Құрметті оқырмандар!   Қазақ елі тарихының әр кезеңінде  Жетісу өңірі аумағындағы  Ақсу жерінің қасиетті топырағында  көптен дара тұрған, еліне қорған болып, жұртының қас батыры ретінде  мойындалған кесек жандар аз болмағанын  бұрындары да айтқанбыз. Бізге жеткен нақты деректері бар олар туралы жазбаларды  осы сайтымның «РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТЕР БАБАЛАРЫМ»  атты тарауында жариялап  келемін (Танысуларыңызға болады). 

 Сондай дара  тұлғалардың бірі ретінде ел аузында Алдияр  батыр  айтылады. Рас, ол туралы танымдылық жазбалар  жоқтың  қасы.  Солай  десек те, бүгінгі парақта  қол жеткізілген ол туралы энциклопедиялық деректі,  2005 жылы жарияланған Б.Сейіловтың мақаласын (газеттік түрде)  және  Жемісбек Толымбековтың ел аузынан жинақталған әңгімелік  жазбаларын беріп отырмын. Қабыл алыңыздар! 

 

Алдияр батыр

 

Алдияр батыр

   «Алдияр  Елекеұлы, шамамен (1641—1712) - қазақ-қалмақ соғысына қатысқан аға батыр. Есімі садыр руының ұранына айналған. Алдияр туралы жазба деректер Қазақстан мен Қырғызстанда сақталған. Ол өз еліндегі Тауымбет сияқты ру басшыларымен сиыса алмай, қырғыз манабы Сарудың қарамағында қызмет атқарған.

   Жасы отыздан асқанда қырғыз қызы Ханшайымғa үйленіп, одан Қырықсадақ, Қырғызшора деген ұлдары дүниеге келеді. Кейін Тәуке ханның шақыруымен елге оралады. Бірақ Тәукенің Жоңғар хандығына қарсы кейбір әрекеттеріне наразы болады.  Тәуке Севан Рабданның өз ордасына келген елшілерін қырып тастамақ болады. Бұған Алдияр бастаған бірнеше батыр қарулы қарсылық көрсетіп, елшілікті аман-сау еліне қайтарады.

  Бұл оқиға шамамен 1704-05 жылдары болған. Тәуке жасақтарымен болған қақтығыста Алдиярдың інісі Майдан бастаған көп адам қаза табады.

  Алдияр 1696, 1698, 1701, 1710 жылдардағы қазақ-қалмақ шайқастарының бел ортасында жүріп, садыр руы жасағына аға батыр болған.

  Батырдың  Қырықсадақ  пен  Қырғызшорыдан басқа  Қуат,  Кенембай, Дөненбай (шешелері - Таубике), Асан, Медет, Кенжебай (шешелері - Ежеп), Ақпан, Тоқпан (шешелері  - Жібек) деген 8 ұлы болғаны белгілі.

 Ол Шыршық өзенінің жағасындағы Төлек, Қылышты ата дейтін ескі зиратқа жерленген».

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

 

  Фото Гульши Танирбергеновой.Фото Гульши Танирбергеновой.

 

 

 

 Төлегетайдың төрт немересінің бірі - Садыр. Садырдың кіндігінен таралған ұрпақтар «Садыр елі» деп аталады. Садыр елінің ұраны – Алдияр.  Енді осы аталған Алдияр ата кім болғанын деректеп келтірейін. Ұрпақтар біле жүрсін.

  Алдияр қазақтың Тауке ханының бас батыры болып, барлық кеңестерде ылғи оң тізесі жағынан орнығып отыратын болған.  Тауке ханға бірде қарамағындағы халық ішінен Алдияр батырдың үстінен шағым жасалыпты. Шағым: «Алдияр батыр халықты місе тұтпайды. Зәбірлеп, әлім жетік жасап, ойына келгенін істейді», — деген жаман мағынада болыпты. Тауке хан шағым жайында Алдияр батырға жеткізіпті. Бірнеше күндер өтіпті. Тауке хан өз шатырында, көптің қоршауында ақыл-кеңес құрасып отырғанын Алдияр батыр сыртынан көріпті. Хан шатырына Алдияр батыр да келіпті. Ханға ізетпен сәлем беріп, өзінің тиесілі орны, ханның оң тізесі жағына келіп жайғасыпты. Аңдап қараса, көп ішінде өзінің атына шағым жасағандар да бар болып шығады. Сыртта екі түйе жетектеген Алдияр батырдың жігіттері келе жатады. Екі түйе үстіне азық-түліктер артылыпты. Алдияр батыр: «Мен ол азықтарды қара халыққа емес, ханға әкеліңдер демеп пе едім? Бері әкеліңдер!», — деп отау ішінен сыртқа айғай салыпты. Одан жиналғандарға тіке қарап, Алдияр батыр: «Хан менің қара халыққа қиянат жасаған істерімді жария қылуды ұйғарып отыр», — депті. Бұлай ешкім де Тауке хан алдында сөйлеуге дәті бармайды екен.

