САБЫР ҚАДЫРҰЛЫ ТУРАЛЫ

 

Сайтымның бүгінгі парағында Ақсу жерінің (Алматы облысы) тумасы, облыс жұртшылығына жақсы танымал  белді кәсіпкер, білікті басшы, жаны  жомарт, халыққа қадырлы  азаматтарының бірі Сабыр ҚАДЫР туралы әңгіме етпекшімін.

Соған орай, оның өмірдеректері, басқаруындағы кәсіпорынның қызметі және елі игілігіне мақсатталған  ізгілікті істері туралы жазбалар беріліп отыр. Танысыңдар!

 

Еліне қадырлы Сабыр Қадырұлы

 

 

Өмірдеректері

 

 

Сабыр ҚАДЫРҰЛЫ 1964 жылы 22 сәуір күні Алматы облысы Ақсу ауданы  Матай стансасында дүниеге келген. Білімі жоғары. Алматы мал-дәрігерлік институтын «зоо-инженер» мамандығы (1986) және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Су ресурстары және суды пайдалану» факультетін  (2014) бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылдың қыркүйек айында сол кездегі Талдықорған облысы Талдықорған ауданындағы «Заря» тәжрибе-өндірістік шаруашылығында аға мал дәрігері болып бастайды. 1991 жылдан  жеке кәсіпкерлікке көшеді. 2007 жылдың тамызынан  Талдықорған қаласындағы  «Механикаландырылған жұмыстар» ЖШС-нің директоры, 2009 — 2016 жылдары  «Спец. Teхнo. Maш.» ЖШС  құрылыс компаниясының директоры болады. 2016 жылдан бері  - жеке кәсіпкер.

 Отбасылы: Жұбайы — Ажар, Қуаныш, Ильяс Диас атты балалары және Нұрали, Нұриман, Ғани атты  немерелері бар.

 

Марапаттары 

  • ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына Құрмет грамотасы, 2011 ж.;
  • Бауыржан Момышұлы атындағы Ауған соғысы ардагерлерін қолдау және оның мүгедектеріне қайырымдылық көмек көрсеткені үшін «Бауыржан Шапағаты» медалі, 2011ж.;
  • Ауған соғыс ардагерлерін қолдау және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің жоғары деңгейі үшін «Сауап» медалі, 2012 ж.;
  • Алматы облысы Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» атағы, 2014 ж.;
  • Қазақстан Республикасындағы Ұлттық бизнес-рейтингінің Ұйымдастыру комитеті шешімімен берілген «Қазақстан даңқы» ордені, 2014 ж.;
  • Ресей, Украина, Қазақстан Белоруссия, Грузия және Әзербайжан елдерінің Ұлттық бизнес- рейтингтері Одағы тарапынан Астана қаласында өткізілген XVII халықаралық экономикалық форумында берілген «Экономика мақтанышы» ордені, 2015 ж.;
  • Париж қаласында өткен XIX-шы халықаралық конкурсында берілген «Sein ассоцациясының Алтын медалі», 2015 ж.;
  • Алматы облысы Сарқан ауданының «Құрметті азаматы» атағы, 2018 ж.

 

 

 «Спец.Техно.Маш» ЖШС  туралы ақпарат 

«Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі»  

халықаралық ұйымдастыру комитетінің интернет парағынан.

 

 Кәсіпорын 2008 жылдың 3-ші сәуірінде құрылған. Ол  өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, ғимараттарды, құрылыстарды және автомобиль жолдарын қайта жөндеу, көркейту, көгалдандыру, сумен жабдықтау, магистральды каналдарды қайта құру жұмыстарын жүргізуге мамандандырылған. II (екінші) санаттағы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу лицензиясының иегері.

Компания  жұмысының негізгі қағидалары болып, құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша тапсырыс берушілерден  қабылданған және істес серіктестер алдындағы міндеттемелерді зор жауапкершілікпен, ұйымдастырушылықпен, жоғары кәсіби тұрғыда, сапалы және уақытылы атқару саналады. Осы тұрғыда  оның қызметі ұзақ жылдар бойы тек жақсы жағынан бағаланып,  көпшілік тұтынушылардың ризашылығына ие болуда.

