«ҰРАН» батыр — БӨРІБАЙ (6)

АҚСУ АУДАНЫНА —  90 ЖЫЛ

Құрметті оқырмандар!

  Биылғы жылы Ақсу ауданында (Алматы облысы)  өз тарихының  ең бір атаулы кезеңдерін еске алу шаралары атқарылуда. Ол  — ауданның Кеңестік дәуірдегі жеке әкімшілік–аумақтық құрылым болғанына және сонымен бірге, онымен қатарлас болған сол  өкіметке қарсы «БӨРІБАЙ КӨТЕРІЛІСІ" деген атауға ие болған үлкен ел толқуының,  90 жылдықтары.  Соларға байланысты сайтымда ашылған осы 2 бөлімде көптен бері тарихи-танымдық жазбалар  жарияланып келеді. Бүгін солардың кезекті  топтасымен танысыңдар!

 

 

БӨРІБАЙ КӨТЕРІЛІСІ не  КӨТЕРІЛІС? 

 

Осы тақырыптағы  бұған дейін де жарияланған  біраз сайт жазбалармен мына сілтеме арқылы танысуға болады: http://bit.ly/2Z9XoXC

Тарих парақтары — БӨРІБАЙ БАТЫР.  БӨРІБАЙ КӨТЕРІЛІСІ.  АҚСУ-БҮЙЕН КӨТЕРІЛІСІ

Жетісу телеарнасы.  21 наурыз 2020 жыл.

 

 

 

БӨРІБАЙ БАТЫР ӨЗ ЖЕРІНДЕГІ ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫ.

 

Бұл тарауда Ақсу ауданында БАТЫРҒА ескерткішті дайындау және  қойылуы туралы хабарламалық жазбалар берілді.

 

КЕШЕ:

Жылдың басында ескерткішті тұрғызуға байланысты ақыл-кеңестік бас қосу өткізіліп, ас берілген еді.

 

Бөрібай батыр асына ...

Кайрат Бестибаев. 11.03.2020 ж

 

Күн нұрын шашты арайлап атып ақ таң да,

Кім көріп еді? Қызарып кеше батқан ба...
Сыртынан қарап мен қалай тыныш жатайын,
«Бөрібайлап» Ақсу, ас беріп бүгін жатқанда.

Мерт болған екен қазақ деп батыр, арысың,
Аямай жанын болашақ ұрпақ қамы үшін.
Атырау менен Алтайға дейін атой сап,
Бөрібай батыр қазақтың жыртқан намысын.

Зымырап аққан уақыт неткен тез еді,
Даламды мынау елесі әлі кезеді...
Арқырап аққан Ақсудың мына бойында,
Бөрібай мінген тұлпардың қалған тезегі.

Ұрпаққа мынау дәріптеп батыр, жақсысын,
Ескерткіш қою мақсаты елдің, тас мүсін.
Ел-жұртың болып бастаған істі аяқтап,
Абыройменен бітіру енді басты сын.

Ұрпағын көрдім Ақсуға бүгін беттеген,
Намысты елдің баласы қашан шеттеген.
Жұмыла жүріп атсалыс бәрің ағайын,
Жеңілдеу болар, көтерсең жүкті көппенен.

 

 

 

Батыр ескерткіші  мен алаңының  жобасы.

 

 

БҮГІН

Ескерткіштің тұрғызылуы туралы түсірілген  бейнежазбалар

 


 

ҚУАНЫШҚА АРНАУЛАР

 

ЕР БӨРІБАЙ

( ӘН )

Сөзін жазған: Ғабит ТҰРСЫНБАЙ

Әнін жазған: Жанар ҚОЖАҒАЗИНА

 

Шарықтап асқар шыңға қыран қонған,

Қазаққа ер Бөрібай ұран болған.

Ханда да Бөрібайдың еншісі бар,

Жоңғарды түре қуған құба жоннан.

Қайырмасы:

Үш жүздің қолын басқарып, дұшпанға тиген Бөрібай.

Қарауға жауы жасқанып, бастарын иген, Бөрібай!

«Бөрібайлап» шапқанда аттанған қазақ өріп-ай,

Азаттық таңы атқанда оралдың қайтып — Бөрібай!

 

Көшсе де керуендей ғасыр легі,

Ұмытпас туған елі асыл ерді.

Ұрпағың «Бөрібайлап» атқа қонса

Мерейі үстем болып тасып еді.

 

Халықтың бақытына туған нағыз,

Әр ісі Бөрібайдың дастан-аңыз.

Қастерлі Сарыарқаңда азат еткен

Әлемге асқақтайды Астанамыз!

 

 

БӨРІБАЙ БАБА РУХЫ

Төлеужан ҒҰМАРОВ

 

Уа, Жаратқан! Мың бір тәуба, мың алғыс,

Біз Қазақтар тек ерлікке құмармыз.

