренген үні шығады. Терегі  көкке  өрлеп, аңы  таста  ойнаған  құт  мекен  қаншама байлық ордасы бола тұра,  халі   мүшкіл  тартқан. Ақын  Гималайдың  осы  жайын  айта  келе, «Гималай асқар неге олай?» деп сұрақ  қойып  отыруы  өлеңін композициялық сапасына, құрылысы менидеялық   тұтастығына  ерекше  әр  береді.
Өлеңінде  талай  ғасырлар  бойы   билеуші  таптың табан астына түсіп азап шеккен, бостандығынан  айрылған Шығыс  елдерінің трагедиялық кейпі  сөз  болған. Ақын қорлық пен зорлықтан  шығудың  басты жолы — әлеуметтік тартыс  пен  саяси  күрес,  басқа  жол  жоқ деген идеяны  алға  тартады.

Ілияс өміріндегі  айтулы  кезеңнің  бірі — оның 1928 жылы  сол  тұстағы  Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласында  тұңғыш  рет «Сағанақ» атты  жинағының  жарық көруі. Мұнда өзінің  «Балдырған» және «Қызыл жалау»атты  қолжазба дәптерінен  іріктеліп  алынған туындылары мен  кейінгі  баспасөз  орындарында  жұмыс  істеген тұстарында  жазған  жыр өлеңдері  енгізілген.  Әдебиетте  тұңғыш рет жарыққа  шыққан  еңбек  көңіл  тасытар болса, Ілияста  жоқ,  тіпті  ренішті  қалпын баспасөз  бетінде жариялайды. Ондағы  негізгі  себеп «Сағанақтың» «Беташарын» жазған Сәбит Мұқанов пен өзінің  өлеңдерінің тиянақты  реттелмей шығуында  болып отыр. «Еңбекші қазақ» газетінде жарық  көрген  ренішті  хат былай  деп келеді. «Кітапты шыққанда көрдім, сауатсыз, тексінде қатесі қалың. Қатесін қайт теріп  аяғына жалғаған  бопты. Кей сөзімнің  көзі  жоқ. Кей  пікірімнің ізі жоқ. Жазбам да өзім ылайық қылған бөлімдерге  бөлінбеген, бүлінген. Қолы  шолақ, құлағы шұнақ, мұрны пұшық, шала  туған бала сияқты», деп бейнелі тілмен  суреттеп, өкпелі жайын  ақтарып тастайды. Бұл  реніштерге  Сәбит Мұқанов үнсіз  қалуды  жөн көрмей 1928 жылдың 11 сәуір күні «Бас асауалық» деген  мақаласын «Еңбекші қазақ» газетіне жариялайды: «Ілияс, Ілияс болғалы Ілияс жазды деген сөзге ен тағылған жалғыз беташар еді, соған ерін бауырына алып  тулап  жатыр» деп қабылдайды.
Қысқасы, Ілиястың тұңғыш шыққан жыр жинағының жайы солай болса, бұл оқиға оқу бітіріп келген жастың  кейінгі қалам сілтесіне ешбір нұқсан келтірген жоқ. Керісінше, қайта өршеленіп, поэзия өлкесіне батыл қадам жасауына ықпал етеді.   Сағат санап өскен жаңа өмірдің  әр қадам қарқынынан қалмай, қарымды, жақсы жыршысы болу үшін өлең топтамаларын үдете жаза түседі. 

 

Ақынның поэзиядағы тағы да бір берекелі арнасының бірі- өзгерген дала келбетн, қазақ жұртының кемел қимылы мен өрісті қадамын, сол замандағы адамдардың рухани келбетін, еңбектегі ерлігін саяси лирикада аша түседі. 1928 жылы творчестволық толысу, шалқыған толғау үлгісінде “ Бүгінгі дала” өлеңін жазды.  Бұл туындысында ақын қазақ халқының басынан өткен қорлық- зомбылығы мен кешірген қиямет, азаптарын қазақ жеріндегі арай атқан еркіндік пен бостандықты зор мақтаныш пафоспен жырлады. Кейін бұл жыр толғауы мол сарында “Дала” поэмасына айналды.
 “Бүгін, бүгін, бүгін дала!
 Мұндай ма еді бұрын дала?
 Көктен күні сәуле шашып,
 Көкке шарпып нұрын дала.
 Өлкем өсіп ел кенелді,
 Көгім жайнап жер гүлденді.
 Тауым ашып қазынасын,
 Жомарт жерім шашты кенді.
 Елім жаңа жұртқа қонды,
 Жұрт жұмысқа қойды қолды.
 Білім бұлақ сусын болды,
 Елдің өмірі жырдай болып.
Сұмның күні қуғын болды…— десе, соңғы жыр шумағын “мұндай ма еді бұрын дала?”- деп қорытады. Бұл Илияс поэзиясының дәстүрлі әдісі. 

Ілиястың өндіріс тақырыбына арналған өлеңдерінде өзіндік үн бар, дауысы бөлек, жырлау формасы да ерекше.  Мұнда басқа ақындардан айырмашылығы — индустрия тақырыбын игеруде ұлттық образдарды, фольклорлық  үлгілерді бейнелеу мен көріктендіруді қазақ ұғымына сай жаза білу, шебер ұйқастырып, ұтымды пайдалана алуы.  Мысалы, “ Алтын қазан” өлеңін былай жырлайды:

“Сақырлап машиналар тасығандай,
Үгіп тұр тасты, кенді насыбайдай.
Тетіктеп бір жұмыскер жүргізіп тұр.
Өзінің бір жақсы атын қасығандай.
Мырышты алып жатыр илеп нандай,
Қорғасын шыжғырылып, еріп майдай.
Арылып арамынан алтын жатыр,
Кілегей сүтке қаймақ ұйығандай…” -деп кете береді. Жанды сурет.  Күнделікті көріп жүрген қазақ жеріндегі, өміріндегі күйкі тірліктегі құрал- жабдықтар мен болар-болмыс, қазақы болмыс — бітім мен көріністер.  Бәрі де таныс. Бәрі де күнде қолымен ұстап жүрген, пайдаланып жүрген дүниелер.  Аталмыш “ Алтын қазан” өлеңі- қазақтың он бір буынды қара өлең түріндегі, әшекейлі де әуезді жазылған жұмыр, жатық туынды /қазіргі Ленингорск/  айналасындағы табиғаттың көркі,  ішкі- сыртқы сипаты мен сол өндіріс орныны игеріп жатқан жас қазақ жұмысшыларының  бейнелері көркем суреттелген. 

Сондай–ақ, өндіріс тақырыбына жазған “Заводта” өлеңі Мәсекудегі заводта болғанда көрген әсерінен туса, “Жаңа дала” өлеңі Қазақстаннның  өзіне орнаған өндірістерді көргендегі қуаныштан туған өлеңдер.

  Қазіргі дәуірде қанша құбыжық көрінгенмен, қазақ тарихындағы “ақтаңдақ беттер” саналатын коллективтендіру кезінде арналған туындылар Ілияс шығармаларында орын алатыны жасырын емес. Сол тұстағы кезең   1930-31 жылдары бет ыңғайына қарай қоғамда орын алып отырған солақай саясаттың белгілерінен ада шығармаларды Ілияс та жазған. Бұл Кеңес одағында өмір кешкен әр саладағы творчествалық өкілдердің басынан өткен жайт. 

Эпикалық поэзиядағы халықтың тарихи өмірінің бейнеленуі  Ілияс Жансүгіровтің ұзын сарынды эпикалық поэмалары қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерді, ел басындағы қуаныш пен ауыр күндерді, әр заманда өмір сүрген адамдар өмірін жырлауға арналған. Өнер тақырыбындағы алғашқы «Күй» атты поэмасын 1929 жылы жазды. Сырттай қарағанда, бұл поэмада халық жадында сақталған  «Боз інген» аңызы толғанатын сияқты. Ал, үңіле зер салсақ, поэма арнасы сол аңыздан кеңірек. Поэма ертедегі халық  дарынының құдыреттілігін, адамның жан дүниесін тебірентетін сиқырлы эстетикалық күшін танытуды мақсат еткен. Ақын алдына қойған  ол мақсатын орындап шыққан. «Күй» — лиро-эпикалық шығарма. Поэманың сюжеті бар. Сол сюжетпен қиюласып, тамырласып жатқан лирикалық шегініс те мол. Баяндау, суреттеу қатар жарысып, поэманың жалпы бітімі сындарлы болып шыққан.     

Поэманың сюжеті «Боз інген» аңызына негізделген. Поэмада қобызшы Молықбай  шалдың айтқаны  дей отырып, сол аңызды бастан-аяқ түгел әңгімелеп береді. Халық аңызының идеялық-көркемдік жүйесін сақтай отырып, ақын өзіндік  айтпақ ойды да анық аңғарта кетеді. Мәселен, Бағылан бай мен оның серіктері дағдарып отырғанда, оғанақыл тауып беретін – жетім тазша. Аңыздағы да, поэмадағы да жетім тазша – халық өкілі. Бұл жердегі идеялық түйін айқын. Зеректік, білгіштік, ақылдылық – сол дәуірдегі еңбек адамдарының  - халықтың бойында деген пікірді білдіру. Сол пікір поэмада айқын өрнектеліп, оқырман зердесіне құйылып жатады.
  Поэма кейіпкері қобызшы Молықбай шал да – халық өкілі. Оның бойындағы бұқыраған өнер – халық жасаған ғажайып өнер көрінісі. Поэманың идеялық нысанасы осы бір түйінге саяды.
 Ақын көне өнердің иесі  «бақайшағы маймаңдаған жорға» Молықбай шалдың қартайған шағындағы портретін келісті бейнелейді:
                 
“Жар қабақ, сида, арсақай сар шұбар шал
Жарықшық, үні тозған, қаңсыған шал”.