 

Кәсіпорын директоры Сабыр Қадырұлы жаңашылдыққа, прогрессивтік дүниелерге жаны жақын, жұмыстағы озық тәсілдемелерді тиімді пайдалана білуде, ұжым қызметін  ұйымдастыру мен үйлестіруде заманауи талаптарға сай келетін басшылық стилімен  ерекшеленеді. Және де ол жас мамандарды қолдау, кәсіби түрде шыңдау, тұрмыста  көмектесу және адами тұрғыда тәрбиелеу жұмысына үлкен көңіл бөледі.

Осыларға  орай,  ЖШС  Алматы облысы бойынша табысты,  әрдайым жұмыс сапасы жоғары,  жақсы даму үстіндегі  үздік кәсіпорындар қатарында  есептеледі. Ресей, Украина, Қазақстан және Белоруссия  елдерінің экономикасы үздік кәсіпорындарының халықаралық рейтингісіне сай «Сала көшбасшысы -2014 және 2015»  құрметті атақтарына ие болған. Ал Сабыр Кадырдың өзі «Экономика Мақтанышы» орденімен марапатталған.

 

         

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сабырдың ізгілікті істері 

Серпербаев Серікбек

 

                                                «Жомарттық» —  қолы ашық, жүрегі жұмсақ, қайырымдылығы мен                                              жақсылығы мол, мұқтаж жандарға мүмкіндігіне   қарай,  тек Алланың                                             ризалығын ғана ойлап, қайырымдылық қолын созып, ешқандай  мені ел көріп мақтасын демей көмек берген жан деген мағынаны білдіреді

 

Жоғарыда айтылғандай, Талдықорған өңірі жұрты Сабыр ҚАДЫРДЫ белді кәсіпкер ретінде, оның меценаттық түрғыдағы халық игілігіне бағытталған демеушілік, қайырымдылық шаралары арқылы жақсы біледі, құрметтейді. Негізінде “Жомарт бергенін айтпас, ер айтқанынан қайтпас”  дегендей, шын  қайырымды жандар кімдерге қандай көмек жасағандарын ашық айтқысы келмейді. Сондықтан да сырттағы қалың көпшілік олардан хабарсыз болып жатады. Ондайды   қайырымдылықтың игілігін көрген адам ғана жақсы сезініп  түйсіне алады. Сабыр  азаматымыз сондайлардың қатарында. Десек те, «Азаматтың ізгілікті істерін  білсең бөліс, көпшілік білсін,  елі сүйсінсін, басқаларға үлгі болсын» деген қағидаға сай, осы мақаламда таза  жүрегімен жақсылықтар жасап, әр кездерде жомарттық танытып жүрген Сабырдың мырзалық пен мәрттік қасиеттерін, үлгілік істерін,  өзі  қажет етпесе де, білгенімше оқырмандармен бөліспекшемін.

   

Мен, өз басым  Сабырдың игілікті істерімен елге сыйлы  азамат екенін  бұрынырақтан естіп-біліп жүргеніммен, онымен жақсы танысып-білісуім 2015 жылдың басында, біздің Ақсу ауданында қолға алынған «ТУЫҢДЫ ТУҒАН ЖЕРІҢЕ ТІК» атты акция аясындағы  іс-шараларды атқару кезеңінде басталған еді. Бұл қозғалыс сол кездегі аудан әкімі Әділбек Далбағаевтың ұсынысымен қолға алынған болатын. Мен, аудандық мәслихаттың хатшысы ретінде осы игілікті бастаманың  белсенді  қолдаушысы  және  одан ары, оны аталмыш акцияға айналдырудың ұйымдастырушысы  болған едім. Міне сол кезеңдерден  бастап Сабыр деген азаматтың  бұрындары  атқарған ізгілікті істерін құлағыммен естіп, кейінгілерін өз көзіммен көріп, жұртының   құрметіне, сүйіспеншілігіне қаншалықты  ие екеніне нақты куәгер бола алдым. Олардың бәрін тәптіштеп айту ұзын-сонар болатындықтан,  мүмкіндігінше жинақтап, тек тізбелі және тақырыпты  түрде тарқатайын.

