Сайттың осы тақырыпты тарауына бұл жолы  Жемісбек Толымбековтың арнайы ұсынған «Ақсудың бірегей тұңғыш тұлғалары» атты мақаласы жарияланып отыр. Мақалада  Қазақ даласының Ақсу өзені өңіріне орныққан НАЙМАННЫҢ  бір  тармағы — МАТАЙ  елінің  тарихында  есімдері ерекше аталатын  ер  тұлғалары  туралы  қысқаша  шолу  беріледі.

  Жазбалар  сайт  оқырмандарына,  жалпы  көпшілікке,  әсіресе Жетісу,   Ақсу  жерінің  азаматтарына, кейінгі жастарына  танымдық тұрғыда қажетті деп санаймын.   

 Осы сайтымда мақалада көрсетілген сол тұлғалардың көпшілігі туралы айтылатын арнайы тараулар, жеке  мақалалар бар. Оқыңыздар,  танысыңыздар! 

 

 

Ақсудың бірегей тұңғыш тұлғалары

 

Жемісбек Толымбеков

Тарихшы, шежіреші, әдебиеттанушы

 

  Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев  «Еліңнің  ұлы  болсаң,  еліңе жаның ашыса, азаматтық  намысың  болса, қазақтың жалғыз мемлекетінің нығайып-көркейуі жолында  жан  теріңді сығып жүріп еңбек ет» демекші, Ақсу өңірі ырыс қонған, өншең  игілер мекендеген өлке. «Өсиет, өнегені өткеннен ізде — өрең толады, бақытты болашақтан ізде – басыңа қонады» дегендей, Ақсу өңірі өрелі, бірегей, тұңғыш  тұлғаларға толы.

  Осыдан  бірер  жылдар бұрын Ақсулық азамат Берікбол Төлегенұлы Қасымов: «Біздің  Ақсу  өлкесі тұңғыштарға бай. Соны еректеп шығарып-ақ жатырсың. Соны енді  бір  ретті  топтастырсаң  қайтеді"— деген еді.

  Міне, орайы  келгендіктен  Секе ағамыздың «Алтын ұям — Ақсуым» сайтындағы  «Тұңғыштар» тақырыбына «сеп болсын» деген ниетпен осы жазбамды ұсынып отырмын.  Осы  сайтты оқитын көпшілік,  әсіресе  Ақсу  өңірінің  азаматтары өз аталары қандай болғанын біле жүрсін дегенім ғой.

 

Картинки по запросу қазақ батырлары

 

*       *       *

  Ақсу өңірін — қымтап  етек-жеңін  жинаған,  бар қазақ – бір қазақ сияқты, рушылдық,  жершілік  кеселінен  ада, санасы зерделі, береке-бірлікті ұйымшылдықпен  ұйысқан,  қазақтың  бар  ардағын  жинап  алған,  өз тағдырын өздері шешетін, тынымсыз еңбегімен ерен табыстарға талпынған тұрғылықты тұрғындар  мекен етеді. «Төрт рулы ел тараған» Төлегетай бабаның Үш Матай (Аталық, Қаптағай, Кенже) тармағының ұрпақтары негізінен осы Ақсу өңірін қоныстанады. Ұраны – Бөрібай.

  Елі Қара, Әбілмәжін қажы, молданың реттеген шежіресінде: «Келдәулет «елге бас болсын» десіп, содан есімі Аталық деп аталған. Келменбет үлкендермен қосанжарласып жағаласа сөйлегенінде, олар зекіп: «үй, қаптағайлап сөйлемей отыршы» дегенінен есімі Қаптағай деп аталған. Ел жиын топтарын түгетіп, тамақ ішкілері келгенде «ал, кенженің үйіне баралық» дегенінен Ізбасар Кенже деп аталған», — делінеді.

  Қазаққа мәлім жазушы Әнуар Әлімжановтың жазған кітабының желісімен түсірілген «Жаушы» кинофильмінде Матай ата Мадай деген лақап есіммен бейнеленеді. Өйткені, кеңес заман талабы жазушыны сөйіткізуге барғызған. Артқы ұрпағына Матай ата: «Еліңді жауға таптатпа! Бөтенге басқартпа! Қазақтан бөлінбе!» — деген өсиет қалдырыпты.

