ҚАЗАҒЫМНЫҢ  БАТЫР  ҚЫЗДАРЫ

 

Халқымыз  тарихының терең қойнауларынан бастап бүгінгі заманға дейінгі әрқилы тайғақ кешу кезеңдерінде,  небір қилы шайқастарда, ұрыс даласында ел тағдыры,  ұлт азаттығы,  кең байтақ жерінің тұтастығы үшін  ер азаматтарымен бірге  ерекше қайсарлықпен, жанкештілікпен жауларына жауларына атой салған,  есімдері ұран етілген  қазағымыздың  батыр аналары мен қыздары баршылық екенін ел аузында сақталған аңыздай әңгімелерден, хатталған жазбалардан, тарихи дереккөздеден біршама білеміз.

 

Сонау XIII-ші  ғасырда,  тегі қыпшақ, яғни, түбі қазақ, Үндінің Дели сұлтандығының басын қарумен қосқан Рәзия, одан кейінгі Томирис, Зарина  патшайымдардан бастап,  атақтары алысқа тараған Гаухар, Назым, Айсары, Ақбике, Ботакөз, Бопай, Сапура батырларымыз, Домалақ ана, Қызай ана, Жанат, Қарқабар, Алтыншаш, Әлпеш, Момын аналар, Таңсұлу, Мақпал ханымдар, Айша бибі, Рабиға бегім, Қарашаш, Еңлік, Баян сұлу аруларымыз, күні кешегі Әлия мен Мәншүк, Хиуаз бен Халида, сынды майдангерлер, одан бергі Ляззат пен Сәбирадай рухты қыздарымызды және басқа да  жүздеген ержүрек тұлғаларымыздың  есімдерін  тізбектеп шығудың өзі оңай дүние емес.

 

Әрине, оларды және тарих бетінде батырлығымен айшықталған  басқаларын да толық тани білдік деп еш айта алмаймыз. Керісінше, бүгінгі  біздер, жалпы қалың қауым, жас ұрпақ жете біле бермейтін, есімдері көмескі, белгісіздеу болып жатқандары  қаншама! Бүгінгі руқани жаңғыру кезеңіндегі талап-міндеттерге сай   сондай тарихи тұлғаларды, арда азаматтарды жақсы  танып-білу, есімдерін елге қайта жаңғырту, бұқараға насихаттау,  дәріптеу — ардақтай білу әлі де орасан зор зерттеулік жұмыстарды қажет етеді...

 

Осындай  насихаттық жұмыстарға  «тамшыдай болса да»  үлес қосуды мақсат еткен  сайтымның бүгінгі парағында алдағы Жеңіс Күні мейрамына орайластырып, ғаламтор бетінде  бар деректерді жинақтап,  жазбаларды екшелеп, қазақ  тарих бетінде мәңгі өшпес алаумен тең із қалдырған сондай, қайсар да батыр баба-аналарымыздың, қазақ қыздарының біразының есімін  көрсетіп отырмын. Танысыңдар!

 

 

РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТЕР  ҚАҺАРМАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ 

 

 

*      *       *

Зарина 

 Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы тұсында айтылады. Мидия өзін бағындырғысы келген Парфия мемлекеті үшін сақ тайпаларымен соғысады да, Мидия ханзадасы Стриангия Заринаны жаралайды. Екі жақ та үлкен зардап шегеді. Ақыры олар келісімге келіп, дос әрі одақтас болуға уағдаласады. Осы оқиғалар тұсында сақ тайпасын басқарған патша Зарина болатын. Ол өзінің батылдығы, сұлулығы және ақылдылығымен дараланған. Сақ жеріне көз тіккен көрші патшалардың талайын жеңіп, ел тұрмысын жақсартқан, көптеген қалалар салдырған.

Зарина тағдырына байланысты туған “Зарина және Стриангия” атты жыр да бар. Оның мазмұны бізге толық күйінде жетпесе де, қаҺармандық эпос рухындағы туынды екені анық. Заринаның ерлік істері көне түркі тарихы мен әдебиетіндегі “Қырық қыз”, “Баршын қыз” секілді жыр-дастандар мазмұнына келіп ұласады.

 

*      *       *

Гаухар батыр

 

Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек. Шығыс Қазақстан, Үржар жерінде туған, шамамен 1700—1756 жылдары өмір сүрген. Орта жүздің батыры әрі биі болған Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы, атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жары.

Ел аузында жыр дастанға айналған Гауһар  өте ақылды, тапқыр жан, ержүрек,  соғыс өнеріне бейім  болып  өскен деседі. Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлігімен ел есінде қалған әйелдердің бірі.