 

                                                                                             

( Осы Акцияның қолға алынуы, оның алғашқы кезеңінде атқарылған біраз шаралар туралы өткен жылы осы сайтымдағы   Ақсу аудандық "Туыңды туған жеріңе тік" акциясы туралы» деген мақалада айтылған болатын. Онымен мына сілтемемен таныса аласыздар: http://bit.ly/2YMQV0h)

 

Әлеуметтік ғимараттар ел игілігі үшін салынады

 

...  2010 жылдардан бастап аудан елді мекендерінің ішкі-сыртқы бейнелерін  жақсартуда  ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде олар әлдеқайда жақсарған жағдайда болатын. Ал аудан орталығы – Жансүгіров ауылы тіпті әсемденіп, мақтаныш ететіндей түрге енген еді. Тек...! Тек, бұрындары қала типтес осы  ауылдың көзтартарлық ғимараттары болған, алайда 90-шы жылдар «дағдарысының ескерткіштеріне»  айналған, қаңырап бос қалып әбден бұзылған, ретке келтіруге шама келмей жатқан көп қабатты үйлердің соңғылары, ауылдың тура ортасындағы  2 бес қабатты үйлердің «қаңқалық»  көрінісі  бүткіл істі, әсемдікті  жоққа шығарғандай болып тұрған еді. Соларды «көз сүйеліндей» қылмай мүлдем құртып, орнын тазалап тастаудың өзі қаражат тапшылығынан қолдан келмей жүрген шаруа болатын. Сондықтан да бұл проблеманың шешімін табу – акцияның  мақсатты шараларының бірі болып белгіленді. Сондай күндердің бірінде,  осы жұмысты қолға алған аудан әкімінің орынбасары Сәбит Қорғанбаев ауданға келіп-кетіп жүрген Сабыр Қадырұлымен кездесіп, осы жұмысқа қолқабыс жасауын әңгіме етеді. Жақсы түсіністікпен өткен әңгіме нәтижесінде Сабыр өз тарапынан ол үйлерді құлату емес, керісінше қайтадан тұрғызып ел игілігіне айналдыру, яғни  соған аса мұқтаж  адамдарды   баспанамен қамтамасыз еткен жөн деген пікірін айтады. Және де айтып қоймай, бұл жұмысты аталмыш  акцияға атсалысу мақсатында жеке қаражатымен өзі қолға алатыны туралы шешімін  айтады. Содан, көп ұзамай-ақ құрылыс-жөндеу жұмыстарының кірісіп кетеді. Нәтижесінде, сол орында  құны 380,0 млн теңгеге есептелген  20 пәтерлік қосқабатты және 30 пәтерлік 3 қабатты екі үй  қайта тұрғызылып, 2016 жылдың  желтоқсан айы ортасында қолданысқа беріледі, 50 отбасы баспаналы болды. Жаңа жыл алдындағы Сабырдың бұл тартуы аудан тұрғындарының ортақ қуанышына айналды. Осы жерде айта кететін жай, құрылыс жұмыстарын қаржылау кейінірек облыс бюджетіне алынғанымен, нақты соңында Сабырдың өз қалтасынан жұмсалған қаржыларының  130,0 млн теңгесі қайтарылмай қалады.

 

 

*       *       *

Сол сияқты  2015  жылы тағы да сол  акция аясында  кəсіпкер азаматтардың жеке қаржылық көмектерімен аудан орталығында бұзылып бос тұрған тағы бір екі қабатты  үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, аудандағы  мүгедектер мен аз қамтылған 8 отбасы  баспаналы болу қуанышына ие болды. Сабыр Қадырұлы да бұл  ортадан  табыла біліп, өз тарапынан  1,0  млн теңгесін өткізіп береді.

 

*       *       *

 

Биылғы жылы  қазақ жерінде ашылған алғашқы мектептердің бірі,  Ақсу ауданындағы Мамания мектебінің  110 жылдығы аталып өтіледі. Оған дайындық жұмыстарының  басты проблемасы — ұзақ жылдар бойы бюджет қаржысы  бөлінбегендіктен  еш жөндеу көрмеген мектеп ғимаратының әбден ескіргендігі болды.  Бұл  тығырықтан шығуға сол мектепте оқыған  тағы бір ірі кәсіпкер жерлесіміз, Молдияр ҚЫЛШЫҚҰЛЫ деген азаматымыздың көмек қолын созуы болды. Ол былтырдан  бері өз қаражатымен мектепке  күрделі жөндеу жұмыстарын бастаған еді. Олардың биылғы жаз айларында  толық көлемде атқарылу қажеттігіне  сай, Сабыр Қадыр бұл жерде де осы жұмыстарға ортақтасып,  қаржылық сметасы  1,5 млн болып анықталған мектептің төбесін жөндеу жұмыстарын атқаруды және  жұмсалар қаржысында өз міндетіне алды.  Қазіргі уақытта жөндеу  жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

 

Молдияр азаматымыздың меценаттық тұрғыдағы үлкен жұмыстары  туралы да осы сайтымда біраз бұрын «Молдияр Нұрбаев туралы» деген атаумен жазбалар берген  болатынмын. Танысқандарыңыз жөн: http://bit.ly/2sS3LMI

 

*       *       *

 

Бұлардың сыртында Сабыр азаматымыз өз демеушілігі ретінде  Талдықорған қаласындағы  орталық мешіттің құрылысына 2,0 млн;  өзінің мектептегі оқу жылдарын өткізген Сарқан ауданында  іске берілген 180 орындық мешіт пен Ардагерлер үйінің құрылыстарына  15 ,0 және 18,0 млн теңгелік үлесін қосқан болатын.

