Сайт кітабының  бастапқы парақтарында   «Рухына тағзым етер бабаларым»  деген тақырыппен жарияланған  мақалада  қазақ елінің  тарихында  ерліктерімен  аты қалған  батырлар санатына  жататын тұлғалардың бірі  ЕР  ТОҚПАНБЕТ   туралы төмендегідей  шағын ғана дерек берілген  еді:

"ЕР  ТОҚПАНБЕТ  (1705- 1801)

Ол 1728 ж. Шұбаркөл, Бұланты өзені бойында «қалмақ қырған» аталған қазақ қолының ең алғашқы жоңғарларға қарсы тойтарыс беру соғысына, содан  кейін Алакөл маңындағы  «Аңырақай»  соғысына  қатысады. Қазақтардың 1739, 1742, 1745 жылдардағы жоңғарға қарсы тойтарыс соғыстарында да ерен ерліктер көрсетеді. 1745 жылғы жоңғармен жекпе-жек майданында қатарынан үш мәрте ұрысқа шығып, жеңіске жетеді. Сол үшін Абылай ханның«үш тоғыз өсімтал бол» деп берген батасы оң болып, Тоқпанбет кіндігінен он бір ұл болып, ұрпағынан үш мәрте тоғыз тарап, өркені өсіпті.  Ер Тоқпанбет 10 мың, яғни бір түмен қол басқарған қолбасшы. Ол Лайсудағы «Қанды жап» келісімінің алдында, қолбасшы Бөгенбай батырдың басқаруымен жоңғарларды Итарқадағы Қоймаңырақ, Қозымаңырақтан қуған батырлардың бірі болған.  Ер Тоқпанбет жоңғар соғысынан соң,  Шыңғыс тауының өңірін иемденіп, Найман бабаның тауы деп бытырап кеткен үш Матай елін сонда шоғырлап жинаған асыл. Ер Тоқпанбеттің есімі Кенже елінің ұранына айналған. Ол 1801 жылы 96 жасында, қыста өмірден озған. Мәйіті Түркістандағы Ахмед Яссауи мазарынан жерленген."

Енді төмендегі жарияланып отырған мақала танымдылық тұрғыда осы деректерді әлдеқайда толықтырады.

 

Ер Тоқпанбет немесе Шөңкей батыр 

 

   «Ататек» өлең-шежіресінде Толғанбай ақын: «Тұңғатқа қасиетті тіл тигізбе, тірі боп жер бетінде жүрсең аман», — дейді. «Ақын Сара» кітабында Тәңірберген Қалилаханов: «Тұңғат баба сөзді тұңғиық тереңнен тартып сөйлегенінен елінде Асанқайғы атанып кеткен», — деп жазады. Тұңғаттың кіндігінен Аманбай, Аталық, Тоқпанбет, Тастемір ұрпақты болып, қазір
өніп-өсіп ел болды. Тұңғат дуа өз батасын ұлдарының ішінен еректеп Тоқпанбетке беріпті. Әкесінің қасиеті інісі Тастемір екеуіне бірдей дарыпты. «Ақтабан шұбырынды, алқа қол сұламада» Ер Тоқпанбет Матай Бөрібай батырмен бірге ел жұртын амалдап Алтайдан Жетісуға, Бетпақдалаға, одан Сыр, Арқаға көшіріпті. Бөгенбай батыр мен Абылай хан қосынына барып қосылыпты.

 Қазақ қолдарымен бірлесіп Ер Тоқпанбет 1724 жылы Түркістан, 1725 жылы Отырар, Сайрам, Қаратаудағы Садыр-Қамалбұлақ деген шағын өзенде Қалмақтардың қалың қолын талқандап, жаудың қашқандарын Үлкентұз тауына қуып тығып жойысыпты.

  Ер Тоқпанбеттің есімі бүткіл Матай-Кенже елінің ұранына айналыпты. Ер Тоқпанбет — 1728 жылы Шұбар көл, Бұланты өзені бойында Қазақ қолының алғашқы Жоңғарларға қарсы тойтарыс беру соғысы «Қалмақ қырғанға», 1730 жылғы тамыз айының аяғында өткен Алакөл маңындағы «Аңырақай» соғысына қатысқан асыл.

 Жоңғар әскері 1732 жылы 7 мың, 1739 жылы 10 мың, 1742 жылы 20 мың қолмен Орта жүз жерін ойрандап, зеңбіректен оқ атып қазақ қолын талқандайды. Соған қарамастан Жоңғарға тойтарыс беріліп, осы тойтарыс соғыстарда Бөрібай батыр мен Ер Тоқпанбет ерен ерлік, ұйымдастыру қабылетімен еректеніпті. 1745 жылы Жоңғарлар үлкен қолмен Орта жүзді тағы шабады. Бірақ, бұл жолы зеңбіректері болмапты. Жекпе-жек ұрысы болады. Ер Тоқпанбет Матай елі атынан, Бөрібай батырдан кейін, осы шайқаста үш рет қатарынан жекпе-жек ұрыс майданына шығып, үш рет жауын жеңіпті. Сол үшін Ер Тоқпанбет Абылай ханнан «үш тоғыз өсімтал бол» деген батасын алыпты.