«Төр жайлау арналы өзен жағасында,

Үй тігіліп үш ауыл шамасында.

Ағылып игі жақсы келіп жатты,

Елдінің бетке шығары бәрі осында.

 

Бақталас басталды да кетті қызып,

Жамбасы палуандардың жерді Сызып.

Жамбыны атып еш мерген түсіре алмай,

Масқара жұрт алдында болды қызық.

 

Тұрғанда садақшылар жерге қарап,

Ортаға шыға келді бір жас талап,

Гауһардың таңғажайып мергендігі,

Осылай ел ішіне кетті тарап...»

              «Гаухар батыр»  жырынан.

 

Гаухар соғыста әртүрлі әскери тәсілдер ойлап таба білген делінеді. Бір шайқаста өркештеріне найза байланған  түйелерді  соғыс алаңына алып келіп қосып жібергенде,  қазақтардың тағы бір үлкен  қолы келді деп санаған жау жағы қаша жөнеләпті деседі.

 1724 жылы жоңғарлардың әскерлері  қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласын тұтқиылдан шабуылға алады.  Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарларға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде мәліметпен қамдайды. 1725 жылғы  әйгілі «Бұланты жеңісі» осының нәтижесі еді.

Кейін Гаухар Қабанбай батырға өмірлік жолдас болып, ұзақ жылдық соғыстарда бірге жүреді

 

*      *       *

Назым батыр

 

 

Назым  Қаракерей Қабанбай  батыр мен оның жары Гаухардың тұңғыштары. Ол да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған. Әкесімен бірге XVIII ғасырда  қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отан елін қорғаған оның ерлігі мен есімі елге аңыз болып тараған.

1745 жылы жоңғар ішінде ішкі кикілжіңдер болып, осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай хан Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді мақсат етеді. Абылай хан Жаңақорғанды алу үші Қаракерей Қабанбай батырға тапсырады. Соғыс барысында жауған оқтан көптеген қазақ сарбаздары қырылып, Абылайдың қолы еріксіз кейін шегінуге мәжбүр болады.

Осы кезде қазақ қолбасшылары не істерін білмей тұрғанда Назым батыр қазақ жасақтарының арасынан жау тұрған төбеге қарай  «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Жауынгерге керекті не найза, не сойылы жоқ бар болғаны қамшы ұстаған қызды көрген қалың қол шыдай алмай, «Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай!» деп айқайлап, зеңбірекшілерді таптап өтеді. Жоңғарларды жеңгеннен кейін, Абылай қыздың осыншама ерлігіне риза болып, оған беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін сыйға тартыпты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған сол жеңісі Назымның атымен байланысты аталады.

 

*      *       *

 

Ақбикеш 

 Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Алшын руынан шыққан көріпкел, ержүрек, батыр қыз.  Ақбикеш сыртқы елдің басқыншылары қанды жорық жасап, елді шапқанда, елдің ер-азаматтарымен қатар бостандық соғысына қатынасып, Есімхан жасақтарының Бұхара, Қашғар уәлаяттарына, Құба қалмақ жорықтарына көп көмектескен.

Ақбикеш жауды алыстан көретін қырағылығымен танылған қыз екен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын хабарлап отырған.  Мұнара “Ақсүмбе” деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің Зұфар-нәмесінде (Жеңіс кітабы) айтылады. Әмір Темірдің 1389—1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Ол батырдың құрметіне «Ақбикеш мұнарасы» деп те аталады.

Талай ұрыста қапы қалып, әбден өшіккен жау Ақбикешті қолға түсіріп, қырағы көздерін ойып тастаған көрінеді.

 

*      *       *

Ботакөз батыр

 

Ботагөз батыр –Тама Есет батырдың қызы. Бөтакөз жас кезінде апасы Жапалақпен бірге жүріп, соғыс өнерін үйренеді.

1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батыр Әбілқайыр хан шақыртып, екеуі Орынборға кеткенде,  оны біліп алған жоңғарлар шабуыл жасап, жылқыларды  айдап алып кетеді.  Осы кезде 150 сарбазды бастап барған Ботагөз жау әскерін тас-талқан етіп, тірі қалғанын тұтқынға алып жеңіспен оралған. Осы шайқаста Ботакөз қалмақтардың қолбасшысы Қонды тайшыны атының үстінен жұлып алып, сүйретіп әкетеді. Оны көрген қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады.

Қазақ қызы бастаған қолдан ойсырай жеңілгенін естіген қалмақ қонтайшысы керемет қорланып, бас сауғалап үлгерген негізгі әскерді қатаң жазалаған екен.