 Осы «еңкейіп екіндідей күні кеткен» шалдың қобызбен «Ақ көбік» күйін аңыратуын, «Боз інген» күйін күңірентуін, «Көк көбік» күйін күрілдетуін, «Ер Әлінің дүлдүлін» дүрілдетуін ақын шабыттана толғайды. Ақын қобызда тартылған күйді де, сол күйді тартушы қобызшының өнерін де үлкен шеберлікпен тамылжыта суреттеп берген. 

“Бас бұрап, төрт түкіріп, толғап тоғыз, 
Қозғалар «құлақ күйден» жосып қобыз. 
Көтерген көк түндігін күй өргегі
Құлатып асқарда – ағын, мәңгіде – мұз.
Ызғыған ызғырық күн, құлдырап қыл, 
Алатау, әсем бұлақ сылдырап тұр. 
Қиқылдап қырда – қызғыш, көлде —  қаз-қу,
Қыңқылдап таңдай қаққан талды бұлбұл. 
... Кейде күй талмаураған, толықсыған, 
Кейде өжет, кейде долы, албытсынған.
Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек, 
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған”.

    Міне, бұл ақын суреттеп отырған қобыздағы күйдің бейнесі. Әдетте, тартылған  әдемі  күйдің  сазын   сөзбен  жеткізу  мүмкін  емес  дейміз. Бұл рас. Қобыздағы күйдің әсерін, оның мазмұнын айтып беру екінің  бірінің қолынан келе бермейді. Бұған ақын болу керек. Ақын болғанда қарабайыр ақын емес, дүлдүл ақын болу керек. Ал, І. Жансүгіров күйдің суретін әсерлі өрнекпен беруде ерекше талантын айқын танытты.  Күйдің «кейде талмаураған, толықсыған» шағын, «кейде өжет, кейде долы, кейде паң, кейде дарқан» қалпын дәл бейнелейді. Бүкіл табиғаттың тамылжыған жанды келбетін, адамдардың көңіл күйінің алуан сырын бейнелеген ғажайып күйдің әсерлі толқынын ақын аудармай, қаз-қалпында бере алған. Ақын жырының өзі де әсем бір сазға айналып, оқырманның құлағынан кіріп, бойын алып кетеді. Күйді, сол күйдің  құдіретін жеткізіп айта білген тіл өнерінің асыл қасиетін танып,тамашалай түсесің. Халықтың сондай алтын қазынасы болған ғажайып күйлерді орындаушы, қолынан өнер тамған қобызшыны да ақынның шабыттана, әсерлі суреттегенін көріп, қайран қаласың.
 Қобызшыны Молқыбай шалдың «Боз інгенді» боздатқан өрен өнерін жеріне жеткізе толғай отырып, ақын сол күйді тыңдаған шақтағы адамның алатын сиқырлы әсерін әдемі  де  шебер суреттейді. 
 Туған халқының рухани байлығын, күш-құатын танытатын  күй өнеріне де, сол күйді сақтап жеткізуші қобызшы өнерпазға да ақынның ризашылығында, жүрек махаббатында шек жоқ. 
 Тұтастай алғанда, «Күй» — ақынның тарихи тақырыпқа поэма жазудағы алғашқы творчестволық сәтті ізденістерінің жемісі. Жоғарыда айтылған кейбір қайшылық-олқылығына қарамастан, «Күй» — қазақ  поэмасының тарихындағы өнер тақырыбына арналған алғашқы сәтті туындының  бірі. 
 