 

 

  Үш ұлына Матай ата: «Аталық ата жолды ағаларың, үлкендікпен ақыл айтсын! Қаптағай ортаңғыларың, ортақ болып, ел басқарсын! Кенже қара шаңырақ, екі ағасының ақыл, ықпалына көнсін!» — деген ұлағатты өсиетін құлақтарына сіңіріп, үшеуі  бөлінбей,  бірлікте болуын, ерте бастан  ақыл  айта  ұқтырыпты.  Матай атаның бұл  өсиетін ұрпағы толықтай орындады. Аталықтың ұлын халық Қамбар батырды «Кіші Аталық» деген лақап атпен атапты. Мұхаммед  Салих: «1503 жылы Мұхаммед Шайбанидің  қоластында  наймандар  Қамбар би-батырдың  басшылығымен  болған», — деп  жазады.  Қамбардан  Аталықтағы  «Жеті  Болаттар»  таралады.

 

*       *       *

 

  «Батыр болып, бақ қонар, асып күшің» демекші, Ақсу өңірінен небір батырлар түлеген.  Көп  айтыла  бермейтін  бірегейлерін  келтірейін.

  Қаптағай (Келменбет) туралы «Қазақ энциклопедиясының» VІ томында: «Қаптағай Әбілқайыр хан, Қобыланды батыр және Ақжол қазы, бимен тұстас, ХV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Ол Керей мен Әз-Жәнібек хандардың  үзеңгілес  қаруласы болып, Темір  әулетімен  Сығанақ,  Созақ, Отырар, Ясы қалаларын азат ету үшін ұрыста мерт болған. Денесі Ташкент маңына жерленген», — делінеді.

  «Тарихи Рашиди» кітабында  Бұйдаш ханның туы астына кімдердің жиналғанын айта келіп, Мұхаммед Хайдар Дулати: «Найман жасағын бастап Қаптағай батыр келді», — деп деректейді.

 Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында Қазақ хандығы құрылмай тұрғанда, наймандар Әбілқайыр ханның қол астында және Қаптағай оның бас батырларының  бірі болғандығы баяндалады. Әбілқайыр хан жастай қайтыс болған ұлы  Шах  Будақтың  асын бергенінде, Қаптағайдың немересі Қаражал батыр күрестен бас жүлдені жеңіп алады. Шах Будақтың 1451 жылы туылып 1460 жылы қайтыс  болғанын есепке алсақ, бұл астың 1461 жылы өткені айқындалады. 1465 жылы әз Жәнібек сұлтан мен Керей сұлтан Әбілқайыр ордасынан бөлініп шыққанында, олардың  негізгі  қолдаушы­ларының  бірі – осы  Қаптағай батыр бастаған найман елі болғанын және Қаптағайды Найманның атышулы бас батыры, атан жілік  балуан,  айдаһарға  қарсы  барар жүрек жұтқан жан еді деп суреттейді. Осы еңбектің енді бір жерінде басқа батырлар сияқты ол мыңбасы емес, түменбасы екенін еске салады. Қасым сұлтанның Қаптағай батырмен бірге Бұрындық ханның ордасына барып, Орақ батырды құтқарғаны, одан бір жыл өткеннен соң Қасым сұлтанның  хан  тағына отырғандығы жазылады. Әбілқайыр ханның ұлы Шах-Будақтың асында (1461 жылы) Қаптағайдың немере­сінің жүлде алғанын ескерсек, Қаптағай бабамыз кем дегенде 50 жаста болып шығады. Осы деректі негізге алсақ,  бабамыз 1411 жылдардың ар жақ-бер жағында туылған болып шығады. Қазақ хандығы құрылған 1465 жылы Қаптағай 54 жаста болады.  Көк сүмбелі Қаптағай елбасы және басқарғаны анық. Батыр баба жауға шапқанында арғы тегі Найманның әкесі Ер Қаптағайдың аруағын шақырып, «Қаптағай» деп ұрандаған екен.

 Ер Қаптағайдың немересі Досан батыр Жетісуды жайлапты. Тарихшы-географ ғалым  М.Серікбаевтың пайымдауынша, 1777 жылғы орыс қартасы Жетісу Алатауының  шығысын  Қаптағай  тауы  деп көрсеткен.

 Ал 1887 жылы жарық көрген Мүшкеновтың картасында қазіргі Жоңғар қақпасы – Қаптағай бекеті деп жазылған.

  Семенов  Тянь-Шаньскийдің  1913  жылғы  «Ресей» атаулы картасында да «Қаптағай  бекеті»  делінген.  Сондай-ақ,  Жетісу   Алатауының  оңтүстігінде Қаптағай  деген  өзен де  бар.

