Ақсу аудандық "Туыңды туған жеріңе тік" 

акциясы туралы

 

                                                                 «Туған жер еш нәрсе жоқ, сенен ыстық,
                                                           Себебі, сенде туып, сенен ұштық»

Халқымыздың қанатты сөздерінен

   

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында  «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе,  өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»- деп, айта келіп, барлық өңірлерде  «Туған жер»  бағдарламасын қолға алу қажеттігін ұсынған болатын.  Осыған байланысты,  қазіргі уақытта ол  еліміздің жарқын болашағына мақсатталған жұмыстардың басты бағытына  және  еліміздің әр өңірінде «ТУЫҢДЫ ТУҒАН ЖЕРІҢЕ ТІК» атты қозғалысқа айналып, бүкілхалықтық сипатқа ие болуда...

Біздің,  Ақсу ауданында (Алматы облысы)  дәл  осындай атты акция  сонау, 2014 жылы қолға алынып, соның аясында айтарлықтай нақты  шаралар  атқарылған болатын.  Сіздердің назарларыңызға осы мазмұндағы  мақаланы ұсынамын.

 

 

Серпербаев Серікбек

 

2013 жылдың аяғына қарай, аудан әкімі Әділбек Далбағаев кезекті бір жиында осы тақырыпқа мазмұндас әңгіме көтеріп, аудан экономикасын одан ары жақсарту, жандандыру мақсатында инвестицияларды барынша  енгізу  және осы орайда,  ауданнан шыққан әр деңгейдегі және еліміздің әр түкпірінде нәтижелі жұмыстарын атқарып жатқан белгілі кәсіпкерлерді,
«қалталы азаматтарды» кеңінен тарту қажеттігін айтып, аудан белсенділеріне ой тастаған болатын.

  Сол уақытта аудандық мәслихаттың хатшысы қызметіндегі  Мен, аудан әкімінің осы ұсыныс-бастамасының  алғашқы  белсенді  қолдаушысы  және  одан ары, оны аталмыш акцияға айналдырудың ұйымдастырушысының  бірі  болдым.  Өзара келісіп отырып, акцияның мақсаты  және оны жүзеге асырудың басты шараларын анықтап, ретке келтірдік. Содан ары, олар аудандық мәслихаттың сессиясының қаралуына ұсынылып, оның  2013 жылғы 21 желтоқсандағы 26-шы отырысында «Аудан бойынша   «Туыңды  туған  жеріңе тік»  атты акция өткізу туралы» мәселе ретінде қойылды, тиісті  шешім қабылданды.

   Акцияның негізгі мақсаты — ауданға, оның елді мекендерінің әлеуметтік дамуына қажет инвестициялар тарту көлемін барынша жеделдету және молайту, осы жұмысқа аудан аумағындағы белді кәсіпкерлер мен сырттағы ауданнан  шыққан елге танымал адамдарды,  белгілі  іскер азаматтарды,  ірі бизнес құрылымдары мен фирмалары басшыларын өз үлестерін қосуға кеңінен тарту, азаматтар  бойында қазақстандық отансүйгіштікті, елжандылықты, өз туып-өскен атамекендері алдындағы азаматтық борыштарын өтеу сезімін қалыптастыру болып анықталды.

 

   Сол құжатта, аудан өмірінің әр саласы бойынша акцияны жүргізудің басты бағыттары, оны жүзеге асыру жолдары мен мерзімдері көрсетілді. Алғашқы кезеңі — 3 жылға,  2014—2016 жылдар  болып,  белгіленді. Акцияны өткізуге қажетті дайындық және ұйымдастырушылық жұмыстарына басшылық  жасау  штабының  құрамы бекітілді.

  Содан ары, 2014 жылдың басынан белгіленген шараларды жүзеге асыру басталып кетті. Ең алдымен, ауданның алдағы жылдарға  мақсатты жоспар — бағдарламаларда белгіленген құрылыстық және басқа да жұмыстардан тыс, акция ауқымында ауданның әр елді мекені (ауылдық округы)  бойынша  бюджеттен тыс инвестициялар тарту арқылы  жаңадан  салынуы,  не күрделі жөндеуден өткізілуі қажет саналатын өндірістік, коммуналдық-шаруашылық,  әлеуметтік және  мәдениет  саласындағы  нысандары тізілімдері жасалды.