Ілиястың 1934 жылы жазылған «Күйші» поэмасы қазақтың эпикалық поэзиясындағы елеулі құбылыс болды. «Күй» ақынның поэма жанрындағы өнер тақырыбын қозғауының басы, әдемі бастамасы болса, «Күйші» соның сатылы, заңды жалғасы еді. «Күйшіде» ақын өнер тақырыбын өрістете түсті. Көркемдік шешімі тұрғысынан қарағанда, ақын ілгеріледі. Сюжеттік, композициялық, образдық, тілдік шеберлік бағытында ақын алғашқы поэмасынан гөрі «Күйшіде» өсу, биіктеу үстінде болғанын толық аңғартты.
 Поэма басында Арқадан көшіп, Алатауға беттеген хан Кененің ордасы бейнеленеді. Халық жиналып, ханға қошемет көрсетіп, той жасайды. Біреулер ерулікке бие сойса, біреулер ат сыйлап, мәре-сәресі шығып жатыр. Көп халықтың ішінен не берер малы, не сыйлығы жоқ, жалғыз шешесі бар кедей жігіт күйші келіп, дүйім жұртқа күй арқылы қуаныш, ләззат сыйлайды. Рахаттан кім қашсын? Кененің сылқ-сылқ күлген сұлу қарындасы Қарашаш Күйшінің рахат берер күйлеріне тәнті, соған ғашық болады. Осы тұста шығарма желісі оқыс оқиғаға тап болады. Күйшінің майталман  өнерпаздығы өзіне пәле болып жабысады. Ол туған ел мен жерін, шешесін тастап, Қарашашқа күй шертіп, рахатқа батыру үшін басы бүтін құлдыққа берілмек. Күйшіге бұл ауыр тиген соққы. Әрине, қара жұмыс істемейді, тек Қарашашқа күй тартып беру керек. Осы сәтте еркіндік, бостандықтан айырылған күйші ескі сарынды, қайғылы, күйінішті  күй тартып, мұңға батады. Оның бүкіл әуенінен  қуанышты леп су сепкендей басылған. Азаттықтан айырылып, жарым көңіл күй кешкен өнерпаз, көп ұзамай тағдыр жазуына мойын ұсынып, Қарашаш отауына да үйренеді. Үйренгені аздай «қара қас, қалың қабақ, ордадағы сырықтай, бойы сымдай, балға ашытқан қымыздай» ханшаға сезім көңілі оянып, ғашықтың дертіне ұшырайды. Осы тұста Күйшінің  күй ырғағы да сезім толқындарына толып, ұшқыр қиялды елестететін, түлкі алатын құмайға, аңға шапқан тазыға айналып, шат-шадымын, шабыт шақырар әуенге бет бұрады. Күй тартқан күйшінің ішкі тебіренісі Қарашашқа әсер етпей қоймайды. Күйшінің домбырасынан төгілген күй тасқыны қыздың көз алдына фантастикалық бейне, көріністерге айналып, дегбірін алады. Өйткені, Күйшінің ой-қиялы  шексіз, бірде самал желге айналса, қыздың бетінен өппек, суға айналса, шомылдырмақ, қымыз болып сусынға айналса, сұлудың ернінен сүймек, ал алтын, күміске айналса, қолынан білезік болып тағылып, жүрек лүпілін сезбек. Домбыра пернесінен төгілген  күй Қарашашты тебірентіп, есінен айырады, Күйшіге қосылмақ ойы да болады. Бірақ ол ойынан тез қайтады. Хан тұқымын қалай былғамақ. 
  Ендігі  тұста сюжеттік  желіге мына жайт тап болды. Түн мезгілінде Әлімқұл датқаның ерке, сері баласы Сапақ Қарашашты оятпақ боп қасына барғанда, ұйқысы сергек қыз оянып, көзін аша сала, Наркескенге ұмтылады. Ашуы бұрқ-сарқ қайнайды. Ел-жұртты аяғынан тік тұрғызады.
  Ғашық дертіне шалдыққан күйші көрген түсіме, әлде өңі ме, сон біле алмай әрі-сәрі күй кешеді. «Қызды оятқан өзім шығармын» деп ажал құрығына даяр тұрады. «Зәнталақ! Пері қаққан! Сен жүрсің бе!»– деп күйшіге тап берген жендетті қыз тоқтатып, «Тиіспе менің күйшіме, оны істеген ол емес, Әлімқұлдың шолжаң ұлы» деп зекіп тастайды. 
   Боз баланың бұл қылығы соғыс өртін тұтандыратын үлкен зобалаң, кесапат әкеледі. Түбінде Үйсін, Дулат ортақ мәмілеге келіп, жгіттің бет —  аузынан  күйелеп, мойнына масқаралап құрым байлап, киімін түк қалдырмай шешіп алып, жаяу-жалпылатып Қарашаштың алдына әкеледі. Көңілі танып, халыққа сес көрсеткен қыз-жігітті өлтірмей, көзінен сорасы аққан әкесі Әлімқұлға береді. 
    Осы оқиға Күйшінің өрекпіген көңілін басып, жүрегін суытып, қанын қарайтады. Күй сарыны да өзгеріп, тартылып жүрген тәтті, сырлы, сезімді әуен  мұңды, қайғылы, өлімді сарынға айналады. «Күйген» , «Суға кеткен», «Желмая», «Атылған аққу» күйлерін бірінен кейін бірі кезектесіп, Қарашаштың салтанатты, әшекейлі сұлу сарайын мұңға батырады. Күйші сұлу Қаршашқа деген сезімі жоғалған, оны сұр мегежінге, жиырылған кесірткеге, албасты, мыстан кемпірге балайды, күй сарыны үнемі осыны сездіреді. Қыз өз қиялында «бұл жігіт емес, жылап отыр, саусағы да  жез тырнақтың тұяғы секілді»  деп күйшіден жеріп, күйді тоқтатады.  
  Бір мезет көңілі тасып тұрған  Қарашаш Күйшіден «тілегің не ?» деп сұрағанда, «Тілегім мың қайтара – бір-ақ тілек, басыма бостандық бер, елге қайтам» дейді. Мұндай жауап күтпеген кербез қыз, ұзақ ойланып, жібергісі келмесе де, «болсын» дейді. Одан күн артынан күн өтіп, ай артынан ай келеді. Қыз жігітті жібергісі жоқ. 
 Ақырында қыз жүрегі жеңіледі. Күйшіге астына ат мінгізіп, еліне қайтарады. Еліне келгенде Күйші шабыттанып, «Азат» деген күйді шертеді.        
 Ілияс  Жансүгіровтің осы «Күйші» поэмасы кең тынысты, асқақ әуенді, қатыгездік пен зұлымдықты  өнер арқылы жеңе  білген қазақ әдебиетіндегі қайталанбас ірі де көркем туынды. Мұнда негізгі сюжетпен қоса, Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психолгизм, адам сезімдерінің шарпысулары  ақынның шалқар шабытына, шексіз фантазиясына, табиғи ағысына барынша ерік берілгені айқын аңғарылады. 
 Қарашаш – «Күйші» поэмасындағы басты кейіпкердің бірі. Автордың түпкі ой қазығы бойынша, ол – ұнамсыз тұлға. Солай бола тұрса да, оның кейбір адамдық қасиеттерін де ақын жарқыратып алға жайып салған. Ол алған беттен таймайтын, орта жолда бөгеліп қалмайтын, алдына қойған мақсатын орындамай тынбайтын, қайратты, кесек мінезді тұтас характер. Ол мәмілеге келуді, шегінуді білмейтін өр тұлға ретінде есте қалады. Қарашаш ақылсыз әумесер де емес. Ашумен қатар ақылы да бар.  
 Қарашаш — әр алуан сыр-сипатымен терең бейнеленген күрделі кейіпкер. Ол тарихи тақырыпқа жазылған поэмалардағы дараланған типтің бірі. 
 Поэмада күйші жігіт жөнінде онша көп мәлімет жоқ. Кедей екені, шешесі бар екені айтылады. Ақын оның портретін, мінездемесін бере қойған жоқ. Бізге дейінгі зерттеушілер айтып жүргендей, поэмадағы күйші жігіт екі түрлі сыр-сипатымен, яғни өнерпаздығымен көзге түседі. Ал, хан феодалдарының құлдық бұғауынан босатуға ұмтылу, рухани байлықты жасау – халықтық қадір-қасиет үйсін күйші жігіт арқылы көрінеді. 
 Күйші жігіт өмірінің нақтылы көріністерін, сезім күйін, арман дүниесінің бұралаң-қалтарыстарынан нәзік те әсерлі тіл бояуларымен суреттеу арқылы халық өкілінің әп-әдемі бейнесін ақынның мүсіндеп бергені – поэмадағы елеулі көркемдік жетістік. Оның ең басты қасиеті бойына жинаған асқан халықтық дарыны — өнерпаздығы. Шығарманың «Күйші» атануы да осы бір  өзекті сарынмен тікелей байланысты.
   Күйші жігіт басында оянған махаббат сезімін де ақын келістіре толғайды. Жалпы жастық, махаббат деген үлкен рухани күш. Ол адамды шабыттандырады, қанат бітіріп, көкке ұшырады. Бойға бұрқыраған жігер-күш беріп, тау қопартады. Адам санасын нұрландырып, мол жарыққа кенеледі. Қарашашқа ынтыққан поэмадағы күйші жігіт халі осындай. Бұрынғы өзі тартып жүрген тоқсан түрлі  күйді қоя тұрып, шабыт қанатына мінген өнерпаз өз жүрегінің жаңа күйін – махаббат күйін төгеді. 
  Поэмадағы күйші жігіт – есте қаларлықтай кесек тұлға. Ақын оның асқан өнерпаздығын, өміріндегі бұралаңы бар күрделі сәттерді құлпырта сөз бояуларымен айқын суреттеп берген. Домбырадағы тоқсан құбылған құдіретті күйдің  адам сезімдерімен  ұштасқан кейде реалистік, кейде романтикалық кейпін -өрісін ақын өрен шабытпен өлең өрнегіне шебер түсірген. Күйші жігіттің барлық қадір–қасиеті – халықтың бойындағы асыл мінез, қадір-қасиеттердің жарқын көріністері. Бұл шығарманың бүкіл рухынан көрініп тұр.                           
  Поэмада адамдар тұлғасы нақтылы сипатталған. Бірі ұнамды, бірі ұнамсыз дегендей. Поэманы оқығанда есте қалып қоятын кейіпкердің бірі  - хан Кенесары Қасымов. Кенесары – тарихи шындыққа сәйкес, өзінің зұлымдығымен, жауыздығымен айқын көрінеді. Бұл жөнінде акаемик Қ. Жұмалиев: «Ақын сөз арасына, кейбір ғана қысқаша сурет, баяндау, репликалар арқылы, Кененің жексұрындық мінез-құлық әрекеттері де шеберлікпен көрсетеді. ...Жауыздық, қара жүректілік, менмендік, қара халықты менсінбей, оларға тәкаппарлықпен қараушылық бәрін бір-екі шумақпен-ақ ақын түйіп берген емес пе?»[1] — деп поэмадағы Кенесары бейнесі жөнінде дәл топшылау жасады. 
 «Күйші» поэмасының  қозғайтын  негізгі  мәселесі  қазақ халық күйлерінің – күй өнерінің ғажайып сыр-сипатын, қоғам, адам өміріндегі ерекше рөлін көрсету десе де болғандай. Міне, осы бір халықтың рухани байлығын тіл өнерімен әсерлі толғаған ақын поэмасында сол құдіретті өнерді жасаушы авторын да үнемі есте ұстап отырады. Ақын ғасырлар бойы жасалған рухани байлық – күй өнерін жасаушы халық, халықтың дана дарыны деп дұрыс түсінеді де, сол халықтың нақтлы өкілі ретінде үйсін руынан шыққан күйші жігітті алады. Күйші жігіт те поэманың орталық кейіпкері. Ұнамды кейіпкер. 
 Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасының көркемдік сапасы аса жоғары. Сонымен қатар, идеялық мазмұны да терең. «Күйші» кезінде де, кейін де идеялық қадір-қасиетімен  жарқырап көзге түседі. Қазақ поэмаларының тарихындағы аса көрнекті туынды ретінде бүкіл жұршылыққа кеңінен танылған, оның халықтық шығарма – асыл рухани байлық екені хақ. Сондықтан да, «Күйші» поэмасы Ілияс талантының шарықтаған шағының тамаша туындысы. 
 

 Қазақ поэзиясының тарихында  ерекше орын алатын тіні мықты шығарманың бірі – «Дала» поэмасын Ілияс Жансүгіров 1930 жылы жазған. Оны алғаш «Еңбекші қазақ» газетінде бастырған. Поэмада ақын қазақ халқының образын далаға балап жырлаған. Көбіне ишарат, символдық мағына беретін философиялық тереңдігі бар сөзбен көрсетеді. Поэманың басты кейіпкері — әр заман аңғарында зар шеккен, өмір үшін күрескен халық. Халықтың басынан кешкен тарихи оқиғаларды толғау үшін қолайлы тәсіл ретінде шығарманың өн бойында араласып отыратын бір қария адам бар. Поэманың басында, ол былай деп жырлайды:
                    
“Көпті көрген бір кәрі, 
Талай-талай заманнан,
Тепкі көрген қыр жалы,
Дөңде отырады осы кез”- 