   Шоқан  Уәлиханов қазіргі Қытайдың Алашанкоу темір жол бекеті орналасқан жердегі  Қытайдың байырғы қарауылын «Қаптағай қарауылы» деп еңбегінің үш жерінде анық көрсетеді.

 Р.М.Закржевскийдің 1891 жылғы «Азиаттық Ресейдің оңтүстік шекара өңірінің картасы»  деген  еңбегінде  Қытай  қарауылының  атын  «Каптагай»  деп  көрсетеді.

 

 Қаптағай батырдың ұрпағы Жарылқамыс батыр қазіргі «Орбұлақ шайқасы» деп аталып  жүрген  жойқында  Матай елінің қолын басқарған бірегей тұлға. Сол басқарған Матай елін Нысанбай жырау: «Найман болсаң — Матай бол!» — деп жырлаған.

 Тыбыш батыр — ол жайында ел аузындағы тарихта:

  «Сұрасаң руымды батыр Тыбыш,

  Мойныма асылғаны алмас қылыш.

  Атамның батырлығы сол емес пе,

                                   Ордасында Есім ханның салған ұрыс», — делінген нақыл өлең шумағы сақталған.

 

*       *       *

 

  Әз Тәуке хан  тұсында  Матайлар  Түркістан  мен Сыр бойын жайлап, ханның негізгі  жасағын  құрапты. Қожаберген жырау: «Әз-Тәуке ханмен замандас Тәуке деген ер өтті. Қос Тәуке  деп  аталды.  Қалмақтан  жұртты  қорғап,  елімнің тұтастығын  сақтап кетті», — деп  Матай-Аталық  Тәуке  батыр  туралы айтып жеткізеді. Тәуке батыр есімімен тау атауы аталады.

  Елі Қаржау Барлыбай 13 жасында жау қалмаққа қарсы атқа қоныпты. Ол жау қалмақты  Аралтөбе шайқасында қырып, Аралтөбе асуынан жауды асырыпты. Аусаркөк деген атаулы аты болыпты. Қарашоқы (Жалаулы) басында алғаш ту тіккен екен. Екі жүз қалмақты қолға түсіріпті.

  Алтын  тулы  елі Емелелі, Барлық (Барақ) батыр. Есімімен  қазіргі  Алакөлдің  Қытайға қарасты шетінде тау атауы аталады. Оған 1842 жылы неміс зерттеушісі Александр  Шренктің  жолжазбасы  дәлелді.

 Төртсары батыр жайында халықта: «Төртсарыны шепке қой», — деген тәмсіл қалыпты.  Төртсары есімімен бір рулы ел аталады. Төртсары батырдың ұрпағы Естемес  батыр  елдің  қамын  ойластырған  бірегей  асыл тұлға, қорлықпен қасындағы  елі Құлшан Тастанбек, Бектас, елі Қыдыралы Тәнеке батырдың інісі Бартай, Сейіл  мырза, Қасымәлі,  Шоқай,  барлығы  он батырлармен өлтіріліп, Үштөбе аймағындағы Наймансүйекте (Найман қаны) жерленеді. Ол туралы Ілияс Жансүгіровтың  «Рүстем  қырғыны»  атаулы  поэмасы  бар.

  «Батырлығыма қоса — бақпай  бай қыл, сөйлемей шешен қыл, ел басқарар көсем қыл», — деп отыратын Өтебай батыр. Өтебай есімімен де бір рулы ел аталады.

  Нүсіпұлы  Шатырбай  батыр — ауа райын болжаған.  Астроном.  Ауызша есепке жүйрік — есепші. 1930 жылғы кеңес өкіметіне қарсы «Бөрібай» көтерілісінің негізгі басшыларының бірі болған ірі тұлға.

 

*       *       *

  Мұхаметжан Тынышбаев Бөрте батыр  туралы  тарихатында  «өткел  бермес  Шыршық  өзенінен атымен жүзіп өтті»  деп  жазған.  Бөрте  батыр  есімімен де бір рулы ел аталады.  Бөрте  батырдың  ұлы  Өтен  елі Жұмай, Шоңай батырдың үзеңгілес, әріптесі, қарулас досы болған. Шоңай батыр Өтен батырсыз жауға қарсы іс істемеген.

  Шоңайдың ұлдары Нартайлақ пен Назар – қос батыр атанған тұлғалар. Ілияс Жансүгіров  көзінің  тірісінде ескерткіш қояр едім деген Ағанасұлы Тайкөт ақын Шоңай батыр туралы:

                             «Жетісу қан малынған белшесінен.