Ботакөз Есетқызының осы ерлігін растайтын құнды тарихи құжаттар Ақтөбенің облыстық мұражайында бар.

 

*      *       *

Айбике ару

 

   

Ержүрек қыз Айбике Бұланбай батырдың жары.   Ол өте алғыр ойлы, табанды қыз болған, қалмақ тілін де жетік білген екен. Тарбағатай мен Алтайдың таулы өңірлерінде, Зайсан мен Марқакөл маңында кез келген уақытта атпен адаспай жол тауып жүре беретін  «жер шолғыштығымен» аты шыққан. 

Тыңшылықтың қыр-сырын жақсы меңгерген оны, Абылай ханның жау тылындағы барлаушылардың басшысы жасайды.  Жаугершілікте “қолға түскен күң” түріндегі бейнеге еніп, Қалмақ Қоңтайшысының ордасында күтуші болған. Жаудың күші мен қару-жарағы, орналасқан жері мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек пен Қыпшақ Тілеулі батырларға астыртын құпия хабарлар мен құнды ақпараттар жеткізіп тұрған. Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін 1757—1758 жылдар шамасында ата мекеніне оралған.

 

*      *       *

Айтолқын батыр

 Еерте заманда Отан үшін жау қолынан қаза тапқан батыр қыз. Айтолқынды мәңгі ұмытпау үшін халық оған арнап әдемі сұр тастан сәулетті күмбез орнатқан. Ол күмбез Ақтөбе облысындағы Терісбұтақ өзенінің бойында. Айтолқын батыр қыз туралы халық аузында айтылатын аңыз-жырлар да аз емес. Оның кейбірі орыс тіліне де аударылды. 

 

*      *       *

Бопай батыр

 

 

Бопай Қасым ханның қызы,  Кенесары ханның қарындасы. Ақылды да  парасатты, ержүректігімен, табандылығымен танылған қарындасын Кенесары өз хандығының  ішкі-сыртқы саясатына араластырып, барлық кеңестеріне қатыстырып отырады, ақыл-кеңестерімен келісіп отырған.

Сондай-ақ ол Кенесарының ірі шайқастарына қатысқан және партизандық жорықтар жасайтын болған. 1838—1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысы — Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтеріліске қатысып,  600-ден астам сарбазды басқарады. Сол кездерде Бопай өзінің күйеуі Сәмекені, оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырады. Оған  қарсылық білдірген отбасын, қайын жұртын тастап, көтерілісшілер қатарына біржола қосылады. Бірнеше рет тұтқынға түссе де  ебін тауып құтылып отырады.

Бопай батыр үлкен қажыр-қайраттылық  көрсетіп,  көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алып, өз сарбаздарын азық-түлік, қару-жарақ, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырады.

 

*      *       *

Бақты

 

Бақты (Бақтықыз) ­– әкесі жаужүрек болған текті жердің қызы. Торғай датқаның бәйбішесі,  Мұстафа Шоқайдың әжесі,

Ол ХІХ ғасырдың ортасында әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршыларына қарсы күресіп, жау торабын барлаушылық қызметін атқарған. Оның тапқырлықтары мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз-әңгімелер ел арасында көп сақталған.  

 

         *      *       *

Сапура батыр (Көктемір)

 

 

Сапура батыр – Ресей патшалығында шаруалар көтерілісін  басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күресте  аты аңызға айналған қолбасшысы.

Сапура 22 жаста болғанда бiрiншi күйеуiн қашқын қалмақтар өлтiрiп кетiп, әмеңгерлiкпен қайнысы Жанболатқа қосылады.

Ресейдегi Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерiлiсiнде, патшаға қарсы шыққан қазақтардың қолын басқарады. Өзінің әйел  қолбасшы екенін білдірмеу мақсатында,  «Көктемір» деген аңыз атпен  танылады. Пугачев көтерілісі жөніндегі тарихи дереккөздерінде ол, белгісіз болып ұалған «ұстатпайтын», «көрінбейтін жан» ретіндегі  қазақ даласының батыр тұлғасы ретінде аталады. Сапура жұмбақ жағдайда өмірден өткен көрінеді.

Ғалым Е. Бекмахановтың  «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегі бар.

 

 

ҰЛЫ  ОТАН  СОҒЫСЫНДАҒЫ  ҚАЗАҚТЫҢ  ҚАЙСАР ДА  БАТЫР  ҚЫЗДАРЫ

 

 

 

Соғысқа қазақтың қанша батыр қызы қатысты?