деп, поэманың қорытынды бөліміне «тарих дейтін шал болам» деп аяқтайды. 
 Поэманың сюжеттік желісі осы қарт адамның шежіресіне құралған. Ақын оны тарихи-философиялық тұрғыдан көрсетпек болып, оған аңыз, ертегі, көркем баяндау мен айшықты образдарды астастырып беруге күш салған. Оның бедерлерін поэманың тарауларына берген атаулардан айқын көреміз. Мәселен, әр тарауға «Ақтабан», «Құл көгені», «Құрбандық», «Сандал»,  «Бостандық», «Аласапыран», «Айдау», «Той бастау» деген атаулар беріп жырлайды. 
   Поэма 1730—1930 жылдар арасын, яғни 200 жыл уақытты толығымен шолып айтпақ. Осы ұзақ уақыт ішінде орасан зор кеңістікті алып, нақты сурет, картина арқылы  ықшам, қысқа да нұсқа жырлап, бүкіл бір елдің тарихын алдыға жайып салады. 
  «Ақтабан» тарауында жау шапқанда  азан-қазан болып үріккен халықтың ұлардай шулап, шұбырынды күй кешіп, қайың сауып, ши шайнап, бақа, жылан қақтаған оқиғасына кезіксек, «Құл көгенін»  оқығанда, көгендегі шал мен баланың ыңырсыған зарын естіп, «Құрбандықта» қорлыққа шыдамай, Еділге түсіп өлген тұтқын қыздың бейнесі көз алдымызға келеді. Ал «Отар жорығында» отаршылыр мен өз елін қоса тапқан қазақтың билеуші табының жасаған қорлығы мен озбырлықтарынан зар илеген қарапайым халықтың қайғы-мұңы сезіледі. 
  Тұтастай алғанда, революциядан бұрын жат жұрттық отаршылдық тепкісі, шапқыншылық, таптық езгіден құтылып, жоқшылық, сауатсыздық, мешеулік атаулыдан арылып, өсіп-өркендеу жолына түскенін ақын шабыттана жырлайды.
   Сонымен , «Дала» поэмасы көркем тарихи, қазақ халқының шежіресі іспетті шығарма деп қабылдасақ, ондағы ел өмірін жырлаған кезіндегі ақынның аңқылдаған желдей екпіні мен қарқыны өлеңге көтеріңкі үн мен қуат беріп, шығарма шырайын күшейтсе, екіншіден, оқиғаның тарихи шынайылылығына көз жеткізеді. Поэмада бұлтартпас қоспасыз тарих беттері мен поэзиялық қанат бітірер күш-қуат астасып, шығармаға ерекше жарасым берген. 
     «Дала» поэмасы – Ілияс Жансүгіровтің тақырыбы маңызды, идеясы айқын, ал көркемдігі алуан үлгіде көрінетін тағылымды туындылардың бірі. Уақыт жағынан екі ғасырды қамтитын поэма ұлы даланың сыры мен мұңын, қазақ халқының даму тарихының бел-белестерін шабытты сәтпен  де мазмұндық-көркемдік үйлесімімен де, ең негізгісі нақты оқиға-көріністері мен бейнелі образ, тілімен тартымды, жинақы жеткізеді. 
   

Ақынның өнер тақырыбына жазылған тағы бір туындысы – атақты «Құлагер» поэмасы. Бұл поэманы ақын қазақ халқының ардагер ұлы Ақан серіге арнаған. Ақан сері – ХІХ ғасырдағы қазақ елінің рухани мәдениетінің тарихынан елеулі орын алатын белгілі өнер қайраткері. Ол – дарынды композитор, ақын әнші. Өзі өмір сүрген заманының әр қилы мәселелерін айқын өнер тілімен көрсете білген, оның әдеби, музыкалық мұрасы мол. Ақан серінің әдеби музыкалық, әншілік еңбектері жайлы көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері бар. Сол еңбектердің барлығында Ақан серінің асқан өнерпаздығы, халықтың рухани азығы болған тамаша поэтикалық, музыкалық шығармалар бергені айрықша атап көрсетілген.            
  «Құлагер» поэмасы 1936 жылдың қараша айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше сандарында жариаланады. Бұл ақынның эпикалық жырларының ең соңғысы және поэзиясының ең биік шыңы. 
    Сол газет нұсқасы бойынша пікір айтқан әдебиетші, сыншылардың сын-ескертпелерін ескере отырып, автордың поэманың соңғы нұсқасын кітап етіп шығаруға әзірлегені жөнінде М. Қаратаев былай дейді: «Ілияс Жансүгіровтің жазушылық қызметі 1937 жылы үзіліс тапты. Үзіліс алдында оның жазып үлгіргені – «Құлагер» поэмасын кітап етіп шығаруға әзірлеген толық, кемелді нұсқасы еді.  Газет нұсқасы бойынша әдебиет ортасы поэмаға дән ризалығын білдірумен бірге, жақсара түсу үшін, бірқатар ақыл-кеңес айтқан болатын. Ілияс соның бәрін ескеріп, бірнеше ай бойы өңдеп, жөндеп, толыққан нұсқасын баспаға  ұсынған кезде бұл нұсқа жарық көрмей қалды да, қолдан шығып кетті. Қазір жариаланып жүргені газет нұсқасы». 
Зерттеушінің атап көрсеткеніндей, «Құлагер» поэмасының толыққанды, кемелденген соңғы нұсқасы  қолға түспей жүр. 
  Поэмаға арқау болған оқиға – тараудың басындағы тұсында сері болсын, пері болсын, өмірімен ұнаған Ақан және тұлпар ат Құлагер. 
 «Күйші» поэмасындағыдай, бұл поэмада да Ақан өмір сүрген заманға, қоғамға деген ақынның авторлық тенденциясы айқын. Поэманың толғану атты кіріспесінде-ақ Ілияс Жансүгіров Ақан сері өмір сүрген феодалдық заманға өз көзқарасын  толық білдіріп өтеді:
                   
 “Бақ туын тұрғанда ұстап бүгін қазақ, 
 Көңілі судай тасып, оттай маздап. 
 Ескі күні елім көрген енді ойласам, 
 Көрінер кейде қорлық, кейде мазақ”.

  Негізгі мақсаты – ескі өмір  мен бүгінгі ұрпақты таныстыра отырып, сол шірік заманға өз замандастарының ыза, кегін өршіте түсу. Осылай толғана отырған ақын халқының ескі тарихын, тұтастай қаралап, мансұқтамайды да. Қанайшылар билеген сол қара түнек заманда еңбекші халық жасаған рухани асыл қазынаға да үңіледі. 
    Сырттай қарағанда, поэманың негізгі сюжеті Ақан серінің бір әніне ғана құралған сияқты. Ал, мұқият қарағанда, поэманың идеялық шеңбері одан да кеңірек. Сол бір уақиғаның керегесін кеңіте отырып, ақын бас кейіпкер Ақанның трагедиясын ашады. Ақан трагедиясы Ақан сияқты мыңдардың трагедиясы екенін жинақтап танытады. Ақан өмірін жырлай отырып, сол бүкіл феодалдық заманның зұлымдығын, ірік-шірігін әшкерелей түскен. Поэманың идеялық түйіні, міне, осында. 
 Мәселен, поэма сюжеті экспозициясы болып есептелетін «Ас» тарауын алайық. Ақан серінің трагедиясына себеп болған аты шулы Құлагер оқиғасы осы Сағынайдың асы үстінде өтеді. Ал, сол асты терең суреттей отырып, ақын әрі сол тұстағы әр түрлі әлеуметтік топтардың өмірін көзге елестетсе, әрі сол заманның әлеуметтік сыр-сипаты жайлы түйінді-түйінді пікір түйеді. Осы асқа тұлпарын мініп, Ақан да келеді. Ойы –Құлагерді бәйгеге қосу.  Құлагерді алғаш рет көрген жұрт: «Бітімі ойқы-шойқы, салпы ерін, салбыр тірсек екен, жазық бауыр, сыйыр сүйек, ұзын тұрық екен, бұл ешқандай бәйге ала алмайды, бұған мініп қоян атса, қойшыға мінгізсе жарасар, ең дауасы – семіріп соғымға сою ғой» — десіп даурығады. Тұлпардың мықты тегін тек Күреңбай сыншы ғана танып «Бабында екен, бағы осы аста ашылар» деп баға береді.
  Бәйгеге 1300 жүйрік қосылмақ. Олар Сырдың қыз-қарасы, Жарылғаптың жирені, Семейдің сұр сіркесі, Алатаудың Ақанаткері, Балқаштың бейпіл Бөртесі, Алтайдың серпінді Көктұйғы , Меруерт жалдас  Шудың Ақсұры, серке санды Көкшетаудың Құлагері, Ұлытаудың ұбайы, Қаратаудың Құмайы – осының бәрін ақын әр жүйріктің нақты қасиетін тамаша образ арқылы береді. Осы суреттеулер мен бейнелерден белгілі ат сыншысы Күреңбайдың көзімен көрсетеді. 
 Поэманың басында осы сюжеттермен қоса асқа келген түрлі әлеуметтік топты да көркем тілмен бейнелеп өтеді. 
 Ет жеп, қымыз ішіп семірген образдарды қызыл көз, саба құрсақ, кебеже қарын болып келеді, семіздерін өгізге, бұқаға, қошқарға теңейді. Осы жайсыз образдарға қарсы контраста ақын Ақан серінің өнерін қояды. 
 Ақан бойындағы асыл өнер осы тұста ерекше сұлуланып кетеді. Оның көкейінен тәтті, мұңды, сұлу сазды әуендері бірінен кейін бірі асып, халықтың зор қошеметіне бөленді. «Ақ саусақ», «Үш тоты», «Ақмарқа», «Сырымбет», «Көкшетау», «Кербез керім», «Ой ерке», «Жайма қоңыр» әндері Ақанның көмейінен нақышты әуенде шығады. Ләззат әлемі, сұлулықпен астасып, әр тыңдарманға рахат сыйлайды.
 Табиғатынан аңқылдақ, ешкімнің бетінен қақпайтын өнерпаз әнші, жүрегіне кек байлаған дүлей күш иесі, арамза Батыраштың ішкі ой-жауыздығын сезбейді. Ақын осы тұста қандай трагедия күтіп тұрғанын аздап болса да байқатып өтеді. 
 Ақан бәгеге қосылған Құлагердің тізгініндегі жетім балаға қамшы салмай, қалып та қоймай шауып отыр деген сөзінен мүлт кетпей зулап отырады. Жыланды өзегінен өткен соң атты өз еркіне жібергенде, Қусақ көлін айнала келе Құлагер Көктұйғынмен қатарласа шабады. Көктұйғын Батыраштың сәйгүлігі. Өзекке түсіп қайта қырға шыққанда алды Көктұйғын, екінші – Айтпақтың күреңі, одан кейін – Шорманның Бурылы. Ал Құлагер көрінбейді. 
 Өйткені, екі көзі қанталаған жендет, Батыраштың суық қол, ақбоз атты, қара киімді қарақшысы Қылта өзекте Құлагердің шекесіне айбалта ұрады. 
 Құлагер өлімі Батыраштан келгенін сезген халық селдей қаптап қара жүрек жауызды таптап жіберердей  толқиды. Бірақ нақты айғақ табылмай дал болады. 
  Ал асыл Ақан айдалада Құлагердің басын құшақұтап көзінен қанды жас ағады. 
                       