                             Қалмақты, қоңтәжіні, жұңгосымен,

                             Қазақта Абылай мен Шоңай қуып,

                             Жөңкенің асырыпты желкесінен», — деп жырлаған.

 

   «Болған кісі айтулы-ақ.» — деп халық дауысқа қосқан Тобанұлы Байтулақ батыр. Оның  өркендері  «А,  құдайым! Қайқы  қылыш  Байғазы  Мүсәпірден  сақта!» деген, елдің «арысы» атанған, жалды Ер Мүсәпір, жалды Орысбай батыр, Малай батыр.

   Ер  Мүсәпір: «Бұзуын мен бұзайын! Жөндеуін көп білсін!» — деп Матай-Кенже еліне елі Тақет, сөзге шешен болғандықтан «құрақ-тұрақ, жырық ерін» атанған Қожағұлұлы Шоңды би  екеуі 1856 жылы енші (дербестік) әперген арыс.

 

*       *       *

 

  «Ебі  желі  соқсаң-соқ,  атым  семіз, өзім тоқ», «Жер жақсысы Сайрамда, қыз жақсысы  Найманда» — деп  айтқан  сөзі нақылға айналған елі Бөрте, Қылиұлы  Бисеке  мырза Бисеке мырза аққұтан  жұтқа  ұрынған Ақсу-Сарқан халқына қамқоршы  болған  бірегей  тұлға.  Петерборға  шақырылып, ақ патша ақзамнан Ақсу өңіріңде  ең  алғашқы   болып  «господин»  деп  аталған  тұңғыш  қазақ.

  Қасқа  батырдың  он  бір  ұлы  жоңғар  жаугершілігінде  шейіт,  ерліктер  көрсетіп мерт болады.  Содан  «Қасқадан ұл туғанда, қазаққа күн туады» деген мәтел қалыпты.  Әмісе  жауға  қарсы шапқанда Маянбайдың ұлы Сарыбай батыр (Қанжығалы  Бөгенбай батырмен туысқан): «Қолымда саған қарсы батыр Қасқа», — деп ұрандапты. Қасқа батыр  есімімен  бір  рулы ел  аталады. 

 Қасқа  батырдың ұрпағы: «Берекесіз  қауымнан  сақта,  жеті  ағайынды жұттан сақта, жын ойнағы болған  жұрттан  сақта, туыстық жүрегіміз толсын!» — деп жиі айтатын Жаңғабыл батыр  Қызай  елінде Сама төренің  батагөйі  әмбе  сөзге  дәріп,  шешен,  ел  бастаған көсем  болған  бірегей  тұлға.

  Бөрібай  батырдың  әкесі бақыт, дәулет бірдей қонған Сары батыр, аталасы Көлдей  мырза,  Түке би, батыр және Кенже-Матай-Ноғас ұрпағы Қабай батыр – Тәуке ханға елшілік  қызмет жасаған бірегей ірі тұлғалар.

   

*       *       *

 

  Өнегелі істері тарихта сараланып қалған. Бөрібай батыр мен Абылай ханның өсімтал бол» деген батасын алған Ер Тоқпанбет Жоңғар жойқынында есімдері ел ұранына  айналған.  «Қазақ  шежіресі»  кітабында  Зайыр Сәдібеков, 139 бетінде, қазақ ру таңба мен ұрандарын береді. Сонда Жалайыр елінің ұраны Бақтияр және Бөрібай деп көрсетілген. Бөрібай батыр жоңғар жойқынында босқан Үйсін, Найман, Қоңырат, Жалайырды Сарысу бойына әкетіп қоныстандырған. Ол туралы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында айтылады.

  Ер Тоқпанбеттің інісі Тастемір батыр есімімен бір рулы ел аталады. «Ер Тоқпанбет, Тастемірге — найза беріп, жауға қой» — деген нақыл халық арасына таралған. Бөрібай батыр мен Ер Тоқпанбет екеуі де «түмен» басқарған бірегей қолбасшылар болған. Мәйіттері қасиеттеліп, Ахмед Ясауи кесенесінің теліне жерленген.

  

*       *       *

 

  Бөрібайдың ұлы – Қыдыралы би. Тірі кезінде қазақта одан асқан шешен кісі болмапты. «Мен шешенмін» дегеннің тілін буған, әкесінің жолын қуған екен.

  Қыдыралының ұлы — Дөсет би.  Үш бу Найманның биі болып, мыңды айдаған, мыңғырған бай болыпты.

 Ақылы астам Асан көсем, Қалқабай данышпан, Маман құт, Досетұлы ер Тәнеке, Мұжық би байлықтарын айтпағанда, Үйсін, Найманға десі мен биліктері жүрген бірегей тұлғалар болған.