 

 

  *       *       *

 

Акция  мақсатын  және соның ауқымында іске асыруға белгіленген шараларды аудан тұрғындары арасында және  мүмкін болар инвесторлар арасында кеңінен түсіндіру — насихаттауға үлкен көңіл бөлінді. Жиындар өткізілді,  бұқаралық  ақпарат  құралдарында мақалалар жарияланды. теледидарда түсірілімдер берілді. «Абай» интернет сайтында арнайы бет ашылды. Осы мазмұндағы  жарнамалық  листовкалар, кітапша-буклеттер, бейнероликтер дайындалды.

 

 

  *       *       *

 Одан ары,   акция шараларына тартуға болатын жергілікті белді кәсіпкерлер мен ауданнан шыққан еліміздің әр түкпіріндегі ірі өндіріс орындары мен бизнес құрылымдары басшыларының, белгілі іскер азаматтардың, ел басшылығындағы және мемлекеттік қызметтегі,  ғылым, мәдениет-өнер, спорт т.б. салалардағы танымал  және де  қайырымдылық, демеушілік және меценаттық көмектер көрсетуге ынталы азаматтарды  анықтап  тізімі  жасалып, олармен байланыс орнатылды. Нәтижесінде, аудан басшылары болып,  солардың көпшілігімен  Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында арнайы кездесулер өткізілді.

   Осындай атқарылған ауқымды дайындық жұмыстары өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Акция бұқара арасында және кәсіпкерлер ортасында жақсы қолдау тапты. Төменде, сол акцияның алғашқы кезеңінде (өз қызмет мерзімім уақытында) іске асырылған нақты жұмыстарды тізбелеп көрсетейін.

 

  *       *       *

Аталған акцияның  алғашқы тұлғасы  ретінде ауданымыздың Матай ауылының (теміржол стансасы) азаматы Самбетов Қолғанат Смағалиұлының есімі аталады. Бұрындары осы теміржол жүйесінде басшылық қызметтер атқарған, бүгіндері кәсіпкер ол, ауылда иесіз, қараусыз қалған нан зауытының ғимаратын өз жеке қаражаты есебінен қайта күрделі жөндеуден өткізіп, оны спорт және ойын-сауық  кешені ретінде  пайдалануға мақсаттады.  2014 жылдың  наурыз  айында бүгінгі күннің сұраныстарына толығынан сай келетін демалыс орын ретінде 300 орындық мейрамхананың құрылысы толық аяқталып,  ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Ғимарат ішінде 100 ш.м. караоке бары ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстарға 45 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Одан ары да салауатты өмір салтын насихаттауға, ауыл жастарының спортпен кеңінен айналысуына арналған тренежарлық  жаттығу залы, роллерлік, квадрациклдік, футбол, баскетбол ойындары алаңдары, үстел теннисі мен шахмат ойындары бөлмелері жасалу қолға алынды. Солардың  көпшілігі  іске  асуда. Одан арғы перспективада лимонад шығару және жүн тазалайтын, т.б. цехтар ашу көзделген.

 

 

 

 

 

 

 

 

  *       *       *

Ауданның Ойтоған ауылының тумасы, бүгіндері облыстың Ескелді ауданындағы  жолаушылар тасымалдаумен айналысып жүрген «Тасымал» ЖШС–нің бастығы, белгілі кәсіпкер Жолдағутова Жанат Сақыпжамалқызы тарапынантағы бір ізгілікті шара  атқарылды. Ол аудан аумағындағы көп жылдардан бері күрделі мәселелердің бірі болып келген жолаушыларды автобустық тасымалдауды  қолға алды.  2014 жылдың  мамыр мейрамдары алдында ауданның екі қиыр шетінде орналасқан Суықсай және Ойтоған ауылдарынан бастап,  жолдағы басқа да елді мекендер арқылы Талдықорған, Алматы қалаларына қатынау  маршруты бойынша 2 автобус белгіленді.  Тағы да екі автобус аудан орталығы –Жансүгіров ауылы ішінде де  тұрғындарды тасымалдауға ұйымдастырылды.