“Шынымен кеткенің бе, Құлагерім, 
 Қасымда қасынысып тұрар едің.
 Баспа-бас қызға бермес жануарым, 
 Басылар өлгенімше қайтып жерің ?..
 Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар, 
 Соғып ем жан тымда, қанатым да,
 Табылмас енді маған сендей тұлпар ! ...”-

деп, зар қаққан Ақанның әйгілі шығармасының өз мәтінін ақын поэмаға дәл де орында кіргізген. 
     Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – сюжетті поэма. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар асты бейнелеген тарауларда ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, сонымен байланысты Ақанның қайғы-шерге көмілуін суреттеген тарауларда баяндалған. Өзге поэмаларға қарағанда, бұл поэманың сюжеттік-композициялық бітімінде өзгешелікте бар екені рас. Мәселен, оқиғаны басынан бастамай, аяғынан алып қарасақ та жеткілікті. «Туған жер» атты басқы тарауда ақын Көкшетауда жападан-жалғыз қайыңды көлеңкелеп отырған қара шалды, оның үстінде ілулі тұрған аттың қу басын әңгімелейді. Міне, осы әңгіме-жұмбақтың сырын айтпақ боп ақын шегініс жасайды. Бүкіл оқиғаны сол шегініс арқылы береді де, «Аттың азалы әні» деген соңғы тарауда баяғы алдыңғы тараудағы қара шал мен аттың қу басына қайта оралады. Поэма сюжетін құрудағы бұл қаусырмалы композицияны ақын шебер де ұтқыр пайдаланады. 
  Поэманың бас қаһарманы – Ақан сері Қорамсаұлы. Осы бас кейіпкер өмірін бейнелеген поэма жанрының шеңберінен аспай, осы жанрдың адам образын мүсіндеудегі көркемдік мүмкіншілігін белгілі дәрежеде ұтымды пайдаланғанын көреміз. Ол ең алдымен оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып өтеді. Бұл ретте ақын Ақан серіге кең көлемде мінездеме беріп кетеді. Сол мінездеме арқылы Ақан серінің ұнамды тұлғасы анықтала бастайды.

  Поэмадағы ақынның авторлық мінездемесіне қарағанда: Ақан билік айтқан ел жуаны би емес, «ауыл торып, ел шулатқан ұры» емес, «мешіт салып, зекет алып, дүниенің нәжісін бойға жаққан молда» емес, тіпті, байдың жалшысы да емес, өз малын баққан қарапайым шаруа да емес. Поэманы оқып отырған оқырманның осы тұста  заңды сұрағы туатыны аян. Ақан енді кім? Бұған жауап ақынның Ақанға берген мына сипаттамасынан табылады:
                
 “Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен,
Өмірді өткізген жан өз қрқынмен.
Өмірдің ащы емес, тұщысын да 
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкіңмен.
Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген...
Кісі емескөп қатынды үйірлеген,
Болған жоқ бір пендеге тию деген.
Текті құс тазалықты қолына ұстап, 
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген”.

  Міне, осылайша ақын Ақан серінің халық ішінен шыққан көркемөнердің көрнекті өкілі – асқан өнерпаз ретінде көрсетеді. 
  Поэмадағы Ақан сері образын сөз еткенде Құлагерді айту аса қажет. Ақынның Құлагерді суреттеуі  және оның қадір-қасиеттерін баяндауы бас кейіпкер бейнесін тұлғаландырып тұр. Ақан серінің Құлагері туралы және сол Құлагердің өкінішті қазасы жайлы  шығарған әнінің хикаясы жөнінде  ақынның поэма жазуы – қазақ поэмасының тақырыптық-мазмұндық арнасындағы ұлттық ерекшелікті де аңғартады. Атқа байланысты оқиға жайлы арнайы поэма жазуы ақынның өз халқының ежелден келе жатқан ұлттық психологиясымен тығыз байланысын танытады. 
  Ілияс Жансүгіров ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиеттегі дәстүрді тек қана жалғастырып қойған жоқ, өзінше өрістетті.  Мәселен, Ілияс суреттеген Құлагердің  Қобыландының Тайбурылынан, Алпамыстың Бйшұбарынан, Қамбардың қара қасқасынан,  Төлегеннің  Көкжорғасынан өзгешелігі бар. Ауыз әдебиетіндегі  аттар әсірелеу арқылы берілсе, Ілияс Құлагерді әсірелемейді де, кейіптеп суреттемейді. 
 Құлагер – Ақан серінің сұлулығы, идеалы. Оның түсінігінде ондай тұлпар енді келмесі анық. Сол тұлпармен жүрек түкпіріне ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, ел арасында жайраңдап жүруі де екі талай. Құлагерге жұмсалған айбалта, Ақанның өзіне тиген, ол енді тірі өлік. 
  Сол заманның зұлым-күшінің нақтылы өкілі ретінде  поэмада көрінетін кейіпкер – Батыраш. Ол – Ақан серіге қарама-қарсы бейне. Ақан серімен майданданға ашық шықпай, жар астынан бұқпантайлап келіп, өз арам ниетін іске асырады. Ашық әрекетке баспайтыны – ол Ақан серінің жақтайтын дүйім елден  қаймығады, жасқанады. Батыраштың ұнамсыз кейіпкер екені оған ақын берген мінездемеден көреміз. Бір жерде ол туралы:
                   
 “Батыраш бала жастан атқа құмар, 
 Айқайшыл ат әперген баққа құмар.
 Арам ой, атанамыс ұр-шоқпары, 
 Кір көңіл, сарайының батпағы бар”, — деп сипатталған Батыраш. Осы Батыраштың зұлымдығы поэма оқиғасының шиеленісуі, әрі шешілуі үстінде көрінеді. 
 Ал, поэманың тіл байлығы төтенше. Өзге поэмалардағыдай, бұнда да ақын еркін төгілген, образды бейнеге бай құнарлы тілімен оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, бірден баурап алады. 
 «Құлагер» поэмасындағы ақынның көркемдік шеберлігі, тілінің аса шұрайлығы  жайлы М. Қаратаев «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген ғылыми зерттеуінде: «Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, серпінде, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғыраған кәдімгі он бір буынды  қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мәнінде поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады» — деп түйген болатын. Тілінің байлығы, тазалығы, мөлдірлігі мен бейнелілігі жағынан «Құлагер» — қазақ поэзиясындағы ең үздік поэмалардың бірі.  
   Қысқасы «Құлагер»  дастаны  ақын  туралы, оның тағдыры десек те, оның негізгі өзегі – Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік орта және замана лебі, қуанышы мен қайғысы кең  көлемде жырланған ірі лиро-эпикалық поэма. 
 

 Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясында қайталанбас, аса ірі, кең тынысты шығарма жазған эпик ақын. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламын жоғарыда аталған поэмалары сарындас, сапасы да еш кем емес «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде аяқталмай, жарық көрмей қалған. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда оның тірі кезінде 20 жыл бойы жазып кеткен мол мұрасы қазақ әдебиетінің барлық сапасына үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түсті. 
 

«Мақпал» поэмасының тақырып ауқымы мен оқиға өмірімен көлемді туындының табиғаты танылады. Поэма мазмұны әдебиет тарихында кездесетін, нақтырақ айтсақ Ұзақ пен Балтаның қарсы құда болуы, Мақпал мен Шабденбектің дос-жар жүріп, байланыстары сүйіспеншілікке ұласу, қазақ тұрмысының ауыр сәттері, әйел теңсіздігі тағы басқа мәселелерден қоғам жайы, адам мен уақыт арасындағы қатынас едәуір көрінеді.  Кей тұстары «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасындағы Қарабай мен Сарыбайдың арасындағы қатынастар, классикалық мұралар мен Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дстандарының үлгі-үрдістері де танылады. Алайда, әлеуметтік теңсіздік сыры,   адам портреті мен оған психологиялық мінездеме беру, көркемдік амал-тәсілдер  талап деңгейінен көрінбеген. 
 

«Рүстем қырғыны» — қазақ халық өміріндегі жаугершілік кезеңді – қалмаққа қарсы күресті, феодалдық дәуірдің керітартпа қақтығыстары азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрес болса, рулық кездегі адамға, малға байланысты күрес-тартыс ескілік көзқарастары, соның сарқыншақтарын танытады. Әсіресе, Найман мен Үйсін руының арасындағы қақтығыс, адам тағдыры,ел намысысын тезіне түседі. 
 