 

Baq.kz сайтынан

1 қаңтар 2014 жыл

 

1943 жылы мамыр айында Алматыдан 185 қыз майданға аттанған. Олардың iшiнде 73 қазақ қыздары болған. Осы тұста Орал облысынан бiр топ мұғалiм әйелдер мен медицина қызметкерлерi майданға аттанды.

 

 

Дәрiгер Роза Момынова, мұғалiм Ағипа Кенжеғалиева, полиграфистер Ғалия Үмбеталиева мен Нәпия Дәулетқалиева, Қараоба орта мектебiнiң мұғалiмi Майра Махатова, темiржолшы Жәмия Ғилажова, кинофикация қызметкерi Ғарифа Рахметова және басқа да ондаған Жайық өңiрiнiң қыздары соғыс басталғанда майданға өз ерiктерiмен аттанған алғашқы қарлығаштар болатын. Қазақстандық қыз-келiншектер Қиыр Солтүстiкте де, Карелияның омбы қарында да, Смоленск өңiрiнiң қалың ну орманында да, Қап тауларында, Қара теңiз жағалауында, Украина мен Белоруссия қалаларында,Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшiн болған шайқастарда батырлықтың, шабандылықтың Отанға шексiз берiлгендiктiң жарқын үлгiлерiн көрсеттi.

 

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан әйелдерiн майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түрiнен кездестiруге болатын-ды. Олардан ұшқыш та, танкист те, радист те, барлаушы да, партизан да шықты. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақтың механигi Дәмелi Жәкеева, зениттi артиллерия расчетiнiң командирi Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметшi Жәмилә Бейсенбаева, «Қызыл әскер ақиқаты» атты майдан газетiнiң қызметкерi Рахима Жанбекова, зенитшi Ажар Оразғалиева, десантшылар Рәзия Сыздықова мен Қалзия Асанова, барлаушы Жәмилә Сәлiмова, гвардиялық атқыштар дивизиясының сержанты Шағила Құсанова, әуе бақылаушылары Раушан Мазитова, Нұрғайын Хамитова, Бибiнұр Тынысбекова, майдан дәрiгерлерi Мәрия Сырлыбаева, Роза Момынова, Рәпия Мақашева, Мархаба Түкiбаева, Гүләндә Түсiпжанова, майдандық медбикелер Сағындық Шынәлиева, Сара Сартбаева, Әмина Орынбасарова, Қызыл Крест Комитетiнiң «Флоренс Найтингейл» медалiмен марапатталған лейтенант Рәзия Ысқақова, байланысшы Раиса Абдуллина, авиамоторшы Әқима Ақжолова, I және II дәрежелi Даңқ орденiнiң иегерi зеңбiрекшi Қалзия Асанова, аспазшы, сержант Шәмшiбану Әмiрова, радист Шекер Ботаханова, зенитшi Қантай Елубаева, барлаушы Рахила Ералина, байланысшы Алтынай Есболатова, әуе механигi, ұлы Абайдың шөбересi Ишағы Жағыпарова, зенитшi Ажар Оразғалиева, жау ұшақтарының «тамыршысы» аға сержант Роза Шамжанова, Мәскеу қаласындағы Бас поштаның әскери цензурасының Кеңес Армиясындағы түркi тiлдес халықтар жауынгерлерiнiң хаттарын тексерушi (цензор) болған Халима Өзбақанова (соғыстан кейiн майдангер, Қазақстанның халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықовқа тұрмысқа шыққан), Сталинградтағы талқандалған трактор зауытын қысқа мерзiмде танк жөндеуге қайта жабдықтап, майданға танктер жөнелтуге атсалысқан он бiр қазақ қыздарының бiрi Жұмакүл Оңғарова, тағы-тағы сол сияқты көптеген қаһарман қазақ қыздары Отан үшiн жанқиярлықпен шайқасты.

 

Соғыс жылдарының шежiресiне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлiгi қайран қалдырады. Ұрыс шебiнде қазақ тiлiнде шығарылып тұрған майдандық газеттер парағын аударыстырып отырып, небiр ерлiк шежiрелерiне қанығуға болады. Алапат аласапыран айқас кезiндегi бiздiң жауынгерлерiмiздiң теңдесi жоқ ержүректiлiгi, қазақ қыздарының жауапкершiлiгiмен толысып, толыға түседi. Осынау майдандық газет беттерiндегi жауынгер қыздар ерлiгiнен елес беретiн сұрапыл сәттерге көз жүгiртiп көрелiкшi.