 Шежіреші, ғалым Темірхан Тебегенов: Ер Тоқпанбет – Қазақтың алып батырларының бірегейі», — деп бағалайды. Орталық мұрағатта: «Ер Тоқпанбет 1742 жылы Кіші жүз және Башқұрт жасақтарын басқарып, шекараны қорғап, Жайықтың төменгі ағысындағы мекендерді дұшпандардан тазартқан», — деген дерек кезігеді. 1740 жылы Әбілқайыр ханнан ыққан Қарасақал Ер Тоқпанбетке барып паналапты.

 Тархан Жәнібек пен Ер Тоқпанбет арасында жақсы қарым-қатынастар орнапты. Оған салдар тархан Жәнібектің қалмақ нәсілді қызынан туған екінші ұлының есімі Тоқпанбет деп аталады. Бас сардарбек Қанжығалы Бөгенбай батыр Ер Тоқпанбетті 10 мың қол, яғни бір түмен, басқаруға тағайындапты. Он мың әскери құрылымды басқарған батырға ту беріліпті. Ер Тоқпанбеттің басында жамбыкөз алтыны, бөрі басы мен ай бейнесі бернеленген ақ туын Қожамұратұлы Балтабай ақсақал 1930 нәубат жылдарға дейін сақтап келіп, жамбы көзін өзі алып жерге көміп, ал тудың матасын ұрпақтары ырымдап, кішкенеден паршалап, бөліп алыпты.  Ер Тоқпанбеттің ұстанған қылышы туралы ел аузында:

                                    «Күмістен нақыстаған алтынменен,

                                 Қылыштың жарқылдайды балдақшасы», — деген сөз қалыпты. Басына киген дулығасының төбесі «туған айдай» болған делінеді. Бөгенбай батыр бас болып, Қазақ қолы 1753 жылы күзде Сайын-Бөлек пен Үнемкей-Жырғал ауылдарын шауып, Жоңғардың Дэрбет пен Хойт ауылдарын тоздырып жібереді. Бұл шабуылда Ер Тоқпанбет мыңдығы табысты жеңіс, ерліктер көрсетіпті.

 Жоңғар билеушісі Лама Доржы 1754 жылы 10 мың қолмен Қазақ еліне шабуылына Абылай хан басқарған қазақ қолы жеңіліске ұшырап, 300-дей сарбаздарынан айырылады. Осы соғыста Тоқпанбеттің өзі жауға жұмсаған туған інісі Тастемір батыр мерт болады. Абылай хан қарымта қайтару негізінде 1755 жылы жазда екі бағытта Жоңғарларды шабады. Ер Тоқпанбет бес қаруын асынып, інісі үшін кек алуға аттанады. Абылай хан басқарған қазақ қолы Лама Дабашының қыруар әскерін Талқы асуынан асырып, Қорғас пен Құлжаға дейін тықсырыпты.

 «Серіктас» деп аталатын бекініске Қазақ жерлерінен шегінген Жоңғар әскерлерінің қалдықтары жиналыпты. Бөгенбай сардарбек бастаған жасақта Ер Тоқпанбет, Бөрібай батыр, Баян батыр, Малайсары батыр, Жауғаштың ұлы Шоқпар батыр болып, барлау жұмыстарын да атқарыпты. Қаптағай Бөрібай батыр мен Басентиін Малайсары батыр осы соғыста мерт болыпты. Серіктас соғысы 1756 жылы өтіпті.

 Ер Тоқпанбет түменімен қатысқан 1754 жылғы Қапал-Арасан маңындағы Қазақ-Қалмақ соғысы Қазақтар жеңісімен аяқталған. Ер Тоқпанбет — Лай судағы «Қанды жап» келісімінің алдында, қолбасшы Бөгенбай батырдың басқаруымен Жоңғарды Тарбағатай, Итарқадағы Қоймаңырақ, Қозымаңырақтан қуған батырлардың бірі болған.

 Ер Тоқпанбет 1756—1757 жылдары Шығыс Түркістан жеріне аяқ басқан Қытай әскерімен болған шайқаста Уәйіс сұлтан мазарына жерленген Сақай атасының зиратына сыйнып, Қалмақ-Толағай тауының етегінде, одан Аягөз бойында Цинь әскерлеріне ауыр соққылар беруге үлес қосқан.