 «Исатай» поэмасында белгілі нарын қозғалысындағы  еркіндікті, азаттықты аңсаған оқиға негіз болған. Исатай төңірегіндегі шаруалардың топтасуы, ортақ жауға деген ашу-ызалары сенімді өріс алады. Сондай-ақ, өнер иесі, кедей – Жалдықара мен хан тұқымынан шыққан Қарлыға арасындағы сүйіспеншілік, еркіндікке ұмтылулары сендіреді.  Автор Исатай бейнесін  төңірегіндегілердің  ауыз бірлігін, ортақ жауға өшпенділіктерін нанымды ашады. 
 

 «Байкал» поэмасы Сібір халықтары арасында кеңінен тараған аңыз желісінде жазылған. Поэма оқиғасы Байкал есімді шал меноның қыздары төңірегінде өтеді. Мазмұны, Ангара атты қыз Енисей деген жігітке ғашық болады. Байкал оларға қарсылығын араларына тау-қорған қойып береді. Ангара басындағы ауыр жәйді Бұлақ сіңілілеріне айтып, солардың көмегімен жол тауып Енисейге қосылады. Ангараның Енисейге қосылып, Байкал көлінің дауылды сәттерін ақын адам өмірінің  жастық сәтіме, өмірдегі, ордабасындағы көзқарас, тіршілік тынысымен аңыздық сюжет негізінде жеткізеді. Мазмұны тартымды, сюжеті қызық, әсерлі оқылатын бұл поэма – махаббат тақырыбын сәнді суреттеумен мәнді. 
      Негізінен алғанда жоғарыда еске алған поэмалар қазақ ауылының өмірін, ондағы таптық тартысты, жаңа дәуір адамның ой-санасын, елдік пен ерлік жолындағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді танып-таразылауда  берер дерегі, рухани нәрі мол. 
   

Ілияс Жансүгіров әдебиет саласының басқа жанрларындағы еңбектері жетерлік. Сондай бір қыры – фольклористағы еңбегі. Жасынан өнерге жақын болып өскен Ілияс ел аузындағы әдеби мұраларға, сиқырлы сөзге ерекше ден қойған. Бала кезінде әкесінің әсері болса, өсе келе өз бетімен  жинаған ескі әдеби мұралары, творчестволық өсу жолына көп қолғабысын тигізеді. 
 1933 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне басылған мақаласында былай дейді: «Қазақ ел әдебиетінің осы күнге шейін жүзден бірі  жиналған жоқ». 
 

Қоғамдық өмірдің  ірі қайраткері, асқан дарын иесі Ілияс Жансүгіровтің  творчестволық мұрасын аз сөзбен бағалағанда, ол – халқының мәңгі қадірлеп, ардақтауына, мақтаныш етуіне лайық, кесек поэзиялық мұра қалдырған ер тұлғалы  нағыз азамат ақын
Ілияс өзінің өмірбаянымен бірге, халқымыздың бүкіл тұрмыс-тіршілігін, салт-анасын, мінез-құлқын жан-жақты толғаған заңғар ақын. Қазақ халқы барда, егеменді еліміз тұрғанда ұлтжанды ұлы ақынымыздың аты биіктей түседі,  даңқы  асқақтай  береді. 
    

Қазақстан тарихындағы саяси-әлеуметтік науқан – қазақ жеріндегі ірі байлардың мал-мүлікін тәркілеу, өздерін жер аудару науқаны 1928  жылы басталды. Оған қызу ат салысқан творчествалық одақтар үгіт-насихаттық жұмыстарды жан-жақты жандандырып, өз тараптарынан үлесін қосып жатты. Әдебиет саласындағы өкілдер қалың қауымға үгіт-насихат жүргізу мақсатында өлең, әңгіме, очерк, дастандар мен деректі шығармалар жазып, көзге түсті. Ілияс бұл науқандық шараға арнап «Кәмпеске» деген шағын поэма жазды. Поэманың басты кейіпкері – Мұқан байдың дүниесін тәркіленген сәттегі ішкі психологиялық қиналысы бейнеленген. Мұқанның малының алынуын, жинаған дүние-мүліктің жалшы-жақыбайға үлестірілуін, зират басына апарып көмген тайтұяқ алтыны мен жамбысы ортаға салынып, шаңырағының ойраны шыққанын ақын фольклордағы жоқтау өлеңінің формасы арқылы шебер көрсете білген. Дүние-мүлік пен елден айырылып, жер аударылған Мұқан мен әйелі Ұлжан бөтен ел мен жұртқа бара жатыр, олардың сауық-сайран дәурені біткен, поезд бұларға адам жұтатын айдаһар болып елестейді. Ақынның мұндағы меңзейтіні – ескі элементтердің жаңа заманның жаңалығын қабыл ала алмайтыны, олардың ғұмыры бітіп, құрдымға кеткенін көрсету.
  Коллективтендіру тақырыбына жататын тағы да бір ірі туындысы – 1922 жылы жазылған «Жаңа туған» поэмасы. Басқа шығармамалрмен салыстарғанда, бұл туындысында реалистік бейнелеулер мен образдық ой-толғамдар бояуы қалыңдау шыққан. Поэманың кіріспесінде қазақ даласындағы болып жатқан ұлы өзгерістерді айта орыра, көпшілік қауымның коллективтік еңбекке қалай кіріскенін баяндайды. Алғашында жеті үйден құралған артель болса, кейін адам саны көбейіп, колхоз дәрежесіне көтерілді. Міне, осы тұста колхоздандыру кезінде асыра сілтеу, шолақ, саяси шикі белсенділердің өрескел қылықтары, соңында қалың жұртты аштыққа апарған кезеңді ақын бүкпесіз, ашық жариялайды. 
Ілияс Жансүгіровтің аталмыш тақырыпқа арналған «Мәйек», «Кеңес» атты поэмалары жазылған. Бұл циклдағы ой мен науқандық кезеңдегі актуалды саналатын тақырыптарды мейлінше ашық, батыл айту пафосы айқын көрініп тұр.

Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық ғұмырындағы әлі де болса анықталмаған, зерттелмеген жайттар барын айтсақ, оның соңғы нүктесін қоятын күн әлі ерте секілді. Соның дәлелі ретінде, дарынды ақын қаламынан шыққан, дүйім жұртқа белгілі, бұрындары таңдамалы туындыларында жарық көрген, «Көбік шашқан», «Исатай», «Бақытты Жамал», «Мақпал», «Рүстем қырғыны», «Мәйек», «Кәмпеске», «Байкал» толғаулары басталған күйінде толық аяқталмай, немесе жарық көрмей қалған туындылары қатарында болса, солардың ішінде сапасы жағынан еш кем емес «Қолбала» деген поэмасы да барын айта кеткен дұрыс. Кедергі болған жайт – оның нағыз творчестволық өрлеу жағында жазықсыз жапа шегіп, мерт болуы. Алайда, оның тірі кезінде жазып, жарыққа шығарған аталмыш мол эпикалық мұралары ішінде «Құлагер», «Күй», «Күйші», «Дала» поэмалары қазақ әдебиетінің барлық сапасына жауап беретін, үлкен үлес болып қосылып, мәдениетіміз бен өнеріміздің алтын қоры қомақтана түскендігі кеше ғана еді. 