 

«Жауға қарсы аттан» газетiнiң (9 наурыз,1944 жыл) бетiнде аға лейтенант Асқар Закариннiң «Мәншүк» деген мақаласында Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлiк iстерi тәптiштелiп, Невель қаласы үшiн болған шайқастың алғашқы бiр күнiнде Мәншүк өзiнiң күнделiгiне «шiлденiң 20 күнi немiс жауыздарының екеуiн өлтiрдiм, бұл бiрiншi адым» деп жазып қойды делiнген. Әсiресе, Мәншүктiң 14 қазан күнгi кескiлескен ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлiгi айна-қатесiз баяндалады. Сосын «Қазақтың қайратты қызы ауыр жараланып, сүйiктi «Максимдi» құшақтап қаза тапты. Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдiң Приамур көшесi мен Трофяной переулогi Мәншүк Мәметованың атына көштi» деген сөздер кеудеде мақтаныш отын маздатады.

 

Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев басқарған Бiрiншi Украин майданының «Отан намысы үшiн» атты қызыл әскер газетiнiң 1945 жылғы 8 ақпандағы санындағы мақала «Батыр қыз» деп аталады. «…Қазiр Зоя Досбергенова бiздiң артиллериялық бөлiмшенiң взводында радист болып iстейдi. Мұнда осы бiр өткiр қарақат көздi, орта бойлы сымбатты қызды бiлмейтiн жан жоқ… Командованиенiң тапсырмасын үлгiлi орындағаны үшiн Зоя II дәрежелi Отан соғысы орденiмен және «Ерлiгi үшiн» медалiмен наградталды. Зоя атқарып жүрген қызметiн мiсе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебiне барып, ұрысқа араласқысы келдi. Осы арманына бой ұрған Зоя бiр күнi өзiнiң командирiне келiп, өтiнiш еттi.

Ақыры полковник Зояға рұқсат бердi. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тiлегiн орындады. Зоя батальон комсоргi болып тағайындалды. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте жап-жақсы ұйымдастырушы екенiн, батылдығын көрсеттi. Кеңес батырларының соққысынан тозғындап шегiнген жау маңызды бiр елдi-мекеннiң маңында табан тiреп қарсыласты. Үлкен ұрыс болды. Осы ұрыста рота командирi саптан шықты. Осындай сын сағатта Зоя үлкен батылдық iстедi. Ол бәрiне тым жауапты қызмет жүктедi. Ұрыста ротаны басқарды. Батыр қыздың ерлiгiн көрген полковник:

– Жарайсың, Зоя! Ерлiгiңе Отаның риза! Өркенiң өссiн! – дедi. Осы ұрыстағы ерлiгi үшiн Зоя Досбергенова «Қызыл жұлдыз» орденiмен наградталды».

 

Бiрiншi Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан» газетiнiң 1944—1945 жылғы сандарында майдан шебiнде жүрген қазақ қыздарының есiмдерi жиi кездеседi. Соның бiрi Белоруссия мен Литва, Польша жерлерiндегi қатты соғыстарда болып, ақыры Фашистiк Германияға бұзып өткендердiң iшiнде болған Баян Байқожина. Жан ұшыра арпалысқан немiс-фашист әскерлерi Шығыс Пруссияда мықты бекiнiс шебiнде болды. Осындай бiр берiк қамал Гинденбург қалашығында да жасалған. Баяндардың бөлiмi осы кiшкене қаланы алу үшiн ұрыс жүргiздi. Екi мерген – Баян мен оның қарулас жолдасы сержант Иван Вараксин – қала шетiндегi бiр биiк үйдiң тасасына отырып алып, дұшпанның солдаттары мен офицерлерiн, әсiресе пулеметшiлерiн бiреулеп құрта бердi. Бiр кезде жақын жарылған снарядтың жарқыншағы Баянның бетiне келiп тидi. Оның омырауына қарай қан саулады. Баян қалтасынан бинттi алып, бетiндегi жарасын өзi таңды да, ұрысты жалғастыра бердi. Бiздiң жаяу әскерлерiмiз жау шебiн атқылауға көтерiлген кезде Баян да орнынан тұра жүгiрiп, «уралаған» айғаймен алдыңғы сапқа барып араласты. Бұл ұрыста Баян он бес немiстi өлтiрдi. Оның Гинденбург үшiн ұрыстағы ерлiгi де лайықты бағаланды. Байқожина “Отан соғысы” орденiмен наградталды. Баянның сондағы шайқаста көрсеткен ерлiгi жөнiнде «Правда» газетi жазып, қарапайым қазақ қызының есiмiн дүние жүзiне таратты.