 

 

   

*       *       *

Акция аясындағы келесі шара,  аудан  кәсіпкері Арай Өкенайұлының аудан аумағында баламалы энергия көздері қондырғылары — электр қуатын шығаратын шағын  жел  генераторлары мен күн панельдерін орнату жұмыстарын атқару және оларды құрастыру цехын ашуы болды. Олардың алғашқылары мал қыстақтарына орнатылды.

 

 

 

 

 

 

 

*       *       *

  Марат Соқбаев, Евгений Лопатин сынды азаматтар ауданның Көкөзек ауылы жанындағы  иесіз,  қараусыз тұратын  көлді  реттеу  жұмыстарын қолға алды. Дала суларынан, бұлақтардан жиналатын көлді  қамыстар-балдырлардан, табанын қайыр батпақтардан аршып  тазалады. Көлге келетін жол жөнделіп, маңына 1000 түп теректер отырғызылды.  Оның жағалауларын көтеріп, су қоймасына айналдырды, нәтижесінде,  алғашқы  су балықтарын, атап айтқанда 120 мың шабақ жіберді. Алдағы уақытта ол азаматтардың балықтардың түрлерін де, сандарын да көбейту және басқа да    осы бағытта атқарылатын жұмыс жоспарлары ауқымы да қомақты.

 

 

*       *       *

 

 Ауданның Арасан ауылының тумасы, Мәскеуде білім алып, көп жылдар кәсіпкерлік бағытта шетелдерде — Ресейде, Португалияда, Израилда нәтижелі еңбек етіп жүрген  Абай Еңсебаев назарын  ауылға аударды. Ол орталықтағы бұзылып, құлау алдында түрған ескі ғимаратты жөндеуден өткізіп, жаңа үлгідегі тойхана ретінде пайдалануға берді.  Оған  жұмсалған қаржы  100 мың доллар көлемінде болды. Абайдың  да  ауылды  көркейту мақсатына белгілеген жоспарлары баршылық.

 

  *       *       *

     Міне, осылай басталған аталмыш  аудандық акция аумағында  алғашқы 1-1,5 жыл ішінде  аса қомақты саналатын 10-нан аса  шаралар атқарылды,  Олардың қалғандары  туралы қажетті деректік құжаттарды жинақтап, алдағы уақытта мақаланы толықтыруға, жалғастыруға пайдаланатын боламыз...

 

 

  Алайда,  кейінгі жылдары ауданда осы бағыттағы  жүмыстардың жүйелелігі мен насихатталуы төмендеп, қарқыны да  бәсеңсіп қалғаны байқалады. Керісінше, инвестициялық тұрғыдағы жұмыстарды жақсарту, ауқымын  кеңейту, жоғарыда айтылғандай,  жалпы еліміз үшін де,  ал,  әлі де экономикалық жағдайы кенжелеп келе жатқан біздің аудан үшін тіпті маңызды екені бәрімізге түсінікті. Ол аудан басшылығындағы жаңа азаматтар Өздері үшін үлкен жауапкершілік екенін, қызметтеріне сын ретінде  бағаланатынын біледі деп есептейміз.

 

 P.S. Құрметті оқырмандар! Осы мақаланы дайындау уақытында көп жылдар тоқтап тұрып, биыл  ғана іске қосылған ауданымыздың қант зауытының қайтадан таза қант шығарғанын естіп, қуанып отырмын. Бұл оқиға, ендігі кезекте,  тақырыбы осы мақалаға тиек болып отырған  «Туған жерге туыңды тік» атты  бүкілхалықтық қозғалыстың  ауданда қайта жандануына,  жаңғыруына негіз болады деп есептеймін.