«Қолбала» поэмасы жарыққа ақынның көзі тірі кезінде жарыққа шықпаған. Поэманың бір кейіпкері ретінде сурттелетін Ханкелді туғанынан сотқар, ұры, қайырсыз болып өссе, оның жайлауы Күзек, қыстауы Мойынқұм болып, елге жауша шауып, жайсыздық танытады. Сол елде «Қаракөз, аққұбаша жетім бала» өсіп келе жатса, оның аты «Қолбала» екені айтылады. Сол Қолбала өзі әнші, өзі әділетті болып өссе, ұрыларға туралықпен жөн айтқаны жақпайтыны танылады.Сюжеттің келесі бөлімі Сол Қолбаланың жайсыз түс көріп, оны Үш Қайнардын шыққан көріпкел Бәйтенге жорытады. Бәйтеннің жоруынша, Қолбаланың сақ болып, айналасына жіті көз тастауын өтінеді. Арада біраз уақыт өтіп, көп нәрсе ұмыт болады. Қолбаланы өзінің ұры Ханкелді бастаған ағайындары өлтірмек болып, «тойға жүр» деп алдамалап, Арал дейтін жерге апарады. Сол жерде мерт етіп, сүйегін құмға көміп кетеді. Қолбаланың әйелі күйеуі кешіккен соң сұрау салғанымен, одан еш нәтиже шықпайды. Кейін өлімнің арты анықталғанда, Ханкелдінің қасындағы баукеспе ұрылары құн төлеп, Қолбаланы ұмыттырады. Поэманың негізі қысқаша сюжеті осында.
Поэманың нұсқалары шамалауымызша, ауызша таралған болса керек. Сол айтылған сәтте қағазға түскендіктен, ондағы кейбір жолдар түсініксіздеу шыққан. Бұл әрине, дайындап газетке шығарған автордың кінәсі емес, оны естіген адамның жазуында болса керек. 
Мәселен, поэма басында, алдыңғы нұсқасында: «Үшқайнар, Ақсу, Діңгек жүрді қыстап...» деп Үшқайнар жер аты болып қабылданса, ол кейінгі нұсқасындағы «Үш Қайнар» ру аты ретінде айтылған. Мұндағы ақынның айтпағы «Үш Қайнар» руының ол тұста Ақсу мен Діңгек жерінде қыстап жүргені айтылмақ. Сонымен бірге, кейінгі жолда «Шығады жайлауға да жаз жылыстап» деген жолды кейінгі нұсқасындағы «Жаз жайлауға шығады ел жылыстап» дегені дұрыс келеді. Ал кейінгі жолдағы алғашқы нұсқасындағы «Баласы Солтанбайдың үшеу екен...» деген жолдар мағынасы дұрыс болғанымен, оның екінші нұсқасында «Солтанайдың баласы үшеу екен...». Бұл жерде Солтанай ма, әлде Солтанбай ма? Ол жағы белгісіз? Осыны анықтау болашақтың еншісінде болмақ.
Сол Солтанай әлде Солтанбай ма? Соның баласы алғашқы нұсқасында «Қангелді», «Ханкелді» деп орфографиялық жағынан келгенде дұрыс оқылғаны орынды болар деген ойдамыз. «Қанекең» деп деп алғашқы нұсқасында, екінші нұсқасында «Ханкелді» делінген. Сол Ханкелді «Қайырсыз қанды, суыт, ылғи ұры» делінсе, ол «Қайырсыз, қаны суық, ылғи ұры» болуы керек. Себебі, «Қайырсыз қанды суыт, ылғи ұры» деген тұрақты тіркес қазақта қолданылмайды.
«Содан бері бірталай заман өтті, Күз кезімнің уағы келіп жетті» деген сөйлем түсініксіз. Ол «Содан кейін бір талай заман өтті, Күз күземнің уағы келіп жетті», яғни «күз кезімнің» емес, «күз күземнің келіп жеткені» жөнінде айтылған.
Поэмада қазірде халық арасында, тарихи деректерде белгілі адамдардың есімін де кездестіруге болады. Солардың ішінде Найманның ішіндегі Қайнар руынан шыққан игі жақсылары Шынасыл, Әбдібай, Тұрсын, Тәшен секілді адамдар қатарында атақты меценат болған «Мамания» мектебін ашқан Тұрысбек пен Сейтбатталдың әкелері Маман Қалқабайұлының есімі де кездеседі.
    

Ілиястың поэзиясының ауқымы қаншама мол, шалқар болса, оған айтылар ой-пікір де осал болмаса керек-ті. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейінгі тұста жарық көрген (1960 жылдар мен 1986—1998 жылдары)таңдамалы шығармаларына қазақ әдебиетттану ғылымының аса көрнекті ғылыми-зерттеушысі академик Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Мырзабек Дүйсенов, Тұрсынхан Әдірахманова, Рымғали Нұрғалиев, Бақыт Сарбалаев және тағы басқа ілиястанушылар өз тарапынан ақын поэзиясынның сан-салалы құпиялары мен ашылмаған қыр-сырын дәйекті зерттеу еңбектері мен монографиялар жазып, сол арқылы дүйім жұртты бір серпілтті. Осы игі қадам арқасында әдебиет жиырма жылға тарта поэзия нәрімен сусындатқан Ілияс ақынның кейбір танылмай, көрінбей жатқан асыл көмбелері, тіс жарар таза бұлақ кәусары баяу жылжып, қазақ әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылды. Бүгін Ілияс Жансүгіровтің күйлі, сыршыл сан ғасырлық, «Сұлу сөзбен алтын сарай салдыртқан» өлмес поэзиясы қазақ жұртының қымбат қазынасы, осы арқылы оның өр тұлғасы алаш елінің құлай сүйген адал да қадір тұтар сүйікті перзентіне айналды.

 

 *       *        *

 Ілияс Жансүгіров"Құлагер" поэмасын сөз етсек. ... 

"Әдебиет әлемі" бағдарламасы

Білім және Мәдениет арнасы. 19 ақпан 2015 жыл.

 

Ілияс өлеңінің бояулары

Анар ФАЗЫЛЖАН

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы
Орфография басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты

«Айқын» газеті, 23 сәуір 2019 жыл

 

Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығын әдебиеттанымдық тұрғыда зерттеуге арнал­ған ғылыми ізденістер баршылық. М.Дүйсе­нов (1965), Т.Әбдірахманова (1965), Қ.Жұмалиев (1967), М.Иманғазинов (2004), Т.Cыдықов (2011) және т.б. ғалымдарымыз­дың еңбектері бүгінгі ілиястану саласының негізін қалады деуге әбден болады. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы әлі де терең зерттеуді, әсіресе, тілтанымдық тұрғыдан жан-жақты қарастыруды қажет етеді.

Біз құлагер ақынның шығармалары мәтінін қазіргі тілтанымда біршама орныққан фоносемантикалық аспектіде зерттеудің қажетіне, маңызына тоқталмақпыз. Көркем сөз шеберінің оқырманына жеткізбек болған ақпараты шығарма желісі мен сюжеті және оның мәтініндегі лексика-фразеологиялық бірліктердің мағынасы, сөйлемдердің стильдік, синтаксистік құрылымының мазмұны арқылы ғана емес, дыбыстық бірліктердің бейнелеуіштік, экспрессиялық семантикасы арқылы да берілуі мүмкін.

Академик Қ.Жұмалиев «дауысты, дауыссыз дыбыстарды аралас келтіріп, белгілі мөлшерде қайталау барлық ақындарда кездеседі. Оның мөлшерін, шегін белгілейтін – әр ақынның сезіну қабілеті. Табиғи заңдылықтан қылдай тайса, дыбыс қайталаушылық дыбыс қуалаушылыққа айналады да, өлеңнің әуезділігі, музыкалылығынан еш нәрсе қалмайды. Оқырманның әдемілікті талғайтын сезіміне керісінше әсер етеді. Әрине, дыбыс қайталаушылықтың да әралуан түрі бар. Негізгі түрі дауысты, дауыссыз дыбыстарды қайталаудан құралады. Мұны әр ақынның да өлеңдерінен кездестіреміз. Біздің бұл жердегі айтпағымыз ол емес, Ілияс өлеңдерінде кездесетін ішкі ұйқас. Ішкі ұйқасты бізде жалпы дамытқан, өлеңнің музыкалық жағын күшейтуде мәні зор екенін аңғарып, оны өзінің әдемі өлең, шын мәніндегі искусстволық дәрежеге көте­ріл­ген поэмаларында шебер қолдана алған ақынның алғашқы өкілдерінің бірі де Ілияс болды», – деп ақын өлең­дерінің дыбыстық ерекшеліктеріне, интона­ция­лық-ырғақтық құрылымына жоғары баға береді.
Дыбыс қайталауыштықтың аллитерация мен ассонанс – екі түрі болады. Аллитерация сөйлеу ағыны кезiнде кейбiр сөздердi ерекше бөлiп көрсету үшiн және интонациялық мән беру үшiн бiрыңғай дауыссыздарды қайталау болса, ассонанс – дауысты дыбыстарды симметриялы қайталау.
Мұндай дыбыстық қайталаулар Iлияс поэзиясында әртүрлi қырынан көрiнедi. Егер кеңестiк әдебиет теориясында осындай форма арқылы әсер етудiң амалдарын түрқуалаушылық деп, оны шығарма мазмұнын солғындатады деп біржақты ғана бағалаған болса, қазiргi күнi әдебиеттанушылар мен тiлтанушы­лар да бұл құбылыстың ақын өлеңiндегi негiзгi идеяны көркейте, әсiрелей түспесе, басқа қызметi жоқ екенiн айтып жүр. Ақынның сөздер, олардың қолданысы арқылы шығарма идеясын, мазмұнын жеткiзiп қана қоймай, оның дыбыстық әдемi құрылысы арқылы оқырман мен тыңдаушының эмоциясына әсер етiп, эстетикалық талғамын қалыптастыруы поэтикалық туындысының көркем­дiгiн арттыра түспесе, кемiте қоймайтыны анық.
Дегенмен дыбыс қайталауыштық дыбыс қуалауыштыққа да әкеп соқтыратын кездер де болатынын естен шығармауымыз керек. Әдетте кейбiр табиғаты бөлек стиль жанрында, мәселен, публицистикада шектен тыс қолданылған дыбыс қайталауыштық мәтiннiң құндылығын төмендететiнi мәлiм. Өйткенi бұл стильдегi сөз оқырманның эмоциясына әсер етуімен қатар, белгiлi бiр ақпаратты мүмкiндiгiнше объективтi жеткiзудi, оқырманның ынта-жігеріне әсер етуді де көздейдi. Сол себептi, ойды жеткізетін сөздердің тұрқын әсемдеумен ғана әсiрелей беру осы мәтiн аясында қолайсыз жағдайға әкеп соғады. Себебі, оқырман назары мәтіннің көркемдігіне ауып, нақты ақпарат еленбей қалу қаупі зор. Ал негiзгi қызметi эстетикалық болып табылатын, ең алдымен, оқырманның эмоциясына әсер етуді көздейтін өлең мәтiнiнде орнымен қолданылған дыбыс қайталауыштық оқырман санасында неше түрлi ассоциация туғызу арқылы оның өлеңнен алған эмоциялық әсерiн күшейте түседi.
Мысалы, «Заман» өлеңінің
Зар, зар, зар, зар заман,
Зарлатып өткен о заман.
О заман кетсін өзімен,... алғашқы жолдарындағы З дыбысының аллитерациясы, бір жағынан, зарылдаған зарлы дауыспен ассоциация тудыратын «көңілсіз» күйге қатысты дыбысбейнелеуіштік қызмет атқарса,

…Күлдірген бізді бұ заман.
Заманым­да зырлаймын… деп келетін келесі жол­дарында, екінші жағынан, зырлаған еркін қозғалыстың символы ретінде «жағымды» мән үстеліп қолданылып тұр. Осы өлеңдегі кү/кө дыбыс тіркесінің қайталануы көңіл, көтерілу, күн, күлу сияқты сөздердегі «жа­ғым­ды», «жылы» семантикамен астасып, жа/жұ алли­терациялық дыбыс тіркесі «жарық әрі кең, үлкен» семаларымен ассоциацияланатын «жағымды» сезімдерді жеткізіп тұр.