  Тауке хан тұрып: «Алдияр батыр, сен халыққа қарау қылықтар жасаған болсаң, бұдан бұлай олай жасама! Шағымшылар да сен туралы асыра сілтеп айтқан болар? Барлығын ұмытып, татулық-сыйласымға келіңдер! Алдияр батыр менің ең құрмет көретін ерлерімнің бірі. Оның ерлігіне мен ақылына ешкім жетер емес. Егер ол қара халықтан ұсқынсыз жай ат алса, орнына атан түйе беріп қайырады», — деп сөзін түйіпті. Іс насырға шаппай, осылай тыныпты. Жиналған көпшілік ризалықпен тарасып, шағымшылар хан көзінше Алдияр батырдан кешу сұрасыпты. «Бәріне бір Тәңір куә!» — деп Алдияр батыр шағымшыларға кешірім ықтиярын білдіріпті.

 

*     *     *     *     *

   Алдияр батыр тыңшылық барлау қызметін өте ұқыпты және кесірсіз атқара біліпті. Сол заманда барлау қызметін «жайшы» деп атапты. Тауке хан Қарақалпақтарды бірнеше рет шабуға ұмтылып, түк шығара алмапты. Тауке ханның үлкен қолмен келе жатқандығынан Қарақалпақ ханы жайшылар арқылы ерте біліп, үлкен қарсылық қам жасап, қазақ қолының шабуылын дарытпапты. Қапаланған Тауке хан Алдияр батырға:  «Қарақалпақ елін шауып, ханын талапай ет» деп бұйрық етіпті. Алдияр батыр қазақ жасақтарымен үстірт, жасырын еппен Қарақалпақ елінің шекарасына жетіп, құйынды, нөсерлі жаңбыр жауып тұрғанында ауылдарын шауып, ер мен әйелдерін тұтқынға түсіріп, мол олжаға кенеліпті. Алдияр батыр Қарақалпақ ханын іздеп, не өлі, не тірі екенін білмей, таба алмай дал болыпты. Сондай күңгірт мезетте Қарақалпақтан тұтқынға түскен бір әйел тұтқынға түскен ер азаматтар ішінен ханды танып қойыпты. Мұны Алдияр батырдың бір жауынгері біліп қалыпты. Ол жауынгер Қарақалпақтың ханын қылышымен шауып өлтірмек болады. Өйткені, өз даңқын шығармаққа ханның басын кесіп, өзі Тауке ханға апармаққа ниет қылыпты. Қарақалпақ ханы тізерлеп отыра қалып, ол жауынгерден жалынып өлтірмеуін сұрапты. Қарақалпақ ханы: «Байлыққа кеңелесің. Көп алтын ақша беремін. Мені білмеген болып босат», — деп оны сендіріпті. Ол батыр Қарақалпақ ханының тілегін қабыл алыпты. Ханды өлтірмей, босатып жіберіпті. Болған жағдайды Алдияр батырдың сенімді жігітінің бірі оған астыртын, дереу жеткізіпті. Алдияр батыр атына міне салып, қашқан ханның артынан қуа жөнеліпті. Қуып жетіп, ханды атынан ұрып түсіріп, қол-аяғын байлап, атына қойша өңгере салып, тірідей Тауке ханның алдына апарыпты. Тауке хан өз қолымен Қарақалпақ ханын өлтіріп, қос қолдап қанын ішіпті. Тауке ханның бұл қылығын Алдияр батыр жақтырмапты.

 

*     *     *     *     *

  Қазақтың бас батыры Алдиярмен келісім жасап, сөйлесуге қалмақтың Қонтайшысы елші болып келіпті. Екі жақ ұзақ келіс сөздерден кейін соғысты, бір ел бір елді шабуды «тоқтатайық» деген шешімге қол жеткізіпті. Алдияр батыр болған жағдайды Тауке хан алдына барып баяндап беріп, өзі де осы тоқтамға келгенін айтыпты. Тауке хан мұндай шешіммен келіспепті. Алдияр батырға Тауке хан: «Дереу қалмақтың елші Қонтайшысын өлтіріп, басын кесіп алдыма әкел!» — деп бұйырыпты. Алдияр батыр Тауке ханның бұйрығын орындамай, қалмақтың елшісі Қонтайшыны ауылына жасырып, өзі жігіттерімен Тауке ханның қаһарлы бұйрығынан сескенбей, қорғану амалдарына кірісіпті. Тауке ханның жасақтаған қолы Алдияр батырдың ауылын шабады. Таңның атысынан басталған кескілескен ұрыс кешке дейін жалғасыпты. Алдияр батырдың ержүрек інілері Майлан, Құдияр, Ізбасар бастаған ауыл жігіттері Тауке хан жасағымен аянбай шайқасыпты. «Майлан, ажалың әлде қайдан?» деп Алдияр батырдың өзі айтқанындай, оның кіші інісі Майлан осы ұрыста мерт болыпты. Кешкісін Алдияр батырдың ауылын ала алмаған Тауке хан жасақтарының қалдығы кері оралыпты. Ертеңінде Алдияр батыр қалмақтан келген елші Қонтайшыны құрметпен жолға салыпты. Бұл ұрыс туралы ел аузында:

                               «Ұзынағаш, Тойкеге келді қалмақ,

                                Хан Тауке басып барып, басын алмақ.     

                                Келмегірдің қалмағы қайдан келді,

                                Екі қазақ соғысып, Майлан өлді», — деген өлең жолдары сақталып қалыпты.

 

  Қалмақ елшісі Қонтайшы аман-есен еліне жетіпті. Жетісімен тұтқынға түскен қазақтардан: «Кім Алдияр батырды біледі? Кім ол туралы естіді?» — деп сұрапты. Біліп, естігендердің барлығын тұтқыннан жедел босаттырып, елдеріне қайтартыпты.

 

Жемісбек Толымбеков