 

Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы «Қызыл Диқан» колхозынан майданға өз тiлегiмен аттанған Майра Қанатова шынайы ерлiктiң үлгiсiн паш еттi. Бiр ұрыста қарсы жақтың күшi нашарлағанын байқап дандайсыған немiстер винтовкадан атқан оққа тоқтамай, тiке шабуылға көшедi. Аралары жақындай түседi. Жау 100 метрдей қалғанда ер жүрек медбике Қанатова иесi қаза тапқан пулеметке отыра қалып оқ жаудыруға кiрiседi. Жауынгерлерге: «Серпiлiңдер, немiстер қазiр-ақ жер жастанады!» деп айқайлап күш бердi. Ақыры, немiстердiң шабуылы тойтарылып, позиция шебi бұзылмай қалады. Асқан батылдығы үшiн сержант М.Қанатова «Ерлiгi үшiн» медалiмен наградталды.

 

Батыс Қазақстан облысында туған Нұрғаным Байсейiтова – соғысқа өз еркiмен сұранғандардың бiрi. 1942 жылдың сәуiр айында Мәскеу радиомамандар дайындау мектебiне курсант болып қабылданады. 1943 жылы ол Белорус майданы штабының тапсырмасымен сегiзiншi партизан бригадасының радисткасы ретiнде жау тылына жiберiледi. 1943 жылғы тамыз айынан 1944 жылғы шiлденiң 15-iне дейiн осы бригадада үздiк қызмет етiп, «Қызыл Жұлдыз» орденiмен наградталды.

 

Қызылорда облысының тұрғыны Торғаш Жұмабаева соғыс басталған кезде Минск облысында жау тылында қалып қояды. 1943 жылы желтоқсан айында Минск облысындағы «Большевик» партизан отрядына кiредi. Жетi шайқасқа қатысып, ерлiктерi үшiн «Ұлы Отан соғысының партизаны» медалiне ие болады.

 

Соғыс басталған жылы Мәриям Сырлыбаева Алматыдағы медицина институтын бiтiрiп шықты. Ол Алматы маңында құрылып, әзiрлiктен өтiп жатқан қазақтың ұлттық 100-шi атқыштар бригадасының медсанротасына ординатор болып барды. Бiраз күннен соң бригада майдан шебiне аттанды. Ол Калинин майданына жөнелтiлдi. Мәриямға әскери-медицина қызметiнiң капитаны атағы да сол кезде берiлген. Бригада бiрден-ақ ұрысқа араласып кеттi. Соғыстың аты – соғыс. Талай адам жараланып, талай боздақ оққа ұшты. Даңқты 100-шi қазақ атқыштар бригадасының қатарында әскери дәрiгер Мәриям Сырлыбаева Невель түбiнен бастап Польшаның Сопот қаласына дейiн барды. Белоруссияда Брест қамалын алуға қатысып, Польшаның Торн, Тухель қалаларын жаудан азат ету соғыстарына қатысты.

https://alashainasy.kz/alashuni/sogyiska-kazaktyin-kansha-batyir-kyizyi-katyistyi-66967/

 


«Кеңес одағының батырлары»  Мәншүк пен Әлия

 

«Кеңес одағының батырлары»  Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова мен Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлованы көзі қарақты әр қазақ азаматы біледі деп санаймыз.

Олардың өмірдеректер мен ерліктері туралы мағлұматтарды әртүрлі дереккөздерінен толығымен алуға болады...

 

Бұл жерде олар туралы шағын бейнежазбаны көріңіздер:

 

Халық каһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанова

 

 

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы мамырдың 15 күні Ганюшкин ауылында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген. Әкесi  Қайыр — балықшы, анасы Меруерт — мұғалiм болып еңбек еткен.

Хиуаз Доспанованың толық өмірдеректерін «Уикипедия — ашық энциклопедиясынан» оқи аласыздар :https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A5%D0%B8%D1%83%D0%B0%D0%B7_%D2%9A%D0%B0%D0%B9%D1%8B%D1%80%D2%9B%D1%8B%D0%B7%D1%8B_%D0%94%D0%BE%D1%81%D0%BF%D0%B0%D0%BD%D0%BE%D0%B2%D0%B0

Оның бастылары:

  1. Мектепті алтын медальмен бітіреді. 
  2. Ең алғашқы әскери тапсырманы орындау үшін ұшаққа мініп жатқандағы құрбысы Мария Румға айтқан сөзі: «Егер мен тірі қайтпасам, мені коммунист деп қабылдаңдар».
  3. Майдандас құрбылары Хиуаз Доспанованы «Катя» деп атады.
  4. Жау Хиуаз Доспанованың полк қыздарын «Түнгі мыстандар» деп атады.
  5. Талғат Бигелдинов 305, Леонид Беда 210, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Ал, Хиуаз Доспанова 300-ден астам маңызды тапсырмаға жіберіліп, барлығында ерлік көрсеткен.
  6. Соғыстағы ерліктері үшін батыр қыз «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын иеленіп, әскери атағы аға лейтенант шеніне дейін өседі.
  7. 2006 жылы ұшқыш Хиуаз Доспанова туралы «Қарыздар ұрпақтан» атты тұңғыш деректі фильм түсірілді.
  8. Алматы қаласында Хиуаз Доспанов атындағы көше бар. Үйлердің бірінде оның құрметіне ескерткіш тақта бар.
  9. 2008 жылы Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы атағымен марапатталған.
  10. Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы мұз сарайының құрылысы 2008 жылы қазан айында басталып, 2009 жылы маусым айында тапсырылды. Нысанның құны 1,5 млрд теңгені құрады.
  11. Хиуаз Доспанованың құрметіне «Эйр Астана» авиакомпаниясы «Embraer 190»  ұшағын атады. 

*      *       *

«Жарқын бейне». Хиуаз Доспанова

 

 ;

 

Қазақтың алғашқы офицер қызы

 

Айнұр ЖҰМАҒАЗИНА

«Қазақстан тарихы», 22 ақпан 2019 жыл

Мақаладан ықшамдалып алынған. Оны толығымен мына сілтемемен оқи аласыз:

https://e-history.kz/kz/publications/view/4953

 

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 74 жыл толмақ. Жер-жаһанды қан қақсатқан бұл соғыстың жаңғырығы әлі де толастаған жоқ

 

Қан майданға ССРО құрамындағы барлық ұлттар мен ұлыстар жұмыла аттанып, Жеңіс күнін жақындатуға атсалысты. Қазақ елі де шет қалған жоқ. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 бригада мен 50 полк құрылып майдан даласына аттанған. Жалпы қазақ даласынан 1 196 164 адам әскерге шақырылып, оның 601 939-ы қаза болған. Қазақстандық жауынгерлер барлық майданда жаумен арпалысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен.

 

Қазақтың алғашқы офицер қызы

 

 

... Соғыс даласына аттанған қазақ қызы, қаракөздердің ішінен шыққан тұңғыш офицер Алтыншаш Нұрғожинова туралы не білеміз?

Алтыншаш Нұрғожинова 1924 жылы Мәскеу қаласында туған (енді бір деректерде қазіргі Атырау облысы (Гурьев), әскери дәрігер, медицина қызметінің лейтенанты делінген).

1941 жылғы тамыздан бастап Қызыл Армия қатарында. Әскер қатарына Мәскеу қаласының Сталин аудандық әскери комиссариатымен шақыртылған. Комсомол ұйым­дастырушыларының алты айлық курсын тә­мамдаған соң Орталық, Воронеж және Украин майдандарында жаумен шай­қасқан. Алғаш 8-гвардиялық ди­ви­зияның бiрiншi батальонының ком­со­р­­­гы болады. 1942 жылғы желто­қ­санда жараланып, госпитальға түседi. Госпи­тальдан шыққаннан кейiн бiрiншi танк армиясының 24-іншi жеке механи­калан­дырылған құрамының санитарлық бөлi­мiн­де медбике болып iстейдi. 1943 жыл­ғы қарашада қайтадан жараланады. Ауыр жарақаттан жазылып шығысымен 1944 жылдың наурызында 237-ат­қыш­тар дивизиясының 835-атқыштар полкiнiң бiрiншi батальонына комсорг болып барады. Ең ақырында 1944 жылғы шiлдеде 70-атқыштар дивизиясының 207-атқыштар полкiнiң екiншi ба­тальо­ны­на комсорг болады. 1944 жылғы 2 қазанда қаза тапты.