Қазыналы жер иесі болғасын

Дұшпаннан да құтылмайтын шығармыз.

 

Құс қанатын талдыратын дала бар

Сол далада шөкті қанша қара нар.

Тұтастығын сақтау үшін халқының

Өтті өмірден қанды кешіп бабалар.

 

Тәуелсіз ел жарқырайды енді күн,

Рухтанды ел айналғандай жерді күн.

Түркістаннан топырағы әкелді

Бөрібайдай батырыңның ерлігін.

 

Бір ауыз сөз сенде қанша жылылық,

Соған келді қазақ елі жылынып.

Бір-ақ уыс топырақтан тұрады

Жер бетінде білсек барлық ұлылық.

 

Міне осында берекенің бар сыры,

Ел тарихтың бір қатпарын аршыды.

Таспаларсыз елестету мүмкін бе?

Алты таспа бұзау тісті қамшыны.

 

Бірлік бар да біз өрілген таспамыз,

Өзге ұлтқа жөнсіз құшақ ашпаңыз.

Өткен күннен күл орнына от алғын,

Керек емес басқа ертегі, басқа аңыз.

 

Рух келді, әулиелі мекеннен,

Бірлікке үлгі бірақ мазар көтерген.

Жер ананың құшағында бір жатыр,

Арыстарым ел ананы жеке емген.

 

Рух келді, аш сананы оян жұрт,

Жаратпаған бізді Алла сараң ғып.

Елді сүю, жерді сүю дегенің

Азаматтың бойындағы адамдық.

 

Рух келді, аяла елді сүй көпті,

Сүйген адам Алла алдында құрметті.

Ясауи мен Арыстанбаптай бабадан

Жетісуға сарқылмайтын сый кепті.

 

Сол сый бізді жетелесін мұратқа,

Ұлт орнына руды айтып ұялтпа

Түркістанда жатқан баба бірлігі

Қазағымның бар үйіне тұрақта.

Сай болайық Қазақ деген Ұлы атқа...

 

 

АРНАУ

Ербол ОРАЗБЕКОВ

 

Қуаныштан тасуда көңіл ойнап,

Ағайын шашу шашуда бүгін тойлап.

Ақсу жұрты күтуде ықыласпен,

Ескерткішін бабамның, Бөрібайлап.

 

Бабамыз жолға шықты, шүкір, тауба,

Құтты болсын естіген барлық жанға!

Ел мен жерге берекет нәсіп етіп,

Әрқашан құлдарыңды қолда Алла!

 

Қан майданда арпалысып күні өткен,

атой салып шайқасып, дүбірлеткен.

Араға жылдар салып батыр бабам.

Жолға шықты өздері жүріп еткен.

 

Ұрпақтары тигізбей табан жерге,

Жеткізді зор жаңалық, хабар елге.

Кең даланы қалдырған ұрпағына,

Алып барат арқалап, бабамды елге.

 

Ер еді ел деп жанын жаралаған,

Құл болуын халқының қаламаған.

Сол еңбегін бүгінде Бөрібайлап,

Ұрпақтары ұлықтап бағалаған.

 

ЕРТЕҢ

Бөрібай батыр есімін ұлықтау шараларының ресми  аталып өтуі туралы хабарлама.

Ғазиз ЕСЖАНОВ. Ақсу ауданы әкімінің орынбасары.

 

Құрметті Ақсулықтар! Ел дәстүрін құрмет тұтқан қазақстандық азаматтар!

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі, Алматы облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Е. Сыдымановтың 17.10.2020 жылғы «Алматы облысы аумағындағы карантин режимі мен кейбір шектеулер туралы» №29 ҚАУЛЫСЫНЫҢ 4.6-тармағына сәйкес, көпшілік шараларды өткізуге тыйым салынуына байланысты, Ақсу ауданының 90 жылдық мерейтойы мен қазақтың біртуар тұлғасы, Бөрібай батыр есімін ұлықтау шаралары 2021 жылы өз салтанатымен өтетінін хабарлаймын.

  2020 жылдың 6 қараша күні шағын топтың қатынасуымен ғана ескерткіш ашылуы өтеді. Туындап отырған эпидемиологиялық жағдайға байланысты, Бөрібай батырдың рухына бағышталған ас берілмейтінін ескертемін, түсіністік танытуларыңызды сұраймын.

 

ХАБАРЛАМА РЕТІНДЕ:

Осы шараларды өткізуге тілектес-ниеттес азаматтарға:

 Ескерткішті  орнықтыру және кешенді безендіру жұмыстарын толыққанды аяқтауға байланысты, оны ұйымдастырушы азаматтарға әлі де біраз қаржылық қолдау қажеттілігі байқалуда. Соған орай, осы тұрғыда қолғабыс көрсетем деуші азаматтарға арнайы қордың есеп-шоты көрсетіледі.