…Күлетін күнің, күл, елім!
Көңілім көл, қабағым,...
…Көпіре көңіл жуады.
…Жаңадан жаңбыр жаудырар,
Жай отындай жүйрік жан.
…Жарасам, жұртым, кірпішпін,
…Жаңғырар жас жұрт жаңалап.

Ілияс өлеңдеріндегі ассонанс та фоносемантикалық мән алады. Мәселен, 20 жолдық «Ауылдың алды» өлеңі­нің 18 жолы А дыбысынан басталады да, тек 2 жолы ғана дауыссыз дыбыстан басталатын сөзден құра­лып тұр. Өлеңнің өн бойында жиілігі жағынан А ды­бысының басым екені бірден көзге түседі (65 рет кез­деседі). А дыбысы артикуляциясы бойынша ауыз қуы­сының кең ашылуымен жасалатын ашық дыбыс. Бұл дыбыс қазақтілді қауымдастықта әрі Ілияс өлең­дері контексінде арындаған, арқыраған, ақиланған, яғ­ни кедергісіз кеңсерпінді қозғалыспен ассоциа­ция­ланады. Біздің ойымызша, А дыбысты сөздерге ба­сым­дық беру арқылы ақын ауылдың жарқын болашағына деген оқырманның сезімін күшейте түскісі келген.

Ауылдың алды

Ауылдың алды айдын көл,
Айдын көлде шағала,
Айдын көлді жағала
Айнала қонған қалың ел.

Ауылдың алдын абайла,
Ауылдың алды ұлы көш,
Алдында өткел, оны кеш.
Аяңда, ауыл, аяңда!

Ауылдың алды айқын жол.
Аңқылдар ауыл, аңырмас.
Аңыртпай бастар бауырлас
Қозғалармыз қалың қол.

Ауылдың алды асқар тау,
Асқар таудан асармыз.
Асып жайлы жасармыз;
Ел ер жетіп есен-сау.

Бұл мәселе – тілтанымдық тұрғыдан зерттеуді қажет ете­тін ашық тақырып. Бұлай дейтініміз, Ілиястың ды­быс қайталауыштығының өзі де терең фоносеман­тикалық жүк арқалайды.

Фоносемантика – өткен ғасырдың 80-жылдары қазақ тіл білімінде профессор К.Хұсайын мен оның шәкірттерінің еңбектері негізінде, орыс тіл бі­лімінде профессор С.Воронин мен кибернетик әрі тілт­анушы ғалым А.Журавлевтің зерттеулері арқылы қа­лыптасқан бағыт. Фоносемантика – дыбыс­бейнелеуіштік жүйені уақыт пен кеңістік тұрғысынан зерттейтін ғылым саласы. 150-ден астам тілдің ма­териалы бойынша сөздің мазмұн межесі (мағынасы) мен тұрпат межесі (дыбыстық формасы) арасында үнемі болатын корреляциялардың көптігі дәлелденген соң, бұл бағыттағы ізденістердің дұрыстығы күмән ту­дыр­майтын болды. Мәселен, профессор К.Хұ­сайын­ның шәкірті, отандық зерттеуші А.Мақұлбектің еңбегіндегі географиялық апелятив атауына жасалған мына бір талдауы оқырманға фоносемантикалық құбылысты тереңірек түсінуге септігін тигізеді деген оймен ұзақ болса да, тұтас беріліп отыр: «Қазіргі таңда «қара» сөзі термин ретінде қолданылмайды, бірақ өзіндік географиялық атау құрамына жиі енеді: Үш­қара, Берікқара, Иманқара, Жетіқара т.б. моң­ғолдарда да жалқы есім құрамында Нарынхара, Доланхара деген биіктік атаулары кездеседі. Қа/ка имитативі дыбыстық символикалық кешен ретінде «үлкен, бірақ асуға болатын», яғни шыңына шыға алатын кедергіні, биікті, жартасты, тауды бейнелейді. Ка/қа имитативі дауысты және дауыссыз екі-ақ дыбыспен дыбыстық символика арқылы «тау», «биік» (үлкен), «жартас» ұғымын, бейнесін, сипатын беріп отыр. Қа/ка «тау», «жар­тас», «биік» имитативінде к және а өлі (консер­вілен­ген) рудименттер кезінде дербес дыбыстық символика сөздер болған деп жорамалдауымызға болады. Б.Сағындықұлының зерттеуі бойынша, ішкі флексия болмаған кезде, яғни дауысты дыбыстар лексика-семантикалық, стилистикалық т.б. қызмет атқармаған уақытта «әр түсінік үшін бір дауысты жеткілікті болған». В.Левицкий 28 тілдің деректерін келтіріп, «үлкен-кіші» ұғымдарын талдап, «үлкен» ұғымын артқы, ұяң, шұғыл, діріл (әсіресе, [о], [а], [r], [d], [z]) дыбыстар білдіреді деп жазады. Осы деректерге сүйенсек, *кар архетипінде р® а дауысты дыбыспен қоса «үлкен», яғни «биік» деген ұғымды символикалық түрде көрсетіп тұр. Ал Т.Быстрова, В.Левицкий, О.Шевченко фонемалар тіркеуінің символикалық қызметі жайында жазған мақаласында qr (яғни к (а) r) «үлкен» ұғымын береді деп пайымдаған. Сонымен, ежелгі дәуірде *кар/қар имитативі немесе фоно­се­мантикалық моделі «тау», «жартас», «биік» ұғымдарына байланысты пайда болып, жеке, дербес сөз ретінде пайдаланылған деп болжауымызға болады».
Бұл айтылғандармен қоса сөздердің құрамындағы дыбыстарға тән дыбысбейнелеуіштік және ды­бы­селіктеуіштік мағынадан бөлек ассоциативті түстік ма­ғына да тіл иелмендері санасында ортақ болуы мүм­кін деген болжаммен А.Журавлев дыбыстарға бел­гілі бір түстерді телу бойынша қызықты тәжірибе жүр­гізеді. Сауалнамға қатысқандар орыс тіліндегі ды­быстар мен дауысты дыбысты таңбалаушы әріп­терге мынадай түстерді теліген:
Осы тәжірибені негізге ала отырып, өзіміз жұмыс істейтін мекемедегі қазақтілді жастарға (30 адам) қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбыстың қандай түстермен ассоциацияланатыны туралы сұрақ қойып, оның нәтижесінде, дауысты дыбыс пен түстер арасында мынадай корреляцияны анықтадық:
Жалпы, тәжірибеге қатысқандар арасында қою (қан қызыл, сап-сары, көкпеңбек) түстерден гөрі ақ­шыл (ақшыл жасыл, көгілдір, сұрғылт, ақшыл күлгін) түстерді ұнататындар көп болып шықты. Осы түстер шка­ласы бойынша Ілияс Жансүгіровтің табиғат құбылыстарына арнаған өлеңдері тармақтарындағы әр­бір дауысты дыбысқа бір торкөзден бояп шықтық. Ол үшін өлең мәтініне фонетикалық транскрипция жасалды. Сөйтіп, бір қызығы, өлеңге арқау болған та­биғат құбылысының бояуларына әбден үйлесетін тө­мендегідей көрнекі кескіндемелік картинаға ұқсас су­реттер алынды.

Көлге

[Көмкөрүуүң көк көгал,
Күлүмдөген күмүс көл,
Көнөрең гесте – құрақ тал.
Кестеңді өртөр күзгү жел].
Ақшам

[Көкшө гөктө ахша бұлт
Көмүлүп күн нұрұна,
Жел бақырау, жел сұлұқ,
Қызғыл алтын шұғұла].

Қыс
[Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді гөмүп,
Бұлт бүркөп, тұман төнүп, баса шөгүп,
Жер-гөктү айаз бүркүп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсап, шашып, төгүп].

Қорыта айтқанда, Ілияс Жансүгіров шығарма­шылығын тілтанымдық жаңа бағыт аспектісінде зерттеу ақынның өзіндік тілдік тұлғасынан ғана емес, сонымен бірге, тіл мен дегдар тілдік тұлға, ұжымдық және тұлғалық тілдік сана арасындағы ерекше бай­ланыстардан ақпарат беретін құнды деректерімен қы­зықты болмақ.

 

 *       *        *

Жалғасы болады...