 

 

Тарихына тағзым ету – ұрпақ парызы

 

Еліміз егемендігін алғаннан бастап дейміз, халқымыздың өз терең тарихына үңілу,  жете таныса білу және бүгінгі мен келесі ұрпаққа жеткізе насихаттау үрдісі жеделдете жүргізіле басталғанын білеміз. Осы мазмұндағы, яғни  өңіріміздің тарихи тұлғаларын насихаттау, оларға ескерткіштер қою,  мерейжастық шараларын өткізу сияқты  жұмыстарды  ұйымдастырушы белсенділер үшін  Сабыр Қадырұлы  әрдайым қаражаттық қолқабыс жасаушы  ретінде жақсы танылған азамат.

 

*       *       *

 

Сондай жұмыстар ауқымында 2010 жылдардан бастап өңіріміз жұртшылығы  өздерінің Төлегетай бабасын тани білу мақсатындағы шараларға араласа бастады. Соған орай, ел оңтүстігінде бабаның мазары ретке келтіріліп, әр өңірде  оның рухына тағзым ету, ас беру қолға алынды. Бұл игілікті істерден Сабыр да тыс қалған жоқ.   2015 жылы  Жаңақорған жерінде өткізілген  асқа қатысуға аттанған облысымыз  делегациясына 200,0 мың теңгемен демеушілік жасаса, 2018 жылы  Баба атындағы қоғамдық  қорға 1, 0 млн теңгелік үлесін салғанын  қалай айтпассың?

 

 

*       *       *

 

Өткен ғасырдың аяғынан бастап Ақсу жерінде туған қазақтың құлагер ақыны, Ілияс Жансүгіровтың мерейжастық мерекесін атап өту облыс-республикалық деңгейде жүйелі түрде атқарылып келеді.  Өз кезегінде олардың дайындық жұмыстарына қажет қаржы негізінен көпшіліктің демеушілік көмегі арқылы жинақталып отырды. Осы орайда, Сабыр бауырымыз 2014 жылғы ақынның 120 жылдығына дайындық барысында ортақ қорға 1,0 млн теңгелік үлесін  қосса, биылғы 125 жылдығында  жергілікті жазушы, тарихшы  Жемісбек Толымбековтың  арнаулы кітабының  баспадан шығарылуына  1,2 млн теңгеге  демеушілік  атқарып отыр.

 

 

*       *       *

 

Қазіргі уақытта Ақсу ауданымызда тағы бір айтулы да шара — өңіріміздің ірі тарихи тұлғаларының бірі, Бөрібай батырдың үлкен  ескерткішін орнату жұмыстары атқарылуда.  Бұл жұмыс та оған ынталы болған батыр ұрпақтарының қолға алуымен  және осы бастамаға демеушілік көрсетуші «қалталы»  азаматтардың қаржылық қолдауымен іске асуда. Ескерткіштің жобасы үлкен талқылаудан өтіп келісілді, құрылыс жұмыстарының да басталуы алыс емес.  Осы мақсатта жинақталудағы қорлық  қаржылардың ішінде Сабырдың да қосқан 3,0 млн теңгелік қомақты үлесі бар!

 

 

*       *       *

 

2014 жылы облыс аумағында Халық қаһарманы Бахытжан Ертаевтың бастамасымен Ауғанстандағы соғыста қаза болған майдангерлерге  ескерткіштер орнату үрдісі басталып, көптеген аудандарда іске асқан еді. Сол жүмыстар ауқымында Ақсу және көрші Сарқан аудандарында орнатылған ескерткіштерге  демеушілік жасаған азаматтардың арасында тағы да Сабыр Қадырұлы табылып, оларға 1,0  және 2,0 млн теңгелерімен қолдау көрсеткен болатын.

 

 

 

Туған жердің құмы да ыстық!