 Ақмолданов Сатыбалды: «Әкем көп айтушы еді. «Тоқпанбет» деп батырдың тікелей есімін тірі кезінде ешкім атамаған. Шөңкедей киелі қасиеті болып, Тоқпанбетті «Шөңкей» деп лақап есіммен атапты», — деген деректі 2012 жылы айтқан болатын. «Матай Шөңкей» деген батыр туралы тарихта айтылған. Шөңкенің  киесі: арланнан сырттан, құстан сұңқар шыққан сияқты екен. Адам баласының да жаратылысынан шөңкедей өзгеше, оқшау, киелі, дара ерекшеліктері мен мұндалап көзге түсетіні шындық. Мұның бір саласын ғылым тілінде ‹гипноздық қасиет› деп атайды. Ер Тоқпанбеттің тумысынан осындай киелі, әулиелік қасиеті болғандығы ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Тарихшы Құрбанғали Халиди (1843—1913 ж.ж.) «Тауарих хамса» деген еңбегінде: «Абылай хан заманында батыр, сардар болғандар: Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр», — дей келе: «Қазақтар шабуылға шығатын екінші жазда Торғауыттардан неше мың адам аттанып, өткен жорықтың есесін қайтару мақсатымен Шыңғыс тауына келген. Қазақтар аттанып Қоңыршәулі тауына келгенде батысқа өткен Қалмақтардың іздерін байқайды. Қазақтар: «Келген Қалмақтар тыныш жатпас, бір жақты ету керек», — деп кеңесті. Қалмақтардың қайда екенін анықтау үшін Матай-Шөңкей батыр Далақу деген жүйрік атына мініп, жан-жақты барлап, «осы тауда болар» деп шамалап жүргенінде, оны Қалмақтар көріп қалып, не қылып жүрген «бейсауат адам» деп жабыла қуады. Шөңкей батыр жүйрік атымен жеткізбей қашып, тосқауылда тұрған өз жасақ әскері жатқан жерге тура бастап әкеледі. Тосқауылда тұрған өзінің жасақ әскері әр жерден қалмақтарға тиіп, ұбап-шұбап келе жатқан Қалмақ әскерін бас-аяғын жидырмай, қырып салады. Қырылған Қалмақтардың жалпы саны үш мыңдай, бағзылар бес мыңдай дейді. Қазақтың бес жүз қолынан бір төре мен тоғыз адамы ғана шығын болған екен», — деп жазып баяндайды. Қалмақ-Қазақ соғысында Қалмақтар мұндай дәрежеде жеңіліп, масқара болып абыройдан айырылып көрмепті. «Есенгелді» атты дастанында Саурықұлы Досбер:

                     «Ту тігіп, тұлпар мініп, әскер бастап,

                     Матайдың бір батыры Шөңкей келді», — дейді.

 Ер Тоқпанбет қайтыс болар алдында: «Кімде кім қатты қиналғанында есімімді аузына алса, соны қолдаймын», — деген өсиетін қалдырыпты.

 Ер Тоқпанбет 1705 жылы туып, 1801 жылы 96 жасында, қыста Шыңғыс тауы аймағында қайтыс болыпты. Ер Тоқпанбеттің батасы жеті ұрпағына дамыпты. Оны «Ататек» өлең-шежіре шығармасында Мырзағұлұлы Толғанбай ақын баян етеді. Ер Тоқпанбеттің батасы Айтқожа биге, одан Бабеке батырға, одан Мұжық биге, одан Шоңды биге, одан Телібай болысқа, одан Арнай болысқа дарыпты. Арнай болыс 1930 жылы Бөрібай көтерілісінің белді тұлғасы болып, Алматыда атылып кетеді. Ер Тоқпанбеттің батасы дарыған Айтқожа, Бабеке, Мұжық, Шоңды, Телібайдың зираттары Ақсу ауданының территориясында жатыр.

 Түркістандағы Ахмед Ясауи мазарына Тұңғатұлы Ер Тоқпанбетті немересі Мешітбайұлы Құлтай батыр қозы жауырын алтынға жер алып, «Қолағаш баба» лақап атауымен тіркетіп жерлепті. Ахмед Ясауи мазарына жерленген тектілер тізіміне Ер Тоқпанбет есімі 2012 жылы, 28 ақпанда ғылыми негізде дәлелденіп енгізіліп, ескерткіш асыл тас тақтаға есімі ойылып жазылды. Ол туралы Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің шешімі қабылданды, төрағасы Т.Қышқашбаев деген азамат. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман кітабында «Тоқпанбеттің төсі, шыңы, жазығы, қыстауы» деген жер атауларын келтіреді. Бұл Ер Тоқпанбет есімімен жер атаулары аталғанын айқындайды. Ақын Сара: «Қолдай көр Ер Қолағаш (Тоқпанбет), ата бабам», — десе, қобызшы Байсақұлы Молықбай Ер Тоқпанбетке сыйынбай өнерін еш көрсетпепті.

Жемісбек Толымбеков