Польшадағы Краков воеводствосының Лугмян ауданындағы «Гуто-Полянск» елдi мекенiнiң терiстiк-батыс жағына жерлендi. Өлгеннен кейiн «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталған. Гвардия лейтенанты Алтыншаш Нұрғожинова туралы жалпақ жұрт алғаш рет 80-ші жылдары ғана біле бастайды. Өрімдей қазақ қызының ерлігі туралы ең бірінші болып ақын Бақытжан Қанапиянов 1944 жылғы «Патриот Родины» газетінің сандарын қарап отырып кездейсоқ көзі шалып қалады. Газетте екі танкті жойып, өзі де ерлікпен қаза тапқан қазақ қызына арнап жазған сол кездегі жас ақын Михаил Левченконың өлеңі басылыпты. Ақыры, оған Чернобыль АЭС-i үшiншi энергоблогының шаты­рында өзiмен тiзе қосып жүрген украин ақыны Анатолий Славута-Логвиненко көмектестi. Ол кезiнде Бақытжанның апатқа ұшыраған атом электр стансасына арналған «Припять үстiндегi ләйлек» атты жинағын украин тiлiне аударған қаламдасы болатын. Полтава топырағында дүниеге келген ол соғысты қатардағы жауынгер болып бастап, сержант шенi­мен аяқтапты. Полктiң барлаушысы, Төртiншi Украин майданының дивизия­лық газетiнiң әдеби қызметкерi болған екен. Сұрау сап өзiн iздеп жүргенiн бiле сала ол бiрден үн қатып жауап жазыпты. Михаил Александровичтiң қазақ ақы­нына жолдаған хатының ұзын-ырғасы мынандай: «Менiң өлеңiм Алтыншаш Нұрғожи­но­ва­ның өзiм көзбен көрiп, куәсi болған ерен ерлiгiнiң iзi суымай жатып жазылған едi. Мәселе былай болған. Ол кезде мен «Патриот Родины» газетiнiң қатардағы қызметкерi едiм. Майданда материал жинап жүрiп бiр топ солдат­тармен және офицерлермен бiрге немiс фашистерiнiң қоршауында қалып қой­дым. Менiңше, бұл Котовица маңында болса керек. Жағдай тым қиын едi. Кенет жауынгерлердiң арасынан қарша­дай бiр қазақ қызы шыға келдi де, қорғаныс ұйымдастырып алға ұмтылды. Гранатамен жаудың бiр танкiсiн отқа орады. Орнынан тұрып, «алға» деп iлгерi ұмтылғанда, тасадан екiншi темiр тажал шыға келгенi ғой. Әлгi қыз жай-күйге қарамастан, соған қарсы ұмтылды. Өзi де мерт болды, жолдастарына да жол ашты. Бұл осы батальонның комсоргы Алтыншаш Нұр­ғожинова екен. Өлген­нен кейiн оны Совет Одағының Батыры атағына ұсын­ды. Кейiн қарулас достары Мәскеуде болып, қыздың туған-туыс­қандарын тауып алып, менiң өлеңiмдi көрсетiптi. Олар менi қонаққа шақырды. Алайда жағдай болмай, бара алмай қалдым. Сонымен байланыс үзiлдi. Жылдар жыл­жып, уақыт зулап, ол бiр отты оқиғаның кейбiр тетiктерiн жады­мыздан өшiрiп те тастады ғой. Алайда бiр менiң ғана емес, ондаған, жүздеген жолдастарының өмiрiн аман сақтап қалған қаһарман қазақ қызының бейнесi көз алдымда тұрады да қояды. Алматыға арнайы қонаққа шақыр­ғаның үшiн мың да бiр рахмет саған, Бақытжан! Бiрде ондағы бiр ғылыми конференцияға қатысқаным бар едi. Астаналарыңды аралап, халқыңның қонақжайлығына дән разы болғанмын. Хат жазып тұр. Іздеу салған iсiңе хал-қадірiмше көмек берермiн. Сау бол, бауырым. Өзiңнiң М. Левченкоң» делінген. Батыр қыздың қысқаша ғұмыры осындай.

Совет Одағының Батыры атағына лайық бола тұрса да, Жауынгерлік Қызыл Жұлдыз орденімен ғана марапатталған. Бәлкім, жоғары жақта отырғандар Совет Одағы Батыры атағын алған Әлия мен Мәншүк те қазақтар үшін жеткілікті деп санап, ерлікті елеусіз қалдырып, құр орденді ғана місе тұтқан болар?! Алтыншаштың туған жері Мәскеу деп көрсетілгеніне қарағанда Алаш зиялыларының біреуінің туысы ма екен? Кім білсін? Алтыншаштың бірде-бір суреті сақталмаған, дегенмен де, туытары табылып қалар деген үміт әлі де бар...

 

*      *       *

P.S. Ел қорғауда ерліктерімен ерекшеленген осы батыр қыздар  қатарына қосатын АҚСУ жерінің де ұландары бар. Бүткіл соғысты штрафбат құрамында өткізген  ХАЛИДА МАМАНОВА мен «Паровоз апа» атанған АЛТЫНАЙ ЕСБОЛАТОВА туралы сайтымның келесі парағында әңгіме болады...