 

Сабыр Қадырдың туған ауылы — ауданымыздың  батыс аймағындағы құм дала төрінде, ағынды Ақсу өзенінің сабырлап ағып құмдарға сіңетін бойында, әйгілі Транссібір магистралінің күре тамырында орналасқан Матай стансасы.

2015  жылы  сол ауылдың бой көтергеніне 80 жыл толуы  мейрамдық шаралары  тек аудан емес, бүткіл қазақ теміржолы саласы бойынша үлкен дайындықпен және жоғарғы деңгейде атап өтілді. Оған  ауылдан шыққан кәсіпкерлік жолындағы «қалталы азаматтар» да барынша  ат салысқан болатын.  Солардың ұйытқысы да белсендісі, қомақты үлес қоса білген Сабыр балалары болды. Осы айтулы датаға орай, мемлекетіміздің  даму- өркендеуінің әр кезеңдерінде Матай стансасының өндірістік-транспорттық, қорғаныстық  тұрғыда зор маңызы болғанын, толағай тарихын толғайтын, соған зор еңбек сіңірген  көрнекті тұлғаларын айқындайтын  жазушы Наурызбаев Кабдрахманның «Станция Матай. Золотые пески» атты кең көлемді, энциклопедиялық мазмұндағы кітабы жазылған еді. Оның 400 басылыммен жарық көруіне Сабыр Қадырұлы  3,0 млн теңгемен тікелей демеушілік жасады.

 

 

*       *       *

 

 Ал, содан бұрынырақ,  2015 жылы осы Матай стансасында оның теміржолдық  тарихын бейнелейтін толық тұрғыдағы  паровоз ескерткіші  қойылғанда, оған да  демеушілік ретінде  300, 0 мың теңгемен жеке үлесін қосқан болатын.

 

 

Өзінің туған құмды ауылын мүмкіндігінше көгалдандыруға ниет еткен Сабыр 2014—2017 жылдары  барлығы 5,0 млн-дай теңгеге есептелген  700 дана  емен, қарағай, қайың,  т.б. ағаштар көшетін сатып алып әкеп береді.

 

*       *       *

 

Бұл тізбекті осы жерден доғарайын. Тек қана  Сабырдың облыс аумағындағы басқа да тақырып-бағыттағы қоғамдық шараларды өткізуге, әсіресе   спорттық турнирлер мен жарыстарды өткізуге, жеке спортшыларға деген қаржылық демеушілігі, сырт көз  біле бермейтін жеке адамдардың мұқтаждығына жасаған көмектері де жетіліп артылатынын қоса атап кету қажеттілігі бар. Олар жөнінде және де кәсіпорын жұмысының, ұжымының бүгінгі тіршілігі  алдағы әңгімелердің  өзекті тақырыбы ретінде тілге  тиек  болуы әбден мүмкін. ...

 

 

 

Азаматы лайық болса елі ардақтайды

 

Қазіргі талабы қатаң  нарық заманында әртүрлі жағдай-себептермен көмекке мұқтаж адамдар қашанда табылып жатады. Ел арасында рухани мазмұндағы өткізу қажеттілігі бар қоғамдық шараларды атқару үшін де ауқатты да жомарт жандардың қолдауы әрдайым сұранысқа ие. Міне осындай қажеттіліктерді назарынан тыс қалдырмай, тапқан табыстарын қайырымдылыққа да жалғастырып, жақсылықтар жасауға ұштастырып жататын азаматтарын халқымыз әркашанда ризашылықпен  “Атымтай жомарт” деп ардақтаған.

 Міне осындай  ізгілікті істердің бел ортасында  мейірімділік шуағын төгіп жүрген  САБЫР ҚАДЫРҰЛЫ  елінің қандай да болсын құрметтеріне лайық жан екені әбден түсінікті.

Құрметтелді де! 2014 жылы аудандық мәслихат сессиясының шешімімен   САБЫР ҚАДЫРҰЛЫНА Ақсу ауданның «Құрметі Азаматы» атағы беріліп, кейін оны үлкен қауым алдында марапаттау шарасын өзім атқарған  едім. Сол сияқты, азаматымыз 2018 жылы көрші Сарқан ауданының да  Құрметті Азаматы атану қуанышына ие болды. Ал кәсіптік істерінде ие болған марапаттары жоғарыда көрсетілді.

Сабыр бауырымызға алдағы уақыттарда да қиындығы мен тәуекелге мол кәсіпкерлік ісінде «қанаты қайрылмасын. қары талмасын»  деген ниетімізді білдіреміз!