 Тәнеке батыр туралы Кебекбай шешен: «Күреңбелді (Қапал) төстеген,  сұңқар,  бек», — деп  сипаттаса, ақын Сара: «Таласпас жан бағына Тәнекенің», — дейді. Тәнеке — он бес жасында билік айтып, бағы артады. Қапал бекетінің салынуына орынын М.Абакумовке көрсеткен- Тәнеке батыр. Шоқан Уәлихановты Черняевтың жазалауынан алып кетіп, қазақтың соңғы ханы Кенесарының кегін Қырғызды екі мың қолмен шауып, Төрегелді манабын Қапал түрмесіне әкеп қаматқан – Тәнеке батыр.

  Байжанұлы Мұжық – қазақтың қара тілі атанған би. Ел басқарған төрелерге дес бермеген бірегей асыл тұлға.

*       *       *

 

  Маманұлы Тұрысбек – үш Матай елінің ең алғашқы қажысы. Милләт ағарту (білім) жолына қаражатын шашып, елдің болашағы білімді, оқымысты болғанына үлесін қосқан бірегей тұлға.

 Маманұлы Сейітбаттал қажы – қазақ елінің озығы, ісімен көрсеткен  өнеге-көсегесі көп, жаңа үлгіде қазақтың қара домалақтарын тегін оқытуға  Қарағашта тұңғыш мектеп ашқан зияткер зиялы.

 Маманұлы Есенқұл қажы – қазақ романына тұңғыш бәйге жариялаған, қазақтың Нобелі.  Шынжыр  балақ,  шұбар  төс  болып,  тентекті  табанына салған Тәнекеұлы нар.

 Есімбек пен Бөрібай көтерілісінің қолбасшыларының бірі Тәнекеұлы қам Қожабек те елге еңбегі сіңген бірегей тұлғалар.

 

*       *       *

 

 Ер Қабанбай қайтыс болғанында, ең алғашқы арнап «Көңіл» айтқан, нақылдап сөйлейтін сұңғыла, елден асқан кемеңгер, Жетісуда билік құрған, қартайған шағында Тезек төренің кеңесшісі болған, жүз жас жасаған Найман-Матай-Өтебай Айтбекұлы Саршуаш шешен.

 

*       *       *

 

   «Ер туған ұл, жерді болжап күн шалған, сендей қазақ аз шығар» деп Жамбыл Жабаев жырлаған Боқыұлы Сыртан (Дүйсенбі) батырдың ұрпақтары: Барлыбек, Тұрлыбек, Қанатхан, Сейілхан, Самұрат та – бірегейлер.

  Барлыбек Сыртанов – қазақтың шаһбазы. Қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев: «Барлыбек! Сен ғана қазақтың сеніміне ие болдың. Жалғыз сен ғана «халық үшін еңбек еттім» деп айтуға хақың бар», — деп бағалаған. Барлыбек Жетісудан тұңғыш жоғары білімді Петербордан алған білімгер. Қазаққа арнап «Ынтымақ», «Қазақ  елі  Уставы»  заңнама  уставын  жазған бірегей заңгер тұлға.

  Тұрлыбек Сыртанов — Шәуешекте (Қытай) Балкашиннің құзырында хатшы болған арда. Екі мемлекет арасындағы қиын-қыспақ шиеленіс кезеңде елшілік қызметті кінәратсыз атқаруға үлкен үлес қосқан, қазақтан алғаш жазуға сауатты бірегей тұлға. Әмбе, қайда ауыр істер болса, сонда жұмсалып отырған білікті маман, қызметкер.

 Қанатхан Сыртанов – Алаш полкінің бөлім басшысы. Мұхамеджан Тынышбаев Колчактан  «Алаш полкіне» деп алған қару-жарақты Қанатхан Сыртанов басқарған Сарқандағы  Алаш  полкінің  бөліміне  жеткізіп  бергізген.

  Сейілхан Сыртанов – 1930 жылғы Бөрібай көтерілісінің басшыларының бірі болған. 

 Самұрат Дәрібекұлы Сыртанов – 1941—1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қазақтан шыққан тұңғыш генерал. Самұрат Дәрібекұлы Сыртановтың ең алғашқы қазақтан шыққан генерал екенін Бауыржан Момышұлы ұғатын қазақтың санасына жеткізіп-ақ кеткен...

 Бас аман, жұрт тыныш болсын.   Жалғасы бола жатар...